К. М. Беркімбаев педагогика ғылымдарының докторы, профессор



Дата01.05.2016
өлшемі74.8 Kb.
А.Ясауи университетініњ хабаршысы, №2-3, 2010
ПЕДАГОГИКА

К.М.Беркімбаев

педагогика ғылымдарының докторы, профессор

А.Ясауи атындағы ХҚТУ
Ш.К.Досыбекова

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ізденушісі


Дарынды балалардың оқу іс-әрекетін басқаруДАҒЫ

Педагогикалық-АҚПАРАТТЫқ технологияның мәні
В статье рассмотрена сущность педагогико-информационных технологий в управлении учебной деятельностью одаренных детей.
This article deals with the essence of pedagogical and information technologies in management of teaching activity of talented children.

Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне енуі, елімізде демократиялық қоғамның құрылуы, мектепте оқушыларды жоғары сапалық деңгейде оқытуды, осы арқылы жаңа нарықтық жағдайларда болашақ мамандарды шығармашыл еңбекке даярлауды талап етеді. Мысалы, ҚР білім жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы мен 2005-2010 жылдары дамыту бағдарламасы білімді адам даярлауды күн тәртібіне қойып отыр [1].

Орта мектептегі оқу үдерісін ҚР білім жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасына және 2005-2010 жылдары дамыту бағдарламасына сай білімді адам даярлауға бағыттау мәселесі, оқытудың жаңа, қарқынды жолдарының, оларды педагогикалық іс-тәжірибеде пайдалану тәсілдерінің жүйелі түрде қарастырылып жасақталмауы себепті, қазіргі күнге дейін толық шешімін таба алмай отырғандықтан, мектеп оқушының жемісті еңбекке дайындық дәрежесінің субъективті сипаттамаларын қалыптастыру қажеттілігі мен мүмкіндігі арасындағы сәйкессіздікке негіз болып отыр.

Дарынды балалардың оқу үдерісін дараландыру мүмкіндігі – компьютерді негізгі оқыту құралы ретінде пайдалану негізінде оқушылардың оқу іс-әрекетін басқарудың, дәстүрлі әдістерге қарағандағы негізгі артықшылықтарының бірі болып табылады. Өйткені, оқытудың басқа техникалық құралдарынан компьютердің артықшылығы – оның икемділігінде, әрбір оқушының іс-әрекеті деңгейіне сай жұмыс жасай алатындығында. Дарынды баланың оқу іс-әрекетін компьютер көмегімен басқару – белсенділендіруші, дараландырылған ізденіс пен зерттеу сипатын беру арқылы оқу үдерісін жоғары сапаға көтереді. Оқу үдерісі компьютердің техникалық мүмкіндіктерінің шектеулі екендігі, оқушылардың жеке ерекшеліктерін мұғалімнің білу қажеттілігі ескеріле отырып, оның ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылып басқарылса, онда дарынды балалардың оқу іс-әрекетін дараландыру мәселесін шешуге болатынын тәжірибе дәлелдеп отыр.

«Технология» термині латынның «техне» – өнер, шеберлік, жаттыққандық және «логос» – ғылым сөздерінен пайда болған. Өндірісте технология қолданылуы алдын ала жоспарланған нәтижеге алып келетін процестер, әдістер мен құралдар жүйесі ретінде түсініледі [2].

Педагогика саласына қатысты технологияның көптеген түсінігі кездеседі. Педагогикалық технология [3]:



– тәрбиенің жоспарланған нәтижесіне қол жету қисынын сипаттау;

  • педагогикада пайдаланылатын материалдық және идеалдық құралдар жүйесі мен осы құралдарды пайдалану тәсілдері;

  • білім көлемі, тәрбие әдістері, құралдары мен түрлері және соңғы нәтиже алдын ала жоспарланған, яғни бір мәнді анықталған педагогикалық процесс және т.б.

Әрине, педагогикалық технологияның келтірілген түсініктері жиынтығындағы соңғысы, нақтырақ болуына байланысты, түсініктірек. Өйткені, педагоги­калық процестің жоспарлану арқылы бір мәнді анықталуы, оның басқа­ры­латындығы мен мақсатқа қол жеткізуге кепілдік береді деген тұжырымға негіз бола алады.

Алайда, педагогикалық процесті жоспарлау барысында, шәкірт мүддесін, ол жоспарлаушыға белгісіз болғандықтан, ескеру мүмкін емес. Сондықтан мұндай процесс шәкіртте кері реакция тудыруы әбден мүмкін. Негізінен, осы себепке байланысты, қазіргі педагогикалық технологиялар жаңғырту деңгейіндегі процестерде ғана қолданысқа ие болуда. Осыған байланысты, педагогикалық процесті жаппай технологияландыру, тәрбие мәселесін шешуде ешқандай пайда келтірмейді деген тұжырымдар пайда бола бастады.

Келтірілген ахуалдың неліктен орын алатындығы түсінікті болу үшін педагогикалық процеске қатысты дәстүрлі көзқарасқа тоқталған жөн болар.

Дәстүрлі көзқарас бойынша педагогикалық процесс мақсаты, түрі, әді­сі, құралы, мазмұны бойынша сипатталады. Сонымен бірге, педагогика­лық поцестің әрбір құрамдас бөлігі келесілерін анықтайды, яғни әрбір құ­рамдас бөліктің өзгеруі, онан кейінгілердің ішінара немесе толық өзгеруіне алып келеді деп есептеледі. Егер, педагогикалық процесс мақсаты өзгерген жағдайда, басқа компоненттердің барлығы сәйкес түрде өзгеріске ұшыраса, мұндай өзгерістердің реформа болғаны. Ал кез келген ішінара өзгеріс педагогикалық процесті жетілдіру деп аталады.

Алайда, педагогикалық процесс компоненттерінің мына қасиеті назар­да болғаны дұрыс. Педагогикалық процестің ешбір компоненті өзінен кейінгілерін бір мәнді анықтамайды. Яғни, бір мақсатқа педагогикалық процестің бірнеше түрі сәйкес келе береді. Бір түрге бірнеше әдіс сәйкес келеді, т.с.с. Педагогикалық процестің осы қасиеті оның шексіз көп нұсқаларының болуына алып келеді. Олай болса, педагогикалық мақсат педагогикалық процестің бағыт-бағдарын ғана анықтайды. Педагогикалық процесті дәстүрлі сипаттаудың келесі қасиеті – оның әрбір компонентінің өзінен алдыңғысымен қандай байланыста болатындығы туралы айтылмайтындығы. Шын мәнінде, мұнда да бір мәнділік болмайды. Әрбір компонент өзінен бұрынғы компоненттің бірнеше түрін іске асыруы мүмкін. Мысалы, белгілі бір педагогикалық іс-әрекет, осы іс-әрекеттің нәтижесін алу үшін немесе іс-әрекеттің құралын игеру үшін, немесе әдісін игеру үшін, т.с.с. орындалуы мүмкін. Нәтижеде белгілі бір түрде, әдіс пен құрал арқылы, белгілі бір мазмұнды қамти отырып, белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін ұйымдастырылған педагогикалық процесс іске асырылу барысында тіптен басқа, кейде, тіпті қарама-қарсы мақсаттың орындалуы үшін қызмет жасауы мүмкін.

Мәселе педагогикалық процестің, оның қатысушылары субъектілер болуына байланысты, өте күрделі түрде өтетіндігінде болса керек. Педагог педагогикалық жүйе сұранысын алғаннан соң, оны өз мүддесіне сай өзінің мақсатына ауыстырады. Қалған компоненттерді үйлестіруде оның қабілеттілік деңгейі басты рөл атқарады. Ұстаз іс-әрекеті шәкіртке тапсырма беру­мен аяқталады. Тапсырма алған шәкірт, оны орындауды өз мүддесіне сай мақсат анықтаудан бастайды да қалған компоненттерді осы мақсатты іске асыру үшін анықтап пайдаланады.

Келтірілген ой қорытудан көрініп тұрғандай, педагогикалық процесте шәкірттің іс-әрекеті осы процесс мақсатының орнына өз мақсатын жүзеге асыру үшін орындалады. Педагогикалық процесс мақсаты процестен тыс қалады. Дәстүрлі педагогикалық процестің, педагогикалық мақсаттың орындалуына кепілдік бермейтіндігінің себебі осында жатса керек. Олай болса, педаго­гикалық процесс мақсаты, осы процесс нәтижелілігінің өлшемі функциясын атқара алмайды.

Әрине, педагогикадағы бұл қиыншылықтан шығудың жолы – педагогикалық процесс мақсатын процесс нәтижелілігінің өлшемдерінің, критерий­лерінің жүйесі, басқаша айтқанда, педагогикалық процеске қойылатын талап­тар жүйесі түрінде нақтылау. Педагогикалық қызметті инженерлік және техникалық білім деңгейіне сәйкестендіру.

Сонымен, педагогикалық технология – педагогикалық процесс мақсатын, осы процеске қойылатын талаптар жүйесі түрінде нақтылау мен педагогикалық қызметті инженерлік және техникалық білім деңгейіне сәйкестен­діру механизмдерінің жиынтығы. Педагогикалық технология механизм­дерінің көп түрлілігі, технология түрлерінің де көп болуына алып келеді және олардың бір түрі – педагогикалық-ақпараттық технология.

Педагогикалық технология, қазіргі кездегі педагогикалық ортадағы педагогикалық ақпарат тасқынының жылдам өсуі мен оны игеру мүмкіндігі арасындағы қарама-қайшылықты жоюға арналған. Педагогикалық ақпараттық технология тұлғаны жан-жақты дамыту идеясынан бас тартып, іс-әрекет жолдарын дамыту арқылы өзіндік реттеу мен өзіндік білім алуға, адам қабілеттерін барынша дамыту идеясына өтуге мүмкіндік береді.

Педагогикалық-ақпараттық технологияның педагогикалық негізін педагогикалық әріптестік құрайды. Мұндағы педагогикалық әріптестік, шәкірт пен ұстаздың өзара түсіністігіне, бір-бірінің рухани дүниесін танып білуі­не негізделген.

Педагогикалық-ақпараттық технологиядағы әріптестіктің негізгі қағидалары:



  • білім, біліктілік және дағды мектебін тәрбие мектебіне айналдыру;

  • шәкірт тұлғасын тәрбие тірегіне айналдыру;

  • тәрбиенің ізгіліктілік бағдарын, жалпыадамдық құндылықтар қалыптас­тыру;

  • шәкірттің шығармашылық қабілетін, жеке-даралығын қалыптастыру;

  • дара және топтық тәрбиені үйлестіру;

  • шәкірт алдына қиын мақсат қою.

Келтірілген қағидалар белсенді және дамыта оқыту әдістері негізінде іске асырылады.

Белсенді оқыту белгілері:



  • шәкірттің мәжбүр белсенділігі ахуалын тудыру;

  • шәкірттің шешім қабылдауына негіз болатын өз бетінше жұмыстың болуы;

  • тәрбиелік процесте екеу ара орындалатын іс-әрекеттің болуы.

Дамыта оқыту мәні:

  • шәкіртті өзіндік өзгерістерге мүдделі және қабілетті субъектіге айналды­ру;

  • шәкіртті өз іс-әрекетінің субъектісіне айналдыру;

  • көп нұсқалы және даралай оқыту.

Шәкірт алдына қойылған мәселені шешу жолдарын өз бетінше таба алғанда ғана субъект бола алады. Мәселені шешу жолдарын өз бетінше таба алу үшін нақты мәселені шешу жолдарын игеру орнына, белгілі бір класс мәселелерін шешудің ережелері мен принциптерін және жолдарын игеру, шығармашыл-ізденіс мұқтаждығы дамытылуы қажет.

Педагогикалық-ақпараттық технологияның информатикалық негі­зін объект ұғымы құрайды. Объект ұғымын пайдалану, педагогикалық технологиялар жасақтауға шектемелер қойып келген мәселені, яғни технология­лардың берілгендері анықтаумен өңдеудегі бір ізділік мәселесін, шешуге мүмкіндік береді.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы №1459 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы. 39/2004. Б. 3-53.

  2. Даль В.И. Толковый словарь живого великорусского языка: В 4-х т. Т.3: П. – М.: Рус.яз., 1990. – 555с.

  3. Беркімбаев К.М. Болашақ экология мамандарын кәсіби даярлаудағы информатикалық пәндерді оқыту үдерісінің педагогикалық жүйесі. Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Түркістан. 2006.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет