Ислам терроризмге қарсы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050»



жүктеу 91.88 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі91.88 Kb.




№ исх: 2/8636 от: 20.05.2013

Ислам терроризмге қарсы
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек деп атай отырып, XXI ғасырдағы Қазақстандағы дінге ерекше көңіл бөлді.

Шындығында, дін зайырлы қоғамымыздың ажырамас бөлігі болып табылады, сондықтан құзырлы мемлекеттік мекемелер еліміздегі діни қатынастарды одан әрі дамытуға әрқашанда мүдделік танытады.

Соңғы кезде әлемнің көптеген елдері үшін терроризммен күрес мәселесі аса өзекті болып отыр. Терроризм – бұл қылышынан қаны тамып тұрған зұлмат. Терроризм барлық түрлері және көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, зұлымдығы және қанішерлігімен бүгінгі заманда ең өткір мәселеге айналды.

Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер ауқатты дамыған елдерде де, жағдайы төмен кедей елдерде де орын алып отыр. Терроризмнің өріс алуы кез-келген елдің әлеуметтік жағдайына қатысты емес, дінмен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол - өне бойы жауыздыққа толы індет. Бірде бір мемлекет бұл жұқпалы вирустан аман қалған жоқ. Барлық араб және Африка елдері, Азия құрлығы, Ресей, АҚШ, Англия, Франция, Испания, Норвегия және тағы басқа елдер терроризммен бетпе-бет келіп, көптеген зардап шекті.

Соңғы кездері экстремисттер бейбітсүйгіштікке, ұстамдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға түсіністікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін ушықтыруға, басқа өркениеттермен қақтығыстыруға талпынуда, осы арқылы тек дінаралық татулықты емес, сонымен қатар мұсылмандар арасында да іріткі салуда.

Біздің пікірімізше, ислам фундаментализмі, яғни салафизм идеологиясы діни радикализмінің пайда болуына қатты ықпал етуде. Бұл жат идеологияны жақтаушылардың көзқарастары мен ұстанымдары зайырлы қоғамда емін-еркін өмір сүретін дәстүрлі исламмен сәйкес келмейді. Сондықтан фундаменталистер ханафи мазхабындағы дәстүрлі дінімізді ұстанушыларға ғасырлар бойы қалыптасқан күнделікті салт-дәстүрімізден безіп, олардың айдауында өмір сүруімізді талап етуде.

Террористердің қауіптілігі сонда, қой терісін жамылған қасқыр іспеттес, қасиетті Құран аяттарының үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.

Алайда терроризм және ислам – бір-біріне түпкі тамырынан бастап қарама-қайшы және бірін-бірі жоққа шығаратын көрініс. Дегенмен, бүгінгі таңда халықаралық терроризм исламмен байланыстырылады, осы арқылы ұлтаралық алауыздық және діни төзімсіздік туындайды.

Террористерде не аяушылық, не адамгершілік қасиеттер жоқ. «Терроризм» сөзі – араб тілінде «ирхаб», яғни, «қорқыту, үркіту» деген мағынаны білдіреді. Терроризм өз нысанасына бейкүнә адамдарды таңдап, балаларды аяусыз өлтіреді, оларды ата-аналарынан айырып, жетім қылдырады.

Бүгінгі таңда халықаралық терроризм және діни экстремизм асыл дініміз - исламға да залалын тигізуде. Террористер Құранның негізгі қағидаларын да білмейтін діни сауатсыз сорлы жандар. Зорлық-зомбылықтың барлық түрі Ислам нанымына қайшы келеді. Алла тағала адамдарға өзі белгілеген шектен шықпауды бұйырды және жерде зұлымдық жасауға, әділетсіздікке, зорлыққа, өлтіруге және қан төгуге тыйым салды. Бұған байланысты қасиетті Құранда «...Алла өзі қойған шектен шыққандарды ұнатпайды» деген аят бар.

Сонымен қатар, мұсылман баласы Жаратушы Иесінің алдында өзге адамдарға қылмыс жасамау туралы ескертпегендіктері үшін де жауап береді. Нағыз мұсылман адам жер бетінде арсыздыққа жол бермей, керісінше игілік және ізгілікке ұмтылуы тиіс. Алланың қасиетті кітабында қоғамдық тәртіп бұзуға қатаң тыйым салынған. Құранның «әл-Ағраф» сүресінің 56-аятында «Тәртіпке келтірілгеннен кейін жер бетінде бұзықтық жасамаңдар» деген Алланың әмірі бар.

Құранда өз-өзіне қол жұмсау да үлкен күнә болып саналады. Мұсылман ғұламалары беліне жарылғыш заттарды байлап, жазықсыз жандар арасында өзін-өзі жарып жіберетіндерді қатты айыптайды, өйткені Алла тағала өзін-өзі өлтіруге ашық тыйым салған. Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында «… өздеріңді өздерің өлтірмеңдер…» деген әмір бар. Сондықтан, Аллаға деген сенімі зор және Құранның жолымен жүретін мұсылман баласы мұндай әрекетке ешуақытта бара алмайды.

Ислам өнегесінің негіздері – бұл қайырымдылық, жомарттық, адамдарға ізгі ниеттілік, кешірім және әділдік. Мұхаммед Пайғамбарымыз: «Өмірде пайдалы іс істейтін адамдар – Алланың сүйікті құлдары болып саналады. Ал ең пайдалы іс – бұл мұсылман бауырыңа қиналғанда қол үшін беру, ашыққанда – азық беру, тарыққанда – қарызын өтеу. Мұсылман бауырыңа жасаған жақсылығың – мешітте бір ай бойы жатып, дұға айтқаныңнан да артық. Шындығында, сірке суы қалай тәтті балды бұзса, жаман мінез-құлықта та солай өмірін бұзады» деген.

Мұхаммед Пайғамбарымыз өзінің тағы бір хадисінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді. Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды» деген екен.

Біз діни экстремизмнің алдын алу бағыттарының бірі ретінде Қазақстан қоғамында діни сауаттылықты арттыруға ерекше мән береміз. Қазақстандықтар діни көзқарасының әркелкілігіне қарамастан, зайырлы елімізде имансыздық, діни ой-пікірлердің радикалдануы секілді шектен шығушылықтардың таралуына жол бермеу жолында бірігуі керек.

Республикадағы діни ахуал жалпы алғанда тұрақты екенін атап өткен жөн. Дей тұрғанмен, еліміздің жекелеген аймақтарында діни экстремизм ошақтарының шоғырлануы байқалады. Дін санаға айла-шарғы жасаудың қолайлы құралы болуда және мұны деструктивті күш пайдалануда.

Діни терминдерді және идеологиялық алғышарттарды ұтымды пайдалана отырып, экстремисттік ұйымдардың мүшелері өздерінің насихаттау қызметінде географиялық және әлеуметтік ортаны кеңейте білді. Нәтижесінде елімізде мемлекетке және қоғамға өзін қарсы қоятын діни теріс ұғымдардың күшіне ерген жастардың саны артты. Құқық қорғау органдары діни негіздегі, оның ішінде радикалды діни ағымдар өкілдері тарапынан діни экстремизмге және терроризмге байланысты қылмыстарды ашу жағдайлары жиеледі.

Еліміздің батыс өңірлеріндегі бірқатар лаңкестікті ұйымдастыру әрекеттері, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің астыртын экстремистік топтарды әшкерелеуі, осындай топтардың мүшелерімен жүргізіліп жатқан сот процесстері осы үдерістердің көріністері болып отыр. Террорлық әрекетпен байланысты жасалған қылмыстар үшін сотталған тұлғалардың саны 2012 жылы 105 адамды құрады.

«Орта Азияның моджахедтер жамағаты», «Жунд әл-Халифат» және тағы басқа да террористік ұйымдардың қақпанына біздің еліміздің азаматтары, әсіресе жастардың түсуі бізді алаңдатпай қоймайды. Экстремизм мен терроризмнің отын көсеп жүрген жандайшаптардың сөзіне еріп, жастық шақтың алғырттығына бой ұрған кейбір жастарымыз «қасиетті соғысқа» барамыз деп, бастарын қатерге тігіп жүр.

Шын мәнісінде олар өз тағдырларын тәлкіге салып қоймай, туған-туысқандарының да тағдырларына балта шабуда. Осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің «Терроризм» деп аталатын 233-ші бабы бойынша былтыр сотталған 42 жас өспірімдердің ата-аналары хат жолдады. Ата-аналар өз балалары жасаған қылмыстарға өкініш білдіріп, діни экстремизм және терроризм идеологтарының шынайы жүздерін көрсетуге дайын екендерін білдірді. Осы көз жасына толы ұжымдық хаттан үзінділер келтірейін:



«Шет елдерден келген дін шабармандары жалған дінді жамылып жастарымызды ұлттық психологиядан, қоғамнан, туған ортадан және туған-туыстардан айырғылары келеді...

...Жастардың ислам туралы білім алу құштарлықтарын әдейі өз пайдаларына жұмсау арқылы өздерінің деструктивті элементті мүдделерін ұтымды пайдаланады.

... тергеудің бірінші аптасынан бастап балалар сенімнің неге әкеліп соқтыратындығын сезініп, мұндай идеологиялық адасу әсеріне қалай ұшырағандықтарын түсіне алмағандарына бүкпесіз өкініп, көз жастарына ерік берді...

... біздің балаларымыз діндар жастарға өздері жіберген қателіктер туралы хабарлауға асығуда...

Біз, ата-аналар, өз балаларымызға тәрбие беруде жіберген қателіктерден бас тартпаймыз және Сізден, барлық біздің қоғамнан шексіз кешірім сұраймыз, біз Сіздің түсіністігіңізге және көмегіңізге үміттенеміз! Біз, Сізден, мұндай жағдайларға байланысты тозақ деп аталатын азапты тартып жүрген аналар мен туған-туыстардың жан айқайына үн қатуыңызды сұраймыз».

Безек қаққан ата-аналардың келесі сөздері дін саласындағы біздің барлық қызметтің арқауы болуға әбден лайықты дәйексөз: «Өз еліміздің заңын мойынсұнатын азаматтар ретінде, біз терроризмді барлық көріністерімен бірге қабылдамаймыз және біздің халқымыз үшін бұл зұлматпен күресудегі мемлекет және қоғам саясатын қолдаймыз». Бұл адасушылықтан жасалған террорлық қылмысқа қатысушылардың және бұған өкініш білдірушілердің қасірет шеккен аналарының, туған-туыстарының сөздері екендігін тағы бір рет еске саламын.

Діннің мәнін тануға талпынған бұл балалар экстремизм идеологтарының арбауына түскендер. Алайда, бұл оларды бұлтарғыш жолға дін арқылы келгендігін білдірмейді. Бүгінгі күні біздің барлығымызда кез-келген дін жоғары гуманистік және адамгершілік құндылықтар мен идеяларға ие екендігі туралы нақты және дұрыс түсінік қалыптасты. Діни көзқарас, оның ішінде ислам нанымы, заңға бағыныштылыққа, ынтымақшылдыққа, төзімділікке және ұстамдылыққа бағытталған. Дін экстремизмнің және терроризмнің ешбір формасын қабылдамайды.

Шынайы дін адамзатқа тура жол нұсқаушы ретінде азаматты адамгершілік тұрғыда тәрбиелейді, отансүйгіштікке баулиды, өшпенділік пен басқыншылықты былай қойғанда, адамдарды теріс іс-әрекеттен бойын аулақ ұстауға шақырады. Дін қоғамда өзінің сындарлы рөлін атқаруы тиіс, келіспеушіліктердің алдын алуға көмектесіп, қарама-қайшылықтарға жол бермеуі қажет. Зайырлы білім де, діни білім де адамды тәрбиелеп қана қоймай, оны дұрыс жолға бағыттап, оның ойдан шығарылған бұрмалаушылық нанымдардан айығуына септесуі қажет. Адамдардың діни білімі тек халық игілігі мен қоршаған ортасының мүддесі үшін жұмсалуы керек.


XXI ғасырдың өткен қилы замандардан артықшылығы – қазақстандықтардың сана-сезімінің, білім деңгейінің жоғары болуында. Біздің әрқайсымыз Қасиетті Құранды, Інжіл мен Талмуд секілді діни түпдеректерді алып оқуға және әлемдегі бірде-бір діннің зорлық-зомбылық жасауға, соғысқа немесе өшпенділікке шақырмайтынын түсінуге қабілеттіміз. Ал көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаның теріс пиғылды арандатушылықтарға елігу ықтималдылығы өте төмен болатыны айдай анық.

Экстремизм қатерлі ісік дерті іспеттес, егер уақтылы алдын алу шараларын жүргізілмесе, уақыт өте келе тамырын тереңге жіберуі мүмкін. Сондықтан қарапайым халықтың діни сауатты болуы өте маңызды әрі қажетті болып табылады. Ал діни сауаттылық – бұл оқыту, ағарту және діни әдебиеттер арқылы алынатын білім.


Бүгінгі таңда елдегі ахуалды сыни тұрғыдан бағалау негізінде тұрғындардың шетелдердің идеологиялық экспансиясына қарсы берік діни иммунитетін күшейтетін дүниетанымдық көзқарастарды қалыптастыру мәселесі аса өзекті болып отыр.

Өкінішке орай, біз кейбір күштердің адамдардың діни сауатсыздықтарын пайдалана отырып, діншілдердің діни сезімдерімен ойнап, олардың саналарын жаулау арқылы экстремисттік және террористтік сипаттағы қылмыстар жасауды жүзеге асыру үшін ұсынылған утопиялық идеяларды таратумен бетпе-бет келдік.

Біздің еліміз тәуелсіздіктің 20 жылдан астам кезеңінде көптеген қауіп-қатерлерге тап болды, алайда өзінің бірегей қазақстандық жолымен жүре отырып, олардың бәрін жеңе алды. Радикализм мен экстремизм мәселелерінде де бізге дайын нұсқаулықты ешкім ұсынбайтындығына сенімдіміз. Оны біз өзіміз қалыптастырамыз.
Анти-экстремистік нұсқаулықтың ұстанымдары ретінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың конституциялық артықшылықтарын сақтау, конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту, азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын жүзеге асыру, «дінде экстремизм жоқ» деген айғақты қабылдау болып табылады.

Елбасымыз «Сындарлы он жыл» атты кітабында былай деп атап өтеді: «Фундаменталистер тарапынан болатын шетін агрессиядан немесе тұрақсыздықтан қауіптеніп, діннің өзіне, Ислам дініне қатысты қатал саясат ұстану, менің пайымдауымда мәнсіз де мағынасыз тірлік». Бұл орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті былай ескертеді: «Бұл жағдайда да қауіп-қатердің зоры, Сенімді жору мен Сенімнің өзінің арасындағы айтарлықтай айырмашылықтың ескерілмеуінде болса керек». Яғни, әр дінде адамдық қажеттіліктермен және мақсаттармен нақты адамдар тұр деп түсінген жөн, олар негізгі діни жорамалдармен санаспайды. Бұл мәселеде Мемлекет Басшысы діни экстремизм құбылысына алдын алу саясаты мен алдын алу әрекеттерінің түрлі нұсқалы әдістемесі тұрғысынан мұқият қарауға шақырады.

Аталған жағымсыз құбылыстың айқын қауіп тудырып отырған жағдайында барлық дін қызметкерлерінің, әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, осы бағыттағы біліктілігін жоғарылата отырып, ортақ іске жұмылдыру қажет. Уақыт өз талабын қояды. Сондықтан, мешіт имамдарына ислам ілімдері, шариғат және фикх қағидасында, сондай-ақ, әлеуметтану, конфликтология мен психология тәрізді зайырлы ғылымдар тұрғысында радикализм мен экстремизмге діни-идеялық тұрғыдан қарсы тұру қағидаларын, яғни негіздерін оқытудың жүйелі бағдарламаларын қалыптастырып, іске қосу қажет деп есептейміз.

Біз Ислам дінін үйренгенде бірбеткейлік пен асырасілтеушіліктен бойын аулақ ұстайтын парасатты мұсылман тұлғасын тәрбиелеуге мүдделіміз. Біздің дәстүрлі дініміз ата-бабамыздың көп ғасырлық даналығына негізделген. Ұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұстанған қазақтардың дәстүрлі мұсылмандығында басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған. Ұстамдылық және қоғам бірлігін қорғау идеялары көптеген қазақ ойшылдарының философиялық еңбектерінде көрініс тапқан және бүгінгі қазақстандық қоғам арасында да кеңінен таратуға лайықты. Қазақ даласының әл-Фарабидан бастап Абайға дейін жалғасқан 1100 жылдық рухани тарихы бар. Сөзімнің соңында дін саласындағы түйшектелген мәселелерді шешу, экстремисттік және террористтік мақсатта дінді пайдалануға жол бермеу, зайырлы қоғамымызға қауіп төндіріп тұрған үрдістерге тосқауыл қою – ортақ жұмысымыз екенін атап өтемін.



Ең бастысы – біз қоғамда діни экстремизм және терроризм идеяларын қабылдамайтын жағдай жасауымыз керек. Бұл - біздің ортақ міндетіміз.
Қайрат Лама Шариф

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы




: files
files -> Шығыс Қазақстан облысындағы мұрағат ісі дамуының 2013 жылдың негізгі бағыттарын орындау туралы есеп
files -> Анықтама-ұсыныс үлгісі оқу орнының бланкісінде басылады. Шығу n күні 20 ж
files -> «Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және үйлеріне кері тегін тасымалдауды ұсыну үшін құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызмет стандарты
files -> «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Жалпы ережелер «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру»
files -> Регламенті Жалпы ережелер 1 «Мұрағаттық анықтама беру»
files -> «бекітемін» Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы А. Шаймарданов
files -> «бекітемін» Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы А. Шаймарданов
files -> Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2012 жылға арналған операциялық жоспары
files -> Тарбағатай ауданының ішкі саясат бөлімі 2011 жылдың 6 айында атқарылған жұмыс қорытындысы туралы І. АҚпараттық насихат жұмыстары




©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет