Кенжид округінің астанасы Субаникет қаласы



Дата25.04.2016
өлшемі99.01 Kb.
Кенжид округінің астанасы Субаникет қаласы
Талеев Д.А. т.ғ.к., археолог, Ә-Фараби атындағы ҚазҰУ дің археология, этнология және музеология кафедрасының доценті,т.ғ.к.

Ортағасырлық жазба деректеріде Субаникет немесе Арзубаникет, Усбаникет деген аттармен белгілі қала Арыс өзенінің ортаңғы ағысындағы Кенжид (Кенджид) округінің бас қаласы болғаны айтылады. Қаланың аты кейбір жазба деректерде Саникет деп те берілген. Бұлардың барлығы бір қаланың атауы екендігі анық. Қала туралы Х ғ. араб географы әл-Макдиси былай деп жазады: «Арсубаникет – үлкен, таза, бекінісі мықты қала. Мешіт – мединеде (қала орталығында), ал құрылыстар – рабатта (қаланың айналасында)». Кейіннен ибн Хаукаль «Испиджабтың маңындағы қалалар Бадухкет, Субаникет, Тараз, Атлах, Шельджи, Кедер, Сүткент, Шабғар, Сауран, және Весидж. Субаникет – Кенджид округінің бас қаласы» - деп жазады[1]. Арсубаникет қаласының аты ХІІ ғ. кейінгі жазба деректерде кездеспейді. Бірақ ХІІІ ғ. Кенжид округінде соғылған теңгелер жайлы археологиялық мәліметтер бар.

Монғол шапқыншылығынан кейінгі деректерде Арыс өзенінің ортаңғы ағысында орналасқан Қарасаман (Халаж-Қарасман) қаласы туралы мәліметтер пайда болады. ХІV ғ. тарихшысы Низам ад-Дин Шами Қарасаманда Әмір Темір 1392 жылы Тоқтамыс ханның елшілерін қабылдағаны туралы айтады. ХV ғ. басында қала атауы темірліктер мен моғолдықтар арасында болған соғысқа байланысты аталады. 1581 жылы Абдалах-хан Баба сұлтанға қарсы жорыққа шыққанда оның әскерінің бір бөлігі Халадж-Қарасманда тұрғаны жайлы белгілі тарихшы Хафиз Таныш мәлімдеген[2]. Қаланың атауын осы күнге дейін сақтап қалған оның қираған орны, Қараспантөбе Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты бұрынғы Обручевка, қазіргі Қараспан ауылының cолтүстік шетінде, Бадам мен Арыс өзендерінің қосылған тұсына жақын жерде жатыр. Бұл бұрын көп зертелмеген ескерткіштердің бірі. Қалашықты алғаш 1898 жылы Н.П. Остоумов тауып, оған шолу жасады. Кейіннен, 1948 жылы А.Н. Бернштам жетекшілік жасаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы ешқандай қазбасыз зерттеу жүргізді. Қалашықтың жобасын қағазға түсірген. Қараспантөбенің үстінен жиналған ыдыс сынықтары мен тұрмыстық заттарды саралай келе мамандар қалашық VІ – ХІV ғасырларға жатады деген болжам жасаған. Экспедиция мүшелерінің бірі, белгілі археолог Г.И. Пацевич қалашық ортағасырлық Субаникент қаласының орны деген пікірді алғаш айтты[3]. Бұл күнде Арсубаникент қаласының орны Қараспантөбе деген пікірді ғалымдардың көпшілік айтып та жазып та жүр[4]. Соңғы жылдардағы зерттеулер нәтижесі Қараспантөбеде қайнаған тіршілік ХVІІ ғ. дейін жалғасқанын көрсетті. Сондықтан қала монғол шапқыншылығынан кейін Қарасаман болып өзгеріп, тіршілігін қайта жалғастырған деуге толық негіз бар. Осы мәліметтерді басшылыққа алған белгілі археолог К.М. Байпақов Қара-Саман қаласының орны Қараспантөбе деп баламалаған[5].

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттелуге тиісті аса маңызды археологиялық нысандардың қатарында қазба жүргізіліп жатқан Қараспантөбе жоғарыда айтылған пікір, болжамдарды жандандыратын нақты мәліметтер берді. Онда 2004-2008 жылдар аралығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Қазақстанның ортағасырлық тарихын толықтыруға негіз болатын тың материалдар алынды. Қараспантөбе қалашығы мен оның маңында шоғырланған мекен жайлар, бекіністер,күзет мұнаралары тобын зерттеу бұрын да айтылып, бірақ баянды жалғасын таппай жүрген (жоғарыда айтылған) бірсыпыра көзқарастар мен орынды болжам, пікірлеріді растап, нақтылы деректермен толықтыра түсетін археологиялық материалдар беруде.

2006 - 2007 жылдары Қараспантөбе мен оның маңында шоғырланған ескерткіштерге кешенді түрде жүргізілген зерттеулер оның бір замандарда ірі орталықтарға тән құрылыстар мен құрылымдардан түзілген үлкен қала болғандығын көрсетті. Қала дәстүрлі үш бөліктен: цитадель, шаһристан және рабадтан тұрған. Ол ұзындығы 10 шақырымнан асатын сыртқы қорғаныс қабырғасы және оның сыртынан қазылған терең ормен қоршалған. Яғни «ұзын қабырғалы» қалалар қатарына жатады. Зерттеушілердің мәлімдеуінше бұндай «ұзын қабырғалы» қалалар әдетте белгілі бір өңірдің орталығы болған. Қаланы қоршаған қорғаныс қабырғаның Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс шеттегі бөліктерінің іздері бұл күнде 4 шақырымнан көп қашықтықта сақталған. Осы бетте ирек-ирек бұралып созылған сол дуалдың қалдықтары бұл күнде ұзын жон болып жатыр. Жонның биіктігі кей тұста 5 метрге дейін сақталған. Жонды көлденең (ұзындыңы 22,5 м, ені 1,5 м, тереңдігі 3,5) қиып салынған барлау қазбасы қабырғаның сақталған бөлігінің биіктігі 1,5 метр, астына үйілген тұғырының биіктігі де 1,5 метр, ені табанында 3 метр, жоғарғы жағында 2,5 метр қалыңдықта болғанын анықтады. Қабырға алдын ала үйілген биік белдеудің үстіне пахса блоктарынан салынған. Қабырғаның аршылған бөлігінен қаланған кірпіш іздері байқалмады. Қимаы қазу барысында табылған қыш ыдыстардың сынықтарын VІІ – Х ғасырлардікі деп шамалауға келеді. Ұзын қабырғаның Солтүстік-Шығыс және Оңтүстік-Батыс бөліктері қазіргі ауыл мен егін еккен аймақтың астында қалған. Батыс шеттегі қабырғаның үстінен үлкен оқарық түскендіктен ізі жойылып кеткен. Ауылдың арасымен өткен Солтүстік-Шығыс қабырғаның бірсыпыра жерінде дуалдың қалған құландылары байқалады. Әсіресе үйлердің ауласы мен көшелердің бойында үзік-үзік төбелер қалған. Қорғаныс қабырңасынан қалған құландыларды кесе қазып салынған кейбір қора – қопсылар мен сарайлардың қабырғасында ескі дуалдың қалдықтары анық көрінеді. Ал қаланың Қаланың Солтүстік-Батыс шетін Арыс өзенінің суы қоршап жатыр. Солтүстік-Шығыс және Оңтүстік-Батыс қабырғалардың бір шеті осы өзенге барып тіреледі. Яғни шаһарды үш шетінен биік қабырғалар мен оның сыртынан қазылған терең ор қорғаса төртінші шетін Арыс өзені қорғаған. Осы қоршаған қабырғалардың орта тұсында Шаһардың цитаделі мен шаһристаны (Сурет 2) орналасқан.

Қабырғаның Батыс бұрышы Арыс өзеніне барып түйіскен жерде үлкен төбе сақталған. Үстінде осы күнгі зират орналасқан бұл төбе қазір Жортбастың төбесі деп аталады. Топографиясы жағынан «алаңды төбелер» тобына жататын бұл мекенжайды біз қорғаныс қабырғасының өзенге қосылған тұсын күзетіп, қорғап тұрған әскери күзет бөлімі орналасқан бекіністің орны болуы мүмкін деп шамаладық. Қабір қазған кезде шығып қалған ыдыс сынықтары VІІ-Х ғғ. аралығына жатқызылады. Олар көбнесе астық немесе сұйық заттар сақталған үлкен хумдардың сынықтары. Ішінара белгі салынған немесе мөрге ұқсатып, батырып салынған өрнектері бар ыдыстар да кездеседі. Жортпастың төбесіне қарсы бетте Арыс өзенінің оң жағалауындағы биік терастың мүйісінде тағы бір мекенжай орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл төбені Төрткүлтөбе деп атайды. Бұл да қаланы теріскей бетінен қорғаған күзет бөлімдері тұрған әскери бекетке ұқсас. Үш жағынан табиғи орлар қоршап тұрған бұл бекініс стратегиялық тұрғыдан өте қолайлы жерге салынған. Ескерткіштің үстінен жиналған ыдыс сынықтары негізінен үлкен хумдардың әртүрлі сынықтары. Олар сапасы, құрамы және жасалу тәсілі жағынан Жортбастың төбесінен жиналған ыдыс сынықтарымен бірдей.

Қараспантөбеден оңтүстікке қарай 500 метр жерде, сыртқы қорғаныс дуалының ішкі жағында кіші Қараспан мекенжайы орналасқан. Алаңды төбелер тобына жататын бұл ескерткіш қаланың шаруашылық және әкімшілік қызметтін атқарған бір бөлігінің орнына ұқсас. Мекенжайдың оңтүстік шетінен өтетін ұзын қабырғаның бойында, Шығыс және Батыс шеттерінде орналасқан екі қақпаны бақылау міндетін атқарған кұзет бөлімі де осында орналасса керек. 1994 жылы баспадан шыққан Қазақстаның тарихи және мәдени ескерткіштері жинағының Шымкент облысына арналған 1-томына енген осы мекенжай VІ –VШ ғасырларға жатқызылған.

Қараспантөбеден шығысқа қарай 2 шақырым жерде, Бадам өзенінің сол жағалауында бір-біріне жақын орналасқан Қостөбе І және Қостөбе ІІ төбелері жатыр. Осы екі бекініс орнын алғаш тауып зерттеген Б.Нұрмұқанбетов оларды VІ –ҮШ ғасырлар ескерткіштері қатарына жатқызған. Бұл төбелер де жоғарыда айтылған жинаққа енген. Бірақ оларда ешқандай қазба жұмыстары жүргізілмеген.

Бадам өзенінің Арысқа құяр тұсындағы екі бөліктен тұратын Төреарық мекенжайы қаланың ауыл шаруашылық аймағының орталығы және Солтүстік-Шығыс бағыттан келген жаудан қорғау мақсатын атқарған деуге келеді. Жоғарыда аталған жинаққа енген бұл мекенжай да VІ –VШ ғасырлармен мерзімделеді. Мекенжайға салынған барлау шұңқыры ондағы мәдени қабат 50-60 сантиметірден аспайтынын көрсетті. Шұңқырдан шыққан ыдыс сынықтары Жортбастың төбесінен табылған ыдыс сынықтарына өте ұқсас.

Қараспантөбеден батысқа қарай 500 м. жерде дәл осындай мекенжай бар. Оны жергілікті тұрғындар Сарытөбе (Қожамжар) деп атайды. Аумағы 1 га жерді алып жатқан бұл төбе аса биік емес (0,6-1 м.). Мекенжайдың айналасы жыртылып, егін егілгендіктен нақты жобасы сақталмаған. Өзен суы жартысына дейін жуып кеткен солтүстік шетіндегі жарқабақтан мекенжайдың мәдени қабаты (40-50 см) анық көрінеді. Ескерткіштің үстінен жиналған археологиялық заттар (негізінен ыдыс сынықтары) жоғарыда айтылған нысандардан алынған ыдыс сынықтарымен бірдей. Сарытөбе егіншілік мақсатында жыртылып, өңдеу барысында ізі жойлған қала рабадтың сақталып қалған бір бөлігіне ұқсайды.

Қаланың сыртқы қабырғасының Шығыс бұрышынан басталып, Қостөбенің жанымен Бадамды жағалай созылып жатқан үлкен оқарықтың көне іздері қалған. Бұл арық Қараспантөбеден шығысқа қарай 4 шақырым жерде, Бадам өзенінің биік терасындағы мүйісте орналасқан Төлебайтөбе бекінісінің жоғарғы жағынан бастау алады. Ертедегі қала мен оның егіншілік аймағын сумен қамтамассыз еткен осы оқарық болса керек. Су торабының басын және шығыстан келген жаудан қорғау міндеті жүктелген әскер тобы осы бекіністе орналасуы мүмкін. Биік табиғи мүйіске орналасқан бұл қамал тұрған жері мен топографиясы жағынан басқа мекенжайлардан ерекше. Бекіністің бұрыштары дүниенің төрт нүктесімен бағыттас салынған. Сыртқы қорғаныс қабырғалары (үш жағынан) табиғи орға жалғастыра тұрғызылыпты. Қабырға кезінде қалың және биік болса керек. Тек оңтүстік шеті, оның өзінде батыс бұрышы ғана тегіс жермен шектелген. Осы шеттен басталған қорғаныс дуалы оңтүстікке қарай бет алып, біраз жерден кейін батысқа қарай қайтады да Қараспанның ұзын қабырғаларына шығыс бұрышынан барып қосылады. Қалашықтың өзінің өлшемі 150 х 120 метр. Төлебайтөбенің стратегиялық маңызы бар жерде орналасуы, оның топографиясы мен қорғаныс құрылыстарының алып та ерекшеліктері бұл бекіністің Қараспан қаласы тынысында маңызды орын алғандығын білдіргендей. Жергілікті қариялардан жазып алынған «Төлебай батыр» туралы аңыздың мағанасы да осыны аңғартқандай. Аңызда бұл бекіністе Қараспанның тыныштығын сыртқы жаудан қораған Төлебай батыр өз сарбаздарымен бірге тұрғаны туралы айтылады. Төбенің аты да сол батырдың есімін сақтап қалған.

Қаланың Оңтүстік-Шығысын қоршап тұрған ұзын қабырғаның түстік беті қырқа-қырқа болып жатқан жоталарға жалғасады. Қабырғаның етегінен бастап сол жоталардың беткейі мен төбелерін орташа көлемдегі (диаметр 10-



20, биіктігі 0,5-2 м) мыңдаған төбешіктер басқан. Археологиялық зерттеулердің нәтижесі бұл төбелердің біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының алғашқы жартысына жаттатын обалар екендігін көрсетті. Осы сансыз обалар жерлеу ғұрпы мен сәулеткерлік құрылымы тұрғысынан екі топқа: склеп және катакомбалық жерлеулер болып бөлінеді. Жоталардың басында және бауырайында тарыдай шашылған осындай обалар негізінен катакомбалық жерлеулер. Олар шамамен І-V ғасырлар аралығына жататын жерлеулер. Ал жоталардың етегінде ұзын қабырғаларды жағалай жайылып жатқан обалар сағаналы (склепті) жерлеулер. Яғни қаза болған кісіні жердің бетіне салынған үйшікке жатқызып, үстіне топырақ үйілген жерлеулер. Қараспантөбеге жақын жерде орналасқан Жуантөбе қалашығының түскей жағында шашыла жайылған Бөріжар зиратында А. Ержігітова жүргізген қазбалар бұндай склептер уақыт жағынан VІ – VШ ғ. жататындығы анықталды.

2008 жылғы зерттеулер барысында Қараспанның ұзын қабырғасының оңтүстік бұрышыныннан 400 м жерде болған Керуесарайдың орны анықталды. Бұрыштары дүниенің төрт нүктесіне бағытталған тік бұрышты бұл сарайдың өлшемі 98х68 м, қабырғаларының құлаған орнының биіктігі 2 м. Керуенсарай керуенші саудагерлер тоқтайтын негізгі және керуен көліктерін орналастырған қосалқы бөлмелер секілді бірнеше бөліктен тұрады. Орта тұстағы қонақ бөлмелері орналасқан бөлігінің өлшемі 42х42 м, оның Оңтүстік-Батыс шетіндегі керуен күзетшілері орналасатын бөлменің өлшемі 30х42 м. Осы екі бөлмелердің қабырғалары қалың (2,5 м) және басқаларынан едәуір биік. Осы бөліктердің Оңтүстік – Батыс және Солтүстік – Шығыс шеттеріне жалғастыра ені 26 метірлік екі ұзын бастырма салынған. Бастырмалардың сыртқы қабырғалары бастапқысынан едәуір жіңішке. Керуен көліктері әсте осы бастырмаларға жайғастырылса керек. Сарайдың шығар есіктерінің іздері Шығыс және Оңтүстік бүрыштардан байқалады. Керуенсарайдың қабырғаларының биік құландыларын кәулеп, қазып салынған ХХ - ғасырдың алғашқы ширегіндегі жертөлелер ескерткіштің топографиясын қатты бүлдірген. Орталық бөліктің Шығыс қабырғасын ішкі жағынан қуалай салынған қазба (Сурет 3) қабырғаны жағалай салынған қонақ бөлмелерінің болғанын көрсетті. Қазбадан табылған заттар мен бұйымдар Керуенсарайдың шамамен Х-ХІІ ғғ. дәурен құрғанын білдіреді. Осы сарайдың жанынан батысқа қарай Арысты жағалап Сырдарияның бойына өтіп, одан әрі Отрар бағытында, ал Шығысқа қарай Шымкен, Сайрам, Тараз бағытында кететін керуен жолы өтеді. Қаланың сыртқы қабырғасын жағалай өтетін осы жол Кіш Қараспан тұсындағы қос қақпадан қаланың ішіне кіреді. Қақпадан Шығысқа қарай кететін жол екі бағытқа бет алған. Біріншісі тіке Шығысқа қарай бағыт алып, Ордабасы арқылы Шымкент, Сайрамға қарай өтеді. Екіншісі Солтүстік – шығысқа қарай бұрылып, Қостөбенің маңынан Бадам өзенінен өтке соң Жуантөбе, Қарауылтөбе арқылы Арысты қуалап Йаканкент, Шарапкент арқылы Таразға қарай кетеді. Космостан алынған суретте анық байқалатын осы жолдардың бірсыпыра бөлігі оларды жағалай жүру арқылы тағыда нақтыланды. Керуен жолының осы айтылған тармақтарын жергілікті тұрғындар «түйетартар» (түйе жетектер) деп айтады екен. Пайымдап қараған адамға бұл атаулар керуен жолы деген мағана беретінін түсіну қиын емес. Керуен жолының батысқа қарай кететін бағыты Арыс өзенін жағалап барып, Сырға жеткенде Отрарға қарай бұрылады. Қараспантөбеден оңтүстік – батысқа қарай 6-7 шақырым жердегі Ақтөбе қалашығы да өмір сүрген уақыты жағынан ерте ортағасырына жатады. Арыс қаласы мен Қараспантөбенің аралығында тағы бір керуен сарайының орны анықталды. Осы мәліметтердің барлығы жиналып Қараспантөбенің монғол шапқыншылығына дейін Ұлы Жібек жолының бойындағы аса ірі сауда-экономикалық және саяси орталық болғанын білдіреді. Тарихи ақиқат түркі дәуірінде, яғни VІ-ІХ ғасырлар аралығында Қазақстан жерінде сыртқы сауда қатынасы жоғары деңгейде дамығандығын айтады. Сол шындықты растайтын археологиялық дәйектердің сыры ақырындап ашыла бастаған секілді.

Соңғы жылы жүргізілген зерттеу қорытындыларын саралай келе Қараспатөбе қалашығы әуелгі ортағасырдағы ірі қаланың орны болған деп айта аламыз. Қалашықпен оның маңындағы көптеген археологиялық объектілерді кешенді түрде зерттеу арқылы қаланың қалыптасу, гүлдену және құлдырау кезеңдерін анықтауға қол жеткізеріміз анық. Қалашықта зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғасуда. Қазірге дейін алынған ғылыми мәліметтер негізінде Х ғасырдағы араб деректерінде айтылатын Кенджид өңірінің бас қаласы Арсубаникет пен Қазақ хандыңы тұсындағы Қарасаман қалаларының орны осы жерде болған деп тұжырымдауға толық болады.


Әдебиеттер


  1. Волин С. Сведения арабских источников ІХ – ХVІ вв. О долине реки Талас и смежных раионах//Тр.ИИАЭ АН КазССР,1960.Т.8.С.-78-78,81; Извлечение из письменных источников о средневековых городах Сауран и Сыганак/автор предисловия и составитель М. Елеуов – Туркестан. 2005.С-6-7, 11-12.

  2. Байпаков К.М. Қазақстанның ежелгі қалалары. – Алматы, 2005. 276 – бет.

  3. Археологическая карта Казахстана. – Алма-Ата, 1960.С-254.№3647.

  4. Байпаков К.М. Археология и культурное наследия Казахстана//Мемлекеттік «мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп. - А., 2005.165 бет.: Байтанаев Б.А. Древний Испиджаб. – Шымкент-Алматы, 2003.С.-65-73; Байпаков К.М., Смагулов Е.А., Ержигитова А.А. Раннесредневековые некрополи Южного Казахстана. – Алматы,2005.С.-164.

  5. Байпаков К.М. О локализации познесредневековых городов Казахстана\\СА. М.1977. С. – 201-209.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет