Жер басып жүргеніңДЕ



жүктеу 201.41 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі201.41 Kb.
: download -> version
version -> Оқушылардың орта буынға бейімделуі барысында жүргізген жұмыстар туралы анықтама. қазан 2014ж
version -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
version -> Дома на окне пылился светильник со сломанным абажуром
version -> Қыс Қыстың ақ бояуы Көрпеге жер оранды Балалар ойнап далада Сырғанаққа тояды Ақ мамық қарды жер Балалар ойнап күлуде Мұзайдында сырғанап Астана
version -> Абай Құнанбайұлы
version -> Mұхтар Омарханұлы Әуезов
version -> Сабақ Қазақтың ұлттық ою түрімен құрлық суын бейнелеу
version -> Қазақ әдебиеті пәнінің негізгі мектепте оқытылу нысаны қазақ әдебиетінің үлгілері Басқа ұлт өкілдерінің қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, өнерін, тілін т б
ЖЕР БАСЫП ЖҮРГЕНІҢДЕ...
 
Кұрып кетпей, жер басып тұрғанында  
Қалай ғана жағарсың бұл қауымға?
Талай рет мойныма арқан салып,
Талай рет шақ қалдым жындануға.
 
Біле тұра бірісі білмегендей,
Теріс қарап кетеді, тілге келмей.
Жабыла кеп жармасып, олжалайды,  
Жаудан түскен түйені жүндегендей.
 
Түйткіл ой жүр түнерген көкейімде, 
Қайтсем екен!
Жоқ болып кетейін бе?!
Сырымды да жырымды ашпай барып,  
Қалсам ба екен қап-қара тасқа айналып!
 
Қалай ғана жағармын бұл қауымға,  
Бірдемесін бүлдіріп, ұрладым ба?  
...Қандай еді серінін салған әні —
«... Бектергінін қор болған тырнағында»...
 
* * * * * * * *
Жиылып ой қазағы, қыр қазағы,
Ақын боп Алматыда жыр жазады.  
Біреулер жырыменен сарай салып,  
Біреулер жырыменен ін қазады.
 
Әйтеуір бір келер деп дүр етер күн,  
Алданып мен де босқа жүр екенмін.  
Атаққа алан болған, тиынға күл,
Өзім де ақымақтын бірі екенмін.
 
Қалай да қатарымнан озамын деп,  
Қатындай күндестігім қозады кеп.  
Сабылтып, сайқал үміт қолын бермей,  
Көзін қысып, саусағын сөзады тек!
 
Несіне?
Несіне мен? Несіне мен?
Жазды екем, жанды қинап, несіне өлең?!  
Жүрегіме жүк арттым несіне мен,
Жүре бермей өмірдің кешіменен?!
 
Соры қалың жан екем, соры қалың,
Сірә да, көп кешікпей, төрығармын.  
Несіне жолды қумай, сөзді қудым?
Сірә, мен бір пәлеге жолығармын!
 
* * * * * * * * * * * * * *

Егін салдым,                           


Мал бақтым,
Тас қаладым,
Сағынам да,
Жұртты да басқарамын.
Жалығам да,
Жабырқап, пәс қаламын.
Жырды бірақ,
Жырды мен тастадым,
Жырдан бөлек қалмады басқа амалым.
 
Аласартты тағдырым, биіктетті - Бәрі өткінші.
Қуаныш, күйік те өтті.
Екіталай кезенде енсем бұққан   
Күйсандыққа саусағым тиіп кетті.
Күйсандықтан күңіреніп үн шығады,  
Күй аңсаған ку көңіл тыншығады.  
Қарғып шығып кетердей аласұрып,  
Тұтқын жүрек кеудемде тұншығады!
 
* * * * * * * *
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,  
Алынбаған ақым бар сенде менің.  
Бұйрат құмдар — бұйығып шөлдегенім,  
Бура бұлттар — бусанып терлегенім.
 
Аспанындай кей сәтте күрсінемін,
Жас талындай жауқазын бүршік едім.  
Кең дүние, керемет қалпыңменен,  
Жүрек болып кеудеме кірші менің.
 
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бөрі менен көз алмаған,
Кең дүние кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.
 
* * * * * * * * * *

Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен,  


Кейбіреуге қарыздар емеспін мен.  
Пейілімді теңізбен таластырып,  
Тереземді аспанмен теңестірем.
 
Досқа сыйын, заһарын шашар жауға,  
Қарыздармен халқыма қашаннан да.  
Қабырғасы қайысып қарт әжемнің,  
Қалай тұрам, көзіне жас алғанда.
 
Қайғы түссе басына бір ағаның,
Қалай ғана шыдап мен тұра аламын.  
Жасын сүртіп солардын, бірге жылап,  
Бірге күліп солармен, жұбанамын.
 
Ести тұра шырылын жас баланын,  
Қалай ғана алшандап, мастанамын.  
...Тік көтеріп сәбиді уатпасам,  
Сәби-халқым, саған мен масқарамын.
Сәби-халқым, сарыла сыр ақтарам,  
Жалған ой, жасырын күй жырақ маған.  
Сенің үнің мендегі, сенің жырың,  
Сенің ойың санамда тұрақтаған.
 
* * * * * * * * *
ЖОҚ, ДӘРІГЕР
 
Жүрегіме жүк артып жүргенімде.
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?  
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,  
Уландың ба білмеймін, кірледің бе?
 
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,  
Дәрігер-ау, арқалап жүремін бе?  
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Неге аяныш атасың іренінңен?
 
Айтып өлтір, қайтесің босқа ойланып,  
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?  
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Неге айтпайсың, тұрғанша босқа ойланып?
 
Пері соққан пендедей есі жарым,  
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін, несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын?
 
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер, халімді ойлап.  
Алауыртқан ақынның қолын байлап,  
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
...Жоқ!
Дәрігер!
Орнатпа басқа жүрек! 
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,  
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!
 
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,  
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?  
Сыйыңа рақмет, қайран Адам!  
Өзімнің жүрегімдей қайда маған?
 
Алмастырам!?
Дедің-ау, алмастырам!..  
Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.  
Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,  
Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?
 
Тула, Жүрек!
Өкінем мен несіне!?
Туған жүрек,
әрине,
өлмесін бе?
..Жоқ!
Дәрігер!
Қозғама,
дамылдасын,
Әрбір жүрек өзінің кеудесінде!
 
* * * * * * * * *
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүниені мынау сел етсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын  
Керге алып кетем керексе.
 
Адамның бүкіл айыбын  
Арқалап алып,
Азабын өзім көрер ем.
Жамандық басқан денемен,
Жандырып жатқан,
Тондырып жатқан тамұққа  
Жамандығыммен төнер ем.
 
Бүкіл дүние жамандықтарын  
Артындар маған, көтерем!
Қарызым болсын өтеген,
Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,  
Бүгін-ақ өліп кетер ем.
 
Армансыз барып,
Көрімнің аузын жапқасын,
Дүниедегі тірілер  
Жамандық іздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрімнің  
Қақпас-ын келіп қақпасьін!
 
* * * * * * * * *
Санаулы менің сағатым,
Санаулы менің күн, айым.
Асығам қалмай тағатым,
Асықпай қайтіп шыдайын.
 
Шау тарта жаным бастады-ау,  
Айларды қуып жылдарым,  
Айтылмай қалса масқара-ау,  
Ашылмай жүрген сырларым.
 
Күні ертең өліп кетердей,  
Жастыққа қорқа бас қойдым.  
Өмірім босқа кетер ме ей,  
Өруін таппай таспа ойдың?!
 
Күндер-ау, күндер, көктемдер,  
Қасымнан менін кетпендер?!  
Әуелде неге жараттын,  
Көпсінсең мені көк пен жер?!
 
* * * * * * * * *

ШАРШАДЫМ БІЛЕМ


 
Шаршадым білем.
Жантая кеткім келеді.
Миыңды жеген, кұрысын бүйткен өлеңі!   
Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,  
Аузымнан түссе адыра қала береді.
 
Өлеңі құрысын,
Таппадым одан миятты,
Жазбай-ақ қойдым,
Жазғаным енді ұят-ты.
Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,  
Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.
 
Өткізіп жылдар,
Өткізіп айлар,
Бекер күн,
Болғансып ақын,
Мұрнымды несін көтердім?!
Өлмей-ақ жүр ғой,
Өлең жазбаған адамдар,
Өлеңсіз мен де,
Өмірді бірдене етермін.
 
Жанды да жансыз,
Көрінген заттан сыр бағып,
Өлетін болдым,
Өзімнен-өзім ұрланып.
Шаршадым білем,
Жатпасам енді болмас-ты.
Жұрт кетіп жатқан  
Қара теңізге бір барып...
 
* * * * * * * * *
АВТОГРАФ

Көрер едің,


Шаламын ба, отпын ба,
Білер едің,
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәнгір де жоқ мұнда,  
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
 
Түсінер ең,
Езбін бе, әлде ермін бе,
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзің Цезарь болып көрдің бе?!
 
Сырым да — осы,
Жырым да — осы,
Алдында.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
...Махандар жок,
Махаңдардың сарқыты - Мұкағали Макатаев бар мұнда!
 
* * * * * * * * *
Бір күні,
Бір жылдары,
Бір заманда,
Уақыт қуатымды ұрлағанда,
Шабыттың ақ бастауы құрғағанда,  
Шынымен қалам алып, жыр жазам ба!?
 
Жүректе от,
Ойда жасын қалмағанда,
Тағы да жыр жазам деп қарманам ба?!  
Жастықта жазып кеткен жырымды оқып,  
Танданам ба, кім білсін, алданам ба?!
 
О, Муза!
Мәңгі жастық!
Қайран досым!
Қай күні ауар екен сайран қосым.
Поэзия — жастық қой жалын ұшкан,
Жас күнде жазғанындай қайдан болсын.
 
О, Жастық!
Сен өлгенде, мен өлемін,
Сенсіз мен қиылған бір бөренемін.  
Көнеремін, білемін, көнеремін.
Көгере бер мәңгілік сен, өленім!..  
Жырсыз менің өмірге не керегім,
Жырдан басқа жұртыма не беремін.
 
* * * * * * * * *
СЕЗІМ

Арпалысып ақылмен, төзімменен,


Бір сәт те дем алмайды сезім деген.
Шыр етіп жерге түскен шілдехана,
Келеді дүниені кезуменен.
 
Жанымды тыншытпайды сезім деген,  
Қалай жүр, япыр-ау, төзіп денем?!  
Қаншама күндер өтті дамылдамай, 
Қаншама түндер өтті көз ілмеген,  
Білмеймін, не іздейді сезім менен?!
 
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы,  
Белгісіз, қайда апарып соқтырары.  
Не, сезім, мені бір күн от қылады,
Не, сезім, мені бір күн жоқ қылады!..
 
Қаншама көлдененнен өтті қарғып,  
Әлемге өмір беріп, етті жарлық.  
Ғаламдық зандылықты мойындамай,  
Жүргені, барды жоқ қып.
Жоқты бар ғып.
 
...Адамның сезімінен сезіктенбе,  
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады,  
Шынайы шын сезімге кезіккенде...
 
* * * * * * * * *
АЙЫҒЫП КЕЛЕМ

Айығып келем.


Айығып келем бәрінен.
Емделіп жүрмін,
Жақсылар берген дәрімен.
Мен үшін өмір тарылған емес, әлі кең,  
Кеңістіктерге сапарға шығам әлі мен.
 
Сауығып келем,
Жинап та келем есімді.
Сағынып қалдым,
Саламат өмір кешуді.
Тағат таппастан,
Тартамын алға көшімді,
Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді.
Қиын ғой қиын...
Көшіңді жолға доғарған,
Жана алмай бықсып, ошақта отын жоғалған,  
Жаға алмай сөнсең жалын мен отты -  
Сол арман,
Жалындап тұрып,
Өртеніп кетсең, жоқ арман!
 
* * * * * * * * *
Жаз едім кеше,
Айналып күзге барам ба!?
Жалын жоқ,
От жоқ, жасыған мынау жанарда.
Ауытқып кетті аймалап тұрған самал да,  
Кеулеп тұр міне,
Дауыл ма, әлде боран ба?
Бұлттанып кеттім,
Бусанып, әлде жауам ба?!
Жел айдап, әлде жердін түбіне ауам ба?!  
Қалса екен нәрім ауамда, мына даламда,  
Түспесе екен көлеңкем тірі адамға.
 
Күз болса, болсын!
Үмітімді әсте үзбен мен.
Көктемнің сепкен жемісін маған күз берген.  
Сырласып тұрам,
Орылған алқап,
Сыбызғы тартып қурайдан,
Куарған құла түздермен.
 
Күз болып тұрып,
Бақтарды ойға батырам.
Күз болып келіп,
Қасыңа, калқам, отырам.
Отырам-дағы, жазынды сенің шақырам,  
Аймалап тұрып,
Сөйлеймін жаздың атынан.
 
* * * * * * * * *
Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлынғыр.
Әлсіреп, дымым құрып жұр.  
Адасып менен кеткен бе?  
Айналайын құлын-жыр.
Айтатын саған сырым бұл,  
Бастаудың мұздай суымен  
Мерт бола кетсем жуындыр.  
Өртенген жанды суындыр.
 
Ерте келіп, ерте өліп,
Шарамды таусып, төңкеріп,
Кетем бе деп қорқамын,
Өз отыма өртеніп.
 
Бұлақтың мұздай суымен  
Жуындыр мені, жуындыр.  
Қауышып жаным жырыммен,  
Алайын сосын тыным бір...
 
* * * * * * * * *
Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен,
Не пайда дәтке қуат бекінгеннен,  
Алайда, емханада көз жұмғаннан,  
Жақсы еді ғой майданның өтінде өлген.
 
Құрбан ғып жастығымды, жас ғұмырды,  
Жауымнан жасыра алмай қастығымды.  
Жанымды аямаған жауларымнан,
Ала жатар едім ғой жастығымды.
 
Өкінбен, мұңайман да, өксімеймін,  
Өмірім, осылай-ақ өтші мейлің.
Алайда, аласапыран тіршіліктің,  
Алдында күресе алмай тек сілейдім!
 
Күнін көріп жүргем жоқ жетім құлдың,  
Бірақ та не бітірдім, не тындырдым.
Шөп жинаған ініне суырдайын,
Әйтеуір тіршілікке бетім бұрдым.
 
Қара саз, қара шалғын өленде өстім,  
Қырға шығып ырысқа кенелмеспін...  
Өлсе өлер Мұкағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!
 
* * * * * * * * *

Жазылар естеліктер мен туралы,   


Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.  
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,      
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды,  


Қылығымды ұнатқан жұлынуды.
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды»  
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды.
 
Жоқ жанды қиған емес жамандауға,  
(Сол үшін рақмет адамдарға!!!)
Білемін, әйтеуір бір замандарда,
Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға...
 
Жазылар естеліктер нешелеген,  
Көрерміз оның бәрін пешенеден.  
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе -  
Кешеді өлең немесе өшеді өлең!
 
...Қулары, таудың қызыл түлкісі дер,  
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер.  
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер!?
 
* * * * * * * * *
Өзгеден емес,
Өзімнен қорқам,
Сезем мен.
Көзімнен қорқам,
Ернімнен қорқам кезерген.
Мінерге көлік, ұшарға қанат жоқ менде,  
Дариға-ай, шіркін!
Қалдырып бәрін безер ме ем...
 
Басым бір шойын, аяғым менің қорғасын,  
Мерзімі толмай ілгері кетті он жасым.  
Неге сезбесін?!
Сезеді жаным, сезеді,
Баяғы жылдар қайтадан енді болмасын.
 
Тұйыққа келіп,
Тіреліп тұрмын бір түрлі.
Көзімнің нұры — көңілімде қалды іркулі.  
Жылай да алмаймын, күле де алмаймын,  
О, дөсым!
Тауып әкелші ұмыт қалдырған күлкімді.
 
Өзімнен қорқам,
Өлтірген өзімді өзім ғой...
Басымда ми жоқ,
Тиянақ таппай кезуде ой.
О, досым менің!
Күлкімді тауып әкелші,
Сүретін өмір, күлетін нағыз кезім ғой...
 
* * * * * * * * *
ЖҮРЕК АРЫЗЫ

Оу, ием менің,


Өзіңнен бұрын жаралғам.
Алдымен — менмін,
Сонан соң — сенсің жаралған.
Басың мен миың, ақылың, есің, кимылың,
Аяқ пен колың —
Барлығы менен нәр алған.
 
Балғын шағында, өмірге жаңа аттанған,
Бағыңа бастар адамдық жолға ап барғам.
Кезім де болды қайғырған әрі шаттанған,
Кезің де болды, кайтейін, маған дақ салған.
 
Келеді сенің кей-кейде мені мұз еткің,
Бәріне көндім,
Қателігіңді түзеттім.
Төсек тартқызып, төнгенде қатер басыңа,
Айнымай соқтым, аялап сені күзеттім.
 
Жалындым саған жақыны бол деп баршаның,  
Жан-ием, сенің жақсылығынды аңсадым,
Өткіздім сені қаншама қауіп-қатерден  
Ал енді, маған, демалыс берші, шаршадым!..
 
...Кақың жоқ сенің дем алуға да соқпауға,
Қарсы барамыз оқтарға, әлі оттарға.
Қакым жоқ менің демалыс саған беруге,
Какың жок сенің қалдырып мені тоқтауға!!!
 
* * * * * * * * *
СЫР

Күрсініп кекірегім, жылайды ішім,  


Өсем бе, өшемін бе құдай білсін. 
Қанды дағын жүректің қалдырайын, 
Қаласа біреу-міреу сұрай жүрсін.
 
Көрсін де жүрегімнін, аққан қанын,
Ақ қағазда жол-жол боп жатқан дағын,  
Байқап бір қарасын да, іздегендер,  
Жаудырсын мақтауларын, даттауларын.
 
Еркелеп мен өмірді кешіп жүрем,  
Шаттығым, мұңым  да бар,
Несін бүгем.
Кей-кейде сүріндім де, түңілдім де,  
Алайда, жоғалтпадым есімді мен.
 
Жақпадым жауыздықпен аққа қара,  
Жатсынып жапқаным жоқ жатқа нала.  
Гаваньға құлап түскен ақ шағала —  
Жарымды тірілтем деп әурелендім,  
Мастанбай ақын деген атқа ғана.
 
О, Муза!
Тағдырыма иемісің?!
Күрсініп көкірегім, күйеді ішім.
Мен сені жаңартам деп келгенім жоқ,
Сен мені жаралғансың сүйеу үшін.
 
* * * * * * * * *
АРЫЗ ЖАЗЫП КЕТЕИІН

Бүгін менің туған күнім.


Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!  
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,  
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
 
Мына дүние неге жатыр үндемей?!  
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.  
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,  
«Мынау - шапан,
Мынау - атың, мін» демей.
 
Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!  
Бекер өмір сүргемін бе, әлде мен?  
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
 
Айтамын деп қуанышың, мұңынды,  
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!  
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,  
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.
 
...Тойланбаса тойланбасын,
Не етейін.
Той кермей-ақ, сый кермей-ақ етейін.  
Қаламымды берші маған, бәйбіше,  
Болашаққа арыз жазып кетейін...
 
* * * * * * * * *
МЕНІҢ МАҚСАТЫМ
 
Мен жырламаймын,
Сырласамын.
Сыры бар замандаспен мұндасамын. 
Асыққан уақытпен,
Адымымды
Абайлап, анда-санда бір басамын.
 
Көгендеп жыр қосағын,
Келмейді жыр жасағым.
Бөгендеп бетонменен қоя алмаймын,  
Өзінше емін-еркін туласа ағын.
 
Ғайыптан пайда болған сайтандайын.
Жыр туса, қайтармаймын.
Улатып май тандайын,
Ащы тіл ақиқатын айтар дөйім.
 
Жаныңнан жалындаған өрт кетпеген,  
Жалықпай өзімді-өзім зерттеп келем.
О, жүрегім!
Орныңнан қобалжыма,
Жарамсақ жалғандыққа беттетпеген!
 
Тіптен де мен емес-ті,
«Мен» дегенім,
Сендірмеймін,
Сенбеңдер сенбегенің.
Басқаның жаны-сырын ұғу үшін,
Өзімді зерттегенді жөн көремін.
 
Мендегі бар,
Сенде бар, онда да бар.
Демек, сенің,
«Менің» де сонда қалар...
Өз жанынды алдымен жайып таста,  
Жақсылықтың көкесі сонда болар.
 
Не шығады бәрін де сүйем деуден?
Бәрін де сүйемін деп, иемденген.
Бәрін де мен де сүйем,
Айтпан бірақ,
Отырып оңашада күйер кеудем...
 
Күйер кеудем...
Сондықтан күйінемін.
Жасырман, жырым да сол жиі менің,
Жыр жазу, кім біледі, ермек шығар?!
Ақын болу —
Неғылған қиын едің!!!
 
* * * * * * * * *
Жырым көп әлі менің жазылмаған.
Кенім көп әлі менің қазылмаған.  
Қалдырып болар-болмас қазынамды,  
Неліктен бір күні мен жазым болам?!
 
Қуалап тіршіліктің көбелегін,
Қап қойды капелімде көп өлеңім.  
Жалғызым, жаным менің — жырым менің,  
Қалдырып сені артыма неге өлемін.
 
Жазайын, жалықпаймын, жасырмаймын,
Қашан қалғып кеткенше басылмаймын.
Ая деп ажалға мен бас ұрмаймын,
Шоқ шайнап, от бүріккен Қасымдайын!
 
* * * * * * * * * * *
ҚИЬІН НЕ БАР?..

Мың құбылған қуаныштан, дерттерден, 


Қиын не бар, адам жанын зерттеуден?  
Мен келемін өз жанымды зерттеумен,  
Бірде аяз, бірде жалын, өрт кеудем.
 
Арзан не бар ойнау менен күлуден, 
Қымбат не бар, адам сырын білуден?
Мен әуремін, өз сырымды білумен,
Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен,  
Жылдарымды еске аламын бүлінген.
 
Адамдардың жаны менен жүрегін,  
Ойлайтын ем, бір кісідей білемін...  
Ажырата алмай шуақ, түнегін,
Танығанға мәз болыппын іреңін.
 
Ертең басқа, бүгін жақсы көргенім,
Өз көзіме өзім,
Ғажап!
Сенбедім.
Кесірткедей ауыстырған өңдерін,  
Түсінбеймін қылығына пенденің.
 
Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген,  
Жақыныңның жат боларын кім білген.  
Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен,  
Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен...
 
* * * * * * * * * * * * * *
ӨКІНБЕЙМІН

Өшем деп өкінбеймін, жыламаймын,  


Жыласам да жұбат деп сұрамаймын.  
Қыранның құдіретін қимасандар,  
Кайтейін, тағдырын бер құрадайдың.
 
Тағдырын бер, тағдырын құралайдың,  
Қашан атып алғанша құламаймын.  
Сусындатып тұп-тұнық тау бұлағы,  
Жанарымда жайнаған тұнады айдын.
 
Сайрандаймын сайларда, қырды асамын  
Сынсыған ну орманмен сырласамын.  
Қарауылға іліксем, ілігейін,
Кұзғынға ұқсап келмейді мың жасағым.
 
Өшем деп өкінбеймін, қайғырмаймын,  
Өткен өшті.
Енді оған қайырылмаймын.
Қыран да, құралай да болмақ емен,  
Атымнан адам қойған айырылмаймын.
 
...Арпалысып жүргенде өмірменен,  
Қай-қайдағы әкетпес көңіл деген.
Өлсем өлем, өзімнің жерімде мен.  
Қалсам қалам, өзімнің елімде мен!  
Жыламаймын, сондықтан көңілденем.
 
* * * * * * * * *
БӘРІНЕ ДЕ ТҮСІНЕМ

Бәріне де түсінем,


Бәрін білем,
Бірақ білмен өзімнің әлімді мен.
 
Пайдам да жоқ ешкімге, зияным да,  
Ұялтуға қақым жоқ, ұялуға.  
Жаяулатып жүріп-ақ, дәмем күшті,  
Құрық салам құланға қиялымда.
 
Қалқасында жүріп-ақ қалтарыстың,  
Күшім бар деп, күшіндей Алпамыстың,  
Келсін шамам келмесін, шаруам жоқ,  
Геркулеспен келеді арпалысқым.
 
Олай көрем өзімді, бұлай көрем, 
Өзімді-өзім патша, құдай көрем.  
Кесілмеген тұсауы нәрестедей,  
Кездескеннің бәрінен құлай берем.
 
Шабыт, ашу, шаттық, мұң, ұят қалып,  
Жүрген жай бар, осылай күй ақтарып.  
Билей алмай жүрмін мен бір басымды,  
Роботы біреудің сияқтымын.
 
Бәріне де түсінем,
Бәрін білем,
Бірақ білмен өзімнің әлімді мен...
 
* * * * * * * * * * * * * *
СОҚ, ЖҮРЕК!

Қалай-қалай соғасың, қан жүрегім?!  


Соғасың, әлі өмірің бар білемін.
Дем ала ғой, байғұсым, дем ала ғой,
Бұл тірлікте құмарым қанды менің.
 
Мазалама кеудемді, ойнақ салып,
Хал жоқ менде көнетін қайраттанып.  
Қаншама рет суындын қайнап барып,  
Қаншама рет тірілдін жайрап барып?!
Мен сені әлсіретіп алдым білем,
Болмашы нәрселерге айдап салып...
 
Өртенбей қалып едің от-жалыннан.
Көздеп атқан кімдердің оқтарынан.  
Қорқамын, қорқам сенің, қан-жүрегім,  
Қалжырап ойпы-тойпы соққаныңнан.
 
Түсінемін сенің қажып тұрғанынды,
Соқ, жүрек!
Бұзбай соққын ырғағынды!
Сыңғырлаған сиқырлы үн естиін,
Бұрап қой босап қалған сымдарыңды.
 
Қалай-қалай соғасың, қан-жүрегім?!  
Білмеймін, қанша өмірім қалды менің.  
Торға түскен торғайдай боп барасың,  
Қаршығадай самғаған алғыр едің...
 
* * * * * * * * *
Мен бүгін көп қиналдым,
Еш нәрсе жаза алмадым.
Бірдеңе мазамды алды, мазамды алды...  
Көңілім қоқыстан бір тазармады,
Қоқыс сатқан жандайын базардағы.  
Елегізіп, еске түсіп қай-қайдағы.
Көңілдің іріп кетті бал қаймағы.
Кегі кеткен жандайын әлдекімге,
Іш өртеніп, қайнайды қан бойдағы.
Сам жамырап, келеді құлап іңір,
Мен ойлаймын ананы-мынаны бір.  
...Алыста, Абайлардың жайлауында,  
Жайылып поэзия пырағы жүр.
Жүрсін, жүрсін жануар...
Жүрсін, мейлі
Әлі жеткен жан ұстап, мінсін, мейлі.
...Мен бүгін көп қиналдым, көп қиналдым,  
Неге?!
Неге жүрегім дүрсілдейді!?
 
* * * * * * * * *
Өміріммен өтер болды-ау бұл өлең,
Бір маза жоқ, кілем тоқып, гүл өрем.  
Асқар тауға ақша бұлт боп қонақтап,  
Қара жерге қара аспандай түнерем.  
Өміріммен өтер болды бұл өлең.
 
Таңмен атып, күнмен бірге жатамын,  
Таусылмайды, бітпес сірә сапарым.  
Өзегінде өлең ағып жатпаса,
Өгейситін сияқты осы Отаным.
 
Олеңімсіз өмір сүрмес болыппын,  
Олеңімсіз өмір де жоқ, борықпын.  
Ақындық бір жазылмайтын дерт екен,  
Ақындық бір ауру екен, соны ұқтым.
 
Ақын деген лапылдаған өрт екен,  
Ақындардың жанып өту — серті екен.  
Бықсымаспын, шалам қалмас артымда,  
Жана алмасам, ерте келдім, ерте өтем.
 
Жанып өтем, жанбай қайтіп тірі өлем,  
Жаумай қайтіп, жаумай қайтіп түнерем.  
Тіл тиылмай, жүректынбай тынбайтын,  
Өміріммен өтер болды бұл өлең...
 
* * * * * * * * *        

 

ҚАЗЫНАМ БАР                                     



Қазыным бар.
Біреуге берсем бе екен?!
Өкпелейді-ау бермесем,
Берсем, - бөтен.
Бар байлықты қойныма тығып алып,
Әлде мына құмдардай өлсем бе екен?!
 
Қазынам бар,
Біреуге қисам ба екен?!
Ренжиді-ау қимасам,
Қисам, - бөтен.
Әлде мына даладай бар байлықты  
Бір өзім иемденіп, жисам ба екен?!
 
Қазынам бар.
Тәуекел, сатсам ба екен?!
Өзіңдікін өзгеге сатсаң, - бөтен.
Әлде мына таулардай бүркеніп ап,
Бүк түсіп, теріс қарап жатсам ба екен?!
 
Қазынам бар.
Қисапсыз шектеледі.
Қызғанады біреулер, жек көреді.
Бермеймін де сатпаймын, көрсетпеймін!  
Алам десең,
Алдымен зертте мені...
 
* * * * * * * * * * *



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет