Г. Ш.Әшірбекова, А.Қ. Оразова



жүктеу 80.84 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі80.84 Kb.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары
Г.Ш.Әшірбекова,

А.Қ.Оразова

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің

оқытушылары
Хат – эпистолярлық жанрдың бастау көзі

Хат – адамдар арасын жалғастыратын байланыс құралы. Оның ғылым тілімен айтқанда паблик рилейшнздің (қоғаммен байланыс) бір тармағының рөлін атқаратындығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Хаттың жанрлық сипатына келер болсақ, оның эпистолярлық жанрдың бастау көзі екендігі дәлелденген. Ал хаттың тек қана қара сөзбен емес, өлең түрінде де, аралас та жазылатындығын ескерсек, оның өзіне ғана тән ерекшелігі болатындығы да – заңдылық.

Хаттың қара сөзбен жазылатын түрінен бөлек өлең түріндегі нұсқалары да ежелден (алғашқы грек оқымыстылары, шығыс шайырларының хаттары, т.б. мен халықтық көне жазбалар (Орхон-Енисей, Тоныкөк, Күлтегін, т.б.)) қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді шешуде зор рөл атқарғандығы белгілі. Мәселен, ақын-жазушылардың бір-біріне өлең және қара сөз түрінде жазысқан хаттары түрлі мәселелерді көтеріп, баспасөз беттерінде жарияланып, қала берді түрлі баспалардан кітап болып шығуда. Осыдан-ақ эпистолография саласының өмірдің түрлі жағдаяттарын сөз етіп, адамдар арасындағы небір сауалдарға жауап тауып, салиқалы ой айтуға түрткі болғандығын көреміз. Ал негізгі хат тарихының сонау бағзы заманнан (тасқа қашалған жазулар, талдардың діңіне ойылған белгілер, т.б.) бастау алғандығын ескерсек, оның қоғам өміріндегі байланыс құралының ең негізгісі екендігіне шүбә келтірмейсіз. Осы ретте баспасөз теоретигі, ғалым Е.Прохоров: «Хат – адам сана-сезімі мен жүрегіне әсер ететін бірден-бір қатынас құралы»,- десе /1/, ғалым Б.Жақып: «Ежелгі замандардағы жазба мәдениеттің көп таралған ертедегі көріністерінің бірі – шаруашылық, дипломатиялық, және жеке жолдаулар мен хаттар болды. Бұл тарихи ескерткіштердің бір тобы – ресми сипаттағы қызметтік құжаттар болса, енді бір парасы – тұрмыстық, отбасылық, достық сипаттағы жеке адамдар арасындағы хаттар болды. Кейбір хаттарда қоғамдағы маңызды мәселелер қозғалып, саяси көзқарас, әлеуметтік идеялар көрініс тапты. Міне, дәл осындай жолдаулардан келіп, публицистикалық эпистолографияның алғашқы көріністері туды»,- /2/, ұлттық энциклопедия: «Эпистолярлық әдебиет, эпистолография (грек. epіstole – жолдау, хат) – хат түрінде жазылған шығарма. Эпистолярлық әдебиетке ірі қоғам қайраткерлерінің өзара жазысқан, тарихи мәні бар, әдеби мұраға айналған хаттары жатады. Эпистолярлық әдебиет жанр ретінде көне дәуірден басталады. Цицеронның, Горацийдің, Сенеканың хаттары эпистолярлық публицистиканың негізін қалады. Кейін хатпен жазылған роман пайда болды. Мыс., орыс жазушысы Н.М.Карамзиннің «Орыс саяхатшысының хаттары» (17891792) – эпистолярлық әдебиеттің тамаша үлгісі. Қазақ әдебиетінде Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің орыс достарына, Абайдың өз туыстарына жазған хаттары – эпистолярлық қымбат мұра»,- дейді /3/. Ал осы ойымызды қуаттау үшін ғалым К.Қамзиннің де пікірін тілге тиек еткіміз келеді: «Хат жанрында ежелгі тегінің, байырғы стандартының, ақындар айтысының, тұрмыстық санаттағы хаттың сыртқы пішіні сақталып қалған. Екі жақтың жауаптасуына (контактқа) негізделген публицистикалық хат жанры тақырып аймағының шекарасында комбинация жасайды, айтылған ойды шешімге ұластыруға тырысады»,- деген тұжырымы хаттың публицистикалық мазмұнын аша түседі /4/.

Қазақта елдің шетіне жау таяп қалғанда шабармандар аттың өкпесі өшкеніне қарамай, сол елдің амандығы үшін жанұшырып, қоныстарын көшірулеріне көмектескен, «жау шаптылап» хабар берген. Хаттың ақпар беру құралы екендігін ескерсек, жоғарыда келтірген мысалымыздан-ақ хаттың ауызша түрінің ықылым заманнан бар екендігін дәлелдеу еш қиындық тудырмайды. Сондықтан да бейбіт заманда «үйге қарай жүгірме, ентігіп сөйлеме, жаман болады» деген тиымдар осыны меңзесе керек.

Қазақ әдебиетінде «Сыр сүлейлері» деген атпен әйгілі Т.Ізтілеуұлы, Дүр Оңғар, Қаңлы мен Кете Жүсіп, Таубайдың Жүсібі, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, т.б. шайырлардың жазба айтысындағы қоғамдық мәселелер, әлеуметтік-саяси істер жыраулардың шұрайлы тілімен, ашық пафоспен керемет суреттеліп беріледі.

Сыр сүлейлерінің қай-қайсысының шығармашылығына назар аударсақ та, олардың ойлы да мұңды, кейде шат-шадыман қуанышқа кенелтетін шығармашылығы ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Солардың бірегейі – әдебиет әлемінде Шораяқ деген атпен танымал Омар ақын.

Жастайынан мұсылманша білім алып, өз қатарластарынан оқ бойы озық тұрған Омардың поэзия мен қара сөзге деген махаббаты кішкентайынан-ақ байқалады. Осыншалықты зерек болып өскен қырғи бала өз тұстастарымен сөз жарыстырып, елдегі болып жатқан жайттарға немқұрайлы қарай алмайтын азаматтар сапында көрінеді.

Тарихта, атап айтқанда, казақ әдебиетінің тарихында айтулы терме-өлеңдерімен («Сөйле, тілім, жосылып», «Есіңе ал, келешекті, жора-жолдас», т.б.), толғау («Жаныңнан жақын нәрсе жоқ», «Көп болды денсаулықтың кеткеніне», «Дүнияға кімдер келіп, кім кетпеген», т.б.), өсиет-мысалдар («Дүниені қудық ізденіп», «Мәрттіктің мінсең марқабын», т.б.), шағын шумақтар («Қазақта ондай ақын қайдан болсын», «Жігіттер, мұнан мысал алмақ керек», т.б.), дастандар («Тау еліне», «Үш күлше», «Әбу-Шаһыма», т.б.), айтыстарымен («Шораяқтың Омары мен Таубайдың Жүсібі», «Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары», т.б.) аты мәшһүр Шораяқтың Омары – қазақ эпистолографиясының алтын қорында есімі айшықты әріптермен жазылатын тұлғалардың бірі.

Қазақ эпистолярлық жанрының қаузайтыны хаттар десек, зерттеуші ғалым С.Негимов: «Ш.Омаровтың шығармаларының көркемдік сиқыры, әсемдік сыры мол. Біз оған алғашқы қадам жасадық, оқырман көпшілік келешекте ол сырды әлі де аша бермек»,- деп ой түйеді /5/.

Сырда есімі сүлейлер қатарынан орын алатын Сыр еліне белгілі Шәкей сал да жұмбақ өлеңмен жыр жазған. Салдың жұмбағын шешем дегендер көп болған, тіпті бір-бірімен дауласып, ортақ мәмлеге келулері қиын болған. Кете Жүсіп пен Керейт Даңмұрын арасында хат өлеңмен айтыс-тартыс жүріп, бір-бірінің өлеңдерін сынап-мінеп, қорытындыға келулері де оңай болмаған. Ру арасында араздық тудырған бұл айтысқа Шораяқтың Омары мен Тұрмағанбет аралық сөз айтып, өлеңмен хат жолдаған. Хат 94-95 жолдан тұрады. Татулық пен ауызбіршілік, кеңпейілділік пен парасаттылықты ту еткен Сыр шайырлары:

Араздық аяздағы сең секілді,

Бір туып бір-біріңе қырын қарай,

Көмпиме күнге күйген көң секілді.

Тұрмысты тірліктегі ол сияқты,

Дей көрме, өзіңе-өзің «жөн секілді».

Ортаңа оты түссе аяздықтың,

Боласың жат пен жауға жем секілді,- деп, тоқтамастай көрінген даудың бетін қайтарған /6/. Қарап отырсақ, айтыстың қандай түрі болмасын, ақындардың таным-тапқырлығын танытып қана қоймай, олардың талғамы мен талабынан да хабар береді. Сүлейлер екі жақты да бітімгершілікке шақырып отырған. Сыр сүлейлері дәстүрлі жұмбақ айтысының ең биік шыңына шығып, жұмбақ айтыс арқылы ұрпағымызды тапқырлық, ұшқыр ойлылыққа баулып, ұлттық тәрбие мектебін құрған.

Қарасақал Ерімбеттің Омарға жазғаны:

Ұлғаяр кішкенеден екі нәрсе,

Бірі – от, біреуі – су, абайласаң /7/.

Жекей қыз:

Сен – шөлдегі бұз бұлдырық,

Мен – көлдегі қоңыр қаз /8/. Сүлейлер жазған хаттардан осылай мысал келтіріп, тізе беруге болады. Міне, бір нәрсені екінші нәрсеге қарама-қарсы қойып жасалған өлең өрнектері хат өлеңдердің көркемдігін түсінуімізге септігін тигізеді. Сондай-ақ, ақындардың тектес заттар мен мәндес құбылыстарды ішкі мағыналық жақындығына қарай бірінің орнына екіншісін ауыстырып беріп отыруы да олардың ішкі түйсіктері мен оны сыртқа шығаруда алуан түрлі әдіс-тәсілдерді молынан пайдаланатындықтарын көрсетеді. Мысалы:

Жүрсің бе, аман-есен қиғаш қастар,

Қара көз, оймақ ауыз, сүмбіл шаштар, т.б. Сондай-ақ теңеудің өзін ойнатып, сәулелендіріп беруде де сүлейлер хат өлеңдерінің айтар ойы өзгеше. Мысалы:

Сүмбіл шаш, сұңқар мойын, пісте мұрын,

Беріпті иілдіріп айдай пішін.

Сүйріктей судан шыққан бәрі мүсін,

Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақық ерін. Міне, осындай әдемі ой иірімдері ақындар шығармашылығында молынан кездеседі.

Жазба әдебиетте бодау сөз (синекдоха) де көп. Мысалы, біреуге «үйіңде неше адам бар?» деудің орнына «басың нешеу?» дейміз. Жауап орнына: «жетеу» дегенше, «шүкірміз» немесе «жеті жанбыз» дегенді аласыз. Сол секілді кей жағдайда «Тұрмағанбеттер сыр сүлейі атанған ақын ғой» дегенде, әлденеше Тұрмағанбетті меңземейді, тек бір Тұрмағанбеттің өзін айтады. Жалпының орнына жалқыны қолдану арқылы да көркем өрнек жасайды. Астарлап сөйлеу арқылы образ жасау үшін аллегориялық сөз қолданыстарын да береді.

Кейде ақындар өлең жолдарындағы сөйлемдерді қолданылып жүрген қалпынан өзгертіп құрады немесе бір сөзді бірнеше қайталап отырады. Сөздің балау нақыштарын таза, өрнекті ойлармен беруде өлең сипатын күшейтетін поэзиялық қайталаулар көп кездеседі. Образ жасауда оқырманға әсері басым түседі.

Сыр сүлейлерінде халықтық стиль басым, бір сөз өлеңнің басында не соңында бірнеше қайталанып, оның әсерін, мәнін күшейтіп тұрады. Стильдік тілдік өзгешелік сөйлемнің әсерлілігін күшейтуде қолданылатын бұл әдіс негізінен, жазба әдебиетке тән құбылыс десек, Сыр сүлейлері осы әдісті орынды қолдана білген.

Шораяқтың Омары Таубайдың Жүсібіне жазған жұмбақ хатында:

Аз деген не?

Көп деген не?

Жер деген не?

Көк деген не? /9/.Өлеңнің соңында не деген сұраулы сөз бірнеше рет қайталанады, бірақ сөз қайталаудан өлең маңызы жойылмай, қайта оған әсірелегіш, күшейткіш рең беріп тұр. Не деген сөз арқылы эпифора жасалды.

Шәкей салға Шораяқтың Омарының жауап хатында:

Қырық парыз әр пендеге мейман шығар,

«Қоралы қой» дегенің иман шығар.

Осы жер өлшеуіне сыйған шығар,

Бұзбаққа ойды қадам ұрған шығар.

Осы өлеңде ақын «шығар» деген сөзді сөз соңында он жеті рет қайталап тұрғанмен, өлеңнің әсері мен мәні күшті, тыңдаушысын баурап алады әрі сөйлемнің әсерлілігін күшейтіп тұр. Сөз қайталау арқылы өлең өрнегін жасау еске сақтауға, тиянақты ұғуға, оның әсерін күшейтуге пайдалы. Еспе қайталау арқылы ақын ойын үстемелетіп отыр.

А.Байтұрсынұлы: «Қайталау нәрсенің өзіне яки ғаламына көбірек назар салу үшін жасалады, жасалу жолдары қайта-қайта жай қайталау, бір нәрсенің көптігін көрсеткенде еселеп арқылы айту болды»,- дейді /10/. Академик З.Қабдолов: «Сөз өнерінде жай қайталау, еспе қайталау, әдепкі қайталау, кезекті қайталау болады»,- деп оны төртке бөледі /11/. Осы пікірді негізге алсақ, Сыр сүлейлерінің шығармаларында қайталаудың барлық түрлері бар екеніне көз жеткіздік. Хат өлеңнің басындағы сөздердің қайталануы да (анафора) олардың шығармаларында жиі кездеседі.



Сөзіміздің тұздығы етіп пайдаланған Сыр сүлейлерінің елге, бір ғана адресантқа жазған немесе бір-бірімен жазысқан өлең хаттарының барлығы дерлік эпистолографияның мол мұрасына қосылған қазба байлық десек, артық айтқандық емес. Оған шайырлардың эпистолярлық дүниелері арқылы түбегейлі көз жеткізуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Прохоров Е.П. Эпистолярная публицистика. –Москва, 1966.

  2. Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері. –Алматы: Қазақ университеті, 2007.

  3. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. X том.

  4. Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. –Алматы: Экономика, 2009.

  5. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. –Алматы: Ғылым, 1991.

  6. Ізтілеуов Т. Назым. –Алматы, 1972.

  7. Қарасақал Ерімбет. Ұлағат сөзім ұрпаққа. –Алматы: Маржан, 1987.

  8. Ешниязұлы Кете Жүсіп, Қадірбергенұлы Қаңлы Жүсіп, Таубайұлы Жүсіп. Шығармалары. –Астана: Фолиант, 2009.

  9. Шораяқтың Омары. Шайыр. –Алматы: Жазушы, 1984.

  10. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. –Алматы: Жазушы, 1989.

  11. Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы: Мектеп, 1976.




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет