Жүйрiктер ғана озады



Дата02.05.2016
өлшемі125.12 Kb.
СУДЬЯЛАР СПАРТАКИАДАСЫ
Жарыста жүйрiктер ғана озады
11-12 қыркүйекте Талдықорған қаласында республика судьяларының дәстүрлi IV Спартакиадасы

өз мәресiне жеттi.


Задында, кез келген адамның ақыл-ой деңгейi, қабiлет-қарымы, дiттеген мақсатына жету мүмкiншiлiгi оның денiнiң саулығына тiкелей байланысты. Мұны өз-өзiне сенiмдi, белсендi азаматтардың әрқайсысы жақсы бiледi. Әсiресе, қолдарына адам тағдырын шешу сенiп тапсырылған билердiң озық ойлы, ширақ, жан-жақты болғаны тiптi қажет-ақ. Осыны жете түсiнген елiмiздiң судьялар қауымы еңбек пен бiрге дене тәрбиесiне де құлшына кiрiсiп, денсаулықтарын барынша шындап, салауатты өмiр салтын ұстануға ерекше ден қоюда. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының ұйытқы болуымен бiрнеше жылдан берi жалғасын тауып келе жатқан спартакиада ойындары биыл мiне, төртiншi рет, аталмыш қоғамдық бiрлестiктiң құрылғанына 10 жыл толуына орайластырылып өткiзiлiп отыр.

Дәстүрлi доданың ақтық ойындары 11-12 қыркүйекте Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында өттi. Мұның өз себебi бар. Бесiктей тербетер самал желi, таза ауасы бойға күш, ойға қуат беретiн, жер жаннаты атанған сұлу Жетiсудың төрiндегi жасыл желекке оранған шағын да әдемi қалада соңғы жылдары дене шынықтыру, спорттық ойындардан түрлi сайыстар жиi өте бастады. Түптеп келгенде, мұның жұртшылық үшiн өнегелiк те тәрбиелiк мәнi зор. Салауатты өмiр салтын қалыптастыру мен насихаттаудағы мұндай игi шараларға облыс басшылығы ұдайы көңiл бөлiп отырады. Сондықтан да судьялардың кезектi спартакиадасын осы қалада өткiзу жөнiнде ұсыныс айтылғанда бұған облыс әкiмi Серiк Әбiкенұлы Үмбетов қуана келiсiп, қолдайтындығын бiлдiрiптi. Өйткенi ол бұл шараның Талдықорған дейтiн қаланы күллi республикаға танытып, мәртебесiн арттыра түсетiндiгiн бағамдай бiлген. Спартакиаданы ұйымдастыру шараларын iске асыруда облыстық сот, жергiлiктi соттар және сот әкiмшiсi ұжымдары үлкен жұмыстар атқарды. «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» деген. Соның нәтижесiнде Талдықорғанның қақ ортасында орналасқан «Өркен» әсем спорт кешенi екi күн бойы жанкүйер қауымның көзайым мекенi болды. Сап түзеген әскери киiмдi арулар қарыштай қадам басып, көңiлге рух берер маршпен қатысушылардың жiгерiн көтере, жарыс шымылдығын ашты.

Еңбек пен спортты ұштастыруЕлбасы жолдауларында көрсетiлген басым бағыттарды жүзеге асыруға деген ұмтылысты көрсетедi. Елiмiздiң судьялар қауымының қатарынан бiрнеше жыл бойы өткiзiлiп келе жатқан мұндай спорттық жарыстары өзiнiң қызықты тартыстарымен, әсем өрнегiмен басқаларға үлгiлi-өнеге боларлық тамаша үрдiс, – дедi спартакиадаға арнайы қатысып, құттықтау сөз алған облыс әкiмi Серiк Үмбетов. Ол ойыншыларға осы жарыста сәттiлiк пен жеңiс тiлейтiндiгiн бiлдiрдi.

Одан кейiн IV Спартакиаданы салтанатты түрде ашу үшiн сөз Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Әбдiразақұлы Мәмиге берiлдi.

Осы спартакиадаға жыл басынан берi әр аймақта өткен iрiктеу ойындарын қосқанда екi мыңнан астам судьялар қатысуда. Елбасының салауатты өмiр салтын қалыптастыру туралы игi бастамасы судьялар арасында бiрауыздан қолдау тауып, спорттық жарыстарға қатысушылар санының жылдан жылға көбейiп келе жатқандығы көңiлге үлкен қуаныш ұялатады, – дедi ол.

Сонымен қатар, Қайрат Әбдiразақұлы IV Спартакиаданың финалдық ойындарының биыл бiрiншi рет облыс орталығында өткiзiлiп отырғандығын айтып, судьялар спартакиадасын ұйымдастыруға ұйытқы болған облыс басшысына, жергiлiктi халыққа алғысын бiлдiрдi. Үнемi спортшыларды қолдап-қуаттап жүретiн облыс әкiмiне барша сот қауымының атынан ризашылық таныта, естелiк ретiнде судьялардың мантиясын сыйлап, Құрмет грамотасын тапсырды. Биылғы спартакиаданың волейболдан финалдық ойын турнирi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкiмшiлiгi жөнiндегi комитет төрағасының бiрiншi орынбасары болған, бұған дейiн де өткен жарыстарды ұйымдастыруға белсендi араласқан, жергiлiктi соттарды материалдық жағынан қамтамасыз етуге зор үлесiн қосқан аяулы азамат Тiлеуғали Отарұлы Күзембаевты есте қалдыруға арналғандығы айтылды.

Мұнан кейiн Қазақстан судьяларының IV Спартакиадасының финалдық ойындарының Бас төрешiсi, ұлттық дәрежедегi төрешi Ринат Ыдырысов қатысушыларды әрбiр ойынға қазылық ететiн төрешiлерiмен, жалпы ойын бағдарламаларымен таныстырды.

Ақтық сынға бұған дейiн маусым айында елiмiздiң төрт аймағында өткен iрiктеу ойындарында жеңiмпаз атанғандар қатысты. Қорытынды жарыс әдеттегiдей спорттың футбол, волейбол, үлкен теннис және бильярд сынды түрi және ерлер мен әйелдер арасындағы үстел теннисi және шахмат бойынша өттi.

Ертең спартакиада басталады деген күнi кешкiсiн Талдықорғанға келiп жеткен спортшылар жолдан шаршап келгендерiне қарамастан уақытты үнемдеу мақсатында жекелеген ойын түрiнен жарысты бастап та жiбердi. Алғашқы сайыс бильярдтан өрбiдi. Жеребе бойынша әрбiр ойыншының нөмiрi мен кiммен ойнайтындығы анықталған соң, бес ойыншы – шығыс қазақстандық Е. Ғаббасов, атыраулық А. Салихов, ақмолалық Ж. Темiров, оңтүстiк қазақстандық Б. Үсiпбеков, жетiсулық Б. Ниязовтар бас жүлде үшiн ұзақ та тартысты күрестi бастады. Жасыл тақтадағы текетiрес келесi күнге созылды. Iрiктеуде топ жарып шыққан бильярдшылардың әр қайсысы да өзiне нық сенiмдi. Барынша жаттыққан, ойынның қыр-сырын меңгерген олар ә дегеннен-ақ бiр-бiрiнiң психологиясына, тактикалық әрекеттерiне дағдыланып алды. Ойынды бақылап отырған атыраулық Алмаздың жанкүйерлерi оның бастапқы ойынды сәттi бастағанына қуанышты едi. Алайда, шығыс қазақстандық Ерлан сәттiң оңтайлы тұсын дөп басып, мергендiк танытты. Ойынды тамашалауға жайғасқан Бақытжанның жанкүйерi Оңтүстiк Қазақстан облыстық сотының азаматтық iстер жөнiндегi алқасының төрағасы Ақылбек Елшiбаев жерлесiнiң жеңетiнiне сенiмдi екендiгiн бiлдiрдi. Бiрақ, ойын барысында кемшiлiк жiберiп, төрешiден екi мәрте ескерту алған Бақытжан айып ретiнде екi шарды тiзуге мәжбүр болды. Сөйтсе де салы суға кетпей, ойынды әдемi жалғастыра бiлдi. «Үсiпбековтiң қарсыласы Б. Ниязов сабырлы да, салмақты ойыншы. Ол судьялар арасындағы жарыстың осы түрiнен бiрнеше дүркiн чемпионы. Бiрақ, қалай десек те жарыстың аты жарыс. Онда тек үлкен дайындықпен келген спортшы ғана оза шабады», – дедi ұлттық дәрежедегi бас төрешi Жақыпбек Өмiрбеков. Сол айтқандай, бильярд бойынша ең жоғары орынға үздiк ойын көрсетiп, шешушi партияда суырылып алға шыққан шығыс қазақстандық Ерлан Ғаббасов лайық болып, алтыннан алқа тақты. Атыраулық Алмаз Салихов екiншi, Алматы облысының командасы үмiт артқан Бақытжан Ниязов үшiншi орынды иелендi.

«Лукодром» стадионындағы жасыл алаңда өткен шағын футболдан жарыста елiмiздiң төрт аймағындағы iрiктеу сайыстарында топ жарып шыққан үздiктер – Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Солтүстiк Қазақстан және Қарағанды облыстық сотының командалары бақ сынасты. Ә дегеннен-ақ, бас бәйгеден дәмелiлердiң iшiнен ақтөбелiктер мен қарағандылықтар осал ойыншылар емес екендiктерiн байқатып, айырықша көзге түскен. Қызылжарлықтар да олардан қалыспады. Ойын барысы таласты да тартысты сәттерге толы болды. Әр аймақтан келген жанкүйерлер де өз ойыншылары үшiн «жан ауыртып», «допты берме!», «ойыншыңды жоғалтпа!», «сабыр!», «соқ!» деп даурыға, дауыстайды. Қапы қалған шақтарда «қап, әттеген-ай...» деп сандарын соғып, орындарынан тұрып-тұрып қояды. Төрешiлер жағы да: «Ойын тәртiбiн абайсызда бұзса, ол айып емес, ал, бiле тұра әдейi бұзса, ондай судья қызметте де өзiн солай ұстайтын болғаны», – деп әзiлдеп жатты. Алматы облысының командасымен болған мачта ақтөбелiк Алғабек Жүсiпов, Сейфолла Тасымбетов, Ермек Қанапиевтер ширақ та батыл қимылдарымен ерекшеленiп, өздерiнiң нағыз кәсiби ойыншылардан кем түспейтiндiктерiн байқатты. «Команданың қай-қайсысы да осал емес, спорттың бұл түрiмен көптен айналысып жүргендiктерi көрiнiп тұр. Әйткенмен де, жасыл алаңда жеңiске апарар жол – тек шеберлiк қана емес, құмарта, берiле ойнаудың да маңызды зор. Бiздiң жiгiттердiң өзгелерден басым түскен тұстарын осымен байланыстыруға болады, – дедi команда серкесi Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық iстер жөнiндегi алқасының төрағасы Тұрсын Мырзашұлы Қорғанбеков. Сөйтiп, батыс аймақтан келген теңбiл доп иелерi жеңiмпаз атанып, алтынды олжалады. Одан кейiнгi орындарға қарағандылықтар мен солтүстiктiктер көтерiлiп, күмiс және қола жүлделердi бөлiстi.

Судьялар спартакиадасында кеңiнен тараған ойын түрлерiнiң бiрi – волейбол бойынша бас жүлдеден үмiткер командалар тартымды да мағыналы сайыстың себепкерлерi болды. Бұған дейiн де қатарынан үш мәрте жеңiмпаз атанған Алматы облысының командасының бұл жолы да оңай есе жiбере қоймайтыны алғашқы кездесулерiнен-ақ байқалып тұрды. Күткендей-ақ, олар қарсыластарын бiрiнен соң бiрiн тiзе бүктiрiп, жеңiс тұғырына көтерiлдi. Мұнан кейiнгi екiншi орынға ие болған Жоғарғы Сот пен үшiншi орынды еншiлеген Павлодар облысының волейболшылары да жан-жақты ойын өрнектерiн көрсете бiлдi.

Судьялар арасында спортты насихаттап, жыл сайынғы жарыстарды ұйымдастыруға белсене араласып жүрген Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрлан Нұрғалиұлы Момбеков әдеттегiдей алдыңғы қатардан көрiнiп, үлкен теннистен алдына жан салмады. Қостанайлық Бақытқазы Ордабаевқа күмiс медаль, Алматы облысы ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Қалдарбек Досымбетке қола жүлде тидi.

Шахматтан ерлер арасындағы жарыста ҚР Әскери сотының судьясы Е, Әбдiқадыров өзiнiң ұтымды жүрiсiмен барлық 4 турдың ұпайын өз пайдасына шештi. Алдымен Алматы облысының шахматшысы Қ. Меңлiбаевты (үшiншi орын), екiншi турда қостанайлық Т. Мұқатяновты (бесiншi орын), одан соң атыраулық М. Мұхатовты (төртiншi орын) ұтқан ол павлодарлық Б. Әбдiрахмановқа (екiншi орын) да шебер комбинацияларымен тойтарыс берiп, iрiктеу жарыстарында өзге жолдамалардан құралақан қалған әскери соттың мерейiн бiр көтерiп тастады.

Нәзiк жанды қазылар да шахмат жарысында өздерiне тиесiлi сын сағаттарды салмақты да сабырлы кейiпте бастан өткерiп, жеңiстi сәттердi қуанышпен қарсы алды. Қостанайлық жас судья Роза Мұхамедкерiмқызы Айнақұлова барлық төрт ұпайын түгендеп, жеңiс биiгiне көтерiлдi. Розадан қалыспай екiншi орынға шыққан ақтөбелiк Айнұр Садықова күмiс жүлдеге лайық деп табылды. Ал, үшiншi орын Оңтүстiк Қазақстаннан келген спортшы А. Кульчикованың үлесiне тидi.

Спартакиаданың үстел теннисi бойынша сайысы да ерлер мен әйелдер арасында өрбiдi. Шебер ойын үлгiсiн көрсеткен Алматы облысы командасының мықты спортшысы А. Әбдiрайымов бiрiншi орынға лайық деп табылса, екiншi орынды павлодарлық Т. Орынғали иемдендi. Ал, үшiншi орын Ақмола облысынан келген Р. Даминовқа бұйырды.

Қыздар арасында үстел теннисiнiң қорытындысы бойынша жылдағыдай Ақмола облысынан келген танымал теннисшi Зәуре Жоламанова алтын алқаны мойнына тақты. Күмiс жүлденi Қызылорда қалалық сотының судьясы Бағымкүл Қамысбаева иеленсе, Алматы облысының өкiлi Ж. Ақанова үшiншi жүлденi қанағат тұтты.



Мұнымен қоса, жалпыкомандалық есепте Алматы облыстық сотының командасы бiрiншi, Ақтөбе құрамасы екiншi, Павлодар облысының командасы үшiншi орынға ие болды. Әдеттегiдей үздiк ойыншылар анықталып, оларға арнайы жүлделер табыс етiлдi. Волейболдан А. Ақболатов, футболдан Ә. Еркебаев, Б. Қоғамбаев, Н. Асановтар шебер ойыншылар деп танылды. Сондай-ақ, үлкен теннистен Б. Ордабаев, үстел теннисiнен А. Әбдiрайымов пен З. Жоламанова, шахматтан М. Әбдiқадыров пен Р. Айнақұловалар, бильярдшы Е. Ғаббасовтар марапатталды. Барлық жеңiмпаздарға арнайы кубоктар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Серiк Кәтенұлы Байбатыров, Алматы облыстық сотының төрағасы:
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының ұйымдастырылғанына 10 жыл толуына арналған осынау дүбiрлi жиынның бiр ерекшелiгi, ол биыл бiрiншi рет Астанада немесе Алматыда емес, облыс орталығында өткiзiлiп отыр. Бұған республикамыздың әр түкпiрiнен 150-ге тарта судьялар жиналды. Облыс әкiмiнiң қолдауымен спартакиаданы ұйымдастыру жұмыстары бiздiң еншiмiзде болғандықтан өзiмiзге жүктелген мiндеттi барынша тиянақты, жауапкершiлiкпен атқаруға тырыстық. Ұйымдастыру жұмыстарымен бiрге облыстық соттың құрама командаларының жарысқа дайындығы қатар жүрдi. Сондықтан да бiзге артылған сенiм жүгi еке есе ауыр деуге болады. Соған қарамастан спортшыларымыз талмай жаттықты. Өздерiңiзге мәлiм, Алматы облыстық сотының волейбол командасы жыл сайынғы қорытынды сында чемпион атанып келедi. Сондай-ақ, Азамат Әбдiрайымов дейтiн судьямыз үстел теннисi бойынша облыстың намысын қорғап жүрген шебер ойыншыларымыздың бiрi. Бұл бiздiң спортшы-судьяларымыздың белгiлi бiр спорт түрiмен тұрақты айналысуға, оны кәсiби жағынан жете меңгеруге деген құлшыныстарын байқатады.
Нұрлан Нұрғалиұлы Момбеков, Алматы қалалық сотының төрағасы:
Менiң пайымдауымша, Елбасы өзi сенiм артып, тағайындаған судьялар қара қылды қақ жарар әдiл ғана емес, сол сенiмге лайықты ойлылықты, мақсаттылықты, белсендiлiк пен жан-жақтылықты жанына серiк етер мiнсiз тұлға болуы тиiс. «Тәнi саудың жаны сау» деген қанатты сөз тегiн айтылмаған. Салауатты өмiр салтын берiк ұстанып, дене шынықтырумен, спортпен айналысу бiздiң еңбекте жетiстiктерге жетуiмiзге, өзiмiзге сенiп тапсырылған мiндеттi, дүйiм ел алдындағы қасиеттi борышымызды абыроймен атқаруымызға оң септiгiн тигiзбек. Осыны мақсат еткен бiздер, осындай спорттық жарыстарды өткiзу арқылы жан-жақты дамып, жетiлуге, судьялар қауымы арасындағы бiрлiк пен достық қарым-қатынастарды нығайтуға ұмтылсақ деймiз. Еңбек жолын жаңа бастаған жас судьяларымыздан бастап, сот саласында көптеген жылдар бойы қызмет етiп келе жатқан тәжiрибелi ағаларымызға дейiн бұл игi бастаманы қуана құптап, өздерiне етене жақын спорт түрлерiмен үнемi шұғылданып жүр. Олардың қатары жыл санап өсiп келедi. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының спартакиадалары болашақта да өзiнiң лайықты жалғасын таба бермек. Қазiргi күнi алдағы спартакиадаларды ұйымдастыру бойынша судьялар тарапынан түрлi ұсыныс-пiкiрлер айтылуда. Аталмыш жарыстарды келешекте суда жүзу, әйелдер арасындағы волейбол сынды спорт түрлерiмен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Демек, судьялар спартакиадасы әлi де даму үстiнде, судьялар арасындағы дене шынықтыру мен спортты жандандыруда елеулi жұмыстар атқарылып жатыр деуге толық негiз бар. Мұның өзi көзделген мақсаттың iске аса бастағандығын көрсетедi.
Мұхтар Есiркепұлы Есжанов, Ақтөбе облыстық сотының төрағасы:
Бәрi айтуға оңай болғанымен, мұндай шаруаны атқаруға үлкен дайындық пен ұйымдастыру шаралары керек. Жыл сайын жаз шыға шала бүлiнiп, әзiрлiк жасай бастаймыз. Сондықтан да әрбiр кезектi спартакиаданы өткiзу үшiн нақты бiр күннiң белгiленгенi жөн. Бұл бәрi аяқ астынан болып кетпей, судьялардың белгiленген күн қарсаңында оған iштей дайындалып, шұғыл жұмыстары болса, оларды алдын ала ыңғайластырып, реттеуге мүмкiндiк алулары үшiн қажет.

Байқағанымыз, мұндай спорт мерекесi ұйымшылдыққа, бiрлiкке, жинақылыққа үйретедi екен. Болашақта да судьялар арасында тек спорттық сайыстар ғана емес, адам жанына жағымды әсер ететiн ұлттық нақыштағы ән мен жыр, концерттiк байқаулар да ұйымдастырылып жатса дұрыс болар едi.
Еркiн Адамұлы Төкеев, Алматы облысы Көксу ауданының прокуроры, Алматы облысы бойынша үлкен теннис федерациясының президентi:
Судьялардың жыл сайынғы бұлай спорттың түрлерiнен спартакиада өткiзiп тұруы өнегелi iс. «Жақсыны көрмек үшiн» демекшi, қонақ ретiнде келiп, тамашалап көрдiк. Әсерiмiз жаман емес. Мұндай республикалық деңгейдегi дүбiрлi жарысты ұйымдастыруға Алматы облыстық сотының, Судьялар одағының көп күш салғаны көрiнiп тұр. Тәжiрибе, шеберлiк үйрене келе қалыптасады ғой. Мұнда спартакиадаға қатынасушы ойыншылардың бiршама шындалып, ысылып қалғаны байқалады. Спорттың бұқаралық сипатын арттыратын осындай спартакиадалар, жарыстар өзге де құқық қорғау органдары мен басқа да салаларда жалғасын тауып, ұйымдастырылып жатса, нұр үстiне нұр болмақ. Шынымды айтсам, мен судьялардың мынадай салтанатты жарысына қызығып отырмын.

Ботагөз Әбдiрейқызы,

журналдың арнаулы тiлшiсi,

Талдықорған қаласы.
Каталог: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> 906d8cc76a63f8814625720e00268591 -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
$FILE -> 50 жаста Қазақстан Республикасы Судьялар одағының


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет