Халықаралық құқық Нұргелді егізбаев



жүктеу 158.19 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі158.19 Kb.
: sites -> default -> files -> page docs
files -> Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының
page docs -> Салтанат ЖҰбаниязова
page docs -> 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында сот төрелiгiн жүзеге асыру қорытындылары туралы
page docs -> Закона Республики Казахстан «О выборах в Республике Казахстан»
page docs -> 1. Сот оқуы стратегиясының паспорты
page docs -> К вопросу о совершенствовании правоохранительной системы в Республике Казахстан В
page docs -> Сонымен қатар, Ақтөбе қалалық сотының судьясы лауазымына: Айна Нұрланқызы Абдраева, Ғалымжан Елкейұлы Әбубәкіров, Гүлдана Ыбырайқызы Суханова
page docs -> Бекітілген судьялар мен сот жүйесі қызметкерлеріне арналған тақырыптық семинарлар өткізу жөніндегі
Халықаралық құқық
Нұргелді

ЕГІЗБАЕВ,

Қазақ гуманитарлық заң

университетінің оқытушысы

Шетел мемлекеттерінің заңдарындағы мүлікті тәркілеу жазасының орын алуы

Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы бойынша мүлікті тәркілеу дегеніміз- сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін мемлекеттің меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз алу. ҚР ҚК-інің 51-ші бабына сәйкес, мүлікті тәркілеу пайдақорлық ниетпен жасалған қылмыс үшін белгіленеді және ҚК-тің Ерекше бөлімінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкін. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңындағы Тізімде белгіленгендей, сотталушыға немесе оның асырауындағы жандарға аса қажетті мүліктер тәркіленуге жатпайды. Бұл тізімге мыналар кіреді: пәтер немесе тұрғылықты үй, жер учаскесі, өте қажетті киімдер, балалар тауарлары және т.б.

Қазіргі заман ағымы әлемнің көптеген мемлекеттерінің өздерінің қылмыстық заңдарын одан әрі жетілдіруіне белсенді түрде қызмет етуімен ерекшеленіп отыр. Германия, Австрия, Испания, Франция және т.б. мемлекеттердің заңдарымен жаңа қылмыстық кодекстер қабылданды және қайта қаралды.

Қазақстан қылмыстық құқық реформасын жүзеге асыру кезінде шетелдік әдіс- тәсілдерді үйрену аса маңызды да, өзекті болып отырғаны баршаға мәлім. Басқа мемлекеттердің тәжірибесі өз қылмыстық заңдылықтарымызды одан әрі дамытуға үлкен тиімділік береді.

Ұлттық заңдарымызды дамытуға талпыну- қазіргі қоғамдық өмірдің өзіндік шарттарына сәйкестендіруге алып келетіні сөзсіз. Осыған орай бірқатар мемлекеттердің қылмыстық-құқықтық нормалары жарыққа шықты. Ондай нормалар мүліктік жазалар ауқымында да жетерлік, яғни қылмыскер мүлікке құқығын шектеу немесе одан айыруға сотталғанда, оған тағайындалған жаза материалдық тұрғыдағы өміріне тікелей әсер етеді. Міне, осындай жолмен сотталушыға мүлікті тәркілеу әсер етеді.

Мүлікті тәркілеу жазасының кейбір алыс және жақын шетел мемлекеттерінің қылмыстық заңдарында алатын орнына зер салайық.

1. Алдымен тарихымен ежелден байланысқан көршіміз Ресейден бастайық. Ресей қылмыстық заңы бойынша мүлікті тәркілеу деп- сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін мемлекеттің меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз алуды түсіндіреді (ҚК-нің 52-бабының 1-бөлігі) және жазаның бұл түрі тек қосымша түрде ғана тағайындалады (ҚК-нің 45-бабының 3-бөлігі), сонымен қатар ол соттармен ҚК-нің Ерекше бөлім баптарына сәйкес тек пайдақорлық ниетпен жасалған ауыр және ерекше ауыр қылмыстарға тағайындалады (ҚК-нің 52-бабының 2-бөлігі). 1

Сот үкімімен тәркіленуге жатпайтын мүліктер тізімінің көрсетілуі КРАК-іне сілтеу жасалынады (ҚК-нің 52-бабының 3-бөлігі).

2. Қырғызстанның қылмыстық заңында мүлікті тәркілеу жазасы пайдақорлық сипат берген ауыр және ерекше ауыр қылмыстарға қосымша жаза ретінде бүтіндей немесе ішінара түрінде тағайындалады және айта кетер бір нәрсе, сот мүлікті тәркілеуде тәркіленген мүлікті үкімде тізбе түрінде дәлме-дәл көрсетуге міндетті ( Қырғыз Республикасы ҚК-нің 52-бабының 1-бөлігі). Бұл жаза ҚК-тің 101 санкциясында орын алған. Мүлікті тәркілеу жазасы төмендегі негізгі жазалармен қосарлана тағайындалады:

1) қамау ( 1 санкция );

2) бас бостандығынан айыру ( 97 санкция) ;

3) өлім жазасы ( 3 санкция).

Бұл көрсеткіштердің басым бөлігі экономикалық қызмет саласына қарсы және меншікке қарсы қылмыстарда жоғары және мемлекет сотталушының мүлкін тәркілеуде оның бұған дейінгі қарыздарына жауап бермейді ( Қырғыз Республикасы ҚК-нің 52-бабының 1-бөлігі).

3. Өзбекстан ҚК-і бойынша мүлікті тәркілеу жазасы дегеніміз - сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін мемлекеттің меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз алу ( ҚК-нің 53-бабының 1-бөлігі) және жазаның бұл түрі тек қосымша түрде ғана тағайындалады. Бұл жаза ҚК-нің 130 санкциясында орын алған бұл жалпы санкциялардың 31,4 пайызы деген сөз. Мүлікті тәркілеу жазасы төмендегі негізгі жазалармен қосарлана тағайындалады:

1) түзеу жұмыстары ( 4 санкция);

2) қамау (10 санкция);

3) бас бостандығынан айыру (106 санкция);

4) өлім жазасы ( 10 санкция).

4. Ал енді Тәжік Республикасының қылмыстық заңдарындағы мүлікті тәркілеу жазасының орнына келейік. Мүлікті тәркілеу жазасының анықтамасы - сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін мемлекеттің меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз алу ( ҚК-нің 57-бабының 1-бөлігі) және жазаның бұл түрі тек қосымша түрде ғана тағайындалады. Бұл жаза ҚК-нің 98 санкциясында орын алған, бұл жалпы санкциялардың 15, 4 пайызы деген сөз. Мүлікті тәркілеу жазасы негізгі жазалардың ішінде бас бостандығынан айырумен ғана қосарлана тағайындалады. Жазаның бұл түрі пайдақорлық сипат берген ауыр және ерекше ауыр қылмыстарға қосымша жаза ретінде бүтіндей немесе ішінара түрінде тағайындалады.

5. Біздің қылмыстық заңымызға ұқсас мүлікті тәркілеу институты Қытайдың ҚК-інде де бекітілген. Мүлікті тәркілеу сотталушының меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін алу деп танылады. ҚК-нің 59-бабына сәйкес мүлікті бүтіндей тәркілеуде сотталушы немесе оның асырауындағы адамдарға қажетті мүлік тәркіленбеуі тиіс екені еске алынады. Сотталушының отбасына аса қажетті мүліктері де тәркіленуге жатпайды.Сотталушының кридитордың алдындағы заңды қарыздары тәркіленген мүліктен төленеді.

6. Польша ҚК-і тәркілеуді анықтап, түсіндіріп көрсетпейді. Сот қаулысымен қылмыстық іс-әрекет жасау нәтижесінде алынған мүліктер де, сонымен қатар қылмыстың заты немесе құралы болып табылатын қозғалатын мүліктер де тәркіленуге жатады.

Егер сотталушы кейбір заттардың тәркіленбеуіне (мысалы, ұрланған көлікті өртеп жіберсе) саналы түрде жол берсе, сот жойылған мүлікті ақшалай сомада төлеуге міндеттейді. Бұл сотталушының тәркілеуден жалтару мүмкіндігіне тосқауыл қоятын жеткілікті ереже. Бұл жерде тәркіленуге жататын мүліктің ақшаға ауыстырылуы бұл жазаның тиімділігін көрсетеді. Ақшалай сомаға ауыстырылуға, соттың өз шешімімен осы жерде мүлкін тәркілеу аса қатаң жаза болып байқалған жағдайларда жол беріледі.

Егер сот мәжілісінде сотталушының табысының қайнар көзі қылмыстық жолмен келгені дәлелденсе, онда сот тәркілеуді кез-келген мүліктік пайдасына тағайындай алады (жасалған қылмыспен жанама түрде байланысы болса да).

Польша ҚК-нің 44-бабына сәйкес жәбірленушіге қайтаруға жататындарды қоспағанда барлық тәркіленген заттар мемлекет меншігіне өтеді.

7. Испания қылмыстық құқығы бойынша мүлікті тәркілеу жазамен бірге қосылып тағайындалатын қосымша шара ретінде ғана танылады. Бұл елдің заңы мүлікті тәркілеуді қылмыскердің жасалған қылмыс нәтижесінде алынған барлық мүлкін жою және онымен (қылмыскермен) қылмыс жасау кезінде пайдаланылған құралдарды алып қою деп түсіндіреді.Испания ҚК-і бойынша тәркіленген заттар сатылады, ал алынған сомалар қылмыспен келтірілген залал-зардаптардың орнын толтыруға жіберіледі.

8. Францияның қазіргі заң күші бар Қылмыстық кодексі 1992-жылы 22-шілдеде Франция Ұлттық Жиналысымен және Сенатпен қабылданған. Мүлікті тәркілеуді жазалардың арасында- жалпы, сонымен қатар арнайы деп көрсетеді және оны түзеу жазаларының түрлеріне кіргізеді, нақтырақ айтсақ, құқықтарды шектеу және одан айыру түріндегі жазаларға жатады (Франция ҚК-нің 131-3-бабының 5-пункті).2 Францияның ҚК-іне сәйкес сот үкімімен төмендегі арнайы мүліктерге тәркілеуді тағайындай алады:

1) сотталушының меншігіндегі бір немесе бірнеше көлік құралдары;

2) сотталушының меншігіндегі немесе ол еркін қолдана алатын бір немесе бірнеше қару-жарақтар;

3) қылмыс жасау кезінде қолданылған немесе пайдаланылған немесе соның (жасалған қылмыстың) нәтижесінде келген заттар.

Үшінші пункттің тәжірибе жүзінде қолданылуы ерекше сипатқа ие. Жекелеп айтқанда, Франция ҚК-нің 131-6-бабында ондай тәркілеуді жаза ретінде бұқаралық ақпаратпен байланысы бар теріс қылықтарға тағайындай алатыны көрсетілген. Шынында газетті басып шығарудың белгілі бір шартты бөлігі қылмысты жасау құралы ретінде болады ғой. Алайда газетті баспа тираждарының немесе осы тираждардың бір бөлігі екендігі туралы заңға сәйкес жала жабу немесе қорлау туралы басып шығарылған хабарламалар тәркіленуге жатпайды делінген. Қолданылып жүрген заң бойынша редакция жалған екенін ыспаттап баспасөз жүзінде мәлімдеуді баспасөз құралының жақын келесі нөмірлерінде жүзеге асыруы міндетті.

1992-жылғы Франция ҚК-нің бұрынғы ҚК-мен салыстырғанда ерекшелігі жеке тұлғаларға қатысты және заңды тұлғаларға қатысты бөлек-бөлек жаза жүйелерінің бар болуы.Негізінде мүліктік санкциялар жүйесінде алдыңғы орында айыппұлмен қатар, мүлікті тәркілеудің көптеген түрлері, оның ішінде жалпы мүлікті тәркілеу де орын алады ( Франция ҚК-нің 131-39-баптарының 8-пункті).

Франция ҚК-інде барлық қылмыстық құрамдары негізгі жаза белгілерінің қағидалары бойынша құрылған, яғни белгілі бір қылмыстық әрекетке қарсы көзделген жауаптылық нормасы тек негізгі жазаны ғана қамтиды. Қосымша жазалар Ерекше бөлімде бөлек көрсетіледі, ол белгілі бір қылмыстарға қатысты және бөлімнің соңында бір Тарау ретінде “жалпы ережелер” немесе “жеке тұлғаларға қолданылатын қосымша жазалар туралы” деп аталатын бөлімшелерде беріледі. Мүлікті тәркілеу негізгі, сонымен қатар қосымша жаза ретінде де тағайындала алады (Франция ҚК-нің 131-10-бабы).

Франция ҚК-нің 131-21-бабына сәйкес белгілі бір заттар заңмен немесе қаулымен қауіпті немесе зиянды деп танылған жағдайда, сол заттарға мүлікті тәркілеу жазасы міндетті түрде тағайындауды көрсеткен. Егер мүлікті тәркілеу қылмыстық немесе теріс қылыққа қосымша жаза ретінде тағайындалса, ол қылмыстан тапқан пайдаға бағытталады және мүлікті тәркілеу қайтарылып берілетін заттарға қатысты болмауы керек. Бұдан басқа қылмыстық әрекеттерге қарсы қолданылатын жаза шараларын айқындайтын заңмен немесе қаулымен анықталған кез-келген қозғалатын мүлік тәркілеуге жатады.

Егер тәркілеуге жататын мүлік табылмай немесе белгілі бір себеппен алынбай қалған жағдайда, сол мүліктің бағасы анықталып, ақшалай алынады. Ақшалай соманы алу үшін мүліктік санкциясы бар айыптау үкімі бас бостандығынан айырумен қосарланады және ақшалай алу туралы қаулы шығарылады. Тәркіленген мүлік, егер жойып жіберу туралы арнаулы қаулысы жоқ болса, онда ол мемлекет меншігіне өтеді. Бірақ бұл жерде заңды жолмен үшінші жақтың пайдасына шешілген мүліктік құқықтары және оның бағалары сақталады.

Франция қылмыстық заңында жазаларды бірін-бірімен ауыстыру кезінде мүлікті тәркілеу маңызды рөл атқарады. Егер заңда теріс қылыққа түзеу мекемесіне жабу немесе тек айыппұлмен жазаланатыны көрсетілген болса, сот бұл екі жазаның орнына қылмысқа қолданылған және соған арналған заттар немесе одан алынған (қылмыс нәтижесінде) заттар, сотталушының еркін алып жүруге құқы бар қаруларының біреуін немесе бірнешеуін тәркілеуге құқы бар.

Міне, осындай жолмен Франция қылмыстық заңы бойынша жалпы және арнайы мүлікті тәркілеу тек сотпен ғана тағайындалады және сот бұл жазаларды қолдануды немесе қолданбауды өз қарауына қалдырады.

Франция қылмыстық заңдарының Қазақстан қылмыстық заңдарынан қағидалы түрде айырмашылығы бар (әрине, мүлікті тәркілеу жайында).Біріншіден, бізде арнайы мүлікті тәркілеу жазаның түрі болып табылмайды ( ал бұған Франция қылмыстық заңы жол береді) және ол қылмыстық істер жүргізу және қылмыстық-атқару заңдарымен реттеледі; екіншіден, Қазақстан соттары жалпы мүлікті тәркілеуді баптың санкциясында шараның міндетті түрі ретінде көрсетілсе, онда оны қолдануды алып тастауға құқы жоқ (тек ҚР ҚК-нің 53 және 55-баптарының қатысы болмаған кезде), ал француз ҚК-і міндетті түрдегі мүлікті тәркілеуді көрсетпейді; үшіншіден, Франция ҚК-нің 131-21-бабына сәйкес, сот әділдігін жүзеге асырудың тиімділігін одан әрі дамыту үшін мүлікті тәркілеуді өндіруде, мүліктің бағасын шығару мүмкіншілігі бар, яғни мүлікті алу мүмкін болмаған жағдайда, онда оның ақшалай сомасы алынады; төртіншіден, Франция заңдарында тәркіленуге жатпайтын мүліктердің тізімі жоқ - сол немесе басқа мүліктің қаншалықты тәркіленуге жататынын (қажеттілігін немесе мақсатқа сәйкестілігін) сотттың өзі шешеді.

9. Германия қылмыстық заңы онда орын алған мүлікті тәркілеуге үлкен мән беріп отыр. Есірткі заттармен жасырын түрдегі сауда және олардың қылмыстық топтарының басқа да формаларымен күрес туралы (1992-жыл, 15-шілде). Заңында қылмыстық құқықтың материалдық мәселелеріне айтулы өзгертулер енгізілген. Олардың қатарында мүлікті тәркілеуді кеңейтуге қатысты құқықтық хабарлар, сонымен қатар жаза жүйесіне жазаның жаңа түрі- мүліктік айып (vermogensstrafe)- кіргізілуі болып отыр. Германия ҚК-іне мүліктік айып нормасының кіргізілуіндегі заңның негізгі мақсаты- қылмыстық топтардың қылмыс жасау нәтижесінде алынған немесе пайда болған ақшалай табыстарына құрық салу. Қылмыстық кодекстің 73-бабы белгілі бір мүліктің дәл сол қылмысқа қатыстылығының бар-жоғы туралы дәлелдеу талабын қояды. Алайда бұл дәлелденбесе, осыған байланысты мүліктік айыптың көлемі тек осы қылмыстық жолмен келгені дәлелденген мүлікке немесе оның бағасымен шектеледі.

Осыған орай 1992-жылға дейінгі қылмыстық құқық нормаларының жүйесі қылмыстық іс-әрекетті жасау нәтижесінде пайда болған табыстарды алып қоюға бағытталған болса да, ол шындығында қазіргі талапқа сай қылмыстық топтармен күресуге жауап бермейтін еді.

Қазіргі Германия ҚК-нің ақшалай айыптан негізгі айырмашылығы- мүліктік айып белгілі бір мөлшердегі жүйе емес, ол сотпен тағайындалатын ақшалай соманы төлеу болып табылады. Сот мүліктік айыптың мөлшерін анықтау кезінде кінәлінің мүлкінің бағасы басшылыққа алынады. Мүліктік айып екі жылдан кем емес бас бостандығынан айыру және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазаларына қосарлану арқылы тағайындалады.

Мүліктік айып деген атау күдік бойынша табыстарды алу болып табылады, оның мүліктік қатынастарға қатынасы да болмайды, осы себептен ол қылмыстық құқығы кінә қағидасының және Конституцияда бекітілген мүліктік қатынастар негізінің шеңберінен шығып кетеді. Бұл дегеніңіз- құқықтық мемлекеттің қағидаларына қайшы келеді.3

Германия қылмыстық құқығында мүлікті тәркілеу мен қылмыс затын алып қоюдың арасында айырмашылық бар. Мүлікті тәркілеу қылмысқа қатысушы немесе оны орындаушы қарама-қарсы іс әрекеттен қандайда бір мүліктік пайда немесе кіріс алған жағдайда ғана тағайындалады. Егер қылмыс нәтижесінде мүліктік пайданы немесе кірісті жасалған қылмысты орындаушы қызметіне араласқан немесе көмектесуші ретіндегі үшінші жақ алса, онда тәркілеу тікелей осы тұлғаның мүлкіне қатысты қолданылады.

Германия ҚК-нің 73-параграфына сәйкес, егер белгіленген бір мүлікті тәркілеу мүмкін болмаса, онда сот сол заттың бағасына сәйкес ақшалай соманы тәркілеуді тағайындайды. Егер қылмыспен келтірілген залал мөлшерінің сомасы тәркіленген мүліктің бағасынан асып түскен жағдайда, сот белгілі бір мүлікті тәркілеумен қатар және белгілі бір ақшалай соманы да тәркілеуді тағайындайды. Ондай пікірдің әрекеті түсінікті. Ең соңында ол қылмыскерді жасалған қылмыспен табылған барлық материалдық пайда және кірістен айырады деп қорытындыланады. Алайда мүлікті тәркілеу сот қатаң шара емес деген қорытындыға (сот мәжілісінде) келген кезде тағайындалмайды.

Тәркіленген мүлік мемлекет меншігіне өтеді. Үшінші жақтардың мүлікке құқығы (мысалы, жәбірленушілердің) сақталады.

10. Швейцария қылмыстық құқығында (сондай-ақ Германия қылмыстық құқығында да) мүліктік пайда немесе кірістерді тәркілеу мен қауіпті заттарды тәркілеуде айырмашылықтар бар.

Қылмыстық іс-әрекет нәтижесінде алынған пайда немесе кірістер сот жарлығымен тәркіленеді. Тәркілеу ресми түрде жарияланды. Жәбірленушіден және үшінші жақтан мүліктік наразылықтар ресми жариялағаннан кейін бес жыл ішінде қабылданды.

Мүлікті тәркілеудің ескіру мерзімі бес жылды құрайды. Егер қылмыскер бес жылдан жоғарғы мерзімге шартты түрде сотталса, бұл мерзім мүлікті тәркілеуге де қолдананылады. Тәркілеуді орындауды қамтамасыз ету мақсатында мүлікке қамау салынады.

Тәркілеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сапалы түрде және адал жолмен алған үшінші жаққа қатысты қолданылмайды.

Қауіпті заттарды тәркілеу Швейцария ҚК-нің 58-бабының негізінде жүргізіледі. Бұл заттарға: жасалған қылмыстың заты немесе құралы, сонымен қатар қоғамдық тәртіпке және тыныштыққа, адамдардың қауіпсіздігіне қарсы қауіп-қатер әкелетін заттар жатады.

Құқыққа қарсы іс-әрекет істеген адамнан қауіпті заттарды тәркілеу (қару-жарақ, ұрлау кезінде пайдаланылған құрал-жабдықтарды, порнографиялық материалдар) осы адамның жазалануы немесе жазаланбауына қатыссыз жүзеге асырылады. Мысалы, сот пәтерге ұрлыққа түскен, бірақ есік құлпын ашып ішке кіруі сәтті болмай қалған ұрыны (яғни, ұрлыққа оқталғандарды) жазадан босатады, бірақ кілт орнына жұмсалатын қайқы темірлердің және т.б. құралдардың жиынтығын тәркілейді.

11. Англия қылмыстық құқығында 1973-жылы (1988-жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген) қылмыстық соттардың құзыреті туралы Заң бойынша тәркілеу институтына мүлікті тәркілеу (қылмыс нәтижесінде пайда болған материалдық пайда немесе кірістер) және қылмыстың құралын немесе затын тәркілеу жатады (қылмыс нәтижесінде пайда болған материалдық пайда немесе кірістер) және қылмыстың құралын немесе затын тәркілеу жатады.4

Осыған ұқсас ережелер басқа мемлекеттерде де орын алады. 5

12. Куба қылмыстық заңында мүлікті тәркілеу азаматтық құқықтардан айырудың қосымша жазасына жатқызылады. Бұл жазаның түрі соттың өз қарауымен Куба қылмыстық кодексінің Арнайы бөлім баптарының санкцияларында, оның ішінде мемлекеттік қауіпсіздік қылмыстарды жасаған қылмыскерлерге қолданылады. Мысалы, 151-баптың 5- пунктінде былай айтылады: “Егер осы қылмысты жасаған жағдайда (мемлекеттік қызметкерді сатып алу), онда қосымша жаза ретінде мүлікті тәркілеу қолданылуы мүмкін”.

Қылмыстық заң мүлікті тәркілеуді жалпы және ерекше деп бөледі. Куба ҚК-і 4-тарауының 7-бөлімі “Қылмыстың құралы немесе оның нәтижесінде пайда болған заттарға тағайындалатын жаза туралы” деп аталатын арнайы мүлікті тәркілеуді қолдануды реттейді. Ондағы 43-ші бапта: “1. Қылмыстың құралы және оның нәтижесінде пайда болған заттарға тағайындалған жаза-сотталушының қылмыс жасау кезінде пайдаланылған немесе соған арналған, сонымен қатар сол қылмыстың нәтижесінде тікелей немесе жанама жолмен пайда болған мүліктерді алу болып табылады. 2. Көрсетілген мүліктер әлеуметтік-экономикалық қатынаста өте пайдалы болғандықтан пайдалануға жатады немесе оның зиянды және пайдасы жоқ заттар екені дәлелденсе, онда ол жойылуға жатады”. Осы тараудың 44-бабы жалпы мүлікті тәркілеудің мазмұнын ашады: 1. Жалпы мүлікті тәркілеу- сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін мемлекет меншігіне мәжбүрлеп өтеусіз алу болып табылады. 2. Сотталушы мен оның асырауындағы адамдар үшін қажетті және оған заңды меншік құқығымен тиесілі мүлік түрлері мен заттар тәркіленуге жатпайды. 3. Жалпы мүлікті тәркілеу жазасы туралы шешім сотпен қабылданады және ол мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыстарды жасаған жағдайда, істің сипатын мұқият қарап шыққаннан кейін қабылданады.6

13. Америка Құрама Штаттары Заңдар Жинағының 18-бөлімінің 3554-параграфында 1970-жылы есірткі заттарды бақылау және асыра пайдалануды ескерту туралы Жалпы көлемді заңның 413-параграфындағы ережесіне сәйкес мүлікті тәркілеу қосымша жаза ретінде көзделіп және ол сот қарауымен Құрама Штаттарының меншігіне өтетіндігі жөнінде айтқан. Сот мүлікті тәркілеу жазасын тек ғана есірткі заттардың заңсыз айналымына қарсы қылмыстарға, қорқытып алушылықтан немесе заңсыз қарыз алу жолымен табылған табыстарға тағайындайды.7

14. Болгария мемлекетіндегі мүлікті тәркілеу жазасы БР ҚК-і 2-тарауының 2-бөліміндегі 44,45,46-баптарымен реттелген.

44-баптағы мүлікті тәркілеу жазасының анықтамасының жалпы біздегі заңнан өзгешелігі жоқ десе де болғандай. 45-бап төмендегідей баяндалған: “1) Егер айыптының жазаның нақты заты болып табылатын мүлік сол кезде өзінде жоқ болса, онда тәркілеу тағайындалмайды. 2) Сотталушының және оның отбасының жеке қолданыстағы мүліктері, үй тұрмысындағы заттар, кәсіби деңгейін жетілдіруге қажетті заттар, сондай-ақ отбасын қамтамасыз етуге бір жылға жететін қажетті заттар Министрлер Кеңесімен бекітілген Ережеге сәйкес тәркіленбейді”.8

15. Австрия ҚК-інде қылмыстық жазалар арасында жалпы мүлікті тәркілеу жоқ, онда тек арнайы мүлікті тәркілеуді көрсетеді. Осы ҚК-тің 26-параграфы: “1. Қылмыскердің қылмысты жасау сәтінде қолданылған заттар жаңа қылмысты жасауына бөгет болу мақсатында тәркіленуге жатады. 2. Егер заттар қылмысқа қатыспаған басқа біреудікі болса, онда бұл заттың келесі бір қылмысқа пайдаланбауына кепіл бере алмайтын болса, онда ол заттар тәркіленеді” 9 деп атап өтеді.

16. Италия ҚК-інде негізгі және қосымша жазалар қатарында мүлікті тәркілеу мүлдем көрсетілмеген. Керісінше, пайдақорлық қылмыстарға санкцияда жоқ болса да, айыппұл соттардың өз қарауымен 10 мың лирдан 4 миллион лирға дейін салынады. 10

Келтірілген салыстырулардың көмегімен Қазақстан мен шетел мемлекеттерінің тәркілеу институтының қағидалы түрдегі амалдары жағынан ұқсас екендігіне мән беруге болады. Алайда айырмашылықтар да бар, яғни тәркілеудің заңды анықтамасы, түсіндірулері Қазақстан, Қытай, Ресей және Испания қылмыстық кодекстерінде ғана бекітілген. Тәркіленетін заттар да әр түрлі анықталған. Мысалы, біздің қылмыстық заңымызда жаза түрінде тек жалпы тәркілеуді ғана көрсетсе, ал Германия және Швейцария т.б. мемлекеттердің ҚК-терінде жазаның түрі ретінде мүліктік пайда немесе кірістерді және қауіпті заттар да тәркіленуге жататындығы айтылған Польша және ГФР ҚК-терінің ережелеріне мән беруге тұрарлықтай, өйткені оларда заңға сәйкес тәркілеуді тағайындау кезінде жәбірленушілердің де пікір, көзқарастарына мән беріледі.

Жоғарыдағы келтірілген салыстырмаларға талдау жасай отырып, мынадай қорытындыға келуге болады.

1. Мүлікті тәркілеу қосымша жаза ретінде жақын және алыс көптеген елдердің (біз қарастырған елдердің барлығы) қылмыстық заңдарында өз орыны бар.

2. Мүлікті тәркілеу қылмыстық жаза ретінде ТМД-ның бірқатар мемлекеттерінде оның анықтамасы мен қолдануларында айтулы өзгерістер жоқ.

3. Жалпы тәркілеу жаза ретінде бірқатар мемлекеттердің қылмыстық заңдарында жоқ және бұл қатынас меншік құқығына деген “қол сұқпаушылықты және оның киелілігін” білдірсе керек. Бұлардың қатарында Жапония, Австрия мемлекеттері бар. Франция қылмыстық заңы бойынша жазаның бұл түрі жеке, сонымен қатар заңды тұлғаның да меншігіне қолдана береді. Бұл елдің заңы бойынша, егер тәркілеуге жататын мүлік табылмай немесе белгілі бір себеппен алынбай қалған жағдайда, сол мүліктің бағасы анықталып, ақшалай алынады.

Жалпы мүлікті тәркілеумен қатар арнайы тәркілеуді қолдану да көптеген мемлекеттердің қылмыстық заңдарында көрсетілген. Әрине, тек қылмыстық жазаның бір түрі ретінде ғана. Алайда бұл жазаны қолдану негізгі жаза ретінде жүзеге асса (Жапония, Австрия), бір мемлекеттерде қосымша (Польша, Франция, Германия, Швейцария, Англия және т.б.) және бір мемлекеттерде (Испания) қауіпсіздіктің бір шарасы ретінде кіргізілген.



Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Курс уголовного права. Общая часть. том.2. под.ред. М., “Зерцало”. 1999, с.45.

2. Новый уголовный кодекс Франции. Автор пер.Гарф М.Б.и др.М., издат. юрид.колледж МГУ. 1993.

3. Серебренникова А.В. Имущественный штраф по УК Германии. Вестник МГУ, серия N11.Право. 1996. N16, с.59.

4. Уголовное право зарубежных стран. Общая часть. Институт международного права и экономики им.А.С.Грибоедова. Под.ред. Козочкина И.Д. М., 2003.

5. Уголовный кодекс Республики Беларусь. Минск. “Тесей”. 2001, с.76-77.

6. “Офисиьяль Республики Куба” газеті. Арнайы шығарылым. Гавана. Сәрсенбі, 1987 жыл, 30-желтоқсан.

7. Уголовное законодательство зарубежных стран. М., 1998, с.78.

8. Уголовный кодекс Республики Болгария. Минск, “Тесей”. 2000, с.192.

9. Уголовный кодекс Австрии.Федеральный закон от 23 января, 1974 г., М., 1976.

10. Уголовное право зарубежных стран. Общая часть. Институт международного права и экономики им.А.С.Грибоедова. Под.ред. Козочкина И.Д. М., 2003, с.552.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет