Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы



жүктеу 1.98 Mb.
бет10/15
Дата02.04.2016
өлшемі1.98 Mb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
: sites -> default -> files -> documents
documents -> I. 2013-2015 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері
documents -> Қызылорда облысы әкімінің 2013 жылға арналған Іс-қимыл жоспары
documents -> Қазақстан облысы прокуратурасының мемлекеттік органдар мен мекемелерін тексеру жөніндегі жұмыс жоспарынан үзінді
documents -> «Қызылорда облысы әкімдігінің 2012 жылғы «28» желтоқсандағы №722
documents -> Научно-образовательный материал Обработка и интерпретация данных дистанционных исследований на акваториях
documents -> Культура массовых коммуникаций 8 семестр проф. Ермакова Г. А
documents -> Электрондық мемлекеттік қызмет көрсету (бұдан әрі – Мемлекеттік қызмет) жұмысын бастады. Мемлекеттік қызмет «электронды үкімет»
documents -> Аббатандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұмыстарын ұйымдастыру
documents -> Газ және газбен жабдықтау туралы

Жалғызқұм – төбе. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Абс. биіктігі – 106 м. «Жеке, оқшау, оңаша тұрған құмдауыт төбе» мәніндегі атау.

Жанаркөл – көл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 17 км жерде, Сырдария өзенінің бойында. Кісі есімінен қойылған атау.

Жаңадария - өзен. Қызылқұмның солтүстік етегінде, Сырдария алабында. «Жаңа арна» мәніндегі атау.

Жаңадария – ауыл, Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 65 км жерде, Тораңғысай өзенінің сол жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1933 жылы осы өңірде ауыл шаруашылығын ұйымдастыруға байланысты бірнеше шағын ұжымшар бірігіп, «Жаңадария» ұжымшарын қаруға байланысты қаланды. 1963 жылы ұжымшар кеңшар болып құрылды.

Жаңақоныс – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 20 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Жаңаталап – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 55 км, Мақпалкөл ауылынан 6 км жерде, Ақтөбе құмының шығыс бөлігінде орналасқан. Іргесі 1932 жылы № 16 ауылдық кеңеске қарайтын ұсақ артельдер ұйымдасып, «Жаңаталап» ұжымшары болып құрылды. 1963 жылы Ленин және «Жаңаталап ұжымшарлары бірігіп өзімен аттас кеңшарды құрды. Жаңа және талап сөздерінің бірігуі арқылы жасалып, «жаңа өмірге ұмтылыс, зор мақсат» мәніндегі кеңестік дәуірде қойылған атау.

Жент – Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы ортағасырлық қала орны. Қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Жент 10-12 ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы негізгі үлкен қала болған. Осы маңда орналасқан Жанкент, Баршынкент, Ашанас (Асанас), Хувар (Жувар) қалалары бірігіп, Жент өлкесінің қалалар тобын құрады. Қала көркейіп, үлкен беделге ие болғаны сондай, кейбір деректерде Арал теңізін Жент көлі деп жазған. Сырдың төменгі ағысындағы басқа қалалар секілді Женттің де 14-ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз.

Иманқұл мешіті – 1909 жылдан бастап елге рухани нұрын сепкен қасиетті орындарының бірі. 1930 жылға дейін Иманқұл мешітінде балалар оқытылып келген. Мешітті Иманқұл Жалмағамбетов өз қаржысына салдырған. 1930-91 жылдар арасында Иманқұл мешіті күрделі жөндеуден өтіп, жұмыс істей бастады.

Кеңгішқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Кең құдық» мәніндегі атау.

Көктонды – ежелгі дәуірден сақталған көне оба. Орыс армиясының офицері, зерттеуші А. И. Макшеев Сыр бойынан жазған еңбектерінде Көктонды туралы мағлұматтар келтірген. Оның «Описание низовья Сырдарьи» (1910) кітабында: «...Көктонды обасы Жамандарияның оң жағалауына жақын жерде № 3 форттан № 2 фортқа барар жолда жатыр, қазақтардың айтуынша, бұл жерде қарақалпақтар дәуірінде бекініс болған», - деп көрсетеді. «сазды, тегістеу келген жазықты құмтөбеде ..... Көктонды жерленген», - деп нақтылайды. Академик Ә Марғұлан «Ежелгі жыр-аңыздар» атты зерттеу кітабында: «... Қаңлылар ол кезде жетісу, Іледен бастап Арал теңізіне дейін, солтүстікте Қарақұрымға дейін қоныстанған. Қаңлылар хандарының аты ол кезде Көктонды деп аталатын», - деп жазады.

Кішкене ойлар – қоныс. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Күзембай – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Күйікқала – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Күштоқы – төбе. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 128 м.

Қайыршақты – темір жол бекеті. Жосалы кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 40 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Қарабөгет – көл. Дариялық жазығының батыс бөлігінде, Сырдария алабында.

Қараиірім – темір жол бекеті. Жалағаш кентінен батысқа қарай 5 км жерде.

Қаракеткен – ауыл, темір жол стансасы, Шәменов атындағы ауылдық округтің құрамында. Жалағаш кентінен солтүстік-батысқа қарай 21 км жерде, Сырдария өзенінің оң аңғарында, қамыс, құрақ, ши басым, сораң шөптесіндер өскен өзен аңғарының шалғынды сұр топырақты жерінде орналасқан. Іргесі 1905 жылы Ташкент – Орынбор темір жол магистралін салуға байланысты қаланған. 1943-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Жалағаш» кеңшарының орталығы болған.

Қаракеткен деп аталу себебі, ілгері уақытта бұл жерді су басып, тұрғындардың ірі қара малдары көктемде суға кетіп қалатын болған. Елді мекеннің Қаракеткен аталу себебін осы оқиғамен байланыстырады.



Қаракөз – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында.

Қарақұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Қарасары – төбе. Жалағаш кентінен батысқа қарай 29 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 107 м. Ру атынан қойылған атау.

Қарғалық – төбе. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Қатын тамы – сәулет өнерінің ескерткіші. Жалағаш ауданы, Аққыр мен Жаңаталап ауылдарының ортасындағы дөңестеу жерде орналасқан. Көнекөз қариялардың айтуынша, осы өңірді жайлаған бір бидің ақылды, парасатты әйеліне ескерткіш ретінде тұрғызылған. Кезінде үйтам әсем безендіріліп, қазақ ауылы көшінің бейнесі өрнектелген. Уақыт өте суреттер өшіп қалған.

Қожанияз, Қатынқала – 19 ғасырдағы бекініс қорғаны. Қожанияз Қызылорда қаласынан 150 км жердегі ортағасырлық Жент қаласының солтүстік-батысында, Майлыөзек жағасында болған. Оны 1961 жылы Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С.П.Толстов) зерттеген. Кейбір деректер бойынша, 1830 жылы Аққыр тауы маңындағы және Жаңадария мен Қуаңдария өзені бойындағы елді басқару үшін салынған. Оны Хиуа бегі Қожанияз басқарып тұрғандықтан бекініс те соның атымен аталса керек.

Қосарық – қыстау. Жаңадария өзенінің жағасында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде

Құлжан – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 27 км жерде, Дариялық жазығының батыс бөлігінде. Кісі не ру атынан қойылған атау.

Құмбұлақ – құдық. Мойынқұм құмының оңтүстік-шығысында. «Құмды жердегі суы мол құдық» мәніндегі атау.

Қызылқұдық – құдық. Мойынқұм құмының оңтүстік-шығысында. Тереңдігі – 3 м, шығымы – 300 л/с.

Қызылой – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Топырағы қызыл түсті, ойпаң жер» мәніндегі атау.

Қылқылдақ – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Қышбөгет – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 75 км жерде, Жаңадария өзенінің жағасында. Бұрынғы атауы – Жаңадариялық ауылы. «Қыштан жасалған бөгет» мәнінде қалыптасқан атау.

Лақылдақ – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Лақ ете қалған, лақ етіп аққан» (құдық) мәніндегі атау.

Майбұлақ – бұлақ. Мойынқұм құмының оңтүстік-шығысында. «Суы малға майдай жағатын салқын, таза бұлақ» деген мағынамен қатар, сол бұлақтың өзіндік ерекшелік қасиетіне орай «қасиетті, киелі бұлақ» деген мән-мағынаға да ие болуы мүмкін.

Мақпалкөл – ауыл, округ орталығы. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 35 км жерде орналасқан. Іргесі 20 ғасырдың 30-жылдары қаланған. Алғашында «Қыша», «Тоз» артельдері болып ұйымдасқан. 1938 жылы «Еңбекші» және «Бозарық» серіктестіктері бірігіп, «Мақпалкөл» ұжымшарын құрды. 1963 жылы «Жаңаталап» және «Ленин» ұжымшарлары негізінде «Жаңаталап» кеңшары құрылды.

Маманкөл – көл. Жалағаш ауылының батысында, Сырдария өзенінің бойында. «Маманның көлі» мәніндегі атау болуы мүмкін.

Манақай – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Басында қалқасы бар құдық» мәніндегі атау.

Мәдениет – канал. Жалағаш ауылының оңтүстігінде, Сырдарияның сол аңғарында орналасқан. Қызылжарма ауылы тұсынан солға бөлінетін канал 1961 жылы салынған. Су өткізгіштігі – секундына 44 м, ұзындығы – 87,2 км, бойындағы гидротехникалық құрылыстардың жалпы саны – 44. Канал суы Мәдениет ауылының 27872 га егістігін, бау-бақшасын және шабындық жерлерін суғарады және суландырады. Кеңес дәуірінде қойылған атау.

Мәдениет – ауыл, ауылдық округ орталығы. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 40 км жерде орналасқан. Іргесі 1929 жылы «Кедей бірлігі» артелі ретінде қаланды. 1950жылы «Қызыл жұлдыз», «Жамбыл», «Қызыл диқан» және «Бірлік» ұжымдары бірігіп, Жамбыл атындағы ұжымшар болып құрылды. 1963 жылы Қазақстанның 20 жылдығы атындағы ұжымшарымен бірігіп, «Мәдениет» кеңшары болып ұйымдасты.

Мортық – қыстау. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында.

Мырзабай ахун – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 25 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалық аңғарында орналасқан. Ауыл 1966 жылға дейін Қазақстанның 20 жылдығы атындағы ауыл деп аталған. 1956-96 жылдары күріш өсіретін «Мәдениет» кеңшарының орталығы болып келді. Кісі есімінен қойылған атау.

Мырзақазған – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Мырза деген кісі қазған құдық» мәніндегі атау.

Омарғали – канал. Жаңадария өзенінің алабында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Саракеткен – қыстау. Дариялық жазығының батыс бөлігінде, Жалағаш ауданында. Кісі есімінен қойылған атау.

Сарыкөл – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 25 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында. Сары және көл сөздерінен жасалған. «Кең немесе суы мөлдір, таза емес, реңі сары үлкен көл» мағынасындағы атау.

Сарылыасар – төбе. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 12 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 123 м. «Сарылы төбе» мәніндегі атау.

Сәрке батыр – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 3 км жерде орналасқан. Бұрынғы атауы – Ақсу ауылы. Ауыл 1950-60 жылдары Сталин атындағы ұжымшар аталып, 1979 жылдан Ақсу кеңшары болып келді. Кісі есімінен қойылған атау

Сәркеқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Сәтбай кесенесі – сәулет өнерінің ескерткіші. Жаңадария өзені бойында, Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 115-120 км жерде орналасқан. Кесене Жент қаласының ескі орнына таяу жерде 1887 жылы салынған. Ежелгі Жаңақаланың күйдірілген кірпішін Ақмешіттің ұстасы қырғыз Мәмбетбет пен Құба Сарғасқа Аман қалаған. Үйтамда Сәтбайдың барлық балаларының суреті, қазақ ауылының көші, тұрмыс-салты бейнеленген көріністер (кілем, өрмек тоқу, ши өру, киіз басу, аң аулау, қыз ұзату, құдаларды күту, бүркіттің қасқырға түсуі, күйме, аттың үстіндегі жігіт, т.б.) ою-өрнектермен безендірілген. Сәтбай кесенесінің биіктігі – 5,7 м, ауданы – 8,2 х 8,0 м. Сәтбай кесенесі жергілікті маңызы бар ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауына алынған.

Созақбай – бейіт. Сырдария өзенінің аңғарында, Тұран ойпатында. Кісі есімінен қойылған атау.

Созықтабан – төбе. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Байқоңыр қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 120 км жерде. Абс. биіктігі – 235 м. «Табаны, етегі созылып жатқан төбе» мәніндегі атау.

Сорқұдық – құдық. Арысқұм құмының батысында. «Тұзды, батпақты жердегі құдық» мәніндегі атау.

Табаққалған – құдық. Арал Қарақұмының оңтүстік-шығысында, Тұран ойпатында. Белгілі бір оқиғаға байланысты қойылған атау.

Тайлақкеткен – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Ру не кісі атынан қойылған атау.

Таң – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 34 км жерде, Сырдария өзенінің сол аңғарында. «Атқан таң, нұр шапақты таң» мәнінде кеңес дәуірінде қойылған атау.

Тасшоқы – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстікке қарай 50 км жерде, Жаңадария өзенінің жағасында. «Тасты шоқы, тасы көп шоқы» мәніндегі атау.

Татен – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Тектұрмас – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 146 м. Кісі есімінен қойылған атау.

Теңізбай – қоныс. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Ру не кісі есімінен қойылған атау.

Тобыр – темір жол бекеті. Жалағаш кентінен шығысқа қарай 9 км жерде. Ру атынан қойылған атау болуы мүмкін.

Тоғайқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Тоғай ішіндегі құдық» мәніндегі атау.

Тоқта – төбе. Дариялық жазығының солтүстік-батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 140 м. Тоқтай, Тоқтас, Тоқтар деген ру не кісі аттарының бұрмаланған тұлғасы болуы мүмкін.

Төрешқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Төрештің құдығы» мәніндегі атау.

Тұрсынбек – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Түбекбұлақ – құдық. Дариялық жазығының батыс бөлігінде. «Түбектегі суы мол құдық» мәніндегі атау.

Түйекеткен – көл. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-батысында, Қараөзек тарамының бойында. Көлге түйенің батып кету оқиғасына орай қалыптасқан атау.

Тыштықбай – құдық. Арысқұм құмының батысында. Кісі есімінен қойылған атау.

Шалғынбай – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Шаменов – ауыл. Жалағаш кентінен батысқа қарай 18 км жерде, Сырдария өзенінің оң жағасында. Бұрынғы атауы – Айнакөл ауылы. Кісі есімінен қойылған атау.

Шәкімқазған – артезиандық құдық. Жаңадария өзенінің аңғарында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Құдықты Шәкім деген кісі қазғандығын аңғартатын атау.

Шәуек құмы – төбе. Мақпалкөл ауылының Жаңадария бетінде 10-15 шақырымдай жерде орналасқан. Шәуек деген Қарақалпақтың адамы болған. Ол осы жерге келіп ел тұрғындарына бидай ектіреді. Бидайы жоғарыда аталған құмның биіктігімен бірдей болады. Сондықтан ауыл тұрғындары бұл жерді Шәуек құмы деп атаған. Осы ауылдың барлық жерін су басып кеткенде ауыл халқы осы Шәуек құмының төбесіне орналасқан екен.

Шергелтай – ауыл. Жалағаш кентінен оңтүстік-батысқа қарай 100 км жерде, Қуаңдария өзенінің сол аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.

Шымқорған – Жамандария өзені бойындағы қорған. Жалағаш ауданы жеріне жақын. 1818-1814 жылдары салынған. Дуалының биіктігі – 8 м. Бекіністің төрт бұрышында мұнаралар орнатылған, айналасы екі қатар ормен және сумен қоршалған. Бекіністің оқ-дәрі, қару-жарақ сақтайтын ұңғыма орны сақталынған.


СЫРДАРИЯ АУДАНЫ БОЙЫНША
Облыстың орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Жер аумағы – 4067949 га. Ауданда 39 897 тұрғын тұрады. Оның 39374-і қазақ, 263-і орыс, 71-і кәріс, 92-сі шешен, қалғаны басқа ұлт өкілдері. Аудан халқының басым бөлігін (98,2%) осы өңірдің байырғы тұрғындары – қазақтар құрайды. Халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы км-ге шаққанда 0,9 адамнан келеді. Аудан аумағындағы елді мекендер 1 кенттік, 14 ауылдық округтерге біріктірілген. Әкімшілік орталығы – Тереңөзек кенті.

Сырдария ауданы 1938 жылы құрылған. Оның аумағында 1936-40 жылдары аралығында жалпы саны 25 ұжымшар болған. 1967 жылы Сырдария, Тереңөзек аудандары негізінде жаңа Сырдария ауданы бөлініп шықты. 1997 жылы облыс аумағында әкімшілік аумақтарды оңтайландыру саясатына байланысты Сырдария және Тереңөзек аудандары негізінде қазіргі Сырдария ауданы құрылды.

Аудан аумағы толығымен Тұран ойпатында жатыр. Сондықтан оның жер бедері, негізінен жазық келген. Тек ауданның солтүстігі мен оңтүстік бөліктерінде бірнеше шағын қырат, аласа таулар мен құмды төбелер кездеседі. Солтүстігінде Арысқұм құмды алқабы, батыстан шығысқа қарай созылып жатқан құмды-саздақты келген Дариялықтақыр жазығы бар. Бұлар ауданның солтүстік бөлігін (Сырдарияның оң жағалаулық аңғарын) алып жатыр. Шартты түрде алынған Сырдария ауданының оңтүстік бөлігі Сырдарияның сол жағалық аңғарын қамтиды. Бұл өңірде Сырдарияның Жайылмасы, Заңғартөбе тауы, одан әрі құмды-төбелі Қызылқұм құмды алқабына ұласып кетеді. Құм төбелер мен төбелі-белесті келген аудан өңірінде мал жайылымына қолайлы көптеген қоныстар (Іңкәрдария, Айдарлы, Қараойсор, т.б.) қыстаулар мен құдықтар (Көшеген, Тасқұдық, Табаққабыл, Айдарлы, Қараойсор, т.б.) орналасқан. Ауданның жер қойнауынан құрылысқа қажетті материалдардың (құм, саз, қиыршықтас, т.б.) қоры барланған. Олардың кейбіреуі өндіріледі. Мұнай мен газ-кен орындарына барлау жүргізілуде. Сырдария ауданының климаты тым континенттік. Аудан жерімен Сырдария және оның тармақтары (Шіркейлі, Қараөзек, т.б.) ағып өтеді. Ауданның солтүстігінде Арыс, Телікөл көлдері жатыр. Олардан басқа осы өңірде көптеген сор (Арыс, Тораңғылтүбек, Қараойсор, т.б.) кездеседі.

Сырдария ауданы аумағымен Орынбор – Ташкент темір жолының 40 шақырым бөлігі өтеді. Автомобиль жолдарымен Қызылорда – Жосалы, Тасбөгет – Жосалы трассасы кесіп өтеді. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 338 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 90 шақырым.

Сырдария ауданында қазақтың белгілі классик ақыны А. Тоқмағамбетов туып-өсті.

Аудан жерінде тарихи-археологиялық ескерткіштердің саны – 40, оның ішінде археологиялық ескерткіштер – 20, тарихи – 5, сәулетті – 14, монументті – 1 ескерткіш бар. Олардың ішінде тарих пен сырға толы ХІІ ғасырдың ескерткіштері саналатын «Сырлытам», «Мүлкалан әулие мазары», т.б. тарихи-сәулет ескерткіштері бар.



Ағынбай – артезиандық құдық. Арысқұм құмының солтүстік-шығысында. Кісі есімінен қойылған атау.

Айдарлы – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 115 км жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1932 жылы осы өңірдегі Әудек, Құмшығанақ, Сарықұм, 1934 жылы Ақарық, Мақпалкөл жерлерінің тұрғындары бірігіп, алғашқы мойынсерік (ТОЗ) құрды. Ол 1935 жылы ірілендіріліп «Айдарлы» ұжымшары болды. 1958 жылы ұжымшар «Бірінші Мамыр» ұжымшарына, 1963 жылдан «Амангелді» кеңшарына біріктірілді.

Айзада – қыстау. Қызылорда қаласының оңтүстігінде, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Әйел кісі есімінен қойылған атау.

Айнакөл – жер атауы. Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласының шекарасында орналасқан. Шеңгелді, жыңғылды айналасында құрғап қалған көл-сайлардың орны бар. 1868 жылы осы жердегі ауылда болыстық құрылып, ол «Айнакөл болысы» аталған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін (1920) құрылған болыстық та осылай аталған. 1930-50 жылдары осы жерде «Айнакөл» ұжымшары болды.

Айман – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде. Әйел кісі есімінен қойылған атау.

Ақарық – канал. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Арық маңының топырағы ағарып, сортаңданып кетуіне байланысты қойылған атау.

Ақжарма - ауыл, округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-батысқа қарай 18 км жерде, Ақжарма каналы жағалауында, шөл белдемінде орналасқан. Іргесі 1930 жылы ұсақ артельдерді ұйымдастыру кезінде шағын «Қаратөбе», «Көптің көлі», «Қарабөгет», «Жаңаөріс», «Шандайкөл», «Тукөл» ұжымшарлары негізінде құрылған. 1950 жылы ұжымшарлар біріктіріліп, 1957 жылы Абай атындағы ұжымшар, 1963 жылы Ленин, ал 1967 жылдан Ильич атындағы кеңшардың орталығы болды. 1995 жылы Ақжарма болып өзгертілді.

Ақтоған – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. «Үлкен тоған» мағынасындағы атау.

Ақтөбе – төбе. Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай 38 км жерде, Қызылқұмның солтүстік етегінде. Абс. биіктігі – 141 м. Ақ және төбе сөздерінің бірігуінен жасалған. Жота, төбелердегі ақ тас, кварцтардың түсіне қарай қойылған атау.

Ақтүбек – ауыл. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 30 км жерде. Ақ және түбек сөздерінен жасалған атау. Түбектің үлкендігіне, аумағының кеңдігіне, түсіне байланысты қойылған атау.

Аманкелді – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 77 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1997 жылға дейін Аманкелді атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болған. Бұрынғы кеңшар негізінде шаруа қожалықтары жұмыс істейді.

Аңламас – жер атауы. Жаңадария каналының жағасында, Іңкәрдария қой кеңшарының аумағында орналасқан. Осы өңірде өмір сүрген Аңламас әулиенің есімімен аталған. Аңламас туралы халық ақыны Қ. Баймағанбетов тарихи дастан шығарған.

Аралқұм – құдық. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде.

Арбек – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Артық ата, Артық төбе – орта ғасырлардан сақталған көне қала орны. Сырдарияның сол жағалауында, Ақкөл деген жерде орналасқан. Алғаш 1900 жылы Н.В.Рудаев, 1947 жылы А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Соңғы рет 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы толық зерттеді. Қала орнының батыс және оңтүстік-батыс қабырғалары ұзынша келген төртбұрышты төбе. Үш бөліктен: цитатель, шахристан және рабадтан тұрады. Қалашықтың үстіңгі қабатынан табылған қыш ыдыстардың сынықтары Қаңлы-Хорезм дәуірінен бастап, Әмір Темір билік құрған кезең мүліктеріне сай келеді. Зерттеушілер арасында Артық ата көне Артук қаланың орны болуы керек деген пікір бар.

Арыс – тұзды көл (сор). Бетпақдала шөлінің батысында орналасқан. Көл табанын қалыңдығы 15 см-ден 50 см-ге дейін тұз қабаты басып жатыр, ауданы – 124,5 шаршы км, ұзындығы – 21,1 км, ені – 9,5 км. Атау ар және ыс деген екі компоненттен жасалған. Оның бірінші сыңары иран және орал-алтай тілдерінде ар – «өзен» мағынасын білдірсе, екінші компоненті де сол көне тілдерде ыс<ус<ос – «өзен. Сонда Арыс мағынасы: «өзен-өзен» болады. Екінші бір пікір бойынша, атау көлдің арысқа ұқсас, созылып жатуына байланысты дейді.

Арысқазған – артезиандық құдық. Арысқұмның шығысында.

Арысқұм – Тұран ойпатының солтүстігіндегі құмды алқап. Сырдария ауданының солтүстігінде, Бетпақдала шөлінің оңтүстік-батысындағы Арыс көлінің қазаншұңқырында жайласқан. Теңіз деңгейінен ең биік жері – 170 м, ұзындығы – 95 км, ауданы – 2,26 мың шаршы км. Жер бедерінде ұзындығы 5-6 км болатын қырқалы құмды төбелер қалыптасқан. Арыс және құм сөздерінен бірігіп жасалған. Құмның арыс сияқты созылып жатуымен байланысты қалыптасқан атау.

Арыснұра – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігінде. «Үлкен аңғар, сай» мәніндегі атау.

Асанас – орта ғасырлардан сақталған көне қала орны. Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 км жерде, Айдарлы ауылының маңында, Асанас өзенінің құрғақ арнасы бойында орналасқан. Асанас қаласының аумағы – 60 х 800 м, дөңгелек төбе, мұнаралар бар, дуалмен қоршалған. Осы қаланың қасында Асанас ата мазары салынған. Мұнда Асанас-1, Асанас-2 деп те аталатын тұрақтар бар. Қала орны жазба деректерде монғол шапқыншылығынан бастап (1220 ж) белгілі.

Асқар Тоқмағанбетов ауылы - Сырдария ауданындағы ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Аудан орт. – Тереңөзек кентінен батысқа қарай 8 км жерде, Сырдарияның оң жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1943 жылы «Ақтүйе» ұжымшары болып құрылды. 1949 жылы 18-партсъезд атындағы ұжымшардың орталығы болды. 1950 жылы «Майлықұм», «Бидайкөл», «Қызылорақ» ұжымшарлары бірікті. 1960 жылы ұжымшар орталығы Қопакөлге көшірілді. 1962 жылы ұжымшар кеңшар болып өзгерді. Ауыл 1992 жылдан осы ауылдан шыққан белгілі қазақ ақыны, жазушысы А.Тоқмағанбетовтің есімімен аталады.

Ахмет – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Әйтек – темір жол бекеті. Қызылорда қаласынан солтүстік-батысқа қарай 29 км жерде. Ру атынан қойылған атау.

Баршынкент (Қызқала, Қышқала) – ортағасырлық қала орны. Сырдария өзенінің төменгі ағысы маңында, Қызылорда қаласынан оңтүстік – батысқа қарай 25 км-дей жерде орналасқан. Қала орнына өткен ғасырда П.И.Лерх, В.А.Каллаур, 1946 жылы С.П.Толстов бастаған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Академик Ә.Марғұлан Баршынкентті Алпамыс батыр жырындағы Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Баршынкент Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы шекаралық аймақтағы үлкен маңызды стратегиялық бекініс және мәдени-сауда орталығы болған. Баршынкентте теңге соғатын сарай болғаны да белгілі. Осының бәрі оның Алтын Орда тұсында да ірі саяси, мәдени және білім ордасы болғандығын көрсетеді. Қаланың аты 15-ғасырдан бастап жазба деректерде кездеспейді. Оның күйреуіне не себеп болғаны әлі зерттелмеген.


1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет