Ержанов Алмат Ергешбайұлы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының магистр-оқытушысы



жүктеу 124.98 Kb.
Дата25.04.2016
өлшемі124.98 Kb.
Ағызған тілдің майын Сыр шайыры
Ержанов Алмат Ергешбайұлы,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

педагогикалық институтының

магистр-оқытушысы.
Аңдатпа: Бұл мақалада ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген қазақ ақыны – Нұртуған Кенжеғұлұлының шығармашылығындағы тілдік ерекшеліктер сөз болады. Ақын өлеңдерінде қолданылған көркемдік құралдарға баса назар аударылады.
Кілт сөздер: Нұртуған Кенжеғұлұлы, ақын, троп түрлері, қазақ әдебиеті.

Ақын-жыраулар халық поэзиясының эстетикалық жүйесі мен көркемдік тәжірибесін, әлеуметтік және жалпыхалықтық тенденцияларын, әрі фольклорлық дәстүрлерді сол қалпында қайталамай, оның сөздік, образдық, бейнелеу құралдарына, өлшем-өрнектеріне сүйене отырып, өзіндік қолтаңба туғызған. Жыраулардың әрқайсысының өзіне тән тілдік ерекшеліктері, сөз қолдану, айшықтау, теңеу тәсілдері, мәнерлегіш-бейнелегіш құралдары, даралық стилдері болады. Осындай өзіндік ерекшелігі бар, поэзия тылсымын ұғып, зерлі сөзден көркем мүсін сомдап, айшықтау құралдарын шебер қолданған жыраулардың бірі – Нұртуған Кенжеғұлұлы.

Нұртуған жыраудың поэзиясын сөз етпес бұрын шайырдың өмірбаянын айта кеткен жөн болар. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Сыр, Арал өңірінен шыққан қазақтың даңғайыр шайырларының бірі – Нұртуған Кенжеғұлұлы. Нұртуған 1887 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында, Аманөткел ауылдық округы, Мырзас елдімекенінде дүниеге келген. Шайырдың атасы Еспембет суырыпсалма ақын, ал, әкесі Кенжеғұл шебер күйші болған. Нұртуғанның арғы тегі: Әлім – Жақайым – Бәйімбет болып келеді. Нұртуған жеті жастан бастап өлең-жырға әуес болады. Бала кезден терме-жыр, ертегі, дастандарды жаттап, өлең-жырмен сусындайды. Нұртуғанның жыр-дастанға әуес болуына анасы Айсұлудың ықпалы зор. Әуелі ата-анадан, артынан ауылдың жыршы-шайырларынан жыр саумалын қанып ішкен құймақұлақ Нұртуған үлкен арманға бой ұрады. Бірақ, бала кезден тағдырдың тауқыметін тартқан ол арманына бірден жете қоймайды. Себебі, он жасында анадан, он үш жасында әкесінен айырылып, тұлдыр жетім қалған Нұртуған інісі Маханжанды жанына ертіп, жетімдіктің қамытын басына киеді. Жетімдік пен жоқшылық қатар келсе де жас бала мойымай, байдың қойын бағып күнкөріс етеді. Жоқшылыққа байдың берген азары қосылып, Нұртуған 13-15 жасынан бастап ашынып өлең жаза бастайды. Өзінің мұңды тағдырының көрінісінің жұрнағы бала кезде жазған мына өлеңінен байқалады:

...Қырық жамау үстімде,



Түйежүн жұқа күпі еді.

Қаңтардың сары аязы

Шиден де жаман өтеді.

Көннен істеп кигенім,

Бүрген шарық аяққа.

Ашынып талай кіжіндім,

Төгіліп битім балаққа!...”. [1, 7 б].

Бойындағы Тәңірі берген ақындық қасиетті, дарынды байқаған інісі Мақанжанның “байдың қойын мен-ақ бағайын, сіз оқыңызшы?!” деген өтінішімен Нұртуған медреседе Мұхаммеди молдадан екі жыл дәріс алып, “Мұхтасар”, “Құран-каримді” меңгеріп, медресені тәмәмдайды. Одан кейін қолына қалам ұстап, жыр жолына нықтап түседі. Осылайша тынбай еңбектенуі мен зор талпыныстың арқасында он бес жасынан бастап белгілі ақындар санатына қосылады. Нұртуған алғашқы көлемді эпикалық туындысы –“Мәулімнияз-Едіге” дастанын 22-23 жас шамасында (1910ж) жазып шыққан.

Нұртуған Ақ кете Шернияз, Кердері Әубәкір, Құрманай Төремұрат, Жақайым Еспембет, Молда Бәйімдерді өзіне ұстаз санап, ақыл-өсиеттерін естіп, өнегелі сөздеріне құлақ түрген. Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары сияқты өз замандастарының қадамын қалт жібермей қадағалап отырған. 1910-1920 жылдар арасында “Мәулімнияз-Едігеден” бастап, “Қарасай-Қази”, “Қобыланды”, т.б. эпикалық дастандар жазып, жыршылардың ауызына сөз салып беріп отырған. Нұртуғанның тәлімін көрген, шайырдың жырларын халыққа жеткізуші жыршыларының ішінде таланттылары – Еңсепбай, Жаңаберген, Жәмет, Кәрібоздар болды.

Нұртуған 1911 жылы Қазан қаласында Абайдың кітабы басылып шыққан кезде Абайдың қайнар бұлағынан жыр сіміруге құмартып, ағасы Сұлтанды жұмсап, кітабын қолына түсірген. Абайдың талантына тәнті болған жырау Абай туралы өз ой-пікірлерін жыр жолдарымен әспеттеп жеткізген. Мыс:

Табиғат үйіп-төгіп бір басына,

Сыйдырған сөз өнерін санасына.

Өнер мен білім егіз әу бастан-ақ,

Қонатын сөйтіп озған жорғасына...
...Әр кезең туғыза ма өз данасын,

Білмеймін, кездейсоқ па ол арасын?

Бағыңа Абай туған таланың бар,

Өнерден, Қазақ, қайтып құр қаласың?!” [1, 22 б].

Немесе,


...Абайдан қазақ жұртта адам өтпес,

Ол дана жалғыз туған, естен кетпес.

Орыстың өнеріне қолын салып,

Қалдырды көп мұраны баға жетпес.
Соқпақтан жолды салса – Абай тыңы,

Білімдар, шайыр кісі білер мұны.

Қазақта сөз асылын ардақтаған,

Ұлы Абай – Бір ғасырдың биік шыңы!...” [1, 22 б].

Осылайша Абай кітабын Сыр еліне алғашқы әкелушілердің, Абай құдыретін халыққа ұғындырушылардың бірі, Сыр халқына Абайдың сырлы сөздерін тұңғыш жеткізуші Нұртуған жырау Абайға “Бір ғасырдың биік шыңы” деп нақты баға берген. Нұртуған Абайға тек қызықпады, сөз құдыретін жыр етіп қана қоймады, Абайға еліктеп, Абайша жырлауға да талпынды. Бұған “Атқа сын”, “Көктемдегі қоңыр леп”, “Жаздыгүні”, “Жақсы мен жаман туралы”, т.б. өлеңдері нақты дәлел.

Абайға еліктегенде де Абай ізімен өзінше жырлауға тырысқан шайыр Абай айтқан қазақ халқының індетіне айналған, халықты өрге емес, етекке қарай сүйрейтін жаман қылықтардан арылудың жолын, ізгілікке, адамгершілікке апаратын жолды өлең-жыры арқылы халыққа айтып,баяндап отырған. “Адамгершілік туралы”, “Ерлермен есі бүтін болсаң ұлпат”, “Адам болсаң сыпайы бол”, “Адалдыққа не жетсін!”, “Жақсы мен жаман туралы”, “Бір кеңес”, т.б. өлеңдерінде адамгершілікті насихаттап, жақсы мен жаман, ізгілік мен кесапаттылықтың ара жігін аша суреттейді.

Ақын 1920 жылдан бастап өмірінің соңына дейін нақыл-термелер, толғаулар, тарихи дастандар, арнаулар, тұрмыстық жырлар, т.б. жазған. Нұртуған отыз жеті жасынан бастап, өмірінің соңғы алты жылын төсек тартып, сырқатпен өткізеді. Науқастанып жатқан кезінде “Ақ кете Шернияз”, “Тағаймұрат”, “Ақтабан Шұбырынды”, т.б. тарихи дастандар жазып, “Әуелі сөйле, тілім, жаббар хақтан!”, “Жер жүзі жеткілікті, кім біліпті?!”, “Кәнеки, тілім, сөйлеші”, Дөңес бидің баласы Қарабатырмен, ағасы Сұлтанмен, Бегалымен жауаптасып, хат алысуы, “Пірімбетке” атты өлеңдері мен арнау-толғауларын жазып шыққан.

Нұртуған 1930 жылы қырық үш жасында ауыр науқастың салдарынан өмірден озады. Небары қырық үш жыл өмір сүрсе де, оның алты жылын сырқатпен өткізсе де, ақиық ақын, Сыр саңлағы – Нұртуған Кенжеғұлұлы келер ұрпаққа “Мәулімнияз-Едіге”, “Қарасай-Қази”, “Қобыланды”, “Ақ кете Шернияз”, “Тағаймұрат”, “Ақтабан Шұбырынды” сияқты дастандар мен терме-толғауларын қоса есептегенде 40 мыңдай жыр жолдарын қалдырған. Нұртуған – қазіргі кезде “Нұртуғанның жыршылық мектебі” деп аталып жүрген Арал Өңіріндегі жыршылық мектепті қалыптастырушы. Оның мектебінен Арал-Сырға, иісі қазақ халқына, әлемге танымал жыршы-шайырлар шыққан. Жоғарыда айтып өткен Жәмет, Жаңаберген жыраулардан бастап, Шамыран, Сұлушаш, Бекұзақ, Рысбек, Айбек т.б. талантты жыршылар мен ақындар түлеп ұшқан құтты ұя десе де болғандай. Қазіргі кезде Арал өңірінің даңқты жыршыларының бірі, “Нұртуған жыршылар мектебінен” шыққан Рысбек Әшімов Парижге, Жапонияға барып қазақ атын, қазақтың жыршылық өнерін әйгілеген дарынды жыршы.

Нұртуғанның өлең-жырларына келер болсақ, кешегі Кеңестік содыр саясаттың ұзын құрығы оның да өлеңдерін бұғаулап, “ескішілдікті көксеген туындылар” деген-сынды айдар тағып, халық арасына кең таралуына тыйым салған. Соның салдарынан ақынның өлеңдері жарыққа шықпай, кей жырлары жыраудың көзін көрген көнекөз қариялардың жеке архивінде, яғни, сандығының түбінде жатып, кей жырларын ұрлама ақынсымақтар өңін айналдырып, өз туындысы ретінде жырлаған. Бірақ, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан кезде Нұртуғанның немересі Ниязбек Махажанұлы мен ақын мұраларын зерттеуші Әбдісаттар Оспанов мұрындық болып, ел арасына таралып кеткен өлең-жырлары мен дастандарын жинастырып, “Кәнеки, тілім, сөйлеші” деген атпен үш томдық шығармалар жинағын құрастырып шықты. Жинақтың бірінші томы 1992 жылы, қалған екі томы 1994 жылы “Ғылым” баспасынан жарық көрді. Тарихшы-этнограф, журналистер мен ақын-жыршылар одағының мүшесі, ақын Ә.Оспанов Нұртуғанға арнап поэма жазды. Филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Сақыпұлы Нұртуған Кенжеғұлұлы жөнінде ғылыми (кандидаттық) еңбек қорғады. Бірақ, Нұртуған шығармалары әлі де өз дәрежесінде зерттелген жоқ. Ақынның атын асқақтатып, шығармаларын тереңдеп зерттеу, өлең-жырларының қыр-сырын халыққа паш ету жаңа буын жас ұрпақтың, яғни, біздің еншімізде.

Ал, енді Нұртуған Кенжеғұлұлының жыр-толғауларындағы адамгершілік, шынайы өмір болмысы, имандылық мәселелеріне тоқталар болсақ, ақынның екі өлеңінің бірінде адамды ізгілікке, жақсылыққа жетелер аталы сөз, жүректі тебірентіп, көңілді толқытып, тура жолды нұсқайтын қомақты ойлар жатады десек, ешкім де мұның жосықсыз деп айта қоймас. Мысалы, «Адам болсаң сыпайы бол» атты өлеңінде:

Дүния мекен болдың сен кімдерге?

Өмір шат еңбек етсең білгендерге.

Келген соң дүнияға ауа жұтып,

Болады әркім құмар әр өнерге....

...Өмірде жақсы да бар, жаман да бар,

Жұғымсыз жоғалады кей шерменде...

...Кемеңгер адам болсаң сыпайы бол,

Адамның зіл тұрмасын мінезінде [1, 18-19 б] дейді.

Ақын жоғарыда келтірген мысалдарда кемеңгер адамның сыпайы болу керектігін айту үшін: Жақсылық та сан түрлі болады, ағайынға қолдан келсе жәрдеміңді аяма, мүмкіндігінше ешкімге жәутеңдемей өз еңбегіңмен тапқаныңа қанағат тұт, жақсы адам антын бұзып, адалдықтан айнып, жейтін жемнің құлы болмайды. Әділетті адамды халқы да құрметтейді, беті жылтырағанды жақын тұтып, көзі күлген жағымпазды дос тұтпа, күнердің күнінде сатып кетуден тайынбайды, ешкімге несиеге жақсылық жасама, ақысына жамандық аласың дей келе адам баласына тән жақсылы-жаманды мінез-құлықтарды, кейбір пенденің бойынан табылатын оғаш қылықтарды, теріс пиғылды, ақ көңілділікті, жаманды-жақсылы әдетті сөз ете отырып, мінезің жібектей болсын, көңіліңде зіл тұрмасын, сонда ғана кемеңгерлікке көтеріле аласың дейді.

Сонымен қатар, Нұртуғанның жоғарыда айтылып кеткен өлеңі жайлы Т.Дәрменов: «адамгершілік, ар-ұят жайлы дәріптеп, өсек-өтірік тәрізді мінездегі түрлі кеселді айыптау тұрғысында жазылған» [2, 24 б] дейді. Оның сөзінің растығына көз жеткізу үшін жыраудың жырларына көз жүгіртіп көрейікші:

«Кейбіреу жақсылықты жақын біліп,

Жүреді адалдықпен түсіп көзге.

Мақсаты адамдықты армандайды,

Пікірі басқалардан болады өзге» [1, 18 б], - деп, жақсыға сүйсінсе, келесі шумақтарда жамандық әрекеттерді бетке баса айтады:

Өсекті өнер біліп пұлсыз тасып,

Жүреді сөз арқалап бірден-бірге.

Жамандап досты-досқа шала жағып,

Маздаса деп танады менен көрме.

Дос тұтпа көзі күлген жағымпазды,

Еңбегің итке істеген кетер желге» [1, 19 б].

Ақын бұдан да басқа өлеңдерінде адамгершілік, имандылық, хақ жолы, жақсы мен жаман туралы көп толғанып, терең ойланып, жүрек түпкірінен сыр шертеді. Нұртуған жырау өзінің «Адамгершілік туралы» атты толғауында былай дейді:



«...Қолға алған бір ісіңді тындырмаған,

Жалқаудың ертеңменен күні өтеді.

Сыпайы бірін-бірі қадір тұтса,

Арадан «сіз-біздескен» шек өтеді.

Өсекке үйірсек жан ақыр түбі,

Досының ақ көңілін кір едеді.

Ұрыншақ, шалпы жанның тілі удай,

Жүрегің шоқ басқандай дір етеді» [1, 17 б], - деп, «жалқаудың ертеңі бітпейді» дейтін халық нақылын еске түсіріп, сыпайы адамның ізгілігін, өсекшінің іс-әрекетін, шайпау сөзді адамның тілінің ащылығын айта келіп, «өзінің басындағы боқты көрмеген өзгенің басындағы шоқты көреді» деп дана халқымыз айтқандай:

«Базбіреу толарсақтан батып жүріп,

Артықтың түймедейін мін етеді» [1, 17 б], - деп, ақиқатты көзбен көрсе ғана сенімнің нығайатынын, білімсіз адам өзін көкке көтергенімен ісінің жақсылыққа апара қоймайтын, өзімшіл жан өз бақытын өзі басқа тебеді дей келе әрі қарай былай дейді:

«Әккілер екіжүзді әрқашанда,

Айласын көлеңкелеп пұл етеді.

Базбіреу қолда барды ұқсата алмай,

Қуартып кенезесін шөл етеді.

Өнерлі, білімді жан кішік келіп,

Көңліңді ақылымен көл етеді.

Ақ көңіл, адал жандар даналығын,

Шешіліп, жасырмай-ақ сыр етеді» [1, 17 б].

Бұл жерде ақын тағы да адам бойындағы екі түрлі мінезді қарама-қарсы қойып жырға қосып отыр. Ақын білімсіз жан көкірегімен көкті тіресе, өнерлі, білімді адам кішік келеді, ақыл-өнегесін айтып көңіліңді көтереді, әккілер айласын алға қойып, өз мақсатына жұмсаса, ақ көңілді адамдар өз білгенін өзгеге айтып, даналығын халықпен бөліседі деген ұғымды білдіріп отыр. Жырды одан әрі өрбітер болсақ, жаманға еткен жақсылығың құмға аққан сумен тең дегендей, өзіндік ой-тұжырымдарын өлеңмен өрнектей білген ақынның:



«Жаманды арашалап отқа түспе,

Сыртыңнан сатып кетіп жер етеді.

Кейбіреу жүгін бөліп көтерісіп,

Жығылса жұдырықтап қор етеді.

Біреудің бақытына ортақтассаң,

Адамдық мәртебеңді түн етеді.

Жарығы есті адамның күндізгідей,

Әлемді жылуымен күн етеді» [1, 17 б] деп аяқталатын бұл өлеңінің жалпы мағынасы «есті адамның әлемді жылуымен күн ететінін» айту үшін адам баласының бойындағы асыл қасиеттер мен жаман қылықтарды бір-біріне қарама-қарсы қоя суреттеп, психологистік паралельизм түрінде жазылған. Ақын өз ойын көркем де шебер жеткізе білген. Оның сөздері дана ақынымыз Абай айтқандай «тілге жеңіл, жүрекке жылы» келіп, әрі жеңіл, әрі бір оқығанның өзінде түсінікті.

Ақынның «Адамгершілік туралы» өлеңінде жаманға арашашы болсаң, өзіңді сыртыңнан сатып кетіп, отқа итеріп, жер етеді десе, «Ерлермен есі бүтін болсаң ұлпат (сыйлас)» деген өлеңінде осыған мәндес сыр айтады:

«Жаманға қадір білмес сырыңды айтпа,

Сырт беріп салып кетер бір аламат.

Ақиқат – халық үшін туған туымды ер,

Көрмейді бұл өмірде ешкімді жат» [1, 17 б], деп, жаман адамға сырыңды айтсаң, ел алдында өзіңе қарсы қару етіп қолданып, жер қаптыратынын, ел үшін туған ерлер дүниеде ешкімді де жатсынбай, барлық адамға бірдей көзқараста болатынын айтып, дүниенің жалғандығын, адам өмірге сынаққа келгенін, ақыр түбі барар жеріміз бір екенін ескертіп, еш пендені нақақтан күйдірмеңдер, олай болған күнде кесірі өзіңе тиеді дейді. Мысалы:

«Нақақтан бір адамды күйдірсеңіз,

Ақыры-ақ айналып кеп сені табад.

Жақсыға көп ішінде душар келсең,

Жетпеген артық-кемді қымтап-жабад.

Жаманға қанша қызмет жасасаң да,

Өзіңді ақырында зәрдей шағад.

Мінезі жамандардың ит секілді,

Есейіп, ер жеткен соң қолды қабад.

Шайырың бұлайынша қалам тартсын,

Жібектей мінез ғана жанға жағад» [1, 18 б], - деп, жақсы мен жаманның бойындағы мінез-құлқын аша түседі. «Күшікті бағып ит еттім, ол балтырымды қанатты» деп Абай атамыз айтпақшы, Нұртуған да жаман адамды қабаған итке теңейді. Ақын жырының ең соңында адам баласының мінезі жібектей есілген майда болуы керек деп кейінгіге үлгі боларлықтай асыл сөздің дүрін қалдырып отыр.

Нұртуған жырау өзінің бір өлеңінде:



«Жетесің адал жүрсең ақырына,

Қамқор бол елдің әлсіз, пақырына.

Тартпайды әділ адам тура сөйлеп,

Түсіксіз туысса да жақынына.

Түлкі де құтылмайды айласымен,

Қыранның бір түскен соң тақымына» [1, 19 б], - дейді. Ақынның бұл жерде айтпақ ойы «адалдық – абзал, опасыздық – оңбағандық» дегендей, адал жүрсең, әлсізге қамқор бола білсең, өмірде өз орныңды адаспай табуыңа, дүниенің ырзығына кенелуіңнің бірден-бір жолы дегендей болмақ. Бұған қоса, «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық нақылы-сынды әр адамның әділ болуын, тек шындықты жақтауын қалайды. Әділ бидің алдында қара ойлының өзі де қашып құтыла алмайтынын түлкі мен қыранды мысалға алып жеткізіп отыр.

«Халқының ие болған сеніміне,

Наданның нан піседі қарқынына.

Жұқ болмас жұмырына қомағайдың,

Нар жүгін тастасаң да алқымына» [1, 20 б], деп ақын адалға наданды, әділ адамға қомағай пендені қарама-қарсы образ ретінде қояды. Адал жан әлсізге қамқор болса, надандар ел сеніміне ие болып алып, деміне нан пісіп, кеуде керіп, өзгемен ісі болмайды, әділ би туралықтан айнымаса, парақор адам қомағайлана пара алып, қарынының қамын ойлап, әділдіктен айнитынын атап айтып, өмірде тек адал жүріп, адыраймай қадамын анық басқан адам өзінің көздеген мақсаты мен мұратына жетеді, халықтың әділ туған ұрпағына кері айтып, жол кесе сөйлеу, әділетсіздікке бой ұру жарамайды деп, ақын болашақ ұрпаққа қырандай саңқылдап үн қатып, келер ұрпақтан үлкен үміт күтетінін жасырмайды.

Нұртуғанның әр өлеңі тұнып тұрған нақыл сөз десек, ешкім де бұған қарсы дау айта қоймас. Себебі, оның мына бір өлеңін алып көрейікші:



«Біреудің тек мақсаты баюмен жүр,

Тықпалап, ішпей-жемей тастай шандып.

Артықты күндеп біреу қызғанып жүр,

Аударып тастай алмай ізін аңдып.

Жаманның жүрген жері қара түнек,

Жақсының берекесі шамнан жарық.

Парықсыз айтылса сөз неге керек,

Тырнайды жүрегіңді удай қарып.

Іші қас, сырты жылтыр араңда бар,

Амалсыз жүретұғын іштей жанып.

Көзіңе көрінбейтін шоғал да бар,

Досыңдай бар сырыңа әбден қанық» [1, 20 б].

Дүниеқоңыздықты, бар болса көре алмау, жоқ болса бере алмаушылықтың жетегінде жүрген қызғанышты, жаман мен жақсыны қатар суреттеу Нұртуғанның өзіндік ерекшелігі секілді. Сонымен қоса, сыртқа білдірмесе де іштей егесіп жүретін, көзіңе дос болып көрінгенімен қорқау қасқыр (шоғал) секілді зымияндылығын үндемей жүріп жүзеге асыратын, ұрда-жық адам мен ақынның сөзімен айтар болсақ «қытымыр сары аязға тоңдырмайтын» асыл жандар да, алаяқ қулар мен ақкөңіл аңқау жандар, аңдалмай жүрген жақсылар мен жақтырмай іштен тынып жүрген жамандардың арамызда көптігін ақын өз өлеңінде шеберлікпен баяндап айтып берген. Ақын өлеңінің соңын адамның әр түрлі мінезге, қасиеттерге ие болатынын, жаныңда қандай адам жүргенін аңдау керектігін, жақсылармен жақын, жамандардан қашық жүру керектігін айта келіп, өмірдің зулап өтіп бара жатқандығын, уақытты босқа жібермеу керектігін үндеп, еңбекшілдікке шақырады.

Нұртуған Кенжеғұлұлы өзінің «Бір кеңес» атты өлеңінде не дейді екен, назар салып көрелік:

«Асыл ер өзін биік санамайды,

Ел үшін еңбек, күшін аямайды.

Бір өзі білсе-дағы «білдім» демес,

Сынатып көпке салып шамалайды.

Серік бол, шамаң келсее, сонай ермен,

Тар жерде «бас амандық» жарамайды» [1, 20 б]. Ақын өлеңінің осы бөлігінде туымды туған асыл текті ердің мінезін сомдап, осындай жанмен дос болсаң қысылтаяң кезде қол ұшын беріп, көмегін тигізеді деп, жақсы жанға, асыл туған ерге тән қасиеттерді сөз етсе,

«Кескінін кем ақылдың қарап тұрсаң,

Көтеріп өзін тауға бағалайды.

Шыныдай сынып кетіп сәл нәрседен,

Кеуліңді қатты сөзбен жаралайды.

Қолына опасыздың олжа түссе,

Досы мен жолдасына қа рамайды.

Дүниенің опасы жоқ, ойлан ерлер,

Арбадай тегермесіз домалайды» [1, 20 б], - деп, «асыл ерге» қарама-қарсы, антонимдік бейне жаман адамның мінез-құлығы мен істейтін әрбір қылығын сөзге іліп, нысанаға алып, іс-әрекетіне күйініп, арбадай домалаған опасыз дүниеде ойланып, әрбір іске кірісерде, өзге біреумен дос боларда қадамыңды аңдап бас дейді.

Қорыта айтқанда, Нұртуған Кенжеғұлұлы өзіндік ерекшелігі бар қазақ халқының даңғайыр ақындарының бірі. Поэзиялық дидактикалық сарындар бір-бірімен жарасым тауып, ақынның алғырлық, зеректік, қабілетін көрсетеді. Сонымен бірге, ақынның ой-өресінің қандайлығы оның жазған әрбір өлеңінен аңғарылып тұрғандай. Демек, Нұртуған тек Арал-Сыр өңірінің ақындарының ғана емес, сонымен қатар, ХХ ғасырдың басындағы иісі қазақ даласына мәлім толғау ақындарының көрнектісі.



Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н. Кенжеғұлұлы “Кәнеки, тілім, сөйлеші”

Алматы “Ғылым” 1992 ж.



2. Тәңірберген Дәрменов “Мырзастан шықты шайырлар”

Қызылорда “Тұмар” 2002 ж.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары




©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет