«Жетім қарға бөрі басына саңғыған» тұл заман және оның қаһармандары



жүктеу 195.89 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі195.89 Kb.
: sites -> all -> files -> sites -> default -> files
files -> Абайдың көркем мәтіні
files -> Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер Институты
files -> Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота бойынша білім беру гранттарына ие болған талапкерлердің тізімі
files -> Ұлықтаудың орнына,өзгелерді биіктетеміз. Бұл да сананың құлданғанын білдіреді. Бекболат Тілеухан. Әскери институтымызға
files -> Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін квота бойынша білім беру гранттарына ие болған талапкерлердің тізімі
files -> Мұсылман өркениеті: медреседен – университетке Аязби Бейсенқұлов, филол.ғ. к., доцент
«Жетім қарға бөрі басына саңғыған» тұл заман және оның қаһармандары

(Асқар Алтайдың «Туажат» романын оқығанда )

Камалқызы Жанымгүл

Түркістан қаласы. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ф.ғ.к., доцент.



Әдебиеттанушы ғылымы аса бір иірімдері мол, абайлап баспасаң, қатеге ұрындыратын, сөз астарындағы құпия сырларын ашу үшін ұлт дүниетанымын терең түсінген, арғы-бергі тарихтан мол хабардар жан тәуекел ететін қиын ғылымның қатарында деп ойлаймын. Көп жағдайда жаңадан жарық көрген туындыларға бірден пікір айтып, баға беруге асықпайтынымыз да содан болу керек. Бірақ әдебиеттен сабақ беретін болғандықтан, бұл саланың өзекті мәселелеріне үнемі араласып, жаныңа азық болар нәрді әдебиеттен іздейтініміз тағы шындық. Әдебиет сыншыларының өткен кеңестік дәуірде замандас бейнесін іздеп, оған жауап таба алмағанына сол қоғамның негізі жалған идеяларға құрылғанынан ғой деп өзімді жұбатқаныма да біраз уақыт болған. Ал, қазіргі еркін мемлекеттің еркін ойлы азаматының бейнесі неге көрінбейді? Жазушыларымыз бүгінгі күнді жазбайды емес, жазады. Суреттеуінде мін жоқ. Тілі де құйылып тұрады. Бірақ іздегеніңді таппайсың. Қоғамдық дертті жазып отыр ғой деп сабаңа түспекке ұмтыласың. Бірақ әдебиет атты киелі дүниенің әлімсақтан бергі заңдылығынан хабарың болғандықтан, сабырлылыққа шақырған өз сезіміңмен арпалысып кетесің. Жазушы мен ақын деген қоғамдық дертті жай көрсетуші болушы ма еді?! Оның себебін ақтарып, салдарын көзіңе көрсетіп, бүгінің мен ертеңіңді алдыңа жайып салмас па? Қазір сыншыларды кінәлап жатады. Олар сынға тұрарлық дүние жоқ дегенге бой алдырғандай. Өз дәрісінде сабақ жүргізіп жатқан академик Р.Бердібайдан осы тектес сұраққа жауап алмақ болғанбыз. «Қазір ұлттық идеал анық емес, анық болмаған нәрсені олар қалай жазады?» - деген-ді. Бұл қатты әсер еткені соншалық, онда қалай өмір сүруге болады деген ойға қалғанмын. Қазір біздің қоғамда бір түрлі жоғалтқан нәрсені сағына іздеп жүрген көзге көрінбес мұң бар сияқты. Оны қазақ әндерінен байқағандай боламын. Ұлттық әуенде сол қоғамның рухани көлеңкесі қоса жүретінін ғұламалар ертеден- ақ мойындағаны белгілі. Қазір, тіпті, жастардың сезімін, көңіл қуанышын жырлап жатқан әннің өзінен біртүрлі мұң, сағыныш естіліп тұрғандай болады. Сөздері соншалықты қуанышты болса да, әуенінде жүрек қылын қозғайтын мұң қоса естіліп тұрғандай. Мысалы атақты Шәмші Қалдаяқов әндерін алайықшы. Кеңес кезеңінде жазылған барлық әндерінің астарында мұң, сағыныш естіліп тұратындай. Қуанышын, бақытын жырлаған «Бақыт құшағындасының» өзінің әуенінде бір түрлі мұң бардай. Ал, егемендігімізді алған алғашқы жылдары жазылған «Отырардың тойында» әнінің әуенінде жүрек жарды қуаныш анық көрінеді. Шалқыған шаттық, кемерінен асып төгілген қуаныш әуенінен отшашу боп шашылып жатады. Ұлт әні, әуені сол уақыттағы ұлт рухының айнасы дегенімізге бұл бір дәлел деп ойлаймыз. Бірақ ол шалқыған шаттықты қазіргі әндерден таба алмайтын сияқтымыз. Басқаны қайдам, маған солай болып көрінеді...

Көркемшығармадан да қазіргі күннің адамына ой салатын, мынау қызылды-жасылды қоғамымыздың айнасы болатын дүниені іздегелі көп болған... Әр дәуір иесі өз заманының қаһарманын іздеуі заңдылық. «Жұлдыз» журналының биылғы, 2012 жылғы бірінші санында Асқар Алтайдың «Туажат» деген романы жарық көріпті. Бас алмай оқып шықтық. Оқиғалардың өзгеше сипатталатынын алдын-ала оқырманына ескерткендей «роман-модерн» деп қиғаштай жазылыпты. Қазіргі тас қабақты, суық жүректі көптің ішінде өзім де бармын, оқырманым, мені кінәлама дегені болар: «Если виновен народ. Значит виновен я»,- деген эпиграфты да тіркепті. Демек, оның ішінде біз де бармыз. Бәріміз де мұңлы әуеннің ырғағымен сағынышқа айналған қолға ұстай алмайтын жоғымызды қуып жүргендейміз. «Көк шымылдық аспан мен ақ кебін жердің арасы кіреуке мұнар. Күнге шағылған қылау қылпып тұр». Міне, роман осылай басталады. Бұл сол күнгі табиғат құбылысы ғана емес, бүгінгі қоғамның дәл суреті. Кіреуке мұнар арасында жүргеніміз анық. «Күнге шағылған қырау қылпып тұр». Иә, егемендік алдық, тәуелсіз еліміз бар екенін сезінетініміз санамызда шағылысып, сол күнгі табиғат суретіндегідей «қырау боп қылпып тұр». Сол күні ашық күннің де сипаты өзгеше. «тәкаппар сұлудың қаздиған кірпіктеріндей», жылу шашатын нұрлы шуақ емес. Біздің бүгінгі ортамыз да дәл солай. Енді әлі белгісіз кейіпкеріне сипаттама береді. «Көзіне қан толып, көкірегіне кек тұнып, көңілінде шер шайқалған пенде ғой». Бұл бір ғана роман кейіпкері Байбураның мінезі емес, қазақ ұлтының тұтас бір бөлігінің мінездемесі. Және бұны бар болғаны он жеті жастағы бозбалаға арнап айтқан. Он жеті жасар балаң жігіттің «көңілінде шер шайқалғаны» несі? «Кіреуке мұнар арасында» қасқыр қуып мотошанамен ызғытып жүрген жігітте сондай шер бар деуге келмейтіндей. Бірақ біртіндеп, оған көзіңіз жетеді. «Қарға бөрі басына саңғыған» заманның шерлі шежіресі ақтарыла жөнеледі... «Қан тілеген тоятсыз сезім суынбай, сәт салып күшейе берді». Енді қасқыр мен адамның арпалысының бұрын -соңды болмаған суреттері көз алдыңнан өтеді. «Жалын атқан көздері жарқ-жұрқ қағып, ортқи секіріп, билей ойнақ қағып, оңға бір, солға бір сұрапыл бұрылыс жасай бастады. Байбура да көлігінің тежегішімен шірене бұрылып, қуатты да өзгеше өнерлі қаншықты қағып жіберуге бар білерін салды. Қаншық та алдыра қоймады. Құла түзде қақпақыл ойнауға көшті. Аңғал аңшыға құмбыл қаншық көлігімен шыркөбелек айналдыра шеңбер де, тоқішектей сегіздік те жасатты. Ат арқан жерді айнала алашапқын етіп жүргенде кенет боз бөрі мен аңшы асты апыр-топыр болды да қалды. Бастарын өлімге тіккен екі бірдей жаужүрек тіріжан иесі ақзу қардың бетінде беттескен күйі белдесті. Айласын асырған ақ шулан қаншық Байбураны көлігі үстінен көз ілеспес жылдамдықпен аударып түсірген. Дүрілдеген мотошана өз жайына қаңғып қалды». Әрі қарай түз тағысы мен жас жігіттің жекпе-жегі суреттелген. Сонымен бірге, кейіпкердің әу бастағы «көкірегіне кек тұнып, көңілінде шер шайқалғандығын» түсіне бастайды. «Кеше ғана Алматы алаңында көк мұз жастанып жатып көз жұмбағанына өкінді... Қасқырдай қамалып алып күрекпен төпелеп, келтекпен сойылдап, шалажансар күйде сілікпесін шығарып еді. Сол сәтте мерт болғаны абзал еді. Енді мынаусы не өмір?» Оқырманды шошындыратын қатыгездігінің себебі де осыдан кейін ашылады. Жанын күйдірген кек пен шер осы бір нүктеде тоғысқан екен. Қасқыр терісін тірідей сыпырып жатқан Байбураға да, дыбысын шығармай, тек көздері жалын шашып былқ етпей жатқан бөріге де таңданбасқа мүмкін емес. Демің дірілдеп, қайсысына болысарыңды білмей аласұратының кәміл. «Аңның киесі бар» дейтін аталар түсінігі де санаңда қылаң береді. Таңданысың әрі қарай оқыған сайын қалыңдай береді. «Қызыл шақа тәнінің беті жыбыр-жыбыр ете тартып, ал өзі былқ етпестен жатқан бөрі кенет сирақтарын серпіп қалды. Ол оқыс орнынан тұрды. Сең соққандай сенделіп кетті. Қатты аязда тоңазыған қызыл шақа тәнінен көтерілген аппақ бу өзімен бірге ерді. Бөрі шалма лақтырым жерге дейін буы бұрқырап, сенделіп барды да, сылқ құлап түсті». М.Әуезовтің «Көксерегіндегі» кейіпкердің қатыгездігі дегеніміз бұның қасында... Оқып отырған сіздің де жүрек түкпіріңізден әлде бір нәзік қыл үзіліп кеткендей болатыны анық. Қасқыр болса да жан иесі ғой, сонша қаталдық көрсеткені несі? Мұсылман танымында тілсіз жануарға қиянат жасау – үлкен күнә. Өлтіргенде де, не ақ адал бауыздау, не қинамай өлтіру лазым. Ал, біздің кейіпкеріміз түз тағысының ерекше тектісіне жолығып, оны жекпе-жекте жеңіп қана қоймай, жоғарыдағыдай терісін тірідей сыпырып алып, өзін тағы тірідей бос қоя берді. Қаншық қасқырдың да тектілігіне таңдай қағасың. Көзіңе елестете суреттелген көрініс санаңда жаңғырып көпке дейін тұрып алады. «Аңшы ет пен терінің арасын жұдырықтай іреп жатқанда да, көздері жалын шашып, бір тамшы жас та үзілмеді». Ыңыранған бір дыбыс шығармай, жауына әлсіздігін танытқысы келмей, сілкіне көтерілген, жауының алдынан аяғын тік басып көтерілген терісі сыпырылған қызылшақа бөрі көз алдыңда көлеңдейді. Жандүниеңде алабұртқан екі ұдай сезім арпалысын сезесіз. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы аңның киесі ұрып қаза болған Сарыбай көз алдыңызға келгендей болады. Мына жігітке де сондай бір зауал төнетінін ішкі түйсігің сезетіндей. Бір қауіпті сәт жақындағандай оқырман ішін тарта оқиды. Сол сәттегі ауыр психологиялық халді, оқырманның жандүниесіндегі арпалысты қатар ала жазушы былай суреттеп өтеді: «Жетім қарға бөрі басына саңғыған, дүниені ызғар қарыған, ал аңшы болса кекті ызадан қағынған күнде айнала шаңыт тартқан». Иә, «дүниені ызғар қарыған» заман, бұл – табиғаттың сол күнгі суықтығы емес, біздің қоғамды қарып тұрған ызғар. «Жетім қарға бөрі басына саңғыған» заман. Не дейді, заманымыз қандай еді өзі, өзің де заман жайлы ойлануға мәжбүрсің. Заман кейпін әр дәуірде аузы дуалы данышпан бабаларымыз бейнелеп – ақ кеткен екен. «Қилы қилы заман болар: Қарағай басын шортан шалар» деп Асан қайғы түңілген. «Мына заман қай заман, қысқан заман, басымыздан бақ дәулет ұшқан заман»,- деп «Елім-айда» зар төккен. Заманның түрі бұзылды текеметтің түріндей»,- өз заманын «Зар заман» деп атапты Шортанбай ақын. Ал, ХХ ғасырдың басындағы ұлт жанының отаршылдардың әсерінен өзгерісін көрген Ақылбек Сабалұлы өз заманын «Сұм заман» деп атапты. Төңкеріске елтіген сері Сәкен заманын арыны күшті «асау тұлпар», жел жетпес «экспресс» деп көкке самғап, ақыры арқасы жауыр болған «қызыл ат» түрінде көрмеп пе еді? Ой, дүние-ай! Ал, бүгінгі күннің суреткері жазушы Асқар Алтай біз өмір сүріп отырған дәуірді «жетім қарға бөрі басына саңғыған, дүниені ызғар қарыған» деп атапты. Ызғар қай кезде де қарып тұрады ғой оған онша елең ете қоймаспыз, онсыз да суық ызғарға бойымыз үйреніп алғалы қашан. Ал, «жетім қарға бөрі басына саңғыған» заман... Апыр-ай, біздің заманымыз қалай еді өзі?.. Келіспейін десең, айтар дәлелің қайсы? Социализм, коммунизм деп жүргеніміз, шындығында «жетім қарғаны бөрі басына саңғытқан» заман емес пе еді? Бөрілі байрақты, бөрі аруақты қазақ өз жерінде «жетім қарғаның» аяғының астында жатпады ма? Оның алдында да талай сойқан салған қызыл империя қазақ ұлтының басына, әсіресе, 1986 жылдың желтоқсанынан кейін қара қарғаны саңғытқан жоқ па еді? Жастарымыз «кекті ызадан қағынбап па еді?» Ара түсе алмағанымыз да анық. Жазушы сөз ұғар жан болса, бар қасіретті осы сөзге сыйғызып бере салыпты. Кегін кімнен аларын, шерін кімге шағарын білмей аласүрған жас жігіт бар ашуын түз тағысынан алғандай. Т.Ақтановтың «Боранындағыдай» қазақ даласының ақ түтек бораны суреттелген. Әрине, бұл өзгеше сурет. Біздің кейіпкерімізді үсуден сақтап қалған пана – тірілердің мекені емес, өлілердің моласы. «Көкірегіне кек тұнып, көңілінде шер шайқалған» қазақ баласына тірілерден көмек жоғын осылай аңғарамыз. Бабалар аруағы, аруақты ерлердің киесі мен иесі сияқты материялық түсінікке сәйкес келмейтін ұлы қасиеттер барын ұмытқан заман оқырманы түсінер түсінбес, бірақ, жазушы осы бір тылсым дүниенің сырын ұқтырады. Төребейіттің төбесінен саулай құйылған ақ сәуле арасынан көрінетін ана бөрі сұлбасы, қаһарманның боз иесі бабаларымыздың үнемі қолдап, қуаттап, қиналған сәттерімізде жебеп жүрген аруағы екеніне мен өзім сендім, сол бір ақ сәулені бар жаныммен сезінгендей болдым. Соған іздеген жоғымды тапқандай қуандым-ау. Өйткені аласұрған мынау заманда біз аман қалар болсақ, осындай киелі қасиеттің қайта оралуынан ғана аман қалармыз, сірә. Төребейіттен ертіп шығып, адастырмай аулына алып келетін Ана-Бөрі сұлбалы ақ сәуле Байбураны да талай ажалдан құтқарады. Тіпті, Байбура шешеннің ұлтшыл ұлдарырының өтініші бойынша швед қызы Агата-Марияны Дағыстан арқылы Азербайжан өткізіп сондағы Швеция елшілігіне тапсырмақ болғанында, соңдарынан түскен Ресей шекаралық әскерінің қуғынына ұшырап, асуы жоқ қиын тау шатқалында да сол Ана-Бөрі құтқарады ғой. «Осы бір сәт күн көзі тұтылғандай болып, бар маң қаракөлеңкеленіп сала берді. Ізінше дүниені көк тұман жапты. ...Бұған таныс боз сәуле көк төрінен көк тұман тұтқан жерге – тап қарсы алдарына саулай құйылды. Лезде әлгі сәуле бозаң бөрі сұлбасына айналды». Санаға сыймас қайшылық – романда ақсәуле арасынан пайда болған ана бөрі сұлбасы Байбураның өз қолымен қинап өлтірген қаншық бөрі сияқты көрінуінде. «Шаңыт дүниені дір еткізгендей болып, кенет қаншық бөрінің үстінен көтерілген будан бөлініп, Байбураға қарай ақ қардың бетін сәулелі нұрмен шомылдырып, беймәлім боз сағым ақты». Көз алдындағы құбылыс Байбураның қимылдауға шамасын келтірмейді. « Ал сағым сәуле болса, бұған құрық бойы жақын келіп, шеңберлей айналды. Бөрі басты сағым сәуле барыс құйрықтанып ұзара берді. Ол бөрі сәулелене сағымданып, ұзара өсіп, мұны шеңберлеп алды. Бөрі сұлбалы дөңгеленген алып сағым сәуле бел ортасынан ұзара өсіп кетіпті. Шеңберлей созылған бөрі сұлба құйрық тістесіп, мұны қоршап алыпты». Міне, осы бөрі сұлба кейіннен Байбураның қолдаушысы, қиналғанда демеушісі, жабыққанда жебеушісіне айналады. Бұл не? Қинап өлтіргеніне айтқан алғысы ма? Оқырманға түсініксіздеу қалатын тұсы осы болса керек.

Оқырманымен автор өз кейіпкерін жасы қырыққа таяған шағында қайта кездестіреді. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан намысты қазақ жастарының ащы тағдырын кейбір шегіністер мен, ішкі монологтары арқылы берілген. Қазіргі оқырманның ыңғайына көнгені болар. Терең талдауларды оқып отыруына уақыттары жоқ па, шыдамдары жетпей ме, әйтеуір өзгеше қауым пайда болды ғой. «Заманына қарай амалы» деген бабалар қорытындысы дәлелденгендей көркем әдебиетте сол оқырманға лайық түр шығып жатыр. Бұл роман да соның бір үлгісі. Жақсы үлгісі десек болады. Байбураны анасынан айырған дауыл-құбыжық – ерекше танымды қажет етеді. Дауыл-құбыжық қайдан, қалай келгеніне автор түсінік беруді міндетіне алмаған. Егер оны символ десек, атом жарылысының сұмдығы ма, әлде қазақ ұлтының бар нәрін сорып алып жатқан құдайсыз үкіметтің сұмдық идеологиясы дейміз бе, ұлттың ішкі рухани дүниесі кеміріліп желініп болған соң, осылай шеңбердей үйіріп оп-оңай көтеріп апарып шашып жіберетініне жасалған тұспал ма? Жаныңды тітіреткен сұрапыл дауыл құбыжық бейнесі мәнсіз алына салған көрініс емес. Анасын жұтқан дауыл-құбыжықтан Байбура адам сенгісіз себеппен аман қалған. Бұны құдіреттің хикметі демеске бола ма? Санасын Дарвиннің эволюция заңымен, Маркс-Лениннің коммунизм теориясымен улап тастаған өткен ғасырдың елуінші-жетпісінінші жылдары аралығында дүниеге келген «жоғалған ұрпақ» өкілдері сене қоймас. Осы кезеңнің өзім де өкілі болғандықтан, бұл уақыттағы ұрпақты осылай «жоғалған ұрпақ» қатарына қосқым келеді. Өйткені біз ұлтымыздың барлық қастерлі де киелі қасиеттеріне барынша қарсы тәрбиеленген, «ғажайып коммунизмде» өмір сүруге дайындалған ұрпақпыз. Дәстүрді, дінді, өз ұлтымыздың тарихын мансұқтап, басқа елден жақсылық күткен ұрпақ екенімізді несіне жасырамыз?! Санасына өз ұлтының ұлылығы мен киелі қасиеттері сіңбеген ұрпақ өз ұлты үшін «жоғалған ұрпақ» болмай ма?.. Міне, жоғарыдағы хикметке сенбейтіндер осылар болар деп ойлаймын. Ал, жазушы оны қиялдан алды деуге болмайды. Ол өзінше бір үлкен тақырып, оған қазір көп бөгелгім келмей отыр. Байбураның сәби шағындағы басынан өткізген ғажап оқиғасын жазушы сол Ана-Бөрі арқылы өзіне қайта көрсетеді. Бұл түс ерекше құбылыс болып суреттелген. Шегініс, кейіпкердің еске түсіруі де емес, не авторлық баяндау арқылы өткен өмірді қайта баяндау да емес. Бұл - әдебиеттегі бұрынғы заңға бағынбайтын өзгеше үрдіс арқылы сәбидің ешкім куә болмаған ғажайып тағдырына араласу немесе модерн әдісі. Байбура өмір бойы сағыныш боп жүрегінде тас боп бекіп қалған анасына деген сағынышын алаңсыз бір босатып алғандай, елестете алмайтын анасын көзбен көре алады. «Осы бір сәт ана мен бала аса бір шаттықты, аса бір махаббатты сезімді бастан кешіріп еді-ау!.. Анасының тұла бойы шымыр-шымыр сезімге толып, алпыс екі тамыры иіген. Ал, Байбураның бұла қуаты ақ сүтпен әлдене түсіп, бой-бойы бүлкілдей, аш өзегі нәрлене, ерекше бір ләззәтті күйге бөленген. Аналық махаббат пен балалық бейкүнәліктің шуағына шомылған киіз үйдің жартылай ашылған шаңырағынан күн нұры да саулай құйылып жатқан». Бала есінде сақталмаған осы бір сәтті Ана-Бөрі соңынан еріп, өткен күнін көзбен көрген Байбура сол сәтті қайта бастан кешіреді. «Түсінде жеті қат көк төрінен сәуле боп жеткен Ана-Бөрісі оралып, мұның тұманытқан санасын сейілте түсіп, өткен өмір өлкесіне ертіп әкетті». Міне, автор Байбураның сәби шағын осылай суреттеп береді. Дауыл-құбыжық алып кеткен сәбидің арғы тағдырын автор былай көрсетеді: «Шаңырағы шашылып, керегесі күйреп далада қалған, қазан-ошағы жайрап, түңілік-туырлығы түтіліп, түзде жоғалған киіз үй мен көкке ұшып кеткен анасы ғана Тесікұяға жете алмаған. Зәулім теректің басындағы бұтаққа кеп ілініп қалған бесік қана. Бесік қана ішіндегі Байбурадай сәбиімен есен-аман, бүлінусіз бүтін жеткен. Ол да бір қу бұтаққа ілініп, желмен шайқалып, зорға тұр. Кәрі бұтақ бірақ сыр берер түрі байқалмайды. Жарты құлашы бесікті жел шайқаса да желімдей жабысып, шынашағына ілініп алған дәу перідей былқ етпейді». Дауыл-құбыжық аяқ астынан шаңырағын ортасына түсірген үйдің болашақ иесі осылай сол құбыжықтың күшімен биік ағаш бұтағына ілініп аман қалады. «Бесігінің жабуы – жұлдызды көк аспан, тербетер ана қолы – көк теректің иір бұтағы». Жақында ғана өткен тарихымызға қарап отырып, бір ызыланғаным бар еді. Өз шаруашылығымен жап-жақсы өмір сүріп жатқан қазақ қоғамына революция келіп, шаңырағын шайқап, малын тартып алып, асыраушыларын өлтіріп немесе түрмеге жауып, елді аштыққа ұрындырып, қолдан қаңғыбас жетім жасап, сол жетімдерге балалар үйін ашып, «қамқорлық» жасаған гуманизмін біз сонша мадақтап келіппіз. Мына суреттеу дәл сол қоғамдық құбылыстың символдық бейнесі деуге болады. Бөріні ана, қыранды пана тұтқан қазақ рухы Байбураны тұмса табиғат аясында аш та, панасыз да қалдырмайды. «Шәулі қыран семіз қоянның оймақтай көздерін ойып алып, қанын сорғалатқан күйі сәбидің аузына тықпалады. Кешеден бері нәр сызбаған Байбура да қоянның қызыл қанын қылқылдата ішіп, жұмсақ жанарын жұтып қойды. Майлы жанарға бірақ жүрегі кілк етпеді. Ақшәулі де аналық сезіммен шаңқ-шаңқ етті». Бөрі, жолбарыс, киік, самұрық құс асырап өсірген батырлар туралы ғажайып жырларды қиял-ғажайып ертегіге жатқызып, талдап жүргенімізге ойланып қалдым... Қазақтың эпикалық суреттеулеріндегі көркемдік ойлау заңдылығын өз табиғатына лайық түсіндіре алмай жүргенімізге бұл да бір дәлел болатындай. «Жөргегі құп-құрғақ боп бесікке бөленіп, жарғақ теріден тігілген түбекке тышқақтаған Байбура осылайша үш күн, үш түнді басынан өткерді. Үш күн бойы қарға –құзғыннан көкте қыран, үш түн шиебөрі-қарабауырдан жерде бөрі күзетті. Үш күн бойы ана қыран Ақшәулі сәбиді аш қалдырған жоқ». Енді бұл сәби «туажат» болды ғой. Әкесі Байбураны Алтай тауының Тесікұя атты ұры сайынан осы жағдайда табады. Зарланып келген әке үні орманды жаңғырықтырады, оқырманның да жүрегіне улы мұң сіңіп кеткендей болады. Адам ұлын көкте қыран, жерде бөрі күзетіп, әкесіне аманаттағандай болады. «Адам баласының ащы үні мен аттың осқырына пысқырғанын естіп, көзі көріп тұрса да, тәңірінің қалауымен қос көкжал бір сәт кірпік ілмей, күзет орнынан жылыстамады. Көздері жалын ата ырылдады». Міне, Тәңірдің сүйген құлы, күнәсіз періштенің «күзетшілері». Келген адамның шын әкесі екеніне сенген кезде ғана орындарынан қозғалады. Бұны ертегі деп ойлайсыз ба? Жоқ, ұлы жаратушы Алланың адам баласына деген кіршіксіз ілтипаты, он сегіз мың ғаламды адам игілігі үшін жаратқанының дәлелі. Табиғаттың серісі бөрілердің жүрегіне құйылған мейірімнің сырын түсінер ішкі түйсігіміз қатаңданып кеткенін, табиғаттан алыстап бара жатқанымызды мойындауға тура келеді. «Дүниені ызғар қарыған» дегендегі жазушының айтпағы осы адамдар жанындағы ызғар болар. Егер «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген сүюге, Алланың шексіз махаббатына сенсек, өз жүрегімізге де «Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті» деген тәтті сүйіспеншілік нұрына бөленеріміз хақ. Сонда дүниені қарып тұрған ызғар жібір еді. Бірақ, роман қаһарманы бұл күйді басынан кешіре алмайды. Қоғамымызда әлі «суық ызғар қарып тұр»...

Романда тағы бір «ертегілік» оқиға кездеседі. Байбураның әкесінің қалың орман ішінде шайтандармен соғысын жай ғана оқырманның көңілін аулау үшін қызық оқиға іздеген автордың өзіндік әдісі деуге болмас. Адам баласын жүрер жолынан да, Аллаға деген ақ сенімінен де тайдыруды өзіне серт еткен малғұн ібіліс бізбен бірге өмір сүріп келе жатқанын «құдайсыз қоғам» құрған советтік кеңістік біржола жоққа шығарғанымен, бұл мәселе ұлылардың қаламында, барлық халықтың аңызында әңгімеленіп келе жатқанын құлағы түрік оқырман, көңілі зерек көпшілік біледі. Ібілістің баласы қасында отырғанын көрген Адам ата Хауа анаға іренжіп, малғұнның баласын шауып тастаса тіріледі, отқа салса, қайтып шығып кетеді, енді Адам атаны ашуландырмайын деген ізгі оймен ібілістің баласын Хауа анамыз жұтып қойғанын әңгіме етеді қасиетті кітаптар. Сонда ғана жаны жайланған ібіліс:   Иә, балам, орныңды тапқан екенсің,- депті. Содан бері адам жанымен бірге жасасып келе жатқан ібіліс адам баласын қандай жолға итермелемеді дейсің?! Данышпан Гете: «Істейтінім- жақсылық, ойлайтыным – жамандық» деген сөзді Мефистофель-шайтанның аузына бекер салды деймісің. Бір қызығы, біздің Алдар бабамыз сол шайтанды да алдап, жер қаптырып кететіні бар. Бұл – қазақ рухының мықтылығы. «Елде жоқ рухты ақын ойдан шығара алмайды, ... айтылған сөзде сол кездегі халық рухы көрінеді» деген А.Байтұрсынов данышпандығына бас иесің. Шайтанды мініп өлеңдеткен Алдардан өз жеңісіне деген сенімі мықты бабалар рухын танисың. Осы рух А.Алтай романынан кезіккеніне сонша қуандым, шүкір, ұлтымыздың рухы жеңілмеген екен. Қараңғы орманда тап болған «аттың шаужайынан айрылмай жүрген аппақ сұлу, көк көзді, қою сары шашты сайтанды» Байбураның әкесі өз дегеніне көндіреді. Тілінің астындағы тілләсін алып: «Құлың боп өтейін! Жер жалмаған, жер баспаған жеті ұрпағыңның құлы болып өтейін!» деген уәдесін алады. Өзі де, бесігімен көтеріп келе жатқан сәбиі де шайтан құрған тұзақтан аман қалады. Гетенің орман перісінен баласын құтқара алмаған кейіпкері ойға оралады. Ол да қараңғы орман ішімен баласын алып қашып келе жататын еді ғой. Бірақ Гете кейіпкері ұрпағын құтқара алмады. Байбураның әкесі ібілісті жеңді. Осы бір эпизодты соңына дейін қорқынышпен оқыдым. Ібілісті жеңгенде, бүкіл ұрпағымыздың жеңісін көргендей тынысым кеңігені өзіме және бір Аллаға аян. Бұл - бұрынғы бабалардың рухы сақталғанына деген сенім. Ібілістің жетегінде кетуден сақта, жасаған! Байбураның қасында үнемі ібіліс емес, бөрі сұлбалы Бозиесі, Ана –Бөрі жүреді жол көрсетіп. Біле білсек, бөрі сұлбалы Бозие бабалар қалдырған рухани мұрамызда жатыр ғой... Ол да өз алдына бөлек әңгіме болатын ұзақ дастан, қазір оған тоқталуға уақыт тығыз. Өйткені біздің кейіпкеріміз Байбура «бөрі басына қарға саңғыған» тұл заманның өз ішіне кіріп келе жатыр. Соның бағытымен бізде асығыс бүгінгі адамдар өмір сүріп жатқан ауылға жетейік. Бірінші көретініміз – тірі жанның «бейіті» мен жалғызынан айрылуға жаны төзбеген әке бейіті. Құбыжық дауыл ұшырып кеткенінде жас сәбиін табамын деп үмітін үзбеген әке темір табыт келгенде, бар үміті үзіліп, өзі де өмірден баз кешіпті. Мезгілсіз өлім шақырған уақыт көрінісі. Екінші көрер сұмдығымыз, кейіпкерімізді «тас балбалдай қалшитқан», оқырманның денесін тітіреткен «аппақ мойын, еліктей ерке, сүйріктей сұлу» Алқабегімнің қазіргі халі. «Көз... Өзіне таныс көз кіреш­-кіреш торлап тастаған темір шарбақты ашық терезеден тесіліпті де қалыпты. Тәңірім ау, мынау Алқабегім жанары ғой!.. Алқабегім... көзі ғана қалыпты. Қарақаттай көзі ғана... Ол да үсік шалғандай көмескі. Баяғы ақықтай жалтылдаған, гауһардай жарқылдаған жанар жоқ. Отсыз. Сәулесіз. Үмітсіз». Осы жолдарды оқығанда: «пәк қыздарымыз күң болды», «ұлымыз құл болу үшін, қызымыз күң болу үшін тумаған» деп саңқылдаған бабалар даусын естігендей боласың. Үмітсіздік бар жандарда бар. Алқабегімнің қайғысын бәрі біліп отыр. Оған қажыр қылар ешкім жоқ. «Алқабегім түрмеден көтеріліп келіпті. Алматы маңындағы Жауғашты түрмесінде жүріп босанып, туыт кезінде қызыл шудан құтырып кетіпті. Аса сезімтал, сұмдық сұңғыла жан Желтоқсан салған жан жарасына шыдай алмапты». Нағашысы осылай әңгімелейді. Өз ішінен шыққан перзенті де өзін қорлаған, пәктігін құртқан жауыз зорлықшылардан бойына бітіпті. Ар мен намыстан жаралған қазақ қызы бұған шыдар ма?! Оқырманым, бұл оқиғаны оқып отырғанда сенің де жаның қиналып, жүрегің мұздап, намыстан қайта қаның көтерілетіні анық. «Жетім қарға бөрі басына саңғыған» деген осы емес пе? Жайшылықта көздерін қадауға жарамайтын есерсоқ жандардың Алқабегімдей аруды түрмеде қорлауы – сол кездегі көптеген қазақ қыздарының басындағы жағдай ғой. Әдебиет заңындағы жинақтау әдісі. Қазақ ұлтының басына түскен «қилы заманның» бір кезеңі. Жазушы оны әңгіме арасында сөз етіп кеткенмен, жүрегіңді суырып алардай әсерлі. Себебі ащы шындық. Тәтті өтірікке малданғаннан гөрі осындай ащы шындық әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда пайдалы. «Пенде атаулы бір-біріне жау бола алады, бірақ қу жанына пана бола алмайды екен»,- деп тұншығады Байбура. «Өмірі ойрандалған, санасы сансыраған қайран сұлу! Ару Алқабегім! Қайтейін? Обалың кімге?!» Көзіңе жас ала отырып оқыған бұл жолдарды жазушы айтп отыр деп ойламасйсың. Өзің, жаның қиналып отырып өз жүрегің осылай тебіреніп отырғанын сезесің. Алқабегімдердің обалы кімге? Ең болмаса, соның құнын сұрауға да жарамай отырмыз-ау, деген ащы ой санаңды жарып өтеді. Бұл желтоқсаншы жастардың жендеттеріне деген ашу мен ыза. Қолдарында қаруы, артында оларды қолдаған содырлы үкімет билігі бар қанішерлер еді олар. Қазақ ұлтын біржола құртуға ниет еткен ата жауымыз дейікші, жау қашан да аяулыңа тырнақ батырып, жанды жеріңе оқ ататыны белгілі. Шүкір, сол қыршын жастардың ажалы мен азабы арқылы тәуелсіздікке қол жеткіздік, құрбандықсыз жеңіс болар деймісің деп, бұған да сылтау табасың. Ал, жаныңды шырылдатқан мына сұмдыққа сөз таппайсың. Адамзаттың, оның ішінде «жаным арымның садағасы» дейтін қазақ баласының азғындағына шыдауға әлің келер ме екен? Романда жарты бетке сыйғызылған Орақбай Қортықтың әрекеті берілген. Қортық. Оның дене бітімі емес, жан дүниесі қортық, «бөрі басына қарға саңғыған» тұл заманның азғын перзенті. Бұны да Байураға ақсәуле болып келетін Бөрі-Ана ертіп жүріп көрсетеді. Тірісінде жаулары зорлаған қайран арудың өлі тәнін зорламақ болған Орақбай-Қортықтың әрекетін қай ақылға сыйғызарсың?.. Жан денеден шыққанымен үш күнге дейін, немесе жаназа оқылғанға дейін тәнді айнала ұшып жүретінін, болып жатқан адамдар әрекетін бақылайтынын, бірақ араласа алмайтындығын үлкендер көп айтатын. Жақында Ресей телеарнасынан өліп тірілген жандардың әңгімесін тыңдағаным бар. Сонда бір жігіт дәл осы романдағы Алқабегімнің бөлек ұшып жүрген рухындай оқиғаны айтты. Сондықтан, бұны таргедияны қоюлату үшін автор қиялынан жасалған сенімсіз сурет деуге келмейді. Осыншама азғындықты көрген, қор жандардың қорлығын жанымен де, тәнімен де сезінген ару жынданбағанда, кім жынданады?!. Қортықтың әрекетін сезген ару рухы алдымен шапалағымен азғынның бетін сипап өтеді. Құдайдан қорықпайтын, ұяттың не екенін сезінуден қалған Орақбай оған селт етпейді. Тәнін көз алдында қорлауға айналғанда мәңгілікке бет алған рух тәнге кіріп, Алқабегім тіріліп кетеді. Өлі рухты қайта тірілтіп жіберген сұмдық әрекет «бөрі басына қарға саңғыған» заманның ісі. Алқабегімнің мінезіне сай әрекеттерін оны босандырып жатқан дәрігерлердің әңгімесінен білеміз:

« Шешесі тапқысы келмепті.



  1. Желтоқсан жендеттері зорлапты...

  2. ... шешесі қанша рет түсірем деп әрекет жасапты... Түспепті.

  3. Қарнына қанжардай пышақ та салыпты, бейшара! Аман қалыпты.

  4. Ақыры осы... Өзі құрбан болды».

Өмірге «шата» келді. Некесіз, анасының ықтиярынсыз, мейірімінсіз дүниеге келген бұл жандар қандай болмақ? Қорқыныштан жүрегің дір еткендей. Әлде, бәріне куә Алла бейкүнә жанға осы перзенттен сый көрсетер ме екен?..

Тағы бір «бөрі басына жетім қарға саңғыған» заманның жетесіз пендесімен, бүгінгі күннің қаһарманымен кездесеміз. Алатаудың Найзақара шыңы жақтағы алқапқа орналасқан ғажайып табиғат арасына салынған екі қабатты үйдегі жас әйелдер тіршілігін немен түсіндіруге болар екен. «Мың бір түн» ертегілеріндегі еріккен сұлуларыңды жолда қалдырады. Атақты О. де Бальзакты замандастары қоғамымызды ұждансыз (безнравственность) етіп көрсеттің деп кінәлаған екен. Сонда жазушы мен тек өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамды суреттедім, егер ұждансыз болса, онда мені емес, ұждансыз қоғамды кінәлаңдар деген. Біздің күнімізде де белсенді оқырмандар болса, жазушымен дауласар ма еді?.. Онда автор жоғарыдағы сөздерді қиналмай айтар еді. Өйткені ол да бүгінгі қоғамның біраз қабаттарының шындығын суреттей алған.



Бұ дүниенің тозағын басынан кешіріп, еліне аман келген Байбураны сатып беретін - өзінің сыныптасы, «жан досы», қуана қарсы алған Болат. Бұл да - біздің заманымыздың қаһарманы. «Досына» сенген Байбура секіріп жерге түскенде: «еңгезердей екеу екі қолынан шап беріп, білезік буынынан бұраған күйі қолын артына қайырып, ал полиция киімді капитан әбжіл қимылмен қайырылған қолға көзір салып үлгірді». Бұлар да – біздің заманымыздың қаһармандары. «Өзіңнің орныңа өзгенің сүйегін салғызып, әскери борышыңнан қашқан дезертирсің...» «Ауғандықтар ақталғалы қашан?» деген Байбура сөзіне: «Ақтап жүрген орыстар. Ресей ғой. Ал біз ақтаған емеспіз. Сен қылмыскерсің, бауырым, ол үшін жауап бересің. Ақталсаң – сексен алтыншы жылғы «декабрист» дегеннен ғана ақталғансың. Оның да күмәнді тұстары көп... Тәуелсіздік келіп, сонымен ғана жазаға тартылмай тұрсың». Міне, капитан шеніндегі қазақ азаматының Байбураға таққан кінәлары. Ауғанды Ресей ақтаса, соғысқан да солар емес пе? Сол жерде көрген жастардың қиындығына кім жауап береді? Иә, ауған жеріндегі, тамұқта азапты ауған лагеріндегі тұтқындық өмірді де жазушы Ана-Бөріге ілестірііп жүріп, Байбураның түсімен түсіндіреді. Бұл жерде тағы да сұраушысы, іздеушісі жоқ жан болып азап тартқан жастардың тағдырына жауаптылар іздестірілгендей. Біздің бүгінгі күннің қаһармандарының жан жарасы. «Бадабер» тұтқынындағы қасірет әлі көпшілікке жете қоймаған шындық деуге болады. Ол жерде де ерлердің ері шыдайтын сынақ пен азапқа шыдаған бүгінгі күннің қаһармандары. Тұтқындарды өз жағына шығару үшін айтылған сөздер өміріміздің шындығы. «Сонау Сталин заманынан бергі «советтік солдат тұтқынға түспейді, бізде сатқындар жоқ» деп міз бақпай, мойындамай отыр; ...сендер мәйітсіңдер; баяғыда-ақ туған жерлеріңе мырыш табытпен жөнелтілгенсіңдер, зираттарың опасыз Отандарыңда төмпешік боп жатыр; сендер кінәлі емессіңдер, күнәһарлар – олар; өз істеріне әлі жауап береді; құдай да сендерді кешіреді – осынша азап тарттыңдар, соншама мазақ болдыңдар...» Шындық сол жау боп отырған ел азаматтарының сөздерімен берілген. Сексен алтыншы жылғы желтоқсаншыл жастардың қасіретінен де дәл суреттер берілген. Желтоқсаншыл жастардың, отаншыл, ұлттық намысты жоқтап шыққан жастардың ақталғанына өкінетіндер, сәл мүмкіндік болса, қолындағы билікті пайдаланып, оларды аямауға дайын тұрғандар да осы күннің қаһармандары. Байбура су сұрағанда иттің алдындағы ыдыспен су берген кержак шал да, біздің елімізде тұратын, бірақ бізді менсінгісі келмейтін, жиіркене жек көретін бүгінгі күннің қаһармандары. Қазақ ұлының ерлігін, мәрттігін, адалдығын мойындаған швед қызы – Мария-Агата да біздің бүгінгі күннің қаһарманы. Оны айтып отырған себебіміз Ана-Бөрі жебеп жүрген қазақ ұлы Байбураның болашақ перзентінің анасы - осы швед қызы. Ол ұрпақ кім болып келер екен? Анасы ұлына елінен хабар берер ме екен? Роман аяқталады, бірақ оқырман ондағы сөз болған мәселелерден бөліне алмайды. Ондағы өмір бүгінгі күнмен жалғасып жатады. Роман жанрының талабының өзі де осы ғой. Романда бүгінгі күннің сан түрлі жандарының бейнесі мейлінше өзінің тілдік ерекшеліктерімен, өз мінездерімен, өз ұстаным, танымдарымен ашық көрінеді. Солар арқылы қазіргі күнгі қазақ ұлтының біраз өзекті мәселелері сөз болады. Қоғамға тірек болар, ұлттың болашағына темірқазықтай бағдар беріп тұратын мызғымас ұлттық идеология қажет ақ. Сол рухани қазына, соған деген сенім барлық қиындықтан алып шығатынына жазушы Ана-Бөрі бейнесі арқылы сендіреді. Жақсылық пен жамандық күресінің бүгінгі жауынгері Байбура - ұлтымыздың сынбаған рухы, жеңілмейтін жігері. Ана-Бөрі, боз иеміз болғанына, сондай аруақты елдің ұрпағы болғаныңа шүкірлік етесің. Санасында сәуле жоқ ұрпақ өсіруден қорқасың, айналаңдағы жандарға сынай қарайсың, «Көк шымылдық аспан мен ақ кебін жердің арасы кіреуке мұнар» арасында кімдер жүргеніне түстеп қарауға тырысасың. Романды қиналып оқисың, «бөрі басына саңғып жатқан қарғаларды» көзіңмен көргендей, арпалысты бір сезімді басыңнан кешіресің, солармен күрескендей шаршайсың, Ана-Бөрі рухы барлығына сенесің де жігерленесің...

Құрметті редакция! Мен сіздердің журналдарыңызда жарияланған «Туажат» романын оқып, қатты әсерлендім. Авторды танымаймын. «Әдебиет көркеюі үшін оған сын керек» деген сөздің дұрыстығын мойындаймын. Жақсы шығарма насихатталуға тиіс. Осы мақсатпен жазған мақалам еді. Мүмкін болса, жариялауларыңызды сұраймын.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет