Ілияс Есенберлин жанталас (КӨшпенділер – 2) Пролог



жүктеу 3.87 Mb.
бет1/11
Дата25.04.2016
өлшемі3.87 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
: CDO -> BOOKS -> Kaz
Kaz -> Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әбу абдулла мұхаммед ибн исмайл ибн ибраһим ибн әл-муғира әл-бұхари сахих әл-бұхари
Kaz -> Нұрғали Қадырбаев шығарма арқауы – шындық
Kaz -> Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі
Kaz -> Шыңғыс айтматов таулар қҰЛАҒанда
Kaz -> Кемел ойдың алыбы
Kaz -> Мазмұндамалар жинағЫ Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы Алматы 2012
Kaz -> Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған


Ілияс Есенберлин


ЖАНТАЛАС
(КӨШПЕНДІЛЕР – 2)

Пролог

Қазақтың ұлы даласын күнгей мен күншығыс жағынан алып тағадай иіле түсіп, мыңдаған шақырымға созылған дүние жүзіндегі ең биік таулар қоршап жатыр. Осы ақ басты ғажайып шың, құздар қазақ жерінің үстінен өтетін ескек желге, азынаған дауыл-боранға ғана тосқауыл емес, бұл таулар көшкен елге де, басқыншы жаудың қалың қолына да асу бермес берік қамал. Тек бір жерінде ғана бұл ғаламат қиялар, шөккен нардай, даланың бауырына кіре, жатаған тартқан. Осы тұстан Азия мен Европаның түйіскен алқабына қарай, жаратылыстың өзі жаратқан долы сұрапылымен бірге, араларына жүздеген жылдар салып фангфур ұлы хандарының, Әтилланың, Шыңғыстың құмырсқадай құжынаған қосындары төгілген. Бұл қанды жорықтар ең алдымен осы арада әлмисақтан бері егін егіп, мал бағып, қала салып, бейбіт жатқан елдерді талқандады. Одан өтіп қазақтың көшпенді байтақ даласын қызыл қанға бояп, лек-легімен күнбатысқа қарай лап қойды. Бұлар басып өткен жерде тек күңіренген ел, күйзелген дала, күйреген қала ғана қалды.

Бұл жолғы шайқас та — соның бірі еді.

Жоңғар қақпасының етегіндегі Сойқан сайда Қытай мен қазақ әскерінің алысқанына міне бір жеті болған. Бойлауық жылқы секілді бой бермей, екі жақ бірдей арандағанда, талай қанды ауыз бөрілер пұшпағынан ілінді. Жүрегінің түгі бар талай батырлар қайқы қара алдаспандардан қаза тапты. Талай албырт жас өмір сабағынан үзілген гүлдей семді. Бірақ кісі қанын толарсақтан кешіп жүрсе де селт етпейтін қолбасшылар майданға жұртты төпеп айдай берді. Сегізінші күні жасыл жібек шатырын қырық құлға көтертіп, майдан шебіне Қытай боғдыханы Канси келді. Әскер басшыларын шақырып алып:

— Ұрыс қалай жүріп жатыр? — деп сұраған.

Әйел өңдес, қу тамырдай қатып-семіп қалған, көсе қара әскер басы иіле тәжім етіп, жауап берді.

— Алдияр тақсыр, әлі итжығыс түсіп жатырмыз. Екі жақ бірдей қырғында. Біздің шығынымыз көптеу.

Әскер басы өзек жарған шындығын айтқан. Боғдыхан шаршы топтың алдында өз әскер басын мұқата сөйледі.

— Ақымақ, — деді ол, — үш ғасыр бойы алысып Тан династиясы жеңе алмаған бұл тайпаны сен жеңем деп ойлап па едің?

— Алдияр тақсыр, соғыс деп бұйырған өзіңіз ғой.

— Соғыс дегенде мен саған осылай соғыс деп пе едім? Бүйтіп сен оларға тізе көрсетіп, бетін қайтара алмайсың. Одан да өзің былай тұр да, күнде шабуылдап мазаңды ала берген ойрат тайпасын жап. Екі жұрт бірін-бірі ала алмай, әбден әлсіреп, енді тентіреп кетуге айналғанда, сен бір бүйірден шыға кел де, екеуін екі бүктей салып, бос қалған жерін басып ал...

— Алдияр, — деді анау басын бұрынғысынан да төмен иіп, — қалжыраған ойратты олжалау қиын болмас. Ал қазақ жұртын олай құртып, жерін оп-оңай басып ала аламыз ба? Ар жағында бізден күші басым Луссия көршісі бар ғой. Ол бізге қазақ даласын көпе-көрнеу талатып қоя ма?

— Луссия үшін құса болма. Қазақ жері өгіздің талысындай мол, бәрімізге де жетеді. Біз Ертістің жоғарғы тұсымен Жетісу, Түркістан уәлиетін, Шығыс Түркістанды тегіс баурымызға басамыз... Қысқасы, Көкше теңіздің оңтүстік жағасына дейін біздікі, солтүстік жағасы Луссиянікі болуы керек-ті.

— Сонда қазақ елі қайда қалады?

— Көкше теңіздің түбінде! Жоңғар тайпасын қалай құртсаң, қазақ жұртын да сондай етіп құртасың!

— Құп, тақсыр.



Бірінші бӨлім

І

Қазақ елі бұл кезде көкпарға тартуға дайындалған серке тәрізді еді. Жан-жағынан анталаған қай жауының тақымында кетеді? әлде өзара қырылысқан хан, сұлтандар қанын сорғалатып, біреуі — аяғын, біреуі — қолын, біреуі — басын қанжығаларына байлап әкете ме, кім білсін?



Ел басына төнгелі келе жатқан мұндай ауыр кезеңді дұрыс ұғып, терең болжап, болашақ тарихы мен тағдырының төрт жағынан бірдей соққалы тұрған сұрапылдан халқын құтқарар кімі бар?

Мұндай жанталаста халық алдыңғы шепке ең алдыменен өзінің тәжірибесін, ақыл-парасатын, табандылығын салуға тиісті. Өйткені қазақ елін көкпар етіп ала қашуға дайындалып жатқан ең бірінші қасы оған айқын еді.

Шыңғысхан құрған монғол хандығының ғұмыры екі жүз жылға жетпеді. Бір кездегі ұлы көшпелі мемлекет — Қарақұрым ордасы Құбылайдың тұсында Пекинге көшісімен-ақ монғол хандығы делінуден қалды. Құбылайдан кейінгі Қытай боғдыхандары енді өздерін Шыңғыс мұрагерлері санап, монғолдың атамекен көне қонысы түгіл, «Бар әлемді тітіретуші» жирен сақалды ханның жаулап алған жерлерін де бауырларына басқысы келді. Бұлар енді бір кезде ұлы Қытай империясын Шыңғысханның күшпен жаулап алғанын, оның көп шаһарларын тып-типыл етіп қиратып, егістік даласын малға жайылым еткісі келгенін ұмытты. Ал монғол жеріндегі ұлы Қарақұрым хандығы да бөлшектене бастады. Өзара қырқыс, жанжал бір жағынан, күнгей үрдісінде пайда болған манчжур хандарының ұзақ жылғы ұрыстары екінші жағынан берекесін алып, бұлардың бұрынғыдай іргелі ел болып отыруына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне негізгі кәсібі мал бағу болған, әр аулы әр бөлек қонған монғол шонжарларына қыс — қыстау, жаз — жайлау жетпей, елге қоныс, малға өріс тапшылығы тағы бір пәле болды. Әсіресе батыс монғол тайпалары — Чорас, Ойрат, Торғауыт, Төлеуіт рулары Қытай боғдыхандарының тегеурініне шыдай алмай атамекен қоныстарын тастап, жер іздеп босып кеткен. Бір бөлегі Сібір жеріне, қалғаны Ертіс бойына, Тарбағатай тауына қарай ойысты. Қалмақ аталған бір бөлегі жер іздеп, көше-көше тіпті Еділдің төменгі сағасына өтіп кетіп, Айдархан (Астрахань) маңайында көшпелі аймақ боп тұрып қалды. Батысқа қарай ығысқан бұл елдерді Қытай боғдыхандары Сібірге, қазақ жеріне және Орта Азияға өзінің ықпалын жүргізудегі алдыңғы шебі деп санады. Ал бұл зұлымдық саясатқа көнгісі келмей, өздеріне қарсы шыққан кей қонтайшыларды ауыл-аймағымен, бала-шағасына дейін қалдырмай қырып тастап отырды. Енді Қытай зардабынан қорыққан жұрт ойысып кеп, Тарбағатай тауын, Іле өзенінің сағасын, Жайсан (Зайсан) көлінің өңірін мекендеді.

Осы арада олар аман қалған руларын жинап көшпелі мемлекет — Жоңғар хандығын құрған. Бір мың алты жүз отыз төртінші жылы бұл хандықтың қонтайшысы боп Хара-Хұла батырдың баласы Батур сайланған. Бұл қонтайшының маңына енді Енисей, Ертіс өзендерінің жағасын жайлаған монғолдың басқа да ұсақ рулары жинала бастады. Өстіп Жоңғар хандығы үлкен күшке айналған. Ол өзінің ордасын Зайсан көлінің жағасына көшірген. Дәл қасында пайда бола қалған көшпелі жауынгер мемлекетке Қытай саясатшылары енді қобалжи қарады...

Батур қонтайшы өзі өлгенше орыс патшаларымен тату бола отырып, Жоңғар хандығын күшейтуді арман етті. Батур негізгі саясатын Қытай боғдыхандарының ақылымен Оңтүстік Сібір мен қазақ жерін алуға құрды. Алдымен ол Тәуекел ханмен, соңынан Есім ханмен сан айқасты, бірақ дегеніне жете алмады.

Батур өлгеннен кейін оның орнын үлкен ұлы Сэнгэ, содан кейін кіші баласы Қалден басты. Қалден Қытай императорының жарлығы бойынша осы кезде бас көтеріп ереуілге шыққан, өздерімен қандас Шығыс Монғолияның орта шарқы руларын аямай қырды. Бұл ара енді құлазыған қу далаға айналды. Сөйтсе де, жоңғардың қарақұрым боп өсіп келе жатқан мал басына жайылым тағы таршылық етті. Сонда барып Қалден Бошұқты Жоңғар хандығын Қалқа өңірін қосып алып, кеңейтпек болды. Осы саясатпен ол қонтайшы ордасын Іле өзенінің жағасына Тувадағы Хемчик өзенінің бойына, соңынан Қобда өзенінің төменгі сағасына көшірді. Бұл кезде Жоңғар хандығына Тибет, Енисей өзенінің өңіріндегі қырғыз рулары мен бүкіл Алтай тауының аймағы кірді. Осыншама жерге қожа болған Жоңғар қонтайшысы енді Қалқаны да қосып аламын деп жорыққа аттанды. Бірақ Қытайдың Манчжур (Цин) хандығынан жеңіліп қап, Қалқаны Қытай алды. Осы жорықтан тұрмастай болып күйреген Қалден өзін-өзі бауыздап өлтірді. Қалден өзінің үстемдігін жүргізіп тұрған кезінде, бақ күндесім болмасын деп ағайын-туыстарын да аяған жоқ. Бас көтергенін құртып жіберіп отырды. Осындай құртам деген жақынының бірі, немересі Сыбан Раптан Турфанға қашты. Қалден Қалқаны қосып аламын деп жорыққа аттанғанда, Сыбан Раптан өз еліне қайтып келіп, Буратал өзенінің бойын жайлады. Бірте-бірте ол бүкіл Жоңғар елін өзіне бағындырды. Қалден өзін-өзі өлтіргеннен кейін, бір мың алты жүз тоқсан жетінші жылы бүкіл Жоңғар қонтайшысы осы Сыбан Раптан болды. Сыбан Раптан Қытай еліне әкесінің інісі Қалденнен кем жау болған жоқ, Қытай императорымен сырт байланысы түзу саналғанмен, көршілес қалаларына шабуылын тоқтатпады. Ал Сыбан Раптан, баласы Қалден Церенмен қосылып, Халш дуанын тонаудан бастап Қытайға қарсы соғыс ашқанда, Джунгоның жаңа Цин династиясының императоры Канси сол жылы Жоңғар жерін бүтіндей бұрынғы өздерінің князьдарына қайтарып, Сыбан Раптанға Ертіс бойынан ғана шағын жайылым қалсын деп «Фимен» (жарлық) берді. Бұл жарлық бойынша Сыбан Раптан Қытай боғдыханы өкілін қатыстырып, Жоңғар елінің Құрылтайын шақыруға міндетті еді. Құрылтайдан кейін Қытай еліне шабуыл жасай берген Жоңғар хандығы енді қазақ жеріне беттеуге тиісті. Сөйтіп Қытай боғдыханы өзімен итжығыс түсіп жүрген қазақ халқын да мұқатпақ болды. Бұны істемесе, Қытайдың қалың әскерін Сыбан Раптанға қарсы аттандырып, Жоңғар ордасын біржолата күл-талқан етеміз деп қорқытты. Қытай мен Жоңғар хандығының арасында жойқын соғыс басталатыны мүмкін боп қалғандай еді, бірақ Қытай шекарасындағы Жоңғар рулары Кансидің қаһарынан ығып, енді Ілені құлдилай төмен көшіп, көбі Алтынемел тұсына келіп орналасқан. Қонтайшы Сыбан Раптан Іле өзенінің күнгейі, Сарын шаһарының күншығыс тұсына өзінің ордасын тікті.

Бірақ, сонау Қытай шекарасынан көшіп келген қалың Жоңғар елі бір Іленің бойына сияр ма, әрине, сыймайды. Қалайда қоныс кеңіту керек... Осы кезде Канси қаза тапты. Бірақ Канси өлгенмен, оның қалың әскері қалды. Жоңғардың Қытайға күш-қуаты жетпейді, жармасары баяғы үйреніскен жауы, қазақ елі. Олардың жүз мың атты әскеріне қазір қазақтың төтеп берер жайы жоқ. Әрине, бұл кездегі Жоңғар әскері Қалден кезіндегі шоқпар, сойыл ұстаған жабайы, тағы әскер емес. Әскер сапын Европа тәртібімен құрған, соғыс тәсілін европаша жүргізе алар зеңбірегі, білте мылтығы бар. Оған Жоңғар жауын-
герлерінің ғасырлар бойғы ұрыс-соғыс тәжірибесін, төзімділігін, жанкештілігін қоссаңыз қандай күшке айналады.

Жоңғар әскерін мұндай мықтылыққа жеткізген Сыбан Раптан, оның жауынгер баласы Қалден Церен мен жалдама Қытай әскери мамандары еді. Бұған швед офицері Иоганн Густав Ренат та аз үлес қосқан жоқ. Ол Жоңғар жасағы Бухгольц экспедициясын құртқан ұрыста Өскемен бекінісінің жанында қолға түскен кіші офицер еді. Осы унтер-офицер Сыбан Раптан әскерін Европа тәртібімен құруды, соғысты Европа әскерлерінің әдісімен жүргізуді үйретті. Ойрат ұсталарына зеңбірек құйдырды. Жоңғар елі білмейтін өнерлермен таныстырды, тіпті баспахана да ашты. Осындай он қолынан өнері тамған, көп ғылымнан хабары бар Ренат пен Қытайдың жалдама мамандары Жоңғар әскерін соғыстың жаңа тәсілдерімен таныстырды. Енді олар Орта Азия, қазақ жауынгерлеріне жат, жан шыдаспас айбарлы күшке айналды.

Бұл тұста «Үлкен Орда» ханы болып, Жәнібек ханның кенжесі Жәдек ұрпағы, Тәуке ханның бәйбішесінен туған Болат отырған. Бірақ, бұл бозөкпе, ел басын біріктіріп жауға қарсы қоюдың орнына, Орта жүздің азулы руларының таласынан аса алмай жүрген шөре-шөре хан. Өзі көптен ауру, көп істі немере інісі Сәмеке атқарады. Кіші жүздің ханы — Абдолла сұлтанның баласы Әбілқайыр, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс — Әбілқайырмен әкесі бір, шешелері бөлек. Бұ да расында қадірі бәлендей күшті кісі емес. Орта жүзге кіретін қалың Найман, Жоңғар хандығымен іргелес, өз алдына жатқан бір тайпа ел. Бұлардың басшылары — Сібір хандарының ұрпағына жататын Бөкей ханның шөбересі Тұрсыннан туған көкжал бөрі Барақ пен Күшік сұлтандар.

Бұның алдында Түркістанды астана етіп, Үлкен Орда ханы боп Есімнің немересі Жәңгірден туған Тәуке отырған.

Тәуке!

Ол күшейіп келе жатқан Жоңғар хандығының қазақ еліне өте қауіпті екенін бірден түсінді. Сондықтан да Тәуке Россиямен қарым-қатынасын жақсартып, оған арқа сүйемек боп, бірнеше рет әрекет еткен. Бір мың жеті жүз екінші жылы-ақ Өскемен бекіністеріне қазақ елшілерін жіберді. Бірақ оларды жолай ойраттар ұстап алып өлтірген. Содан он үш жыл кейін Тәуке қарым-қатынасымызды жөндейік деп, орыс патшасының қарамағындағы Уфа қаласына Тайқымұрын биді бас етіп елшілерін қайтадан аттандырды. Бірақ Уфадан хабар келгенше, көп жылдардан бері сырқат Тәуке бір мың жеті жүз он бесінші жылдың аяғында қайтыс болды.



Тәуке басынан талай айқасты өткізді. Түркістан Сайрамды аламын деп қалың қолмен келген Бұхара, Қоқан, Хиуа хандарына төтеп бере алды. Әсіресе, Тәуке Жоңғар нояндарымен көп алысты. Бұл айқастарында ол үнемі қырғыз елімен бірге болды. Қырғыз манабы Тиес әрқашанда Жоңғарға қарсы Тәукемен бір сапта шықты. Қазақ, қырғыз арасында Тәуке хан мен Тиес манапты бөлмей, екі халықтың достығының бейнесі етіп, Тәуке — Тиес деп, қосақтай атады. Тәуке хан кезінде қырғыздың көп-көп ауылы қазақ ауылдарымен аралас, әндижан маңайын, Шу, Шарын өзендерінің бойын жайлады.

Сол кездегі қазақтың алғыр билері — Қаракесек руынан шыққан, отыздардан жаңа асқан қаз дауысты Қазыбек, Үйсін Төле билер, әз Тәукенің ордасына жиі келіп, ханның ел билеу ісіне арналған атақты ережесі «Жеті жарғысының» жазылуына көмектесті. Сонау Баянауланы жайлаған қалың Қаржасқа жататын Алтынторы руынан аты шулы Қалқаманұлы Темірғали — Бұқар жырау жиырма бесінде әз Тәукенің ордасына кеп, сарай ақыны атанды. Тәуке хан алпыстан аса беріп дүние салғанда, бар қазақ аза тұтып, ардақтап оны Қожа Ахмет Яссауидың мазарының түбіне қойды.

Үлкен талас-тартыспен, қазақтың басты билерінің қолдауымен Орта жүз тағына Есімханның екінші баласы, Жәңгірдің інісі, Сырдақтың немересі Керей сұлтаннан туған Қайып отырды. Тәуке оқи алмай кеткен орыс әкімдерінің сәлем хатын бұл оқыды. Сол күні-ақ ол Уфаға «Ұшпу хатларыңызды алып қуанып қалдық» деп жауап қайырды. Қайып немере ағасы Тәукенің ұстаған жолын дұрыс деп тапты. Сол жылы жаз тоқсанның аяғында Тобыл қаласындағы Сібір губернаторы Гагаринге Екешұлы Бекболат би мен Бөріұлы Байдәулет ақсақалды бас етіп, елші жіберді. Губернатор ақ патша ағзамға жеткізсін деп арнаулы хат жазылды. Бұл хатта орыс елі бізбен мәңгі-бақи тату болса екен, екі ел бірігіп, Жоңғар қонтайшысына қарсы шығалық, оған біз жиырма-отыз мың атты әскер берер едік деген қазақ елінің тәуелсіздігіне зор маңызы бар тілектермен бірге қазақ саудагерлерінің Тобыл қаласына келіп сауда жасауына рұқсат сұрады.

Бекболат пен Байдәулет ақсақал губернаторға: «Қазақ жігіттері орыс қалаларына тимейді. Ал тиер болса, оларға өлім жазасына дейін шара қолданылады. Керек десеңіздер, ондай адамдарды ұстап алып, Тобыл қаласына жүргізуге бармыз», — деген ханның ауызша сәлемін де жеткізді.

Мұндай хат Қазан мен Уфаға да жолданған. Гагарин Қайып ханның хатын Петербургке жіберді. Сенат қазақ ханы мен халқының өтінішін шын ықыласпен қарсы алды. Бұған Бірінші Петр патша да қосылды. Тек бірігіп Жоңғар қонтайшысымен соғысалық деген Қайып ханның тілегін қабылдамады. «Қазақ жұрты бізбен дос елдермен соғыс ашпай, тату-тәтті тұру керек», — деді. Ал Қайып хан қазақ халқының тәуелсіздігі мен жер-суын сақтап қалу үшін, күншығысы мен оңтүстігінен қысып келе жатқан жауларына төтеп берудің жолы — Россияның көмегіне сүйену екенін есінен шығара алмады. Әсіресе, мұндай шешімге келуге бір мың жеті жүз он жетінші жылғы Аякөз өзенінің жағасында өткен ұрыс себепкер болды. Бұл ұрысқа Қайып пен Әбілқайыр бірігіп шыққан. Екі жақтан отыз мыңдай әскер қатысқан. Қазақ қолы Сыбан Раптан әскерінің осы бір бөлігінің өзінен жеңіліп қала жаздаған. Бұл ұрыс Сыбан Раптанның қазақ әскерінің қандай күйде екенін білудегі елеулі күш жұмсаған алғашқы барлауы еді.

Қазақ елінің жағдайын дұрыстап түсіну үшін, Бірінші Петр патшаның бұйрығы бойынша, Сібір губернаторы Гагарин қазақ жеріне Борис Брянцев басқарған арнаулы елшілер шығарды. Бұл елшілер тобы 1728 жылы Көкек айының бесі күні Жайық жағасындағы Кіші жүз ханы Әбілқайырмен, жаз тоқсанның алғашқы айының жиырма бесі күні Түркістандағы Орта жүз ханы Қайыппен кездесті.

Қазақ жеріне жеткен елшілер ең алдымен, бұл арада сауда-саттықты молайтудың сан жолы бар екенін ұқты. Қазақ даласы арқылы Азияның ұлы мемлекеттеріне, әсіресе, ар жағында жатқан Үндістанға қол созуға болатынын көрді. Қиял қанатты Бірінші Петр патшаның да күткені осы еді. Ол Азияның ұлы мемлекеттеріне жол ашу — Россияның дүние жүзіндегі ең құдіретті патшалықтарының қатарына қосылуы деп ұғынған. Әбден күшейіп алған және өзінің ұлы патшасы «аспанға шапшытқан» Россия бұл кезде Англия, Франциялармен қатар басқа елдерін отарлау бәсекесіне молынан кіріскенді. Бірақ қазақ даласы мен Орта Азияға Россияның келуі — отаршылық саясатының толып жатқан қиянатына қарамай шағын елдерге Қытай үстемдігінен көрі анағұрлым жеңіл зәбір еді. Бұл қоғамдық әрекет тарих жүзінде өзінің маңызды орнын алды. «Шынында да шығыс елдерінде Россия прогрессивтік міндет атқарып отыр... Россияның бұл үстемдігі Қара теңіз бен Каспий теңізінің тұсында, Орталық Азияға мәдениет әкелді» деп жазды соңынан Энгельс.

Орыс елшілерінің тағы бір түйгені — ол қазақ хандарының қазіргі күнде Жоңғар қонтайшысына қарсы тұра алатын күшінің жоқтығы болды. Бұл жөнінде Брянцев экспедициясы қазақ хандығына жәрдем беру саясатын қолдады. Сонда барып, Бірінші Петр Жоңғар хандығына елші жіберуге бекінді. Бірақ жіберген елшісі Унковский қайтып келіп, Петр патша тиісті қорытынды істегенше, жоңғар мен қазақ арасы әлем-тапырық болды да кетті.

әрине, мұндай жағдайда қазақ елі Сыбан Раптан секілді пышақтың жүзіндей қылшылдаған, қазірдің өзінде жетпіс мың әскері бар жауға қарсы тұра алар ма? Және жауы жалғыз Жоңғар хандығы ғана ма? Мұндай қиындықта тек хан ордасының маңындағы ағайын, туыс, төлеңгіт секілді аз ғана күшке сүйенген хандардың қолынан не келеді? Әр жүздің ханы, сұлтанымын деп отырған Болат, Әбілқайыр, Сәмеке, Барақ, Күшіктердің өз ордаларының іші толған жанжал, бақталастық, қым-қиғаш тартыс.

Ал патша үкіметі, болғалы тұрған қанды уақиғалардың екі жағымен де түбі тіл табу керек екенін есіне ұстап, Орта Азия істеріне өте сақтықпен қарады. Қайып хан өлісіменен: «Арты не болар екен?» — дегендей күту саясатына көшті.

Осының бәрі қазақ халқының басына бір жамандық әкелгелі тұрғандай еді.

Жоңғар қонтайшысы жорық алдындағы кеңесін шақырды. Осы кеңесте қазақ елін шабу тәртібі шешілген. Ренат ақылы бойынша, ежелден шығыс жеріндегі жауды бір тұстан шабу дәстүрі қолданылмай, бірден қос бүйірден ала бастамақ болды. Жоңғардың бар әскерінің қолбасшысы етіліп Сыбан Раптанның інісі Шұна Дабо баһадур белгіленді. Бір жағы Қаратауды басып, Шу мен Талас өзенінің бойына түйілсе, екінші жағы Шыршық қойнауына шықпақ. Сол үшін Шұна Дабо әскерін жетіге бөлді. Әр қол енді тау бөктерлеріне, не жау жеріне қарай ағатын өзен бастарына өзінің туын тігіп, әскерін жорыққа дайындады. Бірінші қол Жетісу Алатауының етегіне, Балқаш көліне құятын төрт өзеннің басына жиналды. Бұл қолға Сыбан Раптанның баласы Қалден Церен қолбасшы боп белгіленді. Екінші қол Алтынемел тауларына таяу Іле өзенінің теріскей жағындағы Көктал мен Көктеректің ортасына туын тікті. Бұған қолбасшылыққа Сыбан Раптанның інісі Қорен батыр бекітілді. Үшінші қол Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағында жатқан Кетпен тауының бауырына жиналды. Бұған қолбасшы Қалден Цереннің он жеті жасар немересі Амурсана болды. Төртінші қол Шелек өзенінің басына туын тікті. Бұның қолбасшысы етіп, он сегіз жасар жас батыр Сыбан Доржыны (Қалден Цереннің ортаншы баласын) бекітті. Бесінші қол Түп өзенінің бойына, Ыстық көлдің жағалауларына қостарын тікті. Бұл қолға қолбасшы боп, Қалден Цереннің үлкен баласы Лама Доржы тағайындалды. Алтыншы қолды Шуға құятын Үлкен Кебен өзенінің алқабына жинады. Бұған қолбасшы етіп, Меркиттен шыққан ақсүйек ноян Церен Доржыны тағайындады. Жетінші қол боп, Сыбан Раптан қонтайшы өз туын (Жоңғар әскерінің бас туын), осы күнгі Құлжа қаласына таяу Талқы асуының оңтүстік-батыс тұсына тікті.

Осылай, Алатау бөктерін жайлаған қалың елді қоршай, Сыбан Раптан әскері тұрды. Тек қонтайшының «Алға!» деген әмірі ғана қалған.

Сыбан Раптан көктем туысымен шабуылға шықпақ болды. Бұл көп жыл-


қылы қазақ елінің тай-жабағысы піштірілген, жаңа аяқтанған қозы-лағының көшке ере алмайтын, ұрысуға ыңғайы жоқ кезі еді.

Бүгін күн бүкіл Түркістан уәлиеті мен Жетісудың күншығыс-солтүстігін айнала қоршап тұрған қалың әскердің ызғары соққандай, бір түрлі сұсты еді. Дәл жер сілкінердің алдындағыдай, өзінен-өзі тұншыға безерген дүние. Бұл қорқынышты адамнан басқа өзге тірінің бәрі де күні бұрын сезеді-міс. Жылан інінен шығып, тышқан өзен жағасынан алыс кетуге тырысады деседі... Дәл осындай бір ауыр жағдай бүгін де күннің ашықтығына қарамай, адамның иығынан басып, бүкіл әлемді тұншықтырып бара жатты. Жоңғар қақпасынан соғатын салқын жел, әдеттегідей жұпар аңқыған жасыл шөп иісінің орнына төгілген адам қанының жылымшы иісін жеткізді.

Дәл осы күні түнде Түркістанда тағы бір оқшау оқиға болды. Хорезм, Хиуа елдерін Сайбанның баласы Темір сұлтаннан тараған Жәдігер, Хаджім, Ақатай атты хандар билеген — 1696—1697 жылдары Хиуа тағына осы хандардың соңғы ұрпақтарының бірі Уәли отырған. Бірақ өзінің тентек, есерсоқ және сәл есуастау мінезімен жұртты басқара алмай, қазақ жеріне қуылып келген. Осы кездегі Орта жүздің ханы Тәуке оны Яссыға даруға еткен. Уәли Түркістан әмірі болысыменен үш айдан кейін дүние салған. Тәуке әмеңгершілік салтыменен оның жесірі Нұрбикені өзі алған. Жеті айдан кейін ханым Абылай атты ұл тапқан... Бұл бала, емшектен шықпай жатып, шешесімен бірге нағашы жұрты Алтын хан еліне кеткен. Төркіндеп барған Нұрбике кенет ойламаған кеселге душар болып, сол Алтын хан жерінде қаза болған. Жалғыз қызынан айрылған қайын атасы Тәуке ханға: «Жалғызымыздан айрылдық — аққан бұлағымыз суалды, жанған шырағымыз сөнді. Өзі кетсе де көзіндей көріп бауырымызға салып өсірейік, бұдан да өзге балалары бар ғой, Абылайжанды ат жалын тартып мінгенше бізге қисын. Есін білген соң елін өзі де табар» деп елші салған. Тәуке жастары келіп қалған қайын ата, қайын енесінің көңілдерін қалдырмаған, екі жасар Абылай солардың қолында қала берген. Сол Абылай он жетіге шыққанда Тәуке хан өлерінің алдында сонау Алтын хан өлкесінен елін іздеп, өзі келген. Тәуке ұлан асыр той жасап, «он бесінде отау иесі» деген дәстүрмен, сол жылы Абылайды өзінің үзеңгілес серігі, қырғыз елінің шоң манабының бірі Тиестің кіші қызы — он төрт жасар Зеренге үйлендірген. Алдына қыруар мал салып, ақ отауын тігіп, оңаша ауыл еткен. Жыл өткеннен кейін Зерен арудан егіз ұл туған. Бірінің атын Уәли, екіншісінің атын Балқы қойған. Тәуке хан екі елдің қыз-бозбаласын, батыр-балуанын, игі жақсыларын шақырып, тағы ұлан-асыр той жасаған, егіз немерелері болғанына жас баладай қуанып, шаттыққа бір кенелген.

Бірақ Тәуке Абылайды алғашқы көрген күні-ақ таң қалды. Қара сұр, ат жақты, үлкен сұр көзді. Түсі орасан суық. Адамның бетіне қарағанда, екі көзі тасырайып, ең болмаса кірпіктерінің ұшы да қимылдамай, өңменіңнен өтіп кете жаздайды... Оның үстіне, Күлмес хан тәрізді, езу тартып күлімсіреуді білмейді. Тәукенің өзіне де, атасы Есім ханға да ұқсамаған. Әлде арғы бабам Шағай ханға тартты ма екен, — деп ойлайтын кейде Тәуке, — со кісінің түсі осындай суық болған деуші еді қариялар. Көп кешікпей, Тәуке Абылайдың тағы бір жан шошырлық мінезін аңғарды. Ол өзге балаларындай емес, мал бауыздауға құмар боп шықты. Бұны Тәуке Шыңғыс тұқымына тартқан қаттылығы шығар деп ойлады алғашқы кезде, бірақ бертін келе бұның қанқұмарлығы мүлде шектен асып кетті. Жас жігіттің қанды көрсе, жаны жай табатыны байқалды. Жұрт оған сырттай «қанішер» деген ат тақты.

Тәуке енді Абылайдан өзі шошына бастады. «Бұл қалай? — деді ішінен, — әлде Алтын хан елі менің ұлымның орнына бөтен біреудің қанқұмар баласын жіберді ме? әлде менің кейбіреуге істеген қиянатым үшін құдай маған жаза ретінде осындай баланы бергені ме? — Тәуке аң-таң. Тек Тәуке бір-ақ адамды ұмытқан: Бұл қанды көз Уәли сұлтанның баласы еді.

Тәуке енді Абылайды көрген сайын, өз балаларының басына бір ажал қылышы төнгелі тұрғандай, мазасыздана берді. Кенет ханның есіне көкек балапанының қылығы түсті. Дүниеде көкек құстың жүз жиырма алты түрі бар. Солардың сексен екісі жұмыртқасын басқа құстардың ұясына тастап кетеді. Ол құсты аңдып тұрып, жем іздеп кеткен кезінде, ұясына ұшып келіп, басып отырған бір жұмыртқасын алып кетеді де, орнына өз жұмыртқасын тастайды. Қайта ұшып келген құс көкек жұмыртқасын өзінікінен айыра алмайды, балапан боп, аузын ашқанда да жем береді. Бұл құстың жейтін жемі де өзінің анасының жемімен бірдей болғандықтан, көкек балапаны да өсе береді. Ал осы жұмыртқасын бас-


қа құстың ұясына салатын көкектердің балапаны да тасбауыр келеді. Ол жем-
қор, ашқарақ боп жаратылады. Қауызын жарып шығысымен-ақ жұмыртқадағы өзге «бауырларынан» тез құтылуға тырысады. Мұндай көкек балапаны өзге балапандардан қауызын бұрын жарады және қауызынан шығысымен-ақ ұядағы өзге жұмыртқаларды біртіндеп ұяның шетіне апарып, жерге құлатады. Сөйтіп жемге ортақ болатын өзге балапандардан жұмыртқа күнінде-ақ құтылады.

Тәуке Абылайды өле-өлгенше, көкектің балапанындай жат санап кетті. Бірақ әкенің бір затқа көзі жетпеді. Қанішер Абылайдың баласы Уәлиден әбілмансұр деген ұл туып, ол он сегіз жасында «Абылайлап!» жауға шауып, қанішер атасының атын әлемге жаятынын білмеді. Қазақтың «Абылай» атаған әйгілі ханы осы әбілмансұр еді. Оған әйгілі Абылай аталуға әлі көп уақыт бар. Ал әзірге атасы «Қанішер» Абылай қанқұмарлы құлқыменен Түркістан маңын шошытумен болды.

Тәуке өлгеннен кейін Абылайдың ызғарынан ыққан іні-ағаларының бірі Сайрамға, екіншісі Ташкентке қашты. Тек Түркістанда, көп нөкерінің қоршауында қала хакімі Құдайберді баһадЇр қалды. Абылай нөкерлерін ертіп түн жамылып Құдайберді сарайына келді, бірақ жанашыр адамдары хабар бергендіктен ол Сайрамға қашып құтылды.

Құдайберді баһадЇрдің қаша алмай қалған емшектегі жас баласы мен зайыбы Айымбикені өз місетіне тиген үлес санап, қараңғы лабазға апарып тықты да, тірі жанға ләм-мим деп тіл қатпай, таң әлетінде төсегіне кеп жатты.

Таңертең шайын ішіп болғаннан кейін, кешегі нөкерлерімен Құдайберді баһадЇрдің сарайына кеп орналасты. Хакімнің бөлмесіндегі қырмызы қызыл кілемнің үстіне кеп малдасын құрып отырды да:

— Бүгіннен бастап, Түркістанға мен қожамын! — деді тұнжырап. Есікке таяу жақтағы серіктері шуылдап қоя берді:

— Иә, тақсыр, енді сіз қожасыз, — деді.

— Сендер енді менің нөкерлерімсіңдер, — деді жаңа хакім.

— Иә, тақсыр, біз сіздің нөкерлеріңізбіз.

— Мен тұр десем — тұрасыңдар, өл десем — өлесіңдер.

— Тұр десеңіз — тұрамыз, өл десеңіз — өлеміз!

Бұл содыр, сотқар бұзықтардың өздерінше берген анты еді. Абылай:

— әрқайсыңа олжа тағайындадым. Оны кеш әлетінде естисіңдер. Ал бүгін менің Түркістанға ие болған құрметіме үлкен той жасалсын! — деді.

— Құп, тақсыр, той жасалсын!

— Той Құдайберді баһадЇрді қолдайтын адамдарды бауыздаудан басталсын!

Бірақ бұл қан сасыған той басталмай қалды. Кенет қонақ үйдің есігі тарс ашылды да, қолына найзасы бар, сауыт киген алып денелі жас жігіт кіріп келді. Бұл Найман батыры Қаракерей Қабанбай еді.

— Жау келе жатыр, Абылай сұлтан!

— Қайдағы жау? Қанша?

— Жоңғар қонтайшысы Сыбан Раптан! Жетпіс бес мың әскері бар!

Абылайдың беті бүлк еткен жоқ.

— Тым көп екен! — Ол есігінің алдында отырған нөкеріне қарады. — Ал менің бар жауынгерім жетпіс бес-ақ қылыш!

— Өзгелері қайда? Хан ордасы көшкенмен, ел бар ғой! Мұнда бұрын ең аз дегенде он мың әскер тұратын.

— Бұрын он мың болса, қазір он жауынгері қалған жоқ. Бәрі қашып кеткен...

Кенет Қабанбай қолындағы найзасымен оны отырған жерінде жайратып тас-


тағысы келіп кетті. Бірақ, ел басына күн туғалы жатқанда төре тұқымын өлтіріп, тағы у-шу шығару... Ол тамағына тығылған ашуын әзер басып:

— Барлық әскеріңізден айрылып қалған болсаңыз, қаланы енді қалай қорғамақсыз? — деді.

— Қаланы қорғайды деп саған кім айтты? Жетпіс бес адаммен жетпіс бес мың әскерге қалай қарсы тұрмақпын?

— Сонда не істемексіз?

Қанды шелек адам қорқау қасқыр тәрізді өз басына шындап қауіп төнсе, су жүрек келеді. Қара сұр бетінің қуарып кеткеніне қарап, бұның қорқып отыр-
ғанын Қабанбай енді білді... «Ел билеген төрелердің бәрі осындай болса, жетіскен екенбіз! Жоқ, төрелерге сенуге болмайды. Жауға қарсы халықты көтеріп, қазір дабыл қағу керек. Болат, Әбілқайыр, Сәмеке қарамағындағы руларға тезірек ат шаптырып хабар берейін», — деді ішінен Қабанбай. Сөйткенше болған жоқ, Абылай орнынан тұра берді.

— Қалаңызды кімге қалдырасыз?

— Уәлиге! Сосын... Өздеріңе!

Абылай шығып кетті. Нөкері соңынан тұра жөнелді.

Қабанбай атына мініп, қала халқы жиналатын, кісі асатын дарғасы мен жұртқа хабар жаятын жаршысы бар, Қожа Ахмет Яссауи мешітінің алдындағы алаңға қарай шапты.

Халық суық хабарды бұнсыз да естіген екен, алаң іші ығы-жығы жұрт. Кемпір-шал, қатын-қалаш, бала-шаға — бәрі де жетіпті. Сойыл ұстауға жарайтын еркек кіндік түгел аттарына мінген: қолдарында көптен бері сандық түбінде жатқан қылыштары, екі жүзді айбалталары. Кейбіреулері жаяу. Бұл жиналған еркектер жауға шауып жүрген жауынгерлер емес, қаланың тұрғын халқы, көптен бері қару ұстауды ұмытып кеткен ұста, диқан, шәкірт, мүрит, қожа, молдалар. Қалаға жау келе жатыр дегенді естіп, ғасырлар бойы бойларына сіңген әдеттеріне басып, бәрі қолдарына қару ұстап, қалаларын қорғамақ ниетпен алаңға жиналған. Әрине іштерінде қалтырай қорыққандары да бар. Мешіт маңы ың-жың, даурыға шыққан дауыстар.

— Қала әміршісі Құдайберді баһадЇр қайда?

— Түнде қашып кеткен!

— Жаудан қорқып па?

— Жоқ, інісі Абылайдан қорқып.

— Ол інісі қайда?

— Жаңа үй-ішімен атқа қонғалы жатқан.

— Сонда бізді кім басқарады?!

— Төресіз қолыңа найза ұстай алмайсың ба? Өзімізді өзіміз басқарамыз!

— Жоқ, үлкен баласы Уәлиді қалдырып кетеді деген!

— Онысы бір бозөкпе дейді ғой!

— Несіне әбігерленесіңдер? Келе жатқан шүршіт көрінеді ғой. Үйреніскен жау алысуға жақсы, содан қорқамыз ба, сыбағасын берерміз!

— Бұ жолы сыбағасын бере алсаң жарар еді, өздері тым көп деседі.

— Шүршіт емес, жоңғар деседі ғой.

— Жоңғар болса тіпті жақсы болды. Ана жылы біздің ауылдың жылқысын айдап әкетіп еді. Өзі келе жатыр екен қолыма!

Қалың жұрттың арасымен алаң ортасындағы жаршы мұнараға бара жатып, жаңа ғана Абылайға өзі естірткен сөз халық құлағына қалай тез жеткеніне Қабанбай батыр аң-таң. Бір жағынан, осыншама жұрттың іп-ілезде алаңға жиналғанына төбесі көкке тигендей қуанды. «Мұндай халықты жоңғар түгіл, Қытай да жеңе алмайды. Тек басқаратын ер болсын!» Ол атынан секіріп түсіп, иін тіресе тұрған жұртты қақ жара мінбе-мұнараға шықты.

— Уа, халайық! Мен Қаракерей Қабанбай батырмын! — деді жуан даусын кең кернеп, — ел-жұртымыздың басына қатерлі күн туғалы тұр. Күншығысың мен оңтүстігіңнен қаулап, қалың Жоңғар келе жатыр. Қала иесі қанішерлерің шаһарларыңды тастап қашқалы жатыр. Бастарыңды қосып, шепке тұрғызар еркек кіндік қайсың бар?!

— Мен, мен бармын! — деді бір күндей күркіреген жуан дауыс.

— Шық, мына мінбеге!

Жұртты қақ жарып, жолбарыс мүшелі, нар кеуделі, жиырма бестер шамасындағы ақсары жігіт алға қарай ұмтылды. Бұл Шыршық өзені бойынан Түркістандағы нағашысының үйіне келіп жатқан Сіргелі руының «бала балуан» атанған Елшібек атты батыр жігіті еді. Ол мінбеге шығысыменен, Қабанбай батыр:

— Ал, халайық! Келе жатқан осал жау емес, — деді. — Елімізді, жерімізді ақтап қалу үшін бізден жүректілік табылар, тек бірлік керек. Түркістанды жауға берсеңдер, қазақ елінің шаңырағы құлап жерге түскені. Жас деп қырын қарамаңдар, еріңдер мына Елшібек ердің соңынан! Талаптының алдынан нұр жауар. Ел бастаймын деген батырдан қашанда батылдық табылады!

— Ереміз Елшібекке!

— Бастасын бізді жауға.

Осы кезде мінбе жағынан тағы шу шықты.

— Уа, жол беріңдер! Жол беріңдер!

— Уәли сұлтанның өзі ғой!

Жұрт қақ жарылып жол берді. Мінбеге қияқ мұртты, ақсұр келген, құндыз бөрікті, отыздар шамасындағы жігіт шықты.

— Халайық! — деді ол қалың жұртқа қарап, — әкем он төрт жасар балам әбілмансұр екеумізді осы Түркістанға ие болыңдар деп тастап кетті. Қабанбай батырдың сөзін тегіс естідім. Елшібек балуан менен жас болса да, жорық көрген, топ көрген жігіт. Осы күнге дейін қолыма найза ұстаған жан емеспін... Егер мен Елшібекке жәрдемші бола алсам, сендердің деген жерлеріңнен шыққаным деп ойлаймын!

Уәли сөзін ұнатпаған әлдекім:

— Уә, сұлтан болғаныңа болайын! Төреден шығып, қараға жол бере ме екен!

— Қайтсін бейшара, соғыс көрмегенін айтып тұр ғой! — десіп жатыр. — Ел басына күн туғалы тұрғанда, қазір төре-қара дейтін дым да жоқ, кім жұртты жауға қарсы бастай алса, біз соның соңынан ереміз!

— Дұрыс айтасың, шырағым, — деді сәлделі ақсақал. — Тілегің оң болсын! әумин!

— әумин! — Жұрт қолдарын жайып, беттерін сипады.

— Жауға шабуға жарайтын жұрт алаңда қалып, өзгелерің тараңдар! — деп дауыстады Елшібек.

Жұрт тарап, қару ұстаған кісілер сапқа тұра бастады. Қабанбай енді Елшібекпен, Уәлимен қоштасты.

— Ендігі істі өздерің де білесіңдер ғой, — деді ол аналарға, — жан-жақтағы елге ат шаптырыңдар. Әбілқайыр ханға тезірек хабар жеткізіңдер. Арқадағы елге қазір мен өзім аттанам! Келе жатқан жау өте қауіпті. Бар қазақты көтеру керек!

— Құп, Қабанбай батыр! Жолың болсын! — деді Елшібек пен Уәли қосарласа.

Алып денелі Қабанбай атына қарай аяңдады. Дәл осы кезде алаңдағы жалғыз ашада байлаулы тұрған Қабанбайдың аты шулы «Көкдауыл» атанған қара көк атын жетелеп, Қаратаудың сусар бөркін киген сұңғақ бойлы, бота көз аққұба бойжеткен алдынан көлденең тарта берді.

— Батырдың жолы болар ма екен, өзім аттандырайыншы, — деді маржандай аппақ тісін көрсете күлімсіреп, сөйтті де тізгінді қолына алып, үзеңгісіне аяғын салған қас батырдың қолтығынан ұстап, жоғары көтере бастады.

Қабанбай атына мінген соң ғана қыздың жүзіне дұрыстап қарады. Қыз екі көзі жаудырап, Қабанбайды қимаған адамдай мөлдіреп тұр.

— Рақмет, құрбым, — деді Қабанбай, жүрегі кенет дүрсілдеп, — айдын көлдің аққуы аттандырды ғой, жолым болады екен! —

Қыз әлі жаудырай қарап тұр.

— Айтқаныңыз келсін!

— Қош бол, қарындасым!... — Қабанбай атының басын тежей қалды, — кездесе алмай қалсам, ең болмаса біліп кетейін, атың кім, қарындасым?

— Атым Гәуһар.. Бәсентин Малайсары батырдың қарындасымын, — қыз бұ жолы сүйріктей әппақ саусақтарын ұсынды. — Алла сау-сәламат көрісуге жазсын!

— Айтқаның келсін, қарындасым! Қош бол!

— Қош болыңыз!

Қабанбай Көкдауылын тебініп қап, «Гәуһар... Гәуһар!...» деп күбірлей солтүстікке қарай жөнеп берді. Ұзап бара жатып, артына бұрылып қарады. Қыз әлі орнында тұр екен. Ол ақ орамалын алып, жігітке «сау қайтыңыз!» деп екі-үш рет бұлғады.

— Гәуһар десе Гәуһар-ақ екен! — деді Қабанбай, атының борбайына қамшыны басып жіберіп.

Бұл Түркістанның теріскей беткейіне шыққанда, алыстан қара-бұйраланып көрінген Қаратаудың бөктеріне қарай шұбырып бара жатқан салт атты адамдарды көрді. «Қанішер Абылай ғой, қашып барады» деді ол, сосын Көкдауылының тізгінін сәл босатып, қолындағы ақ найзасын беліне қыстырып, ұзақ-сонар сар желіске салып, шаһардан ұзай берді.

Сыбан Раптан қонтайшы бастаған жоңғардың қалың қолының келе жатқанын екі-үш күн өтпей-ақ бүкіл Арқа, Еділ, Ақ Жайық, Ертіс, Есіл бойындағы елдер де тегіс естіді. Бірақ «Ақсарбас» айтып, бас құрап, елін, жерін жаудан қорғауға халықтың мұршасы болмай қалды. Таудан құлаған тасқындай, төтеннен келіп қалған Сыбан Раптанның жеті салалы жетпіс мың қолы Жетісудың оңтүстігі мен күншығыс жағын бір айдың ішінде басып алды. Бұл апат қазақ ауылдары мен қалаларына көктен түскен жасылдан кем тиген жоқ. Ержүрек азаматтар Ақсу, Тұрфан секілді шаһарларын қорғап та көрді, бірақ қолдарынан келмеді. Ақыры отыз жылда жер үшін, су үшін бірімен-бірі таласып, барымталасып, әбден кәнігіп қалған қазақ жігіттері шоқтанып жиналғанмен, әп-сәтте сап түзеп әскерге айнала алмады. Кей жерде қарсылық еткен ауылдар болса, жоңғар жағы еркектерін қойдай бауыздап, қатын-қызын байлап-матап күңдікке айдады. Тау жайлаған қырғыздармен көршілес отырған кейбір қазақ ауылдары жау аяғы басылмайтын құз-қияларға қашып қана жан сақтады. Қазақ жері енді жазықсыз жылаған жұрттың көз жасымен дымқылданды. Таланған мал-мүлкі, өрт алған қалалар... Он бесінші ғасырдың отызыншы жылы қазақ елімен ұрысын бастап, екі ғасыр бойы соғысып келе жатқан ойрат хандары енді ғана дегендеріне жетті. Сұлу қыз-келіншектерді шаштарынан матастыра топтап, батырлары әйелдікке алды, найза ұстауға жарайтын жігіттерін қойдай бауыздады, кәрі-құртаң шал-кемпірлерді айдалаға айдап тастады. Жас балаларды, «түбі бұлар да бізге жау болады» деп, найзаларының басына іліп алып, әке-шешелеріне көрсетіп қарқ-қарқ күлді. Жас қыздарын көзінше қатын еткен жоңғар шапқыншыларының қиянатын көрген талай ата-ана қорланып шаштарын жұлып, беттерін қан-жоса етіп тырнап, бүкіл сар даланы сарнауға, зарлы үнге толтырды. Небір азаматтар ақыл-естерінен адасып, жынданып кетті.

«Қалқаман — Мамыр» жырында Шыңғыстау төңірегінде болған бір ұрыс былай суреттеледі:
Ол кезде жерге талас қазақ, қалмақ,

Атысып, ауыл шауып, жылқыны алмақ.

Қалмақты бір соғыста қазақ жеңіп,

Бәрі де Тобықтының тойға бармақ.

Той қылған Орта жүзде Сәмеке хан,

Жиылды той болған соң бірталай жан.

Бай, бәйбіше, үлкендер сонда кетіп,

Жас жігіт, қыз-келіншек үйде қалған»...

«әнет Бабаң Арғынның ел ағасы,

Өзі би, өзі молда, ғұламасы,

Үлгі айтқан Орта жүзге ғадыл екен,

Сол кезде тоқсан беске келген жасы» —


деп, Қалқаманға қол алдынан атпен шауып өтуге билік еткен әнет Бабаны таныстыра келіп, оқиғаның аяғын ақын былай бітірген:

«Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл,

Соғысқан қазақ, қалмақ — мұны да біл,

Қалмақтың бастаушысы Сыбан Раптан

Өзі батыр, соғысқа тым айлашыл...

Шеп құрып ұрысыпты қазақ, қалмақ,

Қорқаққа оңай емес шепке бармақ,

Бабаңның бес баласы садаққа ұшып,

Бұл соғыста қазаққа түсті салмақ.

Қазақты бұл соғыста қалмақ алды.

Бес шыңның бір үшеуін қырып салды.

Жеңілген соң тұра алмай Сыр бойына,

Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.

Қалқаман сол қалғаннан қалды ізделмей,

Іздемейін деген жоқ, шама келмей,

Ол түгіл, әнет Бабаң көшке ере алмай,

Тірідей дөң басында қалған өлмей», —
деп ата жолын бұзған Қалқаман — Мамырға үкім айтқан Арғынның биі әнет Бабаның осы қырғында тірідей дөң басында көшке ере алмай қалғанын жыр етеді. «Қалқаман — Мамырда» айтылғандай қазақ елінің бестен үш бөлігі қырылды. Сыртқы жауынан қазақ елі бұрынды-соңды мұндай апатқа ұрынған емес. Атақты Жошы ханның Арқаны, Сыр бойын алатын ұрыстарының өзінде де қазақ даласында қырылған ел үштен бір бөлегінен аспаған. Жошыға қазақ жерінде хан болу үшін ел керек болса, Сыбан Раптанға қазақ халқының жері мен малы керек еді.

Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен. Жоңғар шапқыншылары соның бестен үшін өлтірген, яғни екі миллион адамның бір миллион екі жүз мыңдайын жоқ еткен. Жан түршігерлік апат!

Ел қонысынан, мал-мүлкінен айрылды. Ата-ана ұл-қызынан айрылды. Алып қазақ жерінің сонау күншығысы мен оңтүстігінен Сыр бойына қарай жаяу шұбырған жұрт жоңғарды қойып, ит пен құсқа жем болды. Жалғыз әнет Бабаң емес, қазақтың талай аяулы кемпір-шалы көшке ере алмай, төбе-төбенің басында қалды. Нелер ғибратты әйелдер, жас келіншектер нәрестесіне емшектен берер сүті болмай, жау қолына өздері барып түсті. Кешегі ақ майды аяғымен тепкен ел енді құлазыған қу даладан, жаужұмыр, алғыр, қозы-құйрық секілді нәрі бар шөптермен қоректенді. Қайың ағаштың қабығын сыдырып, бетіндегі желімін жеп, «қайың сауған» деген атқа ие болды. Осылай қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп аталған халықтың ұлы апаты басталды.

Сонда барып шұбырған елдің қанды жасынан туған, қайғысына жер жүзіндегі бірде-бір әуен пар келмес атақты «Елім-ай» әні дүниеге келді.

«Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,

Ел-жұртынан айрылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Мынау заман қай заман — қысқан заман,

Басымыздан бақ құсы ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен қар борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.


Мынау заман қай заман — бағы заман,

Баяғыдай болар ма тағы заман!

Қарындас пен қара орман қалғаннан соң,

Көздің жасын көл етіп ағызамын.


Қабырғама қара жер батты, құдай,

Мұнша қысым қылдың ғой, қатты құдай!

Жаяу жүрсем — табаным ауырады,

Тым болмаса бермедің атты, құдай!


Мына заман қай заман — қай-қай заман?

Ұл айрылған атадан — дай-дай заман.

Бауырыңнан айрылған жаман екен,

Күн бар ма екен көрісер, есен-аман?»

Тұяқ серпіп қарсылық етуге шамасы келмей қалған қазақ елі, жоңғар құлдығында қалудан қаңғырып өлуді артық көріп, шұбыра берді. Кіші жүздің көп елі Сауран шаһарын айнала қашып, Хиуа, Үргенішке, Бұхараға қарай жосыды. Самарқант пен Ходжентке қарай шұбырған Ұлы жүз бен Орта жүздің кей рулары Сырдария жағасынан алты шақырым жердегі Бетпақдалаға қарай кеткен Үлкен арықтың екі айырылған тұсындағы Алакөлге келіп құлады. Енді «Ақтабан шұбырындыға» «Алқа көл сұлама» деген қанатты сөз қосылды. Тек Ар-
қадағы Арғын руының дені өз жерінен қозғалмады; бұл румен іргелес отырған Қыпшақ, Найман, Керейлердің біраз елі солтүстікке қарай ығысты. Жетісуда қазақ ауылдары шамалы қалды. Жоңғар ханы қазаққа еткен ауыртпалығын қырғызға да көрсетті. Бірақ Күнгей Алатауды жайлаған қырғыздың кей манаптары Сыбан Раптанмен тіл табуға тырысты. Сыбан Раптан мұндайларды қазақ еліне қарсы қойып та көрді. Бірақ көптен бері қаны мен жаны бір болып қалған екі елдің арасынан шоқ тастап жөнді өрт шығара алмады.

Сыр бойының ызғарлы қара суығы басталмас бұрын, Жоңғар шапқыншылары Түркістан шаһарын қоршады, Елшібек басқарған қала халқы нартәуекелге бел буып қаланы қорғап бақты.

... Сыбан Раптанның айбынды атты әскері қала қақпасына лапылдап келіп, қардай жауған садақ оғынан сан рет кейін қайтты. Күн ара бие сауымындай ғана мезгіл көзінің шырымын алуға мұршасы жеткен Елшібек, ат үстінен түсуге де уақыты болған жоқ. Егер халық оққа кеудесін қарсы тосса, оны ешқашан ала алмайтынын Жоңғар әскері енді білді. Сөйтсе де долы Шұна Дабо жасақ үстіне жасағын төкті. Қала қамалының қасында тау-тау өліктерін қалдырып, олар тағы да кейін шегінді.

Ұрыс осылай қызып жатқан кезде, кенет құмды боран басталды. Ысқыра соққан желмен бірге қала үстіне қара түнек құм төнді. Бұл дауыл жеті күн борады. Бүкіл құдық біткеннің бәрін құм басты. Енді тұрғын жұрт пен әскер шөлден қырылуға айналды. Сонда ғана барып Елшібек батыр қаланы беруге мәжбүр болды.



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет