Жамбыл облысы, жуалы ауданы, шақПАҚ ӨҢіріндегі табиғи ресурстар және олардың туризмде қолданылуы сапиева Алтынай Пернебекқызы



Дата02.05.2016
өлшемі67.8 Kb.
ОӘЖ 338.484.6

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ, ЖУАЛЫ АУДАНЫ, ШАҚПАҚ ӨҢІРІНДЕГІ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТУРИЗМДЕ ҚОЛДАНЫЛУЫ
Сапиева Алтынай Пернебекқызы

altynay16@mail.ru

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Экономика факультеті, «Туризм» мамандығының 2-курс студенті, Астана, Қазақстан



Ғылыми жетекшісі – А.Е. Есенбаева
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 жарлығымен қабылданған Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында негізгі бағыттар, оның ішінде туристік сала жөнінде сөз қозғалған. Туристік саланың негізгі міндеті ретінде туризм индустриясының бәсекеге қабілеттілігін және Қазақстанның туристік бағыт ретінде тартымдылығын арттыру көзделген болатын.

Әр мемлекет өз елінде туризм индустриясын дамытуға ұмтылады. Себебі, туризм саласы – халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартудың бірден-бір жолы болып табылады және халықаралық ынтымақтастықты, яғни бейбітшілікті нығайтуға өз септігін тигізеді.

Табиғи ресурстар – адамдарға адамзат қоғамының өмір сүруі мен тіршілігі үшін және де өз қажетін қанағаттандыруға қажетті табиғи денелер мен табиғат құбылыстары.

Демалыс орнын немесе рекреацияны таңдаған кезде турист сол аймақтың тартымдылығын басты назарда ұстайды. Бұл кезде мәдени, тарихи нысандар мен өнер ескерткіштерінің мәні аса маңызды бола қоймайды. Туристер сол елдің немесе сол аймақтың саяси жағдайын ерекше ескереді. Бірақ, оларды сол ауданның табиғи жағдайынан басқа ешнәрсе алаңдатпайды. Туристердің саяхаттауға немесе демалуға жайлы деп бағалауы бойынша келесідегідей критериилерді бөліп қарастыруға болады:



  • демалыс белгіленген елдің немесе аймақтың географиялық жағдайы;

  • аймақтың рельефі;

  • климаттық жағдайлары;

  • сол табиғи ортаның ландшафтық факторлары;

  • су көздерінің, өзендер мен көлдердің болуы;

  • сол аймақтың жануарлар әлемі мен өсімдіктер әлемінің болуы [1].

Жамбыл облысында табиғи ресурстардың жиынтығы басым. Жамбыл облысы туризмді дамытуға жайлы аймақ ретінде танылу үшін оған төмендегідей сипаттамаларға ие болу қажет болады: жаз мезгіліндегі жылылықтың ұзақ сақталуы, жер беті суларының болуы, орманға оранып, көз тартатын көрікті таулардың көп болуы, экскурсиялық нысандардың болуы. Бұл аталған қасиеттердің барлығы Жамбыл облысына тән. Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 2005 жылы құрылған, негізгі міндеті табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қорғау болып табылады.

Соңғы жылдары қасиетті Әулиеата жеріне келіп қайтқан шетел азаматтарының өңір табиғатының экзотикалық көркемдігіне, экологиялық ерекшеліктеріне таңдай қақпай кеткені кемде-кем екенінің куәсіміз. Соның ішінде Жуалы жері «Жер жәннаты» деп айтарлық шұрайлы өңір. Сулы-нулы, таулы-адырлы, табиғатқа керектінің бәрі де бар. Қыста бораны, жазда аптабы, күзде жаңбыры, көктемде шуағы төгіліп тұрады. Әсіресе, көктемде келсең... көз жетер жердің бәрі гүл: қызғалдақ, сарғалдақ, ботагөз, етікші... тіпті рауғаш, киікоты, көкемарал, таушиесіне шейін бүрлеп шиендеп, мұнар таудың беткейінен басына дейін гүлдеп кетеді. Ми қайнатар аптапты ыстықтың өзін таудың демі – салқыны басып, денеңнің шым-шым тоңазитыны бар... Алатаудың аңғарынан аңқылдай ескен сабаты самалы аймалап, сол Алатаудың төсінен ақтарыла андыздай құлап аққан бұлақтарының сыңғыры тербеткен түні қандай ерекше десеңізші! [2].



Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына өтер жеріндегі, Құлан тауының шығыс жақ аймағындағы Шақпақпен байланысты елдімекен Шақпақ елдімекені, Шақпақ тауы, Шақпақ өзені, Шақпақ ортағасырлық қаласы, Шақпақ құстарға сақина салу орталығы, Шақпақ желі аттары аталады. Осы аталған атаулардың қысқаша тарихы мынадай:

  1. Шақпақ ата елдімекені. Жуалы ауданының аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан батысқа қарай 12 шақырым жердегі елдімекен, Шақпақата – ауылдық әкімшілігінің орталығы. Батысында Құлан тауы бар. Шақпақата бұрын Кременевка аталып келген, одан кейін 1992 жылы өзінің тарихи атауына қайта ие болды. 1966-1998 жылдар аралығында Шақпақата елдімекенінде Б.Момышұлы атындағы тұқым өсіретін Қазақ КСР Мемагро-өндіріс Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының орталығы болды [3].

  2. Шақпақ ауылы. Шақпақата ауылдық округіне қарасты Шақпақ аталатын шағын елді мекен, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының солтүстік батысында 18-шақырым жерде, Құлан асуының шығысында орналасқан. Шақпақ ауылының аймағындағы жер астында 1912 жылдан 1940 жылдар аралығында көмір кені өндірілген. Бұл жерді ескіліктегі қариялардың «Шахта» - деп атауы да сондықтан. Шахтерлер соққан барақтарға 1932-1935 жылдары жетімдер үйі, 1940 жылы депортацияланған поляк халқының өкілдері орналастырылды. Елдімекеннің Шақпақ атауы сол Шақпақата (бұрынғы Кременевка) ауылдық әкімшілігіне қарасты болғандықтан қойылған атау. «Шақпақ» атауының шығуына байланысты әртүрлі деректер бар. Шақпақ әулие Жүсіп Баласағұнидің шәкірті болған деген дерек бар. Ол Қашқариядан шығып Бұқара, Самарқанд жерінен өтіп осы өңірге келгенде қайтыс болыпты. Оның жерленген жері (моласы) тәңірлік нанымға байланысты «әулие» аталған. Жазушы, тіл маманы С. Дүйсебайұлының айтуына қарағанда «Шақпақ» сөзі қазақтың архаизм сөзіне жатады. Шақпақ сөз тіркесі «биік», «шоқтықты» деген мағынаны білдіреді. Бұрынғы ат баптаушы сыншылар «аттың үш шақпағы болады» - дейді екен: басы, шоқтығы, сауыры. Осы белгілеріне қарап аттың жүйріктігін болжаған деп те түсіндіреді. Демек «шақпақ» сөзі сол жердің басқа жерлерге қарағанда биік екендігі, биікте орналасқандығы туралы мәлімет беріп тұр деп болжам жасауға болады. «Шақпақ түркі тілдеріндегі шоқпақ тұлғасымен байланысты сияқты (Чоқтал-пар), орнитологиялық әдебиеттерде кездеседі. Қалай болғанда да Шақпақ атауын Ш.Уәлиханов та, С.М. Абрамзон да түркі этнонимі деп біледі» деп көрсетілген [4].

  3. Шақпақ қалашығы. Шақпақ (Кременевка) елдімекенінің оңтүстігінен 500 метр жерде орналасқан. 8-10 ғасырлар аралығында болған қалашық. Теңіз деңгейінен 1123 метр биіктікте орналасқан. Қалашық Шақпақ белінің үстінде Алматы-Ташкент автомобиль жолының дәл іргесінде. Қалашықтың орнына В.А. Каллаур, Г.И. Пацевич, К.М. Байпақовтар зерттеу жұмыстарын жүргізгенімен онда қазба жұмыстары әлі жүргізілмеген. Шақпақ қалашығының орнын жергілікті жұрт «Қалмақтөбе» деп те атайды. Ол жерде ескі қорым бар.

  4. Шақпақ әулие. Шақпақата елдімекенінің 600 метрдей оңтүстігінде, Шақпақ қалашығының шығыс беткейінде орналасқан, шоғыр тау жыныстарындағы үңгір. Оның тереңдігі 5,5-6 метрдей, биіктігі 2,5 метрдей болады. Осы аймақтағы жұрт оны «Шақпақ әулие» атап, ол жерге барып зиярат етеді. Шақпақ әулие үңгірінің маңындағы тастарда шақпақ тасты жыныстар көп. Шақпақ әулиеге байланысты әртүрлі аңыз әңгімелер айтылады. Тарихшы Ә.Байбатша өзінің еңбегінде: «Б.д.д. заманның соңында өмір сүрген Шақпақ әулие мекендеген жер Шақпақата елдімекені болды» деп көрсетеді.

  5. Шақпақ тауы. Оңтүстік Қазақстанның Түлкібас ауданына өтер жердегі, Құлан тауының бітер жеріндегі Жабағылы сілемімен жапсарласып жатқан тау жотасы. Мұны кейде «Шақпақ белі» деп те атайды. Бұл жерде Құлан тауының шығыс бөктері арқылы жүріп, Шақпақ белінен асып, Арыс өзенін жағалап, Ұлы Жібек жолының желісі өткен. Ұлы Жібек жолының бойындағы елді мекендердің жер бедерін арнайы зерттеген Араб-Иран саяхатшыларының жазбаларында: «Мыңбұлақ пен Арыс алабын бөліп тұрған Шақпақ асуы б.д. басында, Түрік хандығы кемелденген 5-8 ғасырларға дейін қазіргідей биік емес, аласа бел еді» - деп сипаттаған [3].

  6. Шақпақ асуының айналасын бұталы ағаш өскен жерлер, егістік алқаптар, бұлақтар мен өзендер қоршап жатыр. Осы асудан Жуалы мен Түлкібас аудандарының көз жетер аймағы алақандағыдай айқын көрінеді.

  7. Шақпақ желі. Құлан тауының Оңтүстік шығысында теңіз деңгейінен 1100-1350 метр биіктіктен соғатын жел «Шақпақ желі» деп аталады. Ол әсіресе көктем мен күз айларында көбірек байқалады. Көршілес Түлкібас ауданының шығысынан бұл жел қатты соғады. Шақпақ желінің жылдамдығы секундына 25-40 метрге дейін жетеді.

  8. Шақпақ өзені. Шақпақ өзені Жуалы ауданындағы басты өзендердің бірі болып табылады. Ол ежелгі Мыңбұлақ қалашығының Шығыс жағындағы бірнеше бұлақтардан бастау алады. Шақпақ, Ынтымақ, Қарасаз елдімекендерінің тұрғындары Шақпақ өзенінің суын төңірегіндегі егін алқаптарын суғаруға пайдаланады. Шақпақ ата елді мекенінің оңтүстік жағындағы тау беткейінен соғыстан кейінгі жылдары канал қазылып, құламадан аққан суға шағын электр станциясы орнатылған. Ол станция 1959 жылдарға дейін маңайындағы ауылдарға ток көзін беріп тұрды.

  9. Шақпақ құстарға сақина салу орталығы. Жуалы ауданының Шақпақата асуындағы құстарға сақина салу орталығы Қазақстан мен Орта Азиядағы зерттеу орталығы болып саналады. Ол орталық 1966 жылы қазақстандық зоолог ғалым И.А. Долгушиннің басшылығымен ұйымдастырылды. Шақпақ асуы күзде құстар жылы аймаққа ұшар кездегі ең қолайлы жер болып саналады. Себебі шығыстан батысқа қарай 1000 шақырымға созылып жатқан Тян-шань тау жоталарынан құстар аса алмағандықтан Шақпақ асуы арқылы асады. Биік екі жотаның арасында тор құрылады да оған түскен түрлі құстарға сақина салынады. Сақина салынғаны арқылы олардың қайда ұшып барғандығын, жасын т.б. анықтайды. Бұл Шақпақтағы құстарға сақина салу орталығында бірнеше мемлекеттің ғалымдары жұмыс істейді [4].

Шақпақ атауымен байланысты аталған елдімекен Шақпақ елдімекені, Шақпақ тауы, Шақпақ өзені, Шақпақ темір жол станциясы, Шақпақ ортағасырлық қаласы, Шақпақ құстарға сақина салу орталығы, Шақпақ желі ғалымдардың қызығушылығын күннен-күнге арттыра түсуде. Өйткені бұл аталған атаулардың әрқайсысының өз ерекшеліктері, өз тарихы, өздеріне тән қасиеттері жетерлік.

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Шақпақ өңірі туризмді дамыту үшін әр түрлі жағымды жағдайлар туғыза алатын аймақ болып табылады. Бұл аймақ келешекте Қазақстандық туризмнің ең алдыңғы қатарлы аймақтарының біріне айнала алады, бір теңінен танымал болу үшін туристерге қызмет көрсетудің дамыған жүйесін құру қажет болады. Мұнда туризм индустриясын құру үшін табиғи-тарихи, экономикалық, техникалық сипаттағы арнайы зерттеулерді жүзеге асыру қажет.



Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Шақпақ өңірінің табиғаты, көркемдігі, экологиялық ерекшеліктері, жерінің шұрайлылығы, таза ауасы, мөлдір, тұнық суы, мұнар таулары, тарихи ескерткіштері, кең даласы келешекте туризмді дамыту үшін қолданылатын табиғат ресурстары болып табылады. Жоғары айтып өткендей бұл өңірде туризмді дамыту әбден мүмкін. Әсіресе туризмнің танымдық, экологиялық, қажылық, экзотикалық және т.б. түрлерін дамытуға көптеген мүмкіншіліктер бар.
Қолданылған әдебиет


  1. С.Р. Ердавлетов. География туризма Казахстана. Алма-Ата: Ғылым, 1992, 256 бет

  2. Ақ жол. 2008, 9 тамыз, 6 бет

  3. Ә. Байбатша. Қазақ даласының ежелгі тарихы. Алматы: Санат, 2002, 170-177 бет

  4. Е. Қойшыбаев. Қазақстанның жер-су атауларының сөздігі. Алматы: Мектеп, 1986, 23 бет.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет