Жер туралы ғылымдар



Дата30.04.2016
өлшемі83.56 Kb.

АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2014

ЖЕР ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМДАР

ӘОЖ 910.584 5.


Б.ТАСБОЛАТ

география ғылымдарының докторы,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессор м.а.

А.К.УРАЗБАЕВ

география ғылымдарының докторы,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің доцент м.а.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЛАСТАРЫ
Қазақстан Республикасындағы география ғылымының соңғы жаңалықтарының бірі – ол еліміздің Ұлттық Атласының үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көруі. Атластың авторлары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары атанды.

Мақалада ҚР Ұлттық атласының география және басқа ғылымдардың дамуындағы алатын орны, маңызы баяндалған. Егемен Қазақ елімізді отандастарымыздың, шетелдіктердің танып-білуінде атластың таптырмас еңбек екені қарастырылады.
Кілт сөздері: географиялық атлас, Ұлттық атлас, карта құрастыру технологиялары, географиялық-ақпараттық жүйелер, географиялық карталар, карталарды оқу.
Географиялық карта дегеніміз – адамзаттың ұлы жетістіктерінің бірі. Оны өркениеттің ғажайыбы десек артық емес. Адамзаттың ойлап тапқан жаңалықтарының қатарына жатқызуға болады. Қазіргі ақпараттық технологиялардың дамыған заманында географиялық карталардың маңызы орасан. Клавдий Птолемейдің карталарынан бастап қазіргі күнге дейін бірнеше ондаған ғасырлар өтсе де, карталарды құрудың небір әдістері іске асса да олар маңыздылығы жағынан өзектілігін ешқашан да жоғалтқан емес. Географиялық карталар құрылған уақытына қарай өз заманының Әлемді білудің уақыттық деңгейін көрсетті, қоғамның және оның табиғатқа деген көзқарасының ерекше көрсеткіші болды. Географиялық карталар қазіргі ақпарат заманында да ғылым мен интеллектінің даму кезеңінде ғылыми ізденістің аспабы мен нәтижесі ретінде алдыңғы қатарда болып, табиғаттың, шаруашылықтың және қоғамның арақатынасындағы күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаруда. Айтылғандардың шынайы екеніне төмендегі еңбектермен танысқанда көз жеткіземіз.

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің «Парасат» Ұлттық ғылыми – техникалық холдингі акционерлік



АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2014

қоғамының жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «География институтының» авторлар ұжымы дайындаған «Қазақстан Республикасының атластық картографиялау саласындағы ғылыми жұмыстар циклі» ізденістер және атластарына өз пікірімізді ортаға салып отырмыз.

Тақырыптағы «Ғажайып дүние» деген түсінікті арнайы айтып отырмыз, себебі әрбір мемлекеттің өзінің байлығы, қымбат санайтын дүниесі болады. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның тарихында жарық көріп отырған атластар топтамасы (Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы, маңғыстау облысының атласы және Қазақстан Республикасындағы табиғи және техногендік қатерлер мен төтенше жағдайлардың қаупі атласы) еліміздің ғылымының орасан жетістіктерінің бірі және біздің байлығымыз (1, 2, 3, 4.)

Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы үш томнан тұрады және олар қазіргі заман білімінің жиынтығы. Бірінші томы еліміздің табиғат жағдайлары, оның ішінде геофизикалық жағдайларына, сейсмикалық сипатына, геологиялық құрылысына, минералды ресурстарына, жер беті және жерасты суларының қорларына, жер бедері мен климаттық жағдайларына, агроклиматтық ресурстарына, гидрологиялық және гидрогеологиялық жағдайларына, қар жамылғысы мен мұздануына, топырақ жамылғысына, жер ресурстарына, жануарлар дүниесі мен өсімдігіне сипаттама беріп, он екі бөлімге біріктірілген 118 картаны құрайды. Бұл карталардың еліміздің шаруашылығын ұйымдастыруда және тұрғындардың іс-әрекетін қамтамасыз етуде маңызы орасан [5].

Атластың екінші томы Қазақстан Республикасының әлеуметтік- экономикалық дамуын сипаттайды. Негізгі мазмұны мемлекеттің халқына, оның саны, жыныстық-жастық және ұлттық құрамы, қала мен ауыл тұрғындары, ғылым, мәдениет, білім мен денсаулық сақтау сияқты көрсеткіштерге және елдің өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлігі, туризм мен сыртқы экономикалық байланыстарына сипаттама береді. Сонымен бірге экономикалық көрсеткіштері мен әлеуметтік сала, тарих пен археологиялық бөлімдері де қамтылған. Қазақстан тәуелсіздікке жеткеннен бері экономикада үлкен өзгерістер болып нарықтық қатынастар қалыптасты. Әлеуметтік салада халықтың мұң-мұқтажын қамтамасыз ететін жүйе іске аса бастады. Шаруашылықтың тиімді инфрақұрылымы құрылды, оның негізгі салалары қара және түсті металлургия, мұнай мен газ, көмір, химия, көп салалы машина жасау өнеркәсіптері жаңа деңгейге көтерілді. Жаңа агроөнеркәсіп кешендері пайда болып, ауыл шаруашылығы халықты тамақ өнімдерімен, ал жеңіл және тамақ өнеркәсіптерін шикізат пен қамтамасыз етуде. Айтылғандардың барлығы және де басқа көрсеткіштер атластың екінші томында көрініс тапқан және ондағы карталар Қазақстан Республикасының нарықтық экономикадағы өзіндік жолын тауып, экономикалық, әлеуметтік және саяси дамудың жаңа кезеңіне аяғын нық басқанын көрсетеді. Атластың екінші томының 116 картасы он бөлімге бөлінген [6].


АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2014

Ұлттық атластың үшінші томы қоршаған орта мен экологиялық жағдайға арналған. Атласта табиғи ортаға адамның әсерін, табиғи жүйелердің экологиялық жағдайы, қауіпті табиғи үрдістер және олардың арқасында қалыптасатын төтенше жағдайлар, шөлдену мен топырақ эрозиясы, ел аймақтарының экологиялық жағдайы, табиғатты қорғау және экологиялық қауіпсіздік сияқты тақырыптарды қамтиды. Қазақстан Республикасындағы қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылғаны және келешекте асырылатыны атластың карталарынан көруге болады. Ондай карталардың қатарына Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайын басқару жүйесі, Қоршаған ортаға әсер ететін антропогендік көздер, Ландшафттардың адам әрекетінен бұзылуы, Экологиялық-геоморфологиялық орта, Топырақ эрозиясы және үрленуі, Геологиялық ортаның технотектік өзгерістері, Селдің қауіп-қатерлігі, Жерасты суларының антропогендік бұзылуы, Экологиялық-демографиялық аудандау, Геоэкологиялық аудандау, экожүйелер картасы, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, Экологиялық қауіпсіздік және т.б. үшінші томдағы 119 карта тоғыз бөлімге біріктірілген.

Маңғыстау облысының атласы ғылыми анықтамалық басылым, ол үш бөлімнен тұрады (Табиғат жағдайлары мен ресурстары, Әлеуметтік-экономикалық даму және Қоршаған орта мен табиғи ортаға экологиялық әсер). Атласта белгілі бір аймақтың табиғат жағдайлары, оның табиғи ресурстары, аймақ тұрғындарының демографиялық ахуалы, әлеуметтік сала мен халықтың тұрмыс деңгейі, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының негізгі салаларының дамуы, облыс өндірісінің қарқынды даму кезеңіндегі экологиялық жағдайы және тағы басқалары сипатталған. Маңғыстау облысы еліміздің үлкен үдеріспен дамып жатқан аймақтарының бірі, инфрақұрылымы қалыптасқан өнеркәсібімен көзге түседі. Облыста әртүрлі пайдалы қазбалардың ірі кен орындары бар. Олардың ішінде мұнайды, газды, уранды, темір мен сирек кездесетін металдарды, фосфориттерді, борды, құрылыс материалдарын және т.б. атауға болады. Облыс аумағында алты жүзден артық кәсіпорындар жұмыс істейді. Маңғыстау облысында көптеген шетел компаниялары еліміз кәсіпкерлерімен біріккен кәсіпорындарын құрған. Олар мұнайды, газды конденсатты, табиғи газды және т.б. өндіреді. Атлас үш бөлімнен тұратын 198 карталарды біріктіреді.

Қазақстан Республикасындағы табиғи және техногендік қатерлер мен төтенше жағдайлардың қаупі атласы еліміздегі табиғи және техногендік апаттар мен төтенше жағдайлардың қалыптасуына арналған. Атласта әртүрлі апаттардың негізгі табиғи және антропогендік көздері мен осы апаттардың қоршаған ортаға әсерінің дәрежесі, табиғи және техногендік өзгерістер, төтенше жағдайлардың қалыптасуы мен олардан қорғау бағытындағы іс-шаралар туралы мәліметтер келтірілген. Сонымен бірге еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі болып табылатын экологиялық қауіпсіздікке



АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2014

де көңіл бөлінген. Себебі Қазақстанның табиғат жағдайлары өте күрделі, климаты қатаң, әртүрлі табиғи үдерістер орын алған аймақ. Еліміздің тау-кен, қара және түсті металлургия, химия және тағы басқа өнеркәсіп салалары дамыған аймақтарында техногенді апаттар мен қолайсыз жағдайлардың болу дәрежесі өте жоғары және болып та тұрады. Төтенше жағдайлар министрлігінің келтірген мәліметтері бойынша, республикада жылына 25 мыңға дейін төтенше жағдайлар болып тұрады екен, ал ондағы зардап шеккен тұрғындар саны он мыңға дейін жетеді [7]. Атластың 186 картасы бес бөлімге топтастырылған.

Атластардың барлық карталары заманауи компьютерлік бағдарламаларды қолдана отырып құрастырылған, яғни олардың электронды нұсқасында жаңа деректерді пайдалана отырып, өзгерістер енгізуге болады.

Қазақстан Республикасының қазіргі кездегі табиғатының, халқының, оның әлеуметтік-демографиялық жағдайларының, шаруашылығының дамуын қамтыған, елдің экологиялық жағдайы сияқты көрсеткіштерге сипаттама беретін Қазақстанның Ұлттық атласы және басқа атластар тобы көпшіліктің назарына ілініп, олардан қолдау табуда. Атластар орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында күнделікті қолдану деңгейіне жетті. Қазірдің өзінде олар оқу орындарының оқу үрдісінде, курстық және дипломдық жұмыстарды орындауда, магистрлік пен докторлық диссертацияларды дайындауда қолданылуда.

Назарға ұсынылған атластар көптеген елдердің ғалымдары мен мамандарының арасында қолдау тапты. Олар Украинада (Киев, 2012 ж.), Ресей Федерациясында (Москва, 2006 ж; Санкт-Петербург, 2012 ж.), Тәжікстанда (Хорог, 2001 ж.) және тағы басқа аймақтарда өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда көрсетілді. Оларды құру әдістемесі белгілі журналдар («Вестник географии и экологии», «География и экология», «Қазақ Ұлттық университетінің хабаршысы», «Natural Hazards», «Avalanche reiew») беттерінде жарияланды.

Осыдан үш ай бұрын «Қазақстанның Ұлттық атласы» топтамасына пікір жазып, олардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына лайықты екеніне қолдау көрсеткен едік. Міне, Жаңа 2014 жылдың қарсаңында аталған марапатқа жетті. «Қазақстан Ұлттық атласы» туындысының мәртебесі мен маңызы одан да артты деп есептейміз.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы. –Том 1. Табиғи жағдайлары мен ресурстары. ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Қазгеодезия» РМКК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы. – Алматы, 2010. – 150 б.

  2. Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы. –Том 2. Әлеуметтік-экономикалық дамуы. ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Қазгеодезия» РМКК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы. – Алматы, 2010. – 163 б.

  3. Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы. –Том 3. Қоршаған ортасы және

АХМЕТ ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2014

экологиясы. ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Қазгеодезия» РМКК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы. – Алматы, 2010. – 159 б.



  1. Маңғыстау облысының атласы. ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Қазгеодезия» РМКК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы. –Алматы, 2010. -256 б.

  2. Республика Казахстан. Природные условия и ресурсы. –Том 1. /Под ред. Н.А.Искакова, А.Р.Медеу. – Алматы, 2006. – 506 с.

  3. Республика Казахстан. Социально-экономическое развитие. –Том 2. / Под ред. Н.А.Искакова, А.Р.Медеу. – Алматы, 2006. –284 с.

  4. Республика Казахстан. –Том 3: Окружающая среда и экология / Под ред. Н.А.Искакова, А.Р.Медеу. – Алматы, 2006. – 518 с.


РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматриваются вопросы создания Национального атласа Республики Казахстан и его значение в изучении природных условий и ресурсов региона.



(Тасболат Б., Уразбаев А. Атласы Республики Казахстан)
SUMMARY

Creation of National Atlas of Republic of Kazakhstan and it`s importance in researches of region`s natural conditions and resources.



(Tasbolat B., Urazbayev A. Atlas of Republic Kazakhstan)


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет