Жол жүрісі туралы



жүктеу 1.41 Mb.
бет3/4
Дата02.05.2016
өлшемі1.41 Mb.
1   2   3   4
: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Сабақтың тақырыбы: Спорттық ойын волейбол ойынға қосылған допты жоғарыдан немесе төменнен қабылдау
2014 -> Эй бир боорум! Менден бир нече насыйкат сурадың. Сен бир жоокер болгонуң үчүн, аскердик мисалдар менен айтылган сегиз чакан аңгеме аркылуу бир нече акыйкатты напсим менен бирге уккун
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> ЖҰмыс бағдарламасы пән: «Қоғамтану» Мамандығы: : 0301000
2014 -> Ұлт тарихы толқынындағЫ Ұлы тұЛҒалар
2014 -> Конкурс ережесі «Астана Опера»
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев

2) масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық); реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерімен; жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйде көлік құралын басқаруға;

3) шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына төрт жылдан аспайтын, автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санатындағы көлік құралдарын қоспағанда, ақауы бар көлік құралын, міндетті техникалық қарап тексеруден өтпеген көлік құралын басқаруға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда көлiк құралдары иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын және (немесе) тасымалдаушының жолаушылардың алдындағы жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасаспаған иесiнің көлiк құралын басқаруға;

5) мемлекеттiк тiркеу нөмiрі белгiлерi болмаған немесе олар тiркеу құжаттарына сәйкес келмеген жағдайларда көлiк құралын басқаруға;

6) көлік құралын оның иесі болмаған кезде басқарған жағдайда – уақытша иеленуге және пайдалануға берілген көлік құралын басқаратын жеке тұлғаның уәкілетті органда міндетті тіркелуімен бірге аталған көлік құралын басқару, иелену немесе пайдалану немесе билік ету құқығын растайтын құжатсыз көлік құралын басқаруға;

7) реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерінен масаң күйдегі, сырқат немесе шаршаулы күйдегі адамдарға, сондай-ақ жүргізуге оқып-үйренушілерден басқа, өзімен бірге осы санаттағы көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі және жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты) жоқ немесе жол (маршрут) парағында көрсетілмеген адамдарға көлік құралын басқаруға беруге;

8) ұйымдастырылған (оның ішінде жаяулардың да) колонналарды кесіп өтуге және олардың арасынан орын алуға;

9) телефонды не радиостанцияны тыңдауыш немесе қатты дауысты байланысты қолдану арқылы пайдалануды қоспағанда, көлік құралын басқару кезінде оларды пайдалануға;

10) тежегiштiң жұмыс жүйесi немесе рульмен басқаруы iстемейтiн, ілініс құрылғысы (поезд құрамында) жарамсыз, сондай-ақ тәулiктiң қараңғы уақытында жолдарда жасанды жарықтандыру болмағанда немесе көрінуі жеткіліксіз жағдайларда – шамдары және (немесе) артқы габариттік оттары жанбайтын (жоқ), жаңбыр немесе қар жауып тұрғанда алдыңғы терезе тазалағыштары жарамсыз көлiк құралын басқаруға;

11) өзінің қатысы бар жол-көлік оқиғасынан кейін не ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік құралы тоқтатылғаннан кейін, уәкілетті лауазымды адам масаң күйді анықтау мақсатында куәландырудан өткізгенге дейін немесе уәкілетті лауазымды адам осындай куәландыруды жүргізуден босату туралы шешім қабылдағанға дейін алкоголь ішімдіктерін, есірткі немесе психотроптық заттарды пайдалануға;

12) жаяу жүргіншілердің өткелдерінде және тротуарлардың немесе жол жиектерінің сызығы бойынша жол қиылыстарында; тоннельдерде; көпірлерде, жолөткелдерде, эстакадаларда және олардың астында; теміржол өтпелерінде; жолдың жүру бөлігінің көріну мүмкіндігі бір жүз метрден кем жерлерде; аялдау пункттері орналасқан жерлерде кері бұрылуға;

13) жол қиылыстарында және кері бұрылуға тыйым салынған жерлерде артқа жүруге;

14) төрт немесе одан да көп жолағы бар екiжақты жүру жолдарында жолдың қарсы жүруге арналған жағына шығуға;

15) үш жолағы бар, олардың ортаңғысы екi бағытта да жүру үшін пайдаланылатын екiжақты жүру жолдарында қарсы жүруге арналған шеткі сол жақтағы жолаққа шығуға;

16) белгіленген тәртіппен айқындалған ең жоғары жылдамдықтан асыруға; көлік құралына орнатылған «Жылдамдықты шектеу» таным белгісінде көрсетілген жылдамдықтан асыруға;

17) басқа көлік құралдарына кедергі келтіруге;

18) егер бұл жол-көлік оқиғасын болғызбау үшін қажет етілмесе, кілт тежеуге;

19) жүру жылдамдығын арттырумен немесе өзге де әрекеттермен басып озып бара жатқан көлік құралының басып озуына кедергі келтіруге;

20) мынадай:

реттелетін жол қиылыстарында қарсы жүру жолағына шыға отырып;

реттелмейтін жол қиылыстарында бағытын өзгертетін басты жолмен (рұқсат етілген оң жағынан басып озуды қоспағанда) және басты болып табылмайтын жолмен (шеңберлі жүрісті жол қиылыстарындағы басып озуды, қапталында тіркемесі жоқ екі дөңгелекті көлік құралдарын басып озуды және рұқсат етілген оң жағынан басып озуды қоспағанда) жүру кезінде;

жаяу жүргiншiлер өткелдерiнде жаяу жүргiншiлер болған кезде;

теміржол өтпелерiнде және олардың алдында бір жүз метрден жақын жерде;

басып озып немесе айналып өтiп келе жатқан көлiк құралын;

өрге көтерілу соңында және көрінуi шектеулі басқа жол учаскелерiнде қарсы жүру жолағына шыға отырып, басып озуға;

21) мынадай:

егер бұл трамвайлардың жүруіне кедергi келтірсе, трамвай жолдарына тiкелей жақын жерде;

теміржол өтпелерінде, тоннельдерде;

эстакадаларда, көпірлерде, жолөткелдерде (егер осы бағытта жүру үшін жолақ үштен кем болса) және олардың астында (жолақтардың санына қарамастан);

егер бұл көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтірсе, тоқтаған көлiк құралы мен тұтас таңбалау сызығы (жолдың жүру бөлiгiнiң шетiн белгiлейтiннен басқа) немесе жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы шетi немесе жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы шетiнде тұрған көлiк құралы арасындағы қашықтық үш метрден кем болатын жерлерде;

жаяу жүргiншiлер өткелдерiнде және олардың алдындағы бес метрден жақын жерде;

ең болмағанда бiр бағытта жолдың көрiнуi бір жүз метрден кем болған кезде қауiптi бұрылысқа және жолдың бойлық қимасының дөңес құлдималарына жақын жолдың жүру бөлігінде;

қапталдағы өтпенiң қарсысындағы тұтас таңбалау сызығы немесе бөлу жолағы бар үшжақты қиысу (қиылыс) жағын қоспағанда, жолдың жүру бөлiктерінiң қиылысында және жолдың қиылысатын жүру бөлiгiнiң шетiне отыз метрден жақын жерде;

аялдама алаңдарында және оларға он бес метрден жақын жерде, ал олар болмаған кезде маршруттық көлік құралдары немесе такси аялдамасының нұсқағышынан он бес метрден жақын жерде;

көлiк құралы басқа жүргiзушiлерден бағдаршам сигналдарын, жол белгiлерiн көлегейлейтін немесе басқа көлiк құралдарының жүруіне (кiруiне немесе шығуына) мүмкiндiк бермейтiн немесе басқа көлік құралдары мен жаяу жүргiншiлердiң жүруіне кедергi (кептеліс) келтіретін жерлерде;

гүлзарларда, көгалдарда, балалар және спорт алаңдарында тоқтауға;

22) мынадай:

тоқтауға тыйым салынған жерлерде;

бұл үшін арнайы бөлінген, тиісті жол белгілерімен және нұсқағыштармен белгіленген орындардан басқа, елді мекендердің жолдарында және көшелерінде;

эстакадаларда, көпiрлерде, жолөткелдерде;

елдi мекендерден тыс жерлерде «Басты жол» жол белгiсiмен белгiленген жолдың жүру бөлiгiнде;

теміржол өтпелеріне елу метрден жақын жерде;

егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса, елдi мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлiк құралдарының;

гүлзарларда, көгалдарда, балалар және спорт алаңдарында тоқтап тұруына;

23) бұл жол жүрісіне басқа қатысушыларға кедергi немесе қауiп келтірмейтініне көз жеткiзбейiнше, көлiк құралының есiктерін ашуға, оларды ашық қалдыруға немесе жолдың жүру бөлiгiне шығуға;

24) егер көлiк құралдарының көлденең бағытта жүруіне кедергi келтіре отырып, жүргiзушiнi тоқтауға мәжбүр ететiн кептеліс пайда болса, жол қиылысына немесе жолдың жүру бөлiктерінің қиылысына шығуға;

25) жүргiзушiге шолуды шектейтiн жол-жөнекей бағытта жүріп бара жатқан көлiк құралдарының алдына түсуге;

26) егер жүргiзушiнi жаяу жүргiншi өткелiнде тоқтауға мәжбүр ететiн, өзінен кейін кептеліс пайда болса, жаяу жүргiншi өткелiне шығуға;

27) мынадай:

шлагбаум жабық тұрған немесе ол жабыла бастаған кезде (бағдаршам сигналына қарамастан);

бағдаршамның тыйым салатын сигналы кезiнде (шлагбаумның орналасуына және оның бар-жоғына қарамастан);

өтпе кезекшiсінiң тыйым салатын сигналы кезiнде (кезекшi жүргiзушiге кеудесімен немесе арқасымен тұрған, таяқша, қызыл фонарь немесе жалауша ұстаған қолын жоғары көтерген не қолдарын екі жаққа созған);

егер өтпенiң арғы жағында жүргiзушiні өтпеде тоқтауға мәжбүр ететiн кептеліс пайда болса;

егер көрiну шегiнде өтпеге поезд (локомотив, дрезина) жақындап қалса, теміржол өтпесіне шығуға;

28) теміржол өтпелерінен тыс жерде теміржолдардан өтуге;

29) қарсы жүру жолағына шыға отырып, теміржол өтпесі алдында тұрған көлiк құралдарын айналып өтуге;

30) теміржол өтпесіндегі шлагбаумды өз бетімен ашуға;

31) теміржол дистанциясы бастығының рұқсатынсыз теміржол өтпесі арқылы ауыл шаруашылығы, жол, құрылыс және басқа да машиналар мен механизмдердi көлiктен тыс жағдайда өткізуге, жылдамдығы сағатына сегіз километрден кем баяу жүретiн машиналардың, сондай-ақ трактор шана-сүйретпелерінің жүруіне;

32) автомагистральдарда:

велосипедтерді, мопедтерді, тракторларды және өздiгiнен жүретiн машиналарды, сондай-ақ техникалық сипаттамалары немесе олардың жай-күйі бойынша жылдамдығы сағатына қырық километрден кем өзге де көлiк құралдарын басқаруға;

рұқсат етiлген ең жоғары массасы үш жарым тоннадан асатын жүк автомобильдерiн екiншi жолақтан әрі басқаруға;

«Тұрақ орны» немесе «Демалыс орны» жол белгілерімен белгіленген, тұраққа арналған арнайы алаңдардан тыс жерлерге тоқтауға;

бөлу жолақтарының технологиялық айырымдарында керi бұрылуға және оған кiруге;

артқа қарай жүруге;

жүргізіп үйренуге;

33) тұрғын аймақта:

көлiк құралдарының толассыз жүруіне;

жолдың жүру бөлiгiнен тысқары жерде көлік құралының жүруіне;

жүргізіп үйренуге;

қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған күйде тоқтап тұруға;

рұқсат етiлген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан асатын жүк автомобильдерiнiң, автобустардың арнайы бөлiнген әрі белгiлермен және (немесе) таңбалармен белгіленген орындардан тыс тоқтап тұруына;

дыбыс сигналын беруге, музыканы қатты қосуға;

тротуарларда, көгалдарда, балалар және спорт алаңдарында тоқтап тұруға;

34) иiлгiш немесе қатты тiркемемен сүйреткен кезде – сүйретiлетiн автобуста (троллейбуста) және сүйретiлетiн жүк автомобилiнiң шанағында жолаушылардың болуына, ал таразыға тарту немесе ішінара тиеу арқылы сүйреткен кезде сүйретiлетiн көлiк құралының кабинасында немесе шанағында, сондай-ақ сүйретушінің шанағында жолаушылардың болуына жол беруге;

35) мынадай:

рульмен басқаруы iстемейтiн көлiк құралын (аспалы түрде немесе жартылай тиеу әдісімен сүйретуге жол берiледi);

екi және одан көп көлiк құралын;

егер нақты массасы сүйрейтiн көлiк құралының нақты массасының жартысынан артық болса, тежеу жүйесi iстемейтiн көлiк құралын сүйретуге тыйым салынады. Нақты массасы аз болған кезде мұндай көлiк құралын қатты тіркемемен немесе ішінара тиеу әдiсiмен ғана сүйретуге жол берiледi;

қапталдағы тiркемесi жоқ мотоциклмен, сондай-ақ мұндай мотоциклдi;

көктайғақта иiлгiш тiркемемен сүйретуге;

36) жолаушыларды:

автомобильдiң (борт платформасы бар жүк автомобилiнiң шанағында немесе фургон шанақта жолаушыларды тасымалдау жағдайларынан басқа), трактордың, өздiгiнен жүретiн машинаның кабинасынан тыс, жүк тiркемесiнде, тіркеме-үйшікте, жүк мотоциклiнiң шанағында және мотоцикл конструкциясында отыру үшін көзделген орындардан тыс;

көлiк құралының техникалық сипаттамасында көзделген санынан артық тасымалдауға тыйым салынады, бұл ретте көлiк құралының нақты массасы жасаушы кәсiпорын белгiлеген рұқсат етiлген ең жоғары масса шамасынан аспауға тиiс;

мотоциклдiң артқы орындығында масаң күйде;

жүк автомобилiнiң шанағында отыру үшiн жабдықталған санынан артық;

түнгі уақытта (сағат 23-тен таңғы 06 сағатқа дейін) жолаушылар мен багажды қалааралық, облысаралық, ауданаралық (облыс ішінде қалааралық) және халықаралық қатынастарда автобустармен және микроавтобустармен тұрақты емес тасымалдар арқылы тасымалдауға;

37) он екі жасқа дейінгі балаларды:

мотоциклдің артқы орындығында;

балаларды арнайы ұстау құрылғысы немесе баланы қауіпсіздік белдігінің көмегімен тағып қойылуына мүмкіндік беретін, көлік құралының конструкциясында көзделген өзге де құралдар болмаған кезде, ал механикалық көлік құралының алдыңғы орындығында балаларды арнайы ұстау құрылғысы болмаған кезде тасымалдауға тыйым салынады.

Ескертулер.

1. Әскери көлік құралдарының жүргізушілері әскери полиция органдары қызметкерлерінің талабы бойынша масаң күйге куәландырудан өтуге міндетті.

2. Көлік құралын беру туралы талап тиісті иммунитеті бар шет мемлекеттер өкілдіктерінің және халықаралық ұйымдардың көлік құралдарына қолданылмайды.

3. Осы баптың 3-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген, көлік құралын пайдаланған адамдар жүргізушінің талабы бойынша анықтама беруге немесе жол парағына (жолдың ұзақтығын, жүріп өткен қашықтықты, өзінің тегін, лауазымын, қызметтік куәлігінің нөмірін, өз ұйымының атауын көрсете отырып) жазба жасауға тиіс.

4. Мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерiне көлiк құралын беруге байланысты шығыстарды көлiк құралы иесiнiң талабы бойынша өз құзыреті шегінде уәкілетті органдар белгiлеген тәртiппен осы ұйымдар өтейдi.

5. Жол жүргенде көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салатын және жүргiзушi анықтай алатын өзге де ақаулар мен жағдайлар туындаған кезде ол бұларды жоюға тиiс, ал егер бұл мүмкiн болмаса, онда қажеттi сақтық шараларын сақтай отырып, тұрақ немесе жөндеу орнына бара алады.


55-бап. Жолаушының құқықтары мен міндеттері

1. Жолаушының:

1) көлік құралы жүрісінің жағдайлары мен тәртібі туралы анық ақпаратты уақтылы алуға;

2) көлік құралымен қауіпсіз жол жүруге және багажды алып жүруге;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда келтірілген залалды өтеттіруге құқығы бар.

2. Жолаушы:

1) ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз көлік құралын тастап кетпеуге;

2) қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған көлік құралымен жол жүрген кезде оларды тағуға, ал мотоциклмен жол жүрген кезде – түймеленген мотошлем киюге;

3) тротуар немесе жол жиегі жағынан және толық тоқтағаннан кейiн ғана отыруды және түсуді жүзеге асыруға міндетті. Егер тротуар немесе жол жиегі жағынан отыру және түсу мүмкiн болмаса, бұл қауiпсiз болатын және жол жүрісіне басқа да қатысушылар үшiн кедергi келтірмейтін жағдайларда жолдың жүру бөлiгі жағынан жүзеге асырылуы мүмкiн.

3. Жолаушыларға:

1) көлiк құралының жүруі кезiнде жүргiзушiнi оны басқарудан алаңдатуға;

2) борт платформасы бар жүк автомобилiмен жол жүрген кезде түрегелiп тұруға, бортқа немесе борттардан биiк тұратын жүктің үстiне отыруға;

3) көлік құралының жүруі кезінде оның есіктерін ашуға, сондай-ақ терезесінен және люгінен басын шығаруға тыйым салынады.
56-бап. Жаяу жүргіншінің құқықтары мен міндеттері

1. Жаяу жүргіншінің құзыретті органдардан, жолдардың, өтпелердің және басқа да жол құрылыстарының иелерінен қауіпсіз жүру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді талап етуге құқығы бар.

2. Жаяу жүргіншіге:

1) елдi мекенде бөлу жолағы болған кезде жолдың жүру бөлiгін жаяу жүргінші өткелінен тыс жерден, сондай-ақ жаяу жүргiншiлердің немесе жолдың қоршаулары орнатылған жерлерден өтуге;

2) автомагистральдарда тұруға тыйым салынады.
57-бап. Мопед, велосипед жүргізушілерінің, жол бойымен мал,

табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын

айдаушылардың құқықтары мен міндеттері

1. Мопед, велосипед жүргізушілерінің, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылардың жол жүрісі қағидаларына сәйкес жолдарда жүруге құқығы бар.

2. Мопед, велосипед жүргізушілері, жол бойымен мал, табын, жүк артылған, жегілген малды немесе мініс малын айдаушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жол жүрісі қағидаларын білуге және сақтауға міндетті.

3. Мопед пен велосипед жүргiзушiлерiне:

1) ең болмағанда бiр қолымен рульден ұстамай жүргізуге;

2) жолаушылар тасымалдауға;

3) габаритінен ұзындығы немесе енi бойынша елу сантиметрден артық шығып тұратын жүктi немесе басқаруға кедергi келтiретiн жүктi тасымалдауға;

4) қатарында велосипед жолы болған кезде жолмен жүруге;

5) трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған бiреуден артық жолағы бар жолдарда солға бұрылуға немесе керi бұрылуға;

6) мопедпен және велосипедпен пайдалануға арналған тiркемені сүйретуден басқа, мопедтер мен велосипедтердi, сондай-ақ мопедтермен және велосипедтермен сүйретуге тыйым салынады.


9-тарау. ТІРЕК-ҚИМЫЛ АППАРАТЫ БҰЗЫЛҒАН АДАМДАРДЫҢ

ЖОЛ ЖҮРІСІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ


58-бап. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың жол жүрісін

және оларға қызмет көрсететін көлік құралдарының тұрақтарын ұйымдастыру

1. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілер немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға немесе зағиптарға қызмет көрсететін көлік құралдарының жүргізушілері басқаратын көлік құралдарына «Қоюға тыйым салынады», «Айдың тақ күндері қоюға тыйым салынады», «Айдың жұп күндері қоюға тыйым салынады» деген тыйым салатын жол белгілерінің күші қолданылмайды.

2. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілер немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға қызмет көрсететін көлік құралдарының жүргізушілері басқаратын көлік құралдары басқаруға арналған тиісті механизмдермен және (немесе) бейімдемелермен жабдықталуға тиіс.

3. Егер «Тұрақ орны» деген ақпараттық-нұсқағыш жол белгісімен «Мүгедектер» деген қосымша ақпарат жол белгісі (тақтайша) орнатылған жағдайда, «Тұрақ орны» деген жол белгісінің күші «Мүгедек» деген таным белгілері орнатылған мотоколяскалар мен автомобильдерге ғана қолданылады.

4. Егер тыйым салатын не нұсқайтын жол белгілерімен «Мүгедектерден басқа» деген қосымша ақпарат жол белгісі (тақтайша) орнатылған жағдайда, онда осы жол белгілерінің күші «Мүгедек» деген таным белгілері орнатылған мотоколяскалар мен автомобильдерге қолданылмайды.


59-бап. Тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілердің немесе

тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға немесе

зағиптарға қызмет көрсететін көлік құралдары

жүргізушілерінің арнайы құқықтары


1. «Мүгедек» деген таным белгілері бар көлік құралдарын басқаратын тірек-қимыл аппараты бұзылған жүргізушілердің:

1) тұрған көлік құралы жаяу жүргіншілердің жүруі үшін ені кемінде бір жарым метр бос жолақ қалдырып, тротуарға толығымен орналасқан жағдайда елді мекендердегі тоқтауға немесе тоқтап тұруға тыйым салатын жол белгілері қолданылатын аймақта көлік құралын тоқтатуға және қоюға құқығы бар. Бұл қағида тоқтауға тыйым салатын жол таңбасымен белгіленген жол учаскелерінде қолданылмайды.

2) жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейтін және басқа да көлік құралдарын жол жүрісі мүмкіндігінен айырмайтын жағдайда тоқтап тұруға тыйым салатын жол белгілері қолданылатын аймақта, уақыты шектеулі тұрақ орындарында көзделген мерзімнен артық және тұрақ орындарының шегінен тыс аула аумағындағы жолдарда көлік құралын қоюға құқығы бар.

2. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға немесе зағиптарға қызмет көрсететін көлік құралдарының жүргізушілері тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды немесе зағиптарды отырғызу немесе түсіру үшін елді мекендердегі тоқтауға тыйым салатын жол белгілері қолданылатын аймақта көлік құралын тоқтатады.

3. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамды немесе зағипты қолынан жетектеп межелі жеріне және кері алып жүретін, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамға немесе зағипқа қызмет көрсететін көлік құралының жүргізушісі осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайларда елді мекендерде көлік құралын тоқтатады.
10-тарау. ЖОЛ ЖҮРІСІНЕ ҚАТЫСУҒА РҰҚСАТ БЕРУ
60-бап. Көлік құралдарына және оларды басқаратын адамдарға жол

жүрісіне қатысуға рұқсат беру


1. Көлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру:

1) көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылатын және (немесе) пайдаланылатын жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау;

2) тиісті құжаттар мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін бере отырып, көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және есепке алу;

3) көлік құралдарын міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу;

4) халықаралық жол жүрісіне рұқсат беруге арналған шарттарды орындау арқылы жүзеге асырылады.

2. Адамдардың Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру:

1) көлік құралдарын басқару құқығына куәліктер беру;

2) көлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға берілген адамдарды тіркеу және есепке алу арқылы жүзеге асырылады.


61-бап. Көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылуы

және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары

мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растау

1. Сәйкестігі міндетті расталуға (сертификатталуға немесе декларациялануға) жататын көлік құралдарын, көлік құралдарына орнатылатын және (немесе) пайдаланылатын жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігі оларды айналымға шығарудың қажетті шарты болып табылады.

2. Тіркелген көлік құралының конструкциясына өзгерістер енгізуге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген талаптарға қатаң сәйкестікте жол беріледі.

Тіркелген көлік құралының конструкциясына енгізілген өзгерістер көлік құралының тіркеу құжаттарында көрініс табуға тиіс.

3. Көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің сәйкестігін растайтын, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес берілген шетелдік сертификаттарды және өзге де құжаттарды тану Қазақстан Республикасының мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінде белгіленген нысандардың сәйкестігін растайтын сертификаттарға және өзге де құжаттарға оларды қайта ресімдеу арқылы техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

4. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, бұрын тұтынылған, көрмеге әкелінетін және нысаналы пайдаланылмайтын, сондай-ақ гуманитарлық көмек желісі бойынша берілетін көлік құралдары, оларға орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектер сәйкестікті міндетті растау объектілеріне жатпайды.

5. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес берілген дөңгелекті көлік құралдарын техникалық қарап тексерудің қолданыстағы сертификаты Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін бұрын тұтынылған көлік құралдарын айналымға шығарудың және оларды уәкілетті органда тіркеудің қажетті шарты болып табылады.

6. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін дөңгелекті көлік құралдарын техникалық қарап тексерудің шетелдік сертификаттарын тану Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Көлік құралдарының, көлік құралдарына орнатылуы және (немесе) пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен қосалқы бөлшектердің Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкестігі үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өз құзыреті шегінде сәйкестікті растау жөніндегі органдарға және сынақ зертханаларына жүктеледі.
62-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің мақсаттары

Қазақстан Республикасында көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу:

1) Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерлерде көлік құралдарының жол жүрісіне қатысуына және (немесе) пайдаланылуына рұқсат ету;

2) көлік құралдарын мемлекеттік есепке алу;

3) көлік құралдарын пайдалануға байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу мақсатында жүзеге асырылады.
63-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің міндеттілігі

1. Басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген, халықаралық жол жүрісіне қатысатын және Қазақстан Республикасына бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінетін механикалық көлік құралдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында жасалған немесе Қазақстан Республикасына әкелінген, осы Заңда айқындалатын механикалық көлік құралдары міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.

2. Осы Заңға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген механикалық көлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісіне қатысуына және (немесе) пайдаланылуына тыйым салынады.

64-бап. Мемлекеттік тіркеуге жататын көлік құралдарының

түрлері

1. Уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге механикалық көлік құралдары мен тіркемелердің мынадай түрлері жатады:



1) жеңіл, жүк автомобильдері, автобустар, олардың базасында жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда, және троллейбустар;

2) ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын мотоциклдер, трициклдер, квадроциклдер мен мопедтер;

3) автомобильдердің құрамында жүруге арналған тіркемелер.

2. Әскери полиция органдарында мемлекеттік тіркеуге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлері мен әскери құралымдарының механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері жатады.

3. Мемлекеттік тіркеуге: ұрыс көлік құралдары, тракторлар, олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилерді қоса алғанда, және жолдардан тыс жерде жүретін технологиялық көлiк ретiнде пайдаланылатын механизмдер, тiркемелер; трамвайлар және басқа да рельстік механикалық көлiк құралдары; басқа мемлекеттерде тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағына бір жылдан кем мерзiмге әкелiнген жеңiл, жүк автомобильдерi мен автобустар, олардың шассилерiнде жасалған арнайы автомобильдерді қоса алғанда, мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер жатпайды.
65-бап. Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық

жол жүрісіне көлік құралдарының қатысуына рұқсат

беру
1. Көлік құралы, егер ол:

1) Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі болса;

2) Қазақстан Республикасында тіркелмесе;

3) Қазақстан Республикасына уақытша әкелінсе, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық жол жүрісінде деп есептеледі.

2. Отыз тәулікке дейінгі үзілістермен бір жылдан астам Қазақстан Республикасының аумағында қалған көлік құралы халықаралық жол жүрісінде деп есептелмейді.

3. Халықаралық жол жүрісіндегі көлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісіне қатысуына рұқсат беру Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес берілген:

1) көлік құралын, тіркемені тіркеу туралы куәлік;

2) көлік құралының тіркеу нөмірі;

3) мемлекеттің айырым белгісі;

4) көлік құралының таным белгісі;

5) көлік құралының техникалық қарап тексеруден өтуі фактісін растайтын құжат болған кезде жүзеге асырылады.
66-бап. Көлік құралдары иелерінің құқықтары мен міндеттері

1. Көлік құралдары иелерінің:

1) уәкілетті органнан көлік құралдары мен олардың тіркемелерін мемлекеттік тіркеу тәртібі туралы ақпарат және түсіндірме алуға;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің цифрлық белгіленуін таңдауға құқығы бар.

2. Көлік құралдарының иелері:

1) Кеден одағының кедендік аумағында механикалық көлік құралын сатып алғаннан немесе жеке пайдалану үшін шығарумен, ішкі тұтыну үшін шығарумен, Қазақстан Республикасына бір жылдан астам мерзімге уақытша әкелінгендерді шығарумен байланысты кедендік операциялар жасалғаннан кейін көлік құралын он жұмыс күні ішінде уәкілетті органда тіркеуге;

2) көлік құралдарын, оларды міндетті түрде көрсету көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларында көзделген жағдайларда, уәкілетті органға көрсетуге;

3) көлік құралын кәдеге жаратудың алдында немесе жоғалғаннан кейін не Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты болуға көлік құралын әкетудің алдында механикалық көлік құралын мемлекеттік тіркеуді тоқтату үшін уәкілетті органға өтініш жасауға;

4) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы уақтылы орындалмаған қаулылар болған кезде айыппұл төлеуге міндетті.
67-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуге немесе көлік

құралының тіркеу деректерін өзгертуге тыйым

салу

1. Басқару органдары оң жақта орналасқан, жолдармен жүруге және олармен адамдарды немесе жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарын бастапқы тіркеуге тыйым салынады.



2. Көлік құралын тіркеуге және тіркеу деректерін өзгертуге:

1) жаңа көлік құралдары үшін Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың және осы Заңның


61-бабының талаптарына сәйкес берілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі таныған сәйкестік сертификаттары болмаған;

2) Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, қайта тіркелуге ұсынылатын көлік құралдары үшін міндетті техникалық қарап тексеруден уақтылы өтпеген;

3) тіркеу құжаттары болмаған;

4) көлік құралын жасаушы басып берген нөмірлік агрегаттардың таңбасын қолдан жасау, жасыру, өзгерту және (немесе) жою салдарынан көлік құралын сәйкестендіру мүмкін болмаған;

5) осы Заңның 72-бабында көрсетілген, көлік құралының таңбаланған сәйкестендіру белгісі бар конструкциясының құрамдас бөлігі ауыстырылған;

6) қолдан жасалған (жасанды) құжаттар ұсынылған;

7) көлік құралы іздестіруде болған;

8) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы уақтылы орындалмаған қаулылар болған жағдайда тыйым салынады.


68-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуден немесе көлік

құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тарту

1. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуден немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тартуға:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тағайындалған (енгізілген) тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салулардың және шектеулердің болуы;

2) көлік құралы меншік иесінің мүдделерін білдіруге өкілеттігі жоқ адамның көлік құралдарын тіркеу органына өтініш жасауы;

3) тіркеу әрекеттерін жүргізу үшін қажетті құжаттарды ұсынбау немесе толық емес көлемде ұсыну, сондай-ақ оқылмайтын, қарындашпен жазылған, тазартулары, қосып жазылғандары, сызып тасталған сөздері, сондай-ақ келісілмеген түзетулері бар құжаттарды ұсыну;

4) көлік құралын ұсыну міндетті болатын жағдайларда оны ұсынбау;

5) ұсынылған көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға уәкілетті емес көлік құралдарын тіркеу органына өтініш жасау;

6) көлік құралы конструкциясының немесе оған енгізілген өзгерістердің Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына немесе ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмеуі;

7) көлік құралы салығы бойынша орындалмаған салықтық міндеттеменің болуы негіздер болып табылады.

2. Тіркеу әрекеттерін жүргізуден бас тартылғаны туралы көлік құралының иесі себептер негізделе отырып, тиісті түрде (жазбаша, электрондық почтамен) хабардар етілуге тиіс.

3. Көлік құралын тіркеуден немесе көлік құралының тіркеу деректерін өзгертуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
69-бап. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуді тоқтату

1. Көлік құралын мемлекеттік тіркеу көлік құралының жоғалуына, оны иеліктен шығарып басқа адамға беруге, сондай-ақ кәдеге жаратудың немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты болуға әкетудің алдында оны тіркеу есебінен шығаруға байланысты немесе өзге де мән-жайларға сәйкес иесінің өтініші бойынша тоқтатылады.

2. Көлік құралын тіркеуден бас тарту үшін осы Заңның 67-бабы
2-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздер анықталған кезде көлік құралын мемлекеттік тіркеу тоқтатылады.
70-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы құжат,

мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі

1. Тіркелген көлік құралының иесіне көлік құралының мемлекеттік тіркелгенін растайтын тіркеу құжаты және мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі беріледі.

Тіркеу құжаты көлік құралын басқаратын адамда болуға тиіс.

2. Тіркеу құжатының бланкілеріне қойылатын талаптарды, сондай-ақ оларды дайындау, сақтау және есепке алу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

3. Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін беру және оны жасау уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.


71-бап. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу кезінде иелерінің

жауаптылығы


Көлік құралдарының иелері көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу, көлік құралдарының тіркеу деректерін өзгерту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
72-бап. Көлік құралының тіркеу деректері

1. Мемлекеттік тіркеу туралы құжатқа енгізілетін және уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде мемлекеттік есепке алуға жататын көлік құралының міндетті тіркеу деректеріне мынадай негізгі мәліметтер жатады:

1) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің әріптік-цифрлық белгіленуі;

2) көлік құралының шыққан жылы;

3) көлік құралының маркасы және моделі;

4) осы көлік құралын басқару құқығына берілетін санат немесе кіші санат;

5) көлік құралдарын жасаушы ұйым берген сәйкестендіру нөмірі немесе шассидің (шанағының, рамасының) нөмірі;

6) түсі;


7) қозғалтқыштың көлемі, қозғалтқыштың ат күшімен және киловатпен алынған қуаты;

8) көлік құралы иесінің – жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) немесе заңды тұлғаның атауы;

9) жеке тұлға үшін – тұрғылықты жерінің, заңды тұлғаның немесе оның филиалының орналасқан жерінің мекенжайы;

10) көлік құралдарын тіркеу органының атауы.

2. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган көлік құралдарын шығарумен байланысты кеден операциялары жүргізілгеннен кейін уәкілетті органның көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің бірыңғай ақпараттық жүйесіне бірлескен актіде айқындалатын тәртіппен мәліметтерді жібереді.
11-тарау. АДАМДАРҒА КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН БАСҚАРУҒА

РҰҚСАТ БЕРУ


73-бап. Адамдарға көлік құралдарын басқаруға рұқсат беру

1. Қазақстан Республикасында көлік құралдарының оларды басқаруға арнайы құқық (бұдан әрі – көлік құралдарын басқару құқығы) берілетін мынадай санаттары мен оларға кіретін кіші санаттары белгіленеді:

1) «А» санаты – мотоциклдер;

2) «В» санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан аспайтын және жүргізушінің орнынан басқа, отыратын орындарының саны сегізден аспайтын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «В» санатындағы автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, бірақ жүктемесі жоқ автомобильдің массасынан аспайтын, ал көлік құралдарының осындай құрамының жалпы рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «В» санатындағы автомобильдер;

3) «С» санаты – «D» санатына жататындарды қоспағанда, рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан асатын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «С» санатындағы автомобильдер;

4) «D» санаты – жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнынан басқа, отыратын орындарының саны сегізден асатын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «D» санатындағы автомобильдер;

5) «ВЕ» санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын және жүктемесі жоқ автомобильдің массасынан асатын, тіркеме тіркелген «В» санатындағы автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, ал көлік құралдарының осындай құрамының жалпы рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан асатын, тіркеме тіркелген «В» санатындағы автомобильдер;

6) «СЕ» санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, тіркеме тіркелген «С» санатындағы автомобильдер;

7) «DЕ» санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, тіркеме тіркелген «D» санатындағы автомобильдер, сондай-ақ жалғастырылған автобустар;

8) «Tm» санаты – трамвайлар;

9) «Tb» санаты – троллейбустар;

10) «А1» кіші санаты – ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын, іштен жану қозғалтқышының жұмыс көлемі бір жүз жиырма бес текше сантиметрден аспайтын және ең жоғары қуаты он бір киловаттан аспайтын мотоциклдер, трициклдер, квадрициклдер және мопедтер;

11) «В1» кіші санаты – трициклдер мен квадрициклдер;

12) «С1» кіші санаты – «D» санатына жататындарды қоспағанда, рұқсат етілген ең жоғары массасы үш мың бес жүз килограмнан асатын, бірақ жеті жүз елу килограмнан аспайтын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «С1» кіші санатындағы автомобильдер;

13) «D1» кіші санаты – жолаушыларды тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнынан басқа, отыратын орындарының саны сегізден асатын, бірақ он алтыдан аспайтын автомобильдер; рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «D1» кіші санатындағы автомобильдер;

14) «С1Е» кіші санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы


жеті жүз елу килограмнан асатын, бірақ жүктемесі жоқ автомобильдің массасынан аспайтын, ал көлік құралдарының осындай құрамының жалпы рұқсат етілген массасы он екі мың килограмнан аспайтын, тіркеме тіркелген «С1» кіші санатындағы автомобильдер;

15) «D1Е» кіші санаты – рұқсат етілген ең жоғары массасы жеті жүз елу килограмнан асатын, бірақ жүктемесі жоқ автомобильдің массасынан аспайтын, ал көлік құралдарының осындай құрамының жалпы рұқсат етілген ең жоғары массасы он екі мың килограмнан аспайтын, жолаушыларды тасымалдауға арналмаған тіркеме тіркелген «D1» кіші санатындағы автомобильдер.

2. Көлік құралдарын басқару құқығы осы Заңның 74-бабында санамаланған шарттар сақталған кезде емтихан тапсырған адамдарға беріледі.

Емтихандар механикалық немесе автоматты трансмиссиясы бар көлік құралдарында қабылданады.

Механикалық трансмиссиясы бар көлік құралдарында емтихан тапсырған адамдарға трансмиссияның кез келген түрі бар тиісті санаттағы немесе кіші санаттағы көлік құралдарын басқару құқығы беріледі.

3. Емтихандар емтихан тапсырушылардың теориялық білімі мен практикалық дағдыларына техникалық бақылау құралдарын қолдана отырып өткізіледі.

Емтихан өткізуге арналған техникалық бақылау құралдарының құрамын, оларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ оларды қолдану шарттарын уәкілетті орган белгілейді.

4. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізілген жағдайда, оларға емтихан қабылдау кезінде емтихан тапсырушылардың теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тексеруге қатысуға рұқсат етіледі.

5. Көлік құралдарын басқару құқығы – жүргізуші куәлігімен, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда көлік құралын басқару құқығына уақытша рұқсатпен расталады.

6. Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес келетін ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктері беріледі.

7. Ұлттық жүргізуші куәлігі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше шектеу көзделмесе, он жыл мерзімге беріледі.

8. «А» санатындағы көлік құралдарын басқару құқығына ұлттық жүргізуші куәлігі – «А1» кіші санатындағы және мотоциклеттік орындығы немесе мотоциклеттік типтегі рулі бар «В1» кіші санатындағы, «В» санаты – «В1» кіші санатындағы (мотоциклеттік орындығы немесе мотоциклеттік типтегі рулі бар көлік құралдарынан басқа), «С» санаты – «С1» кіші санатындағы, «D» санаты – «D1» кіші санатындағы, «СЕ» санаты – «С1Е» кіші санатындағы, «DЕ» санаты – «D1Е» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын да растайды.

9. Халықаралық жүргізуші куәлігі үш жылға дейінгі, бірақ ұлттық жүргізуші куәлігінің қолданылуы мерзімінен аспайтын мерзімге беріледі.

Қазақстан Республикасында берілген халықаралық жүргізуші куәлігі көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағында басқару үшін жарамсыз болып табылады.

10. Басқа мемлекеттерде беріліп, жоғалған (ұрланған) шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктерінің орнына ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктерін беру жүргізілмейді.

11. Ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктерінің үлгілерін уәкілетті орган бекітеді.

12. Егер жүргізуші куәлігінде көлік құралдарын басқаруға шектеулер көрсетілген жағдайда, осы жүргізуші куәлігі онда көрсетілген шектеулер сақталған жағдайда жарамды деп есептеледі.

13. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын, сондай-ақ уақытша болатын адамдарға ұлттық жүргізуші куәліктері негізінде, ал мұндайлары болмаған кезде осы баптың 14, 15, 16, 17, 18 және 19-тармақтарында санамаланған шарттар мен шектеулер сақталған кезде жарамды халықаралық немесе шетелдік ұлттық жүргізуші куәліктері негізінде көлік құралдарын басқаруға рұқсат беріледі.

14. Кәсіпкерлік қызметті немесе көлік құралдарын тікелей басқару жөніндегі жұмыстарды орындауға байланысты өзге де еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде халықаралық немесе шетелдік жүргізуші куәліктері негізінде көлік құралдарын басқаруға жол берілмейді.

15. Шет мемлекетте берілген халықаралық жүргізуші куәлігі тиісті ұлттық жүргізуші куәлігімен бірге көрсетілетін жағдайда ол жарамды деп танылады.

16. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сай келмейтін шетелдік жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылады.

17. Шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктері олардың иелері көлік құралдарының тиісті санаттары мен кіші санаттары үшін осы Заңның 74-бабында көзделген жасқа толған кезде Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын басқару үшін жарамды деп танылады.

18. Көлік құралы халықаралық жол жүрісіне қатысқан жағдайларда осы баптың 14 және 17-тармақтарында көзделген ережелер қолданылмайды.

19. Шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктері шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам болып табылатын олардың иесі тұруға ықтиярхат алған күннен алпыс күн өткен соң не Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын олардың иесі Қазақстан Республикасына келген күннен бастап алпыс күн өткен соң Қазақстан Республикасының аумағында көлік құралдарын басқару үшін жарамсыз деп танылады.

20. Шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктерінің орнына ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктерін беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сай келмейтін шетелдік және халықаралық жүргізуші куәліктері Қазақстан Республикасының ұлттық және халықаралық жүргізуші куәліктеріне алмастыруға жатпайды.

Ескертулер.

1. «В», «С» санаттарындағы және «С1» кіші санатындағы көлік құралдарына жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылатын, тиісті санаттарға (кіші санаттарға) жатқызлатын көлік құралдарының өздігінен жүретін шассилері теңестіріледі.

2. Осы бапта санамаланған көлік құралдарының және олардың өздігінен жүретін шассилерінің сыныптамасы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалады.
74-бап. Көлік құралдарын басқару құқығын алу шарттары

1. Осы бапта белгіленген жасқа толған және көлік құралдарын басқаруға қарсы айғақтардың жоқ екендігі туралы медициналық қорытындысы бар адамдарға тиісті даярлықтан кейін көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға рұқсат беріледі.

2. Көлік құралдарын басқару құқығы:

«А1» кіші санатындағы көлік құралдарын – он алты жасқа толған адамдарға;

«А», «В» санаттарындағы және «В1», «С1» кіші санаттарындағы көлік құралдарын – он сегіз жасқа толған адамдарға;

«С» санатындағы және «D1» кіші санатындағы көлік құралдарын – жиырма бір жасқа толған, кемінде үш жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде бір жыл «С1» санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі бар адамдарға;

«D», «Tm» және «Tb» санаттарындағы көлік құралдарын жүргізу – жиырма бес жасқа толған, кемінде бес жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде «D1» санатына жатқызылатын көлік құралдарын кемінде үш жыл басқару өтілі бар адамдарға;

«ВЕ», «СЕ», «DЕ» санаттарындағы көлік құралдарының құрамдарын – кемінде он екі ай бойы тиісінше «В», «С» немесе «D» санаттарындағы көлік құралдарын басқаруға құқығы бар адамдарға;

«С1Е», «D1Е» кіші санаттарындағы көлік құралдарының құрамдарын – кемінде он екі ай бойы тиісінше «С», «D» санаттарындағы не «С1», «D1» кіші санаттарындағы көлік құралдарын басқаруға құқығы бар адамдарға беріледі.

3. «В», «С» санаттарындағы, сондай-ақ «С1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға он жеті жасқа толған және әскери комиссариаттардың жолдамасы бойынша көлік құралдары жүргізушілерін тиісті даярлаудан өткен адамдарға рұқсат беріледі.

Аталған адамдарға ұлттық жүргізуші куәліктері олар он сегіз жасқа толғанда беріледі.

4. Әскери қызметшілерге тиісті даярлықтан кейін «D» санатындағы және «D1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға он тоғыз жасқа толғаннан кейін рұқсат етіледі.

Аталған адамдар жиырма бір жасқа толғанға дейін оларға емтихан тапсыру нәтижелері бойынша берілген ұлттық жүргізуші куәліктері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына ғана тиесілі «D» санатындағы және «D1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын растайды.
75-бап. Көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату

1. Мыналар көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатуға негіздер болып табылады:

1) жүргізуші куәлігі қолданысының белгіленген мерзімінің өтуі;

2) медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін жүргізуші денсаулығының нашарлауы.

Механикалық көлік құралы жүргізушісін қайта медициналық қарап тексеруге мерзімінен бұрын жіберу көлік құралын басқару құқығын тоқтата тұруға негіз болып табылады;

3) жүргізушіні жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге жіберу туралы қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге арналған емтиханды тапсырмау;

4) көлік құралдарын басқару құқығынан айыру.

Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату уәкілетті органның (лауазымды адамның) қуынымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен сот шешімі бойынша жүзеге асырылады.

2. Көлік құралын басқару құқығы тоқтатылған кезде:

1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз


бойынша – жол жүрісі қағидаларын білуін тексеруге арналған емтиханды тапсырғаннан және медициналық қарап тексеруден өткеннен кейін;

2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз


бойынша – егер көлік құралдарын басқару құқығын тоқтатудың себебі жойылатын болса, сот шешімі бойынша;

3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша – осы Заңның 73-бабында белгіленген тәртіппен;

4) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайта медициналық қарап тексеруден, емтихан тапсырғаннан және көлік құралын басқару құқығынан айыру мерзімі өткеннен кейін осы құқық қайта қалпына келтіріледі.

3. Жауаптылық шаралары ретінде көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға не осындай құқықты шектеуге әкеп соғатын құқық бұзушылықтардың түрлері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.


76-бап. Көлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға

берілген адамдарды тіркеу және есепке алу

1. Көлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға берілген адамдарды тіркеуді және есепке алуды уәкілетті орган ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырады.

Көлік құралдары уақытша иеленуге және пайдалануға берілген адамдарды тіркеу мен есепке алуды уәкілетті орган иесінің тұрғылықты жері мен көлік құралының тіркелген жеріне қарамастан жүзеге асырады.

2. Өзiнiң қызметтiк немесе еңбек мiндеттерiн орындаумен байланысты, оның iшiнде көлiк құралының иесiмен еңбек немесе өзге де шарт негiзiнде не жазбаша нысанда мәмiле ресiмдеместен көлiк құралы иесiнiң ерiк бiлдiруi негiзiнде оның қатысуымен көлiк құралын басқаратын адам тіркелуге және есепке алынуға жатпайды.

3. Көлік құралы уақытша иеленуге және пайдалануға берілген адамның өзі тіркелмей және есепке алынбай осы көлік құралын басқаруына тыйым салынады.


12-тарау. КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІН ДАЯРЛАУ
77-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу

ұйымдарына қойылатын талаптар

1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер құрады және ол өз қызметін көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енген күннен бастайды.

2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізу мақсатында мынадай құжаттар ұсынылады:

1) өтініш;

2) заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе хабарламаның көшірмесі (заңды тұлға үшін);

3) дара кәсіпкер үшін – жеке басты куәландыратын құжаттың және дара кәсіпкер ретінде тіркеу туралы куәліктің көшірмелері;

4) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген оқу ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген және оқу-материалдық база ретінде пайдаланылатын жылжымайтын мүлкіне меншік немесе пайдалану құқығын растайтын құжаттардың нотариат куәландырылған көшірмелері;

5) оқу-материалдық база ретінде пайдаланылатын өзге де мүлікке құқық белгілейтін құжаттар;

6) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің тізімдері. Тізімде «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері» және «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәлігінің нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың деректері көрсетіледі;

7) оқытылатын тақырыптар, сабақтардың кестесі және жоспарланып отырған оқыту әдістері көрсетілетін даярлық бағдарламалары.

3. Уәкілетті орган құжаттары қоса берілетін өтінішті ол берілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарайды, оның қорытындылары бойынша өтініш берушіге тізілімге енгізілгендігі туралы жазбаша хабарлама немесе дәлелді бас тарту жіберіледі.

4. Уәкілетті органның оқу ұйымын бекіту және оны көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізу туралы шешімі (бұйрығы) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарын тізілімге енгізуге негіз болып табылады.

5. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымы басшысының «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері» және «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәліктері болуға міндетті.

Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен Қазақстан Республикасының заңнамамалық актілеріне сәйкес алып тасталған көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымын бұрын басқарған басшы ұйым алып тасталған күннен бастап бір жыл ішінде басқа оқу ұйымына қатысушы бола алмайды.

6. Оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде көлік құралын жүргізуге оқыту шебері ретінде көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымының біреуінің ғана құрамында өз қызметін жүзеге асырады.

7. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда көлік құралын жүргізуге оқыту Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен уәкілетті органмен келісілген маршруттар бойынша ғана жүзеге асырылады.

Жүргізуді үйренуші адам басқарып отырған оқу көлік құралымен жолаушылар тасымалдауға тыйым салынады.


78-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу

ұйымдарының тізіліміне енгізуден бас тартуға және одан

алып тастауға негіздер

1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізуден бас тартуға:

1) осы Заңның 77-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың бірін ұсынбау;

2) ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтердің анық еместігі және (немесе) толық болмауы;

3) осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша өтініш берілген күнге дейінгі алты ай ішінде көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен алып тасталуы негіздер болып табылады.

2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен алып тастауға:

1) оқу ұйымының көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен ерікті түрде алып тастау туралы өтініші;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымы қызметінің тоқтатылуы, оның таратылуы немесе қайта ұйымдастырылуы;

3) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізу кезінде оқу ұйымы туралы көрінеу анық емес ақпарат беру;

4) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау саласында әкімшілік құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасау негіздер болып табылады.

Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімнен алып тастау туралы хабарлама оқу ұйымына уәкілетті орган тиісті шешімді қабылдағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде жіберіледі.
79-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі

кәсіптік бірлестіктер

1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер оқу ұйымдарын біріктіретін коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және өз мүшелерінің жалпы жиналысында қабылданатын жарғының негізінде әрекет етеді.

2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктердің құрылымы мен жұмыс органдары олардың жарғыларында айқындалады.

3. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары ғана көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктердің құрылтайшылары және қатысушылары бола алады. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары бір ғана кәсіптік бірлестіктің мүшелері болады.

Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестік мүшелерінің өздерінің басқару органдарын сайлау және оларға сайлану құқығы бар.

4. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер аккредиттелуге жатады, бұл уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша аккредиттеу туралы куәлікпен расталады.

Аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды болады.

5. Аккредиттеу туралы куәлік мынадай жағдайларда өз қолданысын тоқтатады:

1) заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы, дара кәсіпкердің банкрот болуы;

2) аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын өз еркімен тоқтату туралы өтініш беру;

3) уәкілетті орган аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұрған себептерінің жойылмауы;

4) аккредиттеу туралы куәліктің бірнеше рет (соңғы он екі ай ішінде екі рет) тоқтатыла тұруы.

6. Осы баптың 5-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша аккредиттеу туралы куәліктің қолданысы тоқтатылған жағдайда, кәсіптік бірлестіктің аккредиттеуден өту мақсатында уәкілетті органға өтініш беруіне екі жыл бойы құқығы болмайды.


80-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі

кәсіптік бірлестіктердің құқықтары мен міндеттері

1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер:

1) оқу ұйымдарының көлік құралдары жүргізушілерін даярлауының сапасын сыртқы бақылауды жүзеге асыруға;

2) оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру жөнінде курстарды өткізуге, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен курстардан өту туралы сертификаттар беруге;

3) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жұмысының тәжірибесін талдауға, жинақтап қорытуға және таратуға;

4) мемлекеттік ұйымдарда, қоғамдық бірлестіктерде және халықаралық ұйымдарда көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының мүдделерін білдіруге;

5) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының өз қызметін жүзеге асыруға байланысты дауларын қарауға;

6) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының рейтингін жүргізуге және мерзімді баспасөз басылымдарында жариялауға;

7) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау мәселелері бойынша халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуға;

8) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау саласындағы оқу әдебиетін, әдістемелік ұсынымдарды, мерзімді баспасөз басылымдарын әзірлеуге, басып шығаруға және таратуға;

9) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау стандарты жөнінде ұсынымдар беруге;

10) сапаға жүргізілген сыртқы бақылау қорытындылары бойынша көлік құралдары жүргізушілерін даярлау стандартын және Этика кодексін бұзуға жол берген көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарын кәсіптік бірлестіктен шығаруға құқылы.

2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер:

1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын сақтауға және көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының сақтауын қамтамасыз етуге;

2) аккредиттеуді алған кезден бастап алты ай ішінде біліктілік комиссиясын құруға;

3) өз мүшелерін Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы нормативтік құқықтық актілерімен қамтамасыз етуге;

4) Этика кодексін әзірлеуге және қабылдауға;

5) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі қызметті дамытуға, оның тиімділігін арттыруға, оқу ұйымдарының қызметін ұйымдастыруға және үйлестіруге ықпал етуге;

6) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге;

7) мүшелері қабылданған (кеткен, шығарылған), сондай-ақ басқару жұмыс органының дербес құрамы өзгерген жағдайда, бұл өзгерістер туралы уәкілетті органға хабарлауға;

8) өз қызметі туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға беруге міндетті.

1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер көлік құралдары жүргізушілерін даярлау саласындағы стандарттар әзірлеуді қамтамасыз етеді.
81-бап. Аккредиттеу туралы куәліктен айыру
1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестік, егер:

1) аккредиттеуді алған кезден бастап алты ай ішінде біліктілік комиссиясын құрмаған;

2) орташа санының он пайызы, бірақ кемінде бес көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымы - кәсіптік бірлестік мүшелері күнтізбелік он екі ай ішінде осындай кәсіптік бірлестік тарапынан өтінішхатсыз көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізілімінен алып тасталған;

3) аккредиттеу қағидаларын бір жыл ішінде жүйелі түрде (қатарынан екі реттен көп) бұзған;

4) уәкілетті органға өзі және өз қызметі туралы көрінеу жалған ақпарат берген;

5) уәкілетті органның нұсқамасы шығарылған себеп үш ай ішінде жойылмаған жағдайда, аккредиттеу туралы куәлігінен айырылады.

1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер уәкілетті органның шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
82-бап. «Оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі

кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігін беруге

кандидаттарды аттестаттау

1. Аттестаттауға жоғары техникалық немесе орта техникалық білімі, өздері оқытуды жүргізетін санаттағы жүргізуші куәлігі, кемінде бес жыл жүргізуші өтілі бар адамдар жіберіледі.

2. Аттестаттаудан өткен адамдар біліктілік куәлігінің нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) көрсетіле отырып, «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігін беру туралы біліктілік куәлігін алады.

3. Аттестаттаудан өтпеген адамдарға біліктілік комиссиясы шешім қабылдаған кезден бастап үш ай өткеннен кейін одан қайта өтуге рұқсат етіледі.


83-бап. Біліктілік комиссиялары

1. Біліктілік комиссиясын оның құрылтайшысы болып табылатын кәсіптік бірлестік құрады, оның саны кемінде он заңды тұлға мен дара кәсіпкерді құрайды.

2. Біліктілік комиссиясы ұйымдық-құқықтық мекеме нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады және ереже (жарғы) негізінде әрекет етеді.

3. Біліктілік комиссиясы филиалдар мен өкілдіктер құруға құқылы емес.

4. Біліктілік комиссияларының құрамына уәкілетті органнан бір-бір өкілден кіреді.

5. Біліктілік комиссияларының төрағалары болып көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының өкілдері олардың мүшелері арасынан жай көпшілік дауыспен үш жыл мерзімге сайланады. Сол бір адам қатарынан екі рет төраға болып сайлана алмайды.

6. Біліктілік комиссияларының қызметін қаржыландыруды және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді құрылтайшылар (қатысушылар) өз қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырады.

7. Біліктілік комиссиясы оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері болуға кандидаттарды аттестаттау бағдарламасын әзірлейді және бекітеді.

8. Біліктілік комиссиялары шешім қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде біліктілік куәлігінің нөмірін көрсете отырып, отырыс хаттамасын және «оқытушы», «өндірістік оқыту шебері» және «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілігі берілген адамдар біліктілік комиссиясына ұсынған құжаттарының куәландырылған көшірмелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

9. Кандидаттарды аттестаттауды жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда уәкілетті орган біліктілік комиссияларының шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.


84-бап. «Оқытушы», «өндірістік оқыту шебері»,

«білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері»

біліктілік куәлігінен айыру

«Оқытушы», «өндірістік оқыту шебері», «білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері» біліктілік куәлігінен айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Уәкілетті орган біліктілік куәлігінен айыру туралы шешімді кәсіптік бірлестіктерге хабарлайды.

Біліктілік куәлігінен айырылған адамдарға қайта аттестаттаудан өтуге кемінде үш жылдан кейін рұқсат беріледі.


85-бап. Сапаны бақылау және оның түрлері

1. Сапаны бақылау көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі талаптар мен стандарттарды сақтауына бағытталған.

2. Сапаны ішкі және сыртқы бақылау сапаны бақылаудың түрлері болып табылады.

Сапаны ішкі бақылауды көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары көлік құралдары жүргізушілерін даярлау стандарттарына сәйкес дербес жүзеге асырады.

Сапаны сыртқы бақылауды көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктер өз мүшелеріне қатысты екі жылда бір рет жүзеге асырады.

3. Сапаны сыртқы бақылауды жүргізу қағидаларын тиісті кәсіптік бірлестіктер әзірлейді.

4. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары кәсіптік бірлестіктің қорытындысына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
86-бап. Оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім

беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің

құқықтары мен міндеттері

1. Оқытушының, өндірістік оқыту шеберінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберінің:

1) кәсіптік қызмет үшін жағдайларды қамтамасыз ете отырып, көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі қызметпен айналысуға;

2) кәсіптік бірлестікке кіруге;

3) біліктілігін арттыруға;

4) кәсіптік бірлестіктердің шешімдеріне сот тәртібімен шағымдануға құқығы бар.

2. Оқытушы, өндірістік оқыту шебері және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шебері:

1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнамасын сақтауға;

2) өзінің кәсіптік құзыреті саласында оқытудың тиісті теориялық және практикалық білімі мен дағдыларының болуы;

3) көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге;

4) оқып-үйренушілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
87-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу

ұйымдарының құқықтары мен міндеттері

1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының:

1) кәсіптік бірлестікке кіруге;

2) кәсіптік бірлестіктің шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқығы бар.

2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдары:

1) Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнамасын сақтауға;

2) өздерінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындауға;

3) сапаны сыртқы бақылауды жүргізуге, уәкілетті орган жүзеге асыратын тексерулерге кедергі келтірмеуге;

4) оқу бағдарламаларын көлік құралдары жүргізушілерін даярлаудың оқу жоспары мен жоспар-кестесіне сәйкес толық көлемде іске асыруға;

5) оқып-үйренушілерді даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз етуге;

6) оқып-үйренушілердің, оқытушылардың, өндірістік оқыту шеберлерінің және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

7) көлік құралдарын техникалық жарамды күйде ұстауға және жүргізуге оқыту шеберлерін рейс алдындағы медициналық қарап тексеруді ұйымдастыруға;

8) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өз қызметі туралы ақпарат беруге;

9) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының тізіліміне енгізілген немесе көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіптік бірлестіктен ерікті түрде шыққан немесе одан шығарылған күннен бастап бір ай ішінде кәсіптік ұйымға кіруге міндетті.
13-тарау. МІНДЕТТІ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАРАП ТЕКСЕРУ
88-бап. Міндетті техникалық қарап тексеру

1. Шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына төрт жылдан аспаған және автомобиль көлігі саласындағы кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын М1 санатындағы көлік құралдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісіне қатысатын және уәкілетті органда тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері міндетті техникалық қарап тексеруге жатады.

М1 санатындағы көлік құралдарына жолаушыларды тасымалдау үшін пайдаланылатын және жүргізушінің орнынан басқа, сегізден аспайтын отыратын орны бар көлік құралдары жатады.

Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар көлік құралдарын пайдалануға тыйым салатын ақаулар орын алып, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, көлік құралдары иелерін міндетті техникалық қарап тексеруден қайталап өтуге жібереді.

Уәкілетті органның лауазымды адамдары механикалық көлік құралының міндетті техникалық қарап тексеруден өтуі фактісін тексеруді механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді сұрату арқылы жүзеге асырады.

2. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзген техникалық қарап тексеру операторлары көлiк құралының тiркелген жерiне және көлік құралы иесiнiң тұрғылықты жерiне қарамастан, мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткізеді.

Техникалық қарап тексеру операторлары жариялы шарт негiзiнде қызметтер көрсетедi.

3. Көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу және жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметтер көрсетуді қоса атқаруға жол берiлмейдi.

Техникалық қарап тексеру операторының аумағында көлiк құралдарын жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметтер көрсетуге жол берiлмейдi.

Техникалық қарап тексеру операторының аумағында көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу, тазалау және жуу бойынша қызметтерді қоса атқаруға және көрсетуге жол беріледі.

4. Техникалық қарап тексеру операторы:

1) астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда техникалық қарап тексеру орталығы ашылған кезде техникалық қарап тексерудің стационарлық және ұтқыр желілерін пайдалана отырып, міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуді жүзеге асырады;

2) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган айқындаған қызмет өңірі шегінде міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуді қамтамасыз етеді;

3) халықты қызмет өңірінде міндетті техникалық қарап тексеруді өткізу кестесі туралы хабардар етеді;

4) аудандардың әкімшілік орталықтарында, ауылдық (селолық) округтерде және аудандық маңызы бар қалаларда техникалық қарап тексеру орталығы ашылған кезде техникалық қарап тексерудің стационарлық және (немесе) ұтқыр желілерін пайдалана отырып, міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуді жүзеге асырады.

Қызмет өңірін айқындау тәртібін көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

5. Міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу екі: дайындық және негізгі кезеңдерді қамтиды.

Міндетті техникалық қарап тексеруден өткізудің дайындық кезеңі барысында көлік құралын сәйкестендіру және сәйкестендіру нәтижелерінің тіркеу және өзге де құжаттардың деректеріне сәйкестігін тексеру жүргізіледі.

Міндетті техникалық қарап тексеруден өткізудің негізгі кезеңі барысында көлік құралының техникалық жай-күйінің Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін айқындау жұмысы (тексеру) орындалады.

6. Міндетті техникалық қарап тексеруден өту үшін көлік құралының иесі техникалық қарап тексеру операторына көлік құралын және көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ұсынады.

Техникалық қарап тексеру операторы көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректерін және техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасындағы мәліметтерді механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап тексерудің бiрыңғай ақпараттық жүйесiне енгiзудi қамтамасыз етедi.

7. Егер көлік құралын міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу нәтижелері бойынша ақаулар және көлік құралы мен оның тіркемелерін пайдалануға тыйым салатын жағдайлар анықталмаса, міндетті техникалық қарап тексеру өткізілді деп танылады.

Бұл жағдайда көлік құралы иесіне міндетті техникалық қарап тексеруден өтудің белгіленген мерзімділігіне сәйкес келесі міндетті техникалық қарап тексеруден өту мерзімі көрсетіле отырып, техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы беріледі.

8. Егер мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу нәтижелерi бойынша ақаулар және көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн пайдалануға тыйым салатын жағдайлар анықталса, мiндеттi техникалық қарап тексеру өткiзiлмеді деп танылады.

Бұл жағдайда көлiк құралы иесiне техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы ақаулары көрсетiле отырып берiледi.

9. Анықталған ақаулар және механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін пайдалануға тыйым салатын жағдайлар жойылғаннан кейiн механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесi оны қайта мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзуге ұсынады.

Механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерін қайта техникалық қарап тексеру алғашқы міндетті техникалық қарап тексеру өткізілген техникалық қарап тексеру орталығында не өзге де техникалық қарап тексеру орталығында өткізіледі.

Механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін алғашқы мiндеттi техникалық қарап тексеру өткізілген техникалық қарап тексеру орталығында қайта техникалық қарап тексеруден өткiзу кезінде техникалық қарап тексеру белгiленген критерийлерге сай болмаған және техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасында көрсетiлген позициялар бойынша ғана жүргiзiледi. Бұл жағдайда төлем қайтадан тексерiлетiн позицияларды тексергені үшiн ғана алынады.

Мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу кезiнде ақаулар анықталғаннан кейiн қайта мiндеттi техникалық қарап тексеруге механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін ұсынудың ең ұзақ мерзiмi күнтiзбелiк он күндi құрайды.

10. Механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесі анықталған ақауларды және механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерiн пайдалануға тыйым салатын жағдайларды жою жөніндегі жұмыстардың орындалатын жерін және оның орындаушысын өзі анықтайды.

11. Егер міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу барысында техникалық қарап тексеру операторы механикалық көлік құралының техникалық ақауларын анықтамаса не мұндай ақауларды анықтап, бірақ бұлар туралы мәліметтерді техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасына енгізбесе, техникалық қарап тексеру операторы механикалық көлік құралы иесінің не үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне осындай ақаулардың салдарынан келтірілген зиянды толық көлемде өтеуге міндетті.

12. Техникалық қарап тексеру операторының міндетті техникалық қарап тексеруді өткізуден бас тартуына:

1) көлік құралы иесінің көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ұсынбауы;

2) иесінің көлік құралын ұсынбауы;

3) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректеріне сәйкес келмейтін, нөмірлік агрегаттары (шасси, шанақ) уәкілетті органмен келісілмей ауыстырылған көлік құралын міндетті техникалық қарап тексеруге ұсыну;

4) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жоқ көлік құралдарын міндетті техникалық қарап тексеруге ұсыну негіздер болып табылады.

13. Жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде қызмет өңірі шегінде механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу кестесін келіседі.
89-бап. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмi

1. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiн жүргiзедi, оны өзiнiң интернет-ресурсында орналастыруды жүзеге асырады. 

Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

Техникалық қарап тексеру операторы көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзген күннен бастап көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.

2. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзу мақсатында көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi органға мынадай құжаттар:

1) өтiнiш;

2) заңды тұлға үшiн – заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi;

3) дара кәсiпкер үшiн – жеке басты куәландыратын құжаттың және дара кәсiпкер ретiнде тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмелерi;

4) техникалық қарап тексерудің стационарлық желісін ашқан жағдайда – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы белгісі бар, техникалық қарап тексеру операторының жылжымайтын мүлікке меншiк немесе оны иелену және пайдалану құқығын растайтын құжаттарының нотариат куәландырған көшiрмелерi;

5) жасаушы зауыт беретін бастапқы өлшеп тексеру мерзімі көрсетілген сынақ жабдығы мен өлшем құралдары паспорттарының көшірмелері және (немесе) салыстырып тексеру үшін түпнұсқалары беріле отырып, өлшем құралдарын өлшеп тексеру және сынақ жабдығына аттестаттау жүргізілгенін растайтын құжаттардың көшірмелері ұсынылады. Түпнұсқалар салыстырылып тексерілгеннен кейін өтініш берушіге қайтарылады;

6) өтініш беруші техникалық қарап тексеру орталығын ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша ұсынатын сынақ жабдықтары және өлшем құралдары туралы ақпарат;

7) техникалық қарап тексерудің стационарлық желісін ашқан жағдайда – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша аумақ пен үй-жайдың тиісті стандарттар талаптарына сәйкестігі туралы ақпарат ұсынылады.

3. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган құжаттары қоса берiлiп отырған өтiнiштi ол берiлген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қарайды, оның қорытындылары бойынша өтiнiш берушiге техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзілгені туралы жазбаша хабарлама немесе дәлелдi бас тарту жiберiледi.

4. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзуден бас тартуға:

1) осы баптың 2-тармағына сәйкес талап етiлетiн құжаттарды ұсынбау;

2) ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәлiметтердiң анық еместігі және (немесе) толық болмауы;

3) осы баптың 5-тармағының 3) – 5) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша өтiнiш берiлген күнге дейiн алты ай iшiнде техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастау негiздер болып табылады.

5. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастауға:

1) дара кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiнен өз еркiмен алып тастау туралы өтiнiшi;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсiпкер қызметiнiң тоқтатылуы немесе заңды тұлғаның таратылуы;

3) техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзу кезiнде көрiнеу анық емес ақпарат беру;

4) көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу және жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету жөнінде қызметтер көрсетуді қоса атқару;

5) көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап тексеруді жүзеге асыру саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықты бiр жыл iшiнде қайталап жасау негiздер болып табылады.

Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастау туралы хабарлама көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган тиісті шешім қабылдағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде дара кәсіпкерге немесе заңды тұлғаға жіберіледі.


90-бап. Халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаты


1   2   3   4


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет