Жылжымалы жабдықҚА Қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенция



бет1/3
Дата03.05.2016
өлшемі486.09 Kb.
  1   2   3


ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЖАБДЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕПІЛДІКТЕР ТУРАЛЫ КОНВЕНЦИЯ
ОСЫ КОНВЕНЦИЯҒА ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕР,

жоғары құндылығы немесе айрықша экономикалық маңызы бар жылжымалы жабдықты сатып алу мен пайдалану және осындай жабдықты сатып алуды қаржыландыру мен тиімді пайдалануға көмек көрсету қажеттігін СЕЗІНЕ ОТЫРЫП,

лизингтің және активтермен қамтамасыз етілген қаржыландырудың артықшылықтарын ТАНИ ОТЫРЫП және осындай мәмілелерге нақты реттеу қағидаларын белгілеу жолымен жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,

осындай жабдықтарға қатысты кепілдіктерді әмбебап танумен және қорғаумен қамтамасыз ету қажеттігін ЕСКЕРЕ ОТЫРЫП,

барлық мүдделі тараптардың кең әрі өзара экономикалық тиімділіктерін қамтамасыз етуге НИЕТ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП,

осындай қағидалар лизингтің және активтермен қамтамасыз етілген қаржыландырудың негізінде жатырған қағидаттарды көрсетуге және тараптардың осы мәмілелердегі еркінің автономдығы қағидатының құрметтелуін қамтамасыз етуге тиіс екеніне СЕНІМ БІЛДІРЕ ОТЫРЫП,

осындай жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер үшін құқықтық шеңберлер белгілеу және осы мақсатта оларды қорғау үшін халықаралық тіркеу жүйесін құру қажеттігін СЕЗІНЕ ОТЫРЫП,

осындай жабдыққа қатысты қазіргі бар конвенцияларда жария етілген мақсаттар мен қағидаттарды НАЗАРҒА АЛА ОТЫРЫП,

төмендегі ережелермен КЕЛІСТІ:
І тарау

Қолданылу саласы және жалпы ережелер


1-бап. Анықтамалар

Осы Конвенцияда, мән-жайлар өзгеше болуын талап ететін жағдайларды қоспағанда, мына терминтер төменде көрсетілген мәнінде пайдаланылады:

а) «келісім» міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету туралы келісімді, меншік құқығын резервтей отырып, алдын ала сату туралы келісімді немесе лизинг туралы келісімді білдіреді;

b) «цессия» шартты білдіреді, оған сәйкес цессонарийге осы шарттың қамтамасыз ету ұсыныла отырып жасалған-жасалмағанына қарамастан, тиісті халықаралық кепілдік беріліп немесе берілмей, объектімен байланысты құқықтар беріледі;

с) «объектімен байланысты құқықтар» объектімен қамтамасыз етілген немесе онымен байланысты келісім бойынша төлемақыны алуға немесе борышкердің өзгедей орындауына деген барлық құқықтарды білдіреді;

d) «дәрменсіздік жөніндегі рәсімдердің басталуы» дәрменсіздік туралы қолданылатын заңға сәйкес дәрменсіздік жөніндегі рәсімдер басталды деп есептелетін уақытты білдіреді;

e) «әлеуетті сатып алушы» меншік құқығын резервтей отырып, алдын ала сату туралы келісім бойынша сатып алушыны білдіреді;

f ) «әлеуетті сатушы» меншік құқығын резервтей отырып, алдын ала сату туралы келісім бойынша сатушыны білдіреді;

g) «сату-сатып алу шарты» сатушының сатып алушыға объектіні сатуы туралы шарты білдіреді, ол жоғарыда, а) тармағында айқындалғандай келісім болып табылмайды;

h) «сот» жалпы юрисдикция сотын немесе әкімшілік трибуналды немесе Уағдаласушы Мемлекет құрған төрелікті білдіреді;

i) «кредитор» міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету туралы келісім бойынша – кепіл ұстаушыны, меншік құқығын резервтей отырып, алдын ала сату туралы келісім бойынша әлеуетті сатушыны немесе лизинг туралы келісім бойынша лизинг берушіні білдіреді;

j) «борышкер» міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету туралы келісім бойынша – кепіл берушіні, меншік құқығын резервтей отырып, алдын ала сату туралы келісім бойынша – әлеуетті сатып алушыны, лизинг туралы келісім бойынша – лизинг алушыны немесе объектіге құқығына қандай да бір өзгеше тіркелетін, шарттан тыс құқықпен немесе кепілдікпен ауыртпалық салынған тұлғаны білдіреді;

k) «дәрменсіздік бойынша басқарушы» қайта ұйымдастыруды немесе таратуды басқару құқығы берілген, оның ішінде уақытша негізде тағайындалған тұлғаны білдіреді және, егер бұл дәрменсіздік туралы қолданылатын заңда рұқсат етілсе, иеліктегі борышкерді де қамтиды;

l) «дәрменсіздік жөніндегі рәсімдер» уақытша рәсімдерді қоса алғанда, банкроттықты, таратуды немесе басқа да ұжымдық соттық немесе әкімшіліктік рәсімдерді білдіреді, олардың кезінде борышкердің активтері мен шаруашылық қызметі қайта ұйымдастыру немесе тарату мақсатында сот тарапынан бақылануға немесе қадағалануға жатады;

m) «мүдделі тараптар»:

i) борышкерді;

ii) кредитордың пайдасына қандай да бір міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында бірінші талап ету бойынша кепілгерлікті беретін немесе кепілдікті ұсынатын, резервтік аккредитивті немесе кредиттің қамтамасыз етілуі туралы кез келген басқа құжатты ұсынатын кез келген тұлғаны;

iii) объектіге құқығы бар кез келген басқа тұлғаны білдіреді;

n) «ішкі мәміле» егер мәміле жасалған кезде осындай мәміледегі барлық тараптардың негізгі мүдделер орталығы және мәміле объектісі (оның тұрған жері Хаттаманың ережелеріне сәйкес айқындалады) бір ғана сол Уағдаласушы Мемлекетте болса және, егер мәмілемен жасалған кепілдік 50-баптың 1-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған осы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық тіркелімінде тіркелген болса, 2-баптың 2-тармағының а) – с) тармақшаларында атап санамаланған типтердің бірінің мәмілесін білдіреді;

o) «халықаралық кепілдік» кредиторда бар, өзіне 2-бап қолданылатын кепілдікті білдіреді;

p) «Халықаралық тіркелім» осы Конвенцияның немесе Хаттаманың мақсаттары үшін құрылатын халықаралық тіркеу қызметін білдіреді;

q) «лизинг туралы келісім» ол бойынша бір тұлға (лизинг беруші) басқа тұлғаға (лизинг алушыға) жалдау немесе өзгедей төлем үшін объектіге иелік ету немесе оны басқару құқығын (оны сатып алу құқығымен немесе ондай құқықсыз) беретін келісімді білдіреді;

r) «ұлттық кепілдік» кредитор иелік ететін объектіге қатысты және 50-баптың 1-тармағына сәйкес жасалған мәлімдеменің аясына кіретін ішкі мәміле нәтижесінде қалыптасатын кепілдікті білдіреді;

s) «шарттан тыс құқық немесе кепілдік» мемлекет, мемлекеттік ұйым немесе үкіметаралық немесе жекеше ұйым алдындағы міндеттемелерді қоса алғанда, 39-бапқа сәйкес мәлімдеме жасаған уағдаласушы Мемлекетке міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін заңға сәйкес берілетін құқықты немесе кепілдікті білдіреді;

t) «ұлттық кепілдік туралы хабарлама» ұлттық кепілдіктің құрылғаны туралы, Халықаралық тіркелімде тіркелген немесе тіркелуге жататын хабарламаны білдіреді;

u) «объект» 2-баптың ережелері қолданылатын санаттардың біріне жататын объектіні білдіреді;

v) «бұрын болған құқық немесе кепілдік» осы Конвенция күшіне енген күнше дейін туындаған немесе болған, 60-баптың 2-тармағының а) тармақшасында айқындалған объектіге қатысты кез келген түрдегі құқықты немесе кепілдікті білдіреді;

w) «өтеу» объектінің толық немесе ішінара жоғалтылуы, физикалық бұзылуы немесе оның толық немесе ішінара тәркіленуі, мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы немесе реквизициялануы нәтижесінде туындайтын ақшалай немесе ақшалай емес түсімдерді білдіреді;

x) «шартты цессия» осы оқиғаның басталатынына сенім бар-жоқтығына қарамастан, болашақта, мәлімделген оқиға басталған бойда жасауға ниет етілген цессияны білдіреді;

y) «шартты халықаралық кепілдік» осы оқиғаның басталатынына сенім бар-жоқтығына қарамастан, болашақта, мәлімделген оқиға басталған бойда (борышкердің осы объектіге қандай да бір құқықты ықтимал сатып алуын қоса алғанда) қандай да бір объектіге қатысты халықаралық кепілдік ретінде беруге немесе көздеуге ниет етілген кепілдікті білдіреді;

z) «шартты сату» осы оқиғаның басталатынына сенім бар-жоқтығына қарамастан, болашақта, мәлімделген оқиға басталған бойда жүргізуге ниет етілген сатуды білдіреді;

аа) «Хаттама» осы Конвенция қолданылатын объектілердің және объектілермен байланысты құқықтардың кез келген санаты үшін осы объектілер және олармен байланысты құқықтар санатына қатысты қолданылатын Хаттаманы білдіреді;

bb) «тіркелген» V тарауға сәйкес Халықаралық тіркелімге енгізілгенді білдіреді;

cc) «тіркелген кепілдік» V тарауға сәйкес тіркелген халықаралық кепілдікті, тіркелетін шарттан тыс құқықты немесе кепілдікті не ұлттық кепілдік туралы хабарламада көрсетілген ұлттық кепілдікті білдіреді;

dd) «тіркелетін шарттан тыс құқық немесе кепілдік» 40-бапқа сәйкес сақтауға берілген мәлімдемеге сәйкес тіркелуге жататын шарттан тыс құқықты немесе кепілдікті білдіреді;

ee) «Тіркеуші» Хаттамаға қатысты алғанда Хаттамада айқындалған немесе 17-баптың 2-тармағының b) тармақшасына сәйкес тағайындалған тұлғаны немесе органды білдіреді;

ff) «қағида» Хаттамаға сәйкес Бақылаушы орган белгілеген немесе бекіткен қағиданы білдіреді;

gg) «сату» сату-сатып алу шартына сәйкес объектіге меншік құқығын беруді білдіреді;

hh) «қамтамасыз етілген міндеттеме» тиісті қамтамасыз ету кепілдігімен қамтамасыз етілген міндеттемені білдіреді;

ii) «міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету туралы келісім» ол бойынша кепіл беруші кепіл алушыға кепіл берушінің немесе үшінші тұлғаның кез келген қазіргі бар немесе болашақтағы міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәртібімен объектіге қандай да бір құқықты (меншік құқығын қоса алғанда) беретін немесе беруге келісетін келісім;

jj) «қамтамасыз ету кепілдігі» міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету туралы келісімнің негізінде жасалған кепілдікті білдіреді;

kk) «Бақылаушы орган» Хаттамаға қатысты тұрғыда 17-баптың 1-тармағында аталған Бақылаушы органды білдіреді;

ll) «меншік құқығын резервтей отырып, алдын ала сату туралы келісім» объектіге меншік құқығы осындай келісімде айтылған шартты немесе шарттарды орындағанға дейін ауыспайтыны туралы ескертуі бар объектіні сату туралы келісімді білдіреді;

mm) «тіркелмеген келісім» осы Конвенцияға сәйкес тіркелуге жататын-жатпайтынына қарамастан, әлі тіркелмеген шарттық кепілдікті не шарттан тыс құқықты немесе кепілдікті (өзіне 39-бап қолданылатын кепілдіктен басқасын) білдіреді;

nn) «жазбаша түрде» материалдық немесе өзгеше нысанда жасалған және кейіннен материалдық нысанға келтіріле алатын және осындай жазбаны жіберген тұлғаның келісімін ақылға қонымды түрде көрсететін ақпарат жазбасын (электр-байланыс құралдары арқылы берілген ақпаратты қоса алғанда) білдіреді.
2-бап. Халықаралық кепілдік

1. Осы Конвенция жылжымалы жабдықтың және объектілермен байланысты құқықтардың жекелеген санаттарына қатысты халықаралық кепілдіктердің туындау тәртібі мен салдарын айқындайды.

2. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдік 3-тармақта атап тізбеленген және Хаттамада белгіленген объектілер санаттарының біріне тиесілі:

а) міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету туралы келісім бойынша кепіл беруші берген;

b) меншік құқығын резервтей отырып, алдын ала сату туралы келісімге сәйкес әлеуетті сатушы болып табылатын тұлғаға тиесілі немесе

с) лизинг туралы келісім бойынша лизинг беруші болып табылатын тұлғаға тиесілі біртекті бірдейлендірілетін объектіге қатысты 7-бапқа сәйкес туындаған кепілдік болып табылады.

Осы орайда а) тармақшасының қолданысы аясына кіретін кепілдік b) немесе с) тармақшаларының қолданысы аясына кірмейді.

3. Алдыңғы тармақтарда аталған объектілер санатына:

а) әуе кемелерінің планерлері, авиациялық қозғалтқыштар және тікұшақтар;

b) теміржол жылжымалы құрамы;

с) ғарыш құралдары кіреді.

4. Қолданылатын құқық 2-тармақ қолданылатын кепілдіктің аталған тармақтың а), b) немесе с) тармақшаларының қолданысы аясына кіретін-кірмейтіні туралы мәселені айқындайды.

5. Объектіге қатысты халықаралық кепілдік ол бойынша өтеуге де қолданылады.
3-бап. Қолданылу аясы

1. Осы Конвенция халықаралық кепілдікті туындататын немесе көздейтін келісім жасалған сәтте борышкер Уағдаласушы Мемлекетте болған кезде қолданылады.

2. Кредитордың Уағдаласушы Мемлекет болып табылмайтын мемлекетте болу фактісі осы Конвенцияның қолданылуына әсер етпейді.
4-бап. Борышкердің тұрған жері

1. 3-баптың 1-тармағының мақсаттары үшін борышкер:

а) заңнамасына сәйкес өзі құрылған немесе қалыптасқан;

b) онда оның тіркелген мекемесі немесе заңнамада көзделген штаб-пәтері бар;

с) онда ол өзінің әкімшілік орталығына ие немесе

d) онда ол өзінің шаруашылық қызметін жүргізетін Уағдаласушы Мемлекеттің бірінде тұрады деп есептеледі.

2. Алдыңғы тармақтың d) тармақшасындағы борышкердің шаруашылық қызмет жүргізу орнына сілтеме, егер ол бірден көп осындай қызмет орнына ие болса, негізгі шаруашылық қызметті жүргізу орнын немесе, егер ол мұндай қызмет орнына ие болмаса, оның әдеттегі болу орнын білдіреді.
5-бап. Түсіндіру және қолданылатын құқық

1. Осы Конвенцияны түсіндірген кезде оның кіріспеде айқындалған мақсаттары, оның халықаралық сипаты және оны бірыңғай және реттеп қолдануға жәрдемдесу қажеттігі назарға алынуға тиіс.

2. Осы Коенвенцияның қолданылу аясына жататын, бірақ онда тікелей реттелмеген мәселелер Конвенция негізделетін жалпы қағидаттарға сәйкес немесе мұндай қиғидаттар болмаған ретте, қолданылатын құқыққа сәйкес реттелуге тиіс.

3. Қолданылатын құқыққа сілтеме мемлекетте әрекет ететін соттарда халықаралық жекеше құқық нормаларының күшіне орай қолданылатын мемлекетішілік құқық нормаларына сілтеме болып табылады.

4. Егер мемлекет әрбірі реттелуге жататын мәселеге қатысты өз құқық нормаларына ие бірнеше аумақтық бірліктен тұратын болса және, егер тиісті аумақтық бірлікке нұсқау болмаса, нормалары қолданылуға жататын аумақтық бірлік осы мемлекеттің құқығымен айқындалады. Осы себеп бойынша қандай да бір норма болмағанда, іс барынша тығыз түрде байланысты болатын аумақтық бірліктің құқығы қолданылады.
6-бап. Конвенция мен Хаттама арасындағы өзара байланыс

1. Осы Конвенция мен Хаттама бірлескен түрде бір құжат ретінде қарастырылады және түсіндіріледі.

2. Осы Конвенция мен Хаттама арасында қандай да бір сәйкессіздік болған жағдайда Хаттама артықшалықты күшке ие болады.
ІІ тарау

Халықаралық кепілдіктің қалыптасуы


7-бап. Формальды талаптар

Осы Конвенцияға сәйкес, егер кепілдікті жасайтын немесе көздейтін келісім:

а) жазбаша түрде жасалса;

b) кепіл беруші, әлеуетті сатушы немесе лизинг беруші билік ету құқығына ие объектіге жататын болса;

с) объектіні Хаттамаға сәйкес бірдейлендіруге мүмкіндік берсе;

d) міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету туралы келісімге қатысты тұрғыда қамтамасыз етілген міндеттемелерді айқындауға мүмкіндік берсе, бірақ қамтамасыз етудің сомасына немесе ең жоғарғы сомасына нұсқауды міндетті түрде қамтымаса, кепілдік халықаралық ретінде қалыптасады.


ІІІ тарау

Міндеттемелер орындалмаған кезде құқықтарды қорғау тәсілдері


8-бап. Кепіл ұстаушының құқықтарын қорғау тәсілдері

1. 11-баптың мәні тұрғысынан міндеттемелер орындалмаған жағдайда кепіл ұстаушы қандай да бір сәтте осымен келіскендей дәрежеде және Уағдаласушы Мемлекет 54-бапқа сәйкес жасауы мүмкін кез келген мәлімдемені ескере отырып, төменде атап санамаланған құқықтарды қорғау тәсілдерінің біреуін немесе бірнешеуін пайдалана алады:

а) өзіне міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету тәртібімен берілген объектіні иелігіне қабылдау немесе оған бақылау орнату;

b) кез келген осындай объектіні сату немесе лизингке беру;

с) осындай объектіні басқару немесе оны пайдалану нәтижесінде қалыптасқан кез келген табысты немесе пайданы инкассалау немесе алу.

2. Кепіл ұстаушы балама ретінде соттан алдыңғы тармақта көрсетілген іс-әрекеттердің кез келгенін жасауды санкциялайтын немесе нұсқайтын шешім қабылдау туралы өтіне алады.

3. 1-тармақтың a), b) немесе с) тармақшаларында немесе 13-бапта көрсетілген құқықтарды қорғаудың кез келген тәсілі коммерциялық қатынас тұрғысынан ақылға қонымды түрде пайдаланылады. Егер құқықтарды қорғау тәсілі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету туралы келісімнің қандай да бір ережесіне сәйкес қолданылса, осындай ереже анық өзін-өзі ақтамайтын болып табылатын жағдайларды қоспағанда, ол коммерциялық қатынас тұрғысынан ақылға қонымды болып есептеледі.

4. 1-тармаққа сәйкес объектіні сатуды немесе оны лизингке беруді ұйғарған кепіл ұстаушы ақылға қонымды мерзімде:

a) 1-баптың m) тармағының i) және ii) тармақшаларында көрсетілген мүдделі тұлғаларға;

b) 1-баптың m) тармағының iii) тармақшасында көрсетілген, объектіні сатқанға немесе лизингке бергенге дейін ақылға қонымды мерзімде кепіл ұстаушыны өздерінде бар құқықтар туралы хабардар еткен мүдделі тұлғаларға обектінің ұйғарылған сатылуы немесе оның лизингке берілуі туралы алдын ала жазбаша хабарлама табыс етеді.

5. 1 немесе 2-тармақта көрсетілген құқықтарды қорғау тәсілдерінің қандай да бірін пайдалану нәтижесінде кепіл ұстаушы инкассалаған немесе алған кез келген сома қамтамасыз етілген міндеттемелердің сомасын жабуға жіберіледі.

6. Егер 1 немесе 2-тармақта көрсетілген құқықтарды қорғау тәсілдерінің қандай да бірін пайдалану нәтижесінде кепіл ұстаушы инкассалаған немесе алған сома қамтамасыз ету кепілдігінің шеңберінде қамтамасыз етілген сомадан және құқықтарды осындай қорғау тәсілін қолданумен байланысты кез келген ақылға қонымды шығындардан асып түссе, онда егер сот өзгеше шешім шығармаса, кепіл ұстаушы артық соманы тіркелген немесе олар туралы кепіл ұстаушы хабардар етілген келесі кепілдіктер иелерінің арасында кезектілік тәртібімен бөледі және кез келген қалдықты кепіл берушіге төлейді.


9-бап. Меншік құқықтарының міндеттемелерді қанағаттандыру тәртібімен ауысуы; кепіл ауыртпалығынан босату

1. 11-баптың мәні тұрғысынан міндеттемелер орындалмағаннан кейін кез келген уақытта кепіл ұстаушы мен мүдделі тұлғалар өзіне қатысты қамтамасыз ету кепілдігі қолданылатын қандай да бір объектіге қатысты меншік құқығы (немесе кепіл берушінің кез келген өзге құқығы) қамтамасыз етілген міндеттемелердің барлығын немесе бір бөлігін қанағаттандыру тәртібімен кепіл ұстаушыға ауысатыны туралы келісімге келуі мүмкін.

2. Кепіл ұстаушының өтініші бойынша сот қамтамасыз ету кепілдігі қолданылатын қандай да бір объектіге қатысты меншік құқығы (немесе кепіл берушінің кез келген өзге құқығы) қамтамасыз етілген міндеттемелердің барлығын немесе бір бөлігін қанағаттандыру тәртібімен кепіл ұстаушыға ауысатыны туралы қаулы етуі мүмкін.

3. Сот, егер осындай ауысу жолымен қанағаттандырылуға жататын қамтамасыз етілген міндеттемелердің сомасы кепіл ұстаушының кез келген мүдделі тұлғаларға алдағы барлық төлемдерін ескергендегі объектінің құнына мөлшерлес болған жағдайда ғана алдыңғы тармақта көрсетілген өтінішті қанағаттандырады.

4. 11-баптың мәні тұрғысынан міндеттемелер орындалмағаннан немесе 2-тармаққа сәйкес шешім шығарылғаннан кейінгі кез келген уақытта кепіл ұстаушы немесе кез келген мүдделі тұлға кепіл ұстаушының объектіні 8-баптың 1-тармағының b) тармақшасына сәйкес немесе 8-баптың 2-тармағына сәйкес шығарылған шешім бойынша лизингке беруі шартымен қамтамасыз ету сомасын толық төлей отырып, қамтамасыз ету кепілдігімен ауыртпалық салынған объектіге қатысты міндеттемелерді өзінен алып тастай алады. Егер міндеттемелерді осындай орындамаудан кейін қамтамасыз ету сомасын толық көлемде төлеуді борышкер емес, қандай да бір мүдделі тұлға жасаса, кепіл ұстаушының құқығы осы тұлғаға ауысады.

5. Кепіл ұстаушының 8-баптың 1-тармағы b) тармақшасының күшіне орай сату кезінде ауысатын немесе осы баптың 1 немесе 2-тармағына сәйкес ауысатын меншік құқығы немесе кез келген өзге құқығы өзіне қатысты кепіл ұстаушының қамтамасыз ету кепілдігі 29-баптың ережелеріне сәйкес басымдыққа ие болатын кез келген басқа кепілдік ауыртпалығынан бос болып табылады.


10-бап. Әлеуетті сатушының немесе лизинг берушінің құқықтарын қорғау тәсілдері

11-бапта айтылған, меншік құқығын резервтей отырып, алдын ала сату туралы келісім бойынша немесе лизинг туралы келісім бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда әлеуетті сатушы немесе мән-жайға қарай лизинг беруші:

а) Уағдаласушы Мемлекеттің 54-бапқа сәйкес жасауы мүмкін кез келген мәлімдемесін ескере отырып, осындай келісімнің қолданысын тоқтатуы және осы келісім қатысты болатын кез келген объектіге иелік етуге кірісуі не оған бақылау орнатуы;

b) жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттердің қандай да бірін санкциялайтын немесе нұсқайтын өкім шығару туралы қолдаухатпен сотқа жүгінуі мүмкін.


11-бап. Міндеттемелердің орындалмауы

1. Борышкер мен кредитор кез келген сәтте 8 – 10 және 13-баптарда көрсетілген құқықтар және құқықтардың қорғау тәсілдері туындау үшін міндеттемелердің орындалмауы немесе өзге де негіздердің қандай жағдайды қалыптастыратыны туралы мәселені жазбаша түрде келісе алады.

2. Егер борышкер мен кредитор осы мәселені келісіп алмаған жағдайда, 8-10 және 13-баптардың мақсаттары үшін «міндеттемелердің орындалмауы» кредиторды келісім бойынша жоспарлауына құқылы нәрсесінен едәуір дәрежеде айыратын міндеттемелердің орындалмауын білдіреді.
12-бап. Құқықтарды қорғаудың қосымша тәсілдері

Тараптардың арасында келісілген құқықтарды қорғаудың кез келген тәсілдерін қоса алғанда, қолданылатын құқыққа сәйкес жол берілетін құқықтарды қорғаудың кез келген қосымша тәсілдері олар осы тараудың 15-бапта көрсетілген империативтік ережелеріне қайшы келмейтіндей шамада пайдаланылуы мүмкін.


13-бап. Құқықтарды қорғау жөніндегі уақытша шаралар

1. Уағдаласушы Мемлекет өзі 55-бапқа сәйкес жасай алатын кез келген мәлімдемесін ескере отырып, борышкердің міндеттемелерді орындамауының дәлелдемелерін ұсынған кредитордың өз талабы бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін және борышкер кез келген сатыда келісімін бергендей шамада соттан кредитордың өтініш бергенімен сәйкес төменде келтірілген:

а) объектіні және оның құнын сақтау туралы;

b) объектіні иеленуге, бақылауға немесе сақтауға беру туралы;

с) объектінің тұрған жерін өзгертуге тыйым салу туралы;

d) объектіні лизингке немесе а) - с) тармақшаларында қамтылған жағдайларды қоспағанда, көрсетілгеннен табыс ала отырып, басқаруға беру туралы қаулылар түрлерінің біреуі немесе бірнешеуі нысанында қорғау алу мүмкіндігі болуына ие болуын қамтамасыз етеді.

2. Сот алдыңғы тармақта көзделген шешімдерден кез келгенін қабылдай отырып, егер кредитор:

а) осындай қорғауды беру туралы кез келген шешімді орындау кезінде осы Конвенция немесе Хаттама бойынша борышкер алдындағы өз міндеттемелерінің қандай да бірін орындамауға жол беретін немесе

b) осы талап бойынша түпкілікті шешім шығару шеңберінде өз ұстанымын толық немесе ішінара тұжырымдай алмаған жағдайға орай мүдделі тараптарды қорғау үшін қажет деп есептейтін шарттарды белгілеуі мүмкін.

3. Сот 1-тармаққа сәйкес қандай да бір қаулыны шығарғанға дейін кез келген мүдделі тұлғадан осындай сауал туралы хабарламаны талап ете алады.

4. Осы баптағы ештеңе 8-баптың 3-тармағын қолдануға әсер етпейді және 1-тармақта атап санамаланғаннан басқа, уақытша сот қорғауы нысандарын қолдану мүмкіндіктерін шектемейді.
14-бап. Іс жүргізу сипатындағы талаптар

54-баптың 2-тармағы сақталған жағдайда, осы тарауда көзделген құқықтарды қорғаудың кез келген тәсілі ол жүзеге асырылуға жататын аумақтың шс жүргізу нормаларына сәйкес пайдаланылады.


15-бап. Шегіну

Осы тарауға айтылған кез келген екі немесе одан да көп тарап кез келген уақытта жазбаша түрде ресімделген 8 (3-6-тармақтар), 9 (3 және 4-тармақтар), 13 (2-тармақ) және 14-баптардың ережелерін қоспағанда, келісім жасау жолымен осы тараудың алдыңғы кез келген ережелерін орындаудан бас тартуы немесе олардың қолдану салдарын өзгертуі мүмкін.


IV тарау

Халықаралық тіркеу жүйесі


16-бап. Халықаралық тіркелім

1. Халықаралық тіркелім:

а) халықаралық кепілдіктерді, шартты халықаралық кепілдіктерді және тіркелетін шарттан тыс құқықтар мен кепілдіктерді;

b) халықаралық кепілдіктердің цессияларын және шартты цессияларын;

с) халықаралық кепілдіктерді заңның күшіне орай суброгациялау жолымен немесе қолданылатын құқыққа сәйкес шарт бойынша сатып алуды;

d) ұлттық кепілдіктер туралы хабарламаларды;

е) алдында аталған тармақшалардың кез келгенінде айтылған кепілдіктердің бағыныстылық тәртібін тіркеу үшін құрылады.

2. Объектілердің және олармен байланысты құқықтардың әртүрлі санаттары үшін әртүрлі халықаралық тіркелімдер құрылуы мүмкін.

3. Осы тараудың және V тараудың мақсаттары үшін «тіркеу» термині тиісті жағдайларда тіркеу қолданысының өзгеруін, ұзартылуын немесе тоқтатылуын қамтиды.


Каталог: images -> stories
stories -> Ақпараттық анықтама: Қр электрондық үкіметі Қазақстан Республикасында «электрондық үкіметті»
stories -> Бюллетень «Новые книги» Вып. 3 Павлодар 2013 Құрастырушылардан
stories -> Jewish. Msk. Ru согласно еврейскому обычаю родители (папа и мама) произносят следующие благословения на рождение детей
stories -> Марина Мелексетян мюмзик и сварог
stories -> Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерің тізімі
stories -> Учебная программа музыка 5-6 классы
stories -> 1958 жылдың 12 мамырында Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылында дүниеге келген


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет