Кеден заңнамасы нормаларын бұзуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау практикасынашол у о



жүктеу 149.81 Kb.
Дата25.04.2016
өлшемі149.81 Kb.
: site -> supcourtkaz.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасы жоғАРҒы сотының кітапханасы судья кітабы астана 2005 Сот жүйесінің қызметкерлеріне арналған тәжірибелік оқу құралы ретінде Қазақстан Республикасының
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Германияға бару сапары туралы есеп 2007 жылғы 9-16 желтоқсан аралығында «Орта Азия елдерінде құқықтық және сот реформасын қолдау»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасаған, тәртiптiк жауаптылыққа тартылған тұлғалардың есебiн жүргiзу жөнiндегi Нұсқаулықты бекiту туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қылмыстар туралы өтініштер мен хабарларды, қылмыстық істерді, олардың тергелуі және сотта қарастырылу нәтижелерін бірыңғай кәртішкелік есепке алу негізінде жүргізу туралы Нұсқаулықтың бекітілуі жөнінде
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қамауға алу, үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасы конституциялық кеңесінің Қосымша қаулысы астана қаласы 25-тамыз, 2004-жыл Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының «Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының жергілікті соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қылмыстық іс алдын ала тергеу орындарына негізсіз қайтарылғандықтан сот қаулысы бұзылды
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Егемен Қазақстан №108 2008-04-12 Алимент әке болмайды, бірақ
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының Заңы «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы»
Кеден заңнамасы нормаларын бұзуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы

істерді қарау практикасына

Ш О Л У

Осы қарастырылып отырған кезеңдегі сот практакасын зерделеу қолданыстағы заңнаманың өзгеруіне байланысты қажет болып отыр. 2003 -жылдың 1 -мамырына дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде республика соттары 1995- жылғы 20 -шілдеде Қазақстан Республикасының Заңымен күшіне енгізілген «Қазақстан Республикасындағы кеден iсi туралы» Қазақстан Республикасының кодексін басшылыққа алған болатын. Қазіргі уақытта қолданылып отырған жаңа заң – Қазақстан Республикасының Кеден кодексі 2003 -жылдың 5 -сәуірінен бастап қолданысқа енгізілген еді. Соған қарамастан оған бірқатар өзгерістер енгізіліп отыр.

Сонымен қатар, әкімшілік заңнама саласында бұған дейін 2001- жылдың 30- қаңтарында қабылданған «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасының кодексі қолданылып келді. Осы уақытқа дейін Әкімшілік кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе де ол мазмұны жағынан жаңадан қабылданған Кеден кодексінен қалыс қалатын. Сөз жоқ, осы екі заң нормаларын қолданудағы қарама-қайшылықтар сот практикасына өз әсерін тигізді.

Осы зерделеніп отырған уақытқа дейін барлығы 1812 іс, соның ішінде Әскерлердің әскери сотын және валюта заңнамасы саласындағы заң бұзушылықтар туралы 3 азаматтық істі қоспағанда барлық аймақтардың соттарынан кеден заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы 1809 іс түсіп, зерделенді.

Жасалған қорыту республика соттарының осы санаттағы істерді негізінен дұрыс қарайтынын көрсетті.

Сонымен қатар, соттардың осы санаттағы істерді қарауы кезінде сот практикасын қолдануына едәуір ықпал ететін заң бұзушылықтарда кездеседі.

ӘҚБтК-нің 32-бабы бойынша он алты жасқа толған адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылады деп белгіленген.

Алайда, заңның осы талабы соттар тарапынан бұзылуда. БҚО Шыңғырлау аудандық сотының 26.03.2003 -жылғы қаулысымен кәмелетке толмаған, 1986- жылы 4- шілдеде туған ұлы А.В.Шмелев жеке тұлғаларға рұқсат етілген мөлшерден асатын темекіні кеден шекарасы арқылы заңсыз алып өткені үшін В.А.Шмелев ӘҚБтК-нің 424-бабының 1-тармағымен әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде (18.03.2003 ж.) А.Шмелевтің жасы 16 жас 10 ай болған, демек, ол өзі әкімшілік жауапкершілік көтеретін жаста болған. Осыған байланысты оның әкесін жауапқа тартудың қажеті жоқ еді.



ӘҚБтК-нің 580 және 581-баптарында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi болдырмайтын мән-жайлардың толық тізбесі бекітілген. Бұған қарамастан соттар әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді осы баптарда көзделмеген негіздер бойынша қысқартқан.
Көкшетау қалалық сотының 2003 -жылғы 5- шілдедегі қаулысымен «Атрарт» ЖШС-ға қатысты ӘҚБтК-нің 414-бабымен көзделген №5-938 әкімшілік іс бойынша ӘҚБтК-нің 580-бабының 1-бөлігінің 2-тармақшасымен әкiмшiлiк құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты іс жүргізу қысқартылған. Сот қаулының дәлелдеу бөлігінде: «ӘҚБтК-нің 414-бабының санкциясы лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының күшiн тоқтата тұрып, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. ӘҚБтК-нің 48-бабына сәйкес заңды тұлғаға салынатын айыппұл жиырма айлық есептiк көрсеткiштен кем болмайды, сондықтан заңды тұлға бұл бап бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды» деп атап көрсеткен.

Құқық бұзушылық құрамы ӘҚБтК бабының санкциясымен емес, керісінше диспозициясымен анықталатындықтан соттың мұндай дәлелдемесі заң талаптарына көрінеу сәйкес келмейді. Сондықтан соттың бап санкциясы мұндай жазаны қарастырмайды деген сілтемесі заңсыз.

Маңғыстау облыстық соты екі іс бойынша осындай заң бұзушылыққа жол берген.

Осы жағдайларда соттар баптың санкциясын оның диспозициясы ретінде түсіндіріп және әкімшілік құқық бұзушылық субъектісін бап санкциясы бойынша анықтап, заңды дұрыс қолданбаған.

Соттар ӘҚБтК-нің 414-бабымен көзделген лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлігінің) күшiн тоқтата тұру сияқты қосымша жазаны көбінесе дұрыс қолданбайды.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты 2003 -жылдың 11- наурызында «Лемке Авто» ЖШС-нан ӘҚБтК-нің 414-бабы бойынша заңды тұлға филиалының 2002- жылғы 10- маусымдағы №2224-1901-Ф есептік тіркеу куәлігінің күшін он күнге тоқтата тұру және мемлекет кірісіне он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 8720 теңге айыппұл өндіру туралы қаулы еткен.

Соттың заңды тұлға филиалының есептік тіркеу куәлігінің күшін тоқтата тұру туралы шешімі дұрыс емес. Өйткені ӘҚБтК-нің 52-бабына сәйкес, белгілі бір қызмет түріне не белгілі бір іс-әрекеттерді жасауға лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәліктен) айыру аталған адамдардың қызметті жүзеге асыруы не лицензияда, арнаулы рұқсатта, біліктілік аттестатында (куәлікте) көзделген белгілі бір іс-әрекеттерді жасауы кезіндегі әкімшілік құқық бұзушылығы үшін қолданылуы мүмкін.

Сот заңды тұлға филиалының есептік тіркеу куәлігін белгілі бір қызмет түрін жүзеге асыруға рұқсат беретін біліктілік аттестаты (куәлік) ретінде танып, қателескен.

Заңды тұлға филиалының есептік тіркеу куәлігін беру мен тіркеу «Заңды тұлғаларды тіркеу туралы» Жарлықпен белгіленеді және оның өзі заңды тұлға филиалының құрылу фактісін куәландырады.

Ал лицензия, арнаулы рұқсат немесе біліктілік аттестатын (куәлік) беру, сондай-ақ олардың түрлері «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен және басқа да нормативтік актілермен белгіленеді.



Осы орайда сот бұл іс бойынша ӘҚБтК-нің басқа да нормаларын бұзуға жол бергенін, алайда осы заң бұзушылықтарды соттың өзі де, қадағалау сатысы да, прокурор да жоймағанын атап өтпеске болмайды.

Мәселен, ӘҚБтК-нің 580-бабы, 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес әкiмшiлiк жауапқа тарту мерзiмi өтсе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргiзудi бастауға болмайды, ал басталған iс қысқартылуға жатады. Әкімшілік жауапқа тартудың осы мерзімі ӘҚБтК-нің 69-бабымен белгіленген.

Заңның осы қағидасын сақтаудың қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрлігі Кеден комитетінің 2001 -жылғы 19-сәуірдегі №ТК-2-29-2876 хатында көрсетілген.

Әкімшілік іс құжаттарына қарағанда құқық бұзушылық 2002 -жылдың 15- қыркүйегінде, демек, «Лемке Авто» ЖШС-ы автомобиль әкеліп, оны УСҚ-ға орналастырып, толық декларацияны кеден органына тауарды берген күннен бастап 15 күннен кешіктірмей береміз деп міндеттенген кезден бастап жасалған. Декларацияны беру мерзімі 2002- жылдың 30 -қыркүйегінде өткен, демек, «Лемке Авто» ЖШС-нің ӘҚБтК-нің 414-бабымен жауаптылық көзделген құқық бұзушылықты жасағанын кеден органы осы күннен бастап білген.



Осы іс бойынша кеден органы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманың әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау фактiсi анықталғаннан кейiн дереу жасалатыны туралы ӘҚБтК-нің 638-бабында бекітілген нормаларды бұзған. Кеден органы «Лемке Авто» ЖШС-нің құқық бұзушылығы туралы 30-шы қыркүйекте білген, өйткені олар осы күнге дейін декларациясын толық бермеген. Кеден органдары құқық бұзушылық туралы хаттаманы келесі күннен кешіктірмей жасауға тиіс еді. Алайда ол жасалмаған. Хаттама тек 2002- жылдың 18- ақпанында, демек 4 ай 18 күн өткеннен кейін ғана жасалған.

Іс сотқа 2003- жылдың 18- ақпанында түскен. Ал құқық бұзушылық жасалған уақыттан бастап (2002- жылдың 30- қыркүйегі) 4 ай 18 күн өткен. Осыған байланысты әкiмшiлiк жауапқа тарту мерзiмдерінiң барлығы өткендіктен сот ӘҚБтК-нің 580-бабының негізінде іс жүргізуді қысқартуға тиіс еді.

Бұған қоса істе «Лемке Авто» ЖШС-ның филиал екені көрсетілген. Осыған байланысты ол әкімшілік жауапқа тартылмайды.

Осы іс бойынша Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты қолданыстағы заңнама нормаларын үш рет өрескел бұзған.

Әкiмшiлiк жауапқа тарту мерзiмiнің өтуі іс жүргізуді қысқартуға негіз болып табылады. Алайда, соттар заңның осы талабын бұзып, әкімшілік жауапқа тарту мерзімі өткен істерді де қараған. Бұған мысал ретінде Ақтау қалалық соты ӘҚБтК-нің 429-бабының 1-бөлігі бойынша «МКДСМ» ААҚ-қа қатысты қараған әкімшілік істі келтіруге болады.

Іс құжаттары мен құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес 2001- жылдың 13- тамызында «МКДСМ» ААҚ-тың вице-президенті Минск қаласында қызметтік іс сапарда болған кезде цилиндрлер жыйынтығын сатып алып, «МКДСМ» ААҚ қоймасына әкеліп, кіріс ретінде ресімдеген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама құқық бұзушылық жасалған күннен 2 жыл өткеннен кейін 09.04.2003- жылы жасалып, сол күні сотқа жіберілген. Хаттамада «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 192 және 193-баптарының бұзылғанына сілтеме жасаған. Алайда осы баптар жаңа әкімшілік кодекс күшіне енген күннен бастап, демек, 2001- жылдың 12- ақпанында күшін жойған. Сот істі 10.04.2003- жылы қарап, «МКСДМ» ААҚ-тан 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 8720 теңге айыппұл өндіру туралы қаулы еткен. Әкімшілік жауапқа тартудың барлық мерзімдері өтіп кеткендіктен мұның өзі заңды болып табылады,.

ӘҚБтК-нің 36-бабына сәйкес дербес салық төлеушi болып табылатын және салық салу саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерi заңды тұлғалар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылық көтереді.

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес заңды тұлғалардың филиалдары дербес заңды тұлға болып табылмайды және кеден заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылмайды. Ал іс жүзінде соттар осыларға қатысты әкімшілік істерді қараған.

Алматы қаласының № 2 Жетісу аудандық соты 11.06.2003 -жылғы қаулысымен «Халлибуртон интернешнл ИНК в РК» компаниясының филиалына ӘҚБтК-нің 414-бабы бойынша оның лицензиясының күшін тоқтата тұрған және 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 4360 теңге айыппұл салған. Заңға жүгінер болсақ, филиал заңды тұлға болып табылмайды әрі жауапқа тартылмайды. Істе филиалдың мәртебесін растайтын құжаттар (мемлекеттік тіркеу туралы куәлік және т.с.с., кедендік есепке немесе салықтық есепке қою туралы) құжаттар жоқ болып шықты.

Ақтау қалалық соты «Қазпошта» ААҚ-тың Маңғыстау филиалына және «Казстройсервис» ЖАҚ-тың Маңғыстау филиалына қатысты істер бойынша, Жаңаөзен қалалық соты «Өзенмұнайгаз» ЦБМТС ЖАҚ-тың филиалына қатысты іс бойынша және Қызылорда облысының Байқоңыр қалалық соты екі іс бойынша осындай заң бұзушылықтарға жол берген.

Әкімшілік құқық бұзушылық жасамаған заңды тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту фактілері де анықталды. Мысалы, Сарыарқа аудандық сотының 21.06.2003- жылғы қаулысымен (Ж.А.Пернекулов) «ФЕР ЭКСПО» ЖШС-ы ӘҚБтК-нің 421-бабының 1- бөлігі бойынша тәркілеусіз 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 17440 теңге айыппұл өндіру туралы шешім қабылдаған. Шын мәнінде №0443/03 хаттама 2003- жылдың 20 -мамырында «Интеграция-Астана» ЖШС-ға қатысты жасалған. Сот талқылауын тағайындау туралы соттың ұйғарымында және әкімшілік шара қолдану туралы соттың қаулысында «ФЕР ЭКСПО» ЖШС-ы көрсетілген. 2003- жылғы 10 -маусымдағы төлем тапсырмасына сәйкес «ФЕР ЭКСПО» ЖШС-ы қолданылған әкімшілік жаза - 4360 теңге мөлшеріндегі айыппұл-ды төлеген. Сондықтан «ФЕР ЭКСПО» ЖШС-ға не үшін әкімшілік шара қолданылғаны және керісінше хаттама толтырылып, айыппұл төлеген «Интеграция Астана» ЖШС-ның неге жауапқа тартылмағаны түсініксіз.

Шолу барысында материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбау фактілері де кездесті.

ӘҚБтК-нің 60-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жаза ӘҚБтК-нің тиісті бабының санкциясы шегінде қолданылады деп белгіленген. Егер бап санкциясында 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жаза қолдану туралы көрсетілсе де соттар осы талаптарды басшылыққа алып, заңды тұлғаларды 10,15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу туралы жаза қолданады. Мұндай шешімдер заңсыз болып табылады, өйткені соттар ӘҚБтК-нің 48-бабының 2- бөлігінде белгіленгендей заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың - жиырма айлық есептiк көрсеткiштен кем болмайтынын басшылыққа алуы керек еді.

Орал қаласының №2 сотының 26.01.2003 -жылғы қаулысымен ӘҚБтК-нің 429-бабының 1- бөлігі бойынша «Оралоблгаз» ААҚ 10 айлық есептік көрсеткіш немесе 8720 теңге мөлшерінде айыппұл өндіру туралы әкімшілік жауапқа тартылған. ӘҚБТК-нің 429-бабының 1- бөлігінің ескі редакциясы оннан жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл өндіруді көздейді. Сот бұл жағдайда ӘҚБтК-нің 428-бабының 2-бөлігінің нормаларын басшылыққа алып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуы керек еді.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты «АБС Центр» ЖШС-ға және «Собсан и АЛ» ЖШС-ға қатысты істер бойынша осындай заң бұзушылықтарға жол берген.

ӘҚБтК-нің 414-бабының санкциясына сәйкес сот айыппұл салу туралы әкімшілік шара көрумен қатар қосымша жаза ретінде лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұру туралы жаза қолдануы керек. Егер сот қосымша жаза қолданбаса лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұру туралы жазаны қолдануды қандай себептермен тиімсіз деп санайтынын қаулының өкім ету бөлігінде көрсетуі керек.

Әкімшілік істерді зерделеу соттардың осы заң талаптарын орындамай, қосымша жаза ретінде лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұру туралы жаза қолданбайтынын және қаулының сипаттап-дәлелдеу және өкім ету бөлігінде ескертпе жасамайтынын көрсетті.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты 2003- жылғы наурыздың 5-індегі қаулысымен «Аскерснаб» ЖШС-дан ӘҚБтК-нің 414-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 8720 теңге айыппұл өндіру туралы қаулы еткен. Қаулының не сипаттап-дәлелдеу не өкім ету бөлігінде қосымша жаза ретінде лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұру туралы жаза қолдану туралы айтылмаған.

Павлодар қаласының №2 соты да Ю.В.Ударцевқа қатысты әкімшілік іс бойынша осындай заң бұзушылықтарға жол бергені анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен (26.10.2002 ж.) іс сотқа түскен күнге (27.01.2003 ж.) дейін екі айдан аса уақыт өткеніне байланысты сот істі қысқартуы керек еді. Демек, Ю.В.Ударцевқа әкімшілік шара қолданылмауға тиіс еді, өйткені ӘҚБтК-нің 69-бабына сәйкес адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес.

Соттар бап санкциясының шегінде әкімшілік өндіру мөлшерін тағайындаған кезде кінәліден өндірілетін айыппұлдың айлық есептік көрсеткіш мөлшерін көрсетпейді. Бұл дұрыс емес, өйткені бап санкциясы жазаны жыл сайын өзгеретін айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне сәйкес белгілейді.

Мысалы, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 06.05.2003 -жылғы қаулысымен (судья З.М.Фаттахова) «WILO Central Asia» ЖШС-ы УСҚ-ға орналастырылған жүктің мемлекеттік кедендік декларациясын бермегені үшін сот ӘҚБтК-нің 414-бабы бойынша лицензияның күшiн тоқтата тұрып, 8720 теңге мөлшерінде айыппұл өндіру туралы қаулы еткен. Қаулыда айлық есептік көрсеткіш мөлшері жазылмай, тек айыппұлдың теңгеге шаққандағы мөлшері көрсетілген. Сонымен қатар қаулыда лицензия күшін тоқтата тұру мерзімі көрсетілмеген.

«Цесна Банк» ААҚ-қа қатысты іс бойынша да сот дәл осындай заң бұзушылықтарға жол берген.

«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2003 -жылғы 5- желтоқсандағы № 506-ІІ Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, кеден заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық көздейтін бірқатар баптардың санкциялары өзгертілгенін соттар есте сақтаулары керек. Өндірілетін айыппұл мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейтілген. Демек, соттар заңды тұлғаға айыппұл салған кезде ӘҚБтК-нің 48-бабының 2- бөлігіне сәйкес заңды тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерi жиырма айлық есептiк көрсеткiштен кем болмайтынын ескерулері керек.

Бұған қоса ӘҚБтК-нің 426 және 430-баптарында айыппұл салу жөніндегі шараның жеке тұлғаға, заңды тұлғаға және кәсіпкерге немесе лауазымды адамға қолданылғанына байланысты өндірілетін айыппұл мөлшері әрқайсысына жеке-жеке қарастырылған.

ӘҚБтК-ның 63-бабына сәйкес бiр адам екi немесе одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде әрбiр құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза жеке қолданылады. Егер адам бiрнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасап, ол iстердi бiр судья, орган (лауазымды адам) қараса, бұл адамға белгiлi бiр өндіру жазасы қолданылған жағдайда өндірілетін соманың түпкiлiктi мөлшерiн жазаның сол түрi үшiн осы Кодексте белгiленген ең жоғарғы шегiнен үш еседен артық асыруға болмайды.

ӘҚБтК-ның 63-бабына сәйкес жазаның түпкiлiктi мөлшерiн тағайындау кезінде соттар заңның осы талабын сақтамайды.

Атырау қалалық сотының 2003- жылғы 8 -сәуірдегі қаулысымен К.Т.Аққулиева ӘҚБтК-нің 426 және 429-баптары бойынша кінәлі деп танылып, әр бап бойынша 8720 теңгеден айыппұл өндірілген. Бұл жолы сот ӘҚБтК-нің 63-бабын қолданып түпкілікті өндірілетін айыппұл мөлшерін тағайындамаған.

ӘҚБтК-нің 643-бабына сәйкес судья әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға әзiрлеу кезiнде бірқатар мәселелердi анықтайды. Атап айтқанда, осы Кодексте көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама мен басқа хаттамалардың дұрыс жасалғанын, сондай-ақ iстiң өзге де материалдарының талапқа сай ресiмделгенiне көз жеткізеді

Егер хаттама дұрыс жасалмаса ӘҚБтК-нің 646-бабының 4-тармағына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға әзiрлеу кезiнде судья әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы және iстiң басқа да материалдарын хаттама жасаған органға (лауазымды адамға) керi қайтару туралы шешiм қабылдайды. Көп жағдайларда соттар заңның осы талабын орындамайды.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 22.05.2003- жылғы қаулысымен «ГЕПРО-АКМОЛА» ЖТАҚ АКА-ға орналастырылған тауардың 2003- жылдың 1 тоқсанындағы есебін бермегені үшін сот ӘҚБтК-нің 414-бабы бойынша лицензияның күшiн 3 күнге тоқтата тұрып, бес айлық есептік көрсеткіш немесе 4360 теңге мөлшерінде айыппұл өндіру туралы қаулы еткен. Сонымен қатар істегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ӘҚБтК-нің 415-бабы бойынша жасалған. Сот іс материалдарын талқылауға дайындау барысында жасалған 19.05.2003- жылғы ұйғарымымен сот «ГЕПРО-АКМОЛА» ЖТАҚ-ты хаттамада көрсетілген ӘҚБтК-нің 415-бабымен емес, ӘҚБтК-нің 414-бабы бойынша жауапқа тартқан. Соттың бұл іс-әрекеті заңсыз, өйткені қолданыстағы әкімшілік заңнама нормаларымен (ӘҚБтК-нің 642 және 646-баптары) істі қарауға әзірлеу кезінде кінәлінің іс-әрекетін қайта саралау қарастырылмаған.

Түскен істерді зерделеу соттардың ӘҚБтК-нің 649-бабын әрдайым ескере бермейтінін көрсетті. Осының салдарынан іс-әрекеттерінде құқық бұзушылық құрамы жоқ адамдар әкімшілік жауапқа тартылады.

БҚО Зеленовск ауданының № 2 сотының 2003 -жылғы 18 -наурыздағы қаулысымен С.В.Осетров 2003- жылдың 13- наурызында «Желаево» кеден бекеті арқылы жеке автокөлігімен 21635 теңгенің қосалқы бөлшектерін декларацияда көрсетпей өткізгені үшін сот ӘҚБтК-нің 429-бабының 1- бөлігімен қарастырылған құқық бұзушылық жасағаны үшін одан 17440 теңге мөлшерінде айыппұл өндіру туралы қаулы еткен.

Сонымен қатар С.В.Осетровтың түсініктемесіне және істің басқа да материалдарына қарағанда ол жеке техникасын жөндеу үшін алған қосалқы бөлшектер түріндегі тауары бар екенін кеденшілерге ауызша ескерткен.

Бұл жағдайда С.В.Осетровтың іс-әрекеттерінде ӘҚБтК-ның 429-бабының 1-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық құрамы жоқ, өйткені ол Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарларды және көлiк құралдарын декларацияламау немесе жалған декларациялау, яғни тауарлар мен көлiк құралдары, олардың кедендiк режимi және кедендiк мақсаттар үшiн қажеттi басқа да мәлiметтер туралы жазбаша, ауызша немесе өзге нысанда мәлiмдемеу немесе жалған мәлiмдеу, осы Кодекстiң 409, 413, 414, 424-428, 432-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыс белгiлерi болмаған кезде жауптылыққа әкеп соғады.

С.В.Осетров шынында декларацияға өткізіп отырған тауарды қоспаған, алайда ол мұндай тауардың бар екенін ауызша айтып, қандай іс-әрекет жасауға тиіс екенін айтуды сұраған.

Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 265-бабында жазбаша нысанда міндетті декларациялауға жататын тауарлар тізбесі бекітілген. Осетровтың өткізген тауары бұл тізбеге кірмейді.

Істе С.В.Осетровтың кәсіпкерлікпен айналыспайтынын растайтын анықтама да бар. Соған қарамастан С.В.Осетров тауарды жеке басының пайдасы, жеке көлігін жөндеу үшін сатып алғанын атап көрсеткен.

Осетровтың өткізген тауарлары Қазақстан Республикасы Кеден кодексінің 263-бабының 1-тармағына сәйкес келеді. Олар өндірістік немесе өзге де кәсіпкерлік қызметке арналмаған тауарлар. Өйткені олар С.В.Осетров пайда табу мақсатында пайдаланбайтын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізу сипатына, кезеңділігіне, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерге және өзге де өлшемдерге сәйкес келмейтін тауарлар.

Кеден бекетінен өткен кезде С.В.Осетровке берілген кеден декларациясында оның толтыруын қажет ететін баған жоқ. Декларациядағы кедендік төлемдер алынатын тауарларды белгілейтін 3.10. баған жоғарыда көрсетілген дәлелдер бойынша толтыруға жатпайды. Істе Осетровтың өткізген тауарынан кедендік баж алынғанын растайтын дәлелдер де жоқ. Бұл туралы құқық бұзушылық туралы хаттамада да белгі жоқ.

Соттар тарапынан соттың беделіне едәуір нұқсан келтіретін материалдық және процессуалдық құқық нормаларын бұзушылықтар орын алған.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 26.05.2003 -жылғы қаулысымен «Фирма Автодорсевис» ЖШС-ы ЕКА-ға (еркін кеден аймағы) орналастырған тауардың есебін 2003- жылдың 1 тоқсанында бермегені үшін сот ӘҚБтК-нің 415-бабы бойынша лицензияның күшiн 3 күнге тоқтата тұрып, бес айлық есептік көрсеткіш немесе 4360 теңге мөлшерінде айыппұл өндіру туралы қаулы еткен. Шешім қате шығарылған, өйткені Қазақстан Республикасының кеден органына кеден декларациясын, құжаттар мен қосымша мәлiметтер беру мерзiмдерiн бұзу үшін жауаптылық ӘҚБтК-нің 415-бабымен емес 414-бабымен көзделген.

Тараз қалалық соты 2003- жылғы 10 -сәуірдегі қаулысымен Ж.К.Маханов деген азаматтан 8720 теңге мөлшерінде айыппұл өндіру туралы қаулы еткен. Алайда қаулының не сипаттап-дәлелдеу не өкім ету бөлігінде Махановтың ӘҚБтК-нің қандай бабы бойынша кінәлі деп танылғаны туралы айтылмайды. Тек қаулының кіріспе бөлігінде ӘҚБтК-нің 423-бабы бойынша Махановқа қатысты іс қаралып отырғаны көрсетілген екен. Сонымен қатар судья айлық есептік көрсеткіштің қандай мөлшері қолданылғаны туралы да көрсетпеген.

БҚО Тасқала аудандық соты Т.Н.Гатауовқа қатысты іс бойынша судьяның өз өндірісіндегі іске қалай болса солай қарауының салдарынан бірқатар заң бұзушылықтар орын алған.

Сот әкімшілік материалды жіберіп отырған органның ілеспе хатынсыз қабылдаған. Қаулының өкім ету бөлігінде кімге кінә тағылып отырғаны және кімге шара қолданылғаны туралы көрсетілмеген. ҚР ӘҚБтК-нің қай бабы бойынша шара қолданылып отырғаны туралы да дерек жоқ. Қаулының өкім ету бөлігінде: «ҚР ӘҚБтК және мемлекет кірісіне 8720 теңге айыппұл өндіру түрінде жаза тағайындалсын» делінген жазу бар болып шықты.

Сондай-ақ қаулыда қай сот арқылы және қайда шағымдануға болатыны туралы көрсетілмеген, судьяның қаулысы соттың мөрімен бекітілмеген, өндірілетін айыппұл мөлшері де дұрыс көрсетілмеген. Айыппұл мөлшерін анықтаған кезде судья оның қанша айлық есептік көрсеткішті құрайтынын нақтылап жазбаған.



ҚР ӘҚБтК-нің 429-бабының 1-бөлігі лицензияның, арнайы рұқсаттың немесе бiлiктiлiк аттестатының (куәлiгiнiң) күшiн тоқтата тұру туралы жаза қолдануды көздейді. Алайда, судья қаулының не сипаттау не өкім ету бөлігінде бұл мәселе туралы айтпаған. Бап санкциясы балама жаза тағайындауды көздемесе де қосымша жаза тағайындамас бұрын ол туралы судья ескертпе жасауға міндетті бола тұра оны жасамағаны анықталды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының

азаматтық істер жөніндегі алқасы



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет