Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-iv заңы



жүктеу 0.77 Mb.
бет4/5
Дата02.05.2016
өлшемі0.77 Mb.
1   2   3   4   5
: sites -> default -> files
files -> «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Жалпы ережелер «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру»
files -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
files -> Ф 06-32 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
files -> Т. Н. Кемайкина психологические аспекты социальной адаптации детей-сирот и детей, оставшихся без попечения родителей методическое пособие
files -> Техническая характеристика ао «нак «Казатомпром»
files -> Үкіметтің 2013 жылға арналған Заң жобалау жұмыстары Жоспарының орындалуы бойынша ақпарат
files -> Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының

6-тарау. КЕЛІСІМШАРТ БОЙЫНША ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ

      37-бап. Әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт

      1. Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы Күштердiң уәкілеттi лауазымды адамымен Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасады.
      2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тарап арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:
      1) мерзiмнің өтуi бойынша;
      2) әскери қызметшiнiң мерзiмiнен бұрын босатылуына байланысты;
      3) әскери қызметшiнiң әскери қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшарт жасасқан күнінен бастап;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.
      3. Әскери қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың әскери қызметке кiруiнiң ерiктілiгi, азаматтың әскери қызметті өткеруге мiндеттенген мерзiмi және келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.
      4. Әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде Қарулы Күштерде әскери қызмет өткеру мiндеттiлiгiн қамтиды. Келiсiмшарт талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың өз құқықтары мен өзiнің отбасы мүшелерi құқықтарының сақталу құқығы көзделеді.
      5. Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындаған әскери қызметшілер тиiстi лауазымдағы әскери қызметтi әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан өткередi. Осы әскери қызметшілерге келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қатысты осы Заңның талаптары қолданылады.
      Аталған әскери қызметшiлер лауазымнан босатылғаннан кейiн Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртiппен әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе әскери қызметтен шығарылады.
      6. Жоғары білімі бар және алты ай қызмет өткерген мерзiмдi қызмет әскери қызметшілерi Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалған тәртіппен тиісті әскери-есептік мамандығына ұқсас лауазымға келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiруге құқылы.

      38-бап. Келiсімшарт бойынша әскери қызметке кіретін


               адамдарға қойылатын талаптар

      1. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамдар мынадай талаптарға сай келуге:


      1) Қазақстан Республикасының азаматтығына ие болуға;
      2) курсанттарды қоспағанда, он тоғыз жастан кіші емес және әскери атағына байланысты әскери қызметте болудың осы Заңда белгіленген шектi жасынан бес жас кіші болмауға;
      3) әскери лауазымға сәйкес келетін әскери-есептік мамандығы болуға;
      4) мерзімді әскери қызметті өткерген не жоғары оқу орындарының әскери кафедрасынан оқудан өткен немесе әйелдерді қоспағанда, Қорғаныс министрлігінің әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өткен болуға тиiс.
      2. Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке:
      1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулi деп таныған;
      2) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтiретін ауруы бар;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
      4) бұрын сотталған немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған не оған қатысты қылмыстық iс қозғалған;
      5) әскери қызметке кiрер алдындағы екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптiк жауаптылыққа тартылған;
      6) әскери қызметке кiргенге дейінгі үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртiбiмен әкiмшілік жаза қолданылған;
      7) әскери қызметке кіргенге дейінгі бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
      8) егер босатылған күнінен бастап үш жыл өтпеген болса, мемлекеттік қызметтен немесе әскери қызметтен терiс себептер бойынша босатылған адамдар қабылданбайды.
      Келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамға қатысты арнайы тексеру жүргізiледi.
      Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке, сондай-ақ арсеналдарда, базаларда, қару мен оқ-дәрілер қоймаларында қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуымен байланысты лауазымдарға кіретін адамдарға қатысты психика-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулерді қолдана отырып, арнайы тексеру жүргізіледі.
      3. Адамның белгiленген талаптарға сәйкестігін айқындау үшiн Әскери-дәрiгерлiк сараптаманы жүргізу қағидасына сәйкес медициналық куәландыру жүргiзiледi.
      4. Сондай-ақ мыналар:
      1) осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтердi бұрмалау;
      2) кандидаттың әскери-есептiк мамандығы бойынша бос лауазымдардың болмауы;
      3) психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулердің теріс нәтижелері келiсiмшарт бойынша әскери қызметке кiретiн адамнан бас тарту үшін негiздер болып табылады.

      39-бап. Азаматтардың әскери оқу орындарына (әскери


               факультеттерге) түсуi. Әскери оқу орындарында
               (әскери факультеттерде) оқитын азаматтармен
               әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарттар жасасу

      1. Әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) түсуге:


      1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жетi жасқа толған, бiрақ жиырма бiр жастан аспаған азаматтардың;
      2) оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған әскери қызмет өткерген азаматтардың және мерзiмдi әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшілердің;
      3) жиырма бес жасқа толғанға дейін келісiмшарт бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген әскери қызметшiлердің құқығы бар.
      Азаматтардың әскери оқу орындарына түсуі уәкілетті орган бекітетін Әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.
      Әскери оқу орындарының оқитындар құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде көрсеткіштері бірдей болған жағдайда:
      «Жас ұлан» республикалық мектебінің түлектері;
      әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері;
      қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен немесе әскери қызмет өткеру кезеңінде мүгедек болып қалған әскери қызметшілердің балалары артықшылықты құқыққа ие болады.
      Жоғары оқу орындарының әскери факультеттеріне қабылдау қағидаларын және оларда оқытуды ұйымдастыру тәртібін Қорғаныс министрлігі білім беру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді.
      Шет мемлекеттердің әскери оқу орындарына оқуға жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімшарттарға сәйкес оқытылады.
      2. Курсанттың (тыңдаушының) әскери қызмет міндеттерін орындауды бастауы оның әскери оқу орнына қабылданған күнi болып, әскери факультеттерде – әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасаған сәттен бастап есептеледi.
      3. Әскери оқу орындарына (әскери факультеттерге) қабылданған азаматтар Әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әскери лауазымдарға тағайындалады.
      4. Әскери қызмет өткермеген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызметшi мәртебесiне ие болады және әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери оқу орындарына қабылданған кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген, сондай-ақ әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткерiп жүрген немесе өткерген азаматтар әскери оқу орындарына қабылданған кезде қабылданғаны туралы бұйрық шыққан күннен бастап әскери қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.
      Әскери факультеттерге қабылданған кезде азаматтар әскери қызметші мәртебесіне ие болады, ал әскери қызметшілер әскери факультетте оқудың соңғы жылының алдындағы курсына ауысқан кезде әскери қызмет өткеру туралы жаңа келісімшарттар жасасады.
      Осы Заңда белгiленген тәртiпте әскери қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметші әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылуға жатады.
      5. Әскери оқу орнына (әскери факультетке) қабылданбаған әскери қызметші Әскери қызмет өткеру қағидаларында белгіленген тәртiппен әскери қызметті одан әрi өткеру үшін жiберіледi.
      6. Әскери оқу орнынан (әскери факультеттен) шығарылған, сондай-ақ әскери қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан әскери қызметші, егер оқудан шығарылу сәтінде ол он сегіз жасқа толған және әскерге шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзiмін өткермеген болса, уәкілетті органның өкімі бойынша әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызмет өткеру орнына жіберіледі. Бұл ретте үлгерімінің төмен болуы, тәртiп сақтамағаны үшін, басқа да теріс себептер бойынша немесе өз бастамасы бойынша әскери оқу орнынан шығарылған әскери қызметші өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.
      7. Әскери қызметшi әскери оқу орнын (әскери факультетті) аяқтағаннан кейiн әскери қызмет өткеруден бас тартса немесе теріс себептер бойынша немесе өз бастамасы бойынша келiсiмшартты бұзған жағдайда ол өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi. Ұсталуға жататын сома келiсiмшарт мерзiмi аяқталғанға дейiн әрбiр толық өткерiлмеген айға барабар есептеледі.
      Әскери қызметшілерді әскери оқу орындарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке қайтару тәртібін уәкілетті органдар, әскери факультеттерде – Қорғаныс министрлігі белгілейді.
      8. Жоғары әскери оқу орындарын (әскери факультеттерді) аяқтағаннан кейiн әскери қызметшiлерге «лейтенант» әскери атағы беріледi.

      40-бап. Келiсiмшарт мерзімі және оны жасасу тәртiбi

      1. Әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт:
      1) үш жылға – әскери қызметке алғаш кіретін адамдар үшін;
      2) бес жылға;
      3) он жылға;
      4) әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін;
      5) курсанттар үшін – әскери оқу орнындағы (жоғары оқу орнының әскери факультетіндегі) оқу мерзіміне және оны аяқтағаннан кейiн әскери қызметтің он жылына;
      6) тыңдаушылар үшін – оқу мерзіміне және әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін әскери қызметтің бес жылына не әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейінгі мерзімге жасалады.
      2. Кандидаттарды iрiктеу және олардың келiсімшарт бойынша әскери қызметке кiру тәртiбi Әскери қызмет өткеру қағидаларында айқындалады.

7-тарау. ЗАПАСТА ТҰРУ

      41-бап. Запасқа қою

      1. Мынадай:
      1) запасқа қоя отырып, әскери қызметтен шығарылған;
      2) әскери қызметке шақырудан босатылуына байланысты әскери қызметтен өтпеген;
      3) жиырма жеті жасқа толған, әскерге шақыру кейінге қалдырылуына байланысты әскери қызмет өткермеген;
      4) әскери-есептік мамандығы бар әйелдер;
      5) жоғары оқу орындарының әскери кафедраларында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен;
      6) Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламалары бойынша оқудан өткен адамдар запасқа қойылды деп саналады.
      2. Запаста тұратын адамдар әскери қызметке жарамдылығын айқындау үшін Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық куәландырудан өтедi.
      3. Мерзiмдi әскери қызметке шақырудан босатылған адамдарды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары запастағы «қатардағы жауынгер» («матрос») әскери атағын бере отырып, запасқа қояды.
      4. Запасқа қойған кезде адамдардың әскери-есептік мамандығын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi әскери басқару органдары айқындайды.
      5. Ұлттық қауіпсiздiк органдары және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган үшін әскери міндеттілердiң запасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалады.
      6. Запаста болу әскери жиындардан өтудi, әскери қызметке шақыру қағидаларын орындауды және әскери есеп бойынша мiндеттердi сақтауды қамтиды.
      7. Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдары әскери қызметшілерінің қолданыстағы резервте болуы барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындау кезінде әскери қызмет өткеруді қамтиды.
      8. Запасқа қойылған әскери міндеттілер әскери жиындардан өткен немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген кезде олар резервке қойылған әскери міндеттілер санатына ауыстырылады.

      42-бап. Запаста тұрудың шектi жасы

      1. Әскери міндеттілердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады:
      1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы – елу жасты қоса алғанда;
      2) офицерлер құрамы үшін – алпыс жасты қоса алғанда.
      2. Әскери мiндетті әйелдердің запаста тұруының шектi жасы мынадай болады:
      1) сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамы үшiн – отыз бес жасты қоса алғанда;
      2) офицерлер құрамының адамдары үшiн – қырық бес жасты қоса алғанда.
      3. Запаста тұрудың шектi жасына толған әскери мiндеттілер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар әскери есептен шығарыла отырып, отставкаға ауыстырылады.
      4. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президентi запаста тұрудың шекті жасын бес жылға дейін ұзартуы мүмкін.

      43-бап. Әскери жиындардан өту

      1. Әскери міндеттілер оқу-жаттығу, тексеру және арнайы әскери жиындарға шақырылады, сондай-ақ әскери даярлық бойынша сабақтарға тартылады.
      2. Ұзақтығы екі айға дейінгі оқу-жаттығу жиындарына әскери міндеттілер бес жылда бір рет шақырылады.
      3. Әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиындары арасындағы кезеңде он бес күнге дейінгі мерзімге тексеру жиындарына тартылуы мүмкін.
      4. Запаста тұру уақытындағы жиындардың жалпы мерзімі әскери міндеттілер үшін он сегіз айдан аспауға тиіс. Бұл ретте оқу-жаттығу жиындарында болудың жалпы мерзіміне тексеру жиындарында болған уақыт та есептеледі.
      5. Арнайы жиындар ұзақтығы үш айға дейін жүргізіледі.
      6. Әскери жиындар кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады, оларға мемлекет есебінен орташа жалақы, ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы төленеді.
      Әскери міндеттінің дәлелсіз себептермен жиындар орналасқан жерден тыс болған уақыты әскери жиындардан өту мерзіміне есептелмейді.

8-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ

      44-бап. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру



      1. Әскери қызметшілердің барлық санаттары әскери қызмет міндеттерін орындағаны үшін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.
      Ақшалай үлес ақшалай қаражатты (лауазымдық айлықақыны және әскери атағы бойынша айлықақыны), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақыларды және қолданыстағы заңнамада көзделген басқа да үстемеақыларды қамтиды.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің лауазымдық айлықақылары мемлекеттік қызмет өтілі ескеріле отырып айқындалады.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер лауазымдық айлықақыларының және әскери атақтар бойынша айлықақыларының мөлшері тиісті лауазымдардағы мемлекеттік қызметшілер лауазымдық жалақыларының мөлшерінен және тиісті арнайы атақтар мен сыныптық шендерге қосымша ақылар мөлшерінен төмендетілмей белгіленеді.
      Әскери қызметші әскери қызметте дәлелсіз себептермен болмаған жағдайда оған болмаған күндері үшін ақшалай үлес төленбейді.
      Ақшалай үлесті, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу тәртібін уәкілетті органдар белгілейді.
      2. Әскери қызметшілерге жарылу қаупі бар заттарды және өзге де жарылғыш құрылғыларды іздеу, тасымалдау, залалсыздандыру және жою жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындаған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тәулігіне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
      3. Радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты лауазымдарда қызмет өткеретін, сондай-ақ көрсетілген жұмыстарға және объектілерде радиоактивті материалдарды, иондаушы сәулелену көздерін, аса жоғары жиілікті және (немесе) зымыран отынының құрамдастарын пайдаланумен, сақтаумен байланысты авария салдарларын жою жөніндегі жұмыстарға уақытша тартылатын әскери қызметшілерге нақты жұмыс істеген уақытына тепе-тең ұзақтығы жылына он екі тәулікке дейін қосымша демалыс беріледі.
      4. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда тұратындарды қоспағанда, коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды төлеу үшін уәкілетті органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген мөлшерде ақшалай өтемақы төленеді.
      5. Әскери қызметшілерді әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
      Әскери қызметшілердің қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиісті бөлімшелер не медициналық көрсеткіштер бойынша арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі.
      Жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарына және жеке меншік медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларға тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсету бойынша шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Емделуге жұмсалған қаражатты әскери қызметшілерге, олар құрылымында әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде өтейді.
      Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған әскери қызметшілер, олар құрылымында әскери қызмет өткеретін Қарулы Күштердің қаражаты есебінен санаторийге жіберіледі.
      Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының курсанттары медициналық көрсеткіштері болған кезде мемлекет есебінен санаторлық-курорттық емделумен қамтамасыз етіледі.
      6. Әскери қызметшілер мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін нормалар бойынша уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.
      7. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін нормалар бойынша мынадай жағдайларда:
      1) жауынгерлік кезекшілікті атқарған кезде;
      2) қарауылдағы қызметті атқарған кезде;
      3) тәуліктік нарядты атқарған кезде;
      4) далалық шығуларға (теңізге шығуларға) қатысқан кезде;
      5) орналасқан орындарда дауылға қарсы әзірлік кезіндегі іс-шараларды жүзеге асырған кезде;
      6) маяктарда вахтада тұрған кезде;
      7) суасты міндеттерін (жұмыстарын) орындаған кезде;
      8) парашютпен секірген кезде;
      9) әскери эшелондарға ілесіп жүрген кезде;
      10) әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) стационарлық емделуде болған кезде;
      11) гауптвахтада ұсталған кезде тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
      Ұшқыштар құрамының әскери қызметшілері әскери қызмет өткеру уақытында тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
      Авиациялық техникаға қызмет көрсетуге және ұшуларды қамтамасыз етуге рұқсат етілген инженерлік-техникалық құрам ұшуларды дайындау және орындау кезеңінде тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
      8. Әскери қызметшілер мемлекет есебінен қызметі бойынша ауысқан, әскери қызметтен шығарылған кезде, стационарлық емделуге барған және кері қайтқан кезде теміржол, әуе, су және автомобиль көлігімен жол жүруге, сондай-ақ қызметі бойынша ауысқан және әскери қызметтен шығарылған кезде он тоннаға дейін жеке мүлікті тасымалдауға құқылы.
      Осы Заңда көзделген жағдайларда әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлікте жол жүруге және пошта жөнелтілімдеріне арналған басқа да шығындар өтеледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қашықтығы 100 шақырымнан астам бір елді мекеннен басқасына қоныс аударуға байланысты қызмет бабымен ауысқан кезде (оның ішінде әскери бөлім немесе бөлімше құрамында) оларға әскери қызметшінің өзіне екі айлық ақшалай қаражат және онымен бірге қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне айлық ақшалай қаражаттың жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақысы төленеді.

      45-бап. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету

      1. Тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен олармен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелері – жұбайы (зайыбы); ортақ немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің кәмелетке толмаған (асырап алынған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) балалары, күндізгі оқу нысаны бойынша білім беру ұйымдарында оқитын (асырап алған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) жиырма үш жасқа толмаған балалары және жұбайының (зайыбының) балалары; он сегіз жасқа толмаған мүгедек балалары (асырап алған, асырауында немесе қамқорлығында болатын) және жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары; әскери қызметшінің асырауындағы ата-аналары – мемлекет есебінен әскери қызмет өткеру кезеңіне тұрғын жаймен қамтамасыз етіледі.
      2. Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      46-бап. Әскери қызметшілердің демалыстары



      1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып жыл сайынғы негізгі демалыс беріледі, ұзақтығы күнтізбелік есептеуде еңбек сіңірген жылдарына байланысты белгіленеді:
      1) кемінде он жыл – 30 тәулік;
      2) оннан жиырма жылға дейін – 35 тәулік;
      3) жиырма және одан астам жыл – 40 тәулік.
      Ұшу жұмыстарында, корабльдік қызметте болатын, жауынгерлік кезекшілік, жауынгерлік қызмет атқаратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбе бойынша жерлерде қызмет өткеретін әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, демалыс ұзақтығы 40 тәулік болып белгіленеді.
      Жыл сайынғы негізгі демалыстың ұзақтығы демалыс күндеріне келетін мереке күндерді есептемей, күн тәртібіне және қызметтік уақыт регламентіне қарамастан, күнтізбелік күндермен есептеледі.
      2. Әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген қосымша демалыстар беріледі.
      Жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы тиісті жыл үшін алпыс тәуліктен аспауға тиіс, бұл ретте демалыс өткізу орнына дейін бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшінің демалысы қызмет мүдделерін ескере отырып, екі бөлікке бөлінуі мүмкін.
      3. Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне жалпыәскери жарғыларда айқындалған тәртіпте көтермелеу түрінде қысқа мерзімді демалыс беріледі.
      4. Қажет болған кезде әскери қызметшілерге ауыруы бойынша, отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді, ал әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) оқитындарға каникулдық демалыстар беріледі.
      Әскери қызметшілерге (мерзімді қызмет әскери қызметшілерінен басқа) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасын іске асыратын ұйымдарда оқуға түсу емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін, сондай-ақ жоғары оқу орындарына оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін оқу демалыстары, ал философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесінің ізденушілері болып табылатындарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шығармашылық демалыстар беріледі.
      5. Жыл сайынғы негізгі демалыс жұмылдыру, соғыс немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда, соғыс уақытында және қызметтік қажеттілік жағдайында уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен тоқтатылады. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлігі ағымдағы жылы немесе келесі жылы беріледі.
      Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлігі он және одан астам күнтізбелік күнді құраса, әскери қызметшілерге демалыс өткізу орнына бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
      Әскери қызметшінің баянаты бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлігі келесі жылдың жыл сайынғы ақылы негізгі демалысына қосылады.
      6. Өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін немесе оқуға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының аумағында қызмет өткеретіндердің демалысқа құқықтарын пайдаланады.

      47-бап. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының


               келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін
               әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері

      Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарында күнтізбелік есептеуде кемінде сегіз жыл қызмет өткерген келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалатын шығындарын бюджет қаражаты есебінен оқыту құнының елу пайызы мөлшерінде өтетуге құқылы. Осы құқықты әскери қызметшілер бір рет пайдалана алады.


      Әскери қызметшіге көрсетілген шығындарды өтеуді құрылымында әскери қызметші әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган жүргізеді.
      Әскери қызметшіні басқа білім беру ұйымына ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге жатады.
      Әскери қызметшіге академиялық демалыс берілген кезде оның Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтету құқығы сақталады.
      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге құқылы әскери қызметшіге, ол оқыған (оқитын) білім беру ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған, әрекетін тоқтатқан, білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайларда басқа жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге кепілдік беріледі.

      48-бап. Мерзімді қызмет әскери қызметшілерін және әскери


               оқу орындарының (әскери факультеттердің)
               курсанттарын әлеуметтік қамсыздандыру
               ерекшеліктері

      Мерзімді қызмет әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар бойынша заттай мүлікпентамақтанумен қамтамасыз етіледі.


      Демалысқа, каникулға кеткен кезде азық-түлік үлесінің орнына оларға ақшалай өтемақы төленеді.
      Оларға қысқа мерзімді демалысқа барған және кері қайтқан кезде, ал курсанттарға тағылымдамаға барған және кері қайтқан кезде мемлекет есебінен теміржол, су және автомобиль көлігімен жол жүру құқығы беріледі. Мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне, әскери оқу орындарының бірінші және екінші курс курсанттарына сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде пошта жөнелтілімдеріне арналған өтемақы төленеді.
      Мерзімді қызмет өткеру және әскери оқу орнында оқу уақытында тұру үшін әскери қызметшілер казармаларға орналастырылады. Курсанттарға, сондай-ақ әскери оқу орнында (әскери факультетте) оқу уақытында жатақхана берілуі мүмкін.

      49-бап. Әскери қызметшілердің жекелеген санаттарын қосымша


               әлеуметтік қамсыздандыру

      Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге және барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындауға қатысатын Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне жыл сайынғы демалысына қосылатын ұзақтығы екі апта қосымша демалыс беріледі.


      Жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге жауынгерлік іс-қимылдар және террорға қарсы операциялар кезеңінде жеңілдіктер шарттарымен еңбек сіңірген жылдарына қызметінің бір айы үш ай болып есептеледі.
      Бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге бітімгершілік операцияларына қатысқан кезең жеңілдіктер шарттарымен қызметінің бір айы бір жарым ай болып есептеледі.

      50-бап. Әскери қызметтен шығарылған азаматтарды әлеуметтік


               қамсыздандыру

      1. Жасы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты ауырған, сондай-ақ жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар адамдарға мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған аурулар тізбесі бойынша көрсеткіштер бар болған кезде әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету, ал жиырма бес және одан да көп еңбек сіңірген жылдары барларға – санаторлық-курорттық емделу беріледі.


      Әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық көрсеткіштер бойынша тиісті бөлімшелер не арнайы жабдықтар болмаған кезде көрсетілген адамдарға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде:
      1) ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында;
      2) жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында;
      3) жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда көрсетіледі.
      Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде емделуге жұмсалған қаражатты көрсетілген адамдарға құрылымында олар әскери қызмет өткерген уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен өтейді.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар Қарулы Күштерден шығарылған кезде, оның ішінде әскери қызмет өткерген кезеңде азаматтық мамандықтарды меңгеру мақсатында әлеуметтік бейімделумен қамтамасыз етіледі.

      51-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен


               жағдайда әскери қызметшілерге өтемақы төлеу

      1. Әскери қызметшіге мүгедектік белгіленген кезде немесе әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты мертіккен жағдайда әскери жиындарға шақырылған әскери қызметшіге немесе әскери мiндеттiге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерлерде бiржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.


      2. Әскери қызмет өткеру кезеңінде не қызметтен шығарылғаннан кейін әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда әскери қызметшінің мұрагерлеріне қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде, ал мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, әскери оқу орны (әскери факультет) курсантының, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттінің мұрагерлеріне – 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.
      3. Келісімшарт бойынша әскери қызметшіге, ол әскери қызмет өткерген кезеңде немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан туындаған мүгедектік белгіленген кезде біржолғы өтемақы әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл өткенге дейін:
      1) I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай қаражат;
      2) II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай қаражат;
      3) III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде төленеді.
      Келісімшарт бойынша әскери қызметшiлер әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқтырмаған ауыр мертiгу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) жағдайында оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертіккенде – жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
      Мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлеріне, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) стипендия алатын курсанттарына, әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлерге осы тармақта көзделген жағдайларда:
      1) I топтағы мүгедекке – 250 айлық есептiк көрсеткiш;
      2) II топтағы мүгедекке – 150 айлық есептiк көрсеткiш;
      3) III топтағы мүгедекке – 50 айлық есептiк көрсеткiш;
      4) ауыр мертіккені үшiн – 12 айлық есептiк көрсеткiш;
      5) жеңiл мертіккені үшiн – 4 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде бiржолғы өтемақылар төленедi.
      4. Егер әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе ол алған мертігу:
      1) соттың заң күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізген жағдайларды қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау нәтижесінде;
      2) қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
      3) олар алкогольдік, есірткілік немесе масаңдану жай-күйінің өзге де түрін туғызатын заттарды тұтыну немесе қолдану себебінен;
      4) өзiне-өзі қасақана қандай да бiр дене жарақатын түсiру (денесiне зиян келтiру) немесе біржолғы өтемақы алу немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтiру нәтижесінде;
      5) әскери қызметшінің әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын бұзған әрекеттері нәтижесінде туындағаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте дәлелденсе, біржолғы  өтемақы төленбейді.
      5. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшілерді, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді жерлеу әскери қызмет (жиындар) орны бойынша немесе олардың туыстарының тілегі бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты барлық шығыстар әскери қызметшілер, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызмет (жиындар) өткерген уәкілетті орган есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде жүзеге асырылады.
      Осы тармақта көрсетілген ережелер әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты әскери қызметтен шығарылған, әскери қызметтің жалпы ұзақтығы 25 және одан да көп жылдары бар азаматтарға, сондай-ақ әскери қызметтің жалпы ұзақтығына қарамастан, жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысушыларға қолданылады, бұл ретте әскери қызметшілер қатарынан зейнетақы төлемдерін алатын қайтыс болғандардың отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде төленеді.

      52-бап. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әлеуметтік


               қамсыздандыру

      1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әскери-медициналық мекемелерде медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.


      Қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда медициналық көрсеткіштер бойынша тиісті бөлімшелер не арнайы жабдықтар болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі.
      2. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің олармен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелеріне әскери қызметші қызметі бойынша ауысқан, оны әскери қызметтен шығарған кезде мемлекет есебінен әуе, теміржол, су және автомобиль көлігінде жол жүру құқығы беріледі.
      3. Әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабар-ошарсыз кеткендердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезектен тыс орындар береді.
      Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары әскери мектеп-интернаттарына, «Жас ұлан» республикалық мектебіне конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады.


1   2   3   4   5


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет