Газ және газбен жабдықтау туралы



жүктеу 0.5 Mb.
бет1/3
Дата17.04.2016
өлшемі0.5 Mb.
  1   2   3
Газ және газбен жабдықтау туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-IV Заңы


"Егемен Қазақстан" 2012 жылғы 18 қаңтардағы № 20-21 (27092); "Казахстанская правда" от 18.01.2012 г., № 21 (26840)


      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшiн РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ


      РҚАО-ның ескертпесi!
      Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 35-баптан қараңыз.

      Осы Заң Қазақстан Республикасында газ және газбен жабдықтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды және Қазақстан Республикасының газға деген iшкi қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету үшiн, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн тиiмдi, сенiмдi және қауiпсiз пайдалану үшiн жағдай жасауға бағытталған.



1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар



      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) автогаз құю станциясы – сұйытылған мұнай газын сақтауға және оны отын ретiнде пайдаланатын көлiк құралдары иелерiне бөлшек саудада өткiзуге арналған технологиялық кешен;
      2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы – тауарлық газды сұйытуға, сақтауға және оны отын ретiнде пайдаланатын көлiк құралдарының иелерiне бөлшек саудада өткiзуге арналған технологиялық кешен;
      3) аккредиттеу – газ желiсi ұйымдарын Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келедi деп уәкiлеттi органның ресми тану рәсiмi;
      4) бөлшек саудада өткiзу – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын одан әрi өткiзу мақсатынсыз, өз мұқтаждықтары үшiн Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушыларға өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      5) бiрыңғай техникалық дәлiз – бiр трасса бойымен қатар салынған, бiрыңғай бағытта (көлiктiк лекте) тауарлық газды тасымалдауды қамтамасыз ететiн магистральдық газ құбырларының (немесе учаскелерiнiң) және магистральдық газ құбырлары жүйелерiнiң (оның iшiнде әртүрлi қысымдағы жүйелерiнiң) жиынтығы;
      6) газ – шикi, тауарлық, сұйытылған мұнай газы және сұйытылған табиғи газ;
      7) газбен жабдықтау – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндiру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткiзу саласындағы қызмет;
      8) газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнiң күзет аймағы – пайдаланудың қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету және оларды зақымдау мүмкiндiгiн болдырмау мақсатында газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнiң айналасына орнатылатын айрықша пайдалану жағдайындағы аумақ
      9) газбен жабдықтау жүйесi – тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын өндiруге, тасымалдауға (тасуға), сақтауға, өткiзуге және тұтынуға арналған технологиялық өзара байланысты объектiлер кешенi;
      10) газдандыру – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектiлерiнде, өнеркәсiптiк, ауыл шаруашылығы және өзге де объектiлерде тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын отын ретiнде пайдалануға бағытталған iс-шаралар кешенi;
      11) газ жабдығы – газ құбырларының құрамдас элементтерi ретiнде пайдаланылатын, толықтай зауытта дайындалатын техникалық бұйымдар (компенсаторлар, конденсат жинақтары, сақтандыру-ығыстыру арматурасы, құбыржолдық бекiтпе арматура), сондай-ақ газ пайдаланушы қондырғылар (газ аспаптары, пештерi мен плиталары);
      12) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк – Қазақстан Республикасына тиесiлi iлеспе газды тереңдетiп өңдеудi және өзара тиiмдi жағдайларда қосылған құны жоғары өнiм өндiрудi қамтамасыз ету жөнiндегi стратегиялық және әлеуметтiк мiндеттердi шешу үшiн мемлекет пен инвестордың өзара iс-қимыл жасау нысаны;
      13) газ желiсi ұйымы – аккредиттеу туралы куәлiгi бар және газ толтыру станциясын, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгiленген жағдайларда сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      14) газ құбыры – бекiтпе арматурасы бар, бiр-бiрiмен қосылған құбырлардан тұратын және газ тәрiздес немесе екi фазалық күйдегi газды тасымалдауға арналған құрылыс;
      15) газ тарату жүйесi – газ құбырларынан (желiлiк бөлiктен) және олармен ұштасып жатқан объектiлерден тұратын, тауарлық газды магистральдық газ құбырынан газ тұтыну жүйелерiне дейiн тасымалдауға арналған технологиялық өзара байланысты құрылыстар кешенi;
      16) газ тарату ұйымы – тауарлық газды газ тарату жүйесi арқылы тасымалдауды, газ тарату жүйесiн техникалық пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгiленген шарттарда тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      17) газ тасымалдау ұйымы – осы Заңда белгiленген шарттарда тауарлық газды жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және (немесе) тауарлық газды тауарлық газ қоймаларында сақтау жөнiндегi қызметтердi көрсететiн заңды тұлға;
      18) газ толтыру пунктi – сұйытылған мұнай газын сақтауға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға арналған инженерлiк құрылыс;
      19) газ толтыру станциясы – сұйытылған мұнай газын сақтауға, темiржол цистерналарына, автогаз тасымалдағыштарға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға, сондай-ақ тұрмыстық баллондарды жөндеуге және кәдеге жаратуға арналған технологиялық өзара байланысты өндiрiстiк және өзге де объектiлер кешенi;
      20) газ тұтыну жүйесi – газ тарату жүйесiнен тауарлық газды немесе топтық резервуарлық қондырғыдан сұйытылған мұнай газын қабылдауға, сондай-ақ оларды отын және (немесе) шикiзат ретiнде пайдалануға арналған газ құбырлары (желiлiк бөлiк) мен газ жабдығы кешенi;
      21) есепке алу аспаптары – мынадай функцияларды: газды өлшеудi, жинауды, сақтауды, оның шығысы, көлемi, температурасы, қысымы және аспаптардың жұмыс уақыты туралы ақпарат көрсетудi орындайтын өлшеу құралдары мен басқа да техникалық құралдар;
      22) жалғастырушы газ құбыры – шикi газды келiсiмшарттық аумақтан газ өңдеу зауытына немесе шикi газды өнеркәсiптiк тұтынушыға дейiн тасымалдауға не тауарлық газды газ өңдеу зауытынан магистральдық газ құбырына дейiн тасымалдауға арналған газ құбыры;
      23) кәсiпшiлiк газ құбыры – газды келiсiмшарттық аумақ шегiнде тасымалдауға арналған газ құбыры;
      24) коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын одан әрi өткiзу мақсатынсыз, кәсiпкерлiк, коммерциялық емес немесе өзге қызметтi жүзеге асыру кезiнде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждар үшiн сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
      25) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкiлеттi орган – елдi мекендер шекараларының (сызықтарының) шегiнде газ және газбен жабдықтау саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      26) көтерме саудада өткiзу – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды одан әрi өткiзу мақсатында iшкi нарықта не Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өткiзу жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      27) Қазақстан Республикасының iшкi қажеттiлiктерi – Қазақстан Республикасының аумағында тұтынуға қажеттi тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газының көлемi;
      28) магистральдық газ құбыры – тасымалданатын газдың қысымын арттыруды және төмендетудi қамтамасыз ететiн бiр немесе бiрнеше газ құбырынан (желiлiк бөлiктен) және олармен ұштасып жатқан объектiлерден, телебасқару, байланыс құралдарынан және өзге де коммуникациялардан тұратын, тауарлық газды тасымалдауға арналған инженерлiк құрылыс. Магистральдық газ құбыры объектiлерiнiң құрамы жобалық құжаттамада және техникалық регламенттер талаптарында айқындалады;
      29) өндiрушi – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндiрудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      30) өнеркәсiптiк тұтынушы – өнеркәсiп өндiрiсiнде отын және (немесе) шикiзат ретiнде пайдалану үшiн газ сатып алатын заңды тұлға;
      31) сұйытылған мұнай газы – жеңiл көмiрсутегiлердiң (пропан-бутан фракциясының, пропанның, бутанның) тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған, құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетiн қоспасы;
      32) сұйытылған табиғи газ – құрамында метаны басым көмiрсутегiлердiң тасымалдау және сақтау мақсатында сұйық күйге ауыстырылған, шикi газды өңдеу өнiмi болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетiн көпқұрамдас қоспасы;
      33) тасымалдау – газ құбырлары арқылы шикi немесе тауарлық газды айдаудың технологиялық процесi;
      34) тауарлық газ – құрамында метаны басым көмiрсутегiлердiң газ тәрiздес күйде болатын, шикi газды өңдеу өнiмi болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетiн көпқұрамдас қоспасы;
      35) тауарлық газ қоймасы – тауарлық газды сақтауға арналған, технологиялық өзара байланысты өндiрiстiк және өзге де объектiлер кешенi;
      36) топтық резервуарлық қондырғы – ыдыстар тобынан, сақтандыру-бекiтпе және реттеушi арматурадан, газ құбырларынан тұратын және сұйытылған мұнай газын сақтауға және оны газ тұтыну жүйелерiне беруге арналған инженерлiк құрылыс;
      37) тұрмыстық тұтынушы – тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын кәсiпкерлiк қызметте пайдалану және оларды одан әрi өткiзу мақсатынсыз, тұрмыстық мұқтаждар үшiн сатып алатын жеке тұлға;
      38) тұтыну нормасы – есепке алу аспаптары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшiн өздерi тұтынған тауарлық немесе сұйытылған мұнай газының орташа айлық көлемiн көрсететiн есептiк шама;
      39) тұтынушы – тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық немесе өнеркәсiптiк тұтынушы;
      40) уәкiлеттi орган – газды өндiрудi, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткiзудi, сондай-ақ елдi мекендердiң шекаралары шегiнен тыс тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзудi және тұтынуды мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      41) ұлттық оператор – акцияларының бақылау пакетiнiң меншiк иесi мемлекет не ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық компания болып табылатын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын және Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген iшкi қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету мақсатында газ және газбен жабдықтау саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      42) шикi газ – тазартылмай өндiрiлген табиғи, iлеспе, қатпарлы газ, көмiр бассейндерiнiң газы, сондай-ақ шығу тегi өзгеше көмiрсутегi газы.
      Ескерту. 1-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      2-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен


              жабдықтау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.


      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заңның ережелерi сұйытылған мұнай газын сыйымдылығы бiр килограмнан аз баллондарда өткiзу кезiнде туындайтын қатынастарға қолданылмайды.

      4-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк


              реттеудiң негiзгi мақсаттары, қағидаттары мен
              мiндеттерi

      1. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк реттеудiң мақсаттары Қазақстан Республикасының энергетикалық және экологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, халқының әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады.


      2. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк реттеу:
      1) газбен жабдықтаудың қауiпсiздiгi мен сенiмдiлiгi;
      2) газ ресурстарын пайдаланудың ұтымдылығы;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн тауарлық және сұйытылған мұнай газымен Қазақстан Республикасының iшкi қажеттiлiктерiн қамтамасыз етудiң басымдығы;
      4) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан объектiлердi газдандыру басымдығы;
      5) газ және газбен жабдықтау саласындағы баға саясатының теңгерiмдiлiгi қағидаттарына негiзделедi.
      3. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк реттеудiң мiндеттерi:
      1) тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiн құру;
      2) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген iшкi қажеттiлiктерiн iркiлiссiз қамтамасыз ету үшiн жағдай жасау;
      3) Қазақстан Республикасында тұтынылатын отын-энергетика ресурстарының жалпы көлемiндегi тауарлық және сұйытылған мұнай газының үлесiн ұлғайту.

2-тарау. ГАЗ ЖӘНЕ ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТIК
БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰЗЫРЕТI

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
      2) ұлттық операторды айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртiбiн бекiтедi;
      4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын бекiтедi;
      5) мемлекеттiң артықшылықты құқығы шеңберiнде ұлттық оператор сатып алатын шикi және тауарлық газдың бағасын айқындау тәртiбiн бекiтедi;
      6) iшкi нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткiзудiң шектi бағаларын және оларды айқындау тәртiбiн бекiтедi;
      7) Қазақстан Республикасының iшкi нарығына сұйытылған мұнай газын берудiң жоспарын жасау тәртiбiн бекiтедi;
      8) газ желiсi ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын бекiтедi;
      9) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк шеңберiнде iлеспе газды инвесторларға берудiң тәртiбi мен талаптарын бекiтедi;
      10) тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi объектiлерiнiң жұмыс режимдерiн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асыру тәртiбiн бекiтедi;
      11) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндiру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткiзу мониторингi бойынша мәлiметтердi ұсыну тәртiбiн бекiтедi;
      12) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзудiң, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерiне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетудiң үлгi шарттарын бекiтедi;
      13) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзу және пайдалану тәртiбiн бекiтедi;
      14) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын есептеу және бекiту тәртiбiн бекiтедi;
      15) газ және газбен жабдықтау саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi;
      16) газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнiң қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды бекiтедi;
      17) тауарлық, сұйытылған мұнай газының және сұйытылған табиғи газдың экспортын реттейдi;
      18) экспорттық және (немесе) транзиттiк газ құбырларын салу туралы шешiм қабылдайды;
      19) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiнде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi



      Уәкiлеттi орган:
      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi;
      2) өз құзыретiнiң шегiнде газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарды реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және бекiтедi;
      3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын дайындау тәртiбiн әзiрлейдi;
      4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзiрлейдi;
      5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының iске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
      6) мемлекеттiң артықшылықты құқығы шеңберiнде ұлттық оператор сатып алатын шикi және тауарлық газдың бағасын айқындау тәртiбiн әзiрлейдi;
      7) iшкi нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткiзудiң шектi бағаларының деңгейi бойынша ұсыныстарды және оларды айқындау тәртiбiн әзiрлейдi;
      8) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк шеңберiнде iлеспе газды инвесторларға берудiң тәртiбi мен талаптарын әзiрлейдi;
      9) ұлттық оператордың немесе дауыс берушi акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесiлi газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншiгiндегi тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң объектiлерiн иелiктен шығаруды келiседi;
      10) тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндiру, өткiзу және тұтыну балансын жүргiзудi ұйымдастырады;
      11) тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi объектiлерiнiң жұмыс режимдерiн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқаруды жүзеге асырудың тәртiбiн әзiрлейдi;
      12) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзудiң, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерiне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетудiң үлгi шарттарын әзiрлейдi;
      13) тауарлық, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндiру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткiзу мониторингi бойынша мәлiметтердi ұсыну тәртiбiн әзiрлейдi;
      14) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткiзу және пайдалану тәртiбiн әзiрлейдi;
      15) газ және газбен жабдықтау саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;
      16) елдi мекендердiң шекаралары (сызықтары) шегiнен тыс газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтiк-техникалық құжаттарды әзiрлейдi және бекiтедi;
      17) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мiндеттi ведомстволық есептiлiктiң, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемдерiн, тексерулер жүргiзудiң жартыжылдық жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi;
      18) Қазақстан Республикасының iшкi нарығына сұйытылған мұнай газын берудiң жоспарын жасау тәртiбiн әзiрлейдi;
      19) Қазақстан Республикасының iшкi нарығына сұйытылған мұнай газын берудiң жоспарын ай сайын бекiтедi;
      20) газ желiсi ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын әзiрлейдi;
      21) газ желiсi ұйымдарын аккредиттеудi жүзеге асырады;
      22) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      7-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де


              уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың құзыретi

      1. Коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкiлеттi орган:


      1) елдi мекендер шекараларының (сызықтарының) шегiнде газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк саясатты қалыптастырады әрi жүргiзедi және салааралық үйлестiрудi жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын iске асыруға қатысады;
      3) елдi мекендер шекараларының (сызықтарының) шегiнде газ және газбен жабдықтау саласындағы нормативтiк-техникалық құжаттарды әзiрлейдi және бекiтедi;
      4) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын есептеу және бекiту тәртiбiн әзiрлейдi;
      5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы уәкiлеттi орган:
      1) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерi мен газ жабдығын қоспағанда, тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiн қауiпсiз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
      2) газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнiң қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптарды әзiрлейдi;
      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      3. Табиғи монополиялар салаларында және реттелетiн нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi орган:
      1) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын бекiтедi;
      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      4. Стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын уәкiлеттi орган:
      1) iшкi нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткiзудiң шектi бағаларының деңгейi жөнiндегi ұсыныстарды келiседi;
      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерi мен газ жабдығын қауiпсiз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын iске асыруға қатысады;
      3) уәкiлеттi органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсынады;
      4) уәкiлеттi органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткiзу және тұтыну жөнiндегi мәлiметтердi ұсынады;
      5) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасында газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн салу көзделген жер учаскелерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен резервке қояды;
      6) газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн салу үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жер учаскелерiн бередi;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде жүзеге асырады.

3-тарау. ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРIНIҢ ЖҰМЫС IСТЕУI ЖӘНЕ ДАМУЫ

      8-бап. Тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi



      1. Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген iшкi қажеттiлiктерiн iркiлiссiз қамтамасыз ету, газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн қауiпсiз пайдалану, тауарлық газдың тасымалдануын, сақталуын үздiксiз диспетчерлiк бақылауды ұйымдастыру және оны есепке алудың бiрыңғай жүйесiн құру мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi қалыптастырылады.
      2. Тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi жалғастырушы, магистральдық газ құбырларын, тауарлық газ қоймаларын, газ тарату және газ тұтыну жүйелерiн, автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және тауарлық газ өндiруге, тасымалдауға, сақтауға, өткiзуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектiлердi қамтиды.
      Тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң құрамына кәсiпшiлiк газ құбырлары, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерi, сұйытылған табиғи газды өндiруге және қайтадан газға айналдыруға, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткiзуге және тұтынуға арналған технологиялық объектiлер кiрмейдi.
      3. Тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң объектiлерi мемлекеттiк немесе жеке меншiкте болуы мүмкiн.
      4. Мыналар:
      1) ұлттық оператор;
      2) тауарлық газды өндiрушiлер;
      3) өздерi өндiрген шикi газды өңдеу процесiнде өндiрiлген тауарлық газдың меншiк иелерi болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген тауарлық газдың меншiк иелерi;
      5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн шикi газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген тауарлық газдың меншiк иелерi;
      6) газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары;
      7) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелерi;
      8) тауарлық газдың өнеркәсiптiк тұтынушылары тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң субъектiлерi болып табылады.
      5. Уәкiлеттi орган тауарлық газды өндiрушiлердiң, өздерi өндiрген шикi газды өңдеу процесiнде өндiрiлген тауарлық газдың меншiк иелерi болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген тауарлық газдың меншiк иелерiнiң, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негiзiнде Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн шикi газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген тауарлық газдың меншiк иелерiнiң, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарының есебiн жүргiзедi және тiзбесiн интернет-ресурста жариялайды.
      6. Тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң тиiмдi жұмыс iстеуi мақсатында тауарлық газды өндiрушiлер, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi объектiлерiн пайдаланудың белгiленетiн технологиялық режимдерiн сақтауға мiндеттi.

      9-бап. Ұлттық оператор



      1. Ұлттық оператор мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруға қатысады;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзiрлеуге және iске асыруға қатысады;
      3) осы Заңға сәйкес шикi және тауарлық газды сатып алуға мемлекеттiң артықшылықты құқығын жүзеге асырады;
      4) осы Заңға сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң объектiлерiн, тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң объектiлерiне ортақ меншiк құқығындағы үлестердi және тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi объектiлерiнiң меншiк иелерi-заңды тұлғалар акцияларының пакеттерiн (қатысу үлестерiн) сатып алуға мемлекеттiң басым құқығын жүзеге асырады;
      5) тауарлық газдың iркiлiссiз тасымалдануын және сақталуын, оның iшiнде газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарымен шарттар жасасу арқылы қамтамасыз етедi;
      6) тауарлық газды көтерме саудада өткiзудi, сондай-ақ тауарлық газды магистральдық газ құбырларына және (немесе) газ тарату жүйелерiне қосылған тұтынушыларға бөлшек саудада өткiзудi жүзеге асырады;
      7) тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi объектiлерiнiң технологиялық жұмыс режимiн орталықтандырылған жедел-диспетчерлiк басқаруды қамтамасыз етедi;
      8) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық газды тасымалдау, сақтау және өткiзу жөнiндегi, мемлекеттiң артықшылықты құқығы шеңберiнде шикi және тауарлық газды сатып алу жөнiндегi мәлiметтердi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген iшкi қажеттiлiктерiнiң алдағы күнтiзбелiк жылға арналған болжамын ұсынады;
      9) тауарлық газды тасымалдау режимдерiн басқару мен орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердiң газ тасымалдау жүйелерiмен өзара iс-қимылды қамтамасыз етедi;
      10) тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiндегi тауарлық газды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесiн құруды және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз етедi.
      2. Ұлттық оператор:
      1) осы Заңда белгiленген шарттармен тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесi объектiлерiне қосылған тұтынушыларды тауарлық газбен iркiлiссiз жабдықтауды қамтамасыз етуге;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң объектiлерiн салуды, пайдалануды, жаңғыртуды және (немесе) реконструкциялауды қамтамасыз етуге;
      3) энергия үнемдейтiн және экологиялық таза технологиялар мен жабдықтарды тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң ұлттық оператор иелiк ететiн объектiлерiнде пайдалануды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Ұлттық оператордың немесе дауыс беретiн акцияларының (қатысу үлестерiнiң) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесiлi газ тасымалдау және (немесе) газ тарату ұйымдарының меншiгiндегi тауарлық газбен жабдықтаудың бiрыңғай жүйесiнiң объектiлерi уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша иелiктен шығарылуы мүмкiн.

      10-бап. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерi

      1. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерi газ толтыру станцияларының, газ толтыру пункттерiнiң, топтық резервуарлық қондырғылардың, газ тұтыну жүйелерiнiң, автогаз құю станцияларының және сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткiзуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектiлердiң жиынтығын бiлдiредi.
      2. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерi мемлекеттiк немесе жеке меншiкте болуы мүмкiн.
      3. Мыналар:
      1) сұйытылған мұнай газын өндiрушiлер;
      2) өздерiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерi;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерi;
      4) газ желiсi ұйымдары;
      5) газ толтыру пункттерiнiң және автогаз құю станцияларының иелерi;
      6) сұйытылған мұнай газын өнеркәсiптiк тұтынушылар сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерiнiң субъектiлерi болып табылады.
      4. Уәкiлеттi орган сұйытылған мұнай газын өндiрушiлердiң, өздерiне меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде тиесiлi көмiрсутегi шикiзатын өңдеу процесiнде өндiрiлген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерiнiң, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндiрiлген және тұтыну үшiн Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген сұйытылған мұнай газының меншiк иелерiнiң, газ желiсi ұйымдарының және сұйытылған мұнай газын өнеркәсiптiк тұтынушылардың есебiн жүргiзедi және тiзбесiн интернет-ресурста жариялайды.

      11-бап. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы

      1. Қазақстан Республикасының аумағын газдандыру Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген iшкi қажеттiлiктерiн қамтамасыз етудiң басымдығы ескерiле отырып, тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндiрудiң, өткiзудiң және тұтынудың болжамды балансы негiзiнде әзiрленедi.
      3. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн орналастыру схемасын, салу, жаңғырту, және (немесе) реконструкциялау жоспарланған газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiнiң тiзбесi мен техникалық сипаттамасын, қажеттi қаржы ресурстары мен олардың көздерiн, тауарлық және сұйытылған мұнай газының перспективалы ресурстарын, сондай-ақ жұмыс iстеп тұрған және салу жоспарланған газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерi бойынша газ беру схемасын қамтиды.
      4. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың тауарлық газды, оның iшiнде сұйытылған табиғи газды қайтадан газға айналдыру процесiнде алынған газды пайдалануының басымдығы ескерiле отырып әзiрленедi.
      5. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының iске асырылуын қаржыландыру ұлттық оператордың табыстары, бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
      6. Газдандырудың бас схемасын iске асыру үшiн жер учаскелерiн резервке қою Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      12-бап. Газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн жобалау,


               салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау

      1. Магистральдық газ құбырларын салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жобалары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамасына сәйкес уәкiлеттi органмен және өзге де мемлекеттiк органдармен келiсiледi.


      2. Газ тарату жүйелерiн және сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерi объектiлерiн салу, жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жобалары коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiледi.
      3. Экспорттық және (немесе) транзиттiк газ құбырларын салу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
      4. Магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесiне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға арналған техникалық талаптарды осындай объектiнi пайдаланушы газ тасымалдау не газ тарату немесе газ желiсi ұйымы бередi. Бұл ретте берiлген техникалық шарттар газбен жабдықтау жүйелерiнiң жаңадан салынып жатқан, жаңғыртылатын және (немесе) реконструкцияланатын объектiлерiн жобалау үшiн негiз болып табылады.
      5. Газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiн магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесiне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға байланысты шығыстар газбен жабдықтау жүйелерiнiң қосылатын объектiлерiнiң иелерi есебiнен жүргiзiледi.
      6. Тұтынушылардың жаңадан қосылатын және реконструкцияланатын газ жабдығы техникалық регламенттерге және нормативтiк техникалық құжаттарға сәйкес орындалуға, сондай-ақ жобалық құжаттамамен қамтамасыз етiлуге тиiс.

      13-бап. Газбен жабдықтау жүйелерi объектiлерiн салу және


               пайдалану кезiнде жер пайдалануды реттеу

      1. Газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн салу және пайдалану үшiн берiлетiн жерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қала құрылысы және экологиялық талаптарға сәйкес келуге тиiс.


      2. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiне кiру үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығында тиесiлi жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын мүдделi жеке және заңды тұлғаларға беруге мiндеттi.
      3. Газбен жабдықтау жүйелерiнiң объектiлерiн күрделi жөндеу, оларға қызмет көрсету, оларды жаңғырту және (немесе) реконструкциялау жөнiндегi жұмыстарды орындау үшiн осы объектiлердi пайдаланатын ұйымға жер учаскелерi Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес уақытша жер пайдалануға берiледi.


  1   2   3


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет