Әож 347. 965 (574) Қазақстанда тегін заң көмегіне қол жеткізу құқығы мәселелері муйденова алия калжановна



Дата17.04.2016
өлшемі128.72 Kb.
ӘОЖ 347.965 (574)
Қазақстанда тегін заң көмегіне қол жеткізу құқығы мәселелері
МУйДЕНОВА АЛИЯ КАЛЖАНОВНА

MUJDENOVA A.K.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Еліміздің негізгі заңында заңмен көзделген жағдайларда тегін заңгерлік көмек алу құқығын мәлімдей отырып, мемлекет сөйте тұра осындай құқықты қаржылық жағынан қамтамасыз ету бойынша кепілдіктерді тиісті шамада көздемейді, сондай-ақ көрсетілетін заңгерлік көмектің сапасына жеткілікті кепілдіктерді де қарастырмайды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы қабылданғаннан бері 20 жылға жуық уақыт өтсе де, осы конституциялық норманы іске асырудың дәл әрі жолға қойылған құқықтық тетігі осы уақытқа дейін құрылған жоқ. Білікті заңгерлік көмек көрсету саласындағы қазақстандық заңнаманы талдау және тегін заңгерлік көмек алу құқығын іске асыру тәжірибесі өткізіліп жатқан сот-құқықтық реформа жылдары ішінде республикада осындай көмекті көрсету саласында айтарлықтай өзгерістердің орын алмағаны туралы қорытынды жасауға әкеледі. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін мемлекет кепілдік беретін заңгерлік көмекті алу құқығының іске асырылуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы да, бағдарламасы да жасалмаған. Және де, тегін заңгерлік көмек алуға құқығы бар азаматтардың санаты өте шектеулі, сол сияқты осындай көмек көрсетілуіне негіз болатын, қолданыстағы заңнамамен көзделген мән-жайлардың шеңбері де шектеулі.

Қаржыландырылатын заңгерлік көмек көрсетудің жекелеген ережелері заңнамамен реттемеленген, бірақ заңгерлік көмекті ұйымдастыру мен көрсету арқылы оған нақты қол жеткізу мүмкіндігін бере алатындай біртұтас жүйе жоқ.

Әрине, қаржыландырылатын заңгерлік көмек көрсету мемлекеттік бюджеттен айтарлықтай қаржыландыруды және пәрменді жұмыс істейін жүйені - қаржыландырылатын білікті заңгерлік көмек көрсетуге әкімшілік етуді жүзеге асыру, оның бақылануын және сапалы болуын қамтамасыз ету бойынша міндет жүктелетін институционалдық инфрақұрылымды құру қажет болатыны даусыз. Осындай жүйе құрылмаса, Негізгі заңда мемлекет мәлімдеген, білікті заңгерлік көмек алуға және заңмен айқындалған жағдайларда тегін заңгерлік көмек берілуіне деген әркімнің құқығы бұрынғысынша, азаматтардың осы көмекке мұқтаж көптеген санаттары үшін тек декларативтік норма болып қала береді. Ал бұл өз кезегінде халықтың құқықтық нигилизмінің және мемлекет пен оның органдарына деген сенбеушілігінің артуына ықпалдасады.

ҚР Конституциясының 12-бабының 1-тармағы бойынша адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі [1]. Осы конституциялық құқықты дамыта отырып, ҚР Конституциясының 14-бабы заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең деген қағиданы жариялайды, оны іске асырудың аса маңызды шарттарының бірі әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар екені, ал заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiлетіндігі болып табылады.

Сонымен қатар, бұл мәселедегі жағдайды жақсарту бағытында мемлекет белгілі бір қадамдарды іске асырып та үлгерді. Мысалы, ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 23 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы» Қаулысына [2] сәйкес, стратегиялық бағыттардың бірі ретінде адвокатура мәселелерін реттемелейтін, азаматтардың тегін заңгерлік қызметтерді заңнамамен көзделген жағдайлардың 100%-нда алу мүмкіндігін қамтамасыз ететін жетілдірілген нормативтік-құқықтық база көзделген. Осы бағытты іске асыру мақсатында 2009 және 2010 жылдары халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған санаттарының адвокаттар көрсететін тегін заңгерлік көмек алуын көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу көзделген.

Қазақстанның 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясатының тұжырымдамасы [3], құқықтар мен бостандықтарды қорғауға байланысты мамандандырылған институттарды одан әрі жетілдіру қажеттігін көздей отырып, төмендегілерді көрсетеді: «Заңгерлік көмек көрсету жүйесінің өзі де жетілдіруді талап етеді. Ең әуелі кіріс деңгейі төмен адамдарға құқықтық көмек көрсету жүйесін жақсарту қажет. Қалалық және ауылдық жерлерде адвокаттық қызметтермен қамтамасыз етудің біркелкі болмау мәселесін дәйекті түрде шешу керек. Сондай-ақ тегін заңгерлік көмек көрсететін адвокаттардың еңбегіне ақы төлеуді басқару жүйесі де түзетуді қажет етеді. Бұл жүйені біріктірілген әрі айқын ету қажет, сонда бұл бюджеттік қаражатты тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді. Сол арқылы Концепция заңгерлік көмек көрсетудің негізгі бағытын республиканың халқының әл-ауқаты төмен топтары үшін қол жете аларлық болуымен байланыстырады.

Сондай-ақ заңгерлік көмек көрсету жүйесін жетілдіру оны ең бірінші кезекте осы салада белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкестікке келтіру бағытында жүргізілуге тиіс екенін атап өтудің маңызы зор. ҚР Конституциясының 4-бабының 3-тармағында былай делінген: «Республика бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады» [1]. Осы нормаға сәйкес Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңының 20-бабының 1-тармағында былай делінген: «Қазақстан Республикасының қолданыстағы әрбiр халықаралық шартын Қазақстан Республикасының мiндетті және адал орындауына жатады» [4]. Сол арқылы, аталған нормалар Қазақстанға халықаралық құқықтың жалпы қабылданған қағидалары мен нормаларын ұстану және оларды ұлттық заңнамаға ендіру міндетін жүктейді, мұның білікті заңгерлік көмек алу, соның ішінде оны тегін алу құқығы саласындағы халықаралық актіге де бірдей дәрежеде қатысы бар.

Алайда қолданыстағы заңнамамен [5] көзделген тегін заңгерлік көмек көрсету жағдайлары, сондай-ақ оны ұйымдастыру осы саладағы халықаралық стандарттарға ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның нарықтық экономикасы жағдайларында құқықтық қатынастардың сан алуан күрделі түрлерінің пайда болуы мен дамуына, және олардың реттелуіне байланысты қазіргі заманғы қоғамдық мұқтаждықтарға да сай келмейді. Қазақстанда табыс деңгейі төмен тұлғалардың және азаматтардың әлеуметтік жағынан осал басқа да топтарының заңгерлік көмекті тегін алу құқығын қамтамасыз ете алатын біртұтас жүйе жоқ. Қазақстандық заңнамада қылмыстық, әкімшілік сот өндірісінде қорғаушы ретінде сот өндірісін жүргізуші органдардың тағайындауы бойынша адвокаттың қатысуымен тегін көмек көрсету көзделген. Мұндай жағдайда адвокаттың еңбегіне ақы ҚР Үкіметі бекіткен мөлшерлемелер бойынша мемлекеттік бюджеттен төленеді. Тегін заңгерлік көмек көрсету сондай-ақ азаматтық сот өндірісінде де көзделген, бірақ әл-ауқаты төмен азаматтардың жекелеген санаттары үшін және мәселелердің аса шектеулі тобы бойынша ғана көзделеді. Сөйте тұра сотқа жүгінуге қатысы жоқ басқа мәселелер бойынша заңгерлік көмек, сондай-ақ заң сипатындағы ақпарат пен заң кеңестемесін беру мәселелері реттелмеген.

Осыған байланысты тегін заңгерлік көмек көрсету қағидалары мен негіздерін біріктіру мен жүйелі түрде дамыту қажет, бұл заңгерлік көмек көрсету мен ақысын төлеудің қолданыстағы жүйесін қайта құруды – әл-ауқаты төмен және әлеуметтік жағынан осал топтардың тегін заңгерлік көмек алуға ҚР Конституциясы кепілдік беретін құқығын іске асырудың құқықтық, ресурстық және ұйымдық тетіктерін жасауды талап етеді, олар кепілді түрде қаржыландырылатын заңгерлік көмек тұжырымдамасында өз бейнесін табуға тиіс.

Тегін заңгерлік көмек алу құқығын қамтамасыз етуді құқықтық реттемелеу мәселелерін кідіріссіз шешу қажет, себебі осындай құқықты реттемелейтін қолданыстағы заңнама толық жетілмеген және көмекке мұқтаж және адвокаттың жұмысына ақы төлеуге қаржылық мүмкіндігі жоқ адамдардың оны алатынына кепілдік бермейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тегін заңгерлік көмек төмендегі жағдайларда көрсетілуі мүмкін.

Дегенмен басқа мемлекеттік және өзге органдарға жүгіну кезінде азаматтарда туындауы мүмкін барлық басқа құқықтық мәселелер бойынша тегін заңгерлік көмек беру (мысалы, құқықтары және оларды іске асыру тәсілдері туралы хабардар ету, кеңестеме беру, сотқа жүгінумен байланысты емес мәселелер бойынша кеңестер түрінде және т.б.) заңнама жүзінде қарастырылмаған.

ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 26 тамыздағы № 1247 Қаулысымен бекітілген Адвокаттар көрсететін заңгерлік көмекке ақы төлеу және қорғаумен және өкілдік етумен байланысты шығындарды республикалық бюджеттік қаражат есебінен өтеудің ережелерімен реттемеленген, тағайындалатын адвокаттардың еңбегіне ақы төлеудің мөлшері мен тәртібі туралы мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді [6].

Заңгерлік көмекке ақы төлеу бойынша шығынды республикалық бюджеттің қаражаты есебіне жатқызудың негізі қылмыстық процесті жүргізіп отырған органның, судьяның, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) қаулысы және іс жүргізіп отырған азаматтық істер бойынша соттың ұйғарымы болып табылады.

Осылайша, тағайындау бойынша қорғауға және заңгерлік көмек көрсету бойынша өкілдік етуге кеткен шығындарды мемлекеттік бюджеттен өтеу post factum – адвокат тапсырманы орындағаннан кейін іс бойынша өндіріс жүргізуші орган заңгерлік көмекке ақы төлеу, сондай-ақ қорғаумен және өкілдік етумен байланысты шығындарды республикалық бюджеттің қаражаты есебінен өтеу туралы қаулы (ұйғарым) шығарғаннан кейін жүзеге асырылады. Заңгерлік көмек көрсету жөніндегі шығындарды төлеудің және өтеудің сомасы, адвокаттар келісім бойынша қатысатын істер бойынша төленетін қаламақының мөлшерімен салыстырғанда мардымсыз, осының салдарынан мұндай істер бойынша адвокаттардың беретін заңгерлік көмегінің сапасы көбінесе пәрменсіз болғандықтан, арызданушының көңілінен шықпайды.



Осы айтылғандардан шығатыны, адвокаттарды тағайындаудың тәртібі, олар көрсететін қаржыландырылатын заңгерлік көмектің сапасын қамтамасыз ету және бақылау, олардың еңбегіне ақы төлеу, тегін заңгерлік жәрдем берудің өзге де құрамдастары заңнамада көзделмеген.

Осы санаттағы істер бойынша еңбегіне төленетін ақы мөлшерінің аздығынан адвокаттарда материалдық мүдделілік болмауымен ұштасатын аталған кемшіліктер, бір жағынан, және олардың төлем қабілеті бар клиент алуға ұмтылуы екінші жағынан, жекелеген судьялардың, тергеушілердің, анықтаушылардың және олардың «қалтадағы» адвокаттарының арасында одақтар құрылуы сияқты жағымсыз құбылысқа жағдай жасайды. Мұндай «одақтар» адвокаттардың іс жүргізіп отырған, сөйтіп тергеудегі адамға немесе сотталушыға «ыңғайлы», өздеріне аса қиындық туғызбайтын, іс бойынша белсенділік танытпайтын қорғаушының тағайындалуына мүдделі органдармен сыбайлас болуына әкеледі.

Бұдан басқа, атап көрсететіні, қазір қолданылып жүрген адвокаттарды тағайындау жүйесі олардың заңгерлік көмекті шынайы шығындарға сай келмейтін тарифтер бойынша беруге ерік білдіруіне қарамастан, ҚР Конституциясының 24-бабының 1-тармағына да қайшы келеді, онда адамдардың еңбек еркіндігіне құқығы және мәжбүрлеп еңбек еткізуге тыйым салынатыны белгіленген.

Осылайша, жоғарыда айтылғандардың негізінде тегін заңгерлік көмек берудің қазіргі тәртібінің мына себептерден кемшіліктері бар деп тұжырымдауға болады:

- қаржыландырылатын заңгерлік көмек беру, халықтың құқықтық сауатын ашу саласындағы мемлекеттік саясат негіздерінің тұжырымдамасы мен бағдарламасының жоқтығы;

- мемлекет тарапынан қаржыландырылатын заңгерлік көмек беруді ұйымдастыру және оның тәртібі мәселелерін реттемелейтін арнайы заңның жоқтығы;

- осындай жәрдем берілуін және осы саладағы бағдарламалардың іске асырылуын басқаруды (әкімшілік жасалуын) қамтамасыз ететін құрылымның жоқтығы;

- оны берудің нақты негіздері мен шарттарының жоқтығы;

- заңгерлік көмекке жету мүмкіндігінің шектеулі болуы: заңнамада (ҚР АІЖК, ҚР ӘҚБтК және басқа да заңнамалық актілерде) тегін заңгерлік жәрдем алуға құқығы бар тұлғалардың шектеулі ауқымы белгіленген;

- заңгерлік көмек беру тәртібінің құқықтық жағынан жеткілікті дәрежеде реттемеленбеуі;

- қылмыстық істер бойынша тегін заңгерлік көмектің анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің, соттың субъективті ұйғаруына қарай берілуі;

- берілетін тегін заңгерлік көмектің сапасын қамтамасыз ету жүйесінің және оны бағалау әдістерінің жоқтығы;

- берілетін тегін заңгерлік көмектің сапасын бақылау жүйесінің жоқтығы;

- кеңестік заманнан бері келе жатқан адвокаттарды адвокаттар алқасы арқылы тағайындау процедурасының сақталуы, өйткені бұл осы саладағы қазіргі заманғы халықаралық стандарттаға сай келмейді және заңгерлік көмектің сапалы берілуін қамтамасыз етпейді;

- заңгерлік көмек көрсету үшін адвокаттарды тағайындаудың және олардың еңбегіне ақы төлеудің қазір қолданылып жүрген жүйесі, себебі мұның өзі оларды қылмыстық процесс жүргізуші органдарға тәуелді етіп қояды, әрі адвокатта заңгерлік көмек беруге материалдық ынтаның болмауына әкеліп қана қоймай, сондай-ақ оның сапасына теріс әсерін тигізеді;

- ҚР АІЖК бойынша азаматтық сот ісін жүргізуде өкілдік ету міндетін заң білімінің бар-жоғына қарамастан кез келген тұлғалардың жүзеге асыруы, өйткені бұл жағдай олар беретін заңгерлік көмектің сапасына теріс әсер етеді;

- қылмыстық-атқару заңнамасында белгіленген бас бостандығынан айыруға сотталған адамның сот шешімінің орындалу сатысында заңгерлік көмек алуға құқығының іске асырылуын қамтамасыз ету тетігінің жоқтығы, сондай-ақ бұл үшін тиісті бюджетті көздейтін бағдарламаның жоқтығы;

- бастапқы заңгерлік көмек беру және азаматтарды құқықтық жағынан хабардар ету және құқықтық сауатын ашу жүйесінің жоқтығы;

- адвокаттар қоғамдастығының адам саны жағынан аздығы және оның белгілі бір бөлігінің кәсіби біліктілік деңгейінің төмендігі, сондай-ақ басқа да кемшіліктер бар.

Осыған орай атап өтетіні, көрсетілген кемшіліктердің негізгі бөлігі ТМД елдеріне, сондай-ақ мемлекет кепілдік беретін қаржыландырылатын көмек жүйесі енгізілгенге дейінгі кезеңдегі Орталық және Шығыс Еуропа мемлекеттерінің басым көпшілігіне тән. Бұл кемшіліктердің түп тамыры заңнамалық базаның жеткілікті дәрежеде жан-жақты болмауында, сондай-ақ тиісті заңнама ережелерін нақты іске асырудың нашар жүргізілуінде жатыр.

Қазіргі тегін заңгерлік көмек беру жүйесінің аталған кемшіліктері оны берудің қағидаларын қайта қарауды, сондай-ақ тегін заңгерлік көмек берудің арнайы тәуелсіз әрі дербес жүйесін құруды қажет етеді. Сондықтан бұл жағдайдан шығатын жол - Қазақстанда қаржыландырылатын заңгерлік жәрдем беруге әкімшілік етудің тиімді үлгісін құру, оны іске асырудың пәрменді құқықтық тетіктерін әзірлеу қажет деп есептейміз, олар осындай жәрдем берудің тисті процедурасы мен сапасын, бюджеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуын, берілетін заңгерлік көмектің сапасын бақылауды және т.б. қамтамасыз етуге тиіс.



Мемлекет қаржыландыратын тегін заңгерлік көмек көрсетудегі жоғарыда аталған теріс жайттарды жою мақсатында заңгерлік көмек көрсетудің және оның ақысын төлеудің қолданыстағы жүйесін қайта құру үшін әркімнің (және ең бірінші кезекте – халықтың әл-ауқаты төмен және әлеуметтік жағынан осал санаттарының) мемлекет қаржыландыратын тегін заңгерлік көмек алуға ҚР Конституциясы кепілдік берген құқығын іске асырудың құқықтық, ресурстық және ұйымдық механизмдерін жасау қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер тiзімі:

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы – Алматы: Юрист, 2014.

  2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 желтоқсандағы № 1207 «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2009 - 2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекіту туралы» Қаулысы.

  3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Жарлығы (2014.16.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

  4. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы № 54-III «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңы (2014.30.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

  5. Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы № 195-I «Адвокаттық қызмет туралы» Заңы (2013.03.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен).

  6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 26 тамыздағы № 1247 «Республикалық бюджет қаражаты есебінен адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеудің ережелері туралы» қаулысы (2010.01.07. берілген өзгерістері мен толықтырулармен бірге).


Түйіндеме

Автор:Муйденова А.Қ.

Тақырыбы: Қазақстанда тегін заң көмегіне қол жеткізу құқығы мәселелері
Тегін заң көмегіне қол жеткізу құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген және халықаралық міндеттемелерімен кепілденген әділсотқа қол жеткізуді қамтамасыз ету құқығының ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл мақалада автор тегін заң көмегін алу мен ұйымдастырудың қолданыстағы тәжірибесін оқырманға таныстыра отырып, оны әрі қарайғы жетілдіру бойынша ұсыныстар береді. Сондай-ақ, Қазақстанда мемлекеттен қаржыландырылатын заңгерлік жәрдем беруге әкімшілік етудің тиімді үлгісін құру мен оны іске асырудың пәрменді құқықтық тетіктерін зерттеу ұсынылады. Аталмыш тетіктер заң көмегін берудің лайықты рәсімін және сапаны, бюджеттік қаражатты тиімді игерушілікті бақылауды қамтамасыз етеді. Автор білікті заңгерлік көмек алу құқығы демократиялық қоғамның негізгі кепілі болып табылады деп тұжырымдайды. Болашақта әр адамның игілігі мен қауіпсіздігі осындай көмектің қаншалықты пәрменді әрі қисынды ұйымдастырылуына байланысты болмақ. Сондықтан осы мәселені шешудің маңызы зор әрі қоғам мен мемлекет тарапынан тиісінше назар аударуды қажет етеді.

Тірек сөздер: Заң көмегіне қол жеткізу құқығы, тегін заң көмегі, адвокат
Резюме

Автор: Муйденова Ә.Қ.

Тема: Проблемы права на бесплатных юридических помощь в Казахстане
Право на бесплатную юридическую помощь является неотъемлемой частью права на обеспечение доступности правосудия, закрепленного Конституцией РК и гарантированного международными обязательствами.

В данной статье автор описывает действующую в Республике Казахстан практику получения и организации бесплатной юридической помощи, а так же формулирует предложения по её совершенствованию. Так предлагается создание модели администрирования юридической помощи, финансируемой государством, разработка действенных правовых механизмов её осуществления. Данные механизмы позволят обеспечить соответствующую процедуру и качество, рациональное использование бюджетных средств, качественный контроль за предоставлением юридической помощи.



Автор приходит к выводу, что право на получение квалифицированной юридической помощи является гарантией основ демократического общества. В дальнейшем интересы и безопасность каждого человека будут зависеть от действенной организации такой помощи. Поэтому решение данной проблемы очень важна и требует должного внимания со стороны общества и государства.

Ключевые слова: Право на юридическую помощь, бесплатной юридической помощь, адвокат

Summaru

Author: Muydenova A.K.

Topic: The problem of the right to free legal assistance in Kazakhstan
The right to free legal assistance is an integral part of the right to accessibility of justice established by the Constitution of the Republic of Kazakhstan and accepted international obligations. The author describes valid practice of obtaining and organizating free legal aid in the Republic of Kazakhstan, as well as formulating proposals on its improvement in this article. Thus, the creation of a model administration of legal aid funded by the state, development of effective legal mechanisms of its implementation are proposed. These mechanisms will ensure the appropriate procedure and quality, rational use of budgetary funds, quality control for legal aid. The author comes to the conclusion that the right to the qualified legal assistance is guaranteed foundations of a democratic society. Further everybody` interests and security will depend on the effective organization of such assistance. Therefore, the solution of this problem is very important and it requires proper attention from the society and the state.

Codeword: Right to legal assistance, free legal assistance, lawyer
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет