ЖҰмабеков жамбыл азмуханұлы ұлытау өңірінің тарихи географиясы



бет1/4
Дата17.04.2016
өлшемі479.71 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3   4


ӘӨЖ 913.1 (574.31) Қолжазба құқында

ЖҰМАБЕКОВ ЖАМБЫЛ АЗМУХАНҰЛЫ

Ұлытау өңірінің тарихи географиясы (XV ғ. – XIX ғ. соңы)
07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның



авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2010

Жұмыс Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасында орындалды.


Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Жұмашев Р.М.

Ресми оппоненттер: ҚР ҰҒА академигі,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор Көмеков Б.Е.

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Уәлиханов Е.Ж.

Жетекші ұйым: Еуразиялық гуманитарлық

институт


Диссертация 2010 жылдың 1 шілдесінде сағат 14.00 Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (100028, Қарағанды қ., Университет көшесі, 28, №3 оқу корпусы, 410 аудитория) жанындағы БД 14.50.12 Біріккен диссертациялық кеңесінің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.


Автореферат «____» __________ 2010 ж. таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор Т.А. Әлімбаев



КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. ХХ ғасырда ғылым интеграциясы басты ұстанымға айналып, тарих ғылымындағы пәнаралық бағыттың қажеттілігін көрсетті. Тарихи құбылыстардың кеңістіктегі көрінісін зерттейтін тарихи география соңғы онжылдықта тарих ғылымының маңызды бағыттарының біріне айналды. Зерттеліп отырған Ұлытау өңірінің саяси маңыздылығы географиялық орналасуымен анықталады. Бұл жер Орталық Қазақстан аумағында орналасып, Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыс жерлерімен шекарлас жатты. Бүгінде қазақ халқы ерекше құрметтейтін саяси оқиғалар өңірдің тарихи-мәдени ескерткіштерінен көрініс тауып отыр. Су көздері, табиғи ресурстар өңірдің экономикалық маңыздылығын анықтай түседі.

Ұлытау өңірі табиғи географиялық жағдайымен ерекшеленетін ұлан-ғайыр аумақты қамтиды. Солтүстігінде Арғанаты таулары, Терісаққан өзені, батысында Қарақұм, Торғай, Ырғыз өзендері, шығысында Сарысу, оңтүстігінде Бетпақ дала шөлі мен Шу өзенінің алқабы аралығын алып жатқан аумақтың ортасы Ұлытау таулары болып табылады. Ұлытау өңірінің Қазақстанның барлық бөліктерін байланыстыруы, оның саяси орталық ретінде қалыптасуының бірден-бір себебі болды. Өңірдің саяси бірлесуге қолайлы болғандығын Жошы ханның ұлыс орталығы ретінде Ұлытауды таңдауы, Орда-Базар қалашығында Әбілқайыр хан тұсында «көшпелі өзбектер» мемлекетінің орталығы болуы, қазақ хандары - Қасым ханның ордасын құруы, Абылай хан тұсында үш жүз бас қосатын орталық болуы көрсетеді. Шежірелерде айтылатын Қарахан, Алаша ханның Ұлытау аумағында билік құруы да өңірдің қазақ тарихындағы саяси ерекшелігін аңғартады. Аумақтағы осы ескерткіштер мемлекеттіліктің символы, ал тарихи орындар шешуші оқиғалардың куәсі, ортағасырлық қалашық, бекіністердің орыны далалық өркениеттің көрінісі, ХІХ ғ. тұрғызылған күмбездер, мазарлар, мешіттер саяси биліктің, қоғамның дағдарысқа ұшырған кезіндегі тарихтың белгісі болып отыр. Осыдан келіп, Ұлытау атауы қазақ халқының түсінігінде таудың биіктігін емес, жердің халық үшін тарихи маңыздылығын көрсетеді.

Ұлытау аумағын географиялық ерекшелейтін маңызды фактор су көздері – өзен, көл, тау баурайларындағы бұлақтар өңірдің адам тіршілігі үшін экономикалық тұрғыдан маңыздылығын анықтайды. Жезді, Кеңгір, Терісаққан өзендері халық шаруашылығына қолайлы болды. Солтүстіктен оңтүстікке қарай Бетпақ даланы кесіп өтетін Сарысу өзені Орта Азия елдерін Қазақстанның солтүстік өңірлерімен байланыстыратын керуен жолдарының қалыптасуына септігін тигізді. Ортағасырлық авторлар Жүзжани, Хафиз Таныштың Ұлытауды «қыпшақ даласындағы ең жақсы жер» деп сипаттауы табиғат пен адамның шаруашылық іс-әрекетінің тығыз байланысын көрсетеді. Ұлытау өңірінің географиялық орналасуы мен табиғи ресурстары ірі жорықтарды ұйымдастыруда көп әскерлердің шоғырлануына, жаудан қорғану кезінде халықтың тығыз қоныстануына жағдай жасады. Сондықтан да, Алтын Орда дәуірінде Шығыс Еуропаны, Қазақ хандығы дәуірінде оңтүстік қалаларды жаулап алуға бағытталған ірі әскери жорықтардың Ұлытаудан басталғанын тарихымыздан білеміз. Жоңғар шапқыншылығы кезінде аумақты жаудан азат ету үшін күрес жүргізіліп, Орта жүз халқының негізгі мекені болуы, Кенесары көтерілісі кезінде халықтың осы араға көшуі Ұлытау жерінің табиғи ерекшелігінен туындады.

Сонымен, Ұлытау өңірінің тарихи географиясын зерттеу «адам - қоғам - табиғат» байланысынан туындайтын тарихи үрдісті біртұтастықта қарастыруға мүмкіндік береді.



Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ұлытау өңірін нақтылы тарихи географиясына арналған зерттеулер жоқ болғанымен, осы тақырыпқа байланысты көптеген мәселелер жанама қарастырылған еңбектер бар. Зерттеу жұмысымыздың тарихнамасын хронологиялық тұрғыдан үш кезеңге бөліп қарастырдық.

Бірінші кезең, Қазан төңкерісіне дейінгі зерттеулерді қамтиды. Бұл кезеңнің зерттеулері Ресейдің қазақ даласын отарлауымен байланысты. Кіші және Орта жүздің Ресей құрамына қосылуынан кейін қазақ даласына ресейлік әскери адамдары, ресми шенеуніктері келе бастады. XVIII ғ. соңы мен ХІХ ғ. Ресейдің қызмет адамдарының, арнайы экспедиция мүшелерінің, жекелеген зерттеушілердің еңбектері қазақ халқының өткенін, этникалық құрамын, аумағын, саяси және әлеуметтік қатынастарын, шаруашылық түрлерін анықтауға бағытталды. Әрине, мұндай еңбектер отар аумақты тиімді басқарудың жолдарын табуға негізделген. Көптеген зерттеулер қазақ даласының қазба байлықтарын, шикізат көздерін іздеу мақсатында жүргізілді.

1627 жылы құрастырылған «Үлкен сызба кітабы», XVIII ғ. академиялық экспедиция зерттеушілері П. Палас, И. Георги, И. Фальк, әкелі-балалы П.И. Рычков, Н.П. Рычков, ағылшын суретшісі Дж. Кэстль және т.б. еңбектерінен Ұлытау өңірінің географиялық сипаттамасын, тарихи тұлғалар туралы мәліметтер мен өңірдің жер-су атауларын таба аламыз. Мәселен Дж. Кэстль Әбілқайыр ордасындағы Орта жүз елшілерінің ішінде Төлек батырды атайды. Төлек батыр Ұлытау өңіріндегі есімдері белгілі Ерден, Дүзен билердің атасы, Сандыбай батырдың әкесі болып табылады. Әрине, бұл еңбектер көбіне қазақтар туралы жалпылама мәліметтер береді және қарама-қайшылықтары да кездеседі. Әсіресе, адамдардың, рулардың аттарын, жер атауларын айыру кейде қиындық туғызады.

ХІХ ғасырдағы орыс саяхатшыларының, ғалымдарының, ресми адамдарының қазақ өлкесі туралы жазбалары басым көпшілігі сол уақыттарда жарық көрді. Тек, кейбір ресми іс-сапарлардың барысы туралы күнделіктер, журналдар жарияланбай келді. Мәселен жоңғарларға елшілік мақсатта саяхат хасаған К. Миллердің жазбасы «Мәдени мұра» бағдарламасының нәтижесінде ғана көпшілікке мәлім болды. ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Т. Бурнашев және М. Поспелов, Ф. Назаров, Я.П. Гавердовский, С.Б. Броневский, А.И. Левшиннің зерттеулерінде Орта жүз аумағын мекендеген рулар, қоныстанған жерлерінің жан-жақты сипаттамасы беріліп, дала өңірлеріндегі қатынас жолдарының тораптарын дәлдікпен сипаттайды. Қазақ даласының толық тарихи, географиялық, этнографиялық сипатамасы жасалған А.И. Левшин еңбегінде Ұлытау тауларында найман, өңірдің солтүстігінде арғын руларының мекендейтінін, Жұбан-ана, Белең-ана тәрізді тарихи жәдігерлер туралы айтылады [1]. Осы орайда, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақтар туралы зерттеулердің кеңейіп, тереңдей түскенін байқаймыз. Ресейлік әртүрлі мекемелердің қызмет адамдары Орта жүздің рулық құрылымын және орналасуын үнемі бақылауда ұстап, әртүрлі бағыттағы мағлұматтар жинақтады. Ол өңір Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының аумағы кіретін Сібір қазақтары облысының саяси-әкімшілік жүйесіне жатты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тарихының, этнографиясының зерттелуі бірінші кезекте Шоқан Уәлиханов есімімен байланысты. Көрнекті ғалым аз ғұмырының ішінде қазақ халқын ресейлік ғылыми ортаға таныта білді. Ш.Ш. Уәлиханов зерттеулері ресейліктердің қазақ халқы «жабайы», тіпті мәдени дамуы мүмкін емес деген керағар пікірлерін жоққа шығарды. Ш.Ш. Уәлихановтың еңбектерінде қазақ халқының тарихына, шаруашылығына байланысты, қазақ даласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы зерттеулері өте құнды болып табылады [2].

ХІХ ғ. екінші жартысында қазақ жерлері тыңғылықты зерттеле бастады. В.В. Вельяминов Зернов, М. Красовский, И. Завалишин, Н. Коншин, Ю. Шмидт және т.б. зерттеулерінде Ұлытау өңіріндегі тарихи оқиғалар, қазақтардың шаруашылығының ерекшеліктері, сауда қатынастары қарастырылған [4]. Бұл еңбектердегі статистикалық мәліметтер Ұлытау өңірі тарихи географиясының әлеуметтік-экономикалық аспектілерін анықтауда қолданыс тапты. Дала облыстарын зерттеуге бағытталған Ф.А. Щербина экспедициясының материалдары қазақ шаруашылығының жай-күйін тереңнен зерттегенін, Атбасар уезі бойынша жинақтаған материалдарының Ұлытау өңірінің тарихи географиясы үшін маңыздылығын айтуымыз керек. Мысалы, бір ғана Жезді болысының 1 әкімшілік ауылының қазақтарының мәліметтерінде 80-ге жуық ауыл қыстаулардың орналасуы көрсетіледі [3]. Зерттеу қорытындылары қазақ шаруашылығының ерекшеліктерін, жерді пайдалану принциптерін көрсетіп берді. Алайда, зерттеудің басты мақсаты қазақтардың артық жерлерін анықтау болғандығын да ескеруіміз керек. Кейіннен, Ресей шенеуніктері «артық жерлерді» орыс шаруаларын қоныстандыру үшін пайдалану қажет деп тапты. Қазақтардың жерді пайдалану нормаларының Еуропалық Ресейдегі помещик шаруашылығынан үлкен, сондықтан Шербина экспедициясының мәліметтерін қайта қарау керек деген шешім қабылданды. ХХ ғ. басында қайта зерттеу жұмыстары жүргізілді.

ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында Ресейде географиялық, этнографиялық анықтамалықтар жарық көре бастады. Қазақ даласын сипаттауға арналған материалдар арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, сауда қатынастарын көруге болады. Осы басылымдарда қазақтар туралы мәліметтердің жариялануына Ә.Н. Бөкейханов, А.Н. Сидельников, көп еңбек сіңірсе, Ә.А. Диваев қазақ тарихы мен этнографиясына байланысты зерттеулерін жүргізді. Әсіресе, Бұланты, Аңырақай шайқастары туралы аңыздар тарихи оқиғалардың барысы мен орынын анықтау үшін маңызды және де кейінгі зерттеулерге негіз болды [4].

Сөйтіп, ХІХ ғ. зерттеулерде дала өңірлеріндегі саяси, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың барлық мәселелері қамтылуымен ерекшеленеді. Бұл зерттеулердегі мәліметтер осы уақытқа дейін деректік құнын жойған жоқ. Алайда, зерттеулердегі кейбір тұжырымдармен келіспеуге болады, себебі авторлардың ұстанымдары патша үкіметінің отарлау саясатымен тікелей байланысты және ол еңбектердің түпкі мақсаты қазақ даласын отарлаудың тиімді жолдарын анықтау болды.

Екінші кезеңде, Кеңестік дәуірдегі (1917-1990 жж.) зерттеулер қамтылған. Бұл кезең бойынша Ұлытау өңірінің тарихи географиясының мәселелеріне қатысы бар зерттеулерді ішінара археологиялық, этнографиялық және тарихи зерттеулер деп топтастыруға болады. Кеңестік дәуірде тарихи география мәселелері жанама түрде зерттеулерде көтеріле бастағанмен, Г.Ф. Дахшлейгер Қазақстанда тарихи географияның арнайы ғылым саласы ретінде қалыптаспағанын атап өтеді.

Кеңестік дәуірдегі археологиялық зерттеулерге келетін болсақ, Ұлытау өңірінің тарихи-археологиялық ескерткіштеріне алғашқы назар аударған Қ.И. Сәтпаев болды. Ал, Ұлытау аумағын археологиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеген Ә.Х. Марғұлан ежелгі көш жолдарындағы отырықшы мәдениеттің қалдықтарын зерттеп, көптеген көне архитектуралық құрлыстарды және бұрын белгісіз болып келген VII-XVI ғғ. жататын қала мәдениетінің ескерткіштерін анықтады. «Таңбалы тасқа» байланысты бірнеше тың пікірлер, ғылыми салыстырулар мен сараптамалар келтіреді [5]. «Таңбалы тас» қазақ халқының бас қосып, ел болған жері деп көрсетеді. 2003 ж. далалық экспедиция барысында Ә.Х. Марғұлан сипаттаған «Таңбалы тас» ескерткішінің табиғи факторлардың салдарынан жойылып бара жатқандығы анықталды. Сонымен қатар, осы жердегі жартастардан бұрын белгісіз болып келген көптеген ру таңбалары табылды. Бұл қазақ руларының осы аумақта бас қосқандығының бір дәлелі бола алады.

Кеңестік дәуірдегі этнографиялық зерттеулер идеологиялық қыспақтың әсерінен терең дами алмады. Тың тұжырымдарды баяндайтын зерттеулер айналымға түсірілмей, авторлары қуғынға ұшырады. Ұлытау өңірінің тарихи географиясының этникалық аспектілерін анықтауға қатысы бар В.В. Востров, М.С. Мұқанов зерттеулерін атауға болады. Зерттеуде қазақтардың ру-тайпалық құрамы көрсетіліп, олардың қоныстану жерлерінің сипаттамасы беріледі. Б.Х. Кармышева, Дж.Х. Кармышевалар этнографиялық деректердің негізінде Арқа атауының мағынасына тарихи географиялық талдау жасады.

Ұлытау өңірінің тарихи географиясымен байланысты тарихи зерттеулер М. Тынышпаев, Х. Досмұхаммедұлы, Е.Б. Бекмаханов еңбектерінен көрініс тапты. М. Тынышпаев қазақ хандығының құрылуы мәселелерін, қазақ руларының тарихын жан-жақты талдады. Е.Б. Бекмаханов Қазақстанның ХІХ ғасырдағы саяси жағдайына арналған зерттеуі отандық тарихнамада құнды болып табылады. Бұл зерттеу Ресей империясының отарлау саясатының мән-мағынасын ашып көрсетті. Кенесары көтерілісіне терең талдау жасады [6].

ХХ ғ. 70-80 жж. отандық тарихнамада іргелі зерттеулер жүргізіліп, ортағасырлық жазба ескерткіштерді зерттеуге арналған тарихшылар мен шығыстанушылардың еңбектері тарих ғылымындағы бетбұрыс болды деп айта аламыз. Бұл зерттеулер тарихи география мәселелерін анықтауда өте маңызды екендігін көрсету керек. Мұндай жазба ескерткіштердің талдануы Б.Е. Көмеков, В.П. Юдин, Ю.А. Зуев, М.Х. Абусеитова, К.А. Пищулина, С.М. Ахинжанов еңбектерінен көрініс тауып отыр. Б.Е. Көмеков әл-Идрисидің мәліметтеріндегі қимақ қалаларының орналасу жүйесін, қарлұқ тайпаларының қоныстану аумағын анықтауы отандық тарихи географиялық зерттеулердің бастамасын қалыптастырды [7]. Бұл Ұлытау өңірінің ортағасырлық тарихи географиясын зерттеуге негіз болды.

Үшінші кезең, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи еңбектер мен өлкетанушылық ізденістерді қамтиды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы, қоғамдағы демократиялық өзгерістер тарих ғылымында қалыптасқан ой-тұжырымдарды қайта қарауға мүмкіндік берді. Осы кезекте, Қазақстанның Ресейге қосылуының алғышарттары, ұлт-азаттық көтерілістердің сипаты мен себептері т.б. мәселелер қайта бағаланды.

Е.Ж.Уәлиханов, М.Ж. Абдировтың зерттеулері ХІХ ғ. қазақтардың ұлт-азаттық көтерілістерін терең талдауға бағытталған. Тәуелсіздік кезеңінде отан тарихының мәселелерін қайта зерттеуге көп көңіл бөлініп отыр. Қазақтардың ұлт-азаттық көтерілістері Е.Б. Бекмахановтың сотталуынан кейін жабық тақырыпқа айналды. Көтеріліс феодалдық-монархиялық сипатта, таптық күрес тұрғысынан бағалануы талап етілді. Бүгінгі күні Е.Ж. Уәлиханов Кенесары тұлғасын терең зерттеп, тың деректердің негізінде жаңа тұжырымдар жасады. Көтерілістің патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы жүргізілгендігін, Кенесарының қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру үшін күрескендігін көрсетіп отыр. ХІХ ғ. Орта жүздегі ұлт-азаттық көтерілістер Ұлытау өңірімен тікелей байланысты. Зерттеуде Кенесары көтерілісінің географиясы Ұлытау, Ырғыз-Торғай өңірлерін қамтуының себептері түсіндірілген [8].

В.З. Ғалиев, И.В. Ерофеева еңбектерінде XVIII ғ. қазақ халқының жоңғарлармен ірі шайқастары – Бұланты, Аңырақай шайқастарының барысы және маңызы зерттеледі [9]. Ресми тарихнамада Бұланты шайқасының уақыты 1728 ж. деп көрсетіледі. В.З. Ғалиев Бұланты шайқасының 1727 ж. болғандығын жазаса, ал, И.В. Ерофееваның пайымдауынша шайқастың уақыты – 1727-1730 жж. аралығын қамтиды. Шайқастың уақыты нақтылы жазба деректердің жоқтығына байланысты, тек шартты болып табылатынын айтады.

Қ. Салғараұлы, А. Сейдімбек еңбектерінде Ұлытау өңіріне байланысты тарихи пайымдаулар келтірілсе, Ж.Е. Смаилов зерттеуінде өңірдің тарихи географиясы, қалашықтар мен бекіністердің топографиясы және типологиясы сипатталған. Т.Т. Аршабеков Ұлытау өңірінің сәулеткерлік ескерткіштерін зерттеп, әлеуметтік, діни-ғұрыптық сипатын анықтады. Қ. Ахметовтың, К. Әмірқызының, Б.Б. Әбдіғалидың еңбектерінде Ұлытау өңіріндегі тарихи тұлғалар, оқиғалар сипатталған. Бұл зерттеулер өлкетанушылық сипатта, жергілікті фольклорлық, шежірелік материалдарын тарихи құжаттармен салыстыра жазылған. Сондай-ақ, А.Е. Жартыбаевтың, А.С. Омарбекова және т.б. зерттеулерінде Ұлытау өңірі топонимдерінің тарихы, құрамы мәселелер қамтылған болатын. Топонимикалық зерттеулер көбіне жер-су атауларының мағыналарын анықтауға бағытталғанмен, олардың қалыптасуы кезеңдері, тарихи себептері де қарастырылады [10].

ХХІ ғ. басы Қазақстан тарихнамада тарихи географиялық зерттеулерге деген қызығушылықтың жандануымен ерекшеленеді. Бұл Р.А. Идрисов, А.Ш. Алтаев, Г.Н. Ксенжиктің жекелеген өңірлердің тарихи географиясын, Н.У. Шаяхметовтың тарихи географияның өзекті мәселелерін зерттеуінен байқалады.

Тарихнаманы сараптай келе, Ұлытау өңірінің тарихи географиясы арнайы зерттеу объектісі болмаған, тек зерттеулерде жанама түрде қозғалған деген қорытынды жасауға болады.

Диссертациялық зерттеудің нысаны XV ғ. – XIX ғ. соңындағы Ұлытау өңірі болып табылады.

Зерттеу пәнінеXV ғ. – XIX ғ. соңындағы Ұлытау өңіріндегі тарихи және этникалық үрдістер жатады.

Диссертациялық жұмыстың мақсаты XV ғ. – XIX ғ. соңындағы Ұлытау өңірінің тарихи географиясын зерттеу болып табылады.

Диссертациялық зерттеудің міндеттері келесідей:



  • XV ғ. – XIX ғ. соңындағы Ұлытау өңірінің тарихи географиясының саяси аспектілеріне сипаттама беру;

  • Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерінің маңыздылығын анықтау;

  • Ұлытау өңірінің этникалық құрамын және ру-тайпалардың қоныстану аумағын анықтау;

  • Ұлытау өңірінің ХІХ ғ. әкімшілік аумақтық құрылымының жүйесін көрсету;

  • мал шаруашылығының ерекшеліктерін және маңыздылығын анықтау.

  • жерөңдеушілік пен кәсіптерінің дамуын талдау;

  • Ұлытау өңірі арқылы өтетін керуен жолдарын көрсету және сауда қатынастарын сипаттау.

Диссертациялық зерттеудің дерек көзін Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты, Ресейдің мемлекеттік әскери-тарихи мұрағаты, Омбы мемлекеттік мұрағаты құжаттары құрады. Қолданылған деректер отандық деректануда қалыптасқан жүйе бойынша топтастырылды.

Заңнамалық құжаттарға тақырыпқа қатысты заңнамалық актілер, жарлықтар, ережелер және т.б. жатады. Ресей әкімшілігінің жарлықтары, нұсқаулары және т.б. заңдық құқығы бар құжаттары, билік құрушы Сенаттың және Сыртқы істер коллегиясының жарлықтары да осы дерек көздерін құрайды. 1822 ж. «Сібір қырғыздарының Ережесі» заңнамалық құжаты Орта жүз аумағының әкімшілік құрылымының негізін қалыптастырды. Осы уақыттағы әкімшілік-аумақтық өзгерістердің сипатын, округтердің құрылуы мен ондағы басқару тәртібі мәселелерін көре аламыз. Ресей патшасының, үкіметінің жарлықтары И.И. Крафт құрастырған «Далалық облыстардағы қырғыздар туралы заңдар» жинағынан алып пайдаланылды.

Ұлытау өңірінің тарихи географиясының мәселелерін орыс империясы әкімшілігінің іс қағаздарынан көре аламыз. Іс құжаттары негізінен ресейлік мұрағат қорларында сақталған. XVIII ғасыр мұрағат деректері «Казахско русские отношения» атты 2 томдық құжаттар жинағында жарияланған [17]. Бұл мұрағат құжаттарында өңірге қатысты мәліметтер бар. 1730 жылғы башқұрт батырларының мәлімдемелері қазақтардың негізгі қоныстану аумағын көрсетсе, И. Неплюевтің сыртқы істер коллегиясына жазған мәлімдемелері Ұлытау өңірінің Барақ сұлтанның қарамағында болғандығын байқатады.

Зерттеу жұмысында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағат (ҚР ОММ) қорларында сақталған құжаттар пайдаланылды. Орталық мұрағаттың 64 қоры, 345 қор, 374 қорларында жинақталған құжаттар ХІХ ғ. өңірдегі рулардың қоныстану аумағын, әкімшілік-аумақтық құрылымын, болыс басқарушыларын анықтауда және саяси оқиғаларды саралауда өте құнды болып табылады. К. Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің мәселелерін айқындауға бағытталған мұрағат құжаттары, арнайы жинақтардағы мәліметтер қазақ руларының көтеріліске қатысуын, Ұлытау өңірінде орналасуын, көтеріліс оқиғаларын суреттейді. Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатында (РФ ММ) ІІІ бөлім бойынша сақталған құпия құжаттар қазақ даласындағы саяси ахуалды, 109 қорда Қошқарбай Саржанұлының Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресі туралы мәліметтер баяндалады.

Ұлытау өңірінің ортағасырлық кезеңін зерттеуде араб-парсы деректеріне сүйенеміз. Ортағасырлардағы жазба деректер В.Г. Тизенгаузен жинақтаған «Сборник материалов по истории Золотой Орды» деп аталатын екі томдық жинағынан, қазақстандық шығыстанушылардың «Материалы по истории казахских ханств» (МИКХ) деп аталатын жинағынан алынды. Бұл деректер ХІІІ-XVIII ғғ. аралығындағы тарихи үрдістерді сипаттауда қолданылды.

XVIII-XIX ғғ. орыс саяхатшылары мен қызмет адамдарының шығармалары зерттеу болғандығымен, авторлардың сол кездегі оқиғаларға куәгер болуы және өз көргендерін сипаттауы олардың деректік құндылығын ерекшелейді. Мәселен Н.П. Рычковтың, Ф. Назаровтың және т.б. жазбалары Ұлытау өңіріндегі тарихи оқиғалар мен орындар, тарихи-мәдени ескерткіштердің сиптамасын береді.

М.Ж. Көпеев, Қ. Халиди, Ш. Құдайбердіұлының шежірелік деректері Ұлытау өңірінің тарихи географиясын зерттеу барысында қолданылып, жазбаша деректерді толықтырып отыруға мүмкіндік берді. Шежірелік деректер Ұлытау өңірінің этникалық құрамын, рулардың қоныстанған жерлерін анықтауда қолданылды. Сондай-ақ, зерттеу «Дала уалаяты газетінде», Кеңестік дәуірдегі «Жұлдыз» т.б. басылымдардағы және Ұлытау өңірінде жарық көретін «Сарыарқа», «Жезді» мерізімді басылымдарындағы Ұлытау өңіріне қатысты мәліметтерге сүйенді. Мәселен, «Дала уалаяты газетінде» жарияланған «Қазақ халқының тұрақ, мекені» мақаласынан қазақтардың дәстүрлі шаруашылығының ерекшеліктерін, «Атбасар оязындағы қазақтардың жаһаткерлігі» мақаласынан жергілікті халықтың кәсіптерін байқауға болады. Сондай-ақ, мерзімді басылымдарда жарияланған естеліктер, мемуарлар зерттеу жұмысының дерек көзін құрады.

Зерттеу жұмысында далалық экспедиция материалдары пайдаланылды. 2002 жылдан бастап осы уақыт аралығында далалық экспедициялар барысында Ұлытау өңіріндегі рулардың қоныстану аумақтарын, шекараларын көрсететін мәліметтер, тарихи-мәдени ескерткіштер, тарихи тұлғалар және жер-су атаулары туралы деректер қоры жинақталды. 2003 жылы Президент мәдениет орталығының далалық экспедициясы барысында «Таңбалы тас» тарихи орны зерттеліп, ескерткіштің жойылып бара жатқандығы анықталды. 2004 ж. бастап Қарағанды мемлекеттік университетінің «Этномәдени зерттеулер» зертханасы Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеп, 200-ден астам төлқұжатын жасады. Сонымен бірге, өңірдің жер-су атаулары картаға түсіріліп, тарихи негіздеме берілді. Жергілікті ел адамдарынан тарихи аңыздар, белгілі тұлғаларға байланысты естеліктер жазылынып алынды.

Ресей империясының қазақ даласындағы зерттеу жұмыстары XVIII ғасырдан бастап үзбей жүргізіліп келді. Осы зерттеулердің маңызды бағыты – дала өңірлерін картаға түсіру болды. Бұл зерттеу жұмысында – картографиялық деректер тобын құрайды. Мұндай карталарды екі топқа бөліп қарастыруға болады: 1) әскери-топографиялық карталар; 2) жекелеген зерттеушілердің карталары. Карталарға көш жолдары, рулық топтардың шекарасы, жазғы жайлаулары салынды.

Мәселен, Ресей империясының бас штабы тапсырысы бойынша М. Красовскийдің «Сібір қазақтарының облысы», «Рулардың жайлаулары мен қыстаулары» карталары Ұлытау өңіріндегі қоныстану, шаруашылық мәселелерін анықтауда кеңінен пайдаланылды. А.Н. Сидельниковтың құрастыруындағы «Қырғыз өлкесінің картасында» Қазақстан аумағындағы әкімшілік бөліністердің шекаралары, орталықтар мен ауыл, станица, пикеттер, әртүрлі өңірлеріндегі керуен және қатынас жолдары көрсетілген. Ф.А. Щербина экспедициясының материалдарының негізінде дайындалған карта ХІХ ғасырдағы Ұлытау өңірінің әкімшілік-аумақтық құрылымын және шаруашылық жүйесін нақтылы көрсетеді.



Қорыта айтқанда, Ұлытау өңірінің тарихи географиясының мәселелерін ашатын деректер кешені бар. Бұл деректер Ұлытау өңірінің саяси оқиғаларын, этникалық құрамы мен әкімшілік-аумақтық құрылымы мәселелерін қарастыруда маңызды мәліметтер береді.

Жұмыстың теориялық-методологиялық негізі. Жұмысты жазу барысында жалпы ғылыми және арнайы тарихи әдістер қолданылды. Олар анализдік-синтездік, салыстырмалы-тарихи әдістер, ретроспективалық талдау, бақылаудың статистикалық әдісі, картографиялық зерттеу әдісі. Картографиялық әдіс тарихи географияның спецификалық әдісі болып табылады. Оның қарапайым түрі, тарихи құбылыстарды белгілі бір территорияда және белгілі бір уақытта көрсететін картограммаларын жасау.

Каталог: files -> AutoReferats
AutoReferats -> Асылбекова мәрзия пәзілқызы халық педагогикасы негізінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тұлғасын қалыптастыру
AutoReferats -> Мейрманов асылбек бекболатович
AutoReferats -> Сарбасова қарлығаш амангелдіқызы қазіргі қазақ педагогика ғылымындағы әл-Фарабидің, Ж. Баласағұнидің, М.Қашқаридің
AutoReferats -> Қазақтың ұлттық қолданбалы қолөнері негізінде болашақ мұғалімдердің кәсіби-көркемдік құзыреттілігін қалыптастыру
AutoReferats -> Физико-химические основы каталитическо-кавитационного воздействия на органическую массу первичной каменноугольной смолы 02. 00. 04 Физическая химия
AutoReferats -> ҚАсымова сәуле сүйіндікқызы сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі
AutoReferats -> Диссертация 2009 жылы күні сағат
AutoReferats -> Қазіргі әлеуметтік-мәдени жағдайдағы жалпы білім беретін қазақ мектебін басқаруды жетілдіру
AutoReferats -> Мұқатаев Айдос Ағдарбекұлы Қазақстан инновациялық мектептерінде қосымша білім бағдарламалары негізінде оқытуды бейіндік саралаудың дамуы
AutoReferats -> Комплексы нового полиамфолита карбоксиэтил-3-аминокротоната/акриловой кислоты с комплементарными макромолекулами и их использование для агрегирования радиационно-зараженных почв Семипалатинского региона 02


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет