Қылмыстық іс жүргізуде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тактикасы



жүктеу 138.34 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі138.34 Kb.
Гүлден Кернебай,

Маңызды бiлiм беретiн “Болашақ”

институтының қылмыстық құқық

және iс жүргiзу кафедрасының

аға оқытушысы

Қылмыстық іс жүргізуде ақпараттық қауіпсіздікті

қамтамасыз ету тактикасы
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ұғымы қоғамдық өмірдің көптеген саласында кеңінен қолданылады [1].

Н.И.Шумилев ақпараттық қауіпсіздікті ақпарат саласындағы жағымсыз көріністерді болдырмаудың немесе олардың алдын алудың, азайтудың кешенді шараларын қамтамасыз ететін мемлекеттің, қоғамның, жеке тұлғалардың ақпарат саласындағы қауіпсіздігі деп айқындайды.[2,15].

Сонымен қатар қылмыстық іс жүргізу қызметін жүзеге асыру барысында да қорғанысты қажет ететін ақпараттық орта пайда болады. Қылмыстық іс жүргізу қарым-қатынас ерекшелігі ақпараттық ортаны қорғайтын өзінің арнайы шараларын анықтайды.

Қылмыстық іс жүргізудегі ақпараттық қауіпсіздікті, біз, өкілетті субъектілер жүргізетін кешенді шаралармен қорғалған немесе тергелетін қылмысқа қатысты ақпараттық маңызды жағдай деп түсінеміз.

Біздің ойымызша, қылмыстық іс жүргізуде ақпараттық қауіпсіздік объектісі ретінде мынадай ақпаратты тану қажет:

1. Қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелердің барлық түрі;

2. Қылмыстық іс материалдары;

3. Қылмыстық істі тергеу туралы мәліметтер (тергеліп жатқан оқиға туралы жедел іздестіру және процессуалдық хабарламалардың жиынтығы, жүргізілетін жедел іздестіру және процессуалдық жұмыстар жоспары);

4. Қылмыстық тергеуге қатысатын құқық қорғау органдарының қызметкерлері туралы мәліметтер;

5. Қылмыстық істегі айыпталушылар және сезіктілер туралы мәліметтер;

6. Қылмыстық істі тергеуге жәрдемдесетін жәбірленушілер, куәлер және басқа адамдар туралы мәліметтер.

Көрсетілген ақпараттардың қауіпсіздік жағдайы ақпаратқа заңсыз еніп немесе оны рұқсатсыз алуда, сонымен қатар, оның жария болып кеткен жағдайында бұзылады. Біздің ойымызша, заңсыз кіріп ақпарат алу белгіленген тәртіп пен нормаларды бұзу арқылы жүзеге асырылады. Ол дегеніміз — ақпаратты жария ету – ақпаратты сақтаушы тұлғаның ақпаратты алуға құқығы жоқ адамдарға беруі немесе басқа тәсілмен таратуы.

Қылмыстық істі тергеуге маңызы бар ақпараттың жариялануы және оған рұқсатсыз ену: а) абайсыз әрекет нәтижесі (жұртшылықпен кеңесу кезінде тергеуші абайсызда куәнің атын атайды); б) қылмыстық іс жүргізу субъектілерінің және басқа адамдардың қасақана істеген әрекеттері нәтижесінде (істің көшірмесін жасайды, материалдардың көшірмесін басқа біреулерге беру кезінде) орын алады.

Қылмыстық іс жүргізуде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету оны қорғаумен жүзеге асырылады, ал қорғау шараларын төрт түрге бөлеміз: құқықтық шаралар, ұйымдастыру шаралары, тактикалық және техникалық шаралар. В.В.Трухачев сонымен бірге жедел іздестіру құралдары да ақпаратты қорғайды деп көрсетеді. Бірақ, біздің ойымызша, жедел іздестіру құралдары тактикалық және техникалық құралдар қатарына кіреді, ал тактикалық және техникалық әдістер қылмыстық іс жүргізу қызметімен қатар жедел іздес-тіру жұмыстары барысында қолданылады [3,126].

Құқықтық қорғау шаралары деп — Қазақстан Республикасының заңдары мен ведомстволық нормативтік актілерде көрсетілген ақпаратты қорғау шараларын айтамыз.

Ұйымдастыру шаралары деп — министрліктер, ведомстволар, жеке құқық қорғау органы шеңберінде қолданылатын, ақпаратты іске жаратудың тиісті тәртібін анықтауға бағытталған, кіруге шектелген ақпаратты белгілейтін, осы ақпаратқа кіруге құқығы бар адамдар тобын анықтайтын, кіруге шектелген ақпаратты жариялағаны үшін жауапкершілікті анықтайтын және басқа да іс-әрекеттерді, шараларды айтамыз.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйымдастыру шаралары ресми құжатта анықталуы тиіс (нұсқауда, ақпараттық қауіпсіздік концепциясында).

Ақпараттық қауіпсіздік концепциясында қауіп-қатердің барлық түрлеріне қолданылатын қорғану шаралары және қорғалған ақпараттық өріс жағдайын бұзуы мүмкін жағдайлар анықталуы тиіс.

Ақпараттық қауіпсіздік концепциясын жасау кезінде, біздің пікірімізше, онда (концепцияда) мынандай мәселелер шешімін табуы қажет:

1. Аталмыш құқық қорғау органындағы барлық ақпаратты талдау нәтижесінде шектеп пайдаланатын ақпараттар легін белгілеу қажет. Шектеліп пайдаланылатын ақпараттар легі, өз алдына, топ-топқа және деңгейлерге бөлінуі тиіс.

2. Топталған және деңгейлерге бөлінген шектеліп пайдаланатын ақпараттарға кіретін қызметкерлер тізімін анықтау керек. Ақпаратқа кіру шексіз болмауы тиіс, кіру шегін анықтау қажет.

3. Қорғалатын ақпаратқа рұқсатсыз енген немесе ақпаратты жария еткен қызметкерлердің жауапкершілігін анықтау қажет.

4. Қорғалатын ақпараттың әрбір тобына немесе деңгейіне қатысты қорғаудың негізгі құралдары мен әдіс-тәсілдерін анықтау керек.

5. Пайдаланған құралдардың тиімділігіне әрдайым бақылау жасап отыру қажет.

Ақпаратты қорғаудың тактикалық шарасы деп ақпараттық өрісті қорғауды барынша толық қамтамасыз ететін ең қолайлы және тиімді әсер ететін әрекет әдісін және мінез-құлық бағытын таңдауды айтамыз. Ең қолайлы және тиімді әсер ететін жағдайлар қылмыстық іс жүргізу субъектілерімен, басқа адамдармен дәлелдемелер және өзге ақпарат көздерімен жұмыс жасағанда туындаған қарым-қатынаста орын алуға тиіс.

Ақпаратты қорғаудың техникалық шаралары механикалық, электрлік, электро-механикалық түрде жүзеге асырылады [4,73].

Техникалық қорғау шаралары мынандай категорияларға бөлінеді:

1. Компьютерлік жүйені және мәлімет беру жүйесін бағдарламалық ақпарат құралдарымен қорғау.

2. Жанама электромагниттік сәулеленуден және тураланудан белсенді қорғану ақпараттары.

3. Телефонмен сөйлесуді жасыру ақпараттары.

4. Радиоқондырғы жабдықтарын анықтау құралдары.

5. Заңсыз ақпарат алу үшін қолданылатын акустикалық, виброакустикалық және оптикалық құралдардан қызмет бөлмелерін қорғау ақпараттары [5,221].

Сонымен бірге белгілі құжаттар мен заттардың қорғалуын қамтамасыз ететін қарапайым құралдар мен механизмдердің жиынтығын механикалық құралдар қатарына жатқызуымыз керек.

Қылмыстық іс жүргізуде ақпаратты қорғаудың ең бір тиімді әдісін ойластыру үшін, ақпараттың маңызын, орнын және сақталу жағдайын, берілуін және пайдаланылуын анықтап алу қажет. Келтірілген көрсеткіштерге байланысты, қорғалатын ақпараттың жария болып кетуі және оған заңсыз енудің мүмкін болар мынандай жағдайларын айтамыз: қылмысты іс материалында немесе соған кіретін ақпараттарға заңсыз ену және тарату; электрондық есептегіш машинада сақталған ақпараттарға рұқсатсыз ену және тарату; құқық қорғау органдарының және оның құрылымдық бөлімдерінде номенклатуралық іс болып табылатын ақпаратқа ену және тарату (оның ішінде телефон байланысын тыңдау, әңгімелесу барысында ақпарат алу және т.б.).

Енді қылмыстық процестегі қорғалатын ақпаратқа заңсыз ену мен таратудың негізгі жағдайларын қарастырайық.

Қылмысты іздестіру процесі барысында тергеуші немесе анықтаушылар үлкен көлемді ақпаратпен, оның ішінде белгілі бір құжатта немесе істе көрсетілетін, қорғалатын іспен жұмыс істейді. Көрсетілген құжаттардың басым көпшілігі қылмысты істердің материалына немесе соған қатысты болады. Оларға: іс жүргізу хаттамалары, анықтамалар, актілер, рапорттар, сараптама қорытындылары, хаттар, схемалар, әр түрлі мүліктік дәлелдер, қаулылар, құжаттар жобасы, алдағы жұмыстың немесе жекелеген тергеу жұмысының жоспарлары және т.б. жатады [3,148-166].

Кейбір адамдардың қылмыстық іс бойынша қорғалатын әлдебір ақпараттарға деген қызығушылығы тууы мүмкін. Оның үстіне қызығушылық тек қана ақпарат алуға немесе оны иелену үшін деген бағытта болуы да мүмкін. Бірінші жағдайда қажет ететін адамға тергеу жұмысының хаттамасымен танысу да жеткілікті, екінші жағдайда мақсат негізгі құжаттың өзін алу болып табылады.

Тергеу ісіне қарама-қайшы жағдайда, заңсыз түрде қорғалатын құжаттарды алу арқылы қажет етуші тұлғалар алдына төмендегідей міндеттерді қояды: қылмысты іс материалынан айыптаушының маңызы бар немесе мүліктік дәлел бола алатын; қандай да болмасын құжатты алу немесе жою; тергеу барысын тоқтату үшін қылмысты істі толықтай ұрлау; алынған дәлелдермен іс бойынша анықталған фактілер жөнінде түсінік алу үшін; жекелеген құжаттардың мазмұнымен немесе барлық қылмыстық іспен танысу; тергеу барысына көмек көрсететін адамдарға ықпал ету мақсатында олар туралы мәліметтер алу; қылмысты жауапкершілікке тартылған азаматтар туралы, сол сияқты айыпталушы ретінде жауапқа тартылғалы жатқан азаматтар туралы және қолданылатын жаза туралы мәліметтер алу; алдағы тергеу жұмыстары мен жедел іздестіру шараларының жоспарларымен танысып, оларды өндіріске жіберу барысында тиімді кедергілер келтіруге мүмкіндіктер алу және т.б.

Біздің жүргізген сауалнамамыз барысында құқық қорғау органы қызметкерлерінің 16,9 пайызы олардың тәжірибесінде субъектілер тарапынан қылмысты іс материалдарының ұрлануына қадам жасалғанын айтты.

Қорғалатын ақпаратты заңсыз алу арқылы оған қызығушы тұлғалар кедергілер келтірумен қатысы жоқ басқадай міндеттерді де алдарына қояды. Оларға мыналар жатады: қылмыстық істі жүргізу барысы туралы ақпарат алу және сол бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына әр түрлі міндеттерді шешу үшін материал әзірлеу; қылмысты жауапкершілікке тартылған нақты тұлғалар туралы ақпарат жинау мақсатында нақты қылмысты іс бойынша қатысы жоқ белгілі бір субъектілердің кәсіпкерлік немесе басқадай қызметі үшін пайдаланылатын әр түрлі құжаттардың көшірмесін алу.

Қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу материалдары тергеуді жүргізуші құқық қорғау органының мекемесінде немесе ғимаратында, ал сот барысындағы материал — сот ғимаратында сақталады. Қылмыстық іс материалынан қажетті ақпаратты немесе құжаттарды алу үшін оны қажет етуші адамдар мынадай әртүрлі әдістерді қолданады: құқық қорғау органы немесе сот ғимаратына өз еркімен кіріп қажетті құжатты ұрлайды немесе жояды; құқық қорғау органының қызметкерлерінің немесе қызмет көрсетуші тұлғалардың көмегі арқасында құжаттарды немесе нәрселерді ұрлайды; өрт ұйымдастырады; құжаттар мен нәрселерді тергеу жұмыстары барысында қылмыстық процесс субъектілері де ұрлауы мүмкін және т.б.

Ақпараттық қауіпсіздікті, құжаттар мен нәрселердің сақталуын қамтамасыз ету үшін қылмыстық іс материалдарының есебі мен сақталуына көп көңіл бөлген жөн. Қылмыстық іс әрдайым темір шкафта немесе сейфте сақталуы керек, оның үстіне әрбір тергеу-шінің кілті тек қана өзінде болады, өзінің шкафы және сейфі болуы керек, және оның қосалқы кілттері құқық қорғау органының немесе салалық бөлімшенің бастығында ғана болуы шарт. Шкафтан материалдарды онымен жұмыс істеу кезінде ғана алу керек. Бөлмеде тергеуші жоқ кезде, бөлме жабық болса да барлық материалдарды орнына қою қажет. Өйткені жұмыс мезгілі уақытында бөлмеге қандай да болмасын бөтен адамның немесе осы ортаның қызметкері кіріп, құжаттар сенімді тығылмаған жағдайда ұрлық жасауы мүмкін. Жұмыс уақыты аяқталған соң бөлмеге жинастырушы еркін кіре алады, ал мүдделі адамдар сатып алу немесе қорқыту арқылы бұл жұмыскерлерді белгілі құжаттар немесе нәрселерді ұрлауға мәжбүр етуі де мүмкін. Сондықтан ұзақ мерзімге кеткенде шкафқа немесе сейфке мөр басу керек.

Тергеу жұмыстарын жүргізу барысында қылмыстық істің жекелеген құжаттарын жойып жіберудің нақты қаупі төнген жағдайда, мүмкіндігінше нағыз құжаттарды емес, олардың көшірмесін пайдаланып, қылмыстық істің нақты құжаттарын қауіпсіз жерде қалдыру керек.

Дегенмен де атқарылған шаралар әрқашанда қылмыстық іс материалдарының сақталуын толық қамтамасыз ете алмайды, сондықтанда аса маңызды құжаттардың көшірмесін жасау ұсынылады. Бұл құжаттардың көшірмесін қылмыстық істен бөлек, сенімді жерде сақтау қажет. Өйткені барлық қылмыстық іс немесе жекелеген құжаттар жоғалып кеткен жағдайда оларды қалпына келтіру өте қиын, кейде тіпті мүмкін емес. Қылмыстық істегі маңызды құжаттардың көшірмесін дайындау олардың сотқа берілгеннен кейін, қауіпсіздігі біршама төмендейтіндігіне байланысты болуы қажет. Қазір сот ғимараттары күзетілмейді, сондықтан да қылмыстық тәжірибесі бар кез келген адам оған еркін кіріп ұрлық жасайды және қылмыстық істі жойып жібереді.

Екінші жағдай электрондық есептегіш машинада сақталған ақпараттарға заңсыз ену және оның тарап кетуіне байланысты. Қазіргі кезеңде қылмысты іздестіру процесі барысындағы компьютерлік техниканың рөлі өте үлкен және оның мүмкіндіктері әлі толық пайдаланылған жоқ. Осыған байланысты компьютердің есінде қылмысты тергеу барысындағы көптеген ақпараттар сақталып қалуы мүмкін. Міне, сондықтан компьютерлік ақпараттың қорғалуын қамтамасыз ету мәселесі көптен кезекте тұр [6]. Тергеу жұмыстары үшін пайдаланылған компьютерлік техника локальдық және глобальдық жүйеге қосылған жағдайда, компьютерлік ақпаратты қорғау мәселесі мүлде қиындап кетеді. Компьютерлік техниканы белгілі бір жүйеге, әсіресе Internet жүйесіне қосу жұмысты біршама жеңілдетеді, алайда компьютерде ақпаратты сақтау үшін едәуір қауіп төндіреді. Себебі, осы жүйені пайдалана білетін кез келген адам өзін қызықтырушы ақпаратты ала алады. Бұнымен қоса, компьютерлік бағдарламаға біршама зиян келтіретін, компьютерге вирус еніп кетуі қосымша қатер болып табылады.

Біздің ойымызша, қылмысты іздестіру барысында маңызы бар компьютерлік ақпаратты қорғау мәселесімен тәртіп сақтау органының арнайы бөлімдері және осы бағытта арнайы мамандықтары және жұмыс тәжірибелері бар мамандар айналысуы қажет.

Компьютердің санасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету көбіне ұйымдастыру және техникалық шаралар арқылы жүзеге асырылады.

Ұйымдастыру шараларына: қызметкерлерді таңдау және тексеру, үйрету, құпиялылық режимін жүзеге асыру, объектіні қорғау; техникалық шараларға: аппараттық, бағдарламалық және кешендік жұмыстарды жатқызуға болады [7,37].

Компьютерлік ақпаратты қорғаудың негізгі техникалық және ұйымдастыру шараларын атайық.

Ену басқармасы. Ақпаратты қорғаудың бұл әдісіне жүйенің барлық ресурстарын пайдалануды реттеу жатады (мәлімет базасының элементтері, бағдарлама және техникалық жабдықтар) [4,73]. Бұл әдіс енудің белгілі бір режимін орнатумен ерекшеленеді. Онда жүйеге, бағдарламаға ену немесе файлды ашу үшін пароль белгіленеді.

Кедергі – бұл қорғалатын ақпаратқа барар жолды жабу әдісі. Кейбір бұндай жағдайларда жұмысқа бірнеше компьютерді пайдалану ұсынылады, және оның біреуі басқа жүйеге қосылып, өзгесі қосылмайды.

Почта байланысы арқылы жіберілетін материалдарды заңсыз алу ақпаратқа заңсыз енудің бір түрі болып табылады. Хатты немесе бандеролды почтаға берген уақыттан бастап, оны адресат алғанға дейін кез келген уақытта ақпараттың сыртқа шығып кетуі мүмкін. Әрине, бұндай заңсыздықтарға бару үшін алдымен почта байланысы мекемесінің қызметкерлерімен сыбайласу қажет.

Осындай бағыттағы ақпараттың сыртқа шығып кету жағдайларына жол бермеу үшін, корреспонденцияларды қолдан қолға беру жолдарын қарастырған жөн. Кейбір жағдайларда корреспонденцияларды орап жабу барысында әр түрлі мүмкіндіктерді пайдаланып, оны білдіртпей ашу, қайта жапсыру сияқты жұмыстарға мүмкіндік бермейтін, әрбірден соң конвертте немесе бандерольда қол іздері қалатын әдістерді ойластыру қажет.

Бұларды былайша жүзеге асыруға болады: конвертті немесе бандерольді арнайы желіммен жапсыру; конверттің жиегін жіппен тігу; конверттің жиегін және бүгілген жерін лентамен жапсыру; конверттің негізгі формасын, буып-түю әдісін және т.б. қарастыру.

Негізгі құжаттарды жіберу кезінде олардың көшірмесін түсіріп, белгіленген тәртіп бойынша растатып алу қажет.

Телефон арқылы сөйлесулерді тыңдау, акустикалық, вибро-акустикалық және оптикалық заңсыз ақпараттарды алу көбіне техникалық жабдықтар арқылы жүзеге асырылады. Бұндай жағдайларда телефон байланысы арқылы шектеулі ақпарат туралы сөз етіп, оны талқылау мәселесіне жол бермеу ұсынылады. Өзгенің нәрселерін пайдаланбаған да жөн (қаламсап, жазу кітапшасы және т.б.), өйткені ол нәрселерде тыңдау құралдары орнатылуы мүмкін, ал оны арнайы техникасыз анықтау мүмкін емес. Сол сияқты бөтен адамдардың ортасында және қоғамдық транспорттарда (көліктерде) қорғалатын ақпарат құрамының мәліметтері туралы сөз етуге болмайды. Аталған ғимараттар мен көліктер де ақпарат алу үшін акустикалық немесе оптикалық құралдармен жабдықталуы мүмкін.

Бұл орайда В.В. Трухачевтың: “Жеке бөлмені былайша айтқанда, құқық қорғау органы ғимаратының бір бөлігін техникалық сақтану құралдарымен жабдықтау, онда құпия қылмысты істерді жүргізу үшін керек деген ұсынысы өте орынды [4,127].

Сол сияқты егер де қажет етуші адам тікелей өзі немесе басқа азаматтың көмегі арқылы құқық қорғау органы қызметкерлерінің шектеулі мәліметтер туралы әңгіме етіп, талқылауы барысына қатысқан жағдайда ақпарат арнайы техникалық құралдарсыз да алынып, беріле алады.

Келтірілген зерттеулер төмендегідей қорытындылар шығаруға мүмкіндік береді.

Көрсетілген ақпараттардың қауіпсіздік жағдайы ақпаратқа заңсыз еніп немесе оны рұқсатсыз алуда, сонымен қатар, оның жария болып кеткен жағдайында бұзылады. Біздің ойымызша, заңсыз кіріп ақпарат алу белгіленген тәртіп пен нормаларды бұзу арқылы жүзеге асырылады. Ол дегеніміз, ақпаратты жария ету – ақпаратты сақтаушы тұлғаның ақпаратты алуға құқығы жоқ адамдарға беруі немесе басқа тәсілмен таратуы.

Біздің ше, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйымдастыру шаралары ресми құжатта анықталуы тиіс (нұсқауда, ақпараттық қауіпсіздік концепциясында).

Ақпараттық қауіпсіздік концепциясында қауіп-қатердің барлық түрлеріне қолданылатын қорғану шаралары және қорғанылған ақпараттық өріс жағдайын бұзуы мүмкін жағдайлар анықталуы тиіс.

Ақпараттық қауіпсіздік концепциясын жасау кезінде, біздің пікірімізше, онда (концепцияда) мынандай мәселелер шешімін табуы қажет:

1. Аталмыш құқық қорғау органындағы барлық ақпаратты талдау нәтижесінде шектеліп пайдаланатын ақпараттар легін белгілеу қажет. Шектеліп пайдаланылатын ақпараттар легі, өз алдына, топ-топқа және деңгейлерге бөлінуі тиіс.

2. Топталған және деңгейлерге бөлінген шектеліп пайдаланатын ақпараттарға кіретін қызметкерлер тізімін анықтау керек. Ақпаратқа кіру шексіз болмауы тиіс, кіру шегін анықтау қажет.

3. Қорғанылған ақпаратқа рұқсатсыз енген немесе ақпаратты жария еткен қызметкерлердің жауапкершілігін анықтау қажет.

4. Қорғанылған ақпараттың әрбір тобына немесе деңгейіне қатысты қорғаудың негізгі құралдары мен әдіс-тәсілдерін анықтау керек.

5. Пайдаланған құралдардың тиімділігіне әрдайым бақылау жасап отыру қажет.

ҚР ҚІЖК-нің 7- бабын ақпараттық қауіпсіздіктің түсінігімен толықтыру қажет: қылмыстық іс жүргізудегі ақпараттық қауіпсіздікті өкілетті субъектілер жүргізетін кешенді шаралармен қорғалатын маңызды немесе тергелетін қылмысқа қатысты ақпараттық жағдай деп түсінеміз.

ҚР ҚІЖК-нің 98-бабының 2-бөлігін мынандай ақпараттық қауіпсіздік объектілерімен толықтыру керек:

1. Қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелердің барлық түрі;

2. Қылмыстық іс материалдары;

3. Қылмстық істі тергеу туралы мәліметтер (тергеліп жатқан оқиға туралы жедел іздестіру және процессуалдық хабарламалардың жиынтығы, жүргізілетін жедел іздестіру және процессуалдық жұмыстар жоспары);

4. Қылмысты тергеуге қатысып жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері туралы мәліметтер;

5. Қылмыстық істегі айыпталушылар және сезіктілер туралы мәліметтер;

6. Қылмыстық істі тергеуге жәрдемдесіп жүрген жәбірленушілер, куәлер және басқа адамдар туралы мәліметтер.

Ал осы баптың 2-бөлігін 3-бөлік деп санау керек. Сонымен бірге ҚР Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы Заңына 3-баптан кейін 3.1 – деп жоғарыда аталып өткендей, қорғалатын объектілердің тізімін беру керек.

------------------------------------


1. Озеров В. Информационная безопасность России // Политика. №40; Зубик В.Б., Зубик Д.В., Селегов Р.С., Абдула А. Экономическая безопасность предприятия. – Минск, 1988; Кашеев В.И. Обеспечение информационной безопасности коммерческого объекта // Системы безопасности, 1995. №5; Куранов Л.И. Безопасность банковской операции, 1995. №4; Крылов В.В. Основы криминалистической теории расследования преступлений в сфере информации. Автореф. дис. д-ра юрид. наук. – М., 1998.

2. Шумилов Н.И. Криминалистические аспекты информационной безопасности. Автореф. канд. юрид. наук. – СПб, 1997.

3. Трухачев В.В. Преступное воздействие на доказательственную информацию: правовые и криминалистические средства предупреждения, выявления и нейтрализации. – Воронеж, 2000.

4. Барсуков В.С. Обеспечение информационной безопасности (справочное пособие). Технологии электронных коммуникаций. Том 63. – М., 1996.

5. Курушин В.Д., Минаев В.А. Компьютерные преступления и информационная безопасность. Справочник. – М., 1998.

6. Қараңыз: Расследование неправомерного доступа к компьютерной информации / Под ред. д.ю.н., проф. Н.Г.Шурухнова. – М., 1999; Черных А.В. Обеспечение безопасности автоматизированных информационных систем (уголовно-правовые аспекты) // Советское государство и право, 1990. №6; Сергеев В.В. Компьютерные преступления в банковской сфере // Банковское дело, 1997. №2.

7. Расследование неправомерного доступа к компьютерной информации / Под ред. д.ю.н., проф. Н.Г.Шурухнова. – М., 1999.


©netref.ru 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет