Г. Р. Сәулембек



Дата03.05.2016
өлшемі56.51 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2010
Г.Р.Сәулембек

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің аспиранты


Түстердің кейіпкердің психологиясын

ашуда қолданылуы
В этой статье рассматривается художественное использование цветов как символа, а так же его роль в расскрытии тайн человеческой души.
This article deals with the use of colours as symbols and its influence on psychological condition of man’s soul.
Белгілі бір құбылыстар халықтың нанымына сай символдық, ерекше белгілік түсініктерге саяды. Халық өмір сүрген ортасы, білімі, дүниені тануы мен наным сенімдеріне қарай әр құбылысты өзінше түсінеді және түсіндіреді.

Жалпы халықтың байқағыштық өмірлік тәжірибелерін түйіндей келе байқағанымыз – ешнәрсе, тіпті бір де бір артық қимыл, сыртқы психологиялық деталь, штрих, себеп-салдарсыз, мән-мағынасыз болмайды екен.

Мысалы, жазушы пейзаж көріністерін белгілі бір түстермен бейнелеу арқылы психологиялық параллелизм жасаудың тамаша үлгісін көрсетеді. Оның шығармаларының «Қара жаңбыр», «Ақ жауын» аталуының өзінде бір ерекшелік бар. «Қара жаңбыр» әңгімесіндегі пейзаждық көріністер желдің сұрғылт желге, жаңбырдың қара жаңбырға айналуы Ақлағыл кемпірдің қара жамылуы алдындағы көрініс. «...Мынау келе жатқан сұрғылт жел, бұдан еш жақсылық күтпей-ақ қой. Жаңбыр жауса, әуелі қаракөктеніп, артынан қарайып кетуі де мүмкін. Ол жаңбырдың түріне де байланысты...» [1.153] деген кемпірдің ішкі монологы арқылы жел мен жаңбырға сипаттама беріледі. Олардың түр-түрін атай отырып, желдің жаманы – сұрғылт жел, жаңбырдың жаманы – қара жаңбыр деп түйеді. Ал келе жатқан жел – сұрғылт жел. Бұл − тұспал. Әңгіменің басында кемпірдің шапқан итсигегінің дауыл аударып кеткен киіз үйдей төңкерілуі, сұрғылт жел кемпір ойлағаннан әлдеқайда тез жетіп, бұзаулық сабын дайындағалы өртеген итсигектің отын сөндіруі де тұспалдық мағынаға ие. Қара, сұр түстер халық түсінігінде белгілі дәрежеде жақсы мағынаға ие емес, оған дәлел «қара жамылу», «қара қағаз», т.б. сияқты сөз тіркестерінің қалыптасуы болса керек.

Сонымен қатар, осы әңгімедегі қаралы күйге оқырманын түрлі тұспалдар арқылы дайындап келе жатқан жазушының Мырзаштың хабарын күте сарылған жұбайы Нәзираның бір жағы жақсылық күтіп, баласы Ниязға пісіріп берген собалақ нанының ағынан жарылмай қара жерінен жарылуы – соңғы қорытынды ишарасы.

«Отамалы» әңгімесіндегі пейзаждық элемент, «күннің шапыраштана қып-қызыл боп батуы» – есте қалатын көрініс.

Таңның атуы мен күннің батуы – табиғаттағы диалектикалық заңдылық. Қазақ әдебиетінде батқан күн мен адамның өлшеулі өмірінің базары тарқауымен қатар алынып психологиялық параллелизм түзетін, философиялық астарлы тұспалдар да ауыз әдебиеті үлгілерінен бастау алған. Мысалы:

Батқан күнмен қарайып,

«О, дариға, құдай» - деп,

«Лә-илләһа ил-алла» - деп,

Жұлдыз шыға Төлеген

Ақырет сапар жөнеді [2.83].

Бұл тұспалдың жазушы шығармасынан жаңғыра, жаңара орын алуы – оның ізденісі мен әдебиеттегі дәстүр жалғастығының белгісі.

Әңгімедегі «Күн шапыраштанып, қып-қызыл болып батып бара жатыр екен» [1.19] деген көрініс Отамалының күдікті көңіл-күйін берумен қатар, алдағы бүкіл отар мен Отамалының дүлей табиғаттың құрбаны болу оқиғасын алдын-ала білдірудің, психологиялық атмосфераны одан әрі күшейтудің тәсілі болып есептеледі. Екінші жағынан, халықтың қалыптасқан нанымында аспан денелерінің қанды түске боялуы, күннің тұтылуы секілді құбылыстар халыққа қайырсыз оқиғалардың хабаршысы ретінде қабылданған.

Ал жазушы түстердің пейзаж көрінісімен астаса отырып, психологиялық ахуалға үстеме қуат беру тәсілін жиі пайдаланғанын, оның жалпы шығармаларын зерделей отырып көз жеткізуге


А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №1, 2010
Сәулембек Г.Р. Түстердің кейіпкердің психологиясын ашуда қолданылуы

болады. Мысалы: Күндер мен түндер барған сайын азапты болып, барған сайын сұрғылттанып, барған сайын жан төзбестей ұзарып бара жатқан сияқты еді [3.180] .

Кешегі ғана жарқын жүзді, қою шашты Ахмет, кешегі ғана өзімен бір жүрген, машина үстінде қол бұлғап бара жатқан Ахмет өлді, бұл дүниеде жоқ, мәңгілік зынданға түскен, оның бас сүйегін топырақ жалап жатыр, ол бастың ішінде «Қатира, Күләш» деген есімдер жоқ, ол сұрғылт, дымқыл топыраққа толы деген ой келгенде жүрегі дірілдеп, тұла бойы қалтырап кететін [3.184].

Адамда кейде бір ауыр, сұрғылт күндер болады ғой, Қатира басына келген бүгінгі күнде сондай сұрғылт күндердің бірі еді [3.187].

Өлімнен де ауыр осы мылқау тыныштық жаман екен. Сол екен адам жүрегін қара тастай езіп тұншықтыратын [3.183].

Шығармалардағы «Қара жаңбыр» повесіндегі қара, сұр, сұрғылт түстер жоғарыда келтіріп өткеніміздей адамның жан дүниесіндегі қаралы сәтке дайындықты білдірсе, «Үшеу» әңгімесіндегі сұрғылт, қара түстер Қатираның сары тап сағыныш-мұңымен, жан төзбес азабымен астарлас алынған. Жыл өткен сайын жүзі де күз түсіп, семіп сарғайып бара жатқан жапырақтай солып, ескіріп солып, ескіріп бара жатыр еді... [3.186].

Баяғы жастық өмір, бақыт, рахат күндері көз алдында тағы бір толқып, мына айдың жарығындай көгілдір елес беріп өтті [3.191].

Ай баяғы көгілдір де діріл, құпия да керемет сәулесін аяусыз құяды.

Жер бетін көгілдір балдырға толтыра құяды. ...Маңайда өмір, бейбітшілік... Бейбітшілік өмір... ...Айдың көгілдір сәулесі [3.192].

Тек сайраған сандуғашты, жұпар иісті бәйшешекті, әсем бір ертек орманның ортасына жаңа түсіп, маңайдағы әдемі көріністен көз ала алмай әсерлі әуезге құлақтарын тіге балбырай, алыстағы шұғыланың қызылды-жасылды түсіндей раушан өмірдің бояуына таңырқасып, тұрып қалған кездері еді. Табиғат та соны түсінгендей бар қасиетін жайып салып, үнсіз тұрған шақта осы бір таңғажайып керемет дүниені белгісіз жендет дөкір қолмен төңкеріп тастағандай астаң-кестеңін шығарып тастады... Жаңа ғана бетіндегі қаймағы бұзылмай көгілдірлене кілкіп тұрған көк жібек көл көбігін шаша бұрқ-сарқ болды да, әсем құстар өзінің ащы дауыстарымен шаңқылдай, қанаттарын ебедейсіз сабалап, барқыт орман қалың да қара бір тұманға сүңгіп жөнеле берді [3.173].

Жоғарыдағы аталған әңгімеде кездесетін сары түс табиғаттағы жаз қызығының, балауса балғын жасыл желектің күні бітіп сарғайып солатыны секілді адам баласының да жастығының өте шығатыны, жанын жегідей жеген қайғы мен ауыр тұрмыс, тағдыр тәлкегі әсіресе Қатира өміріне сары күздің мезгілсіз ерте келгендігінен хабар беріп тұрғандай болса, көгілдір түс бақыт пен шаттыққа, мамыражай бейбіт күннің егізіндей алынған табиғат көрінісінде эпитет түрінде жиі кездеседі.

Ал, «Қуғын» әңгімесіндегі түстер ешқандай астарсыз таза физиологиялық өзгерістерді, яғни кейіпкердің бойында өтіп жатқан психикалық күйдің сыртқы көріністерінен хабардар етеді.

Сәлмен шөлмектей боп-боз болып кетіпті [3.163].

Боқыш бұрынғыдан бетер қуқылданып, өліктей бозарып кетті [3.171].

Беті дуылдап отша жанып барады, қып-қызыл. Ерні кемсеңдеп, аузынан ақ көбік шашырайды. [3.164].

«Сентябрь түні» повесінде автор зорлықшыл ақ казактардың ауыл алдында арын таптап кеткен келіні Зәниданың өлімді таңдап, жар басында елмен қош айтысып бақилыққа аттанып кете барғанында, қабырғасы қайысып, қан жұтқан қайын атасының бүкіл ішкі жан күйзелісін түстердің контрасты арқылы шебер бере білген.

Маңайындағы «не болды» деп жүгірген балалардың бірін бастан, бірін арқадан ұрып, еңіретіп отырғызып қойды да, өз үйінің шаңырағына келе жатқан қара бақытсыздыққа қарап, ақ сақалын көз жасы жуа селкілдеп жылап тұр [4.160].

Жазушы халықтың дүниетанымын, наным-сенімін, т.б. шығарма кейіпкерлерінің психологиясын, ішкі рухани әлемін ашатын психологиялық әдіс-тәсілдерге айналдыра отырып шебер өрнектейді.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Жармағамбетов Т. Отамалы. –Алматы: «Раритет», 2002. –212 б.

  2. Қыз Жібек. Лиро-эпостық поэма. –Алматы: «Мектеп», 2003. -128 б.

  3. Жармағамбетов Т. Соңғы хат. –Алматы: «Жазушы», 1977. –248 б.

  4. Жармағамбетов Т. Ақ жауын. –Алматы: «Жазушы», 1984. –400 б.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет