ӘӨЖ 818. 992 Тарихи сананың тамыршысы



Дата28.04.2016
өлшемі105.74 Kb.
ӘӨЖ 818.992

ТАРИХИ САНАНЫҢ ТАМЫРШЫСЫ


Кажиакбарова Р.Б.- ф.ғ.к., доцент

ОҚМПИ, Шымкент қаласы


Резюме

В статье расскрываются особенности творчества видного представителя казахской литературы И.Есенберлина.

Summary

This article deals with the peculiarities of the creative laboratory of the well-known Kazakh writer I.Esenberlin.



Биыл Алаш жұрты Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуде. Қазақ ұлтының болашағы оның тілі мен әдебиетінің, мәдениеті мен тарихының сақталып, өркендеуіне тығыз байланысты екендігі ақиқат. Ұлт тарихының қазақтың болашағы үшін, жаңа ұрпағының саналы да отаншыл болып қалыптасуы жолында ықпалы зор. Осы орайда, Қазақ хандығы бастау алатын Алтын Орда тарихын, қазақтың Хандық дәуірін алты кітапқа сыйдырған біртуар талантты тұлға – Ілияс Есенберлиннің қаламынан туған алмас қылыштай жарқыраған көркем дүниелер қазіргі ұрпаққа қасиетті де қастерлі. Ұлттық бағытты ұстанған жазушы шығармалары бала жастан жанымызға жақын, тарих пәнінен оқулықтарды емес, қаламгердің туындыларын құныға оқып, рухани нәр алатын едік, қазақтың кім болғанын танитын едік. Ұлттық санаға шөліркеп қалған ұрпақ үшін “Алтын Орда”, “Көшпенділер” трилогиялары ғаламат рухани дүниедей әсер етіп, қазақ халқының дәстүрлі қоғамының бастаулары мен рухани негіздеріне терең бойлатқаны анық. Қазақ халқын құраған ру-тайпалардың сонау сақ, үйсін және қаңлы дәуірлерінен тереңде жатқан тамырына үңілетін болсақ, егемендіктің тізгіні оңайлықпен келген жоқ. Ұлттық тарихымызды дәріптеп, өткеніміз бен бүгінімізді саралау – зор міндет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңдерді бастан кешу арқылы қолы жеткен заңды құқығы” деп атап көрсеткеніндей, қазақ халқының тарихы – бүгінгі ұрпағына мақтаныш сезімін ұялататындай ұлы тарих. Әр қазаққа асқақ есім Ілияс Есенберлин туралы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев былай баға берген екен: “Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихының төрінен лайықты орын алатын тұлға… Ілекең қазақ қаламгерлерінің алғашқысы болып қиын да күрделі тақырыпқа – Қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартты. Қалам тартып қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан алуан қырын кең қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнелерін сомдауы жағынан өзге туындылардан оқ бойы озық тұрған талантты шығармасы – “Көшпенділер” тарихи трилогиясын дүниеге әкелді. Бүгінде дүние жүзінің көптеген халықтарының тіліне аударылып, әлденеше рет басылған жазушының осы еңбегін хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек артық айтқандық болмас” [1]. Иә, ақиқатында тіршілігінде “әдебиет майданын” көп көрген қаламгер Ілияс Есенберлиннің асыл мұрасы тот баспас алмас қылыштай уақыт озған сайын жарқырап, ұрпақтың жадында жаңғырып тұрары хақ. Қаламгердің қазақ руханиятына мол үлес болып қосылған әдеби мұрасы қазақ әдебиетінің телегей де терең теңізіне арқырап қосылған ағыны бөлек арна еді.

Ұлттық тарихи сананың тамыршысы бола білген, ғасырлар тағылымын зердесіне тоқыған І.Есенберлиннің шығармалары тарихымызды әріден толғап, хандық жүйеден кейінгі Ресей өкіметінің отарлау саясатын да бейнелеп, қалың қазақтың жүрегіне жол тапты. Жарқ еткен жасындай қазақ оқырманының ұлттық санасына сілкініс тудырып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген І.Есенберлинге бұл күнде берген бағамыз қандай? Ілияс Есенберлиннің сан қырлы шығармашылық өнері өз заманының саяси жүйесінің қалыбына сыймады. Ата тарихымыздың «ақтаңдақтарын» зерттеуге тиым салынған жылдары ол қиын да күрделі тақырыптарға қалам тартты. Ілияс Есенберлиннің қазақ ұлтының тарихи жадысының оянуына ерекше ықпал етіп, ұлттық санаға ерекше еңбек сіңірген ерен тұлға екенін ұлы төреші уақыт дәлелдеп берді. “Көшпенділер” алған асуынан, көрінген биігінен аласармады. І.Есенберлиннің жазушылық жолын шолып, тұжырымдай келгенде, оның қаламына тән ерекшеліктер көзге айқын шалынады. Осы ерекшеліктер жазушының өзіндік қолтаңбасын, қаламгерлік қуатын танытады. Ілияс Есенберлин әрбір шығармасында күрделі мәселе көтеріп, тыңнан түрен салған қаламгер. Өзінің шығармашылық шеберханасынан сыр шерткен жазушы тарихи зерттеулермен ұзақ уақыт айналысқан кезінде өткен дәуірдің адамдары мен оқиғалары өзінен-өзі жадында жатталып, осылардың астарынан тек адам тағдырын ғана көретінін, ХІХ ғасырдағы Кенесарымен байланысты ұлт-азаттық қозғалысты зерттей келе өткен тарихи оқиғалардан ұлы тұлғаның бақытсыздығын аңғарғанын айтады. Хан Кененің күрделі мінезін, жетістігі мен сәтсіздігін романда еш ақтамай, қараламай тағдыр тәлкегі қалай болса, сол қалпында жазғанын атап көрсететіні бар. Осындай ерекше сипат оның тарихи тақырыпқа жазылған әрбір шығармасына тән. Танымы терең, талантты жазушының бірі Мұхтар Мағауин замандасы туралы:«... Мен осы өмірімде ештеңеден қорықпайтын екі адам көрдім, біріншісі – Ілияс Есенберлин еді, әрине Ілияс ағаны қолдаған бабалар аруағы, ұлы іс жолындағы іргелі мақсат пен шынайы перзенттік парыз болатын» деп ақиқатын айтқан болатын.



Жазушы Қабдеш Жұмаділов “Таңғажайып дүние” атты ғұмырнамалық романында: «Аласа адамдардың өзінен биіктерді еске алғыс келмейтіні несі екен? Әйтпесе, Ілияс Есенберлин елеусіз қалатын кісі ме еді? Әдебиетте Әуезовтен кейін халықтық бағыттың туын ұстап қалған жазушы артына өлмес мұра қалдырды. Алпысыншы-жетпісінші жылдарда тарихи романның көшін бастап, қазақ прозасында тұтас бір мектеп қалыптастырды. Ұлттық сананың оянуына, тарихи зерденің жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты. Егер Ілияс Есенберлин сәл ары таман, осы ғасырдың бас кезінде өмір сүрсе, сөз жоқ, Алаш қозғалысының жуан ортасында жүрер еді. Кейде ол менің көзіме кешегі Ахмет пен Әлиханның, Міржақып пен Мағжанның сарқыты сияқты болып көрінетін. Амал не, өз ұлтын сүйген есіл ер тәуелсіздік таңын көре алмай, арманда кетті. Алайда, біздің азат заманымыздың әр таңында Кенесары хан бастатқан құрбандардың киелі қаны алаулап тұрғаны секілді, Ілияс Есенберлиннің де қалам ізі жатқанында күмән жоқ» деп жазады [2.530]. Иә, Алашорда ақиқатын “Қатерлі өткел” романында сындарлы суреттей білген қаламгер шын мәнісінде алашшылдардың рухын жаңғыртқан арда ұл еді. Кеңестік дәуірдегі Алашорданың күйреу тарихын бейнелеген, ұлттық мүддеге сызат түскен әлеуметтік ортамен сыйыса алмай рухани дағдарысқа ұшыраған тұлғалар өмірін суреттеу, тоталитарлық кезеңнің өзінде, бұқпантайлар бұғып жүрген заманда Алашшылдар тағдырын шығармасына арқау ету – қаламгердің қаһармандығы. Жазушының ұстанған философиясы төмендегі сөздерінен көрінеді: “Жазушы – халқының ары, намысы. Сөзіңмен, өнеріңмен еліңнің санасын оятып, оны тәуелсіздікке, жеке автономияға шақыру біздің міндет еді. Өзінің жұрты, өзінің жеке отаны жоқ ұл, қанша данышпан болса да, шөлге қамалған аққумен тең көрінетін, жан-жағында құлазыған даласы көп, бірақ қанат қағар ақ айдын шалқары жоқ секілденетін...”. Кейіпкер сөзінен авторлық позиция көрініс беретіні анық. Ұлттық сананың оянуы арқылы ғана елдің тәуелсіздікке жететіні туралы көреген пікір айтады. Осы тұста ұлттық сананың оянуы ғана емес, ұлттық саясат жайлы да пікір айтылады. Романдағы Ақан образы арқылы сол кезеңдегі жүрегі ұлтым деп соққан қазақ зиялыларының типтік бейнесін жасаған. Көңілі шерге толы Ақан тағы бірде: “Жоқ, қалқам, үлкен халықтың кіші халықты өзіне бағындырғысы келетіні ежелден белгілі. Бұл тарихтың ақиқат жолы. Бағындыру деген өзгенің жігерін құм етіп, жүректегі арманын сөндіруден басталады. Ол үшін ең алдымен халқы үшін тізгінге болатын ұлдарының үнін өшіру керек. Ал мен жырыммен де, жүрегіммен де оларға қарсы тұрдым... Бірақ дәл осындай бізді жалғыз тастап кетеді деп ойламап едім. Бұл не сұмдық?! Кеше ғана жаңағылардың көбі жеке автономияны, ұлттық тәуелсіздікті көксеген жоқ па еді?.. Ал бүгін...”Қазақ, ұлт” деген сөздерден қорқып, бәрі бықпырт тигендей қаша жөнелді! Өстіп ел бола аламыз ба, жұрт бола аламыз ба!.. Өз елің, өз тілің болмаса, дарының сенің кімге керек? Сол дарынымызды бағалайтын, өркендететін өз еліміз, өз тіліміз болсын деп күресіп келген жоқпыз ба?..”-дейді. Алашшылдар қиялының күйреу тарихын суреттеген І.Есенберлин ұлтшыл ақындардың дәл осындай жан күйзелісіндегі трагедияны көрсеткендей әсер қалдырады.

Ілияс Есенберлин тарихи романдарында халқымыздың хандық дәуіріндегі тарихының көркем шежіресін жасап, күрделі тарихи кезеңдерін бейнеледі. «Алмас қылыш» (1971), «Жанталас» (1973), «Қаһар» (1969) романдарынан тұратын атақты «Көшпенділер» трилогиясы (1976) -- жазушының бас кітабы. Әрбір елдің ұлттық тарихында жұлдызды кезең болады. Қаламгердің «Алмас қылыш» романы - қазақтың сол жұлдызды дәуірін, Ақ ордасын құрып, тәуелсіз ел санатында үш жүз боп бас қосуын суреттеген. «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» романдарының бірігуінен туындаған “Көшпенділер” трилогиясы қазақ тарихының кезеңдерін, жеке хандық дәрежесіне жетуін, ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақ қоғамының ішкі қарым-қатынасын, дербес мемлекет, ұлт болу үшін күресін, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен тарихта қалған қилы дәуірін, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттығы көтерілісі оқиғаларының суретін көз алдыңа шебер алып келеді. Журналист Сұлтан Оразалиновқа берген сұхбатында жазушы жан сырын былайша ақтарады: “Мынау қазақ өзі батыс пен шығыстың түйіскен жерінде атам заманнан, ежелден келе жатқан халық. Бұл бір жақтан көшіп келген халық емес, сонау қыпшақ заманынан, сақ заманынан осы жерде тұрып келген ел. Біз кеңес одағының жеті бөлек жерін игеріп отырмыз. Ал біз сан жағынан қараған уақытта көне заманда да осы күнгі санымыздан бәлендей артық болған емеспіз. Соған қарамай осыншама жерді алып отырған елдің тарихы өте қызық тарих. Осыншама жерді алуда батысында да жау аз болған жоқ, оңтүстігінде де. Шығысында мынау Қытай айдаһары жатыр. Олардың әрқайсысы бізге үңіле қарап, осы жерді мекен қоныс етсем бе деген елдер. Соның бәріне берілмей ат жалын тартып мінгенінен қолына найза ұстап, батыр берген елдің тарихы мені бала жастан құмарттырып жүрді”. Батыр халқының басынан өткен қилы-қилы кезеңдерін, арманын, күрескерлігін, ел болып, өзін-өзі сақтап қалғанын көрсету – жазушының басты арманы еді. Ол – орындалған Арман. Жазушының жан сырына назар аударсақ: “Көшпенділердің” жазылуы, ол мен қалам ұстағалы (1942-ші жылдан) жазып келе жатырмын десем өтірікші болмаспын. Орталық партия комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде Омбы мен Орынборда болдым. Оның архивтерінде соғыс кезінде көптеген материалдар жинадым. Жаңа, ескі нәрсе бар ма, қолыма түскеннің барлығын қарап жүрдім. Соны қорытып алпысыншы жылдардың басында осы үш кітапты жазам деген шешімге келдім”.



Академик Рахманқұл Бердібаев “Көшпенділер” трилогиясы хақында жарық көрген кезеңінен бастап бағасын беріп, тарихи мәнін монографиялық еңбектерінде тереңінен толғады: “Біздіңше, І.Есенберлиннің “Алмас қылыш” романының жұртшылық үшін ең маңызды жері – өзге мамандар түгіл тарихшылардың өзі де әлі күнге жете зерттеп болмаған кезең – ХV ғасыр оқиғаларын роман-хроника түрінде тұңғыш рет жүйелі әңгімелеп, көп керекті мағлұмат бере алатындығында. Қалың оқырман бұл кезге дейін ХV ғасырда Жәнібек пен Керей бастаған қазақ рулары Сарысу, Шу, Талас өзендерінің алқабында, Мойынқұм бойында алғаш рет Қазақ хандығы құрды деген қысқа деректен өзгені біле бермейтін. “Алмас қылыш” тарих кітаптарында жазылған сараң тұжырымның тасасында қаншама хикмет жатқанын нақтылы оқиғалардың хронологиялық ізіне түсе отырып, кеңінен баян етеді” [6.229]. Ал белгілі тарихшы Манаш Қозыбаев жүрекжарды пікірін былай жеткізеді:“Ұлы жазушы өзінің эпикалық шығармаларында көшпелі өркениеттің сырын да, мұңын да, шерін де жан-жақты ашып берді… Сонау “тоқырау” деп аталған тоталитарлық қылбұрау заманасында тарихшылардан бұрын халқымыздың өткеніне терең бойлап, жаңаша ойлап,, толғанып та тебіреніп те қалам тартқан Ян бастаған тарихи романистердің бәрінен жоғары көтерілді”. Иә, шын мәнісінде одақ көлемінде танымал болған Василий Ян мен Исай Калашниковтың (“Шингис хан”, “Жестокий Век”) тарихи романдарынан көркемдігі, эпикалық тынысы тұрғысынан “Алтын орда”, “Көшпенділер” трилогиялары көш ілгері еді. Жазушы 1983 жылы 8 наурызда Варшавадан Кристина Дамм есімді поляк оқырманынан жылы лебізге толы хат алады. Ұлты, заты бөлек оқырман ішкі толқынысын былай жеткізеді: “Многоуважаемый господин Есенберлин! .. сегодня получила сигнальный экземпляр “Кочевников”. Верхний слой Ваших книг – исторический, но для меня Ваш роман – это очень интересный философский трактат о власти. Ваши размышления универсальны и глубоко мудры… Мне нравится Ваш язык, такой современный, экономный и такой точный. В нем нет болтовни, столь типичной для многих исторических романов. Это ценная редкость… Не знаю, представляете ли, какая это мука, когда так много хочется сказать, а нужных слов не хватает”. Бұл хат – туындының оқырманмен сәтті қабылдануының айғағы. Бұл – көркем шығарманың шынайы өнер туындысы ретінде қабылдануы. Шығармашылық еңбектің бір белесі – оқырман қабылдауына байланысты. Ол жөнінде әдебиетші В.В.Молчанов мынадай пікір айтады: «Жазушы көркем шығарма жаза отырып, әлдебір кісіге (адресатқа) оны білсе де, білмесе де жолдама (послание) жазған іспетті. Бұл құбылыс шығармашылық психологиясын зерттеу объектісінде әлі де болса аз көрсетілген. Ал, мүның өзі шығармашылық процестің ажырамас бөлігі болатыны хақ» [7.124]. Қаламгер өзінің бір хатында былай дейді: “… почему я пишу исторические книги? На этот вопрос ответить очень трудно… Дело в том, что казахи не имели летописи, письменной хроники, но зато имели необычайно богатый фольклор, в частности эпосы. Надо сказать, что я воспитывался именно в такой среде, где с детства приучают слушать, знать и любит эпосы. И, вероятно, любовь к прошлому своего народа, зародившаяся во мне благодаря этим поэтическим сказаниям, заставляет меня писать художественную историю своего народа, ибо во мне сидит убеждение, что без прошлого нет настоящего и тем более будущего…” Жазушы көркем дүниелеріне осындай отаншылдық идеясын терең сіңірген. Мұндай үрдіс - әдебиетте жалғасқан дәстүрлердің бірі. А.С.Пушкин шығармашылығын зерттеушілер орыстың үлы ақынының тарихи тақырыпқа баруды әрдайым отаншылдық парызым деп қарағанын, үлтының өткеніне құрмет деп санағанын атап көрсетеді. Тарихи тақырыпқа бару – ел мәдениетінің жоғарылығын, өз тарихын бағалайтынын көрсететін меже екендігін тұжырымдайды [8.66].

Жалпы, І.Есенберлин творчествосын қай аспектiде қарастырсақ та теориялық ой-өрiске арқау боларлық ауқымды творчество. І.Есенберлиннің әдеби мұрасы әлемдiк деңгейдегi көркем әдебиетпен қатар тұрарлық, келелi мәселелер көрiнiс берген бағалы дүние. Тіршілікте текетірестікті көп көрген жазушы былайша толғанған екен:

Өмірдің мен өзіңдей бір қонағы,

Жеріне жеткен ұшып – құс қонады!

Естідім қастарымның сан жаласын,

Естідім достарымның сын-таласын.

Тілегім сенен жалғыз жас ұрпағым,

Болғайда әділетті көзқарасың!

Иә, ақиқат өмірде қашанда сан жаланы арқаласа да, еліне еңбегі сіңген тарихи тұлғаның бағасын келер ұрпақ берері анық. І.Есенберлин заманынан ширек ғасыр озып, арттағы ұрпаққа өлмес мұра қалдырып, зиялы қауым ішінде хан Кенедей батырлығын танытқан біртуар қазақтың қасиетті нартұлғасы. Жазушы еңбегінің, есімінің мәңгілігі оқырманының қабылдауына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, І.Есенберлиннің ғұмыры – баянды да мәңгілік ғұмыр. Қаламгер бір сөзінде: “Халқымыз жайында еңсесі Алатаудай биік, мағынасы Атырау теңізіндей терең шығармалар жазу әр жазушының міндеті” деген екен. Жалпы алғанда, туған халқы терең бағалаған Ілияс Есенберлиннің тарихи роман жанрында тың арна тауып, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің сәтті көркемдік қосындысы дерлік, оқырманды отансүйгіштік рухқа баулитын, дерегі мен керегі көп шығармалар тудырғанын әдебиетіміздің ұнамды ізденістері қатарында қарап бағалау парыз.

Рухы биік жазушы дүниеден озарының алдында: “Соңғы кезде менің құлағымнан даланы дүбірлеткен әлдебір жойқын сарын кетпейді. Сонау Кир патшаны талқандаған Тұмар ханшаның, Білге қаған мен Күлтегіннің, одан беріде өзім жазған қазақ хандарының рухы оянған тәрізді. Бұл тегін емес. Көрерсің, халқымыздың мерейі әлі де көтеріледі” деген екен. Ұлтын сүйген ұлы жүректің арманы орындалып, күні бүгінде Алаш жұрты алтын әріппен жазылар елдігінің тарихын тойлауда. Тойлауымыз ойлы, қуанышымыз ұзағынан болсын лайым.


Әдебиеттер тізімі:


  1. Писатель. Личность. Человек. Алматы: Ата-мура – Казахстан. 1993.

  2. Жұмаділов Қ. Таңғажайып дүние. Алматы: Тамыр, 1999. -624 бет.

  3. Есенберлин І. Қатерлі өткел. Алматы: Жалын, 1967 ж.

  4. Қазақ әдебиеті. //Ілияс Есенберлин – 90. 14.01.2005.

  5. Есенберлин І. Жан сырым. Алматы: І.Есенберлин атындағы қор, 2001 жыл.

  6. Бердібай Р. Бес томдық шығармалар жинағы.Алматы: Қазығұрт, 3 том. 448 б

  7. Художественное восприятие. Сборник. Ленинград: Наука. 1971. С.237.

  8. Петров С.М. Исторический роман А.С.Пушкина. Москва, 1953. С.135

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет