Жеке адамның Өнегелі-эстетикалық Қажеттілігінің дамуындағы діннің алатын орны



жүктеу 129.33 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі129.33 Kb.


ӘОЖ 008(574)

ЖЕКЕ АДАМНЫҢ ӨНЕГЕЛІ-ЭСТЕТИКАЛЫҚ

ҚАЖЕТТІЛІГІНІҢ ДАМУЫНДАҒЫ ДІННІҢ АЛАТЫН ОРНЫ
Б.Б.Арынғазиева – философия ғылымдарының кандидаты, доцент

Эстетика – философиялық ілім. Демек, ол басқа да философиялық ғылымдар сияқты нақты ғылымдар өлшеміне сай келмейді. Кейбіреулер философияны ғылымнан гөрі өнерге жақындастырады. Ол рас та, өйткені, оларға негізгі ортақ нәрсе жеке адамның, даралықтың үлкен орын алатындығы. Бірақ, көркемөнер үшін жеке адам тағдырының басқаларға ұқсамайтын кездейсоқтығы, бірегейлігі маңызды болса, философия үшін жалқылық жалпылықтың көрінуі мен жүзеге асуының формасы ретінде маңызды.

Эстетика ұғымын ғылыми қолданысқа XVІІІ ғасырдың орта шенінде неміс философы Александр Баумгартен енгізді. Ол эстетиканы грек тіліндегі «айстетикос» сөзінен құрастырып шықты. Этимологиялық тұрғыдан алғанда «айстетикос» – сезім, сезіммен қабылданатын деген мағынаға ие. Этимологиялық түбір әлі күнге дейін «анестезия» сөзінде кездеседі. А.Баумгартен сезім арқылы қабылдауға мүмкін кемелділікті әсемдік деп білген, әсемдіктің бірден бір көрініс табатын саласы өнер деп қарастырған. Сөйтіп, неміс философы эстетикаға әсемдікті және оның өнерде көрініс табуын зерттейтін ілім деген анықтама берген.

Сұлулық заңы бойынша адамның дүниені игеруге деген талпынысы А.Баумгартен эстетика ұғымын енгізбей тұрып-ақ белгілі болған. Адамзат есін білгелі өнермен бірге өзін-өзі жетілдіріп, мәдени игіліктерін жасап та келеді. Бізге белгісіз, бұлыңғыр ондаған мың жыл бұрын да өнердің бастапқы белгілері байқала бастаған. Атап айтсақ, тас дәуірінің алғашқы кезеңдерінің өзінде-ақ, адамдар өнердің алғашқы нышандарын тудырып, ары қарай дамытып отырған. Өнер – мәдениеттің маңызды саласының бірі. Сондықтан болар, «өнер – мәдениеттің айнасы» деген қанатты сөз де қалыптасқан. Өнердің шынайы мәнінің діңгегі – сұлулық, әсемдік болып табылады. Сұлулық, әсемдік адамды ерекше бір жан ләззатына бөлейтін сезім тудырар қасиет. Соның нәтижесінде, өнер көңіл-күйді, сезімді білдіреді және осыларға тікелей байланысты. Өнер адамды имандануға, жан дүниесімен біртұтас нұрлануға бастайды. Өнердің басты мақсаты – қандай да бір жетілу, кемелдену үлгісін, мұратын (идеалын) беру әрі соған адамды талпындыру, құштар ету. Өнер философиясы, өнер ілімі болып табылатын эстетика үшін де жоғарыда аталған мақсаттар бірінші маңызды болмақ. Ендеше, эстетиканы оқытудың, яғни, өнегелі-эстетикалық тәрбиенің басты мақсаты – адамдарда өзінің айналасындағы сұлулықты көре, сезіне білу, бағалай және қабылдай білу қабілетін арттырып, сұлулықтың заңдарына сәйкес өмірді жаңартып, өзгертіп отыру.

Өнер мен өнегелік қалай байланысты болса, эстетика мен этика да солай тығыз байланысты, өйткені, өнер сезімге әсер ете отырып, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелейді. Көркемдікке сүйсіну, соны тамашалаған сәтте сезімге бөлену барысында жанымыз тазарады. Жан тазалығы – ар тазалығы. Олай болса, эстетикалық тәрбие – имандылық, ғибраттылық тәрбиесі.

Діни имандылық – мәдениет сынды әмбебап саланың негіздерінің бiрi. Мәдениеттің қалыптасуындағы алғашқы тарихи тип ретінде алғашқы қауымдық синкретикалық типті атауға болады және оның рухани саласы мифологияда көрініс тапты. Алғашқы қауымдық мәдениеттегі тарихи ескерткіштерге жүгінсек, адамзат баласының діни дүниетанымы діни мифологияда кеңінен көрініс тапқан. Алғашқы қауымдық синкретикалық типтiң жiктелуiнiң барысында өнер, дiн, философия, мораль сияқты рухани мәдениеттiң әртүрлi салалары бөлiнiп шығады. Алғашқы кезде бір негізден пайда болған бұл салалар біртіндеп дами келе өздерінің жүйелерін құрайды және бұл жүйе бiрегейлiк пен тұтастықты құра отырып, өзара бiр-бiрiне әсер етедi. Мәдениет универсумындағы дін ұғымын осылайша түсiнген кезде, дiн мен мәдениеттің сабақтастығы анықталады, дін мен мәдениет бiр-бiрiнен бөлiнбейді, алшақтамайды, бiрiншiсi соңғысының аясынан шығарылмайды, дін мәдениет феноменi ретiндегi қасиетiн жоғалтпайды. Басқа жағынан алғанда, мәдениет универсумы дiнсiз қалмайды, мазмұны мен кеңiстiгiн тарылтпай, оны өзiнiң бойында сақтайды.



«Барлық әлемдiк мәдениет өзiнiң бастамасын, шығу тегiн дiннiң құрамдас бөлiгi болып табылатын культтен алады» [1] дейтiн пiкiр. Адамзаттың рухани мәдениет бастамаларын діни дүниетанымнан басталады [2] деген ойды белгілі қазақ философы Н.Р.Мұсаева да өзінің «Тылсым табиғат» деген еңбегінде атап өткен. Өйткені, мәдени кезеңдердің қайсыбірін алсақ та, олардың ізденістері тылсымның сырын ұғуға, сырын ашуға деген талпыныстан туындаған. Мәдениет реликтілері ретіндегі фетиштер, төтемдер, әртүрлі табыну нысандары ішкі мазмұнына келгенде діни ізденістен туындаған.

Дiн рухани мәдениет (лат. cultura – жер өңдеу, тәрбиелеу, бiлiм беру, құрметтеу) салаларының бiрi болып саналады. Дiнтануда табысты «жұмыс атқаратын» мәдениеттiң мына бiр анықтамасын қабылдайық: бұл адамның сан қырлы болмысын жүзеге асыратын, материалды және рухани әрекет барысында iске асатын тәсiлдердiң жиынтығы және ол тәсiлдер жаңа ұрпақтар арқылы берiлiп, меңгерiлiп отыратын мәдениет өнiмдерiнде көрiнiс табады. Мәдениет адам әрекетiнiң процесiн, сондай-ақ, оның нәтижелерiн де сипаттайды. Ол өмiрдiң әртүрлi салаларындағы – экономика, саясат, моральдағы және т.с.с. сана мен жүрiс-тұрыстың сәйкес қасиеттерiн меңзейдi, жеке адамның да, топтың да, қоғамның да тiршiлiк әрекетiнiң белгiлi бiр жақтарын түсiндiредi. Мәдениеттiң маңызды қыры – адам белсендiлiгiн реттестiретiн механизмдердің болуында, оларға тән нормалар, ережелер, талаптар, эталондар, үлгiлер инварианттарын қалыптастыру жатады. Мәдениет сипаты бiлiм беру, тәрбиелеу, басқару, билiк институттары мен мекемелерiне де берiлген.

Мәдениеттiң дамуы мен қызмет етуi объект-субъектiлi қатынастардың контексiнде ғана мүмкiн. Материалдық заттар өзiмен өзi болып, қоғамдық және жеке адамдық санамен белгiлiк қатынасқа түспесе, олар өлi болып саналады. Субъект-индивид және топ әрекетiнiң арқасында мәдениеттiң «сәуле таратуы» мен қозғалысы қамтамасыз етiледi. Алдыңғы ұрпақтар жасап кеткен мәдениет әлемiнде әрекет ету үшiн, жаңа ұрпақтың өкiлдерi материалдық заттар-тасушыларда сақталған шеберлiк, дағдыларды меңгере бiлулерi тиiс. Мағына дегенiмiз – адамзат тәжiрибесiн түзетiн, объективтiк байланыстар, қатынастар, өзара әрекеттер көрiнiс алатын идеялық құрылым. Материалдық тасушыларда сақтала отырып, мағына тұрақтылық, өзгермейтiндiк сипат алады және өзiнiң осы сипатында қоғам немесе топтың рухани саласының мазмұнына енедi. Мағына объективтiк-қоғамдық құбылыстар қатарына жатады, бiрақ, ол жеке адамның рухани әлемiне енедi. Алдыңғы ұрпақтардың тәжiрибесiн меңгере отырып, жеке адам мағыналардың жиынтығын иеленедi. Жеке адам санасының дерегiне айналғанда, мағына өзiнiң объективтiк мазмұнын жоғалтпайды, бiрақ, жеке адамилық мағынамен үстемеленедi. Мағына жеке адамды қалыптастыратын және дамытатын макро-және микроорта жағдайларының әсерiмен қалыптасады. Бұл орта жеке адамға қоғамдық мағыналарды нақтыланған түрiнде тасымалдайды және мұндай тасымалдау бұл мағыналарды осы ортада қалыптасқан меңгеру тәжiрибесi тұрғысынан жүргiзiледi. Жеке адамның қалыптасуына қарай, оның бойында мағыналарды өз бетiмен индивидуациялау қабiлетi қалыптасады. Индивидуация барысында мағыналарды «өңдеу» жасалады. Олар адамның қажеттiлiктерi, қызығушылықтары, мақсаттары, жасырын күйлерi және күйзелiстерiмен салыстырылады. Мағына жеке адамға меңгерген мағына ретiнде танылады.

Мәдени құндылықтардың мазмұнын дiни сана жасақтайды. Олар дiни дүниетаным айналасында ұйымдастырылады, сәйкес образдармен, түсiнiктермен, ұғымдармен, тәмсiлдермен толтырылған. Дiни жүйелерде қарым-қатынастарды өрбiту, ұйымдарды реттестiру, өзара байланыстарды құрылымдау, адамдардың жүрiс-тұрысын басқару тәжiрибесi жинақталады. Дiни мәдениеттiң ұйымдастырушылық жағы культтiк әрекеттi басқарудың әртүрлi бөлiмдерiнде, теологиялық-теориялық зерттеулер мен бiлiм беру саласында, экономикалық, коммерциялық, қайырымдылық әрекеттерде жүзеге асады. Дiннiң әсер етуiмен дiни философия, мораль, өнер және т.с.с. қалыптасады. Дiни дүниетанымдық алғы шарттардан бастама ала отырып, дiни философия ұғымдық аппарат пен теология, дiни iлiм тiлiн пайдаланады, онтологиялық, гносеологиялық, логикалық, әлеуметтанулық, антропологиялық және т.б. мәселелердi де шешедi. Дiни мораль – дiн арқылы дамытылатын және уағыздалатын, нақты (иудаистiк, христиандық, исламдық) мазмұнмен толтырылатын әдептiк түсiнiктер, нормалар, ұғымдар, сезiмдер, құндылықтар жүйесi. Дiни өнер дегенiмiз – дiни рәмiздердiң «өмiр сүру» аясы болып табылатын көркемдiк құндылықтарды жасау, қабылдау және тасымалдау.

Тарихи жағдайларға қарасақ, дiни мәдениет азды-көптi дәрежеде зайырлы мәдениетке, сондай-ақ, оның бөлiктерiне әсер етедi. Барлық діни жүйеде жүйелі-рационалдылыққа және сенім постулаттарына негізделген сенімнің маңызды постулаттарының дәлелдену, дәйектелу жолдары бар. Соны теология немесе догматикалық діни философия қамтамасыз етеді. Парасатты тіршілік иесі ретінде адам өзінің иррационалды қабілетін де пайымдауды қажет етеді. Құдайлық-теологиялық ізденістердің шынайы мәні – өзінің мазмұны жағынан мистикалық болып табылатын діни сенімді рационалдық тұрғыдан сенімнің өз ұғымдары арқылы түсінуге талпыну. Кейде мәдениет элементтері бір-бірімен әрекет ету арқылы тәуелсіз феномендердің, мысалы, діни өнердің туындауына негіз болады.

Өнердің діни дүниетанымға толық бағынышты болған мәдени кезеңдері көп: бұл Орта ғасырдағы батыс-еуропа өнері, буддистік және мұсылмандық өнер, б.э.д. VIII-VI ғ. классикалық кезеңге дейінгі грек өнері және т.б. Бұл жағдайда өнерге тән нәрсе, ол сенушіні Құдайға жақындатады, бұл жағдайда өнердің дихотомиясы емес, діни өнер туралы айтқан дұрысырақ болады. Діни өнердің өз заңдылықтары бар: ол әр кезде символикалық сипатта болып сәйкес келетін канондармен толықтырылады, яғни,діни институттармен белгіленеді және де көп жағдайда тұлғасыз сипатта болады.

Белгілі орыс философы А.Б.Лосев «символды бір жағынан затты алмастыратын белгі, екінші жағынан белгілі бір мағынасы мен мәні бар бейне» [3] деп есептеген. Діни өнер ерекше символдармен ерекшеленеді. Буддалық мәдениетте Будда символы лотос гүлі болып табылады (аңыз бойынша Гаутама ханзада алғаш қадам бастағанда-ақ, оның әрбір ізіне лотос гүлі шыққан); ат, бұқа, арыстан мен піл – Будданың келесі өмірдегі бейнесі. Канондарға сәйкес Будда бейнесінде 32 міндетті және 80 символ-белгілерінің екіншілік белгілері бар: басындағы шаштың түйіндісі – ушнишаоның даналығының символы, жүрегінің тұсына қолын қоюы – батырлықтың символы және т.б.

Мұсылмандық архитектурада әсемдіктің символдары мешіт күмбезі – Құдай сұлулығының символы, биік мұнаралар Құдай ұлылығының символы, мешіт қабырғаларындағы жазулар – Алла есімінің қасиетті символы.

Философ В.Н.Трубецкой орыс икондарын «бояулардағы ой жүктеу» [4] деп атап, «қайталанбас тілдің» діни символдарының аржағында өмірдің мәні туралы сұрақтары жатыр деп есептейді. Бұрын тіпті сауатсыз адамдар да иконаны «оқи» алатын, олар кейіпкерлердің қозғалысынан, қимылынан жасырын мән-мағына көре алатын. Мысалы, шығыс даналары – бақсы, сиқыршылар (волхвы) жас нәресте Христосқа сәлем беруге келгендері – жас, жасы ұлғайған және қарт ретінде бейнеленген: бұл тек қана адам өмірінің кезеңдерін ғана бейнелеу емес – бүкіл адамзат, жасына қарамастан, жаңа христиандық сенімге келуі керектігін бейнелеген. «Христостың дүниеге келуі» атты күрделі иконалық композицияда, көзін жұмып жалғыз отырған Иосифтің бейнесі рождестволық түнінің тыныштығы, жалпы тыныштық символы болды. Иконадағы дене қимылының тілі терең символдық сипатқа ие: алақанымен жоғары қаратылып жоғары ұмтылған қол бағынушылықты, көпшілікті білдіреді, қолдың бетке басуы – мұң, қайғы символы.

Дін де, өнер де адам жанының ішкі руханилығына үңіледі. Қайта Өрлеу дәуірінің көркемдік мәдениеті діни бейнелер арқылы адам сүйгіштік ойларды қалыптастыруы кездейсоқ нәрсе емес. Мәдениет жүйесіндегі жеке элементтердің қатынасы шығармашылық ойлау ерекшелігін де қарастырады. Ол, мысалы, ғылым мен өнерде көрінеді. Өнер – эстетикалық шығармашылық, сондықтан, ислам оған қарсылық білдірмеді. Ислам көркемділікті ұнатып, барлық нәрседе көркемдік пен сымбаттылыққа үндейтін дін болып есептеледі. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла тағаланың өзі сымбатты болу себебінен сымбаттылықты жақсы көреді!» [5] – деген.

Мұсылмандар қалдырған өнерді зерттеу қызықты болып табылады және Құранның формаларды бейнелеуге рұқсат етпейтін қағидасы мұсылмандарға тән өнердің өзіндік түрлерін қалыптастырды. Мәселен, музыка өнеріндегі бірегейлік: халықтардың әр түрлілігіне қарамастан, Құран оқу мәнеріндегі бәріне ортақ музыка. Луи Массиньон мұсылман өнерінің бірегейлігін төмендегідей берген: «Именно из стремления не изображать предметы и не поклоняться образам и родилось мусульманское искусство, очень простое и крайне невещественное, подобно искусству музыканта-алгебраиста, верящего не в собственную красоту аккорда, но в пассаж из нескольких нот, кончающийся молчанием». [6]

Құранның өзінде өнерге тікелей шек қою кездеспейді, бірақ, мұсылман дәстүрінде өнерге қарсы хадистерді кездестіруге болады. Мысалы, бейіттер, пұттарға табынуға қарсылық, адам бейнесін салуға шек қою, суреттер салынған маталар мен жастықтарды қолданбау, крестерді жою, бірақ, мұның бәрі өнерге қарсылық емес, басқа дінге, пұтқа табынушылыққа қарсылық. Кемелділік бір құдайға ғана тән қасиет болса, сол кемелдің қолынан жаратылған әлемді жұмыр басты пенденің қайталау мүмкіндігі жоқ деп есептелінеді. Бұл тыйым, бір жағынан, халықты толығымен пұтқа табынушылықтан бездірудің жолы болса, екінші жағынан, адамның құдайды оймен, ақылмен, рухпен ғана пайымдауы дұрыс деп білуі. Соның нәтижесінде, бейнелеу өнері ислам өркениетінде саналы түрде қалыптаспады, оның есесіне сәулет өнері, қолөнері, безендірушілік ою-өрнек, каллиграфия керемет дамыды. Құран Кәрімде әлемдегі барлық жаратылыстың бір-бірімен үйлесімділігі, оған қараған адам көңілін шаттық сезімге бөлейтін көркемділік, ұлылық пен асқан әдемілікке назар аударатын аяттар баршылық (Хижр сүресі, 16-аят; Нахл сүресі, 6-аят; Фуссилат сүресі, 12-аят). Демек, ислам әсемдік пен сымбаттылықты қамтыған көркемөнерді қабылдамайды деген қисынсыз. Ислам тек материалдық және адамгершілікке жат нәрсені бейнелейтін өнерді қабылдамайды. Ислам ақыл-ойды ләззаттандырып, құшырландыратын, жоғары сезімдерді оятып, адами табиғи қасиеттерді дамытатын өнердің түріне қарсы емес. Алайда, өнер өз шекарасынан шығып, жағымсыз нәрселерге, құмарлық пен нәпсіні қоздырса, салауатты өмірдің салтанат құруына емес, керісінше оның жойылуына себепші болса, сөйтіп, жағымсыз ермектің түріне айналса, ондай өнерге ислам, әрине, қарсы және оны қолдамайды.

Әртүрлі мәдениетті тоғыстыра білген мұсылман мәдениетінде бәдәуилердің айтарлықтай әсері болды. Олардың сөз өнері басқаларға қарағанда эллинизммен аз араласып, өзіндік бірегей мәдениеттің қалыптасуына жол салды. Мысалы, бәдәуилер поэзиясының жанрларының бірі – «қасыда» ислам елдерінде поэтикалық формалар жүйесіне негіз болды және араб өлеңдерінің қасыдалық құрылысы сарай маңында өте әйгілі болды. Қасыда әртүрлі жанрда және әртүрлі сюжетте берілгенмен, бәріне ортақ картина беретін кішігірім поэма болып табылады.

Ортағасырлық араб поэзиясының негізгі жанры (VII-VIII ғғ. басы) панегирик болды. Арабтардың панегирик жанрының бір ерекшелігі мұнда белгілі бір адамға арналған мадақ өлең жолдары мақтау емес, ақыл айту, мәлімет беру сипатында болды. Панегирик ақындар арасында дін мен саясат мәселелеріне белсенді түрде қатысып отыратындар болды. Олар өз тобының көзқарасын поэтикалық риторика арқылы беріп отырды. Мысалы, Джарир, Ахталь, Фараздақ уытты сөздерімен басшы, мемлекеттік ер, қайраткер, әскери басшының мінсіз бейнелерін сомдады. Мұсылмандық әдебиеттің бұл кезеңінде діннің басымдылық таныта бастауымен махаббат лирикасының орны өзгере бастайды. Діни идеология толық орнығып үлгермеген Хиджаз қалаларында ғана махаббат лирикасы жалғыз тақырыпты жанр ретінде қала берді. Махаббат туралы жырлайтын ақындар еркіндігі біртіндеп тарыла түседі. Мәселен, меккелік ақын Омар ибн Аби Рабиа әрдайым өз поэзиясының күнәдан таза екенін дәлелдеп отыруға мәжбүр болады. Кейінірек, діни шектеулерден бос махаббат пен құштарлық жырлары идеялық қарама-қарсылық көзі ретінде қарастырыла бастайды. Дегенмен, узриттер лирикасынде жырланатын Қайс-Лубна, Мәжнүн-Ләйлә, Джамил-Бусайна махаббаттары тағдыры алдын-ала Алламен шешіліп қойған жұптар ретінде бейнелене отырып, сол заманның идеологиясымен үйлесімділік табады.

VIII-X ғғ. араб-мұсылман мәдениетінің көкжиегінде араб көркем прозасы пайда болды. Ең бірінші прозаиктер ретінде әйгілі «Калила мен Димна» шығармасының авторы Ибн әл-Муқаффаны атауға болады. Бұл кезеңнің әдебиеті VIII ғ. басында пайда болған жаңа ағым сопылықпен тікелей байланысты бола отырып, бірегей сопылық әдебиетін қалыптастырды. Махаббат лирикасы мен философиялық мотивтерді біріктірген сопылық әдебиет араб әдебиетінің озық туындыларын дүниеге әкелді. XII-XIII ғғ. бұл бағытта Омар ибн әл-Фарид және Ибн әл-Араби шығармашылық жолын байқаймыз, сондай-ақ, фарсиде ұйқасқа құрылған прозаны негіздеген Абдаллах Ансари да осы бағытта жазған.

Басқа классикалық жанрлар ретінде мақтау, даттау немесе жоқтау үшін жазылатын 8-12 жолдан тұратын өлең «қытаны», философиялық сипаттағы қысқаша қанатты сөз «рубаиді», лирикалық махаббат өлеңі «газельді» алуға болады. Жанрлардың мұндай көптүрлілігі ақындардан сөздерді өте орынды қолдана алу біліктілігін талап етті. Көп деңгейлі метафоралар, кітаби білімділікті қажет ететін күрделі аналогиялар, тек қана фонетикалық емес, сондай-ақ, көзге әсемдік беретін эффектілерді (сөздер мен өлең жолдарындағы әріптер өрнек пен сурет бейнесін беруі тиіс) білуі шарт болды.

IX ғ. соңына қарай кітап білім таратудың тәсілі ретінде жетекші орынға ие болды. Ғылыми кітаптармен қатар өлеңдер мен жаңа проза – аудармалық, төлтумалық проза дамыды. Ғұлама прозаиктер тарихи бастамалардан алшақ кетпесе де, олардың кітаптарының әдеби сипаттары басым болды. Араб прозасының келесі даму сатысы X ғасырдан басталады. Бұл кезеңде новелла жетекші жанрға айналады. Ат-Табари, әл-Масуди, «Таза ағайындар» – бағдад философтары (980 ж.) секілді ғұламалардың туындылары тек мәліметтік жағынан ғана емес, сондай-ақ, көркемдік жағынан осы жанрды қолданады. X ғ. жанрлық эволюцияның шыңы ретінде мақаманы айтуға болады. Мақама классикалық поэзия мен новелла элементтерінің тоғысуынан құралады. Мақама жанрында жазылған шығармаға стильдік негіз ретінде «садж» – ұйқасқа негізделген проза өлшемі алынады. Мұнда бірнеше новеллалар ортақ бір кейіпкермен бірігеді, тағы бір ерекшелігі мақамалар жинағының дербес атаулары болмайды. Аса әйгілі болған мақамалардың қатарында Бади аз-Заман мен әл-Хариридің «Мақамалар жинағын» айтуға болады. Мақаманың жанданған кезеңінде дербес жанр – философиялық поэзия пайда болып, өмірмәндік мәселердің өлең жолдарында көрініс табуына куә боламыз.

Эстетика ілімінің атқаратын көптеген қызметтерінің ішіндегі эстетикалық дүниетанымды тәрбиелеу қызметіне тоқталатын болсақ, онда эстетикалық тәрбиенің мәні оның шығармашылыққа тәнті жасампаз жеке тұлға тәрбиелеуінде болып тұр. Эстетикалық тәрбие эстетикалық білім алу негізінде басталады да қоршаған мәдени ортаның эстетикалық құндылықтарымен, өнер туындыларымен толықтырылады. Эстетикалық тәрбиенің өзіндік ерекшелігі оның жеке адамға тікелей емес, жанама түрде әсер етуінде. Мысалы, егер адамгершілік тәрбиесінде тікелей тәлімдік (ақыл айту, жол көрсету) басым ғой, ал, эстетикалық тәрбиеде адамға көркемөнер туындыларынан ой түйіп, солардан алған эстетикалық әсер нәтижесінде таза өзінің қалауымен жол таңдайды.



Эстетикалық тәрбие жастардың эстетикалық талғамын, эстетикалық мұратын, эстетикалық ұстанымдарын қалыптастыру нәтижесінде эстетикалық сананы сомдайды. Эстетикалық сананың сомдалуы қоғам үшін болсын, тұлғаның өзі үшін болсын үйлесімді дамыған белсенді тұлғаны қоғамдық өмірге даярлауымен бағалы. Эстетикалық тәрбие алған адам өзінің адамсүйгіштігімен, бекзаттылығымен, сыртқы кейпінің (киім киісі, жүріс-тұрысы…), мәнерлерінің, өзін-өзі ортада ұстай білуінің жоғары әсемдік талғамға сай келуімен танылады. Эстетикалық тәрбиелі жан қалай болса солай жүріп-тұрмайды, не болса соны киіп шықпайды, жөнді-жосықсыз әрекеттерге бармайды. Эстетикалық тәрбие жастар бойына талғампаздық қасиетін дарытады. Мұндағы талғампаздықтың мәні адамның сұлулық пен ұсқынсыздықты, асқақтық пен мешеулікті, шынайы әсемдік пен жалған көзбояушылықты ажырата білуінде.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Куликов А.Е. Религии мира. М.,1996., Гуревич П.С. Философия культуры. М.,1995.

  2. Мұсаева Н.Р. Тылсым табиғат. А.,1997.

  3. Лосев А.Б. В поисках художественного смысла. М.,2004.

  4. Трубецкой В.Н. Виды искусства. М.,2002.

  5. Оразбекова К. Иман және инабат. А.,1993.

  6. Массиньон Л. Методы художественного выражения у мусульманских народов. М.,1978.


Резюме
В данной статье рассматривается место религии в контексте необходимого нравственно-эстетического развития и становления личности.
Summary
The obgect of investions are artefacts of material and spiritual culture, world pictures and tneis symbolic images on different stages.






©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет