Жойқынбектегі, Қ. Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. 2014. 5 шілде



жүктеу 80.88 Kb.
Дата25.04.2016
өлшемі80.88 Kb.
: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Қирабаев, С. Қабыкенім менің [Текст] / С. Қирабаев // Орталық Қазақстан. 2009. 17 наурыз
Files -> Куандыкова Д.Қ. Е. А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия нан рк сер филолог. – 2006. №5. – 16-19 б
Files -> Әнуар тарақОВ, филология ғылымдарының докторы
Files -> Зейтінова М
Files -> Уәлихан Ш. А. Ы. Қайран, менің асыл ағаларым-ай!/Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан//Егемен Қазақстан. 2004. 25 тамыз (№217-220)
Files -> Сәулебектегі, А. Біз білетін Бөкетовтің біз білмейтін қырлары / А. Сәуле-бектегі // Жас Алаш. 2005. 19 наурыз (№32-33)
Files -> Акылбаев Ж. С
Files -> Құлақ түрді тым ауыр сұрақ кірді
Files -> Асанұлы Қ. Е. А. Букетов публицистикасындағы ой мен тіл үйлесімі / Қ. Асанұлы // Ақиқат. – 2002.– №1. – 91-94 б
Files -> Абдыманапов С
Жойқынбектегі, Қ.

Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. - 2014. - 5 шілде (№125-126). - (Тағылым).
Атақты ғалым, жазушы Евней Бөкетов өмірінің соңғы жылдары мемлекет қаржысына салынған екі қабатты үйде тұрды. Бұл үй – қаланың ботаникалық бағына жақын жерде болатын. Оның алдында ғана Ебекең соңына түсіп жүріп, мемлекеттен қаржы алып, сол бақ іргесінен Қарағанды химия-металлурия институтының жаңа мекен-жайын салғызып,  сонымен қоса, институт қызметкерлеріне алпыс пәтерлік үй тұрғызуға да рұқсат алған еді. Бұл құрылыстардың уақытында салынуына Ебекең барлық күшін салды.

Бұл ара қаланың бір көрікті жері болғандықтан, жұмыстан қолдары босағанда бақ ішінде серуендеу – тұрғындардың әдетіне айналған еді. Маған да құдай бұйыртып, калалық кеңес арқылы осы үйден пәтер тиді. Жаңадан дос-жарандар таптым. Солардың бірі – Қоялы Аябергенов деген институт зертханасының меңгерушісі еді. Ол кісімен  бақта серуендеуге бірге шығып жүрдік. Бір күні серуенде қасында неміс овчаркасы бар Евней Арыстанұлы кездесті. Иттің аты – ит, алғашқы сәтте иттен қорқып қалдық. Жасқаншақтай келіп, Ебекеңе сәлем бердік. Ол кісі біздің қорқып қалғанымызды сезіп, «менің қасымда жүрген адамдарға мінез көрсетпейді» деді. Ебекеңнің мына  сөзі себеп болды да, иттен қаймықпай бірге жүрдік.

Жиі болмаса да, арагідік ботаникалық бақ ішінде Ебекеңмен кездесіп қаламыз. Уақыт сездірмей  өте берді. Өмір деген құбылмалы. Ебекең университет ректоры болып ауысты. Біраз уақыт еңбек еткен соң, кейін өзі құрған ғылыми-зертеу институтына қайта оралды. Өзі құрған, көп жылдар еңбек еткен химия-металлургия институтына аға ғылыми қызметкер болып ауысты. Адамның ішінде не болып жатқанын кім біледі? Арада тағы біраз уақыт өткен соң, «Ебекеңнің жүрегі ауырады» дегенді естідік. Бұл шындық тәрізді болды. Ол кісі жақын інісіндей болып кеткен, қазақылығы мол Ғабдолла Құлқыбаев деген кардиолог жігітті ертіп алып, Мәскеуге барып көрініп келген. Бір күні біздің үйде тұратын ұзын құлақтан естідік, Ебекеңнің иті жоғалып кетіпті. Содан Ебекеңнің денсаулығын сұрап, ит туралы білуге Қоялы екеуміз үйіне бардық. Бұрын да болған едік. Ебекеңнің кабинеті үйінің терістік жағында, бірінші қабатта болатын. Біз кіргенде ол кісі жазу үстелінде бірдеңе жазып отыр екен. Бізді көріп, қазақ әдетімен «жоғары шығыңдар» деп төрде тұрған орындықтарды нұсқады. Біз екеуміз соған жайғастық. Иті үстелінің қасында, екі аяғын алдына жіберіп,  етбетінен түсіп жатыр екен. Итті көріп, біз де іштей қуанып қалдық. Итінің аты – Рик еді. Біз мұны бақ ішінде серуендеп жүргенде Ебекең аузынан естіп қалғанбыз. Біраз әңгімеден кейін Қоялы сұрақ қойды:

– Біз мына Риктің жоғалып кеткені туралы естідік. Ол қалай болған? - деді. Ебекең жақсы көңіл күйде  отырған бол­уы керек, иті жайындағы әңгімені бас­тап кетті.

– Солай болғаны рас. Осыдан сегіз күн бұрын Рик із-түссіз жоғалып кетті. Күшік күнінен қолымда өсті ғой. Қасымда жүргенге әбден үйреніп қалыппын. Риктің мен үйде жұмыспен отырып қалғанда, болмаса, бір жаққа кеткенімде, өзі үйден шығып кетіп, бір-екі сағаттай серуендеп келетін әдеті болатын. Алайда, бұл жолы ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Әр жерден іздестірдім. «Көрдім» деген адам болмады. Жаным ашыды. «Біреу атып кетті ме?» деп ойладым. Содан кейін күшік күнінде алған иесіне телефон соқтым. Ол адам жақсы кинолог еді. Маған: «ол қаншық қуып кеткен шығар» деді. Ауылда өскен адаммын ғой, иттердің ондайы болатынын білетінмін. Арада тағы екі күн өтті. Енді оның сөзіне сене қоймадым. «Қолдан  тамақ ішіп үйренген ит осы уақытқа дейін қалай қаңғып жүре береді, ол қолды болды, болмаса, иесіз иттерді атып, алып әкететін адамдар колына түсіп қалған ғой» деген ұйғарымға келдім. Содан иттен біржола  күдер үздім.

Алдыңгүні таңертең тысқа шықсам, есік алдында жатыр екен. Өзінше еркелейді. Осы уақытқа дейін қаңғып кеткені үшін итке ренжіп, қасынан өте шықтым. Бұрын серуендеп келгенде есік ашылысымен менен бұрын үйге кіріп кететін. Бұл жолы оны жасамады.Тыс­та, есік алдында қала берді. Иттің бұл қылығына таң қалдым.Содан қайыра тысқа шықтым да: «Рик, үйге кір!», – деп едім, жып беріп кіріп кетті де, осы орнына  келіп жата қалды. Қазақ итті жеті қазынаның біріне жайдан жай қоспаған ғой, осындай айрықша қасиеттері үшін  қосқан болуы керек, мына қылығына риза болып қалдым, – деді Ебекең.



Содан кейін  жалпы ит жайында Ебекең біраз әңгіме қозғап, иттердің жиырма жылға дейін өмір сүретіні туралы айтты. Осыдан кейін де, Ебекеңді қасында иті бар, серуендеп жүргенін талай көріп жүрдік. Ғалым ғана емес, жай адамда да арман-мақсат болады ғой. Ғалымдардың бәрі ізденгіш қой, бірақ, Ебекеңнің ондай қасиеті айрықша болатын. Көмірлі қалада тұрғандықтан ба, көмір жайында көп әңгіме ететін. «Мұнай мен көмірдің негізі бір, екеуінде де газ бар. Мүмкін, жер жағдайына байланысты ма, кім білген, мұнай сулы жерлерге жақын жатады» деген бір сөзінде. Ал, мұхит, теңізден алыста жатқан  жерлерде, көбіне, осы жерасты байлығы көмір болып келетінін айтатын ол кісі. Дүние жүзінде мұнайдың қай жерден шығатынын жатқа білетін еді. Сол туралы біраз әңгіме айтқаны есімде қалыпты. Ретін тапса, көмірді мұнайға айналдыруға болатыны туралы айтқан. Көмірді жер астынан сыртқа шығару – аса қауіпті. Жылына қанша шахталарда апат  болып жатады. Бұл жағдай ғалымдарды ойландыруға тиісті. Әуелі мұнай пайда болып, кейін ол көмірге айналатынын, бұл екі процестің арасында сан ғасыр өткенін, осы екі байлықтың арасында көп байланыс барын біраз сөз еткен. Түбінде көмірді қайыра мұнайға айналдыру жолы табылады дейтін. Бұл мәселені шешуге бір адамның өмірі жетпейтін сияқты. Оған жол салып берсе, талантты ғалымдар өзі-ақ алып кетеді. Қазақ жерінде көмір көп, оны мұнайға айналдырса, талай мәселелер шешіледі дейтін. Бұл да Ебекеңнің үлкен арманының бірі еді. Осы шаруаға жол салып беруді ойлап жүретін. Серуендеп жүргенде осы сияқты мәселелерді сөз ететін. Менің ойыма  шәкірттеріне ой тастау сияқты болып көрінетін мұнысы. Евней Арыстанұлы сан қырлы адам еді. Оның ізденісі жан-жақты болатын. Қаныш Сәтбаев жайында роман бастап, оның бірінші тарауын жазып болған соң, ұзақ ізденіп жүрді. Жасырмайтын, «енді әрі қарай қалай апарарын білмей жүрмін» дейтін. Ебекең ұзақ толғаныста жүрді. Кім білген, ол кісі әдебиеттің біраз жанрын меңгерген адам еді. «Звезда» журналының тапсырмасымен қазақ ғалымы жайында «Атан қомында туған адам» атты публицистикалық очерк жазды. Ебекең мықты аудармашы да еді. Есениннің шығармаларын тұңғыш тәржімалаған адамдардың бірі болатын. Дегенмен, оның өмірдегі басты мақсаты ғылым болып қалды. Соған көп көңіл бөлді. Университетті жақсы бітіргендерді  ғылымға тартып, Мәскеуге аспирантураға жіберіп отыратын. Тоқтарбай Сүлейменов деген менің көршім айтып отыратын, «менің ғылым жолына түсуіме Евней Арыстанұлы тікелей себепкер болды, әйтпесе, мен оқу орнын бітірген соң, бір жерге мұғалім болып кететін едім» деп. Тоқтарбай Қытайдан  келген жігіт болатын. Онжылдықты Қарағандыдағы екінші мектеп-интернатында оқып жүргенде орыс тілінен таяқ жеп, мұғалімдердің сүйемелдеуімен үшке зорға ілініп, мектепті бітіріп шығыпты. Ол университеттің физика факультетіне емтихан тапсырғанда, алдынан тағы да орыс тілі кедергі жасап, балы жетпей, түсе алмайтын қауіп туады. Ақыры, университет ректоры Евней Арыстанұлына  орыс тілінен түсе алмай тұрғанын айтады. Ебекең  аттестаттан бағасын көріп жіберіп, физикадан, химиядан «өте жақсы» екенін көріп, егер, сен университетте сол пәндерден жақсы оқысаң, аспирантураға қалдыратынын айтады оған, сол арада. Ебекең   сөзінде тұрып, Тоқтарбайды аспирантурада қалдырып, кейін Мәскеуге жіберген еді. Ол  сол жақтан кандидаттық  корғап келіп, химия-металлургия институтына жұмысқа тұрған еді.

Бір күні Евней Арыстанұлының бұрын жазған бір еңбегін қарап отырса, бір жерінде  айтылмаған жаңалық бар екен, содан кейін ол кісімен ақылдасып, «егер ғылыми жолмен дәлелдей алсаң, бұл жұмысқа кіріс» дейді Ебекең.

Ақыры сол жұмысқа кірісіп кетіп, өз айтқанын дәлелдеп шығарды. Бұл кезде Евней Арыстанұлы қайтыс болған. Тоқтарбай сол еңбегі үшін докторлық атақ алды. Кейін бұл жұмысына   мемлекеттік сыйлық  берілді. Тоқтарбай да көлік апатынан қайтыс болды.

Ебекеңнің талай жастарға осылай көмегі тиді. Содан ба, алдымен кадр мәселесіне мән беріп, сонымен қабат, ғалымдарға жақсы жабдықталған зертханалар керек екенін айтатын. Осы екі мәселеге өзі де көңіл бөліп  жүретін. Соның арқасында талантты көп адамдар ғалым болып шықты. Геннадий Малышев деген орыс жігітті тәрбиелеп, оны өзі еңбек етіп жүрген химия-металлургия институтына қызметке алып, ол жігіт докторлық корғап, зертхана меңгерушісі болды. Ол жайында Евней Бөкетов жан-жақты дарынды екенін жиі айтатын. Ебекеңнің өз аузынан естіген сөзі жадымда қалыпты. Ол кісі айтатын: «Малышев – нағыз химик қана емес, философ та» дейтін. Кейін Малышевтің өзінен: «Ебекең сізді неге философ дейді?», – деп сұрадым. Ол: «Мен кеңес үкіметі құрылысы жайында үлкен еңбек жаздым кезінде, соны алдымен, Евней Арыстанұлына оқыттым. Ол кісі оқып шығып,  «бұл еңбегің маған ұнады, бірақ, басып шығару қиын» екенін айтты. «Қайдан шықсаң, одан шық» деп сол кездегі КОКП Орталық комитетіне жібердім. Сірә, тістері батпаған болуы керек. Кейін өзіме қайтарып жіберіпті. Кеңес үкіметі құлаған соң, Мәскеудің бір баспасына жібердім. Олар басып шығарды. Бірақ, Кеңес үкіметі жоқ, сол еңбегім босқа қалды», – деп жауап берді.


Ебекең жастардың осындай таланттыларын байқағыш еді. Осындай Малышев, Сүлейменов тәрізділерге қол ұшын  беріп, оларды ылғи қолдап отыратын.
Мен сөз етіп отырған тақырыбым – ит мәселесінен сәл ауытқып кетіппін. Енді сол жағдайға  қайыра оралайын.

Алдында жап-жақсы көңіл-күйде жүрген Евней Арыстанұлының  кенеттен қайтыс болғанын естідік. Қазақта алыпқашпа сөз көп қой. «Ебекеңнің өліп кетуіне иті себеп болыпты» деген  әңгіме шықты. Содан бұл әңгімені жылы жауып қойғанмын. Арада бірнеше жыл өткен соң бір жерде әңгімелесіп отырып, «Ебекеңнің өліміне иті себепкер болды» дегенді тағы естідім, содан соң Ебекеңнің туған інісі Қамзебай ағамызға арнайы телефон соғып, Ебекеңнің өлімі туралы, сол ит туралы сұрадым. Сонда ол кісі мынадай сөз айтқан: «Евней есік алдында жүріп, қасында иті бар, құлап қалыпты. Тура сол кезде үйінде азын-аулақ жөндеу жұмысы болып жатыр еді. Орыстың екі әйелі құлап жатқан Ебекеңді көре сала, қасына бармақ болады. Бірақ, иттен қорқады. Олар иттен қорқып, қоршау ішіне кірмейді. Содан ел итті кінәлап жүрді ғой. Кінә қойса, ана екі әйелге қоюы керек еді. Әйелдер Евнейдің қасына бармай, іргедегі институтқа барып айтады. Сол екі ортада Евней жүріп кетіпті. Кейін «неге бірден жедел жәрдем шақырмадыңдар» десек, «иттен қорқып, үйге кіре алмадық» деген сөз айтты», – деді  Қамзекең. Әйелдердің бұл сөзі шындыққа келе қоймайды, күнде жөндеу жұмысына келіп жүрген оларға ит тиіспейтін. Бұл сөзінде олардың бір жалғандық барын айтқан Қамзекең. Ол кісінің бұл сөзінде шындық жатқандай еді. Біз де ботаникалық бақ ішінде жүргенде ол ит ешқандай мінез көрсетпейтін. Біз мұны сан рет байқағанбыз. Ебекеңнің өзі де менің қасымда жүрген адамға, біздің үйден бір көрген адамына иттің тиіспейтінін айтатын. Содан кейін Қамзекеңнен ит жайында сұрадым. Ол кісі иесі  қайтыс болған соң, бір жылдан кейін иттің өлгенін айтқан. Бұл жайт мені қайран етті. Таяуда Қамзекеңнің өзі де қайтыс болды.

Есте қалған оқиға. Бұл жайында естігенде менің есіме орыс журналисі Песковтың «Комсомольская  правда» газетінде жарияланған  очеркі есіме түсті. Бір адам итін аэропорт басына тастап кетіп, сол ит бір жыл ешқайда кетпей, иесін күткенін жазған еді. Бұл да иттің иесіне берілгендігінің бір белгісі еді. Ақыры итті бір адам естіп, қолына үйретіп, асырап алады. Сонымен қоса, менің өз басымнан өткен бір жайт есіме түсе кетті. Біздің үйде Төрткөз деген ит болды. Сол ит бір адамның қақпанына екі аяғынан бірдей түсіп қалған еді. Содан әкем естіп, алып келген. Ол ит қыс бойы қорада жатып, көктем шыға екі аяғымен жүріп кетті. Қазақтың «итжанды» сөзі осындайдан туған болуы керек. Шешем марқұм оны аялап, күн сайын тамағын беріп тұратын. Сол ит шешем өлген соң ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Ол кісі қайтыс болған соң біз де оған тамақ беруді ұмытып кетеміз. Содан ол ит жоғалып кеткен. Арада бірнеше күн өткен соң, сиырды іздеп, өзен жақтан келсем, біздің иттің өлігіне тап болдым. Әкеме айтып келіп едім, ол кісі айтқан, шешеңді іздеп, ол  Төрткөз ішқұса болып өлген екен деді. Мен ішімдегі ойымды да жасырмадым, біз тамақ бермеген соң аштан өлген шығар. Әкем айтқан, ит ешқашан аштан өлмейді. Ол қайтсе де, тамағын тауып жүреді. Әкемнің бұл сөзінде шындық жатқанын біліп, үндемей қалдым. Өйткені, далада қонып жүрген иттер де қандай жағдай болмасын тамағын тауып жүреді.

Сонда, сол жолы Қамзекеңнін аузынан иттің неше жыл өмір сүргенін естігенімде, есіме  Ебекеңнің «ит жиырма жылға жуық өмір сүреді» деген сөзі түсіп, кейін талай  ит-қасқырлар туралы жазылған дүниелерді іздеп тауып оқып шықтым. Ит он бес не он алты жылға дейін өмір сүреді екен. Сол, әкем айтқан  ішқұса болып өлді деген сөзіне тоқтадым. «Ит, шіркін, адамға керемет берілген жануар ғой. Иесін іздеп, содан өліп кеткен шығар» деген ойға келдім. Евней Арыстанұлының жас ғалымдарға қамқорлығы, итінің оған берілгендігі туралы ойлар жадыма қайта-қайта орала беріп, маза бермеді. Ебекең ғана емес, оның еңбегіне ие болып, Қарағанды университеті жанынан мұражай ашылуына тікелей оның інісі Қамзекең себепкер болды. Соңғы жылдары қатты ауырып жүрді де, Қамзекең Ебекең туралы жазылған әрбір еңбекке мән беріп жатты. Ағайынды екеуінің аруағына арнап, осы дүниені жазып отырмын.



Қанат ЖОЙҚЫНБЕКТЕГІ.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет