Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереже



жүктеу 7.47 Mb.
бет1/31
Дата28.04.2016
өлшемі7.47 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31
: upload -> iblock
iblock -> Вторая жизнь А320
iblock -> Методическая разработка что нужно знать о насилии над женщиной: мифы и факты с древних времен до наших дней ноябрь 2015 г
iblock -> Прогноз на матч Израиль Уэльс (28 марта 2015 года, 20: 00)
iblock -> Арсенал и Эвертон. Арсенал


Еуразиялық экономикалық

одақ туралы шартқа

№ 1 ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық комиссия туралы

ЕРЕЖЕ
І. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Осы Шарттың 18-бабының 1-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы болып табылады.

Комиссияның негізгі міндеттері Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеу және даму жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық интеграция саласында ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

2. Комиссия өз қызметін:

1) өзара пайданы, тең құқықты және мүше мемлекеттердің ұлттық мүдделерін есеп алуды қамтамасыз ету;

2) қабылданатын шешімдердің экономикалық негізділігі;

3) ашықтық, жариялылық және объективтілік қағидаттары негізінде жүзеге асырады.

3. Комиссия өз қызметін осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген өкілеттіктер шегінде:

1) кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу;

2) кедендік реттеу;

3) техникалық реттеу;

4) санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралар;

5) кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу;

6) үшінші елдерге қатысты сауда режимдерін белгілеу;

7) сыртқы және өзара сауда статистикасы;

8) макроэкономикалық саясат;

9) бәсекелестік саясаты;

10) өнеркәсіптік және ауылшаруашылық субсидиялары;

11) энергетикалық саясат;

12) табиғи монополиялар;

13) мемлекеттік және (немесе) муниципалдық сатып алу;

14) көрсетілетін қызметтердің өзара саудасы және инвестициялар;

15) көлік және тасымалдау;

16) валюта саясаты;

17) зияткерлік қызмет нәтижелерін және тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді дараландыру құралдарын күзету және қорғау;

18) еңбек көші-қоны;

19) қаржы нарықтары (банк саласы, сақтандыру саласы, валюта нарығы, бағалы қағаздар нарығы);

20) осы Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған өзге де салаларда жүзеге асырады.

4. Комиссия өз өкілеттіктерінің шегінде Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

5. Комиссия Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттардың, Жоғары кеңес пен Үкіметаралық кеңес шешімдерінің депозитарийі функцияларын атқарады.

6. Жоғары кеңес Комиссияға Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық шарттарға қол қою құқығын беруі мүмкін.

7. Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында және шешімдер қабылдау Комиссияның құзыретіне жататын жекелеген мәселелер бойынша консультациялар өткізу үшін Комиссия консультациялық органдар құруға құқылы.

8. Комиссия өзі қарайтын мәселелер бойынша Тараптардың позициясын сұратуға құқылы. Позицияны беру туралы сауал Тараптардың үкіметтеріне жіберіледі. Комиссияның мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарынан, заңды және жеке тұлғаларынан Комиссияның өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты сұратуға да құқығы бар. Құпия ақпаратты қамтитын сұрауларды қоспағанда, Комиссияның заңды және жеке тұлғалардың мекенжайына жіберген сұрауларының көшірмелері бір мезгілде мүше мемлекеттің уәкілетті органына жолданады. Егер Шартта өзгеше белгіленбесе, позицияны немесе ақпаратты беру туралы сауалды Комиссияның атынан Комиссия Алқасының төрағасы немесе мүшесі жібереді.

Тараптардың атқарушы билік органдары олардан сұратылған ақпаратты өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға жатқызылған мәліметтерді немесе таратылуы шектеулі мәліметтерді қамтымайтын ақпарат болған жағдайда, оны Регламентте белгіленген мерзімде беруді қамтамасыз етеді.

Мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияға немесе таратылуы шектеулі мәліметтерге жатқызылған ақпаратты алмасу тәртібі Одақ шеңберіндегі жекелеген халықаралық шарттарда белгіленеді.

9. Комиссия Одақтың бюджетін құрастыруға және оның орындалуы туралы есепті дайындауға жауапты, Комиссияның бюджеттік сметасы қаражатына билік жүргізуші болып табылады.

10. Комиссия заңды тұлға құқығын пайдаланады.

11. Комиссия Комиссия Кеңесінен және Комиссия Алқасынан тұрады. Комиссия Кеңесі және Комиссия Алқасы қызметінің тәртібі Жоғары кеңес бекітетін Еуразия экономикалық комиссиясының жұмыс регламентімен (бұдан әрі – Регламент) реттеледі.

12. Комиссия Кеңесі құрылымдық бөлімшелер (бұдан әрі – Комиссия департаменттері) құруға құқылы.

13. Комиссия өз өкілеттіктері шегінде нормативтік құқықтық сипаттағы және мүше мемлекеттер үшін міндетті шешімдерді, ұйымдастыру-өкімші сипаттағы өкімдерді және міндетті емес сипаттағы ұсынымдарды қабылдайды.

Комиссия шешімдері Одақ құқығына кіреді және мүше мемлекеттердің аумағында тікелей қолданылады.

14. Комиссияның шешімдерін, өкімдері мен ұсынымдарын Шартта белгіленген өкілеттіктер шегінде және Шарт пен Регламентте көзделген тәртіппен Комиссия Кеңесі және Комиссия Алқасы қабылдайды.

Комиссия Кеңесі мен Комиссия Алқасының өкілеттіктері мен функцияларын ажырату Регламентте айқындалады.

15. Комиссияның кәсіпкерлік қызметпен айналысу шарттарына әсер етуі мүмкін шешімдері осындай шешім жобаларының реттеуші әсерін бағалау жүргізу нәтижелері ескеріле отырып қабылданады.

Комиссияның көрсетілген шешімдері жобаларының реттеуші әсерін бағалау рәсімін өткізу тәртібі Регламентте айқындалады.

16. Егер Шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Комиссия шешімдері ресми жарияланған күнінен бастап кемінде күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

Осы Ереженің 18-тармағында көрсетілген Комиссия шешімдері, сондай-ақ шұғыл ден қоюды талап ететін ерекше жағдайларда қабылданатын Комиссия шешімдері ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 10 күннен кейін ғана күшіне енудің өзге мерзімін көздеуі мүмкін.

Осы тармақтың екінші абзацында көрсетілген Комиссия шешімдерін, қабылдау және күшіне ену тәртібі Регламентте белгіленеді.

Комиссияның таратылуы шектелген мәліметтерді қамтитын шешімдері оларда айқындалған мерзімде күшіне енеді.

Комиссияның өкімдері оларда айқындалған мерзімде күшіне енеді.

17. Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жағдайын нашарлататын Комиссия шешімдерінің кері күші болмайды.

18. Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жағдайын жақсартатын Комиссия шешімдері, егер олар осыны тікелей көздесе, кері күшке ие бола алады.

19. Комиссияның шешімдерін жариялау және оған қол жеткізуді қамтамасыз ету Шарттың 111-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

20. Комиссия шешімдерінің қабылдануы осы Шарттың 18-бабына және осы Ережеге сәйкес Комиссия Кеңесі мүшелерінің немесе Комиссия Алқасы мүшелерінің дауыс беруі негізінде жүргізіледі.

21. Комиссиядағы дауыстар мынадай түрде бөлінеді:

1) Комиссия Кеңесі мүшесінің бір дауысы Комиссия Кеңесінде бір дауыс болып табылады;

2) Комиссия Алқасы мүшесінің бір дауысы Комиссия Алқасында бір дауыс болып табылады.


ІI. КОМИССИЯ КЕҢЕСІ
22. Комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграциялық процестерді жалпы реттеуді, сондай-ақ Комиссия қызметіне жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады.

23. Комиссия Кеңесіне әрбір мүше мемлекеттен өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес қажетті өкілеттіктер берілген үкімет басшысының орынбасары болып табылатын бір-бір өкіл кіреді.

Мүше мемлекеттер Комиссия Кеңесіндегі өкілі туралы бірін-бірі, сондай-ақ Комиссия Алқасын Регламентте белгіленген тәртіппен хабардар етеді.

24. Комиссия Кеңесі мынадай функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асырады:

Комиссия қол қоятын халықаралық шарттардың жобаларын Жоғары кеңестің мақұлдауына енгізеді;

1) Еуразиялық экономикалық одақтың қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру жұмыстарын ұйымдастырады;

2) Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграцияның негізгі бағыттарын Жоғары кеңестің бекітуіне енгізеді;

3) осы Ереженің 30-тармағында көзделген тәртіппен Комиссия Алқасы қабылдаған Комиссия шешімдерінің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы мәселені қарайды;

4) Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттардың орындалуына мониторинг және бақылау жүргізу туралы мәселені қарайды;

5) Үкіметаралық кеңестің қарауына құжаттар жобаларының реттеуші әсерін бағалау рәсімдерін жүргізу мониторингі туралы жыл сайынғы есепті енгізеді;

6) Комиссия Алқасы Төрағасының ұсынуы бойынша Комиссия департаменттерінің тізбесін, оларды құрылымы мен штат санын, сондай-ақ олардың Комиссия Алқасы мүшелерінің арасында бөлуді бекітеді;

7) Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің біліктілік талаптарын бекітеді;

8) Еуразиялық экономикалық одақтағы әлеуметтік кепілдіктер, артықшылықтар мен иммунитеттер туралы ережеде көзделген негіздемелер бойынша Комиссия қызметкерлерінен артықшылықтар мен иммунитеттерді алу туралы шешім қабылдайды (Шартқа № 31 қосымша);

9) Одақ бюджетін мақұлдайды;

10) Комиссия Алқасы мүшелеріне және Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлеріне еңбекақы төлеу тәртібін мақұлдайды;

11) Комиссия департаменттерінің жалпы шекті штат санын мақұлдайды;

12) Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құру және дамыту жөніндегі жоспарын бекітеді;

13) Шартта көзделген Комиссия департаменттеріне мүше мемлекеттер азаматтарының жұмысқа орналасу құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Комиссия Кеңесі жанынан этика жөніндегі комиссияны құрады және оның ережесін бекітеді;

14) Комиссия Алқасына тапсырмалар береді;

15) Шартқа, Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға және Регламентке сәйкес өзге де функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асырады.

25. Комиссия Кеңесінің немесе Комиссия Алқасының шешімін қабылдау алдында Комиссия Кеңесі Комиссия Алқасының осы Ереженің 44-бабына сәйкес құрылған консультациялық орган шеңберінде консультациялар өткізу міндетті болатын мәселелерді айқындауға құқылы.

26. Комиссия Кеңесінің отырыстары Регламентке сәйкес өткізіледі. Комиссия Кеңесінің кез келген мүшесі Комиссия Кеңесі отырысын өткізуге бастамашы бола алады, сондай-ақ Комиссия Кеңесі отырыстарының күн тәртібіне ұсыныстар енгізе алады.

Комиссия Кеңесінің отырысына Комиссия Кеңесінің барлық мүшелері қатысса, ол заңды болып есептеледі.

27. Комиссия Кеңесі отырыстарына Комиссия Алқасының Төрағасы, сондай-ақ Комиссия Кеңесінің шақыруы бойынша Комиссия Алқасының мүшелері қатысады. Комиссия Кеңесінің мүшелері Комиссия Кеңесінің отырыстарына Тараптардың өкілдерін және өзге де тұлғаларды шақыра алады.

Комиссия Кеңесі отырыстарына үшінші мемлекеттердің өкілдері осы Шартта айқындалған тәртіппен және жағдайларда қатыса алады.

28. Комиссия Кеңесіне төрағалық ету осы Шарттың 8-бабының 4-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

Комиссия Кеңесі төрағасының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, қалған мерзімде Комиссия Кеңесі Төрағасының өкілеттіктерін төрағалық етуші мүше мемлекеттен Комиссия Кеңесінің жаңа мүшесі жүзеге асырады.

Комиссия Кеңесінің төрағасы:

Комиссия Кеңесінің кезекті отырысының қарауына енгізілетін мәселелерді дайындауға жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады;

күн тәртібін айқындайды;

Комиссия Кеңесінің отырыстарын ашады, жүргізеді және жабады.

29. Комиссия Кеңесі өз өкілеттіктері шегінде шешімдер, өкімдер және ұсынымдар қабылдайды.

Комиссия Кеңесі шешімдерді, өкімдерді және ұсынымдарды консенсуспен қабылдайды.

Егер консенсусқа қол жеткізілген жағдайда мәселе Комиссия Кеңесінің кез келген мүшесінің ұсынысы бойынша Жоғары кеңестің немесе Үкіметаралық кеңестің қарауына беріледі.

30. Мүше мемлекеттің немесе Комиссия Кеңесі мүшесінің Комиссия Алқасы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы ұсынысты Комиссия Алқасына енгізуге құқығы бар.

Комиссия Алқасының Төрағасы ұсынысты алған күні Комиссия Кеңесі мүшелеріне тиісті шешім бойынша материалдарды жолдайды.

Комиссия Кеңесі осындай материалдар түскеннен кейін оны қарайды және күнтізбелік 10 күн ішінде шешім қабылдайды.

Комиссия Алқасы шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту туралы мәселені қарау нәтижесі бойынша Комиссия Кеңесі қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда не болмаса осы баптың үшінші абзацында көзделген мерзім өткен жағдайда, бірақ Комиссия Кеңесінің шешімі ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей, мүше мемлекет Үкіметаралық кеңестің және (немесе) Жоғары кеңестің қарауына тиісті мәселені енгізу туралы ұсыныспен Комиссияға үкімет басшысы қол қойған хат жібере алады.

Мүше мемлекеттің үкімет басшысы Комиссияның осы Ереженің 16-тармағының екінші абзацында көрсетілген шешімдеріне қатысты мәселені Үкіметаралық кеңестің және (немесе) Жоғары кеңестің қарауына енгізу туралы ұсыныспен олардың күшіне енуіне дейінгі кез келген сатыда Комиссияға жүгінуге құқылы.

Комиссия Алқасының күшін жоюға немесе оны өзгертуге ұсынылатын шешімі осы тармаққа сәйкес күшіне енбейді және Үкіметаралық кеңестің және (немесе) Жоғары кеңестің осы шешімге қатысты мәселені қарастыруы және қарастырудың қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдауы үшін қажетті мерзімге тоқтатылады.


III. КОМИССИЯ АЛҚАСЫ
31. Комиссия Алқасы Комиссияның атқарушы органы болып табылады.

Комиссия Алқасы Алқа мүшелерінен тұрады, олардың біреуі Комиссия Алқасының Төрағасы болып табылады.

Комиссия Алқасы мүше мемлекеттердің тең өкілдігі қағидатын негізге ала отырып, мүше мемлекеттер өкілдерінен қалыптастырылады.

Комиссия Алқасының сандық құрамын және Комиссия Алқасы мүшелері арасындағы міндеттерді бөлуді Жоғары кеңес айқындайды.

Комиссия Алқасы Комиссия департаменттеріне басшылық жасайды.

32. Комиссия Алқасының мүшесі өзі өкілдік ететін мүше мемлекеттің азаматы болуға тиіс.

Комиссия Алқасының мүшелері мынадай талаптарды қанағаттандыруға тиіс: лауазымдық міндеттерге сәйкес кәсіби дайындығы (біліктілігі) болуға, сондай-ақ лауазымдық міндеттер бейіні бойынша еңбек өтілі 7 жылдан кем болмауға, оның ішінде Тараптардың мемлекеттік органдарында кем дегенде 1 жыл басшылық лауазымда жұмыс істеуге тиіс.

33. Комиссия Алқасының мүшелерін Жоғары кеңес өкілеттіктерін ұзарту мүмкіндігімен 4 жыл мерзімге тағайындайды.

Комиссия Алқасының төрағасын Жоғары кеңес ротация негізінде мерзімін ұзарту құқығынсыз 4 жыл мерзімге тағайындайды. Ротация мүше мемлекеттің орыс тілінің әліпбиі тәртібіндегі атауы бойынша кезекпен жүзеге асырылады.

34. Комиссия Алқасының мүшелері Комиссияда тұрақты негізде жұмыс істейді. Комиссия Алқасының мүшелері өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен лауазымды тұлғаларынан тәуелсіз және мүше мемлекеттердің билік органдарынан немесе ресми тұлғаларынан сұрата алмайды немесе нұсқаулар ала алмайды.

Комиссия Алқасы мүшелерінің мүше мемлекеттермен халықаралық қызмет мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау механизмі Жоғары Кеңес бекітетін Одақтың халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібіне сәйкес айқындалады.

35. Комиссия Алқасы мүшелерінің өз өкілеттіктері қолданысының барлық мерзімінде бұл жұмысты оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа жұмыспен қоса атқаруға немесе өзге ақылы қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

36. Алқа мүшелері:

1) коммерциялық ұйымды басқару органының қызметіне ақылы негізде қатысуға;

2) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға;

3) лауазымдық міндеттерін атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардан сыйақылар (сыйлықтар, ақшалай сыйақылар, несиелер, көрсетілетін қызметтер, ойын-сауық төлемдерін, демалыс, көлік шығыстарын және өзге де сыйақылар) алуға құқылы емес. Хаттамалық іс-шараларға, қызметтік іссапарларға және басқа да ресми іс-шараларға байланысты Комиссия Алқасының мүшесі алған сыйлықтар (символдық сыйлықтарды қоспағанда) Комиссияның меншігі болып танылады және Комиссияға акт бойынша тапсырылады. Алынған сыйлықты тапсырған Комиссия Алқасының мүшесі Комиссия Кеңесі бекіткен тәртіппен оны сатып ала алады;

4) жеке және заңды тұлғалар есебінен лауазымдық міндеттерін атқаруға байланысты сапарларды жүзеге асыруға;

5) лауазымдық міндеттерді атқарумен байланысты емес мақсаттарда материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз ету құралдарын, Комиссияның басқа да мүлкін пайдалануға, сондай-ақ оларды өзге тұлғаларға беруге;

6) лауазымдық міндеттерді атқарумен байланысты емес мақсаттарда құпия сипаттағы мәліметтерді немесе лауазымдық міндеттерді атқарумен байланысты өзіне белгілі болған қызметтік ақпаратты жария етуге немесе пайдалануға;

7) Комиссия Алқасы мүшесінің лауазымдық өкілеттіктерін саяси партиялардың, басқа да қоғамдық бірлестіктердің, діни бірлестіктер мен өзге де ұйымдардың мүддесі үшін пайдалануға, сондай-ақ, Комиссияның Алқа мүшесі ретінде, егер оның өкілеттігіне жатпайтын болса, көрсетілген бірлестіктер мен ұйымдарға қатынасын жария білдіруге;

8) Комиссияда саяси партиялардың, басқа да қоғамдық бірлестіктердің (кәсіптік одақтар, ардагерлер ұйымы және өзге қоғамдық негізде жұмыс істейтін органдарды қоспағанда) және діни бірлестіктердің құрылымдарын құруға немесе көрсетілген құрылымдарды құруға жәрдемдесуге құқылы емес.

37. Комиссия Алқасының мүшесі кіріс әкелетін бағалы қағаздардың және (немесе) акциялардың (ұйымдардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін) иеленген жағдайда, ол ақылға қонымды мерзімде өзіне тиесілі көрсетілген бағалы қағаздарды және (немесе) акцияларды (ұйымдардың жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін) сенімгерлікпен басқаруға беруге міндетті.

38. Осы Ереженің 35 – 37-тармақтарында белгіленген шектеулер Комиссия департаменттерінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне де қолданылады.

39. Осы Ереженің 35 – 37-тармақтарында белгіленген шектеулер бойынша кез келген бұзушылық Комиссия Алқасы мүшесінің, Комиссияның лауазымды тұлғасының, қызметкерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, еңбек шартын (келісімшартты) бұзу үшін негіз болып табылады.

40. Әр тарап Жоғары кеңеске Комиссия Алқасының мүшесі лауазымына кандидатураларды ұсынады.

Комиссия Алқасының Төрағасын қоса алғанда, Комиссия Алқасы мүшелерінің дербес құрамын мүше мемлекеттердің ұсынуы бойынша Жоғары кеңес бекітеді.

Жоғары кеңес Комиссия Алқасы мүшесінің кандидатурасын бекітпеген жағдайда, мүше мемлекет күнтізбелік 30 күн ішінде жаңа кандидатура ұсынады.

41. Өзінің лауазымдық міндеттерін адал атқармаған немесе осы Ереженің 35 – 37-тармақтарында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, мүше мемлекеттердің Комиссия Алқасының мүшесін кері шақырып алуға құқығы жоқ.

Комиссия Алқасы мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату (ерікті орнынан түсу жағдайларын қоспағанда) мүше мемлекеттің ұсынуы бойынша Жоғары кеңестің шешімі негізінде жүзеге асырылады.

Комиссия Алқасы мүшесінің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, Комиссия Алқасы мүшесі өкілінің өкілеттігі тоқтатылған мүше мемлекеттің ұсынуымен Комиссия Алқасының жаңа мүшесі Комиссия Алқасының бұрынғы мүшесінің қалған өкілеттік мерзіміне тағайындалады.

42. Комиссия Алқасы мүшелерінің арасындағы міндеттерді бөлуді, сондай-ақ Комиссия департаменттерінің жалпы шекті штат санын және Комиссия Алқасы мүшелеріне, Комиссия департаменттерінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне еңбекақы төлеу (оның ішінде оларды ақшалай қамтамасыз ету) тәртібін Жоғары кеңес бекітеді.

43. Комиссия Алқасы мынадай функциялар мен өкілеттіктерді іске асыруды қамтамасыз етеді:

1) (интеграцияның негізгі бағыттарын әзірлеу мен іске асыруды қоса алғанда) Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграция саласында ұсыныстар әзірлеуді және мүше мемлекеттер ұсынған ұсыныстарды жинақтауды жүзеге асырады;

2) шешімдер және ұсынымдар қабылдайды;

3) Жоғары кеңес пен Үкіметаралық кеңес қабылдаған шешімдерді және Комиссия Кеңесі қабылдаған шешімдерді орындайды;

4) Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттардың және Комиссия шешімдерінің орындалуына мониторинг және бақылау жүргізуді жүзеге асырады, сондай-ақ мүше мемлекеттерге оларды орындау қажеттігі туралы хабарлама жібереді;

5) атқарылған жұмыс туралы жыл сайын Комиссия Кеңесінде есеп береді;

6) Одақтың қалыптасуы, жұмыс істеуі және дамуы мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлейді;

7) мүше мемлекеттердің Комиссияға келіп түскен ұсыныстарына жазбаша түрде сараптамалық қорытындылар дайындайды;

8) мүше мемлекеттерге дауларды Одақ Сотына жүгінгенге дейін Одақ шеңберінде реттеуге жәрдемдеседі;

9) Одақ Сотын қоса алғанда, сот инстанцияларында Комиссияның мүдделерін білдіруді қамтамасыз етеді;

10) өз өкілеттіктері шегінде Тараптардың мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимылын жүзеге асырады;

11) Комиссияға келіп түсетін сауалдарды қарайды;

12) Комиссия Алқасы төрағасының ұсынуы бойынша Алқа мүшелерінің, лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің шетелдік іссапарларының кезекті жылға арналған жоспарын бекітеді;

13) Комиссия Алқасы төрағасының ұсынуы бойынша консультативтік комитеттерде қарастырғаннан кейін ғылыми-зерттеу жұмыстарының кезекті жылға арналған жоспарын бекітеді, Комиссия Кеңесін көрсетілген жоспар туралы хабардар етеді;

14) Одақ бюджетінің жобасын әзірлеуді және оның орындалуы туралы есеп жобаларын дайындауды жүзеге асырады, Комиссияның бюджеттік сметасының атқарылуын қамтамасыз етеді;

15) Комиссия Кеңесі қабылдайтын халықаралық шарттар мен Комиссия шешімдерінің жобаларын, сондай-ақ Комиссияның өкілеттіктерін іске асыру үшін қажетті өзге де құжаттарды әзірлейді;

16) белгіленген тәртіппен құжаттардың реттеуші әсерін бағалау рәсімін жүргізеді және осы рәсімнің жүргізілу мониторингі туралы жыл сайынғы есепті дайындауды қамтамасыз етеді;

17) Комиссия Кеңесінің, Үкіметаралық кеңестің және Жоғары кеңестің, сондай-ақ осы Шарттың 5-бабының 3-тармағына сәйкес құрылатын көмекші органдардың отырыстарын өткізуді қамтамасыз етеді;

18) Комиссия Кеңесіне Комиссияның лауазымды тұлғаларынан және қызметкерлерінен артықшылықтар мен иммунитеттерді алу туралы ұсыныстар береді;

19) Комиссия Кеңесі бекітетін тәртіппен Комиссия мұқтаждықтары үшін тауарларды жеткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге тапсырыстар орналастырады және шарттар жасасады;

20) Комиссия Кеңесі бекітетін таралуы шектеулі құжаттармен (құпия және қызметтік пайдалану үшін) жұмыс істеу тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді.

44. Комиссия Алқасы Комиссия Алқасының жанынан консультациялық органдар құруға құқылы, олардың қызметі мен жұмыс тәртібі Комиссия Алқасы бекітетін тиісті ережелерде айқындалады.

45. Комиссия Алқасы жанындағы консультациялық органдардың құрамына мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдері кіреді.

Мүше мемлекеттердің ұсынысы бойынша Комиссия Алқасы жанындағы консультациялық органдар құрамына бизнес-қоғамдастық, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар қосылады.

46. Комиссия Алқасы жанындағы консультациялық органдар өз өкілеттіктері шегінде олардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша Комиссия Алқасы үшін ұсынымдар әзірлеуді жүзеге асырады. Консультациялық органдардың отырыстарындағы консультациялық органдар мүшелерінің ұсыныстары мүше мемлекеттердің ұстанымы ретінде қарастырыла алмайды.

47. Комиссия Алқасы жанындағы консультациялық органдардың қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.

Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының уәкілетті өкілдерінің Комиссия Алқасы жанындағы консультациялық органдардың жұмысына қатысуына байланысты шығыстарын жіберуші мүше мемлекеттер көтереді. Бизнес-қоғамдастық, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, өзге де тәуелсіз сарапшылардың Комиссия Алқасы жанындағы консультациялық органдар жұмысына қатысуына байланысты шығыстарын аталған тұлғалар өз бетінше көтереді.

48. Комиссия Алқасы өз өкілеттіктері шегінде шешімдер, өкімдер мен ұсынымдар қабылдайды.

Комиссия Алқасы қабылдаған Комиссияның шешімдеріне, өкімдері мен ұсынымдарына Комиссия Алқасының Төрағасы қол қояды.

49. Комиссия Алқасының отырысы аптасына кемінде бір рет өткізіледі.

Комиссия Алқасының мүшелері отырысқа ауыстыру құқығынсыз жеке өздері қатысады. Комиссия Алқасы мүшесінің Комиссия Алқасының отырысына қатысуы объективті түрде мүмкін болмайтын жағдайда ол Регламентте белгіленген тәртіппен өз позициясын жазбаша баяндайды немесе өзінің позициясын қаралатын мәселе құзыреті аясына кіретін Комиссия департаменті директорының білдіру құқығын ұсынып, Комиссия Алқасы төрағасының келісімімен сенімхат бойынша беруге құқылы. Бұл ретте дауыс беру кезінде Комиссия департаменті директорының дауыс құқығы болмайды.

Алқа отырыстарына мүше мемлекеттен бір-бір өкіл қатыса алады.

Комиссия Алқасы мүшелерінің ең болмағанда біреуінің өтініші бойынша Комиссия Алқасы төрағасының шешімі негізінде кезектен тыс отырыстар өткізілуі мүмкін. Комиссия Алқасының отырыстарын өткізу тәртібі мен дауыс беру рәсімі Регламентте белгіленеді.

50. Комиссия Алқасы отырыстары күн тәртібі жобасының әрбір мәселесі бойынша құжаттар мен материалдар жиынтығы Регламентке сәйкес, бірақ Комиссия Алқасы отырысына дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын мүше мемлекеттерге міндетті түрде жіберіледі.

51. Комиссия Алқасының Төрағасы:

1) Комиссия Алқасының қызметін ұйымдастырады және өзіне жүктелген функцияларды орындауға жауапты болады;

2) кезекті кезеңге Комиссия Алқасы мен Комиссия Кеңесі отырыстары жоспарының жобаларын, Комиссия Алқасы мен Комиссия Кеңесі отырыстарының күн тәртіптерін, сондай-ақ тиісті материалдарды қоса бере отырып, Комиссия Кеңесінің отырысында тиісті отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 20 күн бұрын бекітілуге тиіс Жоғары кеңес пен Үкіметаралық кеңес отырыстары күн тәртіптерінің жобаларын белгіленген тәртіппен қалыптастырады.

3) Комиссия Кеңесіне, Жоғары кеңеске және Үкіметаралық кеңеске Комиссия Кеңесінің, Жоғары кеңестің және Үкіметаралық кеңестің шешімін талап ететін мәселелер туралы және оларды Комиссия Алқасының қарауы нәтижелері бойынша тиісті ұсыныстары бар өзге де құжаттар туралы баяндайды;

4) Комиссия департаменттерінің жұмыс тәртібін белгілейді, сондай-ақ Комиссия департаменттерінің жүргізу аясына кіретін мәселелерді айқындайды;

5) Комиссия Алқасының, Комиссия Кеңесінің, Жоғары кеңестің және Үкіметаралық кеңестің отырыстарын дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

6) Комиссия Алқасының отырыстарын жүргізеді;

7) Комиссия Кеңесінің отырыстарына қатысады;

8) Комиссия Кеңесінде Комиссия Алқасының атынан өкілдік етеді;

9) Комиссия Кеңесіне Комиссия Алқасы мүшелерінің келісуі бойынша Комиссия департаменттерін Комиссияның Алқа мүшелеріне бекіту жөнінде ұсыныстар береді;

10) бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өзара іс-қимыл тәртібін, Комиссия департаменттерінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің көпшілік алдында жария сөз сөйлеу және қызметтік ақпаратты беру қағидаларын айқындайды;

11) Комиссия атынан Одақ бюджеті қаражатына бас билік жүргізуші болады, Комиссияның бюджеттік сметасы қаражатына билік жүргізуші болып табылады, Комиссияның материалдық қаражатына билік етеді, азаматтық-құқықтық шарттар жасасады және сотқа қатысады;

12) конкурс нәтижелері бойынша Комиссия департаменттері директорларын және олардың орынбасарларын лауазымға тағайындайды және олармен келісімшарттар жасасады;

13) конкурс нәтижелері бойынша Комиссия атынан Комиссия департаменттері қызметкерлерімен еңбек шарттарын (келісімшарттар) жасасады;

14) Комиссия департаменттері туралы ережені бекітеді;

15) Комиссия Алқасы мүшелері арасынан Комиссия Алқасы Төрағасының міндетін уақытша атқарушыны тағайындайды;

16) Комиссия департаменттері директорлары мен олардың орынбасарларына қатысты жалдаушы өкілінің өкілеттігін жүзеге асырады, лауазымдық регламенттерді (нұсқаулықтарды) бекітеді, демалысқа жіберу кестелерін бекітеді, демалыс береді және іссапар туралы шешімдер қабылдайды;

17) осы Ереженің 36 және 37-тармақтарында баяндалған негіздер бойынша Комиссия Алқасы мүшесін кері шақырту туралы мүше мемлекеттердің өтініштерінде баяндалған фактілер бойынша тексерулер жүргізуді Комиссия Алқасының ұсынуы бойынша Комиссия Кеңесі бекітетін тәртіппен қамтамасыз етеді;

18) Комиссия Алқасы мен Комиссия департаменттерінің Регламентке сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де функцияларды атқарады.

52. Комиссия Алқасының мүшесі міндеттерді бөлуге сәйкес:

1) өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады;

2) оның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Комиссия Алқасы мен Комиссия Кеңесінің отырыстарында баяндайды;

3) Комиссияның жетекшілік ететін департаменттерінің қызметін үйлестіреді және бақылайды;

4) өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Комиссия Алқасының шешімдері мен ұсынымдарының жобаларын дайындайды;

5) өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттардың орындалуына мониторингті жүзеге асырады;

6) оның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша мүше мемлекеттердің Комиссия шешімдерін орындауына мониторингті жүзеге асырады;

7) өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Комиссияға түскен мүше мемлекеттердің ұсыныстарына жазбаша түрде сараптамалық қорытындылардың жобаларын дайындайды;

8) Комиссия Алқасының өкілеттіктері шегінде өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады (оның ішінде мүше мемлекеттердің билік органдарынан, заңды және жеке тұлғалардан өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты сұратады);

9) Комиссия Кеңесі қабылдайтын халықаралық шарттардың, Комиссия шешімдерінің және ұсынымдарының жобаларын, сондай-ақ өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Комиссияның өкілеттіктерін іске асыру үшін қажетті өзге де құжаттарды әзірлеуді қамтамасыз етеді.

10) жетекшілік ететін Комиссия департаменттерінің құжаттардың реттеуші әсерін бағалау рәсімін жүргізуге белгіленген тәртіппен қатысуын қамтамасыз етеді;

11) өзінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша Комиссия Алқасының жанында консультациялық органдар құру туралы ұсыныстарды Комиссия Алқасының қарауына енгізеді.

53. Комиссия Алқасының мүшелеріне артықшылықтар мен иммунитеттер, әлеуметтік кепілдіктер беруге, сондай-ақ еңбек қатынастары және міндетті мемлекеттік әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер 2001 жылғы 31 мамырдағы Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Әлеуметтік кепілдіктер, артықшылықтар мен иммунитеттер туралы ережесіне (Шартқа № 31 қосымша) сәйкес реттеледі.
IV. КОМИССИЯ ДЕПАРТАМЕНТТЕРІ
54. Комиссия департаменттері Комиссия Кеңесінің және Комиссия Алқасының қызметін қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Комиссия департаменттерінің құрамына лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер кіреді.

Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін жұмысқа қабылдау Шарттың 9-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

Комиссия департаменттерінің директорлары мен олардың орынбасарларын конкурстық комиссияның ұсынымы негізінде Комиссия Алқасының Төрағасы 4 жыл мерзімге тағайындайды.

Комиссия департаменттерінің директорлары мен олардың орынбасарлары мынадай талаптарды қанағаттандыруға тиіс:

мүше мемлекеттердің бірінің азаматтығына ие болуы;

лауазымдық міндеттеріне сәйкес келетін кәсіби дайындығы (біліктілігі) және кем дегенде 5 жыл жұмыс өтілінің болуы.

Комиссия департаменттері Комиссия Кеңесі бекітетін атқаратын лауазымына қойылатын тиісті біліктілік талаптарына сай келетін мүше мемлекеттердің азаматтары арасынан конкурстық негізде қызметкерлерден жинақталады.

Комиссия қызметкерлері жұмысқа Комиссия Алқасы Төрағасымен жасалатын еңбек шарттары (келісімшарттар) негізінде қабылданады.

Еңбек шартын (келісімшарт) жасасу, оны ұзарту және оны бұзудың негізін Комиссия Кеңесі бекітеді.

Кандидаттарға конкурсты өткізу тәртібінде көрсетілетін қосымша талаптар қойылуы мүмкін.

Комиссия қызметкерлері Комиссия Кеңесі бекітетін тәртіпте аттестаттаудан өтеді.

55. Комиссия департаменттері мынадай функцияларды іске асырады:

1) Комиссия Алқасы мүшелерінің қарауы үшін Одақтың жұмыс істеу мәселелері бойынша материалдар, шешімдер мен ұсынымдар (оның ішінде халықаралық шарттарды жасау және өзгерту жөнінде ұсыныстар) дайындауды жүзеге асырады;

2) нәтижелерін Комиссия Алқасы мүшелерінің қарауына ұсыну үшін мүше мемлекеттердің Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттардың ережелерін сақтауына, Жоғары кеңес, Үкіметаралық кеңес, Комиссия Кеңесі мен Комиссия Алқасы қабылдаған шешімдердің орындалуына мониторинг жүргізуді жүзеге асырады;

3) Одақ құқығымен реттелетін салаларда мүше мемлекеттердің әрқайсысының заңнамасына мониторинг және талдау жүргізу нәтижелері бойынша Алқа мүшелеріне ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады;

4) Одақтың жұмыс істеуі үшін қажетті халықаралық шарттардың жобалары мен өзге де құжаттарды дайындауды жүзеге асырады;

5) мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасайды;

6) Одақ бюджетінің жобаларын және оның атқарылуын туралы есептердің жобаларын дайындауды жүзеге асырады, Комиссияның бюджеттік сметасының жобасын әзірлейді және оның орындалуын қамтамасыз етеді;

7) Комиссияның Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарттардың депозитарийі функциясын орындауын қамтамасыз етеді;

8) белгіленген тәртіппен құжаттардың реттеуші әсерін бағалау рәсімін жүргізуге қатысады және осы рәсімнің жүргізілуіне мониторингті жүзеге асырады;

9) Одақ құқығын қалыптастыратын халықаралық шарттарда, Жоғары кеңестің және Үкіметаралық кеңестің шешімдерінде, Комиссия шешімдерінде айқындалған (оның ішінде олардың жұмысын ұйымдастыруға және Комиссия қызметін ақпараттық-техникалық қамтамасыз етуге бағытталған) өзге де функцияларды жүзеге асырады.

56. Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері халықаралық қызметшілер болып табылады.

Өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде қызметкерлер мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен лауазымды тұлғаларынан тәуелсіз және мүше мемлекеттердің билік органдарынан немесе ресми тұлғаларынан сұрата алмайды немесе нұсқаулар ала алмайды.

Әрбір мүше мемлекет Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің мәртебесін құрметтеуге және олар қызметтік міндеттерін орындаған кезде оларға ықпал жасамауға міндеттенеді.

Комиссияда жұмыс iстеген кезеңде Комиссияның лауазымды тұлғаларының және қызметкерлерінің өз өкiлеттiктерiнiң бүкіл мерзiмі ішінде оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметті қоспағанда, Комиссиядағы жұмысты басқа жұмыспен қоса атқаруға немесе өзге де ақы төленетiн қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

57. Комиссия Алқасының мүшелері, сондай-ақ Комиссия департаменттерiнің лауазымды тұлғалары және қызметкерлерi Комиссия Кеңесі айқындайтын тәртіппен және мерзiмде жыл сайын өз кірістері, мүлкі және мүлiктiк сипаттағы мiндеттемелерi туралы, сондай-ақ өз отбасы мүшелерінің (жұбайының (зайыбының) кірістері, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтерді Комиссияға ұсынады.

58. Комиссия Алқасы мүшелерінің, сондай-ақ Комиссия департаменттерінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің осы Ережеге сәйкес ұсынатын кірістері, мүлкі және мүлiктiк сипаттағы мiндеттемелерi туралы мәліметтер құпия сипаттағы мәлiметтер болып табылады.

59. Осы Ереженің 58-тармағында көрсетілген кірістер, мүлік және мүлiктiк сипаттағы мiндеттемелер туралы мәлiметтердiң жария етілуіне кінәлі адамдар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жауапты болады.

60. Осы Ереженің 58-тармағында көрсетілген Комиссия Алқасы мүшелерінің, Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерiнің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiнің кірістері, мүлкі және мүлiктiк сипаттағы мiндеттемелерi туралы мәлiметтердiң дұрыстығы мен толықтығын тексеру Жоғары кеңес бекiткен тәртіппен жүзеге асырылады.

61. Комиссия Алқасының мүшелері, Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерi Комиссия Алқасы мүшесінің, Комиссия департаменті лауазымды тұлғасының немесе қызметкерiнің жеке мүдделiлігі болуынан туындауы мүмкін мүдделер қақтығысын реттеу немесе болдырмау шараларын қолдануға міндетті.

62. Комиссияның лауазымды тұлғаларына және қызметкерлеріне артықшылықтар мен иммунитеттер, әлеуметтік кепілдіктер беруге байланысты мәселелер, сондай-ақ еңбек қатынастарына, міндетті мемлекеттік әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Әлеуметтік кепілдіктер, артықшылықтар мен иммунитеттер туралы ережесіне (Шартқа № 31 қосымша) реттеледі.


________________

Еуразиялық экономикалық

одақ туралы шартқа

№ 2 ҚОСЫМША



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет