«жасыл көпір» – жас ұрпақ болашағы жұртбай Н. Т



жүктеу 136.87 Kb.
Дата01.05.2016
өлшемі136.87 Kb.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары
«ЖАСЫЛ КӨПІР» – ЖАС ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫ
Жұртбай Н.Т.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Алматы қаласы,

Қазақстан Республикасы

E-mail: n.zhurtbay@gmail.com
Тақырыптың тарихына зер салсақ, қазіргі таңда жаһандық жаңалық ретінде бағаланып отырған «Жасыл көпір» бағдарламасы алғаш рет ІІІ Экономикалық форумда Елбасы Н.Назарбаевтың тарапынан ұсынылған болатын. Бұл дер кезінде қозғалған өте орынды ұсыныс еді. Өйткені, күрделі жаратылыстық құбылысқа ие және дамудың түпкі мақсатын тұйыққа тірейтін, сондай-ақ ғарыштық кеңістіктің барынша қарқынды игерілуіне байланысты ғылымның өзі оның зардабын нақты болжап, біле алмай отырған жаһандану үрдісі дәуіріндегі басты күретамырлы мәселенің ең бастысы – экологиялық қатерлі ахуал екені қазір анық сезіліп отыр. Осы бағытта Қазақстан мемлекеті 2011 жылы Санкт-Петербургте өткен, алыс және жақын шетелдің 25 мемлекетінің және халықаралық ұйымдардың өкілі қатысқан ІV Нева экологиялық конгресінде «Жасыл көпір» бағдарламасының тереңдетілген нұсқасын ұсынды. Сол тұстағы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім: бұл бағдарлама Рио де Жанейродағы саммитте қолдау тапқан жағдайда, әлемдік экологиялық қауіпті ахуалды жақсартуға игі ықпал жасайтынына сенім білдірді (1). Осындай орынды ұсыныстың нәтижесінде Қазақстан Бразилияда өтетін бүкіләлемдік саммитке дайындық жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болып белгіленді. ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Руслан Бөлтіріков өзінің Еуропалық қайта құру және даму банкісінің Экология және тұрақты даму саласындағы қызмет аясы туралы есебінде: Аталмыш жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымды астаналық «Жасыл көпір» бағдарламасымен таныстыру мүмкіндігі көзделіп отырғандығын ресми түрде мәлім етті. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкісінің арасындағы негізгі әріптестік қарым-қатынас – климаттың өзгеруі мен жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге бағыттау екендігін атап көрсетті. Соның ішінде:

  • осыған дейін құрамына Еуропалық қайта құру және даму банкісі мен Дүниежүзілік даму банкісі және Халықаралық қаржы корпорациясы кіретін «Таза технологиялар қоры» ұйымымен арнайы келіссөздер жүргізгендігін;

  • аталмыш қор 2010 жылдың наурыз айында құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын үш бағыт бойынша жүзеге асатын жобаларды жеңілдіктер негізінде қаржыландыру шарасын мақұлдағанын;

  • олардың бір парасы – еліміздің орталықтандырылған жылу жүйелерін жаңғыртуға, екіншісі парасы – қайта қалпына келетін энергия көздерін дамытуға, үшінші парасы – тұтынушылар үшін энергия тиімділігін арттыру шараларына жұмсалатыны айтылды.

Бұл бағытта құны 200 миллион долларды құрайтын жобалар Алматы, Ақтау, Қарағанды, Павлодар және Петропавл қалаларында сол кездің өзінде жүзеге асырылып жатқандығын, сондай-ақ Киото хаттамасының негізінде ЕҚҚДБ-нің сарапшылық қолдауымен антропогенді қалдықтарды бағалаудың ұлттық жүйесін жасауға кіріскендігін тілге тиек ете келіп: «Қазақстан үшін бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі өткен жылдың қыркүйек айында өткізілген Азия және Тынық Мұхит елдерінің қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 6-шы конференциясы болды. Аталмыш жиында біз «Жасыл көпір» бастамасын көтердік. Оны жиынға қатысушылар қолдады. Ол жүйе көпсалалы ынтымақтастық пен жеке мемлекеттік әріптестік жағдайында қазіргі қолданыстағы дәстүрлі тиімсіз даму жүйесінен жасыл экономика жүйесіне көшу мәселелерін қамтиды. Осы ретте ЕҚҚДБ-нің мүмкіндіктерін пайдалану тиімді болмақ. Бұл әріптестік бағдарламасы БҰҰ-ның Тұрақты даму комиссиясының отырысында қаралды. Онда да жоба қолдауға ие болып, қалың көпшіліктің қызығушылығын тудырды», – деп мәлімдеді Р.Бөлтіріков (2).

Қазақстанның «Жасыл көпір» бағдарламасы Азия және Тынық мұхиты елдерінің қоршаған орта және даму министрлерінің VI конференциясында қолдау тауып, Еуропа, Тынық мұхит және Азия елдерінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара ынтымақтастығының ортақ алаңы ғана емес, сонымен қатар осы саладағы ірі экологиялық жобалардың бастауы ретінде де кеңінен танылуы әбден мүмкін екендігі аталып өтті. Соған орай Премьер-министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің жетекшілігімен арнайы мекемеаралық жұмыс тобы құрылып, Астанада «Жасыл көпір» бағдарламасының кеңсесі де ашылды. Ағымдағы жылы Астанада өткен Еуропа елдері экология министрлерінің VII конференциясында Қазақстан «Жасыл көпір» бағдарламасының аймақтық және ұлттық экономиканы дамытудағы нақты механизмдері мен жобаларын ұсынды. Жиын барысында елордадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы, елші Александр Кельчевский: «Қазақстан «Жасыл көпір» астаналық бастамасын әзірлей отырып, маңызды қадам жасады. Осының нәтижесінде Еуропа мен Азия арасында өзара ықпалдастыққа қол жеткізіліп отыр. Атап айтқанда, бұл бастама біздің алдымызға үлкен жауапкершілікті жүктеуде. Оның әлеуеті мен болашағы зор деп бағалаймыз. Себебі бұл бағдарлама қазіргі әлемнің барша мәселесін қамтып отыр. «Жасыл көпірді» алға жылжыту, климаттың өзгеруі, биоәралуандық, орнықты даму, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да маңызды мәселелер қамтылып отыр», – деп мәлімдеді (3).

2011 жылы 21 қыркүйек күні Астанаға жиналған Еуропа елдерінің экология министрлері әлемдік экологияның өзекті мәселелерін талқыға салды. «Еуропа үшін қоршаған орта» тақырыбындағы экология министрлерінің VII конференциясы аясында жиналған олар қыркүйектің 23-і күні Қазақстанның «Жасыл көпір» бағдарламасын қабылдады. Бұл құжатты Бразилияда өтетін «РИО +20» мыңжылдық саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі таныстыратыны атап көрсетілді. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конференцияға қатысушы делегаттарға жолдаған құттықтау хатында:

«Мен «Еуропа үшін қоршаған орта» тақырыбындағы экология министрлерінің VII конференциясына қатысушыларды қазақ жерінде қабылдағаныма аса қуаныштымын. Осы жоғары дәрежелі форумды Қазақстанда өткізу біз үшін үлкен абырой ғана емес, қоршаған ортаны сақтау мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету саласына қосқан өз үлесіміз деп білеміз. Біз өз ниетімізді нақты істермен дәлелдейміз. Бүгінде біз «Жасыл көпір» бағдарламасын ұсынып, оны «Жасыл өсім» атты Сеул бастамасының жалғастырушысы ретінде қарастырамыз. Сондықтан Астанадағы конференцияның талқылауына біз «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын шығарып отырмыз. Бұл құжат болашақта «жасыл экономикаға» көшудің негізгі аймақтық механизміне айналады. «Жасыл көпір» Еуропа, Азия және Тынық мұхит елдері арасындағы әріптестік байланыстарды күшейтіп, басқа да аймақтық бағдарламаларға жаңаша серпін береді деп сенеміз. «Жасыл экономика» саласындағы өзара тәжірибе алмасу, таза технологияларға ие болу, бірлескен инвестициялар, жалпы экологиялық жүйелерді сақтау – бұл «Жасыл көпір» бағдарламасының тек кейбір мүмкіндіктері ғана. Мен Астанадағы конференция тұрақты дамудың негізгі мақсаттарын орындау және бүкіл жер-жаһанды сақтау ісіне өз үлесін қоса алады деп білемін», – деп сенім білдірді .

Астанадағы экология министрлерінің конференциясына ерекше үміт артқан БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун алқалы мәжіліске жолдаған құттықтауында ол: «Қазақстандағы «Еуропа үшін қоршаған орта» конференциясы экологияны сақтау үдерісінің 20 жылдығы аясында өтіп отыр. Бұл – аса маңызды жайт. Себебі келесі жылы Бразилияда өтетін «РИО +20» мыңжылдық саммитінде біз экологияны сақтау саласында атқарылған жұмысты Еуропа аясында ғана емес, жалпы жаһандық деңгейде де қарастыратын боламыз», – деп (4) атап көрсетті.

Осы орайда Астанада өткен KAZENERGY Энергетиктер қауымдастығының бастамасымен мұнай-газ және басқа да энергетика салаларының мамандары қатысқан халықаралық VII Еуразиялық форумда «Жасыл көпір» бағдарламасын жүзеге асырудың нақты мүмкіндіктері мен жобалары, оны игерудің баспалдақтары талқыланды. Онда қалпына келтірілетін энергия көздері, шағын және дәстүрлі емес энергетиканы пайдалану – басты бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев: «Бұл (балама энергетика) заман талабына сай өте өзекті мәселе. Баршамыз осы туралы жиі айтып жүрміз. Бұл жөнінде әңгіме қозғамайтын адам заман көшінен қалғандай болып көрінеді. Жаратушы Қазақстанға көмірсутектердің барлық түрлерін молынан берді, біздің мұнайымыз да, газымыз да, көміріміз де бар. Біз уран өндірісіне арналған шикізат шығаратын аса ірі өндірушілердің бірі саналамыз. Және технологиялар дамыған сайын энергиялық баланстың өзгеретіні де түсінікті. Мысалы, Еуропада өте қымбат газ басқа қымбат баламалы энергетикамен ауыстырылады. Бұл жағынан Германияның тәжірибесі назар аударарлық: онда жел, сондай-ақ күн энергетикасы дамып келеді. Барлық технологиялар арзандайды, белгілі бір уақытта технологиялардың дамуымен, технологиялардың көбеюімен баламалы энергетика неғұрлым қол жетімді болады. Әлбетте, біздің осындай баламалы энергия көздерін белсенді түрде дамыту үшін бұған дайын болуымыз керек», – дей келе, – Бүгінгі күні Қазақстанда баламалы көздерде өндірілетін энергия, біз қазір тұтынып жүрген, негізінен, көмірден алынатын дәстүрлі энергиядан қымбаттау болады. Мемлекет басшысы алдымызға қойған міндет және халықаралық қоғамдастыққа арналған ұсыныстар, БҰҰ ассамблеясында мақұлданған «Жасыл көпір» бастамасының мәні дамушы елдерге технологиялар трансфертін жүзеге асыруда болып отыр. Қазір баламалы энергетикаға бай елдердің ғана қол жеткізіп отырғаны түсінікті», – деп түсінік берді. Ал, дамушы елдердің оған қол жеткізуі – өте өзекті мәселе. Бүгін жасалған баяндамаларда әлемде бір миллиардтан астам адамның энергияға қол жеткізе алмай отырғаны айтылды. Бұл өте үлкен мәселе. Бізде күн энергетикасын дамыту жөніндегі жобаларымыз бар. Біз Қазақстанда күн панельдерін өндіруді бастадық. Жел электр станцияларын салу бойынша жобаларымыз да бар, «жасыл энергетикасын» дамытуды қолдайтын заңнамалық механизм де бар. Бұл дұрыс тренд деп ойлаймын. Бізге түсетін күннің энергиясы жеткілікті: Қазақстанның кейбір аймақтарында 300-ден астам күн бойы күннің сәулесіне бөленіп отырады, жел энергетикасын дамытуға болатын бес жеріміз бар», – деп атап өтіп, түсінік берді .

Бұған қарағанда біз «Жасыл көпір» бастамасы мен жалпы «жасыл энергетика» бағытының келешегі зор екенін, оның ілеспе бағыттары да көп салалы екенін, сонымен қатар оны игеруде белгілі бір дәрежеде қиындықтар туындайтынын да, соған қарамастан бұл бағытқа еліміздің энергетиктері сенімді түрде бет бұрғанын байқаймыз. Оған ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің энергетиктердің сол форумында сөйлеген сөзінде: «Біз де қалпына келтірілетін энергия көздерінің болу мүмкіндігін мойындаймыз. Сондықтан үкімет бұл саладағы келешегі зор бірнеше ірі жобаға қолдау көрсететін болады. Ең алдымен, бұл күн энергетикасын дамытуға, желдің энергиясын пайдалануға қатысты. Қазақстан климаттық өзгерудің ғалам халқына барған сайын үлкен қатер төндіретінін түсініп, адами капиталды, инфрақұрылымды, технологияларды дамытуға қомақты инвестициялар салып отыр. «Энергияны сақтау және энергияның тиімділігі туралы» біздің заңымыз 2015 жылға қарай өнеркәсіптік энергия қажеттілігін 10 пайызға және ағымдағы онжылдықтың соңына таман 25 пайызға азайту мақсатын көздейді», – деп мәлімдеуі анық дәлел.

Әрине, «жасыл көпір» жасаудың оңайшылықпен жүзеге аспайтыны белгілі. Энергетик-ғалымдар мен мамандардың өзі бұл бағыттағы – а) пессимистік, ә) бірқалыпты тұрақты және б) оптимистік көзқарастардың орын алып отырғанын жасырмайды. Мұның барлығы қаржы, мемлекеттік қолдау, жеке меншіктегі қуат көздерінің иелеріне көмек, халықтың тұтыну қабілетін арттыру сияқты шетін мәселелерді қамтиды. Осы ретте «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің: «Қазақстанда қалпына келтірілетін энергия көздерінің әлеуеті жылына триллион киловатт-сағаттан асады деп мәлімдеді. «Қазақстандағы қалпына келтірілетін энергия ресурстарының – гидроэнергияның, жел, күн энергиясының әлеуеті өте зор, ол жылына 1 триллион киловатт-сағаттан асатын мөлшерде деп бағаланып отыр... Біз Алматы және Ақмола облыстарында жаңа ГЭС-тер, сондай-ақ ірі жел электр станцияларын, сондай-ақ Алматы облысында күн электр станциясын салуды жоспарлап отырмыз, соңғысының құрылысы қазір басталып та кетті... Солтүстік Қазақстан облысында ірі көмір станциялары және республиканың оңтүстігінде Балқаш ЖЭС-і салынады деп жоспарланып отыр. Каспий маңы өңірінде жаңа ірі электр энергиясының көзі қажет. «Отынның түрі техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) бойынша айқындалады және іске қосылған бұл жаңа қуаттылықтар ұлттық энергетика жүйесінің базалық тұрақтылығының орталығын құрып, магистралдық электр желісімен жалғастырылады», – деген сөзін еске сала кету орынды. Өйткені ғаламдық экологиялық мәселелерді ескермеу мемлекетіміздің дамуын тұйыққа тірейтіні анық.

Бұл – түптің түбінде адамзат үшін ядролық қауіптен де қатерлі әрі ХХІ ғасырдың екінші жартысындағы бүкілөркениеттік көкейкесті өмірлік мүддеге айналуы мүмкін. Сондықтан да алдыңғы қатарлы дамыған елдер тек өз мемлекетіндегі ғана емес, жер шарындағы қоршаған ортаға тікелей зиянды ықпалын тигізетін аймақтар мен кеңістіктерді (ноосфера, Арктика, Антрактида, Мұзды мұхит және Тынық мұхиттағы жер асты техтоникасы т.б.) ерекше ғылыми бақылауға алып отыр. Бұл даму жолына енді бет алған Қазақстанның ғана емес, іргелі елдердің алдында қойылып отырған әлемдік мәселе. Сол форумда Қазақстан үшін мұндай экологиялық қауіптің бірі ретінде KAZENERGY Қауымдастығының бас директоры Жамболат Сәрсенов «Каспий – бұл әлі күнге дейін ортақ заңдық платформасы жоқ сезімтал аймақ, осы орайда есте ұстайтынымыз, Каспийдегі орын алған кез келген апат Каспий маңындағы әр ел үшін проблемаға айналады. Егер бұрындары жерге иелік ету үшін жанжал туындау мүмкіндігі болса, бүгін ол энергия ресурстарын иелену үшін туындауы мүмкін. Бірақ бұл Каспий аймағында оқ атылып жатыр деген сөз емес. Каспийдің мәртебесі оффшор бойынша игеріп отырған біздің жобаларымызда айқындалған. Бұл өңірде, әсіресе, Түркменстан мен Қазақстанда ашылған 6 алып кен орнының 2-уіне қызығушылық зор. Қазіргі уақытта біз үшін Каспийдегі маршруттардың пайдаланылуын заңдық тұрғыда ресімдеуге жіті көңіл аударғанымыз маңыздырақ. Өйткені бұл бір жағынан маңызды болса, екінші жағынан экологиялық қауіпті. Естеріңізде болса, осындан 2 жыл бұрын біз Әзірбайжанмен Каспийдегі Төтенше жағдайлар бойынша келісімге – әр түрлі санаттағы төгілуге орай бірлесіп іс-қимыл жасау және ең бастысы, қол жететін аймақтағы құралдарды үйлестіру туралы келісімге қол қойдық. Біздер – бұл Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан, ал келісім Каспий акваториясында апаттың туындау жағдайларына қатысты. Қазақстан заңнамалық базалар құруды қолға алып отыр. Заңдық негіздеме мен платформа болуға тиіс, бұл мәселелер Каспийдегі іс-қимылдың қауіпсіздігі тұрғысында талқылануда. Үшінші фактор – биологиялық балансты сақтау, өйткені біз табиғи ортаға тым тереңдеп кеттік. Сондықтан біз табиғи балансты қалай сақтайтынымызды айқындауға тиіспіз. Каспий бассейнінің елдері олардың бірінде болған апаттың лезде Каспий маңы аймағының барлық мемлекеттерінің де проблемасына айналатынын түсінуге тиіс. Каспий – бұл нәзік аймақ, ал біздің заңдарымыз әр түрлі», – деп мәлімдеді Жамболат Сәрсенов.

Еуразиялық форумның жұмысы барысында энергетика саласындағы «жасыл технологияларды» дайындау және дамыту жөніндегі әлемнің ең үздік практикалары талқыланды. Жасыл энергетика» және қалпына келтірілетін энергия көздері тақырыбы Еуроодақ, Индонезия, Үндістан мен Қытайдан келген өкілдердің жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде жалғасын тапты. Қазақтанның «Жасыл көпір» бастамасын олар қолдады. Нұрсұлтан Назарбаев мәлім еткен «Жасыл көпір» бастамасына қазірдің өзінде әлемнің көптеген мемлекеті қолдау білдірді. Бұл бағдарлама экономикаға «жасыл» көзқарастар мен технологияларды ендіруге бағытталған және бұл жұмысқа жекеменшік бизнесті белсенді түрде қатыстыруды көздейді. Бағдарлама Еуропа мен Азияның өэара әріптестігін жолға қоюға, дамыған және дамушы елдердің арасындағы технологиялық алшақтықты жоюға септесетін болады. (5)

Соның бірі Қазақстанның экологиясына, оның ішінде еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігі мен су көзімен қамтамасыз етуге тікелей қатысы бар мәселе – ұлы Алтай тауларының мұздықтарының еру қарқынының әдеттен тыс жеделденуі болып табылады. Өйткені Алтай тауларының мұздықтарының еріп кетуі – Монғолия, Қытай, Қазақстан, Ресей мемлекеттерінің экономикасына ғана емес, олардың өмір сүру формасының өзіне, демографиялық және миграциялық аһуалының өзгеруіне алып келеді. Ал бұл мәселелердің соңы саяси-географиялық қозғалыстарды тудыратыны анық. Қоршаған ортаны қорғайтын дүниежүзілік қауымдастық мекемесі аясында жұмыс істейтін шетел ғалымдарының бақылауы мен зерттеулерінің нәтижесіне жүгінсек, Алтайдың Бесбоғда шыңындағы қалыңдығы 45 метрден асатын, ұзындығы бес шақырымға жуық әйгілі «мұз алқабының» көлемі жылына 10 метрге шегініп, қалыңдығы 15-20 сантиметрге жұқарып келе жатыр екен (6). Ал Қазақстанға тиесілі Мұзтаудың (ежелгі қазақтар Ақсөре деп атаған) мұздықтары қазір жыл сайынғы түсетін қар мен жаңбырдың мөлшеріне тікелей қатысты болып қалды. Мұның өзі Өскемен сияқты өнеркәсіп тығыз шоғырланған қаладағы су көзі мен ауаның ластануына тікелей зардабын тигізіп отыр. Оның үстіне жылу жүйесінің қоршаған ортаға келтіретін зардабы бұл мәселені одан әрі ушықтырып келеді.

Ал «Жасыл көпір» бағдарламасын талдағанда, ең басты және ешқашанда назардан шығармайтын мәселенің бірі – жастарды, оның ішінде мектеп оқушыларын табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға баулитын экологиялық тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Өйткені, мұндай экологиялық этика қалыптаспайынша бізді келешекке экологиялық апатсыз апаратын «жасыл көпір» салу мүмкін емес. «Жасыл көпірдің» жастар үшін ең маңызды мақсаты мен міндетінің бірі осында деп есептейміз.



Қоршаған табиғи ортаның апатты жағдайға (жаһандық жылыну, атмосфера қабаттарында пайда болған озон ваккумдары, табиғаттың ластануы, ресустардың «сарқылу мүмкіндігі, өсімдік пен жануарлардың жекелеген түрлерінің жойылуы, ормандардың сиреп, су көздерінің тартыла бастауы, табиғатқа тұтынушылық көзқарастың біржақты орын алуы т.б.) бет алған қазіргі экологиялық дағдарыс – адам табиғатындағы адамгершілік қасиеттердің тоқырауына, оған тек сұранымды ғана қанағаттандыратын шикізат көзі ретінде қарайтын шектеулі түсінік деңгейіндегі менменсуге, қатыгездікке жол ашып отыр. Экологиялық дағдарыс бүгінмен шектеліп қалмайды, ертеңгі ұрпақтың алдында бұл мәселе бүгінгіден де күрделене түседі. Сондықтан да қоғам алға тартып отырған міндеттердің күрделілігі экологиялық тәрбие барысында мүмкіндігі бар резервтердің барлық түрлерін пайдалануды талап етеді. Осыдан келіп рухани-экологиялық тәрбие, экологиялық мораль, балалардың нақтылы табиғи құбылыстарға адамгершілік сезімдері мен жауапкершілігі, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жекелеген «кішкентай тұлғаның» ішкі көңіл-күйінің сыртқы табиғат құбылыстарымен өзара байланысы, табиғаттың алуан қырлы құндылықтарын бағалау, өзінше шешім қабылдау сияқты тағы да басқа факторларға назар аударту – педагогикалық тәрбиенің ғана емес, қоғамдық ойды қалыптастыратын баспасөздің, соның ішінде жас жеткіншектерге арналған газет, журналдардың да басты міндеті болып табылады. Өйткені, баспасөз – балғын санаға табиғаттың құбылыстары мен құндылықтарын бағалауға әсер ететін түйсіну, сезіну, әсерлену, жанашырлық, елестету, ойын дамыту, нақты экологиялық ұғым қалыптастыру, табиғат тағдырына мазасыздану сияқты танымдық және психолгиялық алғышарттарды қалыптастыратын пәрменді құрал. Жеткіншектердің мінез-құлқының айнасы – оның іс-әрекеті. Балалардың қоршаған орта аясындағы қимылдары мен қылықтарынан, ойындарынан олардың табиғатқа деген көқарастары, тым болмағанда, түсінік деңгейі анық аңғарылады. Сол іс-қимыл мен ойыннан баланың табиғатқа, сол арқылы экологиялық мәселелерге, «кішкентай тұлғаның» кішкене әлеміне қатысы құқықтық және этикалық нормаларды сақтауы, түсінуі, шешім қабылдауы көрініс береді. Мұны «кішкентай тұлғаның» өзіндік өмірлік ұстанымы деп те бағалауға болады. Табиғат аясындағы еркін әрекеттерде сана мен түйсік, мінез-құлық, зеректік, немқұрайлылық, экологиялық мәдениет, жауапкершілік, қоршаған ортадағы сәйкессіздіктер мен үйлесімсіздіктерге деген тітіркену сезімі іспетті психололгиялық толғаныстар шоғырлана бой көрсетеді. Содан барып табиғаттағы жағымды, жағымсыз көрінстерді бағалау, себебін түсінуге ұмтылу, оған жанашырлық таныту арқылы оны қорғауға деген мүдде туындап, көзқарасы білініп, жас ерекшелігі мен мүмкіндігіне байланысты үлкенді-кішілі (Мысалы: бұлақтың көзін ашу, құтыдағы гүлді суару немесе түбін қопсыту сияқты), іс-әрекетке ұмтылу ынтасы оянады. Мұндай табиғи жанашырлық түйсік бірте-бірте сол баланың тәрбиелік әдебіне айналып, құрбы-құрдастарына ықпал етіп, үлгі көрсетуі, бірлесіп іс-әрекет жасауы (ойын күйінде болса да) жеткіншектің бойындағы адамгершілік сезімін, табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастырады. Жеткіншектерді рухани-экологиялық тәрбиелеу дегеніміздің де өзі осы болып табылады. Сөз бен сөз тіркестерінің құрамынан аңғарып отырғаныңыздай, тура осы мәселелерді, яғни, рухани-экологиялық тәрбиені қалыптастыратын, жоғарыда аталған жайларды тікелей қамтитын ең пәрменді құрал – баспасөздің міндеті болып табылады.

Н.Ә. Назарбаевтың «Жасыл көпір» бастамасы жас ұрпақ, балғын ұрпақ болашағы үшін – алға!


Әдебиеттер тізімі:

1. Сисенов Е. www.kaztrk.kz/rus/news/politika.html 12.11.2012



2. Оспаналиев А. «Астаналық «Жасыл көпір» бағдарламасы 2012 жылы Бразилияда өтетін бүкіләлемдік самитте таныстырылады» http://www.inform.kz/kaz/article/2381363. 12.11.2012

3. Асқар А. «Жасыл көпірдің» болашағы зор» http://alashainasy.kz/economica/26710/ 12.11.2012

4. Бейсенбайұлы А. «Қазақстан «Жасыл көпірдің» іске қосылуын күтуде» http://alashainasy.kz/society/27611/ 12.11.2012

5. Еркінбеков С. Болашаққа апаратын «жасыл көпір» http://www.serke.org/news/bolashakka-aparatyn-«zhasyl-kөpіr» 12.11.2012


6. WWF России «Оценочный доклад Изменение климата и его воздействие

на экосистемы, население и хозяйство российской части Алтае-Саянского экорегиона»4 стр. Москва 2011



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет