Әож 94 (574. 1): 664. 95 (574. 1) Қолжазба құқығында



жүктеу 464.86 Kb.
бет1/3
Дата26.04.2016
өлшемі464.86 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3
: images -> stories -> downloads -> avtoreferaty
avtoreferaty -> Боранбаева бақтылы сансызбайқызы ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық саяси қызметі
avtoreferaty -> Хайдаров есқайрат ерболатұлы XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық-демократиялық жастар қозғалысы: тарих және тағылым
avtoreferaty -> Әож 94(574. 1): 332 021(043) Қолжазба құқығында
avtoreferaty -> Бердіғожин лесқали базарғалиұлы қазақстанның мұнай-газ өндірісі саласындағы жұмысшы, инженер- техникалық кадрларының қалыптасуы және өсуі
avtoreferaty -> Аликулова нұрлыгүл сапақҚызы ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік экономикалық жағдайы
avtoreferaty -> Ахметова ұлжан төлегенқызы орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы және қызметі
avtoreferaty -> Салмырза жайна ізбасарқызы сыр өңірі қазақтарының азаттық қозғалысы
avtoreferaty -> Демеуова нұРГҮЛ ҚажымұҚАНҚызы XIX ғ. екінші жартысы – XX ғ. басындағы Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер: тарихи талдау
avtoreferaty -> Дюсенгалиева мерзат ғҰбайдоллақызы бөкей Ордасындағы сауда-саттық және кәсіпкерлік
avtoreferaty -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны

ӘОЖ 94 (574.1): 664. 95 (574.1) Қолжазба құқығында


НЫҒМЕТОВ БОЛАТ СЫРЫМҰЛЫ


Қазақстанның батыс өңірінде балық шаруашылығының даму тарихы

(1941 - 1991 жж.)

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Атырау, 2008

Жұмыс Атырау мұнай және газ институтының Гуманитарлық пәндер кафедрасында орындалды


Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор К.Л.Есмағамбетов

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Х.Б.Табылдиев
тарих ғылымдарының кандидаты

А.М.Балыкова

Жетекші ұйым: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті Қазақстанның жаңа

және қазіргі заман тарихы кафедрасы

Диссертация 2008 жылы _29.12_ сағат __1000__ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.


Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасынан танысуға болады.


Автореферат 2008 жылы 29 қарашада таратылды.

Диссертациялық Кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғылымдарының докторы Б.Г.Шинтимирова

Кіріспе



Тақырыптың өзектілігі. Қазақ елінің егемендігін жариялап, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуы тарихымызды ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеуге кеңінен жол ашты. Қазіргі таңда тарихымыздың ақтаңдықтарын ашуда жекелеген аймақтың өнеркәсіп орындары мен салаларының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін баяндау, олардың даму барысын саралап, зерттеу тарих ғылымының негізгі бағыттары қатарына жатады. Осы тұста, Президент Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, «тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаның шапағаты мол шабытты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан арылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс» [1, 56 б.].

1941-1991 жылдар аралығындағы ел экономикасының дамуында балық шаруашылығының алатын орны, оның дамуы, қарапайым еңбек адамдарының қажырлы еңбегі, олардың әлеуметтік тұрмысын зерделеу өте маңызды. Кеңес үкіметі тұсында қазақтар да балық шаруашылығына араласып, басқа ұлттармен бірігіп осы саланы көтеруге күш салды. Қазақстанның атын бүкіл Одаққа әйгілеген Жайық-Каспий балық өндірісі, КСРО азық-түлік бағдарламасының дамуына зор үлес қосты. Қазақ КСР балық өндіру өнеркәсібі Жайық-Каспий бассейнінде шоғырланды. Орта және Солтүстік Каспийдің шығыс бөлігінде 600-650 мың центнер балық, яғни Қазақстанның Арал, Балқаш-Іле, Бұқтырма-Зайсан бассейнінен ауланатын балықтардың жартысынан да көп болатын. Жайық-Каспий бассейні КСРО аумағында Еділ-Каспийден кейін бекіре тұқымдас балықтарды аулауда екінші орын алды. Сол жылдардың өзінде Одақ осыншама мол байлыққа ие бола отыра, республиканың балық шаруашылығының дамуына үстіртін қарап, оны тек шикізат көзі ретінде таныды.



Сондықтан Кеңес Одағы тұсында балық өнімдерін тек одақтас республикаларға ғана емес, сонымен қатар шетелдерге де жөнелтіп отырған Батыс Қазақстандағы балық шаруашылығының республика мен одақтың халық шаруашылығындағы қаншалықты орын алғандығын, оның даму ерекшеліктерін айқындау, ұлттық мамандардың дайындалуы мен әлеуметтік жағдайын жан-жақты сипаттау аса маңызды. Мемлекетіміздің экономикасындағы балық өндірісінің алар орнының ерекшелігін ескеріп, олардың сүбелі үлестерін түсініп, өкімет маман кадрлардың елеулі еңбектерін жіті назарда ұстап және оларды жан-жақты қолдауы, біз зерттеп отырған тақырыптың өзектілігін одан әрі айқындай түседі. Оның үстіне республиканың егеменді ел ретіндегі әлемнің озық елу елінің қатарына қосылуға ұмтылып отырған тұстағы балық шаруашылығының даму үрдісін, тарихын зерттеу, балық кластерін қалыптастыруда озық-модель деңгейіне көтерілуіне ізденістің өзіндік үлесі болары анық.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақстанның балық шаруашылығының тарихы қай заманда да зерттеушілердің назарын өзіне аударып келді. Бұл жағдай балық шаруашылығының тарихнамасын саралай отырып, оның өзіндік даму кезеңдерін анықтауға болады. ХVІІІ ғасырдан бастау алатын түрлі экспедициялар қазақ даласындағы балық қоры туралы мәліметтерді жинақтап, оларда су қорлары мен аталмыш саланың экономикалық тиімділігі мәселелерін қарастырды. ХІХ ғасырда Н.А.Бородин, А.Покотилов, Н.Я.Данилевский, С.Серюгин, Н.Агутиндердің [2] Еділ-Жайық өзендеріндегі балық аулау мәселелеріне арналған еңбектері жарық көрді. Олар Жайық бойындағы балық кәсіпшіліктерін қалыптастыруға, оны дамыту жолдарына үкімет назарын аударуға тырысты. Дегенмен, зерттеушілер қалың қазақ мекендеген Жайық бойларын патша меншігі ретінде таныды, жергілікті тұрғындарға мән бере қоймады. ХХ ғасыр басында Каспий өңіріндегі балық кәсіпшілігі мәселелелері Н.Навозов, И.В.Кучин, И.Д.Ливкин, И.П.Хорошхин, Л.С.Берг [3] зерттеулерінде толыға түсті. Мәселен, Н.Навозов Жайық-Каспий бассейніндегі ихтиофаунаға, И.В.Кучин, И.Д.Ливкин балық аулау, оны дамыту, сауда-саттыққа, И.П.Хорошхин казак-орыстардың кәсіпшіліктеріне, Л.С.Берг балық өсірудегі тұщы сулар мәселелеріне ерекше тоқталған. Қазан төңкерісі жеңіске жетіп, кеңестік жүйенің орнауы балық кәсіпшілігі тарихына да өзіндік әсерін тигізді. Басқа шаруашылық салалары секілді, балық кәсіпшілігі де тікелей мемлекет құзырына берілді. Елдегі төңкерістер, азамат соғыстары, индустрияландыру, ұжымдастыру т.б. оқиғалар мұнда да орын алды. Белгілі дәрежеде осы саланы әрі қарай зерттеу ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін тоқтап қалғандай көрінді. Өйткені, 1917-1950 жылдар аралығындағы Жайық-Каспийдегі балық кәсіпшілігінің тарихы жөнінде сүбелі еңбектер қалың көпшілік қолына тимеді. 50-ші жылдардан кейінгі мерзімде Б.И.Бабиннің [4], А.А.Киселев [5], В.П.Пятковский [6], М.П.Панов [7], И.Л.Бештаның [8] ізденістерін атауға болады. Қазақстанға еш қатысы болмаса да, оларда шаруашылыққа партиялық басшылықтың жүзеге асырылуы, алғашқы бесжылдықтар, қорытындылар, социалистік қайта құрулар секілді балық кәсіпшілігінің дамуындағы ортақ мәселелер қарастырылды. Солардың ішінде Б.И.Бабиннің 1927-1931 жылдардағы Астрахан облысындағы балық шаруашылықтарындағы өзгерістерді зерттеген монографиясында Каспий өңіріндегі балық өндірісіне қазақтардың қатысуы туралы деректер біз үшін құнды. Олармен қатар Қазақстандағы өзгерістер туралы А.С.Елагин, С.Т.Тілепов, С.Т.Қожабаевтың еңбектерінде жарияланды [9]. Қазақстанның батыс өңіріндегі кеңес өкіметінің орнауы туралы қайта құрылулар барысын қамтыған зерттеулер сол кезеңнің өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Олардан біз алғашқы қазақ балық кәсіпшіліктерінің жағдайы туралы мол мәліметтер ала аламыз. Көп ұзамай балық шаруашылығы тарихына тікелей қатысы бар арнайы диссертациялар қорғала бастады. Х.А.Мұхамбетов, Х.Б.Табылдиев, Ж.Б.Бақиев зерттеулері – соның айғағы [10]. Х.А.Мұхамбетов, Х.Б.Табылдиевтер Гурьев қаласының 1937 жылға дейінгі дамуын саралап, оның төңірегінде орналасқан қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, экономикалық жағдайын, саяси белсенділігін мұрағат деректері негізінде алғаш рет кешенді түрде зерттеген. Ал, Ж.Б.Бақиевтің «Қазақстанның балық шаруашылығын социалистік жолмен қайта құру (1917-1937 жж.)» атты жұмысы балық шаруашылығының мән-жайын арнайы зерттеген алғашқы сүбелі зерттеу болғандығын атап өтеміз. Ғалым тұңғыш рет тақырыпқа қатысты мол мұрағат деректерін ғылыми айналымға қосты. Зерттеуші ХХ ғасырдан бастап 30 жылдардың аяғына дейінгі кезеңде Қазақстан аумағында балық шаруашылығының қалыптасуына баса назар аударып, социалистік балық өнеркәсібінің құрылуын және балық шаруашылығын басқа шаруашылық түрлерімен салыстыра келе, оның ел тұрмысында елеулі рөл атқарып, жергілікті халықтың табыс көзіне айналғандығын айқындайды. Ж.Б.Бақиев зерттеуінің жалғасы ретінде 1977 жылы «Орал-Каспий бассейніндегі балық өнеркәсібін дамытудағы Қазақстан партия ұйымдарының қызметі (1928-1941 ж. маусым)» атты О.Есқалиевтің диссертациясы қорғалды [11]. Автор Орал-Каспий бассейніндегі социалистік балық шаруашылығын дамытудағы Қазақстан партия ұйымдарының қызметін зерделеді. Бұл кезеңдердегі балық шаруашылығының экономикалық тиімділігін де анықтау барысындағы зерттеулердің қорытындысы көрінді. Мәселен, осындай талаппен жазылған М.Т.Таировтың еңбегі де кандидаттық диссертация ретінде қорғалды. Автор Қазақ КСР балық шаруашылығын дамытуда ішкі су айдындарын пайдалану тұрғындарды балық және балық өнімдерімен қамтамасыз ету үшін табиғи көл, су қоймаларын және өзендерді толық пайдалану қажеттігін көрсетті. Бірақ, зерттеуші еңбегінде Арал бассейнінің солтүстік-шығыс бөлігін зерттеу нысаны етіп алып, Жайық-Каспий өңіріне тоқталмады және оның себебін «аймақтың тікелей Одаққа бағынуы» деп түсіндірді [12, с.5]. Балық шаруашылығының экономикалық тиімділігі мәселелері С.Қаженбаев, А.Нюжгировтың еңбектерінде талданған [13]. Олар балық өндірісінің техника-экономикалық көрсеткіштері мен статистикалық мәліметтері арқылы республиканың балық өнеркәсібінің жағдайын анықтайды. Зерттеу нысанына қатысты біраз мәселелер Ж.И.Ишмуратов, М.А.Ақынжанов, Г.Темиртасов еңбектерінде де көтерілген [14]. Оларда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балықшылар, олардың ерен еңбектері туралы құнды мәліметтер кездеседі.

Балық шаруашылығының тарихын жаңаша саралау өткен ғасырдың 90-жылдарында көріне бастады. Қазақстандық тарихшылар Ү.С.Қыдыралин, Х.Б.Табылдиев, Т.З.Рысбеков, Б.Қ.Бірімжаров, Ә.Қ.Мұқтар, Н.А.Абдоллаев, Н.К.Мухлисовтың зерттеулерінде Жайық-Каспий өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, қазақтардың балық аулауы, сол үшін казак-орыстармен талас-тартыстар, кейіннен арнайы балық шаруашылықтарының құрылуы т.б. мәселелер қамтылған [15].

Тақырыптың тарихнамасына қосылған қомақты үлес ретінде 2007 жылы қорғалған К.Б.Меңдігереевтің кандидаттық диссертациясын атап өтеміз [16]. Диссертацияда ХІХ ғасырдың басынан бастап ХХ ғасырдың басындағы балық кәсіпшілігінің дамуы кешенді түрде мұрағат қорларына сүйене отырып зерттелген. Автор 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның батыс өңіріндегі балық шаруашылығының қалыптасуы мен дамуын тиянақты талдап, өзіне дейінгі зерттеушілердің еңбектеріне сыни баға берген.

Сонымен қатар, зерттеу тақырыбына байланысты Ұлы Отан соғысы жылдарында өлкемізге байланысты жарияланған құжаттар мен материалдар жинақтары және Қ.Досқалиевтің еңбегі жарық көрді [17]. Каспий теңізі жағалауларында орналасқан балық кәсіпшіліктерінің қалыптасу тарихы, балықшылардың қызметі жөнінде, Маңғыстау түбегіндегі балық өндірісінің дамуы туралы деректер В.С.Ужкенов, С.Т.Тілепов еңбектерінде кездеседі [18]. Кейбір мағлұматтар, естеліктер, әсіресе балықшылардың және балық кәсіпшіліктерінің алғашқы қадамдары жөнінде А.Қарағұлов, К.Кулагин, Ж.Ароновтың публистикалық еңбектерінде көптеген деректер беріледі [19]. Сол сияқты, А.А.Чибилев өзінің ғылыми-танымдық еңбектеріннің өзегі ретінде Жайық-Каспий бассейнінің табиғаты, табиғи қорларын игеру және зерттеу, сонымен қатар экологиялық проблемаларын көтереді [20].

Осы жоғарыда аталған арнаулы зерттеулер мен ғылыми еңбектерге жасалған тарихнамалық шолу 1941 жылдан кейінгі батыс өңірдегі балық шаруашылығының даму мәселелерінің арнайы, кешенді түрде зерттелмегендігін айғақтайды. Арнайы зерттеу нысаны ретінде алынып отырған 1941-1991 жылдар аралығындағы балық шаруашылығының дамуы тақырыбы отандық тарихымыздың «ақтаңдақ бетін» құрайды. Халықтың тарихи санасын қалыптастыру туралы үкімет концепциясында «ақтаңдақ беттерді» жою басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – Қазақстанның Батыс өңіріндегі балық шаруашылығының даму тарихын бұрын ғылыми айналымға тартылмаған тың мұрағат деректеріне сүйене отырып, зерттеу арқылы шаруашылықтың даму кезеңдерін, ерекшеліктерін, жетістіктері мен қиыншылықтарын саралау. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына төмендегідей міндеттер қойылды:

- Қазақстанның батыс өңіріндегі балық шаруашылығының қалыптасып дамуын ой-елегінен өткізе отырып, 1941 жылға дейінгі өзіндік ерекшеліктерін анықтау;

- Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанның батыс өңіріндегі балық шаруашылығына қарасты мекемелер, зауыттар мен комбинаттар, ұжымшарларды соғыс жағдайына бейімдеп қайта құруды, ондағы қиындықтарды анықтай отырып, осы тұстағы балықшылардың ерен еңбектерін, Жеңіске қосқан үлестерін бағалау;

- Соғыстан кейін бейбіт өмірге көшу барысында сала жұмысын ұйымдастыру мен жетілдіру шараларын жаңа тарихи деректер арқылы талдау;

- Балық шаруашылығын дамытудағы орын алған жетістіктер мен қиыншылықтарды мұрағат деректері негізінде ашып көрсету;

- Гурьев облысында балық шаруашылығын дамыту барысындағы өзгерістерді саралау;

- 1946-1991 жылдардағы өндіріс саласының мамандануы мен материалдық-техникалық жабдықталуын соны мұрағат құжаттарымен баяндау;

- Осы уақыт аралығындағы балықшылардың әлеуметтік-материалдық жағдайының дамуы динамикасын саралау, саладағы орын алған кемшіліктер мен жетістіктерді айқындау.

Аталған міндеттердің барлығы таңдап алынған зерттеуіміздің маңыздылығын анықтап қана қоймай, сонымен бірге кеңестік кезеңдегі ұлттық тарихымызды толықтыра түседі.

Зерттеу жұмысының хронологиялық және географиялық шеңбері. 1941-1991 жылдар аралығы тұтас хронологиялық кезең ретінде алынуының себептері Қазақстанның батыс өңірінде балық шаруашылығының зерттелуі мен ерекшеліктеріне байланысты. 1941 жыл Ұлы Отан соғысының басталуы балық кәсіпшілігінің жаңа жағдайларға байланысты қайта жасақталуының бастауын көрсетсе, зерттеудің 1991 жылға дейін жеткізілуі де тарихи-логикалық принципке негізделген. 1991 жылы тәуелсіз мемлекет болуымыз, қазақ халқы үшін түбегейлі өзгеріс әкелген жаңа дәуір болып табылады. Сондықтан осы аралықтағы уақыттың тұтас алынуын, Кеңес өкіметі тұсындағы балық шаруашылығының даму барысын зерттеу арқылы еліміздің батыс өңіріндегі Жайық-Каспий бассейніндегі балық кәсіпшіліктерінің орталыққа тәуелділігін көрсете отыра, оның 1991 жылдың аяғына дейінгі даму барысын нақтыладық.

Ал, географиялық шеңбері Қазақстанның батыс өңірін тұтастай зерттеумен анықталады. Бұл батыс өңірге Атырау, Маңғышлақ, Орал, Ақтөбе облыстары, Каспий теңізінің аумағына кіретін Ембі, Қиғаш, Жайық және тағы басқа өзендерінің жағалаулары кіреді.



Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен әдістері. Зерттеу жұмысын талдауда біз соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан жаңалықтар мен түбегейлі өзгерістер негізге алынды. Халық шаруашылығы жүйесінің қалыптасуы және балық шаруашылығы кәсіпшіліктерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, орны мен рөлі туралы тарих ғылымында орныққан тұжырымдарға сүйене отырып, тарихи-ғылыми, қоғамдық-саяси ойлардың озық тұстары пайдаланылды. Зерттеу барысында плюралистік көзқарас методологиялық негіз ретінде басшылыққа алынды.

Диссертациялық зерттеудің методологиялық және теориялық негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен өркениеттілік, салыстырмалық, талдау, жинақтау және қорыту, жүйелілік әдістері құрады. Сонымен қатар, тарихи ұстанымдар мен тұжырымдамалық ережелер, танымдық теория негіздері алынды.



Зерттеу жұмысының деректік негізі. Тақырып бойынша пайдаланылған материалдарды бірнеше топтарға жіктеуге болады.

Дерек көздерінің бірінші тобын мұрағат қорларындағы құжаттар материалдары құрайды: 1. Қазақстан Республикасының Президенттік мұрағаты (ҚР ПМ). 2. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ). 3. Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты (АООМ). 4. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты (БҚОММ). 5. Ресей Федерациясының Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағаттары (РФ АООМ) қорларында жинақталған деректерді сұрыптай отыра, көптеген құнды мәліметтер алдық. Тақырып бойынша құжаттардың құндылығы жағынан Астрахан облысының мемлекеттік мұрағаты қорлары ерекше орын алады. Себебі, Астрахан сонау ХVІІІ ғасырдан бастап балық өнеркәсібінің ірі орталығы болған, сондықтан Қазақстанның батыс өңіріндегі балық шаруашылығының мекемелері күні кешеге дейін орталыққа тәуелді болған, міне, осыған орай деректер осы мұрағатта сақталған. Бұл мұрағаттағы Каспий бассейніндегі балық өнеркәсібі «Каспрыба» Бас Басқармасы (3855-қор), «Каспий бассейніндегі балық өнеркәсібінің Бас Басқармасы» (2969-қор), «Каспрыбфлот басқармасы» (202-қор), «Солтүстік-Каспий бассейніндегі балық қорларын қорғау басқармасы» (СевКаспрыбвод) (1065-қор), Жайық-Каспий мемлекеттік балық тресі флотының Астрахан басқармасы (3295-қор) қорларында сақтаулы деректік құжаттардан Қазақстанның Батыс өңірі Кеңес Одағының шикізат көзіне айналғандығын, балық шаруашылығының әкімшілік құрылымдарының орталыққа тәуелділігі мен штаттағы қызметкерлерінің сандық және сапалық құрамын, әкімшілік-бюрократиялық жүйенің шаруашылықтың дамуына кері әсерін айқындайтын мазмұндағы көптеген мәліметтер алуға болады.

Аталмыш қорлардан табылған құжаттар тақырыптың мәні мен мазмұнын кеңінен ашып, маңызды дерек көздері ретінде ғылыми айналымға енгізілді.

Атап айтатын болсақ, 3855-ші қордан табылған деректер Жайық-Каспий бассейнінің аймағындағы балық өнеркәсібінің даму барысы Кеңестер Одағы үкіметінің үнемі назарында болып, әсіресе құнды бағалы балықтардың шикізат базасын, балық қорларын үздіксіз өсіру, жетілдіру, шаруашылықты басқаруды өз ықпалында ұстауды орталық ерекше қадағалап отырғандығын дәлелдейді.

Қаншама ел, жер байлығы Кеңестер заманында Орталықтың үлесіне тиіп, жергілікті халықтардың өз байлығын пайдаланудан шет қалғанын, республикамыздың батыс өңіріндегі балық өнеркәсібіне қарасты мекемелер, Жайық-Каспий бассейніндегі балық қорлары, оның байлығы орталыққа бағынып келгеніне көз жеткіземіз.

Негізгі деректердің дені Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты қорларынан алынды. Қазақ КСР балық шаруашылық министрлігі (1130-қор), Қазақ КСР балық өнеркәсібінің Халық Комиссариаты (1571-қор), Қазақ балық ұжымшар одағы (1599-қор), Қазақ КСР тамақ өнеркәсібі халық комиссариатының балық өнеркәсіп бөлімі (1939-қор), Қазақ КСР Халық шаруашылық кеңесінің балық өнеркәсібінің Бас басқармасы (1874-қор), Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі (1137-қор), Қазақ өлкелік балықшы ұжымшарлар одағы (759-қор) және Қазақстан Республикасының Президенттік мұрағатындағы Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитеті (708-қор) қорларында Қазақстанның балық шаруашылығының қалыптасуы және дамуы, соның ішінде, Батыс өңірдегі балық шаруашылығының дамуындағы шаруашылықты басқарудағы «командалық» әдістің үстемдігі, әр кезеңде де балық шаруашылығы КСРО өкіметінің ықпалында болғандығын айғақтайтын мәліметтер жинақталған.

Зерттеу нысанындағы көптеген құнды деректер Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатынан да алынды. Атап айтсақ, Балық өнеркәсібіндегі Гурьев өндірістік бірлестігі «Гурьеврыбпром» (180-қор), Балық өнеркәсібі өндірістік бірлестігі, В.И.Ленин атындағы Гурьев балық комбинаты (181-қор), Орал-Каспий бассейніндегі балық қорларын қорғау және КСРО балық министрлігі жанындағы балық аулауды реттеу басқармасы (284-қор), Балықшы ұжымшарлар одағының Атырау облыстық басқармасы (57-қор), Облыстық Волга-Каспий мемлекеттік балық өнеркәсіп тресінің Орал-Эмба учаскесінің басқармасы (417-қор), Атырау облыстық халық депутаттар Кеңесі (855-қор). Бұл қорларда тақырыптың мазмұнын аша түсетін Каспий теңізінде ғана емес, оған құятын ірілі-кішілі өзендерде балық кәсіпшілігінің қолға алынуы, оның қиыншылықтары мен жетістіктері туралы, аулау құралдары, олардың жетілуі, жаңа техника мен озық технологияларды балық аулау үрдісінде пайдалану, балық кәсіпшілігінің өсіп-өркендеуі жөнінде сан-алуан мағлұматтар кездеседі. Келтірілген мұрағат қорларында негізінен іс-жүргізу құжаттары (түрлі мекемелердің есептері, мәжіліс хаттамалары, баяндамалар) болып табылады.

Сонымен қатар, 180-ші қордан табылған деректер Орал-Каспий тресіне қарасты балық зауыттары Солтүстік Каспийден 700 км қашықтықтан асатын кеңістікте шашылып жатқандығын, балық зауытының араларын өзара және Гурьев пен Астраханды байланыстыратын жол теңіз арқылы ғана болып, ал қыс мезгілінде теңіз арқылы мұз үстінде шаналармен қатынас жасағандығын көрсетеді. Міне, осындай қиындықтардан бастап, ірі балық шаруашылық өндірісіне айналу, әртүрлі құрылымдардың ұйымдастырушылық, түрлі сатылардан өтуі, кеңестік жүйе уақытында кездескен ауыр да, сұрапыл отты жылдарына төтеп беріп, балық шаруашылығын социалистік жолмен қайта жарақтандыру тезінен өткендігін айғақтайтын мәліметтер көптеп кездеседі. Сол сияқты Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатында Облыстық мемлекеттік балық тресі (505-қор), Қазақ өлкелік балық одағының Орал бөлімі (713-қор), Орал балық комбинаты (683-қор) қорлары зерттеу нысанынан тыс қалмады. Әсіресе, Орал балық комбинаты оған қарасты балық кәсіпшіліктерінің даму тарихы қарастырылды. Сонымен қатар, бұл деректерде Батыс өңірдегі балық шаруашылығына қарасты мекемелердің, комбинаттар мен зауыттарда, ұжымшарларда қызмет атқарған жұмысшылар мен ұжымшарлардың қажырлы еңбегі мен тұрмыс-тіршілігі, кәсіпшілікте болған түрлі әлеуметтік-экономикалық, мәдени үрдістердің біркелкі болмағандығын, Қазақстанның Батыс өңірінде Кеңес өкіметінің әкімшілік-бюрократиялық жүйесінің балық шаруашылығының дамуына кері әсері айқындалып, даму және дағдарыс кезеңдерін ғылыми тұрғыдан талдауға негіз болды.

Дерек көздерінің екінші тобына статистикалық мәліметтер, жергілікті баспасөз материалдары, ғылыми басылымдарды жатқызуға болады.

Әсіресе, жарияланған деректердің бір тобын өлкеміздің Ұлы Отан соғысы жылдары кезеңдеріне байланысты құжаттар мен материалдар, мерзімді басылымдарда, яғни «Социалистік құрылыс», «Прикаспийская коммуна», «Каспий таңы» газеттерінде жарияланған мәліметтер, сонымен қатар, «Рыбное хозяйство», «Народное хозяйство Казахстана» сияқты арнайы журналдарда басылған материалдар құрайды.



Зерттеу жұмысының нысаны. Кеңестік жүйе негізінде Қазақстанның Батыс өңірінде балық шаруашылығында болған өзгерістер, ұжымдастыру шаралары, Ұлы Отан соғысы жылдарында балықшылардың мойнына түскен ауыртпалықтар, соғыстан кейінгі бейбіт өмірге көшу, социалистік кезеңнің ауыртпалықтары мен зардаптары, жетістіктері ғылыми тұрғыдан талдауға алынып, көптеген құжаттар арқылы зерттеліп, талданды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Ел экономикасының дамуына қосқан орасан үлесіне қарамастан, бүгінге дейін кеңестік дәуірдегі Қазақстанның балық шаруашылығының даму мәселесі арнайы зерттеу объектісіне айналмады. Балық шаруашылығында қордаланған күрделі экономикалық, әлеуметтік мәселелер коммунистік идеологияның адамды өндіргіш күштердің құрамды бөлігі ретінде санауына байланысты өз шешімін таппай, зерттеушілер тақырыпты орағытып өтіп отырды. Мұның барлығын қазіргі кезеңде жаңаша талдау, өткеннің кемшіліктері мен жетістіктерін меңгеру, балық шаруашылығының жаңа қарқынмен дамуына септігін тигізбек. Жұмыстың басты ғылыми жаңалығы – 1941-1991 жылдар аралығындағы Қазақстанның Батыс өңіріндегі балық шаруашылығының даму тарихы мәселелерінің ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отырған мол мұрағат деректері мен бұрын жарияланған еңбектерді сыни тұрғыдан талдау негізінде тұңғыш рет кешенді түрде зерттелуінде болып табылады. Зерттеуге енгізілген жаңалықты былайша топтауға болады:

- Қазақстанның батыс өңірінде соғысқа дейінгі бесжылдықтарда Каспий теңізінің Қазақстандық жағалауларында жаңа балық өңдеу комбинаттары салынып, жүзбелі зауыттардың пайда болуы, балық кәсіпшілігінің тамақ өнеркәсібінің жетекші саласына айналғандығының нақты деректер негізінде баяндалуы;

- Ұлы Отан соғысының отты жылдарында тылда жүріп, күні-түні бел шешпестен елді азық түлікпен және балық өнімдерімен қамтамасыз ету жолында жан аямай ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, ардақты балықшылардың, еңбекшілердің еңбектегі ерлік жолдарының талдануы;

- Соғыстан кейінгі жылдарда балық шаруашылығында шешілмеген мәселелердің баршылығын, оған одақтық балық өнеркәсібі министрлігі бұл мәселелерге терең үңілмей, үстірт қарауы мен көптеген түйінді мәселелердің сол күйінде қалуының дәлелденуі;

- Жайық-Каспий бассейніндегі жетістіктер қарапайым балықшылардың еңбектерінің арқасында жүзеге асып, мемлекеттің қазынасына ұшан-теңіз молшылық әкелсе де, олардың әлеуметтік мәселелері шешілмей қордаланып жатты. Орталық ұйымдардың осы өңірдің байлығын өздері пайдаланып, уысынан шығармағандығының анықталуы;

- Сала жұмысшылары мен мамандарын дайындау мәселелері, олардың мәдени-техникалық деңгейі, материалдық жағдайы мұрағат деректері негізінде саралануы;

- КСРО үшін Қазақстанның батыс өңірі әсіресе, Жайық-Каспий бассейнінің аса маңызды стратегиялық аймаққа айналуы, оның Кеңестер Одағының экономикасындағы орнының анықталуы болып отыр.



  1   2   3


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет