Қиссашылардың (қуссас) Исламдағы үкімі, және қиссалар (қисас) негізінде дінге шақыру туралы


Қазіргі заман ғалымдарының қиссалар мен қиссашылар туралы айтқан сөздері



бет2/2
Дата22.03.2020
өлшемі328.5 Kb.
1   2

Қазіргі заман ғалымдарының қиссалар мен қиссашылар туралы айтқан сөздері
Шейх Ибн Базға «жерленген адамдармен орын алған уақиғалар туралы айтылып жүрген әңгімелерді қолдануға болады ма?» деген сұрақ қойылғанда, ол: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде келген нәрселермен (дінге) шақыру жетіп асады. Адамдарды Аллаһқа бағынуға талпындыру және оларды күнәлардан Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары сақтандыратындай етіп сақтандыру маңызды. Ал түрлі шын да, өтірік те болуы мүмкін болған әңгімелер мен қиссаларға келер болсақ, оларды тастаған жақсы болады»”. Қз.: “Фатауа Ибн Баз” 13/348.

Шейх әл-Әлбани айтатын: “Иман келтірген және ақылды адам қазіргі кездегі көптеген мұсылмандардың жағдайына қарасын, олардан алдынғылар тап болған нәрселер олардың да бастарына келіп түсті! Ақиқатында, олардың уағыздаушылары пайдалы білімнен және игі амалдардан қашықтап, қиссалар айтуға салынып, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер міндетті түрде сендерден бұрын өткендердің (Кітап иелерінің) ізімен ілесесіңдер», - деп ескерткенін растап жатыр”. Қз.: «әл-Жәми’» 1/410.

Шейх Ибн ‘Усаймин былай деп айтатын: “Кім тура басшылықты (жолды) қаласа, оны көктерден түскен Кітаптан іздесін және оны монахтардың, зуһдтардың, пәлсәпашылардың және солар сияқтылардың аңыз әңгімелерінен және қиссаларынан іздемесін. Керісінше, басшылықты тек көктен түскен Кітаптан ғана іздеу керек! Және осы себептен, біз кейбір зуһдтар мен құлшылық етушілер туралы әңгіме-уағыздар жинақталған кітаптардың авторларына және оқырмандарына мынаны айтамыз: «Адамдарға Құдіретті Аллаһ Тағаланың Кітабын және Оның Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахих (сенімді) түрде жеткен деректерді ұсыну сендер үшін жақсырақ болады. Осыны (Құран мен Сүннетті) баяндаңдар, осыны түсіндіріңдер, бұдан жаратылыстарға пайда келу үшін (олардың ішінен) түсінуге тиісті болған нәрселерін (жеткізіңдер). Өйткені (тура) басшылыққа (жолға) Аллаһ Тағаладан түскеннен өзге нәрсе арқылы жол жоқ!»

Сондай-ақ шейх Ибн ‘Усаймин былай деп айтты: “Мухаммадтан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен білімде, - мейлі ол Құран немесе Сүннет болсын, - жеткіліктік және шипа бар. Және бізге жүректерді Құран мен Сүннетсіз жұмсартатын уағыздаушыны іздеудің қажеті жоқ! Керісінше, біз мұндай нәрсеге қажеттілігіміз жоқ, өйткені Мухаммадтан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мирас етілген білімде иман мен білім мәселесіндегі барлық науқастарға шипа болатын барлық нәрселер жетіп асады!” Қз.: “«әл-Бақара» сүресінің тафсирі” 1/184.

Шейх Салих әл-Фаузанға «Мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары қиссашылар (қуссас) туралы жиі айтатын және олардың әдісін сөгетін. Олардың әдісі қандай және біздің оларға деген қатынасымыз қандай болуы керек?» деген сұрақ қойылды.

Шейх былай жауап берді: “Мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары, Аллаһ оларды рақым етсін, қиссашылардан сақтандыратын, өйткені олар басым жағдайларда өз сөздерінде адамдарға әсер ететін сенімді емес қиссалар мен хабарларға сүенеді. Олар сенімді дәлелдерге сүйенбейді және адамдарды олардың дінінің заңдары мен ережелеріне және сенім мәселелеріне үйретпейді, өйткені оларда дін туралы түсінік жоқ. Бүгінгі күні бұл адамдарға (қиссашыларға) сопылық және бұрмаушылықа ие, мәнһажы белгілі таблиғ жамағатын ұқсатуға болады, Олар да негізінен тек қорқытатын мәтіндерге сүйенеді, әрі сонысымен адамдардың Аллаһ Тағаланың рахметінен күдер үзуіне себеп болады”. Қз.: “әл-Әжуиба әл-муфида” 109.

Сондай-ақ шейх әл-Фаузанға: «(Дінге) шақыруда қиссаларды қолдану - мейлі олар қандай болса да - мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарының(алдынғы ізгі буын өкілдерінің) манхажына жатады ма? Немесе адам Құран мен Сүннетте келген қиссалармен шектелгені абзал ма?» деген сұрақ қойылды.

Шейх былай жауап берді: “Иә, адам уағыз-насихаттауда Құранда баяндалған бұрынғы халықтардың тарихынан жеткен нәрселермен, сондай-ақ Сүннетте Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен бұрынғы өткен қауымдар туралы қиссалармен шектелуі керек. Әрі адам Құран мен Сүннетте бекітілмеген нәрселермен айналыспауы керек! Мұнымен өзінің де, тыңдаушылардың да көңілін ауламауы керек!” Қз.: “әл-Ижәбат әл-мухимма” 183.

Сондай-ақ шейх әл-Фаузанға «Кейбір уағыздаушылар осы кезде жастарды шақырудың бір әдісін таңдап алған. Олар жастардың тобының алдында есірткіқұмарлар, түрлі пасық-бұзақылар және ата-аналарын тыңдамайтын адамдар туралы әртүрлі қиссалар айтады, осы олардың тәубеге келуіне себеп болсын деп. Осындай амал рұқсат етілген бе? Ізгі алдынғы буын өкілдері осылай істеген бе?» деген сұрақ қойылды.

Шейх былай деп жауап берді: “Осы - бұзықтық таратудың қатарынан ба деп қорқамын! Егер сөз есірткіқұмарлар және ата-анасына мойынсұнбаушылар жөнінде болып жатса, онда оларға ата-аналарға мойынсұнбауға тыйым салатын (Құран мен Сүннеттен) қорқытушы мәтіндерді келтіру жеткілікті болып табылады. Сондай-ақ, мастыққа салатын (есеңгірететін) заттарды қолдануға тыйым салынатындығы туралы дәлелдерді және осылай істеушілерге деген қорқытуларды келтіру де (жөн болады). Ал есірткі мастандыратын заттардан да жаман... Құран мен Сүннеттен алынған дәйектер, әртүрлі, сенімсіз болуы иқтимал болған немесе іс жүзінде орын алған болса да, бірақ бұзықтық таратудың қатарынан болатын қиссалар мен уақиғаларға жүгінбеу үшін, жетңп асады!1 Қз.: “әл-Әжуибә әл-мухимма” 146.

Шейх Ахмад ән-Нәжмиге «Құрметті шейх! Мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары қиссашылармен бірге отыруға тыйым салатын, мұнымен не меңзеледі? Және мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары сөгіс білдірген нәрселелерге Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құран мен Сүннетте баяндаған қиссаларды еске салу жатады ма?» деген сұрақ қойылды.

Шейх былай деп жауап берді: “«Қуссас» немесе «қассасун» дегенде өзінің уағыз-насихаттарында қисса-әңгімелерге сүйенетіндер меңзеледі. Бұл қазір бар және біздің айналамызда орын алуда. (Олар) - қиссаларға сүйенетін қиссашылар болып табылатын біздің кезіміздің уағыздаушылары! Бұл - қазіргі заманның көптеген уағыздаушыларының жолы. Сен олардың тек қана түрлі қиссалар айтумен айналысып жүргенін көресің. Олар адамдарға ақиданы немесе парыз намаз, оны орындау тәртібі және онымен байланысты мәселелер сияқты шариғаттың ереже-қағидаларын үйретуге ұмтылмайды. Алайда олар, мен айтқандай, қиссалар мен әңгімелер айтумен айналыса береді.



Ал Аллаһ баяндаған бұрынғы өткен қауымдарды атап өту сияқты Құранның қиссаларына келер болсақ, олардың мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары сөгетін қысастарға ешқандай қатысы жоқ! Сол сияқты Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баяндаған қиссалар да, мысалы: соқыр, алапес және таз туралы т.с.с. қиссалардың да. Ал харам болып табылатыны бұл – қиссаларды жиі қолдану. Әрі егер Аллаһқа шақырудағы негіз - Құран және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетімен насихаттау болса, ал барлық басқа нәрселер орын алса да, анда-санда ғана және азғантай ғана мөлшерде болса, онда мұның оқасы жоқ. Ақиқатында, қиссаларды жиі айтуға тыйым салынған!” Қз.: “Фатауа әл-жәлия”, № 43 сұрақ.

Шейх ‘Убәйд әл-Жәбри былай деп айтатын: “Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның халифаларының және қалған сахабаларының, сондай-ақ білім имамдарының және оларға ілескендердің жолы – бұл діннің негіздерін және оның заң-ережелерін түсіндіру, бірқудайшылыққа (таухидке) бірте-бірте, тарау-тараумен үгіттеу және үммет көпқұдайшылықтан (ширктен) сақ болуы үшін, оның түрлерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, тыйым салу! Сондай-ақ олар дінде міндетті болған нәрселерге шақыратын және харам мен халал мәселелерін түсіндіретін. Сондай-ақ олар барлық күнәлі істерге және діндегі бидғаттарға тыйым салатын. Олардың сөздерінде және құтпаларында уағыз-насихаттан қорқыту мен талпындыру сияқты нәрселер болуы мүмкін еді. Және осыдан шыға келе, біз уағыз-насихаттаушылардың екі түрлі болатынын айтамыз:



Бірінші түрі - бұл олар туралы жоғарыда айтылғандар. Олар дәлелдерге сүйеніп, діннің негіздерін түсіндіреді және олардың уағыз-насихаттарында қорқыту мен талпындыру мәселелеріне қатысты нәрселер, өлім туралы ескерту, Жәннатқа ұмтылу және Тозақтан құтылу сияқты нәрселер бар. Алайда бұл діннің ережелері мен негіздерінің негізінде жасалады!

Насихаттаушылардың екінші түрі - бұл жоғарыда аталған негіздер туралы ойланбайтындар, таухидке және ширк мәселелеріне көңіл бөлмейтіндер. Олардың діні немесе оның басым бөлігі – бұл адамдардың көңілін аулауға негізделген қиссалар. Міне, осылар қиссашылар болып табылады және олардың таспаларын тыңдау – бұл уақытты босқа жұмсау және Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әкелген шариғат білімін іздеуден басқа жаққа ауытқу!

Өйткені тура осы білім бұл дүниеде де, Ақыретте де толыққанды игілікке жетудің жолы болып табылады, ал хадисте былай деп айтылған: «Кімге Аллаһ игілік қаласа, Ол оны дінде дұрыс түсінік иесі етеді!» Мұсылмандар бұл қиссашылардың кітаптары мен таспаларынан сақ болулары керек және өзгелерді де сақтандырып ескертуі керек, өйткені оларға салыну және олардан ләззат алу надандықтан өзге еш нәрсеге алып бармайды! Бұл – білімсіз жүректерді жұмсарту, ал Аллаһ Тағала уағыздаушыларды олар жай осындай болғандары үшін мақтамады, бірақ нақ білімді мен оны алып жүрушілерді мақтады, әрі бұл жөнінде былай деп айтты: «Аллаһ, періштелер және әділет үстінде тұрушы ғылым иелері, расында тым Үстем, хикмет Иесі Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқтығына куәлік берді» (Әли ‘Имран 3: 18). Ол сондай-ақ былай деп айтты: «Аллаһ сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым берілгендердің дәрежелерін көтереді» (әл-Мужәдәлә 58: 11). Және сондай-ақ былай деп айтты: «Шын мәнінде қүлдарынан ғалымдары Аллаһтан қорқады (Фатыр 35: 28). Сондықтан мұндай уағыз-насихатшылардан, қиссашылардан, көңіл көтерушілерден, сондай-ақ қиссалардың өзінен және шариғаттық біліммен басқарылмайтын қызықтырушы әдістерден де сақтандыру керек, өйткені олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның сахабаларының, олардың ізбасарларының (таби’ун) және оларға ілескен имамдардың жолында емес!”

Сондай-ақ шейх әл-Жәбри былай деп айтты: “Ғалым (‘алим) – ол адамдарды Аллаһтың дініне Аллаһтың Кітабынан және Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінен үйретуші, сондай-ақ ізгі мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарыныңтүсінігін оларға үйретуші! Ал адамдарды түрлі әңгіме-қиссалармен уағыздаушыға қатысты айтар болсақ, ол - ғалым емес!” Қз.: “Шарх Усул әс-ситта” 76.



Доктор Мухаммад әс-Саббағ өзінің «Тарих әл-қуссас» (Қиссашылар тарихы) кітабында «әл-Музаккир уа-т-тазкир уа-з-зикр» кітабының зерттеушісі Халид әр-Раддадидің сөздерін қысқартылған түрде береді, ал ол былай деп айтады: “Біреу-міреу: «Қазір қиссашылардан келер қауіп жоқ, әрі бұл жұмыс - біздің заманымызға қатысы жоқ тек тарихи зерттеу ғана», - деп ойлауы мүмкін. Бұл қате және дұрыс болудан өте алшақ жорамал болып табылады! Мұның себебі, өкінішке орай, бұл қиссашылардың барлық кезде болуы болып тұр. Олар басқа аттармен аталып жер бетінде бұзақылық таратты. Егер бұрын айлакерлер мен өтірікшілер «қуссас» деген атаумен танымал болған болса, біздің заманымызда олар «уағызшылар», «дағуатшылар», «насихатшылар», «тәрбиелеушілер», «ұстаздар», «жазушылар», «ойшылдар» және басқа да сол сияқты атаулармен танылып жүр. Көп адамдар мұндай адамдардың шынайы жағдайы туралы сол бойы түсінбей-ақ қойды, әрі осындай надандарды шынайы және шыншыл шақырушылармен шатастырып жүр. Қазіргі заман қиссашыларының кейбірі Аллаһтың жолына шақырумен бүркеніп жүр, алайда өздері қарапайым халықтың арасында жалғанды және бидғаттарды таратып жүр. Қиссашылардың сөздерінің көпшілігі - бұл әңгіме-қиссалар мен парықсыз мысалдарды келтіру және оларға олар аят-хадис болып табылатындай маңыз беру. Олар адамгершілік пен зуһдтық туралы баяндайды, алайда дұрыс негізге сүйенбейді. Және сен солардың қатарынан өзінің өтірік сөздерін қорғау үшін Құран мен Сүннеттің мәтіндерін бұрмалайтындарды көресің. Қиссашылардың ішінде расында да адамдарды зуһдтыққа және түнгі намаздарды орындауға үгіттейтіндері де бар, және бұл – өте жақсы. Алайда олар адамдарға осының барлығының мәнін түсіндірмейді. Және адам тәубеге келуі де мүмкін, алайда сонымен бір мезгілде ол бидғатқа және адасушылыққа бет бұрып кетеді. Қиссашылардың арасында дінге шақыру мақсатымен қаладан қалаға саяхаттауды шақсы көретіндері де бар (таблиғ жамағаты), және бұл, олардың мәнһажына сәйкес, олардың тобының әрбір мүшесіне ол рух тазалығына ие болмайынша міндетті болып табылады. Олар өздерін Аллаһқа тәуекел етушілер деп жариялайды, ал іс жүзінде бұл – тәуекел емес, өйткені олар соған (тәуекелге) сәйкес себептерді жасауды тастады. Және олардың ішінде өз жанұясын тиынсыз қалдырып, оған қамқорлық жасауды қойғандары қанша?! Және олардың ішінде өз жанұясын күйретуге алып келгендері қанша?! Және сен олардың арасынан адамдарды бірқұдайшылыққа (таухидке) және Аллаһты құлшылықта жалғыз етуге жетелеушілерді таба алмайсың, көпқудайшылықтан және бидғаттан сақтандырып ескертушілерді таба алмайсың. Және барлық айтылғандарға қарамастан, біз кейбір білім иелерінің оларға сөгіс айтпайтынын көре аламыз. Тіпті олардың кейбіреулері оларға адасушылықтарында ұнатушылық танытады, ал осынысы бұл адасушылардың шақыруы адамдардың арасында таралуына ықпал етті!” Қз.: “Тахқиқ әл-Музаккир” 30-31 (қысқартылған).
Қысас пен қиссашыларды сөгудегі себеп пен даналық
Имам Ибн әл-Жәузи өзінің «әл-Қуссас уәл-музаккирин» кітабының бас жағында мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары қиссашыларды сөгуінің себептерін тізіп, мыналарды атайды:

1. Мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде болмаған нәрсені көрсе, оны сөгетін және бидғат деп санайтын!

2. Бұрын өмір сүріп өткен адамдармен болған нәрселер суреттелетін қиссалар сирек жағдайда шындық болады.

3. Бұл қиссалар (қысас) олардан маңызды болып табылатын Құранды оқып-зерттеуден, хадистер туралы ойланудан, дінді оқып-үйренуден адамның көңілін бұрады!

4. Кұран мен Сүннетте сенімділігі күмәнді нәрселерге жүгіну қажеттілігінен құтқаратын қиссалар жетіп асады.

5. Қиссашылар өздерінің қиссаларына қарапайым халықтың жүректерін бұзатын нәрселерді енгізеді.

6. Қиссашылар өздері баяндап жатқан нәрселері дұрыс және сахих (сенімді) болуы жөнінде бас қатырмайды. Қз.: “Тахзир әл-һаууәс” 82-83.
Сондай-ақ имам Ибн әл-Жәузи былай деп айтты: “Мәселе - қиссашылардың қарапайым халықтан болған, жағдайы естіген нәрсесіне сөгіс айтпайтын жануарлар сияқты надандарға қарап сөйлеуінде. Олар қиссашылардан шығып: «Ғалым (‘алим) айтты!» - дейді. Өйткені қарапайым халық үшін ғалым – ол мінберге шығып сөйлеуші!” Қз.: “Тахзир әл-хаууәс” 85.

Осыны айтқан Ибн әл-Жәузи 900 жыл бұрын өмір сүрді және таң қаларлығы – бүгінгі күні де шынайы ғалымды ойшылдан, уағызшыны қиссашыдан ажырата алмайтын көптеген адамдар тура осыны айтып жүр және біреудің білімділігінің дәлелі ретінде оның кітап жазатындығын, елдің алдында сөйлейтіндігін т.б. келтіреді.

Және үлкен ғалымдардың сабақтарында тек он шақты адамды көруге болатындығы, ал қиссашылардың дәрістерінде жүздеген және тіпті мыңдаған адамдарды, солардың ішінде барлық жастағы ерлерді де, әйелдерді де көруге болатындығы бұған мысал болады.

Сондай-ақ әңгіме-қиссаларға және қиссашыларға есіктерді ашып беру қауіпті болатынының себебі – осы нәрсе атақ пен даңқтылыққа ие болатын, және осы себепті ілесушілерінің көптігіне алданып, шектен тыс мадақталатын, алайда осымен бірге білімге ие болмай өз ілесушілерін адасушылыққа жетелейтін қиссашылардың өздерінің опат болуына әкелетіндігінде де.

Шейх Шамсул-Хакқ ‘Азым Әбади былай деп айтатын: “Әрі қиссашылар мен уағыз-насихатшыларға мұсылмандардың әмірлерінің рұқсатынсыз қысас айтуға және уағыз-насихат жүргізуге болмайтындығы жөнінде айтылған болатын, әйтпесе олар тәкаппарлыққа түседі. Сондай-ақ, тыйымның (тағы бір) себебі – әмір адамдар үшін пайдалы нәрселер туралы жақсырақ білетіндігінде, және мұны (адамдарды уағыз-насихаттауды) пайдаға қарағанда көбірек зиян келтіретін адамға тапсырмайтығында. Өзін өзі осы (яғни адамдарды уағыздап-насихаттау) үшін ұсынған адамның жағдайы өзгеше, әрі одан пайдаға қарағанда көбірек зиян келуі мүмкін болғандықтан, және ол мұны тәкаппарлығынан және рия (көз бояушылық) танытып істеуі мүмкін болғандықтан, оның қауіпінен сақтану керек!” Қз.: «‘Аунул-Мә’буд» 10/101.

Сондай-ақ мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары қиссашыларды оларың көбісі көп жағдайда хадистерді ойдан тоқитындығынынан, ал орташалары хадистерді ойдан шығармаса да, олардың сахихтығында түсінігі болмай, хадис деп аталатынның барлығын келтіре беретіндігінен сөккен болатын. Сондықтан да көптеген имамдар қиссашылардың себебімен ел аузында таралған хадистердің әлсіздігін және жалғандығын түсіндіретін жеке еңбектер құрастыратын. Сондай еңбектердің ішінде шейхул-Ислам Ибн Таймияның «Әхадис әл-қуссас» (Қиссашылардың хадистері) еңбегін атауға болады.

Имам Ибн әл-Жәузи былай деп айтатын: “Ойдан шығарылған хадистермен байланысты қасіреттердің көпшілігіне қиссашылардың қатысы бар!” Қз.: “әл-Мәуду’ат” 1/44.

Хафиз әл-‘Ираки: “Кейін, ақиқатында, олар (қиссашылар) Елшіден (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистер келтіреді, (алайда) олардың сахихтығы (сенімділігі) мен әлсіздігін зерттемейді”, - деп айтатын. Қз.: “Тахзир әл-һаууәс” 35.

Имам Ибн Қутайба: “Ақиқатында, қиссашылар қарапайым адамдардың жүздерін өздеріне қаратады және адамдар олардан тәрк етілетін және жалған хадистерді таратады. Өйткені солардың алдында (оларды тыңдап) отыру қарапайым халықтың амалдарынан болып табылады, себебі олардың хадистері өте оғаш және қызық немесе олар жүректерді жұмсартып, көзге жас келтіреді”. Қз.: “Тауил мухталиф әл-хадис” 357.

Киссашылардың надандығының және өздерін пайдасыз нәрселерге бағыштауының мысалы ретінде Абу Ка’б деген өз заманының атақты қиссашысы бірде: «Юсуфты жеп қойған қасқырдың аты – Хажун!», - деп айтқанын келтіруге болады. Ал оған: «Ақиқатында, Юсуфты қасқыр жемеді!», - деп айтқанда, ол: «Бәрібір, бұл Юсуфты жемеген қасқырдың аты», - депті. Қз.: “Ахбарул-хамқа” 116.

Аллаһтың Кітабын дұрыс білмеген, соның себебімен болмысқа қайшы келетін нәрсені ойдан шығарған бұл қиссашының надандығына және білімсіздігіне назар аударыңыз!

Әрі қиссашылар көбінесе түрлі уақиғаларды және тіпті хадистерді ойдан шығаратындығының себебінен имам Ахмад былай дейтін: “Адамдардың ең өтірікшілері – бұл қиссашылар мен қайыршылар!” Әт-Туртуши “әл-Һауәдис” 112.

Және қиссашылар фитна мен азғыруға ең алдымен өздерін ұшырататыны бізге айқын болады. Өйткені шайтан тыңдаушыларының аудиториясы үлкен болған уағызшыны азғырады, әрі ол осыдан кейін тоқтай алмайтын болады да, уағыздарын әртүрлі қиссалармен толықтырып, одан сайын қызықты етеді, өйткені оған тек Құран және Сүннетпен осындай аудиторияны сақтап қалу мүмкін емес болып көрінеді, және ол өзін тыңдаушылардың саны азаюынан қорқады. Шайтан оған егер ол адамдарға Құран аяттарын және Құрандағы қиссаларды оқыса, олар Құранды өздері-ақ оқи алатындығын айтады және осыдан кейін оларға оның уағызы қызық болмай қалатындығын сыбырлайды. Сүннетке қатысты да сол сияқты жағдай орын алады: мұндай уағызшы Сүннетті (дағуат жасау үшін) жеткіліксіз деп есептейді, сондықтан ол адамдарды қызықтыру үшін, ел естімеген қиссаларға жүгінеді.

Сондай-ақ бізге қиссалар арқылы уағыздауға деген құштарлық пайдалы ілімнен, Құран мен Сүннетті зерттеуден алыстататыны айқын болды! Имам әш-Шәфи’и былай деп айтатын: “Бидғаттарды жақтаушылар дінге «тағбир» (өлеңнің түрі) деген бидғат енгізді. Осының көмегімен олар Құраннан бет бұрғызады”. Абу Ну’айм 9/136.

Және қиссашылар да тура солар сияқты өздерінің қиссаларымен дінді түсіну, харам мен хәлал мәселелері, ақида және ғибадат рәсімдерімен байланысты мәселелер сияқты пайдалы білімнен алшақтатады.

Діндегі шынайы білім еңбекпен алынатынын және оларда оңайлық жоқ екендігін ұғып алу қажет. Және адамдардың көпшілігінің болмысы сондай – олар өздерін шариғат білімін үйренумен қинағысы келмейді. Адамдар сағаттап қиссалар тыңдауы мүмкін, әрі бұл оларды жалықтырмайды, ал шынайы білім алу үшін тырысу керек, әрі бұл білім адамнан жай таң қалудан да, әуестенуден де, көз жастан да, тағы сол сияқты нәрселерден де көбірек нәрселерді талап етеді. Олар адамнан сезім мен эмоциялардың негізіндегі мойынсұнуды емес, білімнің және бекем сенімнің негізіндегі мойынсұну мен ғибадатты талап етеді.

Сондай-ақ, қазіргі заман қиссашылары жиі жағдайларда мұсылман үмметіне қатысты маңызды саяси мәселелерді қозғайды, өздерінің қиссаларына қоса айтылмауға және қалың бұқара алдына шығармауға тиісті болған қандай да бір уақиғалар туралы айтады. Өйткені Аллаһ Тағала мұны мұсылмандарға харам етіп, былай деді: «Қашан оларға (мұсылмандарға) аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны Пайғамбарға, не мұсылмандардың іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді» (ән-Нисә 4: 83).

Аллаһ үмметтің маңызды мәселелерін шешуді сеніп тапсырып қойған «мұсылмандардың іс басындағыларына» келер болсақ, олар – ғалымдар және мұсылмандардың әмірлері (билеушілері)! Қз.: “Тафсир Ибн Аби Хатим” 5688, “Тафсир әл-Бағауи” 2/255, “Тафсир Ибн ‘Адил” 6/522, “Тафсир Ибн ‘Атыйя” 2/85.

Бірақ, өкінішке орай, біздің уақытымызда жалпыға қатысты істерді мұсылмандардың билеушілері мен ғалымдар емес, қиссашылар шешіп жүр!

Және ең соңында айтылатын дәйек – қиссаларды пайдалану сияқты дінге шақырудағы әдіс Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының ұстанымына (жолға) қарама-қайшы болып табылады!


Кейбір күмәнді дәйектерге жауап
Бұл еңбекте қазіргі заман қиссашылары өздерін және өздерінің әртүрлі қиссалар мен әңгімелерге негізделген дағуатын ақтайтын дәйектерді қозғау қажет.

Сөйтіп, олар өзінің негізгі дәйегі ретінде Құранның «Қиссаларды баянда, мүмкін олар ойланатын шығар» (әл-А’раф 7: 176) деген аятын келтіреді.

Алайда бұл аятта қиссашылар үшін ешқандай дәлел жоқ, өйткені бұл аятта сөз кез келген қиссалар туралы емес, Аллаһ Тағала Өзінің Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баяндаған қиссалары туралы болып тұр. Біріншіден, бұған аяттың өзі және оған дейінгі аят нұсқайды: «Оларға берген аяттарымызды ысырып тастаған біреу туралы қиссаны оқып бер. Шайтан оған ілесті және ол адасушы болды. Егер біз қаласақ, оны осы арқылы көтермелеп биіктетер едік. Бірақ ол, жерге еңкейіп, өз қалауларын мақұлдауға түсті. Ол ит сияқты: егер оны қусаң - ол тілін салақтатады, ал оны тиіспей қойып қойсаң да - тілін салақтатады. Аяттарымызды өтірікке шығарған елдің мысалы осы. Осы қиссаларды баянда, - мүмкін олар ойланатын шығар» (әл-А’раф 7: 175-176).

Екіншіден, бұл жөнінде Құранның мұсылман әлемі мойындаған тәпсіршілері де айтады. Имам Ибн Жәрир әт-Табари бұл аятқа қатысты былай деп айтты: “Аллаһ Өзінің пайғамбары Мухаммадқа (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, Мухаммад, Біз аяттарымызды сыйлағандар туралы хабарлардан Мен саған баяндаған осы қиссаларды баянда. Және Мен саған осы сүреде хабарлаған бұрынғы қауымдардың қиссаларын жеткіз!», - деп айтуда”. Қз.: “Тәфсир әт-Табари” 10/589.

Сондай-ақ, қиссашылар ‘Аишадан келген мына хабарды қиссалардың рұқсат етілгендігі ретінде қолданады. ‘Ата былай деп баяндайтын: “Бірде мен және ‘Убайд ибн ‘Умайр ‘Аишаға, Аллаһ оған разы болсын, келдік және ол: «Бұл кім?», - деп сұрады. Ол: «Мен - ‘Убайд ибн ‘Умайр», - деді. ‘Аиша: «Мекке тұрғындарының қиссашысы ма?!», - деді. Мен: «Иә, сол», - дедім. Сонда ол: «Мұны сиректеу істе, ақиқатында, ескерту – ауыр нәрсе!», - деді»”. Ибн Хиббан 1/58.

Бұл дәйекке де бірнеше ескертулер бар:

Біріншіден, бұл хабарда сөз кез келген қиссашылар жайында емес, дәл ‘Убайд ибн ‘Умайр деген кейбір деректерге сәйкес Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көзі тірі кезінде туылған атақты табиғин туралы болып тұр. Ол кезінде Мекке тұрғындарының имамы болды, және өзінің салиқалылығымен танылып, мухаддистер алдында сенімді риуаятшы (жеткізуші) болды. Сонымен қатар: «Оның мәжілістеріне қиссаларға тыйым салатын және қиссашыларға қатаң сөгіс айтатын Ибн ‘Умардың өзі қатысатын еді», - деп жеткізіледі! Қз.: “Тарих әл-Ислам” 3/190, “Асад әл-ғәба” 3/353, “әс-Сияр” 4/156.

Имам Ибн әл-Жәузи былай деп айтатын: “Ертерек заманда қиссашылар ғалым және фақих еді, және ‘Абдуллаһ ибн ‘Умар ‘Убайд ибн ‘Умайрдың мәжілістеріне қатысатын, және ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиз де қиссашылардың мәжілістеріне баратын. Алайда бұл іс нашарланып кетті де, надандарға өтті, ал сонда олардан әйелдер мен қарапайым халықтан басқасының барлығы алыстады. Олар біліммен айналыспады, және қиссалар мен надандарды таң қалдыратын нәрселерден басы шықпады, содан кейін бұл саладағы бидғаттар түрленіп кетті”. Қз.: “Тәлбису иблис” 1/151.

Сондықтан білімге ие әрі сенімді адам өзінің құтпаларында кейде қысас қолданса, оған тыйым жоқ. Бұл жөнінде, Аллаһ қаласа, келесі тарауда сөз жүргізіледі.

Екіншіден: ‘Убайд ибн ‘Умайр қиссаларға тек мұсылмандардың әмірінің рұқсатымен ғана жүгінгені – шүбәсіз, мұны Сабит жеткізген мына хабардан түсінуге болады: “Қиссаларды баяндайтын алғашқы адам - ‘Убайд ибн ‘Умайр еді, ол мұны ‘Умар ибн әл-Хаттабтың кезінде істей бастады”. Ибн Са’д “әт-Табәқатта” 5/463.

Ал мұсылмандардың әмірінің рұқсатымен адамдарға уағыз-насихат айтуда қысас пайдалануға тыйым жоқтығы жөнінде де, Аллаһ қаласа, келесі тараудан айқын болады.

Үшіншіден, бұл хабарда дәл қиссашылардың өздеріне арналған насихат бар, өйткені ‘Аиша ‘Умайрға мұны жиі істемеуге, және осыған деген қажеттілік болған кезде ғана сирек қолдануға насихат беріп тұр.

Сондай-ақ, қиссашылардың дәйектеріне, Хасан әл-Басриден жеткен мына хабар да жатады: “Қысас – бұл бидғат, бірақ жақсы бидғат, өйткені мұнымен оларға жауап қайтарылатын қаншама намаздар мен мұсылмандар алатын қаншама пайдалар болуы мүмкін!”

Біріншіден, Хасан әл-Басриден жеткен бұл хабардың сахихтығында (сенімділігінде) күмән бар, өйткені дәл оның өзінен көптеген имамдар қиссаларды сөгетін сөздерін жеткізеді! Абу әт-Таях былай деп баяндайтын: “Бірде мен Хасан әл-Басриге: «Біздің имам қисса айтады және бұл үшін ерлер мен әйелдер қосылып жиналады, және (олар) дұға еткенде дауыстарын көтеріп шығарады», - дедім. Хасан әл-Басри: «Қысас бұл – бидғат, дұға еткенде дауыстарды көтеру – бұл бидғат және ерлер мен әйелдердің ортақ мәжілісі де – бидғат!», - деді”. Қз.: “Тахзир әл-һаууәс” 84.

Екіншіден, бұл сөздер Хасан әл-Басриге тиісті болған жағдайда да, оларда, шүбәсіз, кез келген қиссашылардың кез келген қиссалары туралы емес, оларды рұқсат ететін шарттарымен орындалған қысас туралы айтылуда!

Сондай-ақ, қиссашылардың дәйектерінен бұл – имам Ахмадтың одан әл-Хәлләл және Ибн Муфлих жеткізген мына сөздері де: «Адамдар шыншыл қиссашыға нендей мұқтаж, өйткені олар өлім мен қабір азабы туралы ескертеді». Одан: “Егер сен шыншыл қиссашыны көрсең, онымен бірге отыратын ба едің?!», - деп сұрайды. Ол: «Иә», - деп жауап береді.

Біріншіден, Ахмадтан бұл хабарды көптеген имамдар әртүрлі (мәтінмен) жеткізеді. Бұл хабардың толық сөздері мынау: «Адамдардың ең өтірікшілері – бұл қайыршылар мен қиссашылар! Адамдар шыншыл қиссашыларға нендей мұқтаж, өйткені олар өлім мен қабір азабы туралы ескертеді». Одан: «Егер сен шыншыл қиссашыны көрсең, онымен бірге отыратын ба едің?!» - деп сұрайды. Ол: «Жоқ», - деп жауап береді. Қз.: “әл-Хауадис” 112, “Тахзир әл-һаууәс” 251, 255.

Сөйтіп, осы хабардан имам Ахмад қиссашылардың арасын ажыратқаны және олардың арасынан шыншылдарын ғана бөлек еткені көрініп тұр!

Екіншіден, бұл риуаятта оған «Шыншыл қиссашымен бірге отыратын едің ба?» деген сұрақ қойылғанда, ол: «Жоқ, отырмайтын едім!», - дегені айтылады. Яғни, имам Ахмад: «Адамдар шыншыл қиссашыға нендей мұқтаж», - деп айтқанына қарамастан, өзі олармен бірге отырмайды және бұған өз уақытын кетірмейді.

Және мұны сондай-ақ оның қиссашылармен бірге отыратын адамға берген мына насихаты да жақсы түсіндіреді: “Бауырыңа айт: ол Құран оқысын, Аллаһ Тағаланы зікір етсін және Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін үйренсін!” Қз.: “әл-Мәдхәл” 2/149.


Дінге шақыруда қиссаларды қолдануға рұқсат беретін шарттар
Жоғарыда айтылғандардың барлығынан өз негізінде діндегі қиссалар – мұсылмандардың алғашқы ұрпақтары қатты сөгетін, тыйым салынған бидғат екендігі келіп шығады! Мұның себебі: қиссалар – бұл яһудилердің жолы. Олар қиссаларды адасушылыққа түскеннен кейін пайдалана бастады, бұл жөнінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Исраил ұрпақтары опат етілгенде, олар қисса-әңгімелер айтуды бастаған еді», - деп айтқанындай. Абу Ну’айм “әл-Хилә” 1681, әт-Табарани “әл-Кәбир” 3705.

Сондай-ақ мұның себебі: қиссалар бұл – Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тұсында болмаған діндегі бидғат болуында. Ибн ‘Умар: “Пайғамбардың (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) кезінде де, Абу Бакрдың кезінде де, ‘Умардың кезінде де, ‘Усманның кезінде де қисса айтылмаушы еді. Қиссалар алғаш болып бүлік (фитна) орын алған кезде пайда болды", - деп айтатын. Ибн Абу Шәйба 5/290, Абу Ну’айм 164. Хафиз әс-Суюты және шейх әл-Әлбани сахихтығын растады. Қз.: “Тахзир әл-һаууәс” 60, “Сахих әл-Мәуарид” 97-111.

Алайда бұл тақырыпқа қатысты жалпы мәтіндер «қысас» пен «қуссас» ұғымдары өздігінше тыйым салынған еместігіне нұсқайды және егер оларды шариғат бекіткен шекараларда қолданса, онда бұл рұқсат етіледі. Егер уағызшылардың қай бірі білімге ие болса және өз негізінде шақыру ретінде тек Құран мен Сүннетті қолданса, алайда кей кезде және қажетті болған жағдайларда ғана шындығында да өмірде орын алған оқиғаны немесе қиссаны келтірсе, оған тыйым жоқ. Бұған дәлел - ‘Али ибн Абу Талибтан жеткен, онда ‘Абдуллаһ әс-Сәлми былай деп айтқан хабар: “Бірде ‘Али ибн Абу Талиб қисса айтып отырған адамды көріп, одан: «Сен үкімін жоюшы (насих) пен үкімі жойылғанды (мансухты) ажырата білесің бе?!», - деп сұрады. Ол: «Жоқ», - деп жауап берді. ‘Али (сонда): «Онда сен өзіңді және өзгелерді опат етіп жатырсың!», - деп айтты". Абу Хайсама “Китаб әл-‘илм” 130, әл-Бәйһақи “Мифтах әл-жәннә” 45. Шейх әл-Әлбани сахихтығын растады.

Имам Ибн Абу ‘Асым: “Осыда қиссашының білімін тексеруге рұқсат етілгендігіне нұсқау бар”, - деген. Қз.: “әл-Музаккир уә-т-тазкир уә-з-зикр” 36.

Сондықтан да, имам Ибн әл-Жәузи «әл-Қуссас уәл-музаккирин» деген еңбегінде былай деп айтты: “Ақиқатында, қиссалар (адамдар) олармен Құран және фиқхқа қарама-қарсы келіп қызыға айналысатындығы себепті айыпталатын, немесе білімге ие болмай қисса айтушылар айыпталатын”.

Ал қандай да маңызды уақиғаларға байланысты адамдардың алдына шығып қиссалар айтуға келер болсақ, бұған аталған шарттардан өзге мұсылман әмірлерінің рұқсаты да керек, бұған Сүннет нұсқайтынындай! Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарға қиссаларды мұсылман әмірлерінен, әмір бұйырған адамнан немесе өзін өзі (мақтанып) көрсетушіден басқа ешкім айтпайды!», - деген. Ахмад 6661, Абу Дауд 3665, Ибн Мәжжаһ 3753. Хадистің сахихтығын әл-Хайсами, хафиз әл-‘Ираки, имам әс-Суюты, шейх Ахмад Шәкир, шейх әл-Әлбани және шейх Шу’айб әл-Арнаут растаған.

Абу ‘Амир әл-Хузани былай деп баяндайтын: “Бірде мен Му’ауия ибн Аби Суфьянмен бірге қажылық жасауға бардым, ал біз Меккеге келгенде оған «Бану Махзум тайпасынан болған бір қиссашы Меккенің тұрғындарына қисса-әңгімелер айтып жүр» деген хабар жеткізілді. Му’ауия оны алып келуді бұйырды да, ол келген кезде ол одан: «Саған мұны істеу бұйырылып па еді?!», - деп сұрады. Ол: «Жоқ», - деді. Му’ауия: «Онда менің рұқсатымсыз адамдарға сөйлеуге сені не итермеледі?», - деді”. Әл-Хаким “әл-Мустадрак” 1/128, Ибн Наср “әс-Сунна” 51. Иснады хасан.

Мухаммад ибн Сиринге қисса айту туралы өтініш жасалған кезде, ол: «Мен әмір емеспін және мұны маған әмір бұйырмады, сондықтан (мұны істеп) ақымақ боламын ба деп қорқамын!», - деді.

Имам Ибн Абу ‘Асым былай деп айтты: “Егер қиссашылардан біреу-міреу мұсылмандардың әмірінің рұқсатынсыз бір нәрсе баяндай бастаса, әмір оған мұны істеуге тыйым салу керек! Өйткені әмірдің келісімінсіз адамдарға қиссалар айтушы – қу, тәкаппар және өзін көрсетуші! Бұл сипаттардың барлығы – айыпталатын болып табылады, және әмір бұған тыйым салу керек!” Қз.: “әл-Музаккир уә-т-тазкир уә-з-зикр” 46.

Сөйтіп, егер бір нәрсені біліміге ие адам баяндаса, және ол шындығында да өмірде орын алған нәрсені ғана баяндаса, және мұны сирек жағдайларда ғана істесе, ал осы орайда оның шақыруының негізі – Құран мен Сүннет болса, онда мұнда ешқандай күнәлі нәрсе жоқ! Нақтылап айтсақ, бұған тарихи уақиғаларды және сондай-ақ шариғаттың қандай да бір үкімін түсіндіру үшін қандай да бір мысалды келтіруді жатқызуға болады.

Сондай-ақ, бұл тараудан «қасс» немесе «қуссас» деген атаулар өздігінше сөгіс және айыпты болып табылмайтыны айқын болады. Және мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарыныңарасында қиссашы болғандығымен сипатталатын атақты имамдар мен хадис жеткізушілер бар еді. Мысалы, Ибн Хәжжардың «Тахзиб әт-тахзиб» кітабында былай делінген: «Имам Ахмад: “Сабит әл-Бунәни хадистердің сенімділігіне көз жеткізетін, әрі ол қиссалар айтатын, сондай-ақ Қатада да қиссалар айтатын”, - деген». Имам әз-Зухри ‘Аизу-Ллаһ ибн ‘Амр туралы: “Шам тұрғындарының қиссашысы және қазысы еді”, -деп айтатын. Сондай-ақ Са’ид ибн Хасан әл-Махзуми туралы: “Мекке тұрғындарының қиссашысы еді, ал Ибн Ма’ин, Абу Дауд және ән-Насаи ол туралы: «Ол шыншыл», - дейтін”, - деп айтты. Қз.: “Тахзиб әт-тахзиб” 2/3, 4/15, 5/74.
Қорытынды
Са’д ибн Абу Уакқас былай деп баяндайтын: “Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құран түскен кезде ол оны адамдарға ұзақ оқитын және олар: «Уа, Аллаһтың Елшісі, бізге одан да қандай да бір қисса айтып берсең еді», - деді. Сонда Аллаһ мына аяттарды түсірді: «Әлиф, ләм, ра. Бұлар ап-айқын Құранның аяттары. Расында, біз мұны арабша Құран түрінде, сендер оны түсіну үшін түсірдік. Саған қиссалардың ең жақсысын баян етеміз» (Юсуф 12: 1-3). Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдар оған: «Уа, Аллаһтың елшісі, сен бізге қиссалар баяндап бергеніңде болар еді», деп айтпайынша, оны ұзақ оқыды. Және сол кезде Аллаһ Тағала «Аллаһ аяттары бір-біріне ұқсас және қайталанып отыратын, сөздің ең көркемін Кітап түрінде түсірді» (әз-Зумәр 39: 23) деген аятты түсірді”. Ибн Абу Хатим 11323, әл-Баззар 1152. Хадистің сахихтығын имам әл-Хаким, әз-Зәһаби, шейхул-Ислам Ибн Таймия, хафиз Ибн Хәжжар және шейх Муқбил растады.

Мына ұлы хадиске назар аударыңдар, уа, мұсылмандар! Бұл хадисте не нәрселердің адамдар үшін пайдасы мол, ең жақсы қиссалар мен әңгімелер болып табылатындығына айқын нұсқау бар. Өйткені сахабалар Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қиссалар мен әңгімелер сұраған әрбір кезде Аллаһ Тағала оларға Құранның аяттарын түсіріп отырды, өйткені Құран өзіне ең жақсы қиссаларды қамтиды!

Және тіпті ешкім сөгіс білдірмейтін әрі мәжілістеріне кейбір сахабалар қатысатын шыншыл мұсылмандардың алғашқы ұрпақтарынан болған қиссашыларға да Құранға негізделмеген қиссалар айтудағы артық кетушіліктен сақтандырып, ескерту айтылатын. Қайс ибн Са’д былай деп баяндаған: “Бірде ‘Убайд ибн ‘Умайр қиссалар айтып отырғанда Ибн ‘Аббас келді де, оған: «Кітапта Ибраһимді еске ал» (Мәриям 19: 41), «Кітапта Исма’илды еске ал» (Мәриям 19: 54), «Кітапта Идристі еске ал» (Мәриям 19: 56), - деп оқи бастады”. ‘Абд ибн Хумайд “әт-Тәфсир”. Қз.: “Тахзир әл-һаууәс” 57.

Біз көріп тұрғанымыздай, Аллаһ адамдарды олар мұқтаж болған қиссалар мен әңгімелерден үлессіз қалдырмады. Алайда бұл қиссалар пайдалы даналық пен шариғат біліміне толы, ал надандардың ауызынан ауызына өтіп жүрген қиссалар мен әңгімелер тақуалыққа, кешірімге және тәубеге шақырса да, алайда сонымен бір мезгілде олар, дінді жетік түсінбейтін адамдар байқай алмайтын (Ислам) дініне сәйкес келмейтін нәрселерге толы болады. Бұл оларда дін туралы бұрмаланған түсінікті қалыптастырады, ал ол кейіннен адасушылыққа алып келеді.

Шариғат мәтіндері адамның жүрегі мен ақылына бағытталады және олар бұл екеуінің ешқайсысын тастап қоймайды, ал қиссашылар өз қиссаларында негізінен сезімдерге бет бұрады, адамдарға эмоциялық тұрғыдан рух береді және олардың көз жастарын шығарады. Бірақ қалайша шариғат мәтіндері адамдарды тәубеге, зуһдтыққа, адамгершілікке және барлық игі нәрселерге талпындыру үшін жеткіліксіз болмақ?! Сонда ислам үмметі ақиқатты ақиқат деп, ал жалғанды жалған деп тану үшін, парыздарды қабылдап, күнәлардан бас тарту үшін Құран мен Сүннетке залал келтіріп, жан түршіктіретін қиссалар мен әңгімелерге мұқтаж болғаны ма?!

Алайда қиссашылардың проблемасы шайтан оларды: «Жаңадан дінге келген мұсылмандар және кәпірлер Құран мен Сүннетті, олар қиссалар мен әңгімелерді қабылдағандай, қабылдамайды», - деп алдайтынында. Шайтандар оларды: «Надан мұсылмандарға таухид, фиқх, харам мен хәлал мәселелері туралы дәрістерді тыңдау қызық емес, әрі осылар оларды діннен бет бұрғызады, тәубе етуден алшақтатады және олардың жүрегінде Исламға деген қызығушылықтың ұшқынын сөндіреді», - деп иландырады. Сондықтан-да олар өздерінің қиссаларымен «осы ұшқынды үлкен отқа айналдырғысы» келеді. Алайда олар осындай сезімдер мен эмоциялардың үстінде жағылған от жалыны тез жанғаны сияқты тез өшіп те қалатыны туралы ойланбайды. Бұл қиссашылар Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кәпірлерді де, мұсылмандарды да - мейлі олар жаңадан дінге келген, мейлі тұрақталған мұсылмандар болсын - не арқылы дінге шақырғандығы жайында ойлануы керек еді!

Бірақ тіпті қиссашылардың айтып жатқанын, яғни «дінде сауатсыз мұсылмандарға таухид туралы дәрістерді тыңдау ауыр және олар қиссаларды қалайды» дегенін жөн десек те, Құранда және Сүннетте қиссалар жоқ па?! Құран мен Сүннеттегі қиссалар жеткіліксіз бе?! Бір ғана Құранда пайғамбарлар, бұрынғы өткен қауымдар мен жеке адамдар туралы қаншама ғибратты және олардан едәуір қызықтырақ киссалар бар. Осы қиссалардың барлығы ақиқат қой, әрі қиссашылардың сенімділігінде үлкен күмән болған көптеген қиссаларынан айрықша, оларда көптеген пайдалар бар!

Немесе Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өміртарихынан қиссалар және оның сахабаларының өмірінен алынған көптеген уақиғалар. Міне, осының барлығы түрлі қиссалардан қызығырақ қой, сонымен қоса Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының өмірбаяндары шариғат заңдарын Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары қалайша түсініп, мірде қолданғанын түсінуге көмектесетін ең маңызды діни білім болып табылады. Имам Ибн әл-Жәузи былай деп айтатын: “Барлық білімнің негізі және ең пайдалы ғылым - Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының өмір тарихын (сираны) оқып үйрену! «Олар - Аллаһ тура жолмен жүргізгендер. Ендеше олардың тура жолымен жүр» (әл-Ән’ам 6: 90)”. Қз.: “Сайд әл-хатыр” 64.

Сондай-ақ осыған салиқалы имамдардың өмірінен алынған деректер де жатады, өйткені оларда да көптеген ғибрат пен пайдалар бар. Алайда осының барлығын баяндау үшін, алдымен осының барлығын білу керек қой, ал қиссашылардың қасіреті - олардың игі ниеттерімен қабаттасқан надандығы.

Және, әрине, дінге шақырушы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалардың өмірінен барлық уақиғаларды кез келген көздерден алып айта бермеуі керек, өйткені осындай болған жағдайда, бұл - жалғанды сахихтан ажырата алмайтын және өзінің айтып жатқан нәрселерінің сенімділігін зерттеуге басын қатырмай, барлық нәрсені жеткізе беретін қиссашылардың амалдарына ұқсап кетеді. Сондықтан дінге шақырушы өзінің сенімділігімен танылған және тексерілген хабарларға сүйенуі керек.

Және мұсылмандарға тағы бір айтар насихатымыз: егер қандай да бір уағызшы мұсылман қиссалармен артық әуестенсе, оны адасушылықта айыптап одан басқаларды сақтандырып ескертуге асықпау керек, өйткені бұл адам бұл мәселенің Исламдағы үкімін білмеуі мүмкін. Оған осыларды жеткізу керек және оған ол өзінің шақыруының негізі ретінде алдынғы салиқалы буын өкілдерінің түсінуіндегі Құран мен Сүннетті алуын және қиссаларды ешбір жағдайда негіз емес, қосымша ретінде пайдалану керектігін жұмсақтықтықпен, даналықпен насихат ету керек. Ал Аллаһ Тағала: «Ескерт, өйткені ескерту мүминдерге пайда әкеледі!» (аз-Зәрият 51: 55), – деп айтты.

Құдіретті Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деп айтты: «Менің азабымнан қорқатындарға Құран арқылы үгіт бер» (Қаф 50: 45).



Әрі соңында әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!

Пайғамбарымыз Мухаммадқа,

оның отбасына және барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
Әдебиет

1. Ибн Аби ‘Асым «Әл-Музаккир уә-т-тазкир уә-з-зикр».

2. Ибн Наср әл-Мәруази «Әс-Сунна».

3. Ибн Уаддах әл-Андалуси «Китаб әл-Бида’».

4. Жәмалюддин әс-Суюты «Тахзир әл-һаууәс мин аказиб әл-қуссас».

5. Мухаммад ас-Саббағ «Тарих әл-қуссас уа асаруһум фил-хадис ән-нәбәуи уә әра әл-‘уләма фиһим».

6. Са’д әл-Хусайн «Әд-Да’уа илә-Ллаһ билл-мәу’иза әл-хасана, лә бил-қысас».

7. Салих әл-Фаузан «Әл-Әжибә әл-муфидә ән асидә әл-манаһиж әл-жәдидә».

8. Жәмәл ибн Фурайхан әл-Хариси «Ләммә дурарул-мәнсур мин қаул әл-мәсур фил-и’тиқад уә-сунна» .

9. Мухаммад ибн Рамазан әл-Хәжири және Халид ибн ‘Абдул-А’лә әл-Мисри «Әл-Кәуәшиф әл-жәлия...».



1 Жасалған күнәлар туралы хабар тарату тіпті бұл күнәларды жасамаған адамға да тыйым салынады! ‘Али ибн Абу Талиб: “Кім өзінің ұятсыздықтары туралы айтса және кім сол туралы естіп, оларды басқаларға жеткізсе - бірдей күнәкар!” Әл-Бухари “әл-Әдабул-Муфрад” 324. Шейх әл-Әлбани иснадын хасан деді.

Шубәйл ибн ‘Ауф былай деп айтатын: “«Кім арсыздықтар туралы естіп, оларды таратқан болса, соны бастаған адам сияқты!» - деп айтылған” Әл-Бухари “әл-Адабул-Муфрад” 325. Шейх әл-Әлбани иснадын сахих деді.



‘Ата зина туралы сыбыс таратып жүргендерді жазалау керек деп есептейтін еді және: «Олар ұятсыздық таратады», - деп айтушы еді деп жеткізіледі!” Әл-Бухари “әл-Адабул-Муфрад” 326. Шейх әл-Әлбани иснадын сахих деді.


Каталог: KITAPTAR MEN MAKALALAR -> musilmandardyn algashky urpaktarynyn zholyna shakyry seriyasynan
musilmandardyn algashky urpaktarynyn zholyna shakyry seriyasynan -> Тазарту және ТӘрбиелеу
KITAPTAR MEN MAKALALAR -> «Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а кәпірлердің барлығы бір деңгейде емес деп есептейді, әрі кәпірлердің барлығына бірдей қатынас жасалады деп есептемейді»
musilmandardyn algashky urpaktarynyn zholyna shakyry seriyasynan -> Абдур-Раззақ ибн Абдул-Мухсин
KITAPTAR MEN MAKALALAR -> ﴿ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لاَ تَغْلُواْ فِي دِينِكُمْ ﴾ «Әй, Кітап иелері! Діндеріңде артық кетпеңдер»
KITAPTAR MEN MAKALALAR -> Мәуліт – дінге енгізілген ең қауіпті жаңалықтардың


Достарыңызбен бөлісу:
1   2


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет