Жалпы білім беретін мекемелерде дарынды балаларды анықтау, қолдау және жетелеуге жағдай жасау (өз іс- тәжірибемнен) Абдиева Гулхан Баймурзаевна, математика пәні мұғалімі СҚО, Есіл ауданы, Явленка селосы, «Кинорежиссер А



Дата28.04.2016
өлшемі79.45 Kb.
Жалпы білім беретін мекемелерде дарынды балаларды анықтау, қолдау және жетелеуге жағдай жасау (өз іс- тәжірибемнен)

Абдиева Гулхан Баймурзаевна, математика пәні мұғалімі

СҚО, Есіл ауданы, Явленка селосы,

«Кинорежиссер А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебі» КММ


Ел боламын деген мемлекет бала тәрбиесін бірінші орынға қояды. Баланың бойына ұлттық рухты сіңдіру тәрбиемен келеді. Қазіргі әлемді жаулаған жаһандану үрдісіне біз мықты ұлттық, мәдени құндылықтарымызды, ұрпағымыздың имандылығын қарсы қоюға тиіспіз. Демек, терең білім, кәсіби алғырлық, жоғары біліктілік ұлттық мүддеге қызмет етпесе, ел алдындағы парыз ұғымына сүйенбесе, рухани құндылықтарға негізделмесе, жасампаз күшке айнала алмайды екен. Бүгінгі білім беру саласында тәрбие мен білім алушыны интеллеклуалды түрде дамыту жолдары негізге алынады.

Бүгінгі таңда дарынды бала сөзі жиі қолданылып жүр. Елімізде дарынды балаларды іздестіру мен олардың қабілетін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 1998 жылы Республикалық «Дарын» ғылыми практикалық орталығы құрылып, республикадағы дарынды балалармен жұмысты басқарумен айналысады. Білім беру жүйесін реформалау- дарынды балаларды арнайы мектептерде ғана емес, жалпы білім беретін мектептерде де жүзеге асыруды міндеттейді. Сондықтан, дарынды баланы дамыту мәселесі қоғамдық маңызды проблема болып отыр. Дарындылықты қалыптастыру мен дамытуда мұғалімнің алар орны ерекше. Осы орайда білім алушының қабілетін айқындай отырып, дарындылығын анықтау баланың дамуын бағдарын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Осы тұрғыда алдымен дарындылық ұғымын анықтап алсақ. «Дарындылық» ұғымы «сый» («дар») деген сөзден шыққан, дамудың алғышартын білдіреді. Бұл ұғымға педагогикалық энциклопедияда төмендегідей анықтама беріледі. «Дарындылық -белгілі бір іс әрекет саласында ерекше жетістікке жеткізетін адам қабілеті дамуының жоғарғы деңгейі».

Қазақ халқының ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың поэтикалық шығармалары мен қара сөздері педагогикалық ой пікірлерге толы және адам бойындағы мінезді сынай отырып, оған ерекше түсінік беріп өткен. «Жетінші қара сөзінде» «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр- жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай -керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» , «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» Міне, Абайдың айтып отырған баланың білуге деген құштарлығын, талабын дамытуда жеке ерекшелік қасиетін ескере отырып біліммен, іскерлік, дағдымен ұштастыра отырып танымдық ой -өрісін дамыту ең алдымен ата- анаға содан кейін білім беретін орындарға жүктелетін міндет.

Дарынды баланы қалай тануға болады? Белгілі зерттеуші Н.С. Лейтес қабілетті балалардың үш категориясын анықтап берді.

Бірінші категория -ой өріс қабілеті ерте жастан байқалған оқушылар.

Екінші категория- жекe бір іс әрекет түрі мен белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттілігімен көзге түскен оқушылар

Үшінші категория -дарындылық күш қажырымен ерекшеленетін оқушылар.

Мен математика пәнінің мұғалімімін, 12- жылдық білім беруге негізделген эксперимент сыныптарда сабақ беремін. Өзім сабақ беріп жүрген сыныптарда дарынды оқушыларды анықтауды ОҚО, Отырар ауданы «Шеңгелді» орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ұлсерік Арыстан Жұматқызының іс- тәжірибесімен танысқан соң, саралай бастадым. Дарынды оқушыларды үшке бөліп қарауды қарастырады.

Шығармашылық дарындылық

Интеллектуалды, табиғи дарындылық

Лидерлік дарындылық

Мен осы жоғарыда айтылғандарға қарап отырып оқушыларымды саралап көрдім, осы үш топқа жататын оқушыларды табуға болатынына көзім жетті. Математика күрделі пән, оқушыны сабаққа қалай қызықтыруға болады? Осы сабақ төңірегінде ойланып көрдім. Өз сабақтарымда жаңа тақырыпты бастамас бұрын, сабақ ортасында логикалық сұрақтар мен есептерді кіріктіре бастадым. Бірте -бірте оқушыларымның қызығушылығы арта бастады. Қазіргі таңда кейбір күрделі тақырыптарды өту барысында логикалық есептерді шығаруға үлгермесек, оқушылар логикалық есептерді үйге тапсырма етіп алуды сұрап жатады. Логикалық есептерді қолдану сабаққа қызығушылығы төмен оқушылардың да сабаққа араласуына ықпал ететінін байқадым, пәнді жетік меңгерген оқушылар кез келген логикалық есептен математикалық негіз іздеп шатасып кетеді, ал сабақтан төмен күнделікті сабақты игере алмай жүрген оқушыларымның ішінен логикалық есептерге сыни көзбен қарап шешімін әп- сәтте тауып жататын оқушыларым бар.

Оқушылардың білімдері мен өзіндік шығармашылық жұмыстарының негізі, ғылыми ізденіс бастамасы сабақ барысында қамтамасыз етіледі. Сабақ барысындағы ғылыми шығармашылыққа бағыттаудың тәжірибелік жалғасы сабақтан тыс уақыттағы оқушыларды дамыту жұмыстарында орындалатын өзіндік ізденістері арқылы ұйымдастырылуы шарт.

Дарынды баламен жұмыс барысы оқытудың жаңаша технологияларының қағидаларын негізге ала отырып жоғары қабілетті оқушылардың білім негіздерін меңгерумен қатар, шығармашылық тұрғыда ойлауға, өз бетінше ізденуге, ғылыми ізденіс бастамаларын үйренуге бағытталуы керек.

Ұзақ жылдар бойы шығармашылық барлық адамның қолынан келмейді деп қарастырылған болатын, ал қазіргі уақытта кез- келген баланы шығармашылыққа бейімдей алуға болатыны айтылып жүр.

Оқушыларды шығармашылыққа баулу үшін тағы бір қажеттілік баланы психологиялық тұрғыдан дайындау, яғни кез келген жұмысты орындауда баланы сол істі атқара алатынына сендіру.

Баланың шығармашылық қабілетін шыңдау арқылы ғылыми жұмыстарға бейімдеу менің жұмыс тәжірибемде кездесті. Математика сабағы мен ұлттық болмысты ұштастыруды көптен бері ойлап жүретінмін, осы ойымды өзім сабақ беріп жүрген сынып оқушыларына айттым. Арада көп уақыт өтпей екі оқушым қызығушылық білдіріп менен қандай жұмыс жасау керек екендігін сұрай бастады. Бұл оқушыларым: Парахатов Нұрсұлтан мен Полатова Наталья, бір қызығы бұл екі оқушының қызығушылығы екі түрлі салада.Нұрсұлтан гуманитарлық бағыттағы пәндерді жақсы көреді, шығармашылық қабілеті бар; Наталья математика пәнін жақсы көреді, сабақ барысында кез келген есепті шығару жолдарын жеңіл табады. Бұл екі оқушының бетін қайтаруға болмайды, не істеймін? Ғылыми жұмыстың тақырыбын: «Ұлттық өнердегі математика» деп алдық. Нұрсұлтанға «қазақ тілі мен әдебиетінен математикаға сәйкес келетін ұғымдар бар ма?» деген сұрақтың төңірегінде ізденуді тапсырдым. Ал, Наташаның әжесі шебер тігінші. Ою-ойып, құрақ құрайды. Осы қазақтың ою -өрнегінен математикалық негіз іздеуді тапсырдым. Наташа оюлардың симметриялы екенін тез таба білді, бірақ бұл барлығымызға белгілі жағдай. Әлі де болса кітапханаларға барып іздену керектігін тапсырдым. Ал Нұрсұлтан математикада «параллель» ұғымы бар болса, әдебиетте «параллелизм» ұғымы бар екенін айтты. Бұл кейіпкердің мінез құлығымен табиғат құбылысының сәйкес келуі. Бұл көбінесе Ер Тарғын жырында кездесетінін тапты. Сонымен қатар Алпамыс батыр жыры мен Қобыланды батыр жырларында оқиғалар, Ер Төстік пен Керқұла атты Кендебай ертегілеріндегі оқиғалар қайталанып келетінін байқады, екі жырда оқиғалардың қайталануын симметрияға мысал етіп алдық.

Негізгі мақсатым ұлттық негізедегі зерттеулер жүргізу болғандықтан қазақтың киіз үйін зерттеуді тапсырдым. Оқушыларым киіз үйдің негізгі философиясына үңіле отырып көптеген құнды деректерді келтірді. Мысалы: оң босаға мен сол босағаның мағынасын ашу арқылы, симметриялы екенін көрсетті, сол сияқты есік пен төр, шаңырақ пен ортадағы ошақ бір біріне симметриялы. Сол сияқты қыз баланың киіз үй ішіндегі орын ауыстыру да қызық екен. Келін болып түскенде үйдің оң жағынан орын алады, бәйбіше болып орта жасқа келгенде үйдің сол жағынан орын алады, жасы үлкейіп қария болғанда төрден орын алады, о дүниеге аттанарда қайтадан оң босағаға келеді.

Ал, енді менің оқушыларымның жасаған құнды еңбегіне тоқталып өтейін.

Симметрияны негізге алып, жаңадан ою өрнек құрастыру керек екенін тапсырдым. Ол үшін қазақтың оюының негізі қошқар мүйіз оюы екенін Шөптібай Байділдаұлының «Қазақтың ою-өрнектері» атты еңбегін оқу арқылы білдік.



осы бір түйір қошқар мүйіз арқылы симметриялы оюлар құрастыруды тапсырдым, бағыт- бағдар бердім, нәтижесінде төмендегідей ою өрнектерді құрастырды.





Енді, осы ою- өрнектерді қайда қолдануға болады? Менің бұл сұрағыма оқушыларым жауабын тез тапты. Олар бұл оюларды түсқағаз өндірушілер мен еден төсемелерін жасаушыларға (линолеум, ламинат) ұсынамыз дейді. Маған ұнаған пікір: «шетелдік өнімдерді пайдаланғанша ұлттық үлгідегі өнімдерді пайдалансақ, яғни70/30 қатынаста шығаруды ұсынсақ » дейді.

Нұрсұлтан мен Наталья мұнымен тоқтамай психологтарда «құм терапиясы» деген ұғым бар екен, осы ою- өрнектермен қолданып көрсе қалай болады дегенді алға тартты. Бірақ бұл жұмыс арқылы тақырыптан ауытқып кететінімізді айтқаныммен, зерттеп көргілері келді. Балалардың бетін қайтармай зерттеуге мүмкіндік бердім. Оларға психологтардың тренингтерімен танысуды тапсырдым.Әртүрлі геометриялық фигураларды пайдаланып оқушыларға суреттер салғызатынын бақылауды тапсырдым. Осы фигураларды «қошқар мүйіз» оюмен алмастырып жасап көруді тапсырдым. Осы мақсатта 7 сынып оқушыларымен жұмыс жүргіздік. Оқушыларға «қошқар мүйіз» оюын беріп, өздерінің көңіл күйлерін суреттеуді тапсырдық. Нәтижесінде, біз ойламаған нәтижелерге жеттік.



Көңілім күндей жарқын Үкідей сақ отырмын

Адина 7 сынып Ерсұлтан 7 сынып



Бәйтеректей жайқалып тұрмын Аюдай қарным аш

Ақбота 7 сынып Дамир 7 сынып
Міне, осы жұмысымызбен аудандық ғылыми жобалар сайысына қатысып, 1-ші орынды, облыста 3-ші орынды иелендік. Осы жетістігінен кейін оқушыларымның белсенділігі арта түсті. Осы сыныптың басқа оқушылары да басқа пәндерден ғылыми жұмыстарға қатысуға қызыға бастады. Менің осы екі оқушым мәнерлеп мәнді оқуды, өзін өзі ұстай білуді үйренді. Осы күндері мектебіміздегі кез келген іс- шаралардың жүргізушілері. Нұрсұлтан бұрын тіл маманы болуды, Наталья дәрігер болуды армандайды екен, ал қазіргі уақытта Нұрсұлтан архитектура саласына баруды, Наталья дизайнерлік оқуға баруды жоспарлап жүргендерін айтады.

«Бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлағатты сөзге сүйеніп, осы балалардың қабілетін, мүмкіндігін ашқаныма қуанамын. Осы екі оқушының жүрегіне үміт отын жаққаныма сенімдімін. Себебі, осы күндері бұл оқушыларым тағы қандай салада зерттеу жасауға болады, тағы да бір жұмыспен айналысайық деген қолқа салып жүр.

Осы жұмыстарды жүргізу арқылы дарынды баламен жұмыс негізіне біріншіден: өзін- өзі тануға, өзін- өзі тәрбиелеуге, жаңашыл, төзімі берік, үнемі өзін дамытуға, ізденетін, экспериментшіл, принципке берік, бойына дарындылықты қалыптастыра білетін тұлғаны күтеміз. Екіншіден: дарынды балалар келешектегі кәсіби мамандық таңдауда өздері шешім қабылдайды, өз ойларын ортаға сала алады. Үшіншіден: дарынды балалармен жұмыс барысында мектеппен ғана шектеліп қалмай, жоғары оқу орындарымен байланыс жасалады.

Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытов «Неғұрлым баланың қабілеті мен талантын дамытуға көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Бала бойындағы ерекше қасиеттерді, оған жақын жасы үлкендер жігерін ескеру қажет » деген екен. Олай болса, әлі де талай оқушының жігерін жанып, мүмкіндіктерін ашуға күш жігерімді жұмсаймын!







Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет