Ғасырлар тоғысындағы Арал өңірінің демографиялық ахуалы



Дата01.05.2016
өлшемі264 Kb.
Ғасырлар тоғысындағы Арал өңірінің демографиялық ахуалы

Айтжан ОРАЗБАҚОВ

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қорқыттану және өлке тарихы»

ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары,

тарих ғылымдарының кандидаты


Киелі Сыр елі атам заманнан адамдар көптеп қоныс тепкен жер. Сырдария өзенінің арқасында бұл жерлерде ондаған қалалар орналасып, ондаған мың гектар жерлерде егіс егілген. Бір ғана мысал, Арал теңізі тартылып, Барсакелмес аралына дейінгі жерлер құрғап қалғанда оның табанынан бұрын игерілген орны айқын көрініп жатқан ондаған мың гектар жерлер, ол жерлерге су апаратын ені он метрден асатын бірнеше каналдардың орны көрінді. Бұған қоса осы жерлерден табылған қала орнында ені бір метрдей болатын көптеген диірмендер табылды. Бұл дегеніміз осы жерде мыңдаған, тіпті ондаған мың адамдар өмір сүргенін көрсететін дәлел. Бұл Сырдарияның ең төменгі ағысындағы жағдай, ал археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сырдың барлық бойында көптеген қалалар, ауылдар орналасып, онда суармалы егіншілікпен айналысқан ондаған, жүздеген мың адам тұрғаны анықталды. Кейін ол қалалардың көбісі тарихтың тәлкегіне қарай қирап, халықтың біразы көшпелі мал шаруашылығымен айналысса да, Сыр бойынан халық арылған емес. ХХ ғасырдағы Сыр бойы халқының көптеп қырылған кезеңі Кеңес үкіметінің орнап, алғашқы Перовскінің Кеңес төрағасы Гержоттың кезеңі болды. Мұстафа Шоқайдың «Туркестан под властю советов» атты еңбегінде Гержоттың кезінде Сыр өңірінде миллион қазақ қырылды деген мағлұмат бар. Бұл асырасілтеушілік болса керек, бірақ бұлай жазғанның өзі бұл өңірдегі қазақтардың көптеп қырылғанын көрсетеді. Бұдан кейінгі жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы ашаршылық, ұжымдастыру, Ұлы Отан соғысы жүздеген мың жерлестерімізді өлімге қиып, Сыр өңірінің демографиялық жағдайына кері әсерін тигізді. Алайда, «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы және Сыр өңірін паналаған басқа этнос өкілдері қиындықтарды бірге жеңіп, өңірдің экономикасын, әлеуметтік, демографиялық дамуына өздерінің күш-жігерлерін аянбай салып,Ұлы Отан соғысынан кейін өңірдің дамуына Сыр елінің азаматтарының көбеюіне жағдай жасады.

Осыдан 44 жыл бұрын 1959 жылы Қызылорда облысы халқының саны 324907 адам болатын. (1, стр,5) 40 жыл ішінде облыс халқы 108,9℅ өсіп, 2009 жылғы санақ мәліметтері бойынша 678794 адам болды. (2, 5 бет) Бұл жылдық 2,7℅ өсімді құрайды. Алайда, 40 жыл ішінде өсім біркелкі болған жоқ. 1959-1970 жылдары облыс халқы 51,5℅ өссе, 1970-1979 жылдары 14,2℅; 1979-1989 жылдары – 2,1℅; 1989-1999 жылдары – 3,8℅; 1999-2009 жылдары – 13,8℅, 2009-2013 жылдары 6,9℅ өсті.

Таблица №1. Қызылорда облысы халқының саны [1, стр 5 ; 2, стр 5]




1959 жыл

1970 жыл

1979 жыл

1989 жыл

1999 жыл

2005 жыл

2009 жыл

2013 жыл

1қаңтар


Барлығы

324907 100℅

492396 100℅

562191 100℅

574464 100℅

596215 100℅

678794 100℅

678794 100℅

725900 100℅

Қала халқы

148305 46℅

265866 54℅

345194 61℅

345782 60℅

360985 61℅

284248 42℅

284248 42℅

42%

Ауыл халқы

176602 54℅

226530 46℅

216997 39℅

228682 40℅

235230 39℅

394546 58℅

394546 58℅

58%

2011 жылы жарық көрген Қызылорда облысы статистика департаменті шығарған «Женщины и мужчины» атты статистикалық жинақтың 5-бетінде 2009 жылғы облыс халқының саны 689 794 адам деп берілген, ал бұдан кейін өткізілген санақ қорытындысында 678 794 адам делінген. Бірінші мәлімет 2009 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет болу керек, екіншісі 2 айдан кейінгі санақ қорытындысы. Менің ойымша зерттеушілерді шатастырмау үшін осының екіншісін ғана пайдалану керек. Екінші бір мәлімет осы еңбекте жарық көрген мәлімет, 15 жылдан кейін қайтадан Байқоңыр қаласы тұрғындарының саны беріле бастады. 2009 жылы Байқоңырда 38089 адам тұрады деп көрсетілген. 1994 жылдың 1 қаңтарында Байқоңырда 72,8 мың адам тұрыпты. [3, стр 3] Сонда Байқоңыр қаласының халқы 34,7 мыңға қысқарған ба я жинақта Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтарының ғана саны берілген бе белгісіз?

1959-1970 жылдардағы облыс халқының жоғарғы өсімінің негізгі себебі бұл жылдары табиғи өсімінің жоғары болуы және осының арқасындағы жанұялардағы балалардың көп болуы болды, әсіресе ауылдық жерлерде. 1979 жылы әрбір 1000 жанұяның 500-і бес я одан көп адамнан тұрған, 1989 жылы бұл көрсеткіш – 585 жанұя болса, 1999 жылы 614 болып, 2009 жылы 200 шамасына төмендеді. Бірақ бұл жерде көп балалы жанұяның санының қысқаруын тек көпбалалы әйелдердің санының азаюымен ғана байланыстыруға болмайды. Соңғы он жылда Қазақстан бойынша үй құрылысының жандануына, пәтерлерді ипотекаға алудың жеңілдеуіне, жеке тұрғын үй секторының кеңейюіне байланысты көп балалы аналар балдарын ертерек жаңа қоныстарға шығарып, бұрынғыдай 15-20 жыл пәтер кезегінде тұрып бір үйде 10-15 адам тұрып жатқан жоқ. ХХ ғасырдың 70 жылдары ауыл халқының қалаға көшуінің өсуіне, Арал экологиялық апат аймағы белгілерінің шыға бастауына байланысты, облыс тұрғындарының облыстан кету қарқынының өсуіне байланысты облыс халқы санының өсуі 50-жылдарға қарағанда күрт бәсеңсіп қалды.

80-ші жылдары облыс халқының өсу қарқыны ең төменгі деңгейде болды. Бұның негізгі себебін 80-ші жылдардағы облыстан басқа ұлт өкілдерінің көптеп КСРО-ның басқа аудандарына және Қазақстанның басқа облыстарына кетуімен байланыстыруға болады. 1979, 1989 жылдардағы 2 санақ аралығында облыстағы орыстар саны 68 929 адамға, кәрістер 3521-ге, татарлар 3778-ге, украиндар 11759-ға, немістер 1860-қа, белорустар 2739-ға қысқарды. Бас аяғы 10 жыл ішінде облыс халқы миграция есебінен 80 мыңнан астам басқа ұлт өкілдерінен айырылды. (1, стр. 14). Бұл басқа ұлт өкілдері бір бөлігі Сталиннің қаһарына ұшыраған бұрынғы Кеңестер Одағының әр жерінен ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары Қызылордаға күштеп қоныс аударылған халықтар еді.

1979-1989 жылдар аралығында облыс көлеміндегі басқа ұлт өкілдерінің азаюының негізгі себебі, облыстағы экологиялық жағдайдың нашарлауы, жастардың Ресейдің оқу орындарына, әсіресе әскери оқу орындарына түсіп елге қайтпауы, Кеңестер Одағы бойынша ашылған жалақысы көп комсомол жастар құрылыстарына кетіп туған жеріне оралмауы, «қалталы» азаматтарымыздың қаржы жағдайларын жасап алып республиканың Алматы сияқты ірі экономикалық, мәдени ошақтарына көшуі себеп болды. Осыған қатысты тағы бір нәрсе, облыстан тек басқа ұлт өкілдері ғана емес, сонымен қатар қазақ ұлтының өкілдері де балдарының болашағын, денсаулықтарын ойлап мыңдап кетіп жатты.

Осы жерде тағы бір айта кететін нәрсе, жоғарыдағы облыстан кеткен басқа ұлт өкілдерінің 3800 адамы, я 5℅ ауылдық жерлерден кеткендер. Бұдан көретініміз ертеден облыс көлемінде қоныс тепкен басқа ұлт өкілдерінің 90℅-дан астамы негізінен қалалық жерде тұрған және қазірде осы тенденция сақталуда.

ХХ ғасырдың 90 жылдары Қазақстанның нарықтық жүйеге көшуіне байланысты экономикадағы, әлеуметтік мәселелердегі жағдайлардың шиеленісіп өз шешімін таппауына байланысты жұмысссыздық, жалақының төмен болуы және уақытылы берілмеуі, инфляцияның қарқын алып, заттардың қымбаттауы басқа ұлт өкілдерінің Қызылорда облысынан кетуін жалғастырды. 90 жылдары облысқа келген басқа ұлт өкілдерінен кеткені 36 447 адамға артық болды, бұлардың 3671 - 10℅ ауылдық жерлерден кетті.

90 жылдары облыстан кеткен басқа ұлт өкілдерінің көбісі тарихи отандарына Ресейге, Германияға, Грекияға, Белорусияға, Татарстанға, Солтүстік Кавказға кетіп жатты. Бұл кезде Сыр өңірі қазақтарының да Қазақстанның басқа өңірлеріне көшуі жалғасып жатты.

ХХ ғасырдың 70-90-шы жылдарындағы Қызылорда облысынан кеткен миграциялық ағым өңірдің демографиялық ахуалына өзінің үлкен кері әсерін тигізді. Бұл миграциялық ағым болмағанда қазір облыс халқының саны миллионнан асар еді.

Жаңа ХХІ ғасырда облыс халқы алдыңғы 30 жылға қарағанда өсті. Бұл негізінен Қазақстан экономикасының тоқырау заманынан шығып, әлеуметтік проблемаларының шешіле бастауының арқасында болды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жалақы өсіп, балабақшалар көптеп ашылып, жаңа мектептер мен ауруханалар салынып, нәресте күтіміне бөлінетін қаржылар өсті. Осының арқасында ХХІ ғасырдың басынан бастап Қазақстанда, оның ішінде қазағы 95℅ құрайтын Қызылорда облысында дүниеге келген нәрестелер саны жылдан-жылға артып, облыс халқы 1999-2009 жылдар аралығында 13,8℅ өсті. (2, 5 бет) Бұл өсім тағы айта кету керек жанұясы бұрыннан көп балалы болып қалыптасқан қазақ ұлты өкілдерінің арқасында болды.

ХХІ ғасырда облыс халқының облыстан кетуі едәуір бәсеңсіді, бұның себебі Қазақстанның барлық өңірлерінде пәтерлер мен үйлердің бағасының өсуі, көп жерлерде пәтерлердің бұрынғыдай кезекке тұрып тегін берілу жүйесінің тоқтатылып, ипотекалық жүйеге көшуі себеп болды. Алайда басқа ұлт өкілдерінің облыс аймағынан кетуі тоқтаған емес. Басқа ұлт өкілдерінің саны облыста ХХІ ғасырдың алғашқы 10 жылында төмендеумен болды. Төмендеудің себептері: 1. Басқа ұлт өкілдері жастарының тарихи отанына я республиканың мәдени-экономикалық жағынан дамыған басқа облыстарына кетуі. 2. Облыстағы басқа ұлт өкілдерінің ішінде жастардың облыстан ертеректе кетуіне байланысты бала туу жасындағы азаматтардың аз болуы, олардың ішінде бала туу деңгейін түсірді. 1995 жылы облыста 34 585 басқа ұлт өкілі тұрса, 2009 жылы олардың саны 32 149 адам болып, 2436-ға қысқарды. Ал қазақтардың саны бұл кезеңде 85 015 адамға көбейді.Бұл жерде бір айта кететін жағдай Қазақстан тәуелсіздігін алған 20 жылда облыс халқы 2009 жылғы 678794 адамның орнына 773680-ге жетер еді, алайда 18 жылдағы миграцияның есебінен жоғалтқан 94886 адамның есебінен кеміп тұр.

2012 жылдың қорытындысы бойынша берген сұхбатында облыстық статистика департаментінің бастығы Бақыт Сапар облыс халқы 2013 жылдың 1 қаңтарында 725 900 адамға жетті деп мәлімдеді. Туу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы республикада төртінші орында, ал табиғи өсім жағынан үшінші орынды иеленді. (4,6 бет). 2009 жылғы санақтан кейін облыс халқының өсімі жылына 3℅ құрап, төрт жылда жеті пайызға өскен.

Қызылорда облысы бойынша дүниеге келген нәрестелер санының ең көп болған жылы - 1987 жыл. Бұл жылы дүниеге 20676 нәресте келген [5, 31 бет]. Бұдан кейінгі жылдары бала туу деңгейі азайып 2002 жылы 12429-ға дейін төмендеп, 2003 жылдан бастап дүниеге келген нәрестелер саны қайта өсе бастады. 2012 жылы Қызылорда облысында 20149 нәресте дүниеге келді.

Таблица №2. Қызылорда облысы бойынша дүниеге келген нәрестелер саны [6, 10 – 12 бет].






2002

2003

2004

2005

2006

2007

2008

2009

2010

2011

2012

Қызылорда облысы

12429

12491

13924

13897

15209

16491

17624

18660

19574

20109

20149

Қызылорда қаласы

3797

4010

4646

4853

5420

6171

6721

7079



7545

8015




Туылғандар ішінде Қызылорда қаласында туғандар үлесі

30℅

32℅

33℅

34℅

35℅

37℅

38℅

37℅

39℅

40℅



Қазақ қоғамындағы бала туу деңгейінің өсуін, кемуін кейбір демографтар тек қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайлармен байланыстырады. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Бұрын бала өлімі көп болғандықтан, қазақ шаруашылығы жұмыс күшінің көп болуын талап еткесін, жаудан қорғануға сарбаздар көптеп керек болғасын қазақ жанұясы көп балалы болған. Кеңес дәуірінде зейнетақы бәріне берілмейтін, тек 60 жылдары ғана жағдай өзгере бастады. Ондада ол кезгі көпшілік алған зейнетақы өте аз болуына байланысты көпшілік «балдарымыз өлтірмейді» - деген оймен жанұясының көп балалы болуын жалғастырды.

Ал ХХІ ғасырда экономикалық, әлеуметтік сұраныстар өзгергесін адам, оның ішінде әйелдер бала туып отыру орнына карьера жасауға, қаржы табуға ұмтылып жатыр. Көп бала туып, ертен көп уақытын солардың жағдайын жасауға жұмсау орнына, қазіргі ата-аналар психологиясы бойынша 2-3 бала туып,барлық күшін солардың тәрбиесіне, өсуіне, оқуына, жұмысқа орналасуымен карьера жасауына жұмсаған дұрыс деп отыр. Шындығына келгенде осы жорамалды тексеру үшін айналамыздағы жанұяларға назар салып көріңіз. 1989 жылғы санақ материалдары бойынша Қызылорда облысындағы басқарушылық қызметте отырған әйелдердің 40%-ын күйеуге шықпаған, ажырасқан я күйеуі қайтыс болған әйелдер құраған. Еркектер арасында бұл көрсеткіш 4% құраған. Бұл әйелдердің билікке араласуын шектеген Кеңес үкіметі кезеңі, ал қазір әйелдердің басшылық қызметке араласуы өте жоғары. Алайда бұл принцип ауылды елді мекендерде қаладағыдай кең тарамаған. Денсаулық орындарының қаладан көрі әлсіздігі, ауыл шаруашылығының көп жұмыс қолын қажет етуі және туылған балаға берілетін жәрдемақының бала көбейген сайын өсуі ауылды жерлердегі жанұялардағы балалар санының өсуін әліде қамтамасыз етеді.

Қазақ жанұяларындағы балдардың көп болуын қазақ менталитетімен, қоғамдағы экономикалық-әлеуметтік проблемалардың шешілуімен ғана байланыстыруға болмайды. Бұл жерде тарихымыздағы келеңсіз жағдайларға байланысты қалыптасқан бала туудағы серпінді де ескеру керек. Мысалы, Ұлы Отан соғысында жастардың көптеп қырылуы соғыстан кейін бала туу деңгейін төмендетті, ал соғыс алдындағы балдар есейгесін бала туу деңгейі күрт өсті. Осыған байланысты сол ұрпақтардың өсуіне сәйкес бала туу деңгейі де толқын сияқты бірде өсіп, бірде төмендеп тұрады.

Бұған қоса облыс халқы санының баяу көбеюінің тағы бір себебі, жасанды түсік жасау арқылы алынып, жарық дүниені көре алмай қалған балалар есебінен болып тұр. 2000-2005 жылдары республика бойынша жылына орта есеппен 129 мың әйел, облыс бойынша 2 283 әйел жасанды түсік жасаған. (7, 280 бет) Республика халқының 4 ℅ құрайтын Қызылорда облысы үшін республика бойынша жасалынған жасанды түсіктердің 1,8℅ әрине төмен, бірақ облыс халқының 95℅ қазақтар құрайтын ел үшін өте жоғары. Мысалы халықтың 42,1℅ қазақтар құрайтын Ақмола облысы халқы республика халқының 4,9℅ құраса, жасалынған жасанды түсіктердің 8,3℅ иемденген. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша бұл көрсеткіш мынадай 31,9℅,4,4℅6,0℅, Қостанай облысы 33,9℅,6,0℅,7,7℅.

Жасанды түсік жасау көрсеткіші Қызылорда облысының барлық аймақтарында бірдей емес.



Таблица 3. 2000-2009 жылдардағы Қызылорда облысындағы тууға қабілетті жастағы әйелдер арасында 1000 адамға шаққанда жасанды түсік жасаған әйелдер саны.[6,44 – 45 бет]






2000

2001

2002

2003

2004

2005

2006

2007

2008

2009

Облыс бойынша

18,9

16,2

13,7

12,1

11,2

11,2

9,1

8,9

10,5

11,3

Арал

8,8

11,2

10,4

9,4

9,7

8,0

8,2

8,5

8,1

9,3

Жалағаш

17,9

8,7

8,3

7,8

7,4

5,8

7,0

10,1

8,5

8,8

Жаңақорған

8,3

6,7

5,9

6,0

6,0

6,0

5,0

6,1

6,0

6,2

Қазалы

9,5

7,8

7,9

9,4

10,4

7,3

8,8

10,9

8,0

8,2

Қармақшы

10,3

17,0

8,6

11,2

11,6

10,4

14,1

12,9

12,3

12,6

Сырдария

7,1

6,0

4,8

5,4

6,4

5,4

5,5

3,7

6,1

6,2

Шиелі

5,7

7,8

8,7

8,5

7,4

6,4

9,8

9,8

12,4

12,2

Қызылорда қ.

37,5

28,4

23,0

18,5

15,6

10,7

10,5

10,8

13,2

13,4

Таблицадан байқап отырсаңыздар жаңа 21 ғасырдың он жылында облыс бойынша жасанды түсік жасау көрсеткіші төмендеген, бұның негізгі себебі әйелдер тарапынан жүкті болудың алдын алу шараларын жасап контрацептивтерді қолданудың өсуінде. Мысалы тек 2006-2010 жылдар аралығында презервативтерді пайдалану 12,6 пайызға өссе, Таблеткаларды пайдалану 10 пайызға өскен. Бұрын белгілі бір кезең аралығында жүкті болмас үшін иньекциялар салдыратындар саны күрт 50 пайызға азайды. Бұл әрине әйелдердің денсаулығын ойлайтын болсақ жақсы нәрсе, екіншіден әйелдер қазіргі ғылымға, медицинаға сеніп, өз денсаулықтарын күтіп, жанұясының көлемін өздері бұрынғыдай мүмкін – демей, нақтылай жоспарлауға қол жеткізеді, алайда бұл «жоспарлау» қазақ санының өсуіне емес кемуіне апара – ма деген күдік бар.

Жасанды түсік жасаушылардың санының Қармақшы ауданында он жыл бойы жоғары деңгейде болуын осы аудан териториясында Байқоңыр қаласының орналасуымен, ондағы аудан тұрғындарының Ақай, Төретам сияқты қалаға жақын елді мекендерде тұруымен байланыстыруға болады деп ойлаймыз. Себебі жасанды түсік жасаушылар саны қалалы елді мекендерде жоғары екені белгілі, оны Қызылорда қаласының көрсеткішінен көруге болады. Бұрынғы статистика мәліметтерінде аудан халқы екіге бөлініп, олардың аудан орталығында тұрса – қала халқы, ауылдық жерде тұрса – ауыл халқы деп көрсетілетін еді. Қазір облыс териториясындағы 3 қала Арал, Қазалы, Қызылорда халқы қала халқы болып саналады да, басқасы, ол Шиелі, Жосалы тағы басқа аудан орталығында тұрсада ауыл халқы боп саналуына байланысты көп мәліметтерді нақтылай айта алмай отырмыз. Аудандардағы жасанды түсік жасаған әйелдердің негізгі дені аудан орталықтарында тұрады деген ой бар.

2006 – 2010 жылдар аралығында жасанды түсіктер жасау саны Қазақстан бойынша 130,6 мыңнан 106,1 мыңға, 19 пайызға кеміген. [7.стр 47] Облыс бойынша өкінішке орай кему көрсеткіші республикадағыдай жоғары емес.сондықтан жасанды түсіктерді жасауға баратын әйелдер арасында осы мәселе төңірегінде, сақтану шаралары туралы әліде жан – жақты жұмыстар жүргізу керек.

Облыс халқы географиялық орналасуына байланысты ауыл және қала халқы болып екіге бөлінеді. Қазақстан тәуелсіздігін алуы қарсаңындағы 1989 жылғы санақ мәліметтері бойынша облыс халқының 60,5℅ - 360,985 адам қалық жерлерде, 39,5℅ - 235230 адам ауылдық жерлерде тұрған. 2009 жылғы санақ мәліметтері бойынша облыс халқының 41,9℅ - 284248 - адамы қала халқын құрап, 58,1℅ - 394546 адамы ауыл халқын құрады. Бұл жерде айта кететін мәселе, қала халқының кемуінің себебі қала халқы миграциялық қозғалысқа ауыл халқына қарағанда бейім. Соңғы 10 жылдағы миграция есебінен кеміген 94,886 облыс азаматтарының басым бөлігі осы қала халқы есебінен кеміді. Екіншіден, ауыл халқының өсуі ауылдағы туу көрсеткішінің жоғары болуынан және ауыл халқының облысаралық, мемлекетаралық миграцияға қатысуының төмендігінен. Ауыл халқы негізінен облыс ішіндегі миграцияға: ауылдан-ауылға, ауылдан – қалаға араласуда. Үшіншіден, 2009 жылғы санақ материалдарында Жалағаш, Жаңақорған, Жосалы, Тереңөзек, Шиелі кенттерінің халқы ауыл тұрғындары есебінде тұр. Ал бұған дейінгі статистика мәліметтерінде бұл кенттер халқы қала халқы болып саналатын. (8,3 бет).

Бұл бес кенттің халқын қала тұрғындары есебінен ауыл тұрғындары есебіне жатқызғаны дұрыс емес деп санаймын. Себебі көп жылдар бойы бұл өнеркәсіптері бар, инфрақұрылымы қалаларға тән елді мекендер қала типтес поселкалар саналып, қазіргі таңда қала статусы алынып ауылға жатқызылғаны қисынға келмейді.

Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылы облыс бойынша 7141 отбасы шаңырақ көтеріп некеге тұрған екен.(9. стр. 125) Бұл М.С.Горбачевтың «қайта құру» саясаты басталган 1985 жылдан бері көтеріліп шырқаған шегі болды . Бұдан кейінгі жылдары қоғамдағы әлеуметтік, әкономикалық жағдайларға байланысты және кеңес үкіметі кезіндегі қалыптасқан некеге тұру құндылықтарының мәнісінің кемуіне байланысты, бұрынғы некеге тұру міндеттілігі, оған қатысты қоғамдағы некелескендерге қарастырылатын жеңілдіктер формалары жойылғасын, кей азаматтар жанұя құрғанда некеге тұруды міндетті деп санауды қойып , некенің жаңа формаларына - азаматтық

некеге тұруға - яғни некесін ахаж бөлімінде тіркемей жанұя құруға, некелерін мешітте, шіркеуде тіркетуге көшті. Алайда статистикалық мәліметтерде некелескендер деп некелерін ахаж болімдерінде тіркегендер ғана көрсетіледі. Бұған қоса көптеген Қазақстан азаматтары қиын заман орнауына байланысты жанұя құруды кейінге ысырып өздерінің экономикалық, әлеуметтік жағдайларын жақсартуға көшіп бірінші кезекке жақсы жұмысқа орналасуды, қаржыларын жинап өз бизнесін ашуға, тұрмыстық жағдайын жақсартуға көшті. Бұл орайда ата-аналар тарапынан балдарының үйленуі кейінгі шегерілсе, балдары тарапынан жұмысқа тұру, карьера жасау, үйлі болу бірінші кезекке шықты. Осының әсері арқасында Қазақстан бойынша және Қызылорда облысы бойынша некелерін қиғандар саны 1992 жылдан кейін төмендеп кетті.

Қызылорда облысында бір ғана 1992 жылдың өзінде некелер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 983-ке қысқарды. Бұл Қазақстанның нарықтық қатынасқа көшкен жылы болды. Нарықтық қатынастың алғашқы жылдары Қазақстан үшін, Қызылорда облысы үшін өте ауыр тиді. 1993 жылы - 6110 неке тіркелсе, 1994 жылы 5011-ге дейін төмендеді. 1992-1994 жылдары некелер саны облыс бойынша жылына 710 - ға қысқарып отырды. 1991 жылы облыс бойынша 1000 адамға шаққанда 10,7 неке қиылса, республика бойынша 9,8 болды; 1992 жылы облыс бойынша 10,2 неке қиылса, республика бойынша 8,7 болды, 1994 жылы облыс бойынша бұл көрсеткіш 8,11 болды.[10, стр. 54]

Республика көрсеткіштеріне қарағанда облыс көрсеткіштерінің жоғары болуын облыста қазақ ұлты өкілдерінің үлес салмағының жоғары болуымен байланыстыруға болады. Себебі некесін АХАЖ бөлімінде тіркемей азаматтық неке формасында жұп болып бірге тұру қазақтарға қарағанда Республикадағы орыс тілдес халықтарға көбінесе тән. Алайда, жаңа нарықтық қатынас қазақ ұлты өкілдері көп тұратын Қызылорда облысынада қатты тиіп ұлттық құндылыктарының өзгеруіне әкелді. Осыған байланысты 1993 жылы некесіз дүниеге келген нәрестелер саны 1288 болса, келесі 1994 жылы 1400 - ге жетті(5, 53 бет). Осы туылған нәрестелердің ата-аналарынын 60% сол кезде некелерін қимай бірге тұрып жатқан жұптар болды. Қалған 40% өмірінің екінші жартсында жалғыз басты болып қалмауын ойлаған тұрмыс құрмаған жасы 30-дардан асқан қыздар және 20 жасқа дейін тұрмыс құрмай жүкті болып босанғандар құрады.

1995 - 2003 жылдар аралығында некелескен облыс азаматтарының саны жылына орташа алғанда 4390 жұп болды. Ал 2004 жылы некелескендер саны 5202 болып жылдан жылға өсуде болды. 2005 жылы - 5176,(7, 222 бет) 2006 жылы - 5642, 2007 жылы - 5749. 2010 жылы – 6749 (11, 2 бет), 2011 жылы – 6857 (12, 2 бет). 2012 жылы облыс бойынша екелерін АХАЖ бөлімінде тіркеп, жанұя құрғандар саны 6934 болып алғы жылмен салыстырғанда 1,13 пайызға көбейді. Некеге тұрғандар санының өсуін Республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жаңа ғасыр басында жақсарғанымен анаға, балаға деген үкімет тарапынан бірқатар жеңілдіктер мен әлеуметтік жәрдем ақылардың қарастырылуымен, тууына байланысты демалыс уақытынын ұзартылуымен, зейнетке шыққанда бала санына байланысты зейнет мерзімінін ерте берілуімен, көп балалы аналарға күміс, алтын алқанын берілуінің, олардың мәртебесінін көтерілуімен байланыстырамыз.

Қазіргі кезеңде көптеген мұсылман жастары некелерін мешітте қидыруға ниет білдіріп жүр. Халқының 96℅ жуығын қазақтар құрайтын Қызылорда облысы үшін бұл өте актуальді мәселе. Бірақ мешіттің берген неке қию анықтамасының заңдылық құқығы болмағандықтан мешітте қиылған неке ресми некесін қиғандар санағына ілінбей, некесіз тұрып жатқандар санатына енгізіліп, туылған балдары некесіз туылған болып саналуда. Осы орайда Испания, Чехия, Словакия елдеріндегідей шіркеуде қиылған некенің мәртебесінің басым екенін еске түсіріп, некелерін мешітте қиған шетелдегі мұсылман елдерінде ажырасулардың төмен екенін ескеріп, некенің құқықтық және заңдық жүйесін толыққанды рәсімдеу үшін Қазақстандағы діни бірлестіктерде АХАЖ бөлімін ашса дұрыс болар еді. Кезінде тарихтан білеміз, АХАЖ міндеттерін ауылсоветтерде атқарған кез болдығой. Бұл АХАЖ бөлімінің шығынын көбейтеді дегендер үшін мешіттегі АХАЖ бөлімі қызметкерінің жұмысы тек бір күн – жұмада болуымен шектеуге болады. Я болмаса дін өкілдерімен келісімге келіп мешіттің берген неке куәлігінің АХАЖ бөлімінде тіркеуден өтпесе заңсыз болатындығын екі жақтан некелесушілерге түсіндіру керек.

XXI ғасырдын бірінші он жылдығының соңында үйленген ер азаматтардың 71,16% жасы 20-29 аралығында болды, 90 жылдардың ортасында бұл көрсеткіш 80,5% болған. Бұдан көретініміз соңғы онжылдықта ер азаматтар арасында жасы 30 дан асқанда үйленетіндер саны көбейіп барады. Соңғы жылдары некеге тұрғандардың 16% 30 -34 жас аралығындағы ер азаматтар.

Сыр өңірі қыздарының - 11% 18-19 жас аралығында тұрмысқа шығады, қалада 10 %, ауылда - 12%; 54% - 20-24 жасында, қалада бұл көрсеткіш 52% , ауылда 59%; 25-29 аралығында, қалада 24%, ауылда 20%; 18-29 жас аралығында қыздардың 88% тұрмыс құрса; еркектердің 73% үйленген (13, стр 224).

Некелесу арқасында құрылған жанұялар біздің бүгінгі қоғамымыздың әлеуметтік, экономикалық, экологиялық т.б. проблемалары түйісіп жатқан кішкентай бір бөлігі болып табылады. Жанұя мәртебесі қиын 90 жылдардада, бүгінгі күндердеде қорғанып, алдындағы проблемаларын жұмылып шешіп келе жатқан қогамымыздың кішігірім, биік тұрған бөлігі болып саналады. Алайда жанұялардағы қарым-қатынастық проблемалар кейде шешуін таппай, жанұяның бөлінуіне - ерлі зайыптылардың ажырасуына әкеледі.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында облыста 369 ажырасу тіркелсе, соғыстан кейінгі 1946 жылы 5 ажырасу тіркелген.(14, стр 57) Соғыс, тылдағы қиындықтар, ер-азаматтардың аздығы жанұяны біріктірді, қатайтты деуге болады. 1985 жылы облыста 924 ажырасу тіркелсе, «Қайта құру» заманындағы еркіндік адамдарды біршама босатып жіберді. Ал одан кейінгі инфляция, дүкен сөрелерінін бос қалуы, айлықтың уақытылы берілмеуі, жанұялардың шайқалуына әкелді. Соның аркасында ажырасу саны жылына 6,9% өсіп 1991 жылы 1370 жұптың ажырасуына әкелді.(10, стр 57)

1992 жылы нарықтық қатынастың келуі, аз және уақытылы берілмейтін жалақы, азық-түліктің қымбаттауы, жанұяларды жұмылдырды деуге болады. Осының арқасында ажырасулар саныда азайды. 1992 жылы - 999, 1993 жылы - 965, 1994 жылы - 757 ажырасу тіркелді.

1994 жылы облыста тіркелген жұмыссыздар саны 6312 адам болды. 1995 жылдың 9 айында тіркелген жұмыссыздар саны 10457-ге жетті. Мыңдаған адам ақысыз демалыста болды. Бұл қиындықтар жанұяны одан сайын біріктірді. Ал 1993-1994 жылғы ажырасулар негізінен облыстан тарихи отанына я басқа облыстарға кетіп жатқан және құжаттарға сүйенсек орыс тілдес халықтар өкілдерінің ажырасуларын, құжаттарын заңдастыру арқасында болды.

21 ғасырдың басынан бастап ажырасулар саны жыл сайын 700-800 оқиға көлемінде болып Республика бойынша тіркелген ажырасулардың 2,2%-2,5% құрап отырды (бұл кезде Қызылорда облысының халқы Республика халқының 4% құрады).

1000 адамға шаққандағы ажырасулар Республика бойынша 1,99-2,14 оқиғаны құраса, облыс бойынша 1,16-1,31 оқиғаны құрады.

Ажырасулар қала және ауыл халқы арасында біркелкі болмады. Қалада бұл көрсеткіш жогары болса, ауылдық жерде жоқтың қасы.

Мысалы 2000-2005 жылдары облыста 4493 ажырасу тіркелсе оның 4435 – қалаларда я қала типтес поселкаларда тіркелсе, 58-і - ауылда тіркелген. Ауылдағы ажырасулар санының аз болуы негізінен қазақ ұлтының өкілдері тұратын ауыл қазақтарының менталитетінің арқасында деуге болады. Оны мына мысалдан көруге болады. 2005 жылы Қызылорда облысы бойынша ауылдық жерде 6 ажырасу фактісі тіркелсе, Алматы облысының ауылдарында - 1310, Шығыс Қазақстан ауылдарында 651, Солтүстік Қазақстанда - 594, Павлодарда - 315, Ақмола ауылдарында - 470 ажырасу фактілері тіркелді. Қызылорда облысы бойынша тіркелген ажырасулардың 98,7% қалада, 1,3% ауылда тіркелген. Ал бұл кезде қалада облыс халқының 59,5%, ауылда 40,5% тұрып жатты. Бұдан көретініміз ауыл халқының шыдамы жоғары, сұранысы қала халқына қарағанда әлдеқайда төмен, жанұяның ұлттық құндылықтары жақсы сақталған.

Ажырасқан облыс көлеміндегі жұбайлардың 21% - баласыздар; 42% -да 1 бала бар; 37% 2 я одан көп бала бар. Республика бойынша баласыз ажырасқандар - 36%, 1 баламен ажырасқандар - 43% , екі я одан да көп баламен ажырасқандар - 21% құрайды. Ажырасулардын облыс бойынша 21% баласыз жанұялар бұның негізгі себебін ерлі зайыптылардын тұқымсыздығынан көруге болады. Биология ғылымдарынын кандидаты С.Байқошқарованың зерттеуі бойынша Қазақстандағы ерлі-зайыптылардың 15-20% осы дертке шалдыққандар. Республиканың басқа аймақтарында баласыз ажырасқандар үлесі 30-37% құрайды. Бұл жерде жүбайлардың баласыз болуы тек дертіне ғана байланысты емес өмір үрдісіне де байланысты. Себебі көптеген жастар баланы дүниеге әкелер алдында өздерінің карьерасын, жағдайын жасап алуға тырысады. Сөйтіп уақытын өткізіп алады.

Ажырасулардың көбісі жанұяның алғашқы жылдары болады деген жаңсақ пікір бар, шындығына келгенде ажырасқандардың 29% отасқандарына 4 жыл болғанша ажырасқандар; 28% - 5-9 жыл отасқандар; 22% -10-14 жыл отасқандар; 12% - 15-19 жыл отасқандар; 9% - 20 жылдан көп отасқандар құрайды. (7, 223 бет)

ҚР бойынша соңғы жылдары тіркелген ажырасулардың 44% әйелдердің ұсынысымен, 56% ер азаматтардың ұсынысымен жасалған. 2009 жылы облыста 6125 неке қиылса 1304 ажырасу тіркелді, бұл дегеніміз 4,70 некеге бір ажырасудан келгені, 2010 жылы бұл көрсеткіш 6749, 1441, 4, 69-ды құраған, 2011 жылы 6857, 1451, 4, 73-тен келген. 2012 жылы облыстағы 6934 көтерілген шаңыраққа 1504 ажырасу фактісі келген, бұл дегеніміз 4,61 некеге 1 ажырасудан келеді екен. Байқап отырсаңыздар некесін қиған жұптардың саны көбейседе, ажырасу фактілері төмендер емес.

Көршілес Ресейде жүргізілген 2010 жылғы санақ мәліметтері бойынша жасы 16-дан асқандар ішінде ер азаматтардың 7,5 пайызын, әйелдердің 11,6 пайызын ажырасқандар құрайды екен. Ал еркектердің 8,15 пайызы, әйелдердің 6,72 пайызы некелерін АХАЖ бөлімінде заңдастырмай тұрып жатыр. Шамамен 6,5 некеге 1 некесіз тұрып жатқан жанұядан келеді.

Жоғарыда айтылғандарды саралай келе халқының 96% қазақтардан тұратын Қызылорда облысында некенің құндылығы басқа облыстарға қарағанда әлі жоғары денгейде екені көрініп тұр. Ал ажырасуларға келгенде облыстың қала халқы Қазақстанның басқа облыстарындай қазақтың жанұя құндылығын сақтап, дәріптеуден безіп, қиындықтарға шыдамдық танытпай Европалық үрдіске мойынсұнып, жанұя алдындағы туған проблеманы ажырасу арқылы шешуге бел буғаны көрініп тұр. Алайда қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы заманның қиындығына төтеп беріп, ұлттық жанұя құндылығын сақтап отырғаны көрініп тұр.



Қарап отырсаңыздар Қызылорда облысының халқы 1959 жылғы санақтан кейін 124 пайызға көбейген, ал Қазақстан халқы 83 пайызға көбейген, бұл негізінен туу көрсеткіші жоғары қазақ ұлты есебінен болып отыр.Қызылорда облысының халқы қазіргі 725 мыңнан да көп болар еді, алайда жоғарыда атап өткендей кері миграцияның әсерінен төмендеп қалды. Қазіргі таңда кері миграцияның әсері азайған жағдайда, облыс халқының туу көрсеткішінің өсіп, табиғи өсімінің көтерілген жағдайында облыс халқының саны 2035 жылға қарай 1 миллион адамға жетеді деген сенім бар. Қазақстан экономикасы өсіп, кеңейіп жатқан заманда бізге жақын болашақта жаңа жұмыс күштері керек болады. Германия, Франция сияқты алдыңғы қатарлы Еуропа елдері жұмыс күшінің жетіспеушілігіне байланысты Түркия, Африка, Индия азаматтарына жұмыс беруге мәжбүр болып өз елінде этносаралық проблемаларды туғызып отыр. Осыдан 4 жыл бұрын сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев парламентте сөйлеген сөзінде «Қазірдің өзінде Қазақстанда тіркеліп жұмыс істеп жатқан 500 мың шетел азаматы бар», - деді. Бұл тіркелгені, ал тіркелмегені қанша? Ондайлардың барын күнделікті теледидардан Қазақстанда заңсыз жүрген шетел азаматтарын автобустармен отанына жіберіп жатқанынан көреміз. Еуропадағыдай жағдай бізде қалыптаспас үшін қазір мемлекетіміз демографиялық саясат мәселесіне баса назар аударуы қажет.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Итоги перепеси население 1999 года по Кызылординской области. Алматы, 2000, Т.1.

  2. 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халық санағы. Қысқаша қорытындылар. Астана, 2010.

  3. Численность населения Республики Казахстан по областям, городам, рабочим поселкам и районам на 1 января 1994 года, Алматы., 1994.

  4. Бердібаев Б., 725900 Қызылордалық бар. «Сыр бойы» газеті., 2013ж.№7-8

  5. Серікбаева М., Қызылорда облысының демографиялық ахуалы (1985-2007 ж.ж) Магистрлік диссертация, Қызылорда., 2009 ж.

  6. Қызылорда облысының әйелдері мен ерлері., Қызылорда., 2010 ж.

  7. Қазақстан өңірлерінің демографиялық жылнамалығы. Алматы, 2006.

  8. Демографиялық статистиканың негізгі көрсеткіштері., Қызылорда, 2010.

  9. Уразбаков А.Д. История социально-экономического процесса в зоне экологического кризиса Приаралья второй половины 80-х - первой половины 90 х - годов XX века (на примере Кызылординской области). Алматы, 1997.

  10. Региональный статистический ежегодник Казахстана за 1992 г. Алматы, 1993,

  11. 2010 жылғы Қызылорда облысы халқының табиғи қозғалысы. Қызылорда, 2011.

  12. 2011 жылғы Қызылорда облысы халқының табиғи қозғалысы. Қызылорда, 2012.

  13. Демографический ежегодник регионов Казахстана, Алматы, 2006.

  14. Динамика населения по годам, по Кызылординской области. Кызылорда; 1987; стр.




Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет