Ынтымақ пен бірліктің кепілі



Дата03.05.2016
өлшемі73.92 Kb.
Ынтымақ пен бірліктің кепілі

Балтабаева Ж.,педагогика

ғылымдарының докторы,

Абай атындағы

ҚазҰПУ-дың профессоры
Ел басының Жолдауында [1] қиын да шешуші кезеңде, яғни бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеріп жатқан кезде атқарылар міндеттерді алға қойылды. Бірақ бұл дағдарыстан да еліміздің аман-есен өтетіндігіне сенім білдірген Елбасы мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұлт болашағы сияқты кұндылықтарды сақтап қалудың қажеттігін ерекше атап өткен. Осы міндеттер үдесінен шығу үшін әрбір ұжым, әрбір азамат бел шеше кірісіп, білек сыбанып жұмыс істей білуі қажет екендігі Жолдауда анық айтылған. Бұл қиындықтан шығудың бір жолы - адамдардың бір-біріне сенімділігі, жеке белсенділігі, төзімділігі, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін сақтай білуі. Сондықтан жоғары оқу орнындағы оқу үдерісі Жолдауда қойылып отырған осы талаптар тұрғысына сай бағытталуы тиіс. Осы ретте болашақ тіл-әдебиет мамандарының «адамның сөйлеу тәртібінің алгоритмі» [2, 69-6.] іспетті шешендіктану ғылымымен танысып, би-шешендеріміздің асыл мұрасынан үлгі, тәлім-тәрбие алуы - өте қажетті жұмыс.

Шешендіктану бүкіл әлем тұрғысынан да, қазақтың шешен билерінің алтын қоры тұрғысынан да өте бағалы үлгі, оны пайдалана білгенде ғана ұғамыз. Ал, осы тамаша үлгіні пайдалану үшін, студентті ол үлгімен таныстырып, қызықтыра білу қажет.

Қазақ өмірінде шешен билердің зор қызмет атқарғаны, сондықтан оларды халықтың жоғары бағалап, сый-құрметке бөлегені тарихтан мәлім. Қоғамда болып тұратын дау-жанжал, жер дауы, ұрлық-қорлық сияқты алуан түрлі істерді әділ шешуді билер атқарған. Бұл, әрине, оңай жұмыс емес, өйткені шешімді екі жақ та мойындап, риза болуы керек. Ол үшін бұлжытпас дәлел қажет. Ал дәлел таба білу - ақылға, тапқырлыққа, логикалық ойлауға, салыстыруға, ойды қорыта білуге байланысты. Ең бастысы, әділеттілік керек. Мұндай қасиеттер қазақтың би шешендерінде болған. Оны Н.Төреқұлов пен М.Қазыбаев сияқты ғалымдардың мына сөзінен де көруге болады: «Би шешендер даулы мәселені түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да хатсыз, ауызша жүзеге асып, бітіп жатқан... Билер өзінің сөзін, билік шешімін «Ал, халайық, бұған не дейсіздер, ризамысыздар?»-деп көпшілікке салып мақұлдатар еді. Бұдан артық қандай жариялылық болмақ деп жазған» [3, З-б.]. Демек, шешен билер сөзін әділдікке тәрбиелеу үлгісі ретінде қолдануға болады.

Қазақ халқы шешен билерін әділдігі үшін, адалдығы үшін, тапқырлығы үшін, қамқорлығы үшін, ақылдылығы үшін, адамгершілігі үшін құрметтеген.

Шешендік сөздің тереңдігі, әсерлілігі де оның басты белгілерінің бірі. Сгуденттер ол сөздерді есте сақтауға үлгі ету үшін жаттығу мәтіндері ретінде қолдануға болады. Оған шешен билер сөзінен мысал келтірейік: «Қаптап келе жатқан Жоңғар басқыншыларынан қазақтар қашып, жалғыз бір үй қалыпты. Жоңғар басшысы батырларын жұмсап:

- Анау жалғыз үй неғып көшпей отыр, біліп келіңдер,- дейді. Олар келсе, Төле бидің үйі екен.

- Жұрттың бәрі көшіп кеткенде, сен неғып отырсың?- дейді.

Төле би:


- Шаңырағыма қарлығаш үй салып еді. Сол құс балапандарын қанаттандырып, өргізгенше, мен ешқайда көшпеймін. Қарлығаш - қасиетті құс, адам баласының досы,-дейді.

Мұны естіген жоңғар қонтайшысы:

Ол әулие адам екен, оған тимеңдер, елін де қозғамаңдар,-депті. Содан кейін Төле би «Қарлығаш әулие» атанып кетіпті».

Осы Төле би сөзінің студенттер үшін үлкен тәрбиелік те мәні бар. Қиындық кезде құсқа да қамқор болу әркімнің қолынан келе бермейтіні белгілі. Үй-ішін, өзін құсты сақтау үшін қауіп-қатерге түсіру, табиғатты сүю, жан-жануар, құстарды қастерлеу - үлкен мейірбандылық. Ол - жаны адал, әділдік туын ұстаған қазақ билерінің асыл қасиеттерінің бірі.

Шешендік сөздердің тәрбиелік мәнінің құндылығына шешендердің сөздерінен мысалдар келтіре отырып, көрсетелік. Ол әсіресе шешендерге тән қасиеттерден анық көрінеді. Шешен билер - халықтың ақылгөйлері, барлық билерге тән қасиет. «Сары би деген ақылгөй ақсақал бала Сырымға риза болып, оған мынадай өсиет айтыпты:

- Балам, бұл дүниеде алты ұлы сөз бар, соны есіңнен шығармай жүрсең, халыққа беделді, сыйлы боласың. Сырым:

- Ол қандай сөз, ата айтыңызшы? Сары би:

- Арлы-ожданды бол!

- Елге деген парызыңды ұмытпа!

- Намысыңды жастан сақта!

- Халқыңды алалама!

- Жақыныңды жаралама!

- Намысыңды қаралама!»

Сары би айтқан осы өсиетті Сырым шешен қартайғанша, есінде сақтапты. Демек, шешен билердің өздері де үлкеннің сөзін тыңдап, қадірлей білген.

Шешен билер - данышпан адамдар, олар үнемі бірлікке, достыққа, адалдыққа, ізгілікке шақырып, жақсы мен жаманды ажырата білуді уағыздаған.

Қандай тамаша үлгі, тәрбиелік мәні өте үлкен, тамаша өсиет, олар ешқашан мәнін жоймайтын, қанша заман өтсе де, тәрбиеге үлгі болатын асыл қазына, оны жастардың бойына сіңіру - ұстаздардың парызы.

Шешен билердің бір ерекше қасиеті - төтеден жол табу, тосыннан сөз табу. Бұл қасиет - шешендіктің тұрақты белгісі. Мәселен, Төле би мен Қазыбек би Әйтекеден «Жігіттің жақсысы қандай болады?» деп сұрапты. Бала Әйтеке бірден ойланбастан, былай жауап беріпті: - Дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген,-дейді Әйтеке би. Бұл жауап Әйтекенің әрі ақылын, әрі тосыннан сөз тапқыш шешендігін білдірген.

Қазақ билерінде жас талапты билер атақты билерден бата алу, өнеге сөз тыңдау әдеті болган. Мысалы, Қазыбек жас кезінен талай аға билердің алдын көреді. Ол бірде Төле бидің жұмбақтап қойған сұрағына жауап беріп, өзі де жұмбақтап сұрақ қойып, оған сондай жауап алып, бір-біріне риза болыпты. Кейін де Қазыбек би Төле би алдында әлденеше рет болады. Бұл әрі емтихан, әрі жаттығу, әрі бата алу болған.

Қазақ билерінің тарихи уақиғаларды шешуде де белгілі орны бар екені белгілі. Бүкіл елдің тағдырына қатысты мәселені билердің ақылдасып шешуі - үлкен іс. Қазақ билері тек шешен ғана емес, асқан ақылды адамдар болған, елдің, жердің, ердің қамын ойлаған. Асыл сөздің зергерлері, атақты билер - ақылдың иесі, данышпан адамдар. Сондықтан оларды ұзақ уақыт бойына халық құрметтеп, сөздерін бойтұмар етіп, ойларында сақтаған.

Осы асыл, құнды мұраны жастарды тәрбиелеудің күшті құралына айналдыру оқытушының міндеті саналуы тиіс. Тәрбие мәні - жамандықтан сақтандыру. Осы ретте шешен билердің қай сөзі болса да жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Мысалы, Жәнібек би қарияға мынадай сұрақ қояды:

- Уа, ақсақал, ауыл берекесі қайтсе кетеді?

- Ауыл ақсақалы шала болса,

Жігіттері алауыз ала болса,

«Ә» десе, «мә» дейтін,

Жасы үлкеніне кішісі

Сыйламайтын көңілі қара болса, Сол ауылдың берекесі кетеді,-дейді кария кісі.

Осы шумақтарды есінде сақтаған жастар ол нашар қасиеттерге жиіркене қарайтындығы анық. Сондықтан оқытушы оны студент есінде қалатындай етіп жұмыс жүргізуі тиіс.

Билер сөзі - тәрбиенің көзі, үлгінің нақ өзі, билер өсиетін есте сақтаған адам адаспайтыны ақиқат. Олардың адами жақсы мінез-құлық туралы өсиетінің тәрбиелік мәні өте күшті, оны жастарды тәрбиелеуде үлгі тұтатындай естерінде қалдыру қажет.

Қазақ тәрбие дэстүрінде жастарды үлгі, өсиет, бата арқылы жақсылыққа тәрбиелейтін, жамандықтан алшақ жүруді жастайынан құлағына құйып, сақтандырған шешендер сөзін жаттығу мәтіндерінде кеңінен пайдалануға болады.

Ерлікке, халыкты сүюге, елді қорғауға, отаншылдыққа тәрбиелеуде де билер сөзін үлгі ету ұтымды. Билер тек шешен ғана емес, сөзіне ісі сай ер болған, екі елді сөздің күшімен татуластыра білетін елші де болған. Олай болса, билер шешендікке үйретуге ғана емес, адамгершілікке, отаншылдыққа, ерлікке тәрбиелеуге де үлгі болады.

Тәрбие жұмысы тек сабақтан тыс өткізілетін жұмыстармен ғана байланысты емес, ол теориялық білім беретін сабақтың құрамына да кіреді. Мысалы, қазақ тілі сабағында көркем шығармалардан алынған жаттығулар қолданылады. Олар алдымен грамматикалық ережелерге сай таңдалады, бірақ олардың тәрбиелік мәні де ескеріледі. Сондай-ақ мақал-мәтелдер, өлеңдермен жұмыс жасауда оқытушы олардың тәрбиелік мәніне соқпай өте алмайды. Қазақ тілі сабақтарында тәрбиелік мән негізгі орын алады.

Қорыта келгенде, алдымен, шешен билер сөзі студентті тауып сөйлеуге үйретеді, тауып сөйлеудің мәнін, маңызын түсіндіреді. Тауып сөйлей білу үшін студенттің сөз байлығы мол болуы керек. Бай сөздік қордан ең керегін таңдай білу де шеберлік. Ал, шеберлікке дағдылану қажет. Дағды тәжірибеде қалыптасады. Демек, студент морфология және тіл білімінің басқа салаларының да теориясын ғана біліп қоймай, оларды шебер сөйлеуде қолдана білуге жаттығуы керек. Осы ретте тілдік бірліктерді шебер қолдануға жаттығуда билер сөзін үлгі ретінде пайдаланған жөн. Бұл шебер сөйлеу грамматика ережелерін білумен ғана тынбайтынын, шебер сөйлеуге үйрету тіл дамыту мәселесі екенін дәлелдейді. Сондай-ақ тіл дамыту үшін шешен билер үлгісін қолданудың маңызы зор екенін дәйектейді. Екіншіден, шешен билер сөзі - ақылдың кені, тәрбиенің нақты үлгісі. Мәдениетті, тәрбиелі адамда болуға тиісті адами асыл қасиеттердің бәріне тәрбиелеуде шешендер сөзін қолданудың маңызы өте зор. Осы жағдайлар ескеріліп, шешен билер сөзі қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқытуда жаттығу мәтіндері ретінде қолдануға болады. Мұнда студенттер шешен билер сөзімен танысады, одан үлкен үлгі, өнеге, тәрбие алады әрі шебер сөйлеу үлгісін көреді және грамматикалық мақсаттағы жұмыстарды орындайды. Өйткені шешендер сөзі жаттығуда грамматикалық құрылысына қарай ережеге сәйкес таңдалады.

Жолдауда «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол - бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет. Ел басына күн туған нелер бір қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған осы ынтымағы мен бірлігі емес пе еді?»,-деп көрсетілген жолдардың мәнін жастарға түсіндіруде би-шешендер сөздерін сабақ процесінде теориялық та, тәрбиелік те мақсатта нақты мысал ретінде пайдалануға болады. Сонда ғана студенттер ынтымақ пен бірліктің халқымыздың ұлт ретінде сақталуының басты кепілі екендігін терең ұғынатын болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. -Астана, 2009.

2. Қыдыршаев А. Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: пед.ғыл.докт.дисс.автореф. -Алматы, 2001. -50 б.



3. Төреқұлов Н., Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері. -1993. -394 б.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет