Ислам Д. Ақын әлемі Түркістан 2013 ббк 83. 3 Қаз и 87



бет1/7
Дата03.05.2016
өлшемі1.83 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7



Ислам Д.
Ақын әлемі

Түркістан

2013

ББК 83.3 Қаз

И 87
А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі шешіміне(хаттама№11) сәйкес толықтырылып ұсынылған
Редакция алқасы:

Л.Ташимов, C.Айнурал, Қ.Ергөбек,

Т.Раимбердиев, С.Тұртабаев, И.Вурал
Пікір жазғандар: ф.ғ.д., профессор Қ.Ергөбек

ф.ғ.д., профессор Т.Еңсегенұлы


И 87. Ислам Д. Ақын әлемі. Түркістан, «Тұран» баспаханасы, 2013. 162 бет.
ІSBN 9965-601-79-8
Кітапта 1970-80 жылдардағы қазақ лирикасының бағыт-бағдары, негізгі тенденциялары сараланады. Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Жұматай Жақыпбаев ақындығының көркемдік қырлары арқылы кезең лирикасының табыстары талданған, қазақ лирикасының тақырыптық-идеялық ерекшеліктеріне тоқталып, ақын туындыларының дәуір әдебиетімен байланысы көрсетілген.

Сондай-ақ қазіргі қазақ өлеңінің көркемдік мәселелері де сараланады.

Кітап жоғары оқу орнының студенттері мен ізденушілеріне, филологтар мен журналистерге, әдебиетті қадірлейтін көпшілікке арналған.
ББК 83.3 Қаз



И



©Ислам Д., «Тұран», 2013



Ақын Жұмағұлшора

Сағадиұлы рухына!

Автор.
КІРІСПЕ
Қазақ поэзиясының 1970-80-жылдардағы тұсы өзіндік ерекшелігімен дараланған кезеңеуі болды. Әлеуметтік көңіл-күйдің ең алдымен әдебиетте, әсіресе, поэзияда таңбаланатынын ескерсек, бұл кезең поэзиясының өзгеше болу себебін аңғару қиын емес. 1970-80-жылдар тоталитарлық жүйенің күйреуіне, ССРО құрамындағы елдердің тәуелсіздік алуына деген халық санасының дайындық кезеңі болды. Бұл тұста “социалистік қоғамның коммунизмге ұласатын мәңгілік болашағы” жөніндегі жалған идеяны халық санасына барынша сіңіру әрекеті мемлекеттік деңгейде жүргізілгендіктен, бір жағынан оның ықпалы да елеулі болып, екінші жағынан кеңестік саясаттың құйтырқылығы да айқын аңғарылып, қалың ел екіұдай сезім шарпуында жүрді. Дәл осы сана қалыбын бейнелеуде қаламгерге елден асқан білімпаздықтың немесе болжампаздықтың қажеті шамалы болатын. Ол үшін, ең бастысы “жүрек сөзін” айта білетін шынайылық қажет еді. Аталмыш дәуірде осыған дейінгі кезеңдерде қаптап кеткен кеңестік саясат ықпалымен жазылған плакаттық өлеңдердің әуенімен жүрген ақындар тобы да аз болған жоқ.

Сыртқы әлемге деген өз көзқарасын бұлтақсыз білдірген “алдыңғы толқын ағалар” Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Төлеген тәрізді ақындар сияқты жан дүниесінің ішкі әлемінің қыр-сырын бүкпесіз, мөлдір қалпында, сұлулыққа орап жеткізіп берген 1970-80-жылдардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілінің бірі – Ж.Жақыпбаев еді. Кезең поэзиясының басты ерекшеліктері де осы тектес ақындар шығармашылығын жеке-дара зерттеу арқылы ғана танылмақ. Осы қисын тұрғысынан келіп, біз Ж.Жақыпбаевтың өмірі мен әдеби шығармашылығын зерттеуімізге арқау еттік.

Ғылымда қалыптасқан дәстүр бойынша, белгілі бір кезеңнің әдебиетіне немесе әдебиет саласына өз тұсында емес, біршама уақыт өткен соң ғана, яғни ол “әдебиет тарихына әбден айналып болған соң” ғана баға беріліп жатады. Осылай болуы тиіс екендігін ақтайтын өзіндік заңдылықтар да бар. Мәселен, әдеби дәуірдің әрбір құбылысы жеке-жеке зерттелініп, олар тұтаса, жымдаса келе, сол кезең жөніндегі жалпы бағалауды туғызары анық. Оған әрине біршама уақыт қажет екендігі де айқын. Бірақ осы тектес заңдылықтар нәтижесінде зерттеушінің өмір сүрген кезеңі, немесе жақын дәуірлер әдебиетін зерттеуге “әлі ерте” деген сияқты пікірлерді қалыптастырғаны да жасырын емес. Біздіңше, белгілі бір кезең әдебиетінің жеке құбылыстарын, оның өкілдерінің шығармашылығын уақыт оздырмай тұрып зерттей бастаған дұрыс. Әрине мұндай зерттеулерде таяныш ететін сараптаулардың аздығына байланысты жаңсақтықтар көп болуы ықтимал. Оның есесіне, кейінгі ғылыми ізденістер үшін тигізер пайдасының молдығымен құндылыққа ие болары сөзсіз. Бұл тектес зерттеулерде зерттеуші өз объектісіне сырттан қараушы емес, мәселені өз ішінен бақылаушы сипатында көрінеді. Сондықтан ол зерттеу мүмкіндігінің кейбір артықшылықтарын пайдалана алады. Мәселен, қазіргі әдебиеттану мен өнертанудағы аса зәру мәселенің бірі шығармашылықты психоаналитикалық тұрғыдан зерттеп, туындының оқырманға берер әсерінің негізгі факторларын автордың саналы немесе еріктен тыс (ырықсыз) түрде жаратқандығын айқындау үшін [1] қажет материалдарды жинаудың мүмкіндігі мол болады. Атап айтсақ, өз шығармаларында бейнеленген ақынның рухани өмірінің нышандарын белгілеу үшін оның жанында жүрген достарының, жарының, қызметтестерінің, шығармашылық қауымдастығы өкілдерінің естелік пікірлерін қажетінше пайдалануға жағдай туады. Ал бір-екі ұрпақ ауысқан соң мұндай мүмкіндіктен айырылып қаларымыз шындық. Біздің зерттеуіміздің өзектілігін танытатын бірінші мәселе осы болса, екінші мәселе жалқы арқылы жалпыны таныту, яғни Ж.Жақыпбаев өмірі мен шығармашылығы негізінде 1970-80-жылдардағы қазақ поэзиясының басты қасиетіне, жаңалықтарына барлау жасау.

Аталмыш дәуір поэзиясының көрнекті өкілі ретінде өмірден ерте кеткен ақын Ж.Жақыпбаевты таңдап алуымыз да тегін емес. Өйткені ол – тірі кезінде әдеби ортадан өзінің жоғары бағасын алған шығармашылық өкілі. Біздің бұл сөзімізге ақын қайтыс болғалы бері үздіксіз жарияланып келе жатқан қаламдас достары, іні-қарындастарының, ағаларының, жарының естелік-бағалары дәлел бола алады. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик С.Қирабаев 60-жылдар әдебиетіндегі аса көрнекті ақындардың соңын ала шыққан, өзіндік қолтаңбасы бар, аз ғана таланттар шоғырының ішінде Ж.Жақыпбаев есімін ауызға алады [2.188]. Ал әдебиеттанушы, әрі әдебиет сыншысы Б.Ыбырайымов табиғат суретін бейнелеуге шебер С.Мәуленов, Ж.Нәжімеденов, О.Асқарлардың қатарында Жұматайды да атаған және өлеңдерінен мысал келтірген [3.9]. Бірақ жазушылар, тіпті жалпы интеллигенция /шын мәніндегі/ тарапынан ерекше ілтипатқа ие болған ақын шығармашылығы қарапайым көпшіліктің “қолынан түспес” дүниесіне бірден айналып кете қоймады. Осыдан келіп, ақын шығармашылығы тағдырын сөз ету барысында қазіргі әдебиеттану ғылымындағы тағы бір түбегейлі зерттеуін күтіп тұрған зәру мәселе оқырмандық қабылдау жөніндегі әңгімеге де ойысып отырамыз. Белгілі бір шығармашылықтың көпшілік алдында беделге ие болуы оқырманның нақты тарихи дәуірдегі эстетикалық талғамына, интеллектуалдық деңгейіне байланысты. Ақынның шығармашылығын талдай отырып, бұл мәселенің де сырларын ашу мүмкіндігі туады.

1970-80-жылдардағы қазақ поэзиясының ең көрнекті өкілдерінің бірі ретінде де, өз алдына бөлек зерттеуге әбден лайық Ж.Жақыпбаев шығармашылығы біз үшін, онымен қоса, жоғарыда айтылған поэтикалық мәселелерді айқындауға қызмет ететін деректік сипатымен де құнды.

Ж.Жақыпбаевтың ақындық тұлғасы мен оның шығармашылығының өзіндік ерекшеліктерін көрсетіп, олардың бір-бірімен өзара тығыз байланысын таныту, ақын шығармаларының 1970-80-жылдардағы қазақ поэзиясынан алатын орнын белгілеу жұмыстың басты мақсаты болып табылады. Мақсат деңгейінен шығу үшін алға мынадай міндеттер қойылды;

– Ж.Жақыпбаевтың ақындық тұлғасының образ сомдауға негіз болғандығын көрсету;

– Ақынның көркемдік концепцияларына барлау жасау;

– Суреткер туындыларын тақырыптық-идеялық тұрғыдан топтастыру;

– Ақын шығармашылығындағы оқырман сезіміне әсер ететін факторларды, олардың басты ерекшеліктерін айқындау;

– Ақын шығармашылығының бағалану ерекшеліктерін көрсету;

– Ақын шығармаларында бейнеленген авторлық эмоция түрлерін саралау;

– Ақын өлеңдерінің мәтіндік ерекшеліктерін таныту;

– Ж.Жақыпбаев өлеңдеріндегі көріктеу құралдарын сараптау;

– Ақын шығармашылығындағы лирикалық субъект пен объектінің ара қатынасын таныту;

– Суреткер шығармашылығындағы шығыс классикасы мен батыс романтизміне тән белгілерді айқындау;

– Суреткердің жалпы шығармашылық лабороториясының қыр-сырын таныту.

Ж.Жақыпбаевтың шығармашылығы қазірге дейін арнайы зерттелген жоқ. Тіпті оның өлеңдері жөнінде айтылған ғылыми пікірлердің өзі саусақпен санарлық. Бұл қатарда оның өлеңдері мен жыр жинақтарына арналған Ж.Нәжімеденовтің, Б.Ыбырайымовтың, Қ.Ергөбековтің, К.Мырзабековтың, С.Негимовтың, Ұ.Есдәулетовтың, М.Неталивті рецензияларын айтса болады [4].

Орыс және қазақ зерттеушілерінің лирика, өлең табиғаты жөніндегі монографиялар мен зерттеулерді жұмысымызға таяныш еттік. Сондай-ақ лирикалық туындыдағы автор қолтаңбасына тән ерекшеліктердің қыр-сырын көрсететін зерттеулер де басты бағдар етілді [5]. Әдебиет теориясына қатысты еңбектер пайдаланылды [6]. Жекелеген лирик ақындар шығармашылығын өзек еткен диссертациялар да қаперге алынды [7].

Ақынның “Жалын” баспасынан көзі тірісінде шыққан “Саратан” /1979/, “Ләйлә” /1981/, “Шұғынық гүл төркіні” /1984/, қайтыс болғаннан кейін жұбайы З.Елғондинова дайындауымен жарияланған “Көктемгі хаттар” /1992/ атты жыр жинақтарындағы өлеңдер негізгі материал ретінде алынды. Әсіресе, соңғы екі жинақ негізгі дәйек етілді. Сондай-ақ туындыгердің бұл жинақтарына енбей қалған кейбір өлеңдері де қамтылды.

Ақын жөніндегі ақын-жазушылардың, қаламдас достарының түрлі басылымдарда жарық көрген естелік, ой-толғамдары [8] да зерттеуге қажетті деректердің үлкен бір бөлігін құрайды.

Ақын Ж.Жақыпбаевтың өмірі мен шығармашылығы алғашқы рет арнайы ғылыми-зерттеу объектісіне айналды. Реалды автордың тағдыры, жеке басының қасиеттері өз ортасының, қаламгерлер қауымының назарын аударарлықтай ерекшеліктерімен көзге түскендіктен, шығармашылық тұлға мен лирикалық кейіпкердің байланысына, автор психологиясы мен эстетикалық талғамының шығарма көркемдігіне тигізер ықпалына қатысты көптеген жәйттерді көрсетудің мүмкіндіктері туды. Сол арқылы 1970-80-жылдардағы қазақ поэзиясының да ең басты өзгешеліктері танылды. Бұл еңбек арқылы төмендегідей тұжырымдар табамыз:

1. Ж.Жақыпбаев шығармашылығынан 70-80-жылдардағы қазақ поэзиясына тән басты белгілердің көбін табуға болады;

2. Ақын өлеңдерінің қабылдану кезіндегі әсерлілік факторлары автордың жеке басына тән психологиялық-дүниетанымдық көзқарасынан, эстетикалық талғамынан туындаған;

3. Ж.Жақыпбаев өлеңдерінің эстетикалық қуатын арттырушы негізгі факторлардың бірі – оның өлеңдеріндегі ойындық бастаулар;

4. Ақын өлеңдеріндегі авторлық позицияның бейтараптығы оның поэзиясындағы негізгі ерекшелік болып табылады;

5. Белгілі бір өмірлік тұлғаны махаббат лирикасының объектісі етіп алып, оны идеал дәрежесінде жырлау тұрғысынан Ж.Жақыпбаев өлеңдері әрі батыстық, әрі шығыстық поэзиямен туыстасады;

6. Ж.Жақыпбаев лирикасындағы көркемдік тәсілдер батыстық поэзия өрнектерімен сабақтасса, әуезділік, өлең өлшемі, ырғақ тұрғысынан шығыстық поэзиямен көбірек байланысады;

7. Ақын туындыларындағы тақырыптық және эмоциялық көпқырлылық – оның суреткерлік шеберлігінің көрінісі;

8. Ақын өмірбаянына тән аңыздық сипат оның лирикасына деген оқырман ынтасын туғызушы басты фактордың бірі;

9. Ж.Жақыпбаев лирикасы қазақ поэзиясындағы бір белес болып қалады.
АВТОР ЖӘНЕ ЛИРИКАЛЫҚ КЕЙІПКЕР.

АҚЫН ЛИРИКАСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ АУҚЫМЫ

ЖӘНЕ ИДЕЯЛЫҚ ҚЫРЫ
Автор бейнесі оқырманға, көбінесе лирикалық қаһарманмен бір немесе жақын болып көрінетін лирикалық әдеби тек үшін ақын өмірбаяны шешуші рольді иеленеді. Неміс қаламгері И.Бехер лирик ақынды “өзін-өзі бейнелеуші адам. Оның өзі – өз лирикасының кейіпкері” [9.388] – дейді. Енді бір әдебиетшілер лирикалық кейіпкердің автор көшірмесі емес екеніне баса назар аударады. Мәселен, лирика табиғатын зерттеген Т.Шапай былай дейді: “(...) лирикалық кейіпкер –ақынның өзі емес, творчестволық тұлғаның шығармадағы көркемдік проекциясы, әдеби бейне” [10.148-149]. Бұл айтылғандар бір-бірімен қарама-қайшы емес, керісінше, бір-бірін толықтырушы пікірлер. Демек лирикалық кейіпкер бойынан ақын тұлғасына, өмірбаянына қатысты шындықты да, оның қиялынан туған қоспаларды да табуға болады. Бұл тұрғыдан келгенде, ақын мен лирикалық кейіпкер байланысы эпикалық немесе драмалық шығармалардағы түптұлғаға оның көркем образының қаншалықты қатысты болатыны тәрізді құбылыс.

“Әдебиеттің объектісі – өмір, предметі – адам” [11.86], – деген З.Қабдолов тұжырымына сүйенер болсақ, автор мен лирикалық қаһарман бейнесінің байланысын көрсету барысында кейіпкер образы арқылы шығармада бейнеленген өмір шындығы да танылатынын аңғарамыз. Бұл – ақын шығармаларының тақырыптық ауқымына барлау жасау деген сөз.

“Тақырып – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса”, – [11.161] өмірдің сан-салалылығы шығармада да тақырыптың көпқырлылығы арқылы бейнеленеді. Ал тақырып ауқымының күрделілігін айқындайтын ақын тұлғасы болса, оны кең қамтып бейнелеу мүмкіндігін туғызатын оның талант деңгейі болмақ. Т.Шапайдың “Лирикалық кейіпкерден ақын тұлғасын бүкіл қыр-сырымен тануға болатындығы – ол өз алдына мәселе [10.149], – деуінің осындай мәні бар.

Ж.Жақыпбаевтың лирикасының тақырыптық сипатын, көркемдік ерекшелік қырларын оның өмірбаянымен байланыстыра отырып көрсету, сол арқылы лирикалық тұлғаны ашу жұмысымыздың алғашқы тарауында көздеген басты нысанымыз болып табылады. Осы орайда “лирикалық кейіпкер”, “лирикалық тұлға” атауларының қолдану аясы жөнінде арнайы зерттеу нәтижесінде орнықты тұжырым айтқан Т.Шапай пікіріне тоқтала кетейік: “(...) белгілі бір ақынның жеке бір туындыларындағы лирикалық бейнені лирикалық тұлға емес, лирикалық кейіпкер деп тануымыз орынды деп ойлаймыз. (...) Ал оның барлық лирикалық туындыларын ішкі бірлікте ұстап тұрған нақты әлеуметтік, кісілік дара ерекшеліктерімен, рухани дүниетанымдық өресімен сомдалған біртұтас адам бейнесі – біздің ұғымы-мызда лирикалық тұлға” [10.149-150]. Әрине Ж.Жақыпбаев поэзиясындағы тұтас лирикалық тұлға жекеленген өлеңдерінен танылатын лирикалық кейіпкер бейнелерін жеке-дара талдау барысында айқындалатыны кәміл.

Біз автор – лирикалық кейіпкер – тақырып мәселелерінің байланысын ақын өмірбаяны негізінде ашуға тырыстық.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет