Журналистика



Дата03.05.2016
өлшемі84.04 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010
ЖУРНАЛИСТИКА


Б.К.СЕРДӘЛІ

филология ғылымдарының кандидаты,

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры
ГАЗЕТ ЖӘНЕ ДИЗАЙН
В статье описываются пути создания эффективного дизайна печатного издания.
The article deals with the effective ways of forming design of printing the newspaper.
Осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын адамдар газет оқудан ләззат алатын. Басылымды сатып алу үшін сатушыға соңғы тиынына дейін санап беруге даяр тұратын. Ол кезде газеттің форматы басқаша еді. Ұзын-сонар бағаналардан көз сүрінетін. Сөйтсе де басылым беттеріндегі жаңалықтардың көптігіне көпшілік ерекше қызығатын.

Қазір оқырманның көңілін табу оңай емес. Түрлі-түсті теледидар, компьютер, әрқилы CD-DVD ойнатқыштар, ғарыштық шетелдік арналар оқырманды өздеріне баурап, газет-журналдың бәсекелес болуға шамасын келтірмей отыр. Десе де, газет-журнал редакциялары бәсекелестікке ұмтылып, оқырманның қажетіне жарау үшін түрлі жолдарды қарастыруда. Әрине, оның ішінде басылымды тартымды етіп безендірудің өзіндік орны бар екендігі даусыз. Сол себепті, газет пен журнал дизайнының құрылымына арнайы тоқталудың артық етпесі анық.

Басылымды безендіру туралы сөз қозғалғанда, алдымен кәсіпқой беттеушілер жайлы сөз болады. «Мен өскенде дизайншы боламын» деп армандамайтын бала кемде-кем. Бірақ, сурет, киім, интерьер, экстерьер дизайнына құмартқанымен, жоғарғы оқу орнына оқуға түскен студенттердің арасынан беттеуші болуды мақсат еткендерді кездестіру қиын. Бұл қажеттіліктен туатын дүние сияқты. Беттеушілікке мойын бұратындардың басым көпшілігі – журналистер. Газетті баспаға дайындаудың қажеттілігі туындағанда журналистер біртіндеп беттеушіге айнала бастайды. Компьютер басында күнұзақ отырғаныңызды байқаған редактор күндердің күнінде сізге: «Жаңа қызметің құтты болсын! Енді сен редактордың көмекшісі боласың! Газет беттеуді біледі екенсің», – деуі әбден мүмкін. Басшы қолқа салғанда мұндай «жаңа қызметтен» бас тарту мүмкін бе? Беттеуші қызметінің алғашқы қадамдары осылай басталып кете барады.

Әдетте, журналистика мамандығында оқитын студенттерге дизайн жайлы жалпылама түсіндіріледі. Мысал ретінде үлкен бір басылымды көрсетуі мүмкін. Ал енді тақырып пен мәтінді, сурет пен диаграмманы қалай сәйкестендіру керектігіне студенттің, болашақ беттеушінің өздігінше бас қатыруына тура келеді.

Мұнда біз газет пен журнал дизайны және ондағы беттеушінің қызметі туралы қағидаларды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, беттеушіге қажетті компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеу түрлері де айтылады. Оның баспасөз мысалдарынан алынған беттеушіге арнаған материалдар негізінде пысықталады.

Тарих еншісінде қалған сарғайған газеттер мен қазіргі басылымдардың арасында үлкен айырмашылық бар. Қазіргі газеттерді жанды деуге әбден болады. Әрине, оған компьютерлік цифрлық техниканың дамуы өзіндік үлесін қосып келе жатқанын да мойындау керек.

Таза әрі тиянақты, ұқыпты жасалған жақсы дизайн газеттің экономикалық жағдайына да жақсы әсер етеді. Сол арқылы ол бәсекелестерінен оқ бойы озық шығып, оқырманды да, жарнама берушіні де жаулап алады. Кез келген басылым осындай деңгейге жетуді армандайды деп толық сеніммен айта аламыз.

Газет пен журнал – мерзімді басылымның екі түрі ғана емес, ақпаратты әрқилы жеткізудің, оқырманға әр түрлі әсер етудің ыңғайлы жолы. Күн сайын жарық көріп, ізі суымаған ақпараттарды жариялайтын газет –қоғамдық пікір тудыру құралы ғана емес, оқырманға үгіт-насихат жүргізудің де ең тиімді жолы.

Көптеген ақпараттық бәсекелестерімен салыстыра келе, газет-журналды бейнелі түрде динозаврға теңеуге болатындай. Өзі сондай жайбасар және тиісті жеріне байыппен өте баяу жетеді. Осындай «кемшіліктеріне» қарамастан қаншама жылдар бойы жойылып кетпей, өзінің абыройлы атын сақтап қалуы да қызығарлық жағдай. Әйтсе де, таяу уақытта газет-журнал басылымдарының үлкен өзгерісті бастан кешуі ғажап емес.

Бірінші болжам, газет мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Кезінде бұқаралық ақпарат құралының атасы – телеграф аңызға айналып барады емес пе?

Екінші болжам, заманның талабына сай қайта түлеп, виртуалды газет немесе бейнегазет секілді атауларға ие болып шығуы әбден мүмкін. Мәселен, бейнегазеттің Интернеттегі бір нұсқасы жобамен мынадай болуы мүмкін:


1-сурет.


  1. Көріп отырғаныңыздай, мұндай электронды басылымдар оқырманның барлық сұранысын қанағаттандыру үшін жарыққа шығатын болады. Бірінші нүкте арқылы оқырман өзін қызықтырған барлық тақырыпты немесе бөлімді оңай таба алады.

  2. Сілтемедегі мақаланы түгел оқудың да қажеті болмай қалады. Тек нүктені түртіп қалсаңыз болғаны, бейнематериал мақала туралы толық мағлұматты өзі-ақ баяндап береді.

  3. Бұл ұяшықтарда оқырманнның талғамы бойынша түрлі айдарлар орнатылған. Нүктені басу арқылы спорттық жарыстар, кинофильмдер, мультфильмдер мен деректі фильмдер туралы мәліметтерді немесе бейнекөріністің өзін толық тамашалай аласыз. Жалпы, бұл бөлімді кішігірім бейнекітапхана десе де болады.

  4. Газет әрбір оқырманның талабын қанағаттандыру үшін жасалады. Сол себепті төменде газет иесінің жоспары, күнтізбесі көрсетіледі.

  5. Бұл ұяшықта газет иесінің табысы туралы мәліметтер беріледі. Оқырман осы бөлім арқылы басылым табысының артып немес кеміп жатқанынан хабардар болады. Одан бөлек, табыс табу жайлы кеңестер де ұсынылады.

Әйтсе де, бұл күндерге жету үшін көп уақыт керек. Қазіргі заманның талабы басқа. Сондықтан әзірге қара бояу мен ақ қағазды, түрлі қаріп пен суреттерді біз барынша қажетімізге жарата беретін боламыз. Басылым өніміміз оқырманның қолына әдемі түрде тиюі үшін беттеуші-дизайнердің әлі де үлкен рөл атқаратынына күмән келтірмеуіміз керек.

Әрине, сіз де күнделікті газет оқыдыңыз. Бірақ, «суреті неге мұнда тұр? Тақырыбы неге жоғарыға қойылған? Неге алты бағана емес, бес бағана еткен?» деген сұрақтар сізді мазалап көрген емес. Ал біздің мақсатымыз – беттеушінің қызметі мен оған қажетті материалдарды пайдаланудың жолдарын үйрету.

Әуелі тақырыпты, мәтін мен суреттерді қалай орналастыру керектігіне тоқталмас бұрын, газет дизайнының тарихына қысқаша шолу жасап көрелік. Әрі қарай беттеушіге қажет тәртіптермен, элементтермен, бағдарламалармен жақынырақ танысатын боламыз.

«Паблик Оккаренсез» - алғашқы американдық басылым, осыдан 300 жыл бұрын жарыққа шыққан (1-суретте). Бірақ, ол барлық отарлаушы елдердің басылымдары сияқты үнпараққа немесе жарнама парақшасына көбірек ұқсаған. Көлемі де үлкен емес, А-5 форматындағы кітап парағымен шамалас болған. Мұндай басылымдардағы материалдар бірінен соң бірі тізбектеліп орналаса берген. Тақырыбы жоқ, суреті де аз.

ХІХ ғасырда жарық көрген газеттердің көпшілігі бір-біріне ұқсас. Мәтін ұзын сонар бағанға орналасып, кейде безендіру үшін картаның суреті немесе өрнек қойылады.

Газеттегі алғашқы фотосурет 1880 жылы жарық көрді. Алайда, ақпараттарды суреттермен безендіру 1900 жылдарға дейін дами қойған жоқ.

Ал 1900 жылдарға таяу газет ақырындап мерзімді басылымға ұқсай бастады. Үлкен тақырыптар қойылып, ол бірден көзге түсу үшін қою бояумен берілетін болды. Газетті безендіру жолдары түрленді. Ақпараттар бөлімі де сол кездерде тәжірибеге енді.

1920 жылы кіші пішіндегі қысқа мәтіндер жариялайтын газеттер пайда болды. Мұнда суреттерге көп орын бөлінді. Жыл өткен сайын газет беттері «жанданып», фотосуреттер, мақалалар, хабарландырулар көбейді. Десе де, қазіргі стандарттармен салыстырарғанда, біздер үшін бұл басылымдардың өзі тартымсыз, шолақ дүние секілді көрінетіні анық.

Өткеннің еншісінде қалған газет пен қазіргі басылымдардың арасында үлкен айырмашылық бар. Мысалы, бұрын редакция секретариаты төмендегідей етіп беттеушіге газеттің жобасын жасап беретін.

Компьютердің көмегіне жүгінетін беттеушіге қазір оның да қажеті болмай қалды.

Бетке жоба (макет) жасау барысында басты төрт элементті қолдану арқылы беттің қандай болатынын алдын ала болжам жасай аласыз: 1) сурет; 2) суреттегі бейне жайлы ақпарат; 3) мақала тақырыбы; 4) мақала мәтіні [2].

Бүгінгі күннің редакторлары оқырманның «сары басылымдардың» астында қалғанын жақсы біледі. Сол себепті бәсекелестердің алдына шығу үшін олар басылымды оқырманның сұранысына сай етіп шығаруға кірісті. Бұған кейінгі бірер жылда пайда болған «Айқын», «Алаш айнасы», «Жұлдыздар отбасы», «Керемет» сияқты газет-журналдарды мысал етсек те жеткілікті. Мерзімді басылымдарға сыртқы безендірілуіне қарап баға беретін оқырман аз емес. Сол себепті қазіргі сұранысқа сай болып көріну үшін газет-журналға мына талаптар қажет:

1) Түс. Көптеген газеттердің беташар беттерінің түрлі-түсті болып келетіні содан. Ішкі беттердегі кейбір айшықтауға тұратын жарнамаларды, хабарландыруларды түрлі-түсті етіп беріп жүрген басылымдар да бар. Қара түстен өзге бояуды көп пайдаланбайтын газеттер де аз емес.

2) Ақпараттық кескін. Газет ақпараттарды хабарлап қана қоймайды, сонымен қатар, оны оқырмандарға суретпен безендіріп жеткізеді. Кесте, карта, диаграмма, мәтіннен сөзбе-сөз алған үзіндіні және дәлелдерді ұсыну арқылы оқырманға жеңіл әрі түсінікті етіп ұсынуға тырысады.

3) Тартымдылығы. Бүгінгі шыдамсыз оқырманның қолы босайтын кезі аз. Сондықтан редакторлар басылымның тартымдылығына және ыңғайлылығына көбірек көңіл бөледі. Жеңіл оқылатын әрі қызықты мақалаларды алғашқы беттерге шығаруға тырысады. Және газеттегі ең тартымды деген мақалаларды оңай табу үшін аңдатпа (анонс) арқылы ішкі беттерге сілтеме жасайды.

Бүгінгі таңда газеттің бірінші ашпа беті – журналистика мен маркетингтің бірлескен дүниесіне айналып барады. Яғни, олар көп жағдайда «оқырманды не қызықтырады?» деген сауалдың жауабын іздейді. Ал ол сауалдың жауабы қандай? Расында, оқырманды не қызықтырады? Тақырыптардың үлкендігі ме, көлемді фотосуреттер ме? Әлде, қызықты оқиғалар ма? Бәлкім, түрлі-түсті беттер шығар? Немесе оқырман өткен күндердің ең маңызды оқиғаларына қатысты қорытындыны қалар ма екен?

Бұл сұрақтардың нақты жауабын ешкім де тап басып айта алмайды. Себебі, қомақты қаржы жұмсап, сауалнама жүргізген алпауыт басылымдардың өзі газет сатылымының неге төмен екенін анықтай алған жоқ. Сондықтан да редакторлар көбінесе бірінші бетті төмендегі 3 бағыт бойынша беттеуге тырысады:

1) Дәстүрлі беттеу. Елең еткізерлік дүниемен әуестенбей, тек басты жаңалықтарға орын береді. Редакторлар суреттер мен мәтіндердің рет-ретімен, салмақты орналасуын талап етеді.

2) Мұқабалы беттеу. Мұндай бетте орналасқан мақаланың санына емес, сапасына мән беріледі. Басылымдағы ең басты мақала бетті тұтастай алуы да мүмкін. Негізгі материалды ішкі беттерге сілтеме жасау арқылы береді. Әдетте тартымды үлкен фотосуреттер осындайда қолданады. Ішкі беттердегі мақалаларға аңдатпа ретінде бір бағанға орын берілуі мүмкін, болмаса, оған да орын қалмауы ғажап емес.

3) Ақпараттық беттеу. Мұнда көлем мен көптүрлілікке ерекше маңыз беріледі. Графика, фото, аңдатпа, қысқа мәліметтерді араластыру арқылы басылымның бар мазмұнын алғашқы бетке шығаруға тырысады. Негізгі мақалаларға аңдатпа жасаушы мұндай ашпа беттер «газет мәзіріне» көбірек ұқсайды [2].



Әрине, ашпа беттердің түр-сипаты мұнымен шектеліп қалмайды. Кей газеттер алғашқы бетке үздік мақаласын шығарса, тағы бірі ащы әзіл-әжуа арқылы ой тастайтын коллаждарға орын бергенді жөн көреді. Енді бірі алдағы күндері болатын іс-шаралардың күнтізбесін ұсынуы мүмкін. Тіпті, алғашқы бетте жарнаманың «айқайлап» тұруы да оғаш емес. Әйтеуір, оқырман қабылдайтын дүниенің барлығын алғашқы беттен табуға болады. Қалай болғанда да, редакторлар дизайнның барлық түрлерін қолданып көруге бар. Әрине, оны оқырман қабылдайтын болса.
ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Evans H. Pictures on a Page. London: William Heinemann, 1978.

  2. Evans H. Newspaper Design. London: William Heinemann, 1984.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет