Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы, профессор М. Хамзин Ресми оппоненттер



бет1/3
Дата28.04.2016
өлшемі462.16 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3
Жұмыс Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,

профессор М.Хамзин



Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы, профессор Ө.Әбдиманұлы
филология ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Әбілхамитқызы
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Диссертация 2010 жылы «27» мамырда сағат 14.00-де Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі 10.01.02 – қазақ әдебиеті және 10.01.07 – салыстырмалы әдебиеттану мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д14.31.03 Диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.
Мекенжайы: Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 5

Диссертациямен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы «26» сәуірде таратылды

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы М.Б. Шындалиева



К І Р І С П Е
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазіргі әдеби үдерістегі прозаның көркемдік жүйесінде жаңашыл соны ізденістер жанрлық форма жағынан ғана емес, мазмұндық тұрғыдан да құнарланып, ішкі құрылымдық мүмкіндігін де молайта түсті. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары қазақ әдеби процесі үшін аса өнімді жылдар болғаны мәлім. Қазақ прозасында қоғамдағы терең қайшылықтар мен рухани-психологиялық, адамгершілік, адам мен табиғат сабақтастығы мәселелері уақыт мінберінен орын алды. Диссертациялық жұмыстың нысанына айналған қаламгерлер шығармаларынан жалпыадамзаттық құндылықтар қатарынан ойып тұрып орын алатын ұлттық руханиятты, оның ішінде қазақ әдебиетінің жеткен жетістіктерін бүгінгі тәуелсіз ел биігінен саралап, зерделеудің маңызы айрықша. Қоғамда, сол қоғамды құрайтын адамдар ой-санасында үлкен өзгерістер, жаңарулар пайда болды. Қазіргідей күн тәртібіне өткір түрде қойылмаса да, сол кездің өзінде–ақ қаламгер жанын мазалаған аса күрделі мәселенің бірі – адам мен табиғат байланысы проблемасы болғанын байқау қиын емес. Диссертациялық жұмыс роман жанрындағы адам тұлғасының сомдалуын, олардың болмыс-бітімін, тыныс-тіршілігін, мінез-құлқын, айнала қоршаған ортамен үйлесімділігін жан-жақты талдауға арналады.

Тақырыптың өзектілігі. Қай заманда болса да суреткер өз заманының перзенті болатыны мәлім. Ол өз айналасындағы, қоғамдағы болып жатқан жайттарға бей-жай қарай алмайды. Қазақ қаламгерлері де сол кеңестік кезеңдегі экономиканы дамытамыз деген желеумен жүзеге асқан, сөйтіп, адам мен табиғат арасындағы табиғи үйлесімділіктің бұзылуына наразы болды, шама-шарықтарынша жар салып, өзгеге жан айқайын жеткізуге тырысты. Қаламгер жан әлемін мазалаған жайттардың шыңғырған шындыққа ұласуын, көркем туындыға айналуын мәселенің бір жағы десек, сол шығармаларды талдау, ғылыми тұрғыдан бағалап, айналымға қосу - әдебиеттану ғылымының басты міндеті. Бұл - мәселенің екінші жағы.

Адам пиғылынан туындап, адам мен табиғат, адам мен қоғам арасындағы үйлесімнің бұзылуын арқау еткен шығармалар бұрыннан да бар. Әдебиет - адамтану ғылымы. Оны қоғамнан тыс алып қарастыруға болмайды. Қазір барша адамзат баласын толғандырып отырған мәселе-әлемдегі жаһандану үдерісі. Бұл үдерісте материалдық игілік, байлықтың бірінші қатарға шығып, рухани игіліктің кейінге ысырылатыны мәлім. Алпауыт, қуатты елдер қатарында бола алмай, аз ұлттардың жойылып кету, жұтылып кету қаупінің барлығы да жасырын емес. Сондықтан да қасиетті Отан, туған жерден бастау алатын діл, тіл, дін сияқты ұғымдардың, ұлттық рухтың биіктігін жалпақ әлемге жария етудің кезегі келді. Адамның пиғылы, ниет-ықыласы, барша болмысы руханият мұрасынан бастау алады. Міне, тақырып өзектілігін айтқанда, аталмыш еңбектің күн тәртібіне өткір түрде қойылып отырғанын да баса айту қажет.



Зерттелу нысаны. Зерттеу нысанына арқау етіп А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Ә.Нұрпейісовтің «Сең», «Соңғы парыз», М.Мағауиннің «Шақан-шері», «Сары қазақ», Қ.Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты», «Тұйық», Д.Досжанның «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» романдары алынды.

Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың негізгі мақсаты– адам мен табиғат байланысының көрінісін ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы қазақ романдарында көрініс табуын талдау болғандықтан, аталмыш мақсаттар үдесінен көріну үшін төмендегідей міндеттер алдыға қойылды:

- қазақ романшылары А.Нұрманов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Қ.Ысқақов, Д.Досжанов романдарындағы авторлық ұстаным мен көркемдік шешім арасындағы байланысты диалектикалық тұрғыда саралаудан өткізу;

- қазақ романының ғана емес, жалпы проза жанры ауқымында дүниеге келген туындылардың адам мен табиғат байланысын кескіндеуге ұмтылуы, келе-келе аталмыш өзекті проблеманың ауқымды эпикалық сипаттағы шығармалардың арқауына айнала бастауының қайнар көзін қаламгер мен ол ғұмыр кешкен орта байланысынан іздеу, ғылыми пайымдаулар жасау;

- 1970-80 жылдар қазақ прозасындағы адам мен табиғат қарым-қатынасы үйлесімінің бұзылуының әдеби дәстүр жалғастығы сипатын ашып, жаңашыл тенденцияларды айқындау;

- эстетикалық талғамды қалыптастыруда философиялық тереңдіктің табиғат пен адам арасындағы байланыста көрініс табуын зерделеу;

- әр қазақ романшысының туындысындағы ортақ мақсатты орындау үшін қолданылған тәсілдерді талдау, яғни әр шығарманың көркемдік-эстетикалық өре-деңгейіне ғылыми талдау жасау;



- қаламгер алдына қоғам тарапынан қойылған өзекті проблема адам-табиғат-қоғам үйлесімділігін шешудегі суреткер «менінің» әлеуметтік маңызы басым мәселе шешімімен ұштасуындағы жайттарға саралау жүргізу;

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысында ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы қазақ әдеби үдерісінде өзіндік орны бар, адам характерін ашуда жалпыадамзаттық проблемаларға яғни адам, табиғат, қоғам қарым-қатынасы мәселелерін саралап, өз жан айғайымен баршаға үн қатқан қаламгерлер: А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» (1987), Ә.Нұрпейісовтің «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999), М.Мағауиннің «Шақан-шері» (1993), «Сары қазақ» (1993), Қ.Ысқақовтың «Тұйық» (1975), «Ақсу – жер жаннаты» (1989), Д.Досжановтың «Зауал» (1975), «Дария» (1976), «Табалдырығыңа табын» (1980), сондай-ақ қарастырылып отырған проблемалардың өзге ұлттар әдебиетіндегі проза жанрында бой көрсеткені, яғни бұл мәселенің бұрын да, қазір де аса өзекті жайтқа айналып отырғаны дәйектелді.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ романдарындағы адам мен табиғат сабақтастығы арнайы зерттеу нысанына алына қоймағанмен, адамзат қоғамындағы аса өзекті мәселені ғылыми еңбектеріне арқау еткен, роман поэтикасының жекелеген мәселелері жөнінде жазылған төмендегі ғалымдар еңбегін атауға болады: Н.Джуанышбековтің «Әдебиетті оқытудағы салыстырмалы-типологиялық мәселелер», С.Айтуғанованың «Шағын прозадағы адам мен табиғат концепциясы», А.Рамазанованың «Қазіргі қазақ повестеріндегі адам мен табиғат қарым-қатынасы мәселелері (70-80 ж.ж.)», С.Сейденованың «Д.Досжанов прозасындағы адам концепциясы», Р.Сабырбаеваның «Қалихан Ысқақов прозасы», А.Мұхамеджанованың «Мұхтар Мағауиннің жаңа прозасы» т.б.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертациялық еңбектің теориялық және әдіснамалық негізі ретінде роман, жалпы прозалық шығармалар жайлы жазылған алыс және таяу шетел ғалымдарының, қазақ әдебиеттану ғылымындағы өзіндік орны бар А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Р.Бердібаев, С.Қирабаев, З.Қабдолов, М.Қаратаев, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, Б.Майтанов, Т.Жұртбай, Ж.Дәдебаев, Т.Рахымжанов, Т.Сыдықов, Ө.Әбдиманұлы, Қ.Алпысбаев, Р.Тұрысбек, Х.Рүстемова, С.Тахан, М.Хамзин, Қ.Әбдезұлы, Ғ.Есім т.б. еңбектері алынды.

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. А.Нұрманов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Қ.Ысқақов, Д.Досжанов романдарын адам мен табиғат қарым-қатынасын проблема етіп көтеру тұрғысынан зерттеу осы қаламгерлердің шығармашылық даралығынан ғана емес, 70-80 жылдардағы ұлттық әдеби үдерістің негізгі даму бағыттарынан да мол хабардар етеді. Зерттеудің ғылыми нәтижелері мен қорытынды тұжырымдарын қазақ әдебиетінің тарихына, әсіресе, 1970-80 жылдардағы кезеңіне арналған жалпы курстарда, сондай-ақ арнайы курстар мен арнайы семинарларда пайдалануға болады.

Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының барысында талдау, баяндау, жүйелеу, салыстырмалы, жинақтау, қорыту әдістері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Ә.Нұрпейісовтің «Сең», «Соңғы парыз», М.Мағауиннің «Шақан-шері», «Сары қазақ», Қ.Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты», «Тұйық», Д.Досжанның «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» сияқты романдарындағы адам мен табиғат қарым-қатынасы бұрын зерттелмеген тың тақырып ретінде зерттеудің басты ғылыми жаңалығын негіздейді. Диссертациялық жұмыста жоғарыда аттары аталған қазақ қаламгерлерінің өз өре-деңгейінің ауқымында жалпыадамзаттық өзекті проблемаға қосқан үлесі анықталды. Яғни әлемдік деңгейдегі шешуі күрделі мәселеге деген қазақ жазушыларының қарым-қатынасы оның эстетикалық идеалы арқылы зерделенді. Көркемдік-эстетикалық ерекшеліктер А.Нұрмановтың «Құланның ажалы», Ә.Нұрпейісовтің «Сең», «Соңғы парыз», М.Мағауиннің «Шақан-шері», «Сары қазақ», Қ.Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты», «Тұйық», Д.Досжанның «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» шығармалары негізінде нақты талданып қарастырылады. Әр қаламгердің романындағы образдар жүйесінің адам, табиғат қарым-қатынасын ашуда атқарған қызметі, суреткер дүниетанымы мен көркемдік ойлау арасындағы тұтастық кең түрде сараланды. А.Нұрманов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Қ.Ысқақов, Д.Досжан сынды суреткерлер романындағы мәтінді егжей-тегжейлі зерттеу арқылы қаламгерлердің көркемдік әлеміне үңілу мәселесі жүзеге асты. Романдар сюжетіндегі себеп-салдар, адам пиғылынан туындаған алапат жайттар, олардың әр образдың ғана емес, әр суреткердің жан әлеміндегі бұлқыныс пен буырқанысқа алғышарттар жасауы, осыдан келіп, Тіршілік иесі адамның барша болмысына, ішкі дүниесіне үңілудің қыр-сыры жан-жақты зерделенді. Осындай сараптаулар мен ғылыми тұрғыда жүйелеу тұтаса келіп, жұмыстың ғылыми жаңалығын құрайды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Қазақ қаламгерлері А.Нұрманов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Қ.Ысқақов, Д.Досжанов романдарының тақырыптық-идеялық құндылығы олардың дүниетанымындағы ұлттық мүддені жалпыадамзаттық проблемалармен бір тұтастықта қарастырған сипаттарымен ерекшеленді.

-аталған қаламгерлердің өзекті мәселені арқау еткен осынау романдары өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы әдеби үдеріске өзгеше леп, тың өзгерістер әкелген туындылар болып табылды.

- А.Нұрманов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Қ.Ысқақов, Д.Досжанов романдарының өзекті проблема – адам, табиғат қарым-қатынасын арқау етіп алуы белгілі дәрежеде табиғатты көркейтіп, аялайтын да немесе бүлдіріп, қирататын да Адам атты тіршілік иесі екендігін саралап, бұл мәселеде оның сана деңгейінің үлкен рөл атқаратынына айрықша назар аударғаны нақтыланды.

- аталған романдардағы өзекті проблемалар – адамзат қоғамындағы сана, уақыт, заман сияқты ұғымдардың өзгеруі, жаңару, жандану нәтижесі екендігі тұжырымдалды.

- қаламгердің эстетикалық идеалынан туындайтын көркемдік тәсілдер жүйесі сол тұстағы ұлттық әдеби үдерісте маңызды орынға ие болды.

- адам, табиғат қарым-қатынасы мәселесі адамдар іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, пиғыл-ниеті арқылы ашылып, кейіпкер даралығын кескіндей алды.

- қоғамнан теперіш көрген қаһарманның табиғат–анамен сырласып, соның аясынан пана табуында жатсыну элементтері берік орын алғаны пайымдалды.

- романдары зерттеу нысанына алынған қаламгерлердің шығармашылық тәжірибесіндегі көптеген туындыларында адам мен табиғат сабақтастығы түрлі тәсіл және шығармашылық әдіс ретінде жетекші қызмет деңгейіне көтерілген.



Зерттеу жұмысының сарапталуы, мақұлдануы мен жариялануы. Диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұны, нәтижелері мен тұжырымдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы қадағалау комитеті белгілеген ғылыми басылымдарла жарық көріп, халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар материалдарында баяндалды.

Диссертациялық жұмыс Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедраларында талқыланып, қорғауға ұсынылды.



Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысының негізгі міндеттеріне сәйкес диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі және мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық мәні, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, жұмыстың жариялануы мен талқылануы туралы сөз болады.

Диссертацияның «Авторлық ұстаным және көркемдік шешім» деп аталатын бірінші бөлімінің «Романдардың тақырыптық-танымдық сипаттары» тақырыбындағы тараушада қазақ романдары туралы ғалымдардың пікіріне сүйене отырып, қаламгерлер романдарындағы адам мен табиғат байланысының көрінісін ашу көзделеді. Қазақ прозасының жаңа көркемдік-эстетикалық биік өредегі ұлттық және адамзаттық өзекті тақырыптарға дендей енуі заңды құбылыс болғандығы, роман жанрында адам, қоғам, табиғат мәселелерін терең суреттеуде маңызы зор екендігі сараланады. Соның ішінде мұрат-мақсаты айқын авторлық ұстаным, суреткерлік шеберліктегі шыңдалу қазақ романының тақырыптық-идеялық өзегіне соны сипат дарытты. Дүниетаным, эстетикалық идеал ауқымында қаламгерге барынша айқын танылатын ақиқат өмір жазушының идеялық көзқарасын айқындаса, жоғарыдағы қос ұғыммен қабаттаса отырып, сана өзгерісіне, бұлқынысы мен буырқанысына, қобалжуы мен қорқынышына себепкер болатын аса ауқымды жайттарды қаламгердің ақ қағаз бетіне түсіруі бірінші кезекке авторлық ұстанымды шығарады. Шығармашылық жол - өмірді образбен бейнелеп, көркем шындық жасау жолы.

Адамның ішкі-сыртқы қайшылықтарын бірлікте кескіндеу, әлеммен, өзі ғұмыр кешіп отырған нақты қоғаммен біртұтас сипатта қарастыру, адам феноменінің өміршең ғана емес, сонымен қатар, бүлдіруші, қиратушы қасиеттеріне де сын көзбен үңілу әдебиетті жасаушылардың басты назарында болды. Ал, ол жайт өз кезегінде авторлық ұстаныммен астасып, қаламгер алдына нақты мақсат-міндеттер қойылуына мүмкіндіктер туғызды деп айтқан абзал. Бұл ретте сол кездегі КСРО әдеби даму үдерісіндегі ортақ тенденцияларды да назардан тыс қалдыруға болмайды. Ғылым мен техниканың жедел дамып, адам тұрмысында ақпараттар тасқыны күшейген тұста адамгершілік-рухани негіздерді жалпыадамзаттық гуманизм тұрғысынан бағамдау орыс қаламгерлері В.Астафьев, С.Залыгин, Г.Коновалов, Ф.Абрамов, В.Шукшин, В.Распутин сынды жазушылардың басты бағыттары болып саналды. Бұл мәселе орыс әдебиетіндегі «деревня прозасы» немесе «ауыл прозасы» бағытындағы суреткерлер шығармашылығынан байқалған әдеби үдеріс келесі бағдарда дамыды. Көркем туындыларда жаңа қоғамдық өзектілік пен адамның азаматтық әлеуетін сабақтастыруда талап жоғарылады. Туындылардағы кейіпкерлердің ішкі әлеміне үңілу айналадағы қоршаған орта мен адамдар арасындағы байланысты зерттеу қажеттілігін туғызды. Орыс жазушылары Ф.Абрамовтың «Пути-перепутья», В.Астафьевтің «Пастух и пастушка», «Последний поклон», «Царь-рыба», С.Залыгиннің «Соленая Падь», Г.Коноваловтың «Истоки», «Былинка в поле», В.Шукшиннің «Любавины», «Я пришел дать вам волю» тағы басқа туындыларында кеңес уақытындағы қарапайым деревня өмірі, еңбекші қауымы түрлі нақышта суреттелді. Қазақ романдарының көркемдік құрылымындағы адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас, тартыс желісі характерлерді типтендірудің басты құралы ретінде суреттеліп отырған кезеңнің рухани бейнесі тұрғысынан пайымдалады.

Адамзат баласы тек қана қоғаммен ғана емес, табиғатпен де байланыста. Сондықтан да оның әдебиеттегі алатын орны ерекше. Бұл жоталы мәселелер әр кез қаламгерлерді жаңаша көркемдік танымда үнемі толғандырып отырды. Міне, бұл тұрғыда «Құланның ажалы» - көркем әдебиетте бедерлі суретпен жасалған тарих. Құланның әр сөзі, әр адымы, әрбір қимылы автордың психологиялық елегінен өткен. Оның жақсылығы басым. Ол жақсылық – кейіпкердің адалдығында. Роман бастан-аяқ Құлан ойына, сезім-сезігіне құрылғандықтан психологиялық дүние болып табылады. Автордың өз баяндауы да сол Құланның ой-сезігіне тоғысып, астасып, араласып кеткен.

Қаламгер Ақан Нұрмановтың айрықша зерттегені – адам жаны, оның ішкі әлемі. Құланның таным көзі мен көзқарас тұрғысынан дүниеге үңілуі жазушы сол бір алмағайып заманның қыр-сырын кескіндеуде түрлі тәсілдерге, көркемдік, эстетикалық әдістерге баруға мүмкіндік берген. Автор шеберлігінің көрінетін бір тұсы Құлан секілді ақ көңіл, ер адамдардың психологиялық хал-ахуалын терең ашуында. Табиғат пен адам арасындағы тұтастық сыры бұл шығармада эстетикалық әдеміліктің, сұлулықтың терең тамырларынан нәр алып жатқанын қаламгер әсерлі жеткізеді. Суреткер Құлан бейнесінің табиғатқа қарым-қатынасы арқылы айқындалатын батырлық, рухани тазалық, жан сыры сияқты асыл ұғымдардың сырын ашса, адамгершілік пен имандылыққа, қанағат пен ынсапқа сызат салған менмендік, тоғышарлық сынды кесел жайлай бастаған қоғамдағы қылмыс пен жаза сынды көркемдік концепцияда Ә.Нұрпейісов туындыларының алатын өзіндік орны бар деу толық негізді. Осыған орай қазіргі қазақ прозасында еңбек еткен қаламгерлеріміздің бірі Ә.Нұрпейісов шығармаларында адам мен табиғат қарым-қатынасы мәселесі туралы ой қозғау, пікір білдіру басты мақсатымыздың бірі болып отыр. Көркем туындыларда табиғат суреттемелерінің алатын орны туралы зерттеуші Б.Майтанов: «Көркем туындыдағы пейзаждың функциясы үш түрлі арнаға саяды. Сюжеттік орайда ол - оқиғаның, уақыттың өлшемі. Композициялық тұрғыда ол көркемдік жолмен қабылданған әлемнің тұтастығын білдіреді. Шығармалардың идеялық-мазмұндық астарларына қарасты ол характерологиялық міндеттер атқарады»- деп пікір білдірген [1,334-б]. Ә.Нұрпейісовтің «Сең», «Соңғы парыз» романдарының өзегінде жатқан адамгершілік мәселесін адам мен табиғаттың, сол қоғам адамдарының айналадағы табиғатқа қарым-қатынасы арқылы танытуға ниет еткені байқалады. Қаламгер қазіргі жаһандану заманында дүниедегі адам мен табиғаттың, адам мен адамның, адам мен қоғамның арасындағы гармонияның жойылып бара жатқанынан хабардар еткен.

Авторлық ұстаным жалпыадамзаттық алапат жайттардан бастау алғанын ерекше айтқан жөн. Ал, қазақ қаламгерлерінің осынау жайттарды кескіндей отырып, өз романына арқау еткені оның азаматтық позициясынан, авторлық идея - ұстанымынан туындағанын айтқан абзал. Осы сипаттағы өзекті қоғамдық мәселелермен қатар барша адамзат баласын алаңдатқан, әлі де алаңдатып келе жатқан Арал мәселесіне қаламгерлердің назар аударуы мейлінше қажет еді. Қаламгер Ә.Нұрпейісовтің авторлық ұстанымының көрінетін тұсы да осы. Өз ұстанымын қаламгер адамзат үшін ең кеселді дерт, алапат зілзала-экологиялық зардаптарды шынайы шындықпен айтуы арқылы көрсете алған Жазушы табиғат экологиясы мен адам жанының экологиясын домбыраның қос шегіндей байланыста ұстауға тырысады. Себебі, табиғат экологиясын бұзушы – адам.

Академик Р. Нұрғали «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» атты еңбегінде: «…ХХ ғасыр әдебиетін жаңаша пайымдау, оның кезең-кезеңіңдегі стильдік-жанрлық ізденістеріне, бейне, көркемдік қазынасына баға беру, талантты қаламгерлер шығармаларының эстетикалық байлығын анықтау, бір сөзбен, бос топырақтан кенді аршып алу – жеңіл-желпі шаруа емес, бұл - көп қайрат-қажыр жұмсауды талап ететін ұзақ жыр» деп ғылыми байыптаған [2, 5-б]. М.Мағауиннің суреткерлік шеберлігі, стильдік даралығы авторлық ұстанымының аталған романдарында органикалық бірлікте шымыр өрілуі эстетикалық таным, этикалық-моральдық көзқарастың көркемдік ойлау жүйесіндегі ұлт тарихымен тығыз байланысында. Стамбек («Сары қазақ»), Шақан («Шақан –Шері») бейнелері қос романның сюжеттік желілеріне дендей еніп, алапат дүлей күшке қарсылық әрекеттерімен шебер ұштасқан. Стамбектің коммунистік-большевиктік жүйеге лағнет, қарғыс жаудыруы, Шақанның үлкен ұлық алдында шері (жолбарыс) сияқты үн шығарып, күркіреуі - қаhармандардың ішкі жан әлеміндегі бұлқыныс пен буырқанысты ғана емес, автор М.Мағауиннің берік тұғырнамасын, авторлық ұстанымын аңғартады.

Жазушының «Сары қазақ» романы жайында, адамның, тұтас халықтардың түбіне жетіп жүрген де - адам дегені романның авторлық концепциясын аңғартса керек. «Сары қазақ» романы туралы академик С.Қирабаев: «М.Мағауиннің бұл шығармасы қазақ халқы бастан өткен зобалаң жылдардың бейнесін танытуда бағалы орын алады» деген тұжырымды ойын өрбітеді [3, 156-б].

Жалпы, авторлық ұстанымға арқау болған уақыт ұғымы М.Мағауиннің «Шақан шері» романында да түрлі қырынан көрініп, автордың көркемдік шешімге дейінгі сан салалы таным сипатына алғышарттар жасаған. Бұнда жер бетіндегі жолбарыс атаулыға соғыс жариялаған Шақанның жан әлеміне, дүниетанымына төңкеріс, алапат өзгеріс әкелген – құрдымға кеткен табиғат. Автор Шақан мен табиғатты тығыз байланыста суреттейді. Тіпті көлдің екі жаққа бөлінуін суреттеу арқылы автор Шақанның келешегі мен өткенін символды түрде меңзейді. «Балқаштың қыпша белі. Осы тұста теңіз екіге бөлінеді: батыс жақ сұрғылт, көгілжім, шығыс жақ - тұнық көк жасыл. Тұщы көл мен ащы көл тар бұғаз арқылы ғана жалғасып жатыр. Шақан келген жағына қарады. Дарқан ел. Меңсұлу ауылы. Бет алған бағытына қарады. Ащы сулы өлі теңіз. Аңызақ дала. Оң қапталға - қарсы бетке көз тікті, медиен құм. Аптап шөл...» [4, 77 -б]. Шақанның трагедиясы арқылы автор адам мен табиғаттың арасындағы байланыстың үзілгендігін көрсетеді. Жазушы табиғатты осындай халге жеткізген адамзат қоғамын кінәлайды, сынайды. Шақанның апаты - ел апаты. Романдағы айтылмақ ой түйіні осы. Романшының авторлық ұстанымына қатысты «Жекелеген тұлға өміріне негізделген романдағы авторлық концепция философиялық сипатымен ерекшеленеді. Романдағы эстетикалық-әдеби категория – драматизмнің табиғаты адамзаттық проблеманы танытуымен дараланады» деген зерттеуші анықтамасының жаны бар [5, 6-б].

Осы кезеңде қалам тартып, өзіне тән өрнек-машығымен өзгені тәнті еткен қаламгердің бірі – Қалихан Ысқақов. Қалиханның қандай да болмасын шығармасының өзегі, ондағы оқиға өтетін жер - Алтай өңірі. «Тұйық», «Ақсу – жер жаннаты» романдарының қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды, уақыттың өзі алға қойған мәселелерді адам проблемасын, оның ішіндегі арпалыс сезімдерін, табиғат проблемаларымен біртұтас нысан етіп алады. Суреттей отырып, табиғат пен адамның арақатынасына, қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерге ден қояды. Осы мәселелердің жазушы шығармаларынан қалай көрініс тапқанын және де қаламгердің осы мәселелерді аса толғаныспен жазғанын аңғарамыз. Жазушының «Тұйық», «Ақсу – жер жаннаты» романдарындағы көтерілген өзекті мәселелер бүгінгі күннің де толғақты тақырыптарында өзінің маңызын жаңа қырынан айқындайды. Қаламгер шығармаларында сан қырлы мінез бен қимыл, іс-әрекеттерге толы адам проблемасы, адамның дүниетанымы, адам мен табиғаттың қарым-қатынасы, қоғамдағы әр түрлі проблемалар мақсат етіп және кейіпкерлері осы мәселелерді шешуге жауап іздеуге талпынған өзгеше бітімдегі жандар. Бұл көрініс сипаттары «Ақсу жер – жаннаты» романында әдемі көрініс тапқан.

Осындай замана тынысымен тыныстаған, адамзаттық проблеманы таныту мақсатында жазушы Д.Досжан өзінің «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» романдарында кейіпкерінің психологиясын дендейді, мінез-құлықтың қатпар-қатпар қалыңын тани түскісі келеді. Ішкі психологияның сан сапырылысқан ағын арпалысын сөйлеген сөз, әрекет-қимыл арқылы бейнелеуге тырысады. Шығарма авторының «Зауал» туындысында кейіпкерлердің психологиялық тереңдігі жетпей жатқандығын байқаймыз. Сөз шеберінің «Дария» шығармасындада социалистік реализм мен реализм арасындағы тартыс (конфликт) айқын көрініс тапқан. Аталған әдеби үдерістегі өзгерістердің көріністерін қазіргі қала мен дала өмірін жеке-жеке алмай, тұтас байланыста суреттеу талабының күшеюінен көруге болады. Осы тұстағы «деревня прозасы» немесе «жұмысшы тақырыбын» өзекті деп санаған қаламгер «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» романдарында қала мен дала өмірін тұтас көрсетуге талпыныс жасайды.

Қаламгерлер шығармасы не жайлы, қандай өмір шындығы жайлы ой толғаса да басты шындықты адам образы арқылы ғана шешіп, сол арқылы ғана бейнелеп, дәуір тынысын, яғни қоршаған орта, қоғамын таныта алады. Көркем туындыда адамның сыртқы түр-тұлғасы, нақты қимыл-қозғалысымен бірге ішкі жан әлемі үнемі тығыз бірлікте болып отырады. 1970-80 жылдардағы аталған романдарға тән биік пафос, әдеби үрдістегі жеке басты құрметтеу, адам өмірінің қымбаттығы идеясымен бірге адамның еркіндігін, оның қадір-қасиетін, табиғатпен үйлесімділігін кескіндеген.



Каталог: download
download -> Оқушылардың орта буынға бейімделуі барысында жүргізген жұмыстар туралы анықтама. қазан 2014ж
download -> Построение таблиц истинности логических выражений
download -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі қазақ инженерлік теникалық академиясы
download -> Правила соревнований международная Ассоциация Бокса [Преамбула]
download -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
download -> Бехаалотха Когда будешь зажигать Числа 8,1 12,16
download -> Мы молімся за вас жыццё Змяні сваё жыццё Захавайце наша жыццё! Мы любім вас Змяні сваё сэрца Змяні сваё харчаванне
download -> Загальна характеристика роботи


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет