Әліпбаев А. Р. Шакеева Б. Таяу шығыстағы сирия мәселесі: БҰҰ мен иыұ Ұстанымы солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы «араб көктемі»



Дата01.05.2016
өлшемі96.78 Kb.
Әліпбаев А.Р.

Шакеева Б.
ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ СИРИЯ МӘСЕЛЕСІ: БҰҰ МЕН ИЫҰ ҰСТАНЫМЫ
Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы «араб көктемі» деп аталып кеткен саяси-әлеуметтік дүрбелең халықаралық қатынастардардың жаңа кезеңін белгілегені анық. Тунис, Египет, Алжир, Марокко, Иордания, Ирак, Судан, Ливан, Бахрейн, Либия мемлекеттерінде орын алған бұл қақтығыстар аймақтық және әлемдік қауіпсіздік мәселесіне де өзіндік әсер етті. Бірінен соң бірі болған толқулар - бір елдерде бейбіт шеру өткізумен шектелсе, енді біреулерінде қарулы қақтығысқа дейін барды. Дегенмен, бұл көтерілістерді біріктіретін - олардың себебі мен мақсаттарының бір арнада болуы:

  • көп жылдар бойы басқарып келген авторитарлы мемлекет басшыларының биліктен кетуін талап етулері;

  • әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шиеленісуі;

  • сыртқы факторлардың әсері;

  • кейбір елдерде жұмыссыздық деңгейінің өсуі, әсіресе, дипломы бар жастардың жартысынан астамының жұмыссыз болуы [1];

  • әлемдік экономикалық-қаржы дағдарысының әсері және т.б.

«Араб көктемінің» халықаралық қатынастарда алған сипаты мен салмағы соншалық, тіпті 2011 жылдың мамырдағы G8 кездесуінің басты тақырыбына айналды. G8 елдері Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс аймағында демократиялық қайта құруға көмек көрсету мақсатында «Довиль әріптестігін» қабылдаған еді. Бұл бағдарлама бойынша, «араб көктемін» қолдау мақсатында 40 млрд ақш доллары бөлінуге тиіс болды. Саяси жүйесі ауысқан Египет пен Туниске 2 жыл ішінде 14 млрд еуро бөлу туралы шешім қабылданды [2]. Форумға қатысушылар Сириядағы азамат соғысының кең етек алуын айыптай келіп, үкімет тарапынан бейбіт халыққа қарсы қару қолдануды тоқтатпаған жағдайда, қатаң іс-шаралар қолданатындығы жөнінде қорытынды декларацияда мәлімдейді.

Жалпы, Сирия мен Либиядағы көтерілістердің өзіндік айырмашылықтары да бар. Либия көтерілісі сыртқы күштердің (НАТО) ықпалымен шешілген болса, Сириядағы жағдай әлдеқайда күрделірек. Сириядағы толқуларды «араб көктемінің» жалғасы десе болады. Сирияның әр түрлі қалаларында болған халық көтерілісі президент Башар Асадтың билігіне қарсы жүргізіліп отыр. Тунис пен Египеттегі төңкерістердің нәтижелерімен қуаттанған сириялықтар елу жылдық Баас партиясының кетуін, көппартиялық жүйені енгізуге, сөз бостандығын беруге, сот жүйесін реформалауды, жемқорлықпен күрес жүргізуді талап етуде. Көтерілісшілер тарапынан жасалынған қысымның нәтижесінде мемлекет басшысы Башар Асад бірнеше талаптарды орындауға мәжбүр болды: солтүстік-шығыста орналасқан Эль-Хасика провинциясында тұратын күрд ұлтына құқықтар беріліп, Хомс провинциясының губернаторы орыннан босатылды. Сонымен қатар 48 жыл бойы болған елдегі төтенше жағдай тәртібі жойылды [3]. Алайда, халықтық толқулар толастамады. Өкінішке орай, бейбіт шерулерге қарсы билік тарапынан қолданылған қарулы іс-әрекет, оның азаматтық соғысқа ұласуына түрткі болды [4]. 2011 жылдың жазында көтерілісшілер әскери жасақтарын құрып, сириялық тұрақты әскерге қарсы шыға бастаған болатын. Соның нәтижесінде қиян-кескі қақтығыстар бүкіл елді шарпыды. Жылдың соңына таман көтеріліске қатысушылар Сирия еркін әскеріне бірігіп, ұйымдасқан күшке айналды. Тіпті Идлиб провинциясында уақытша бірнеше қалалар мен ауылдарда өз биліктерін орнатты. Оппозиция күштері Дамаск және Алеппо қалаларында ерекше белсенді болып, азамат соғысының ошағына айналып отыр. Жалпы айтқанда, Сириядағы ұзаққа созылған азамат соғысында бейбіт халықтан үш мыңдай адам қаза болған деп есептелінеді. Бұл жөнінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі мекеме өкілі Руперт Колвилл хабарлады [5]. Қазіргі кезде оның саны тек көбейе түсуде. Этно-діни айырмашылықтар қақтығыстың негізгі ұйытқысы болуда. Өйткені Сирия халқының көпшілігі сунит ағымдағы мұсылмандар болса, билік басындағылар – шиит ағымының мұсылмандары. Екінші себеп – жарты ғасырға созылған шексіз биліктің зардаптары мен саяси жүйенің тозып бітуі.

Әлемдік, аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне қатты алаңдайтын халықаралық қауымдастық Сириядағы саяси жағдайдан да тыс қала алмайтындықтарын білдірді. Халықаралық аренадағы беделді ұйымдар соғысты тоқтату мен қақтығысты реттеу жолдарын ұсынды. 2012 жылдың сәуір айында БҰҰ бақылаушылар тобы Сирияда орналасты. 8 мамырда Халықтық Кеңесіне алғашқы рет көппартиялардың қатысуымен сайлау өтті. Нәтижесінде Баас партиясынан жасақталған «Ұлттық бірлік» партиясы жеңіске жетеді. Елде бітімге келгеніне қарамастан, қақтығыс жалғаса берді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Сирия басшысының әскери іс-әрекеттерін айыптады. Кофи Аннан қақтығысты реттеуде өз жоспарын ұсынды. Оның жоспары 6 тармақтан тұрды:


  1. Бүкіл халықтың мүдделерін ескеретін шешім қабылдау;

  2. Бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында БҰҰ бақылауымен қарулы қақтығысты тоқтату;

  3. Қарулы қақтығыс аймақтарына гуманитарлық көмекті еш кедергісіз жіберу және екі сағаттық оқ жаудыруды тоқтату үзілісін бұзбау;

  4. Шерулерге қатысқан адамдарды түрмеден босату;

  5. Сирия басшылары мен оппозиция елдің ішінде тілшілердің еркін жүруіне мүмкіндік жасау;

  6. Билік басындағылар тарапынан бейбіт шеру мен жиналу еркіндігін құрметтеу.

Бірақ бейбіт жолмен реттеуді ұсынған Кофи Аннанның жоспары іске аспады. БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун Сирия басшылығы мен оппозицияның мәселені дипломатия арқылы емес, қарумен шешуге ұмтылысын айыптап, оның ұзаққа созылатын азамат соғысына алып келетінін айтты [6].

БҰҰ және Араб Лигасының арнайы уәкілі Кофи Аннанның бейбіт реттеу бағдарламасының орындалмауы – Сирия мәселесін бейбіт шешу мүмкіндігіне кедергі болып отыр. Қарулы қақтығыстың қайтадан ушығуына байланысты БҰҰ Сириядағы өз миссиясын аяқтап, аумақтан шықты.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері де бір шешімге келе алмады. 2011 жылдың басында Сириядағы үкіметке қарсы шерулерді басуда адам құқықтары бұзылғандығы жөнінде арнайы қарар қабылдағанымен, Ресей мен Қытай Сирия аумағына әскер енгізуге қарсы болды. 2012 жылы 3 тамызында БҰҰ Бас Ассамблеясы сириялық үкіметті айыптайтын қарар қабылдады. Бұл қарарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қақтығысты шешуге қауқары жоқ деп айыпталды. Қауіпсіздік Кеңесінің белсенді әрі тиімді шешім қабылдауына мемлекеттердің Сирия қақтығысына қатысты ұстанымдарының қарама-қайшылығы себеп болып отыр. Еуроодақ Кеңесі 2012 жылдың 15 маусымында Сирияға 14 тармақтан тұратын санкция жариялады. Осындай бағдарлама еуропалық мемлекеттерден БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынылды. Бірақ Ресей мен Қытай вето құқығын пайдаланып, Сирияға санкция жүргізу қарарын тоқтатып қойды. Ресей мен Қытай күшпен саяси жүйенің ауысуына қарсы, сондықтан өздерінің бейбіт шешу жобасын ұсынып отыр.

Сонымен қатар Батыс елдері қақтығысты реттеу үшін Сирияға әскер енгізуге дайындығын хабардар етті. Түркия үшін Сирия мәселесі Баас партиясының құқықсыз іс-әрекеті ғана емес, енді сириялық толқулар елдің шекарасына қауіп төндіруде. Сирияның артиллериялық оқтарынан Түркия аумағындағы бейбіт халықтар зардап шегуде. Екіншіден, Түркия үкіметі лаңкестік топтардың қарулы қақтығысты пайдаланып, пайда болған бос кеңістікті толтыруға тырысатынына өз қобалжуын білдіреді. Үшінші мәселесі – босқындардың Түркия аумағына көптеп келуі. Сирия қақтығысының басында 24 мыңнан аса адам Түркияны паналаған. Мәліметтер бойынша, Түркияға күніне 500 босқын келеді екен. Қазіргі кезде босқындар саны 100000 жетті [7]. Түркия БҰҰ-дан босқындарды қамтамасыз ету үшін көмек сұрады. Босқындар санының артуы Түркия халқының қауіпсіздігі үшін қатер туғызуы мүмкін деп есептейді. Сондықтан Түркия НАТО мүшесі ретінде жарғысының 5- тармағы бойынша, Сирияға әскер енгізуді қолдап отыр. Ал Түркия басшыларының осындай мәлімдемелеріне Башар Асад Израильге әскери күшті жіберетінін айтқан болатын [8]. Оны Иран, «Хезболла» қолдайтынына ешкім де күмән келтірмейді.

Ал Ресейдің бұл мәселеге ұстанымы керісінше, ол Сирия мәселесі мемлекеттің ішкі мәселесі деген көзқараста. Сондықтан Сирияға қарсы барлық халықаралық санкциялар жөніндегі БҰҰ қарарына қарсылық білдіріп отыр. Бұған дейін АҚШ Президенті Барак Обама Сирия химиялық қару қолданған жағдайда біржақты әскер енгізуге дайын екенін хабарлаған [9]. Оған Ресей тарапы қарсылық білдіріп, БҰҰ Жарғысында белгіленген қағидалар сақталу қажет деп есептейді.

Араб әлемінде де Сирия мәселесіне байланысты бірауыздылық жоқ. Бір жағынан Иран бастаған топ Сириядағы Башар Асадтың билігін қолдап жатса, екінші жақ Батыс әлемі мен Түркияны қолдауда. Мысалға, Катар әмірі шейх Хамад бен Халифа Аль Тани Сириядағы оппозицияны қолдап, қарулы қақтығысты әскер енгізумен шешуді ұсынып отыр.

ИЫҰ-ның Сирия мәселесіндегі алатын орнына келетін болсақ, ИЫҰ Сириядағы қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін қолдайды. Қазақстан Республикасы ИЫҰ СІМК төрағасы ретінде Сирия мәселесін шешуде билік пен оппозиция арасында өз бітімгершілігін ұсынды. Қазақстан Түркияның оңтүстік ауданы Ақшақалаға Сирия снарядтары түскенін айыптайды. СІМК төрағасы ретінде Қазақстан аймақтағы шиеленістің ушығып кетпеуі үшін сабырлылық пен шыдамдылыққа шақырады.

ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы Сирияға әскери араласуды мүлдем қолдамайды. Себебі Бас хатшының көзқарасы бойынша, Сирияға әскер енгізу – аймақты тұрақсыздандырып, кең көлемдегі соғысқа алып келуі мүмкін. Сондықтан ИЫҰ мүшелері мәселені бейбіт жолмен шешуді, әсіресе Кофи Аннанның жоспарын қолдайды.

Сонымен қатар азамат соғысы барысында ИЫҰ мен БҰҰ сарапшылары Хомс, Идлиб, Дераа сияқты қарулы қақтығыс болып жатқан 15 сириялық қалаларды бақылап шықты. Миссиялардың міндетіне халыққа гуманитарлық көмек беру және болып жатқан оқиға жөнінде баяндама дайындау еді. Баяндамада Сирия халқынының ауыр жағдайы айқындалып, 1 миллиондай адамға гуманитарлық көмек көрсету қажеттілігі көрініс тапты. Сондықтан ИЫҰ мүшелері азық-түлік, дәрі-дәрмек сияқты қажетті заттарды қамтитын 70 млн долларды құрайтын гуманитарлық көмек жіберді.

Маусымда Сирия басшылығы гуманитарлық көмек алуға рұқсат берді. Ең алғашқы көмек Қызыл Крест ұйымы тарапынан болды. Өрттен орасан зор зардап шеккен Хомс, Дераа, Идлиб сияқты қалалар көмек алды. БҰҰ мен 36 бейүкіметтік ұйымдар Түркия, Иордания, Ливан және Иракка қашқан босқындарға көмек көрсету мақсатымен 193 млн америкалық доллар бөлді. Гуманитарлық көмек Ресейден, АҚШ-тан да жіберілді. Ресейден өмір сүруге қажетті азық-түлік, балаларға арналған тағам, шатыр және т.б. жеткізілді. Египет гуманитарлық көмек ретінде Иорданиядағы сириялық босқындарға медициналық көмек көрсету үшін далалық госпиталь ұйымдастырды. АҚШ БҰҰ және бейүкіметтік ұйымдар арқылы шамамен 76 млн америкалық доллар бөліп отыр.

Сирия және көрші мемлекеттерге көмек көрсетудің негізгі бағыттары мен салалары:


  • $ 27,5 млн Әлемдік азық-түлік бағдарламасына;

  • $ 18,1 млн БҰҰ-ң босқындар мәселесі жөніндегі Жоғарғы Комиссарға;

  • $ 15,1 млн Бейүкіметтік ұйымдарға;

  • $ 8 млн Қызыл Крест Халықаралық Комитетіне;

  • $ 2,75 млн ЮНИСЕФ-ке;

  • $ 500.000 БҰҰ-ң гуманитарық қызметті үйлестіруіне;

  • $ 300.000 БҰҰ-ң гуманитарлық операцияларды қолдау үшін қауіпсіздік және қорғау мәселелері жөніндегі Департаментке бөлінді [10].

Басқа да елдер Сирияның зардап шеккен бейбіт халқына гуманитарлық көмекті белсенді түрде жіберіп отыр. Бірақ Сириядағы қарулы-қақтығыстың салдарынан гуманитарлық көмекті жеткізу мүмкіншілігі шектелуде.

Шетелден гуманитарлық көмек үшін шекара ашылғанымен, Сирияда кейбір елшілерді персона нон-грата деп танып, елден кетуге мәжбүрледі. Әл-Жәзираның мәліметі бойынша, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Түркия және тағы басқа Батыс елдерінің елшілері де Сирия аумағынан қуылды [11].

Алайда, БҰҰ және ИЫҰ тарапынан жүргізілген шаралардың іске аспауы аймақтағы қауіп-қатердің ушығуына алып келуде. 15 тамызда Меккеде өткен ИЫҰ төтенше саммитінде Башар Асад билігіне психологиялық, саяси және дипломатиялық қысым көрсету мақсатымен Сирияның мүшелігін уақытша тоқтатты. Сирия мүшелігін тоқтату ұсынысы Сауд Арабия мен Катар тарапынан жасалынған еді. Бұл шешімге Иран қарсы болды. Сирияның ресми өкілдері саммитке мүлдем шақырылмады. Бұл қадам Сирия мәселесін толық шешіп қоймаса да, мұсылман қауымдастығының ұстанымын көрсетеді. Сирияның ИЫҰ-дағы мүшелігін тоқтату АҚШ тарапынан қолдау тапты. АҚШ Мемлекеттік Департаментінің өкілі Виктория Нуланд ИЫҰ-ң бұл қадамы Сирияның одан әрі халықаралық оқшаулануын бекітті деп хабарлады [12]. Себебі оған дейін Араб Лигасы да Сирия мүшелігін тоқтатқан болатын.

Жалпы Сириядағы азамат соғысы аймақта шиеленісті жағдайды ушықтыра түсті. Энергетикалық ресурстардың маңыздылығы артқан сайын Таяу Шығыс қақтығысты аймақтардың біріне айналып, шиеленістер бәсеңдейтін емес. Сондықтан да, барлық мемлекеттер әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді басты мақсат тұтқан БҰҰ мен ИЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар аясында бірлесе әрекет жасаған жағдайда ғана қақтығыстардың кең етек алуын шектеу мүмкіндігіне ие болары айқын.

---------------------------------------

  1. Мишель Ямин. Весна на «арабской улице». Анализ причин и противоречий революционного процесса http://liva.com.ua/vesna-na-arabskoj-ulicze.html

  2. G8 и "Арабская весна": Кому - деньги, кому - санкции и суд, а Израилю - границы 1967 года http://i-news.kz/news/2011/05/29/5673016.html

  3. В Сирии отменен режим чрезвычайного положения


http://www.novopol.ru/-v-sirii-otmenen-rejim-chrezvyichaynogo-polojeniya-text100023.html

  1. Syrian army starts crackdown in northern town http://www.aljazeera.com/news/middleeast/2011/06/201161064328691559.html

  2. Число погибших в Сирии приближается к трем тысячам http://www.zman.com/news/2011/10/06/111475-print.html
  3. Сирия сталкивается с мрачной перспективой затяжной гражданской войны http://www.un.org/russian/news/fullstorynews.asp?newsID=18021


  4. В Турцию из Сирии сбежали еще три генерала
    http://www.regnum.ru/news/polit/1581114.html
  5. Асад грозит разбомбить Израиль в случае операции НАТО в Сирии
    http://inosmi.ru/asia/20111005/175577975.html


  6. Россия и Китай "не допустят" в Сирии действий в обход ООН http://www.bbc.co.uk/russian/international/2012/08/120821_syria_russia_china.shtml

  7. U.S. Humanitarian Aid to Syria and Neighboring Countries http://iipdigital.usembassy.gov/st/english/texttrans/2012/06/201206087099.html#ixzz29jDanDBe

  8. Syria agrees to let in UN humanitarian aid http://www.aljazeera.com/news/asia-pacific/2012/06/201265131251913374.html

  9. США удовлетворены приостановкой членства Сирии в ОИС http://www.golos-ameriki.ru/content/syria/1489280.html

Резюме


Данная статья рассматривает проблему Сирии в контексте ООН и ОИС, а также позиции стран в этом конфликте.
Resume

This article considers the problem of Syria in the context of the UN and the OIC, and the position of the countries in this conflict.



Әліпбаев А.Р. - т.ғ.к, доцент, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Халықаралық қатынастар факультеті, халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы

Шакеева Б. - Халықаралық қатынастар мамандығының 1 курс магистранты
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет