Жаратылыстық-болмыстық және менталь шарт құрмаластар



жүктеу 118.45 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі118.45 Kb.
Жаратылыстық-болмыстық және менталь шарт құрмаластар
Бекмағанбетова Гүлмира Шанжарханқызы.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университеті

Әдетте тіліміздегі шартты бағыныңқы сабақтас деп аталып жүрген сөйлемдердің алғашқы сыңары шарт мағыналы, ал басыңқы сыңары нәтиже

мағыналы сыңар ретінде танылады.[1;198]. Ал тілдік деректерге қарасақ, бірқатар жағдайларда «шарт – нәтиже» қатынасы байқала бермейтінін көреміз. Мысалы, мына төмендегі сөйлемдерге назар аударалық: 1. Жаңбыр жауса, жер көгереді. 2. Оның автомат мылтық екенін білем: бір атқаннан кейін тілін жібермей тартып тұрсаң, кезекпен барлық оғын бірінің артынан бірін шығарады. 3. Балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма (Абай). 4. Шынайы суреткер бір тұста тым-тырыс қалса, оған таң қалмаған жөн (Ә.Кекілбаев).

Келтірілген сөйлемдердегі алғашқы екі мысалдағы шарт – нәтиже қатынасы айқын болғанымен, соңғы екі сөйлемдегі басыңқы сыңарлар мағынасын алғашқыдағы шарттың тікелей нәтижесі деп түсінуге келмейді. Алғашқы екі сөйлемнің басыңқы сыңарларындағы ой бағыныңқыдағы шарттың тікелей нәтижесі, табиғи (заңды) салдары ретінде көрінеді де, ал соңғы топтағы сөйлемдердегі басыңқы сыңарларда сөйлеушінің пікірі айтылған. Сондықтан соңғы жағдайдағы басыңқы сыңардың білдіретін ойының бағыныңқыдағы шарттың нақты нәтижесі болмай, мағыналық жақтан алуан түрлі болып келу мүмкіндігі бар. Ол сөйлеушінің таным-түсінігіне, коммуникативтік (қатысымдық) мақсатына, интеллектісіне, т.б. байланысты болуы мүмкін. Сондықтанда алғашқы топтағы сөйлемдер сипатын жаратылыстық-табиғи құбылыстарға қатысты шарт-нәтиже қатынасындағы шарт мағыналы сөйлемдер десек, соңғы жағдайлардағы шарттылықтың сипатын алғашқы топтағыдан ажырата қарап, «шарт-нәтиже» қатысы емес, «шарт-пікір (тұжырым)» қатысындағы сөйлемдер ретінде қараған жөн деп білеміз. Соның өзінде алғашқы топтағы, яки жаратылыстық-болмыстық деп аталған топтағы сөйлемдер табиғаты да өз ішінде мағыналық және қызметтік жақтан екі түрлі салаға ажыратылатыны көрінеді. Біз мұның бірін табиғи болмыстық құбылыстарға қатысты сөйлемдер деп, ал екіншісін қоғамдық-әлеуметтік болмысқа қатысты сөйлемдер деп ажыраттық. Табиғи құбылыстарға қатысты сөйлемдердің өзіндік қолданыс аймағы бар. Олар, негізінен, ғылыми стиль саласындағы нақты болмыстық құбылыстардың заңдылықтарын бейнелеуде жиі қолданылады. Мысалы: Екіге екі қоссақ, төрт болады. Қайнау температурасы жүз градусқа жетсе, су буға айналады.

Табиғи-жаратылыстық болмыстан өзге қоғамдық-әлеуметтік болмыс құбылыстарына қатысты бірқатар шарт қатынасындағы құрылымдар да айқын шарт түрінде көрінетіні аңғарылады. Бұл қатардағы құрылымдық-семантикалық топтың мағынасы күнделікті өмір-тіршіліктің алуан түрлі мәселелеріне қатысты болып, сыңарлары арасындағы мағыналық байланыс шарт-нәтиже қатынасында көрінеді. Бұлардың қатарында таза денотат-денотат қатысында көрінетін құрылымдар да, сондай-ақ бір сыңары модустық сипатта көрінетін құрылымдар да бола алады. 1.Тас көмір тереңнен шығатын болса, қазған шахта да терең болады (С.Сейф.).

2. Егер мал шаруашылығы ірілендірілген болса, ондағы жұмыс әдістерін механикаландырумен бірге автоматты жүйеге көшіру ісі жеделдер еді. Келтірілген мысалдардың алғашқысы таза денотат – денотат сипатында келген болса, екінші мысалдың басыңқы сыңарында сөйлеуші субьектінің модустық сипаттағы ойы болжалды келер шақ түрі арқылы көрінген.

Жаратылыстық - болмыстық шарттың аталған екі түрінде де адам тек баяндаушы, мұнда оның әр түрлі пікірлеріне, ойларына қатысты субъективті модальдылық белгілері көрінбейді, тек алғашқы сыңардағы шартты рай тұлғасының шарт мағынасы жалпы болжалдық сипаттағы (гипотетичность) объективті модальдылық түрінде көрінеді де, басыңқыдағы модальдылық субьективті модальдылық емес, жалпы сипаттағы болжал, мақсат, т.б. түрінде көрінеді.

Табиғи болмыстық шарттағы адам (сөйлеуші субъект) факторы, баяндалған іс-әрекетке еш қатыссыз, тек баяндаушы ретінде ғана көрінсе, қоғамдық - әлеуметтік болмыстағы сөйлеуші факторы модальдық ыңғайда айқынырақ байқалады. Мына сөйлемдерге назар аударайық: 1. Тек су ғана берсең, келер күз мыңдаған гектар жерге ормандар, мақталар, күріштер, басқа егістер қаулап өскелі тұр! 2. Жерге алғашқы қырбық қар түсіп, күн суытса, аң-құс азаяды. 3. Суық ұстасам, ауырам да қалам. Келтірілген сөйлемдердің алғашқы екеуі табиғи құбылысқа қатысты болып келсе, соңғысы қоғамдық - әлеуметтік сипатта келген. Мұның қоғамдық - әлеуметтік сипатта болатынының басты белгісі – адамға, адамның алуан түрлі жағдайларына байланысты болатынында. Біз бұл аталған екі топтағы сөйлемдерді де бірыңғай жүйеде қарап, жаратылыстық-болмыстық шарт құрмаластар деп атадық. Осындай құрылымдарға тән негізгі ерекшеліктер ретінде мына төмендегі жайларды айтуға болады:

Біріншіден, жаратылыстық-болмыстық сипаттағы шарт құрмаластар негізінен, табиғи құбылыстардың, сондай-ақ қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың жүзеге асуындағы шарт қатынасын білдіреді, сондықтанда бұларда шарт мағынасы айқын шарт түрінде көрінеді. Мысалы: Жылымық болса, жаңбыр жауады. Далада қар ери бастаса, біздің үй де жыли бастайды. Тымық ауаны тілгілеп сумаңдаған жел шидім – шидім шилерді бас салып жұлмаласа, сыңсыған әлсіз үн шығарады /Ж.Аймауытов/.

Екіншіден, айқын шарт мағынасы шарт-нәтиже қатынасында бейнеленеді. Сондай-ақ, бұл - тек екі түрлі іс-әрекеттің арасында болатын құбылыс. Бір құбылыстың, оқиғаның болуы немесе болмауына байланысты екінші бір құбылыс болады, не болмайды, Нақтырақ айтсақ, мұнда үшінші құбылыс не үшінші субьект араласпайды.

Үшіншіден, жаратылыстық-болмыстық сипаттағы құрмаластарда субьективті модальдық реңдер барынша аз көрінеді де, мұның өзі олардың шарт мағынасын айқын білдіріп тұруына жағдай жасайды.

Төртіншіден, тек табиғи құбылыстарды ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік

болмыстағы нақты іс-әрекетті диктум-диктум қатынасында бейнелейтін шарт қатынасындағы құрмаластарды да жаратылыстық-болмыстық сипаттағы шарт құрмаластардың қатарында қарастырамыз. Мысалы: Өйткені тағы бір сәт орақ сілтесе, анық қалың төбелес басталғалы тұр. Сын тезі құрылмай, әдебиет сөзі сындарлы болып шыға алмайды (А.Байт). Егер бүгінгі жұмысты да уақытында аяқтасақ, басшылықтың арнайы сыйы дайын, жігіттер(Жас Алаш). Келтірілген мысалдардағы іс-әрекет табиғат құбылыстарына байланысты оқиғаларды емес, сөйлеушінің қоғамдық болмыстағы бірімен-бірі шарт қатынасында келетін іс-әрекеттер туралы баяндайтын пікірлері болып келген.

Бесіншіден, жаратылыстық-болмыстық не қоғамдық болмыстық құбылыстарға қатысты шарттылық құрылымдар, негізінен, дара субьектілі құрылымдар болып келеді, яғни бұлардың сыңарларының баяндауыштары ортақ емес, жеке-жеке болады. Жоғарыда келтірілген мысалдардан бұл айқын көрінеді.

Орыс тілі деректері бойынша айқын шарт қатынасының үлгі моделі ретінде Е.Э.Разлогова мына мысалдарды келтіреді: Если Петя получит двойку на вступительном экзамене, он не поступит в университет. Если абитуриент получает двойку на вступительном экзамене, он не поступает в высшее учебное заведение.» [2; 57]. Мұнда автордың қоғамдық болмыс оқиғасын айқын шарт үлгісі ретінде танып отырғанын көреміз. Тілдік деректерді тереңдей зерттеу барысында біз шарт қатынасының «шарт-нәтиже» түріндегі эталондық үлгісі ретінде қандай құрылымдық-семантикалық модельді таңдап алу керектігі туралы мәселені басты назарда ұстандық. Біздіңше, осындай модель ретінде жаратылыстық-болмыстық сипаттағы «Жаңбыр жауса, жер көгереді» үлгісіндегі модель орынды келмек. Ал қоғамдық-әлеуметтік болмыс құбылыстарын бейнелейтін құрылымдық-мағыналық бірліктерде, жоғарыда айтып өткеніміздей, кейде субьективті пікірдің көрінісі ретіндегі қосымша реңдердің көрінетіні болады. Алуан түрлі өзге құрылымдық-семантикалық модельдер осы табиғи шарт негізіндегі құрылымдық-семантикалық үлгінің айналасына, оның жақын және алыс аймақтарына (орталық және периферия) топтастырылуы керек деп білеміз. Шарт қатынасының осындай сөйлемдерде (Жаңбыр жауса, жер көгереді. Жан қиналмай, жұмыс бітпес) айқын көрінуі мұндай сөйлемдердің жаратылыстық-болмыстық сипатымен байланысты.



Менталь шарт қатынасындағы құрылымдар. Тілімізде жоғарыда айтып өткен жаратылыстық-болмыстық шарт түрлерінен өзгеше ерекшеленіп тұратын бірқатар шарт қатынасындағы сөйлемдерді біз менталь шарт қатынасындағы құрмаластар деп атадық. Бұл топтағы сөйлемдерде ментальдық белгілер сөйлеушінің модальдық сипаттағы көзқарас, пікірлерімен астаса, алуан түрлі модустық ыңғайда түрленіп келеді. Мысалы: Егер сиқыршыдан қорықсаң, әке-шешем кешіктірді де. Әке-шешең тергесе, сиқыршы жібермей қойды де (М.Исаұлы). Егерде мұндай адамға мені малға сататын болса, мен тәңір алдында көз жасымды кешпеймін! Біз бұларды жаратылыстық-болмыстық шарт тобынан бөлектеп, өз алдына бір топ ретінде ажыратып, ментальдық сипаттағы құрмаластар ретінде қарастырамыз. Ментальдық сипаттағы шарт қатынасындағы сөйлемдердің тілімізде қолданылу аумағы өте кең. Ментальдық шарттағы а д а м - бағыныңқыдағы шарт мағынасының басыңқы сыңар арқылы қалайша өзгеріп көрінетінін айқындайтын белсенді тұлға. Ол басыңқы сыңар арқылы пікір білдіруші, талап қоюшы, түсіндіруші т.б. ролін атқарады.

Мысалы, жоғарыдағы сөйлемдердегі басыңқы сыңарлардың мағыналары бағыныңқыдағы шарттың тікелей заңды түрдегі нәтижесі ретінде туындап отырған жоқ, ол - сөйлеуші субъектінің сол шартта қойылған проблеманы (жағдайды) шешуінің өзіндік жауабы, сол жауаптың бір нұсқасы ретінде ұсынылған пікірі ретінде көрінеді. Мұның, жоғарыда айтып өткеніміздей, басқа да алуан түрлі нұсқалары болуы әбден мүмкін. Ал жаратылыстық-болмыстық шартта мұндай алуан түрлілікке жол шектеулі. Осылайша басыңқы сыңардағы ой бағыныңқы сыңарда қойылған проблеманың белгілі бір субьективтік сипаттағы шешімі түрінде, не оған қатысты ой, көзқарас, пікір, т.б. түрінде келетін шарт құрылымдағы сөйлемдерді шарт қатынасындағы сөйлемдердің ерекше түрі ретінде ажырата қараймыз.

Демек, шарттың нақты іс-әрекетке қойылуы бір бөлек те, ментальды іс - әрекетке қойылуы екінші басқа. Сондай-ақ, нәтиже де менталь шартқа қарағанда іс -әрекет шартта нақты, обьективті болады. Ал ментальды шартта басыңқы сыңар мағынасын нәтиже деп емес, тұжырым, нұсқау, т.б. алуан түрде түсінеміз.

Бірақ бұл ментальды шарт сөйлемдерде айқын шарт көрінбейді дегендік емес, әрине. Егер активке сүйене отырып, солар арқылы халықты басқара білсеңіз, орындалмайтын іс жоқ (С.Мұқ.). Әгәр екеуіңіз қолдасаңыз, оның үстіне елді біз үгіттесек, сіздер ұсынған кедей дауысты көп алуында күман жоқ (Ғ.Мұст). Келтірілген сөйлемдердегі сыңарлар арасындағы шарт мағынасы айқын. Бірақ жаратылыстық-болмыстық шартқа қарағанда ментальдық шарт мағынасы шарт жүйесінің орталығында (центрде) емес, оның айналасында (периферияда) орналасады. Айқын ментальдық шарт түріндегі құрылымдық-семантикалық бірліктер орталыққа, яки жаратылыстық-болмыстық шартқа ең жақын орналасқан бірліктер ретінде танылғаны жөн деп білеміз.

Сонымен, қорыта келгенде, біз шарт қатынасындағы құрмаластық құрылымдарды олардың болмыстық құбылыстарды тілде бейнелеуінің алуан түрлі танымдық ыңғайына қарай, негізгі екі топқа ажырата қарастырдық:


  1. Жаратылыстық-болмыстық шарт;

  2. Ментальдық шарт.

Мұндағы жаратылыстық-болмыстық шарт өз ішінде :

  1. Табиғи болмыстық шарт;

  2. Қоғамдық-әлеуметтік болмыстық шарт түрінде ажыратылады.

Ал бұлардағы шарт қатынасының дәреже-деңгейіне байланысты қарастырсақ, таза табиғи құбылыстарға тән табиғи-болмыстық шарт қатынастары орталықта (центрде) тұрады да, олардан кейінгі екінші орында қоғамдық-әлеуметтік болмыс құбылыстарына тән шарт қатынастары орналасады. Ментальды шарттың айқын түрі үшінші қатарда тұрады да, өзге ментальдық құрылымдық-мағыналық бірліктер кейінгі орындарда өз реттерімен орналасатын болады.

Менталь шарт құрылымдарда құрмаластың бір сыңары, не екі сыңары да сөйлеуші субьектінің модустық сипаттағы субьективті пікірімен, ойымен, алуан түрлі басқа да сезімдерімен байланысты болып келеді. Мысалы: Сен ұялтар іс қылсаң, мен ұялмай аман қалар дегенге итім сенер ме?(М.Әуез.)- дегенде, алғашқы сыңар диктумдық сипатта келіп, өмірдегі болатын іс-әрекетке, оқиғаға қатысты болып тұрса, соңғысы сөйлеушінің модустық сипаттағы ойын, сезімін білдіріп, ментальдық мәнде келіп отыр.

Мына төменде келтірілген сөйлемді де біз осындай сөйлем деп білеміз: Ел мекендеген Сырдың бір шығанағына колхоз орнаса, .... сол жерде орнаған колхозды Кеңтоғай атаса, бұдан қолайлы ат бола ма?(С.Мұқ.).

Осындай ментальдық сипаттағы құрмаластардың басыңқы сыңарларында әдеттегі айқын шарт қатынасындағы сөйлемдердегідей тікелей шарт-нәтиже қатынасы емес, шарт-тұжырым, шарт-пікір, шарт-нұсқау, т.б. мағыналық сипаттар көрінетіні байқалады. Мысалы: Ел болсаң, ер болсаң, өстісең керек қой. Мұндағы басыңқы сыңар бағыныңқыдағы шарттың тікелей нәтижесі емес, сөйлеушінің ой-тұжырымы ретінде келген.

Әдетте табиғи-жаратылыстық болмыс тұрғысынан айқын шарт болып келетін құрылымдар тобына қосуға келе бермейтін осындай ментальдық сипаттағы құрылымдық-мағыналық ерекшеліктер өздеріндегі шарт дәрежесінің деңгейімен де, модальдық тұрғыдағы ерекшеліктерімен де алуан сипатта келеді. Сондықтанда бұл жағдай осындай тілдік деректердің, яки айқын шарт түріне қосылу мүмкіндігі шектеулі көрінетін біралуан тілдік деректердің, менталь шарт түрінде дәрежеленуіне мүмкіндік береді. Біз төменде осындай құрылымдық-мағыналық бірліктердің кей түрлеріне тоқталамыз.

1. Қайталама баяндауышты құрмаластар. Тілімізде өзінің құрылымдық-мағыналық сипаттары жағынан ерекшеленіп келетін кейбір шартты рай тұлғалы құрмалас сөйлемдер кездеседі. Мысалы: Егер сен өмірде қателессең, өз бақытың үшін күресіп жүріп қателестің (Қ.Жиенбаев). Олар мені бүгін аяп отырған болса, екі ел арасындағы жанжалдың ушығып кетпеуі үшін аяп отыр (Б.Майлин). Осындай құрылымдағы сөйлемдердің бағыныңқы сыңарларында белгілі бір ой айтылады да, ал басыңқысы сол ойды нақтылай түсіп, белгілі бір тұрғыдан баяндау түрінде тұжырым жасайды. Мұның тағы бір құрылымдық ерекшелігі бағыныңқы сыңар баяндауышының басыңқы сыңарда да сол баяндауыштық қызметте қайтара қолданылуында. Орыс тіл білімінде осындай сөйлемдерді шарт-айырым (условно-выделительные) түріндегі сөйлемдер ретінде ажырата қарастырады.

Кейбір ғалымдар (М.Кубик) осындай құрылымдағы сөйлемдерді құрмаластар қатарында қараудың реті жоқ деп есептейді [3; **]. Біздіңше, бұл көзқарас шарт қатысындағы құрылымдарды бірыңғай жаратылыстық-болмыстық тұрғыдан ғана қарастырып, оның ментальдық сипаттағы ерекшеліктерін ескермей, назардан тыс қалдырудан деп білеміз. Т.А.Колосова бұлардың құрылымдық ерекшеліктерінің құрмаластық сипатын, ал мағыналық жақтан дара оқиғалық (монособытийность) сипатын ескере келіп, құрмаластық құрылымдар қатарында қарау жөн деп таниды [4; ***]. Мағыналық жақтан дара оқиғалық сипат деп отырғанымыз да сол жаратылыстық-болмыстық көзқарас тұрғысынан ғана дұрыс болмақ. Егер мәселеге ментальдық шарт тұрғысынан келер болсақ, мұндағы алғашқы сыңарды сөйлеуші субьектінің логикалық ойлау жүйесін бейнелеп тұрған ментальдық құрылымға тән табиғи ой орамы деп бағалауға мүмкіндік бар. Шынында да, ментальдық сипатта келетін осындай құрмаластардың сыңарлар арасындағы шарт мағынасы айқын көрінбей, сөйлеуші субъектінің ішкі ойлау жүйесінің ерекшелігі ретінде бейнеленіп тұрады. Біз мұны ментальдық сипаттағы шарт құрмаластардың табиғатына тән өзіндік ерекшелік деп танимыз.

2.Модустық бағыныңқылы менталь-шарт құрмаластар. Мына төмендегі құрылымдардан әдетте қыстырмалы құрылым, яки оқшау сөздер деп аталып жүрген құрылымдық-мағыналық бірліктердің ментальдық тұрғыдан қарағанда, өзіндік ерекшелігімен көрінетін сыңар ретінде қарастырылу мүмкіндігі бар екенін аңғарар едік. Әттең, жағдай келсе, оқуымды одан әрі жалғастырып, Алматыға аттанар едім. Шынымды айтсам, кітап жазып, жазушы болғым келеді. Білгіңіз келсе, публицистика деген бөлім жоқ (А.Машани). Алтай ағамызға салсақ, арақты ішу түгіл оны үйде ұстаудың өзі күнә еді(А. Машани). Амандық болса, қысқы оқуға мектеп үйін дайындап алсақ, одан қуаныш не бар! Байлар, қолынан келсе, бізді аяйын деп отырған жоқ. -Менен кедей емессіңдер ғой, керек болса, сатып алыңдар.

Кетірілген мысалдардағы бағыныңқы сыңарларды ғалым Қ.Есенов шарт қатынасындағы құрылымдар қатарында емес, жай сөйлем құрамындағы оқшау сөздер, яки қыстырмалар мен оңашаланған айқындауыштар қатарында қарастырған [5; 53]. Бірақ, бажайлай қарасақ, осы сөйлемдердің аталмыш автордың шарт қатынасындағы құрмалас сөйлем ретінде келтірген Ақылымды алар болса, Базекең бұл өлкенің елінен қайыр күтпесін,- деген сөйлемінен пәлендей айырмасы жоқ. Мұндағы «Ақылымды алса» (алар болса) деген бағыныңқы сыңарды да қыстырмалық тұрғыда қарауға болар еді. Орыс тіл білімінде осындай құрылымдық-мағыналық бірліктерді сыңарлардың орналасу орынына қарай ажырату жайы да бар, яки интерпозицияда бұлар оқшау сөз ретінде қарастырылады да, препозицияда құрмаластық құрылым ретінде танылады. Жаратылыстық-болмыстық құбылыстар табиғатынан ментальдық құбылыстар табиғатының тілде бейнеленуінің өзіндік ерекшелігі ретінде біз осы тәрізді құрылымдарды құрмаластық құрылымдар ретінде танып, бұлардағы бағыныңқы сыңарларды толық мәніндегі компонент ретінде мойындауды жөн деп білеміз. Мұнда біз сонымен қатар, ментальдық тұрғыдан келгенде, ойлаудың белгілі бір жүйесі, ой орамы ретінде көрінетін осындай құрылымдар құрылымдық табиғаты жағынан да кәдуілгі сөйлемдерге барынша жақын келетіндігін, осындай сипаттағы тілдік бірліктердің тілімізде аса мол кездесетінін және олардың алуан түрлі мағыналық сипатта келе алатындығын да ескереміз. Мұның өзі, екінші жағынан, тілімізде молынан қолданылатын осындай тілдік бірліктердің синтаксистік жүйедегі статусын қайта қарау, олардың тілдегі қызметін жаңаша бағалау болып табылады деп білеміз. Ментальдық сипаттағы құрылымдардың ауқымына мұнан да өзге бірқатар құрылымдар өздерінің алуан түрлі синтаксистік ерекшеліктерімен ене алады. Біз бұларды модустық бағыныңқылы менталь шарт құрылымдар деп атадық.




Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Қазақ тілінің грамматикасы.Алматы, 1967.

2. Е.Э. Разлогова. О некоторых типах семантических отношений .М, 1981.

3. М.Кубик. Сложные конструкции с союзом «если» в современном русском языке и их соответствия в чешском. Автореферат канд. Ленинград-1960.

4. Т.А.Колосова. 1. Черемисина М.И.; Колосова Т.А. Очерки по теории сложного предложения. ??.

5. Қ.Есенов. Қазіргі қазақ тіліндегі шартты және қарсылықты бағыныңқы сөйлемдер.А; 1969.


Резюме.

В статье рассматриваются синтаксические особенности сложноподчиненных предложений условной конструкций в современном казахском языке в функционально-семантическом и когнитивном аспектах и выявляются их внутренние разновидности ввиде природно-бытийных и ментально-условных типов.







: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары




©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет