Елубаев Б.Қ., Рамазанова А. Х. Шәкәрімнің философиялық дүниетанымындағы руханилық мәселесі



жүктеу 123.49 Kb.
Дата03.04.2016
өлшемі123.49 Kb.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары
Елубаев Б.Қ., Рамазанова А.Х.
Шәкәрімнің философиялық дүниетанымындағы руханилық мәселесі
Шәкәрім – қазақ мәдениеті тарихында орны зор, еңсесі биік ерекше тұлға. Ол – заманның озық ойлы демократы, ірі ағартушысы, терең ойшылы, қоғам қайраткері. Шәкәрім қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңдерін түрлендіре түскен, қазақ тілінің мол мүмкіндіктерін бұрынғыдан ары танытқан бірегей қаламгер еді. Шәкәрім жалпы түркі әлеміндегі бірегей ақындардың, ойшылдардың, тарихшылардың бірі болып келеді. Ақынның артына қалған мол әдеби мұра: даналық пен даралыққа, ақыл мен насихатқа толы өлеңдері, тарихи және ғашықтық эпикалық шығармалары, тәрбиелік маңызы аса жоғары қара сөздері тек бір ғана ұлттың, не ұлыстың жетістігі емес, әлемдік әдебиет пен мәдениеттің орасан зор жемісі.

Шәкәрім «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсіреді, ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені „жетім“ деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда, ақылды бала өсе келе тез ес жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытады.

Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді.Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармонда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды [1].

1905 жылы Шәкәрім қажылық сапар шекті. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбұл кітапханасында туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Осылай жиналған материалдар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабын, қисындарын халық мүддесіне үйлестіру түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды. Бұл тұста ақынның діншілдігі ғана емес, үлкен ойшыл философ екені айқын танылады. Ол жаратушыны Алланы ақылға салып түсінуге ұмтылады.

Абай сияқты Шәкәрім ескіліктің қайшылықтарын жек көрді, сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік жарықшақты тани білді. Шәкәрім патриархалдық пен кертартпалыққа қарсы күресте мәдениет пен ғылымның жетістіктеріне сүйенді, халықтар достығы мен туыстығын қуаттады. Шәкәрім 20 ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болды. Алашорда қайреткерлерінің еңбегін бағалай білді. Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосты. Шығармашылығында демократиялық, халықтық және гуманистік көзқарастарды насихаттады.

Ақын кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Көтеріліске шыққан халық пен жергілікті билік өкілдерінің татуластыруға, сөйтіп, қан төгісті болдырмауға тырысқан ол жазалаушылар атқан оққа ұшып, денесі айдаладағы құдыққа тасталды. Ол «халық жауы» ретінде айыпталып, шығармаларын оқуға тыйым салынды. Тек 1988 жылы ғана ақын есімі толық ақталды [2].

Шәкәрімнің философиялық көзқарасы - ұлттық философияның қалыптасуына зор ықпалын тигізген құбылыс. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» аталатын еңбектерін, поэзиясын гуманистік және адамгершілік мұраттарды, демократиялық ағартушылық идеяларды уағыздаған мұра деп бағалау керек. Шәкәрімнің философиялық ойларында өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық көріністері, ақыл – ой ізденістері, талғамды тұжырымдары із қалдырды. Ол қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесуді, жастарды ғылым – білім, өнерге баулуды мұрат тұтты.

Ұлы ойшыл, гуманистік қайшылыққа толы қоғамда өмір сүрді. Шәкәрімнің дүниеге, өмірге, табиғатқа, сан – сала құбылыс көріністерге, дінге көзқарастарында кейбір қайшылықтар кездескенімен, ол ешқашан дінге берілген фанатик, барлығын жоққа шығартып пессимист болған емес. Шәкәрім көбінесе рационализмге, деизмге бейім болды. Бұл философиялық бағыт бойынша дүниені жаратушы бір күш бар дегенді мойындау, оның дәлелі табиғаттың жарасымдылығы, қозғалысы, өмірде ақиқат, шындық, білім – ғылым, ақыл мен сезім дамуы арқылы іске асатынын, адамның болмысты танып білуі адам өзін - өзі жетілдіру арқылы жүзеге асатынын түсінуге болды.

Шәкәрімнің лирикалық шығармаларының басты бір ерекшелігі ойшыл, философ болуына байланысты. Оның лирикасында көңіл күйі, ішкі сезім әсерлері, махаббат тақырыбы да елеулі орын алған. Алайда, Шәкәрім лирикасында сыршылдықтан ойшылдық басым, философиялық сарын күшті. Шәкәрімнің ойшылдығының, ақындығына тән фәлсафашылдығының сыры не десек, бұл алдымен, әрине, оның ойының керемет логикалық қуаттылығынан туған. Сонымен қатар, ол көп ізденіп, өте көп оқыған. Қазақтың белгілі ақын, жыршы – жырауларымен қатар, арғы – бергі түрік ақындарының, шайырларының, араб, парсы, орыс және Батыс ақындарының шығармаларын өте жақсы білген. Тарих, философия, дінтану, психология, шығыстану, түріктану, салаларындағы түрік тіліндегі, орыс тіліндегі, араб тіліндегі ғылыми еңбектерді ұзақ жылдар жалықпай оқып, қыруар мағлұмат жиған, жан – жақты энциклопедиялық білімі бар ғұлама оқымысты, дана адам болған.

Шәкәрім өзінің ұстазы, әрі туысы ұлы Абайдың адамгершілік, арлылық деген ұғымдарын өміріне үлгі етіп алған. Философ Ғарифолла Есімнің айтуынша: «Арлы адам, алдымен, Құдайына қараған, Құдай мақұлдамайтын іске бармайтын адам. Ар - әр адамның өз ісінің төрешісі»; «Құдай құратын «сотқа» дейін адам өзінің арының алдында жауап бермек»,- деген сөздері бар.

Бізде «ар» сөзіне ғылыми тұрғыдан қандай анықтама беріледі? «Шәкәрім» энциклопедиясында А.Тоқсамбаева: «Ар - адамгершілік сана, этика-философиялық категория. Адамгершілік (адамшылық, адамдық) қазақ халқында адам бойындағы жақсы қасиеттердің жиынтық мағынасын білдіретін ұғым-өлшем болса, Ар оның шығу тегі, бұлақ бастауы. Арды адам бойындағы жақсы қисиеттердің өлшемі, адамгершілік санасы деуге негіз бар», - дейді.

Ар - адамдық сананың негізі деп: «Ар түзер адамның адамдық санасын» деген өлең жолдарымен Шәкәрім де айтқан. Шәкәрімше айтқанда ар өзіне жақын, әлі ара жігі ашылып зерттелмеген ұят, ұждан ұғымдарымен бірлікте. Шәкәрім «Ашу мен ынсап» атты өлеңінде «ар» сөзін бірнеше рет қайталанған:

«Бәріне де құлақ сал,

Рахым, ұят, ар қайда?»

Және:

«Көп наданнан жасқанып,



Сорлың елге бас ұрған.

Рахым, Ұят, Арының,

Бетін топырақ жасырған».

Және де:


«Дайын қылдым бәрін де,

- Сақтық, Ұят, Рахым, Ар,

Ынсап деген кәрің де».

Бұл өлеңде ар адам бойындағы ашу-ызаға қарсы, ынсапқа жақтас қасиет ретінде көрініс тапқан. «Жастық туралы» деген өлеңінде:

«Қарамай ұят, арына,

Жанды қиып жарына», - делінген. Шәкәрім өлеңдерінде, аудармаларында ар тазалығы, имандылық, адамгершілік мәселелерін жиі көтереді. Оның шығармаларында өзінің ішкі табиғатына, көзқарасына сәйкес келетін және сол идеясын жеткізуге лайық детальдар мен сюжеттік элементтер тапқанда ғана сол туындыны жазуға бой ұрады.

«Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып,"көппен көрген ұлы той" деп,

Береді бұл надандық кімге пайда?», - [3,152] деген қазаққа, Шәкәрім ең бірінші орынға арды қояды. Көппен көрген ұлы той деген сылтау тауып арға нұқсан келетін істің бәрін ақтап алатын қазақ болмысын сынайды:

«Ақылды сол - нысап пен ар сақтайды,

Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды» [3,117].

Нысап пен ардың қатар аталуы бұл екі ұғымның өзара жақындығы сабақтастығы туралы айтады. Адамда нысап болса ар болғаны. Нысапсыз адам арды ойланбай-ақ аттап кететінін меңзейді ақын бұл жолдарда. Адалдықпен адал асын алған жан нағыз арлы адам деп тұжырымдайды. Ар жоқта нысап та болмайды, нысап болмаса арда болмайды. Осы екі ұғымның бірлігін терең таниды.

«Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан,

Анық төмен болмай ма хайуаннан.

Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,

Өлген артық дүниені былғағаннан», [3,119] - деген шумақтар да Шәкәрімнің ар ғылымына дәлел боларлық өлең жолдары. Шәкәрім ар түзейтін ғылым жағында. Ол «ар білімін» жақтайды. Соның аты озғанын қалайды. Оның «Таза ақыл», «ақ жүрек» дегені жай бір қысыр кеңес емес, адамгершілік философиясынан тарайды. Ізгілік, әділеттілік барлық істе басты болу керек. «Мылтық билеп тұрғанда, әділет жоқ» деген құнарлы пікірге келеді.

Шәкәрімнің әлем, адам, жаратылыс жайындағы философиялық ой-толғамдары оның «Үш анық» атты философиялық трактатында жүйеленген. Шәкәрім Сәбит Мұқановқа жазған хатында «қырықтан соңғы ойым философия жағына салынып» деген пікірлер айтады. Сондағы философиясы осы «Үш анық» турасында болып отыр. Шәкәрім қырықтан асқан соң отыз жылдай «Үш анықты» жазуға көптеген ізденістер жасап, өмірінің соңында «отыз жылдай жиғаным»- деп өзінің тапқан, анық деп таныған «Үш анығын» жүйелейді.

«Қырықтан аса бергенде,

Ақылым қылды шерменде:

Дінім қалай, жаным не,

Жоғалам ба өлгенде?

Әлемді кім жаратқан,

Осынша түрлеп, таратқан?

Көрінген сансыз планет,

Бірінен-бірін бөлген бе?

Ақырет деген немене,

Шыққан жан қайта келе ме,

Кіреме осы денеге,

Дәлелі қайсы сенгенде», - деп «Үш анықтағы» өз ізденісінің негізі болған сұрақтар жайында осылай ой түйеді [4]. Жоғарыда біз айтып өткен келдім қайдан, барам қайда, не етсем пайдам деген сұрақтарды осылайша Шәкәрім «Үш анық» трактатында жан-жақты зерттеуге тырысады. Бұл сұрақтарға жауап іздеу барысында адамзат тарихында, рухани ілімдер саласында екі жолдың қалыптасып келгендігі туралы пікірден өзінің «Үш анық» трактатын бастайды. Шәкәрім бұл зерттеуінде өзінің жоғарыда айтып өткен «сау ақыл» қағидасын ұстанады. «Үш анықта» Шәкәрім дүниенің жаратылысы, өсіп өркендеп жетілу жолы туралы екі жол, бірі дүние өз бетімен жаратылып жатыр, оны жаратқан белгілі бір ие жоқ деген затшылдық ғылым жолы мен бұл сұрақты шешуде пайғамбарлар үйреткен дін жолының бар екендігін айтады. Енді осының қайсысының анық екендігін «сау ақылмен» табу керек деп ойшыл өз мақсатын айқын көрсетеді.

«Ноқтасыз оймен тексердім,

Бояулы діннен сескендім.

Дін шатағын көп көрдім,

Қатесін сынап тергенде.

Іздедім, таптым анығын

Тастадым ескі танығын.

Хақиқат нұрдың жарығын

Жарылды жүрек көргенде», - деп «Үш анықта» өзінің негізгі мақсатына жеткендігін де айтып өтеді [4,339].

Шәкәрім қандай анықтарды тапты, «Үш анық» дегеніміз не? Жоғарыда өзі қойған әлемнің жаратылуы туралы, ақирет, жанның өлгеннен соңғы өмірі туралы сұрақтардың айналасында ізденіс жасаған Шәкәрім қандай шешімдерге келгенін түсіндіріп көрейік. Шәкәрім «Үш анықта», «Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар. Бірі, дене өлсе де жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке тіпті ұқсамайтын, бір түрлі өмір бар. Сондықтан, жалғыз ғана дүние тіршілігінің қамын ойламай, сол соңғы өмірде жақсы болудың қамын қылу керек дейді. Мұны ақырет-өлгеннен соңғы өмір жолы дейді. Енді бірі, бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ, һәм өлген соң тірілетін жан жоқ дейді. Біздің ойымызша осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу - ақылы сау адамға қатты міндет. Неге десең адамды түпкілікті бақытқа жеткізбек болсақ, біліп жаратушы ие бар, өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын, өтірігін білуіміз керек» - деп аталмыш трактатын жазуының негізгі мақсатын көрсетеді [5].

Бұны тексеру үшін әр-түрлі діндер жайынан, ғылым жайынан, білімділердің сол туралы айтқан сөздерінен хабардар болу керек деп түсінген ойшыл сонау грек философиясынан бастау алып, Еуропада Қайта Өрлеу мен Жаңа Заман жаратылыстану ғылымдарына негіз болған идеялардың барлығымен таныс болған. Бұл жолдағы атомдар туралы, жалпы дүниенің субстанциясы (алғашқы бастамасы) жайындағы пікірлердің шығу тарихы мен даму тарихы жайындағы ғылым тарихын да Шәкәрім жақсы игергендігін өз трактатында байқатады. Шәкәрім бұл сұрақтарға байланысты рухани және жаратылыстанымдық ғылымдардың өз заманына дейінгі тарихын біраз межелеген. Ешкімнің пікіріне ақылын құл қылмай, ақыл таразысын тең ұстап, сау ақылмен ізденген. «Және қатты керек бір шарты - өзінің тұтқан діні, оқыған ұғынғаны, қалыптанған әдеті, құмар ісі бәлендей жақсы кісі айтты деп нанып қалған сөзіне біржола байланып қалмай, ақылын әбден шын босатып сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтасыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек. Әйтпесе, адам әдет, құмар нанымнан шыға алмай, арқандаулы ат сияқты болады», [5,20] - деп Шәкәрім бұл жолдардың анықтығын тексеруде, ғылымда сау ақылдың жетекшілік етуі қажет екендігін баса ескертіп өтеді де, өзі де сол қағиданы ұстануға тырысады. Бұны анығына жетуде ең қажет ұстаным деп таныған.

Ойшылдың пікірінше, барлық табиғат құбылыстары, дүниенің даму заңдылықтары, белгілі бір тәртіппен іске асады және бір жүйелілікте. Табиғаттың кез-келген құбылысын алыңыз, оған көз жеткізесіз. Әлемнің бірде-бір артық, не кем жаратылған жері жоқ. Бәрі мақсаттылықта, өз орнымен дамып жетілуде. Осы тұрғыдан алғанда әлем зор машина тәрізді. Оның әрбір бөлшегінің қызметі бар, себептілік арқылы қозғалысқа түсіп, белгілі анықталған сабақтастықта іске асып жатыр.

«Себепке,

Кезекке

Тамам жан көнбек.



Әлсіз бен күш тағы себептен,

Кім құтылар кезектен?

Жақсылық,

Жамандық,

Бәрін себеп билеп алған зат.

«Мен білдім,

Іс қылдым

Өзім билеп», дегеніміз, тіпті ұят!», - дейді Шәкәрім [5,215]. Әр нәрсенің себебі бар, сол себептің де бір себебі бар, ең соңғы себеп түпкі бастама деп таныған ойшыл;

«Жаралыс басы қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де мейлі бір мән де,

Сол қуатпен бол таныс.

Әлемді сол мән жаратқан» - деп түпкі бастама жаратушының әлемнің пайда болуының ең негізгі себебі екендігін айқын көрсеткен [5,230].

Шәкәрім дүниенің негізіндегі бастапқы заңдылықтарды, үйлесімділікті тану, білу адам үшін негізгі міндет деп санайды. «Ол түп себептің білім құдірет шеберлігінде өлшеу жоқтығы мынадан анықталады. Барлықтың не нәрсесіне қарасаңыз да мақсұтсыз, керексіз жаралған емес. Бәрін айтпай-ақ өз көзіңізде ойлаңыз: құлақ, мұрын, ауыз сияқты мүшеңіз мақсұтпен жаралғанын көресіз. Ғылым жолымен өсімдік ағаштардың тамыры, өзегі, қабығы, жапырағы, гүлі сияқтылардың бір де бірі бұл мақсұтсыз деп айта алмайсыз. Бұлар нені көрсетеді? Түп себептің бүйтіп салған жолына қарағанда, оның білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқтығын анықтайды. Егер осының бәрін істеп шығарып тұрған түк сезбейтін соқыр табиғат болса, онан мұндай мақсұт, білім, ерік, гармония тартып жарасым таңдау, жоғарылау шыға алмайды» - дейді Шәкәрім «Үш анықта» [5,37].

«Үш анықтағы» Шәкәрім көтерген ең басты келесі сұрақтардың бірі ол жан туралы. Жан өледі ме, денеден шыққаннан кейін жан әрі қарай өмір сүреді ме деген мәселе Шәкәрімнің шығармашылығындағы ең көп айтылатын, тіпті оның дүниетанымын құрайтын түсініктердің бірі болып саналады. Шәкәрім жан туралы өте көп айтқан. Шәкәрімнің «Үш анықтағы» екінші анық деп отырғаны осы жанмен байланысты. Жанның ажалсыздығы, оның дене деп аталатын киімін тастаған соң да, өмір сүретіндігі, мәңгілігі Шәкәрім көрсеткен анықтардың бірі болып саналды.

Шәкәрімнің ойынша, адамның барлық рухани қасиеттері жаннан шығады. Сондықтан, адамның жаны өледі ме, жоқ па соны анықтау «Үш анықтағы» басты мәселе. Барлық заттардың «қайта айналыс жолымен» «барлықтың ішінде бар болып жүретіндігі» тәрізді Шәкәрім жанның да өлетіндігіне еш дәлел жоқ дейді. Бұған байланысты ойшыл «Үш анықта» төмендегідей ой білдіреді: «Жан менің айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесі орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда біржола жоғалып кетпейді. Құр ғана өзгеретін болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса бір түрге түсіп, барлықтың ішінде бар болып жүреді. Мен бұл араға шейін жанның бірінен-бірі артылатын қасиеттерін бөліп анықтап айтпай, бәрін де жан деп келдім. Жан әр түрге түседі. Мәселен, инстинкт - сезімді жан, сознание-аңғарлық жан, мысль - ойлайтын жан, ум - ақылды жан дегендей әр түрлі қасиеттері болады. Бұлай әр түрлі болуы, менің ойымша, дене бітіміне, себептеріне қарай болады. Дене әр түрге түскен сияқты жан да өсіп, өніп, жоғарылайды» [5,39]. Осылайша Шәкәрім жанның әр түрлі болатындығына да тоқталған.

Адам - өз ғұмырын тек адамгершілік, ар – ұждан арқылы ақтамақ. Бұл оның екі дүниедегі серігі болмақ. Шәкәрімнің ар ілімі арқылы рух өзінің ерекше формасына ие болады. Өз бетіне өмір сүру мүмкіндігі тек өзіндік санасы оянған дербес адамдарға ғана берілмек. Сондықтан, ар – ұждан өмір сүру мүмкіндігі өз қолындағы адамның ең маңызды жауапкершілігі болып табылмақ.

Сонымен, Шәкәрімнің мейірім мен зорлық, ізгілік пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам және заман туралы толғаныстары қазақ философиялық ойларының дамуына қосылған зор үлес болды. Ол тек қазақ халқының ғана емес, барлық туыстас түркі халықтарының, тіпті барлық Шығыс мәдениетінің, одан қалды орыс халқымен барлық Еуропа елдерінің философиялық ой-танымдарын зерлеп, өз халқының ұлттық дәстүріне негіздей отырып, жетілдіріп, философиялық ойымызды, дүниетанымымызды әрі қарай дамыта түскен ойшыл. Шәкәрім шығармаларын бүгінгі күннің биігінен қарап талдап, бағалау, сөйтіп оларды өз тәуелсіздігін қолына алған еліміздің игілігіне аса беруіне үлес қосу - әрбір зерттеушіге ортақ міндет.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006 ж. ІSBN 9965-34-515-5.

  2. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. Алматы, 2007 ж.

  3. Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қазақ айнасы, -Алматы, 2008 ж., 286 б.

  4. Құдайбердиев Ш. Шығармалары /Өлеңдер, дастандар, қара сөздер/. Алматы, 1988 ж.

  5. Ш. Құдайбердіұлы. Үш анық. // Әлем альманах. Алматы, 1991 ж.

References:

  1. Karagandy. Karagandy oblysy: Entsiklopedia. – Almaty: Atamura, 2006 zh. ІSBN 9965-34-515-5.

  2. Kazakstan. Ulttyk entsiklopedia. Almaty, 2007 zh.

  3. Shakarim Kudaiberdiuly. Kazak ainasy, Almaty, 2008 zh., 286 b.

  4. Kudaiberdiev Sh. Shygarmalary /Olender, dastandar, kara sozder/. Almaty, 1988 zh.

  5. Sh. Kudaiberdiuly. Ush anyk. // Alem almanah. Almaty, 1991 zh.




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет