Кіріспе «Өмірдің өзегі – адамның өзі. Өмірді, өнерді жасайтын тағы да адам. Әрине, бұл соншалықты тың тұжырым да емес, уақыт көрігінде қорытылып, тіршілік толқынында суарылған қағида. Талант иесін өмірдің



жүктеу 289.08 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі289.08 Kb.
: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> Өткен сенбіде үйде демалып жатқанымда, есіктің сыртынан тықыр естілді. Іле қоңырау шырылдады. Сұрамастан аша салдым. Екі балаң жігіт тұр екен. «Аға, жарапазан ғой» деді де, домбыраны қағып-қағып жіберіп, әнге басты
Annotations -> Оқулықнама Аңдатпа
Annotations -> «Жетісу» газеті, 18 мамыр, 2013 ж. Алдаспандай жарқылдағАН, АҚСҰҢҚардай саңҚылдағАН…
Annotations -> Есенгүл КӘПҚызы, «Мінбер kz» ұлттық интернет газетінің Бас редакторы
Annotations -> Нұржанова Шарипа, Мұқанова Гүлнәр журналист, pr-маманы және бұҚаралық AҚпараттық ҚҰралдары
Annotations -> Сейфуллин Ж. Т., Сейтхамзина Г. Ж. Жерді кадастрлық аймақтау, бағалау және жер салығын салу
Annotations -> Сейфуллин ж. Т., Сейтхамзина г. Ж., Нюсупова г. Н
Annotations -> Алматы, 2012 Сейфуллин Ж. Т., Сейтхамзина Г. Ж. Қазақстанның жер кадастры
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы Қазақстан республикасы заңындағы бағалы қАҒаздарға жанама байланысты қылмыстар алматы, 2012
КІРІСПЕ
«Өмірдің өзегі – адамның өзі. Өмірді, өнерді жасайтын тағы да адам. Әрине, бұл соншалықты тың тұжырым да емес, уақыт көрігінде қорытылып, тіршілік толқынында суарылған қағида. Талант иесін өмірдің, өнердің тұлғасымен тұтастыратын қасиет – еңбегі. Салалы, терең тамырлы бәйтеректер болады. Жер нәрін, табиғат құдіретін біз соған қарап сезінеміз. Солардың табиғатпен егіз тұтастығынан, қарапайым жарастығынан тіршілік тұрпатын танимыз» [1]. Белгілі түрколог ғалым, көрнекті публицист, зерделі зерттеуші Асқар Егеубай ағамыздың осы бір ғибратты сөзі біз сөз еткелі отырған тау тұлғалы Тауман Амандосов ағамызға тура бағытталып айтылғандай-ақ. Олай дейтініміз, ғалымдықты ұстаздықпен тоғыстырып, жүректе түйіскен қос арнаны шығармашылықпен ұштаған, сол арқылы еліне қаламгерлікпен қоса танылған Тауман Салықбайұлының қайраткерлік қызметі, ғылым саласындағы мәңгі өшпейтін, тайға басқан таңбадай сайрап жатқан сара жолы бізге қашанда ғибратты. Абзал ағаны көзімізбен көріп, тағылымды дәрістерін тыңдамағанымызбен де, артына аманат етіп қаладырған амандосовтық мол мұра мен ғалым, ұлағатты ұстаз жайлы көзкөргендер айтар естеліктер қашанда жан дүниемізге азық. Бар саналы ғұмырын сарп етіп, толағай теңіз ізденістен туған ғылыми теориялық еңбектері бүгінгі біз секілді шәкірттер игілігіне қызмет етуде.

1921 жылы қараша айынының 5-ші жұлдызында өмірге келген Атырау облысы, Балықшы ауданы, Кеңөзек ауылының тумасы Тауман ағамыздың балалар үйінен бастау алатын шырғалаңға толы өмір жолы - ғалымды өмірдің сын тезіне салған сан сынағынан өткізіп барып, шығармашылық аталатын сырлы әлемнің қойнауына сүңгітіп жіберген болатын. Бұл жөнінде ағамыздың өзі де: «Көзімді ашқалы бері мені тағдыр аяған жоқ. Жетімдер үйі, тұяқ қалмаған ақсүйек аштық, соғыс уақытындағы тылдағы ауыр еңбек, ғұмырымда бала боп ортекедей бір орғытып ойнатпады. Мені құрсаулаған денсаулық. Ішер асқа, киер киімге жарымаған ақсақ жігітті қыздар не қылсын. Менің етегімді жауып, елге ілескенім, соңғы отыз-қырық жыл. Оның ар жағындағы өмірімді Құдай ешкімнің басына бермесін» деп ағынан жарыла баяндайды.

«1942 жылы қазіргі Атырау қаласында шығып тұрған облыстық “Социалистік құрылыс” газетінде әдеби қызметкер болып еңбекке араласқан кезінен былай қарай ол кісі журналистикадан бір елі ажырамай, қаламгерлікті өмірлік серігі етеді. 1946 жыл. Жиырма бес жастағы Тауман өміріндегі ең бір шешуші жыл еді. Осы уақытта ол талайлардың биік арманы – атақты ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. 1950 жылы оқуын үздік дипломмен тәмамдаған жас маманды қасиетті білім ордасы – ҚазМУ аға оқытушы етіп өзіне алып қалуы да тегін емес-ті. Екі жылдан кейін университеттің сырттай оқу жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалып, оны абыроймен атқаруы сенім үдесінен шыға білгендігі жайынан сыр шертеді. 1958 жылдан 1966 жылға дейін қазақ білімінің қарашаңырағы ҚазМУ-дің филология факультетінің алдымен бір жыл деканның орынбасары, одан кейін тоғыз жыл бойы тапжылмай декан қызметін абыроймен атқаруы – айрықша атап айтуды қажет ететін елеулі еңбек. 1966 жылы ол кісінің басшылығымен филология факультеті құрамындағы журналистика бөлімі арнайы факультет болып еншісін алып шықты. Тауман аға осы факультеттің тұңғыш деканы болып сайланып, бұл абыройлы міндетті 1971 жылға дейін үлкен жауапкершілікпен, толымды табыстармен атқарды. 1969 жылы факультетте телерадио кафедрасының ашылуына ұйытқы болып, оған жетекшілік жасаса, 1971 жылдан өз ұсынысымен ашылған қазақ журналистика кафедрасының профессоры болып қызмет етті. Ал 1976 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін замандастары Амандосов кафедрасы атап кеткен журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі міндетінде де үлгілі өнеге көрсетті»[14].

Сондай-ақ, Тауман Салықбайұлы – қазақ кеңес журналистикасының тарихы мен теориясы және алғашқы публицистерінің шығармашылығын зерттеп, зерделеген, осы бағытта көптеген ғылыми еңбек жариялаған қайраткер, ғалым-қаламгер. 1982 жылы Мәскеуде МГУ-дың профессоры, әйгілі ғалым Ясен Николаевич Засурскийдің жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі және проблемалары» атты докторлық диссертация қорғап, республикамызда журналистика теориясы бойынша тұңғыш ғылым докторы, профессор атағын алды. Журналистика факультеті студенттеріне арнап шығарған «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» атты тұңғыш оқулықтың авторы да. Сонымен бірге 11 монографияның, соның ішінде күні бүгінге дейін студенттердің қолынан түспейтін “Публицистика – дәуір үні”, “Газет жанрлары”, “Журналист және өмір” атты айтулы оқу құралдарының иесі.

Осылайша журналистиканы өмірінің мәні етіп қалап алып, бар саналы ғұмырын аталмыш факультеттің қалыптасып, дамуы жолына арнаған ғалым-ұстаздың жанр саласындағы жар салып кеткен жаңалықтары мен елеулі еңбегі жай ғана ғылыми жұмыстың ауқымы емес, докторлық еңбектерге жүк боларлықтай-ақ.


І тарау. Көсемсөз теориясының кеңестік дәуірдегі көшбасшысы
1.1 Профессор Т.С.Амандосовтың қазақ көсемсөзі жанрларын зерттеу принциптері
Тауман Амандосов ағамыздың қазақ кеңес журналистикасының тарихы мен теориясы және алғашқы публицистерінің шығармашылығын зерттеп, зерделеген, осы бағытта 100 баспа табақтан артық ғылыми еңбек жариялап, журналистика факультеті студенттеріне арнап шығарған “Қазақ совет баспасөзінің жанрлары” атты тұңғыш оқулықтың авторы әрі аталмыш сала бойынша сүбелі зерттеулер жүргізіп, қазақ журналистикасының ғылыми тұрғыда дамуына өлшеусіз үлес қосқан алғашқы ғалым-қаламгердің бірегейі екендігін жоғарыда атап өттік.

Кеңес Одағының ақпарат пен насихаттың бұқаралық құралдары жүйесіне – газет, журнал, телевизия, радиохабары, телеграфтық баспасөз агенттіктері және кітап баспалары жатады. Міне, осы салалардың қазақ журналистикасындағы теория мен практика тұрғысынан өркендеп, дамуын, қалыптасу жолы мен кемелдену үдерісін алғаш болып жүйелеген Тауман Салықбайұлының аталмыш саланы зерттеудегі өзіндік принциптеріне тоқтала кетуді жөн санадық. Өз дәуірінің майталман маманына айналған Т.С.Амандосов ағамыз баспасөз теориясын зерттеп-зерделеуде негізінен кеңестік принциптерді адал ұстанғандығын, марксизм-ленинизм іліміне ерекше құрметпен қарағаны – соңында қалған мол мұрасында сайрап жатыр. Бұл тұжырымымызға дәлелді ғалым ағамыздың мына бір пікірінен анық байқаймыз: «Насихат пен үгіттің барлық түрі негізгі мақсатқа - еңбекшілерді коммунистік рухта тәрбиелеу мақсатына қызмет етеді. Міне, сондықтан баспасөз қызметкерлері - совет журналистері өздерінің әрбір материалында коммунистік идеяны насихаттауды берік ұстанған. Совет журналисі дұшпандық идеологияға қарсы күресе отырып, империалистердің реакциялық, халыққа қарсы идеясын батыл әшкерелеп отыруға тиіс. Екі дүние таным күресінде бейтараптылық пен ырымшылдыққа жол жоқ» дей келе, одан арғы ойын былай жалғайды: «Информация мен насихаттың бұқаралық құралдарының теориялық негізі – марксизм-ленинизм ілімі. Бұл құралдардың күші коммунизм құрылысшыларын коммунистік рухта тәрбиелеу мақсатына бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда насихат пен үгіттің бұқаралық құралдары Коммунистік партияның экономикалық стратегиясына сай халық шаруашылығының барлық саласын серпінді де пропорциялы дамытуға, еңбекшілердің материалдық және мәдени тұрмыс дәрежесін арттыра беру жолында асқан творчестволықпен жемісті жұмыс істеуге тиіс» [2, 8 б] .

Т. Амандосовтың қай кітабын ашып қарамаңыз, бәрі де кеңес публицистикасы жанрларын өмір шындығынан айнымауға, өмір шындығының бұлтарпас материалына сүйенуге, әлеуметтік болмыстың құбылыстары мен үдерістерін объективті көрсетуге үндейді.

Кезінде В.И.Ленин : «Газеттер түрлі партиялық ұйымдардың органдары болуға тиісті» деп көрсеткен болатын өз еңбетерінде. Ал, прфессор Т.Амандосов болса, газеттердің коммунистік партияның саясатын насихаттауда кемелденген социализм дәуірінің міндеттерін іске асыру жолында аса зор рөл атқаратындығын айта келіп, газетті жаңа адам тәрбиелеудің айрықша құралдарының бірі деп, баспасөзге ерекше назар аударады және жазармандарға үлкен міндеттер жүктейді. «Баспасөз алдындағы міндеттерді жүзеге асыру, газет редакцияларының жұмысын жетілдіре беру - әрбір газет қызметкерінің білімін, кәсіби мамандығын, шеберлігін ұштай отырып, олардың шығармашылық ізенісін, белсенділігін барған сайын арттыра беру деген сөз», - деген тұжырым жасайды. [2, 63 б].

Жоғарыдағы талаптарды айта келе, профессор сондай-ақ, әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктерін сақтай отырып жазу принипін алға тартады: «Шығарманың тақырыбы ұнамды, мазмұны тартымды болуы – публицистиканың негізгі міндеті. Бұл талап – публицистиканың үлкенді-кішілі жанрларының бәріне бірдей қойылатын ортақ және негізгі талап. Осы талаптың іс жүзінде орындалуы, ең алдымен, публицистің тақырыпты дұрыс таңдай білуі мен жанрлық ерекшеліктерді көтерілер мәселе мазмұнына қарай ұтқыр пайдалана білуіне тікелей байланысты» [5]. Белгілі сөз зергері Зейнолла Қабдолов ағамыз: «Жанрлар туады, өседі, өзгереді, жоғалады, жаңадан пайда болады» деген болатын. Дәл қазіргі журналистикада прфессор ағамыз айтпақшы, жанрлар туып, өсіп, өзгеріп, осы шақта жоғалу, тоқырау кезеңіне келе жатқан сияқты. Т.Амандосов, Т.Қожакеев сынды ғалымдар зерттеп, талдап жазатын жанрларды бүгінде баспасөз бетінен көп ұшырата бермейміз. Атап айтар болсақ, очерк, корреспонденция мен баспасөзге шолуды ара-тұра басылым беттерінен көзіміз шалып қалғанымен, памфлет, фельетон, жанрларының келмеске кеткені қашан. Мақала жазғанның өзінде көпшілік журналистеріміз жалпылама жазуға бейім тұрады, талдап-таразылауға, сараптап, ой түюге келгенде әлі де шикіліктері байқалады. Кейде апталық газеттерден тұшынып оқитын материал таппай, бетін жаба салатын кездер де жиі қайталанып жүр. Содан кейін, «газеттің оқырманы азайып бар жатыр» деп шулайтын да тағы біз. Бірақ, кінә оқырманнан емес, өз жазбасынан кез келген оқырман айналып өте алмайтындай етіп жазбаған жорналшының өзінде болар. Көпшілік, оқырман, әсіресе үлкен адамдар қауымы журналистикадан жаңалық күтеді. Ал, журналистикадағы жаңалық – ол бірінші көтерілер проблеманың сонылығы болса, екіншісі - жанр.

Бар ғұмырын журналистика теориясын зерттеп-зерделеуге арнаған Тауман Амандосов ағамыздың өзі айтпақшы: « Газет жанрлары әр алуан, олардың ерекшеліктер де әр түрлі екені мәлім. Газет материалдарының сапалы болуы олардың жазу үстінде журналистің баспасөз жанрының әрқайсысына тән сол ерекшеліктерін жете айыра біліп, оны шебер жаза білуіне байланысты. Егер журналист газет жанрларының теориясын жақсы біліп, оны өз ісінде жемісті қолдана білсе, газет материалдары бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсап тұрмай, бірін-бірі қайталамай, арқайсысы өз жақсылығымен жарық көреді, саны жақсарады, жазылу түрі соны сипат табады, мазмұны тереңдейді, нәтижесінде, ондай газет материалдарын оқушылар сүйсініп, қызыға оқитын болады.

Әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктерін тұтасқан синтез ретінде бір жерден тауып, танымайынша оның жанрлық табиғатын түсіну мүмкін емес. Сондықтан қандай жанр болмасын оның тек сыртқы белгілерін ғана жіпке тізе бермей, ішкі мазмұнындағы сырлардың байыбына барыңқырап, жанрлық болмысындағы заңдылықты аша білу керек.» - деген болатын[5]. Демек, оқырманды тарту үшін де жанрды жаңғыртып, түлетіп отырудың рөлі орасан зор екендігін жағарыдағы ғалым сөзінен тұжырымдаймыз. Бүгінгі «қысқалық мен нұсқалық керек» деп, барынша қысқалыққа, жалаңдыққа, тек қана ақпарат жазуға бейімделіп келе жатқан қазақ журналистикасы көркемдіктен ажырап, мүлдем жұтаңданып кеткен сыңайлы. Бір мақаланың ішіне бірнеше жанрлық элементтері енгізіп, жанрлық қойыртпақтыққа тап болып отырғанымыз - өз алдына үлкен проблема. Кезіндегі баспасөз бетінде үлкен сілкініс туғызған Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның арасында өрбитін эпистолярлық жанр да ұмыт болып барады. Профессор Қожакеевше айтсақ, газет-журнал материалдарының, радио және телевизия хабарларының өмір сүру және көрініс беру формасы - жанрлардың «жүрек соғысы» қазіргі басылымдарда тіптен мүшкіл.

«Кезіндегі кеңестік дәуірдегі қазақ публицистикасы ағартушылық, үгітшілік, насихатшылық, ұйымдастырушылык,, әшкерелеушілік, анықтамшіық, жарнамалық, танымдық функцияларды атқарды. Біз қарастырған кенестік дәуір кезендерінде қазак публицистикасының әр жанры әр түрлі деңгейде баспасөзден орын алып отырды. 20, 30-шы жылдары заметка, хат, мақаланың проблемалық түрі, фельетон сияқты публицистика жанрлары көбірек көрініс тапты. 40-шы жылдары публицистикалық мақала, памфлет, үндеу, рух көтеруге бағытталған хаттар түріндегі публицистика ерекше дамыды. 50, 60, 70-ші жылдары очерк өз дамуының биігіне жетті. Очерктің физиологиялық, социологиялық, экономикалық, проблемалық-аналитикалық, портреттік, сапарнама, психологиялық, лирикалық, т.б. түрлері бірінен соң бірі жарқырап көрінді. Осы жылдары публицистикалық мақаланың "өлеңмен жазылған қарасөз" түрлері ерекше ынта-ықылас туғызды. Фельетон жанры қайта өрлеу жолына түсті. 80-ші жылдары сұхбат жанры мен репортаж кең қолданылды. Сұхбаттың диалог түріне қоса, сұхбат-монолог, сұхбат-хабар, сұхбат-суреттеме, сұхбат-пікір, сұхбаттың анкета түрі, дөңгелек стол басындағы әңгіме, баспасөз конференциясы сияқты бірнеше жаңа түрлері қолданысқа енді. Кеңестік дәуірдің барлық кезендерінде де заметка, корреспонденция, есеп, бас мақала, рецензия, шолу, баспасөзге шолу, мақала жанрлары баспасөз бетінен түскен жоқ. Мұның бәрі де дәуір мазмұны - сол дәуірдің өзіне тән түрді қажетсінетіндігінің айқын көрінісі» [9, 401 б.]. Ал, бүгінгі біздің дәуір қандай жанрды талап ететіндегіне әлі де үлкен зерттеулер қажет-ақ.




1.2 Ғалымның қазақ журналистикасы жанрларын зерттеудегі өзіндік ерекшеліктері
Жанр жөнінде белгілі ғалым, профессор Т.Қожакеев: «Жанр дегеніміз – газет-журнал материалдарының, радио және телевизия хабарларының өмір сүру және көрініс беру формасы» деп тұжырымдаса, М.М.Бахтин есімді ғалым: «Жанр – всегда тот, и не тот, всегда стар и нов одновременно. Жанр взрождается и обновляется на каждом этапе развития литературы и в каждом индивидуальном произведении данного жанра. Жанр живет настоящим, но всегде помнит свое прошлое. Жанр – представитель творческой памяти в процессе литературного представителя. Конец цитаты» деп дәйектейді. Яғни, жанр қашанда таныс һәм бейтаныс. Көнелігі мен сонылығы қашанда мезгілдес. Жанр - әдебиет дамуының әр кезеңінде және сол жанрдың әрбір жеке шығармасында жаңғырып, жасарып отырады. Жанр – бүгінгі күнмен өмір сүреді, бірақ өзінің өткенін естен шығармайды. Жанр - әдебиет дамуы үдерісіндегі шығармашылық жадтың өкілі. Дәйексөздің аяғы. (ауд. – К.Қамзин. – Н.Ж.).

Демек, жанр дегеніміздің өзі француздың «qenre» деген сөзінен шығып, біздің тілімізде «түр» деген баламаны береді екен. Яғни, жанр – ол, біздіңше, түр. « Газет жанрлары әр алуан, олардың ерекшеліктер де әр түрлі екені мәлім. Газет материалдарының сапалы болуы олардың жазу үстінде журналистің баспасөз жанрының әрқайсысына тән сол ерекшеліктерін жете айыра біліп, оны шебер жаза білуіне байланысты. Егер журналист газет жанрларының теориясын жақсы біліп, оны өз ісінде жемісті қолдана білсе, газет материалдары бір-біріне егіздің сыңарындай ұқсап тұрмай, бірін-бірі қайталамай, арқайсысы өз жақсылығымен жарық көреді, саны жақсарады, жазылу түрі соны сипат табады, мазмұны тереңдейді, нәтижесінде, ондай газет материалдарын оқушылар сүйсініп, қызыға оқитын болады.

Әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктерін тұтасқан синтез ретінде бір жерден тауып, танымайынша оның жанрлық табиғатын түсіну мүмкін емес. Сондықтан қандай жанр болмасын оның тек сыртқы белгілерін ғана жіпке тізе бермей, ішкі мазмұнындағы сырлардың байыбына барыңқырап, жанрлық болмысындағы заңдылықты аша білу керек.». [5]

Жанр жөнінде ғалым тағы да мынадай пікір білдіреді: «Жанрлар өзара бөлінгенде, олар ерекшелене, екшеле түскенде, біз олардың сыртқы пішініне ғана қарап қоймаймыз. Олардың атқаратын функцияларын негізге аламыз, өйткені олардың атқаратын функцияларына қарай сипаттама беруге болады. Жанрлардың түрлерге бөлінуі, ол түрлердің іштей ерекшеленулері жанрлардың жалпы даму заңдылығымен байланысты болуға тиіс. Публицист өз шығармасы арқылы заманымыздың оқиғалары туралы жалпы бағыт беруді қолай көреді. Немесе жанды фактілер арқылы оқырманға әлеуметтік өмірдің заңдылығы мен тенденциясын түсіндіруді мақсат етеді. Болмаса, оқырманға қазіргі өміріміздің әлеуметтік сипаттары туралы баяндап беруді көздейді. Публицистің алдына қойған осы мақсаттарына байланысты публицистика хабар, талдамалы және көркем-публицистикалық болып жүйеленеді де, олар өзара іштей жанрларға бөлінеді. Әрбір жанрдың өзіне тән заңдылығы, өз ерекшеліктері, өмір шындығын көрсетуде өз әдістері бар» дей келе, профессордың өзі жанрларды төмендегідей жіктейді. Хабарлама жанрларына: заметка, есеп(очет), әңгімелесу (интервью) және репортаж жатады.

Публицистиканың хабар жанрларының негізін қоғамдық ой-пікірлер, әлеуметтік фактілер құрайды. «Өмірдің күнделікті оқиғаларына қоғам мүшелері ілесіп, олардын толық хабардар болу үшін хабар жанрлары «Көрер көзіміз, естір құлағымыз, қимылдар қолымыз» сияқты публицистиканың бірден –бір ебдейлі жанрлары болып табылады». Профессор Амандосовтың пікірінше, факті – хабар жанырының жүрегі болып табылады. Публицистиканың хабар жанрлары бүгінгі өмір тынысын, шетелдердегі өмір шындығын жан-жақты көрсетеді,егер хабар жанрларын баспасөзде орынды пайдалана білсе, оның мүмкіндігі шексіз. Біздің өміріміз қандай ұлан-ғайыр болса, хабар жанрларының мүмкіндігі де сондай болуға тиіс.

Хабар жанрлары – заманымыздың елеулі істері мен сипатын көрсететін уақыт шежіресі: ол кеше мен бүгін не болғаны,ертең не болатыны туралы баяндай алады. Хабарлар біздің ілгері басқанымызды, экокномикалық жағынан сапалы өзгерістерге қолымыз жеткенін білдіреді. Ал мұндай жаңа құбылыстарды көрсететін оқиғалар күн сайын болып жатады. Мұны газеттеріміз жедел де тартымды жазып келеді[2].

«Заметка дегеніміз – ең шағын және оперативті жанр. Ол өмір шындығының нақты фактілері, құбылыстары туралы дәлме-дәл тұжырымды хабарлайды. Заметканың негізінде бір оқиға, бір құбылыс, бір объект ғана жатады. Заметканың авторы өз пікірін байыптау мен қорытынды жасамайды. Тек бір мәселені немесе құбылыс пен бір жақсы бастама, не бір аяқталған жақсы іс туралы үн қатады. Заметка – үгіт-насихатты тек фактімен жүргізудің бірден-бір құралы», -деп тұжырымдай келе ғалым заметка жанрын екіге бөліп зерттейді:
.

Заметканың негізінде бір оқиға, бір объект ғана жатады және аталмыш жанр ортақ немес дербес тақырыптармен беріледі. Өз алдына дербес тақырыпшасы болмай, бірнеше жолдық болып, бір атаумен берілетін заметка түрі – тектес заметка деп аталады. Ал, дербес заметка тектес заметка сияқты ортақ тақырыпшамен берілмейді., мұнда барлығы керісінше. Және заметканың бұл түрінде мәселе толығырақ қамтылып, тектес заметкаға қарағанда көлемі жағынан да анағұрлым кең болады.


Хабарлама жанрының келесі түрі есеп деп аталады. Есеп жанрына ғалым: «Съездер, конференциялар, мәжілістер мен кеңестер туралы мерзімді баспасөзде жиі жазылатын хабар жанрларының бір түрі. Газет есебіне оқиғаны, сол оқиғаның қорытындысын хабарлау тән келеді. Ол – газет бетіндегі сынды батыл да кең жүргізудің өткір құралы», - деп анықтама бере келе, төмендегіше бес топқа жіктейді. .

Тауман ағамыздың пікірінде есеп жазатын журналистер материал жазу барысында сөйленген сөзді бермей-ақ, қайта сөйленген сөз жөнінде қысқа есеп беру керек екен. Одан арғы ойын ғалым аға: «Шынында да жиналыста айтылған нәрселердің бәрін түгел тіркеп жаза беру жақсылықтың нышаны емес. Мәселеге жан-жақты түсініп, оны сауатты да түсінікті жаза білу керек. Жиналыстың күн тәртібінде қаралған мәселелердің ішкі мазмұнына үңіле түсіп, оның қоғамдық саяси маңыздылығын аңғарту – журналистің негізгі міндеті болуға тиіс те, жиналыста қандай маңызды мәселе орын алғандығы газетте жарияланған есптен байқалуы керек. В.И.Лениннің сөзімен айтқанда, баспасөзге арналған есеп түсінікті, тұжырымда есеп болу керек» деп сабақтай келе, жазарманға да дәл сондай талап қояды[5].
Хабарлама жанрларының келесі бір түрі репортаж деп аталады. Репортажға профессор Т.Қожакеев: « Репортаж – негізгі фактіге құрылатын, оқиғаны шындықпен суреттейтін әрі белгілі бір объектіге арналған жанр» десе, профессор Т. Амандосов: аталмыш жанрға «автор өз түйсігі арқылы өмір картиналарын дәлме-дәл күйінде баяндаса, оның баяндауы публицистикалық мәнермен әсерлі де әдемі келіп, болған оқиғаға автордың өзі қатысқаны шығарманың бүкіл өн бойынан сезіліп тұрса, бұл газеттің хабар жанрларының бір түрі – репортаж болады» - деп анықтама береді және репортажды оперативті, оқиғалы, проблемалық және жол-жөнекей репортаж деп 4-ке бөліп қарастыруды жөн санайды.

Әңгімелесу (сұхбат) – күн тәртібіне өмірдің өзі ұсынып отырған қоғамдық мәні бар мәселе жөнінде журналист белгілі бір адамның ой-пікірін біледі немесе сол мәселе жөнініде одан түсініктеме алады, онымен сөйлеседі. Оларды әдеби өңдеп, қорытып жазады, міне, осы талаптарға сай жазылған материал. Тауман Салықбайұлы репортажды төмендегідей топтарға жіктейді:


Талдамалы жанрлар корреспонденция, мақала, баспасөзге шолу, рецензия болып жіктеледі.

Талдамалы (аналитикалық) жанрлар – фактілерді жинақтап, оны қорытындылау әдісімен жазылады. Талдамалы жанрлар талдаудың негізінде ғана жазылады да, ол талдау заңдылығына сүйенеді. Осы заңдылыққа сүйене отырып, журналист шығарма жазу процесінде жинақтау әдісі арқылы жалпыдан жалқыға қарай немесе жалқыдан жалпыға қарай бағдарлайды. Талдамалы жанрларды жазу үстінде журналистің мақсаты тек фактіні хабарлаумен ғана бітпейді. Құбылыстың мәнін неғұрлым жан-жақты аша түсу керек, ал оны тереңірек және кеңірек талдамай оқырманды оған сендіру мүмкін емес.

Талдамалы жанрлардың басты «өкіліне» мақала мен корреспонденция жатады. Бұл жанрларға келесі бөлімде толығырақ тоқталатындықтан, ендігі назарды талдамалы жанрлардың және бір түрі рецензияға аударсақ.



Рецензия – оқиғалар мен құбылыстардың қалың бұқараның сана-сезіміне, жан-дүниесіне, көңіл-күйіне тигізерлік әсерлері жөнінде белгілі бір формада ашық пікір біліру, кемістік жағын сынап-мінеу, ал жақсы жағына тиісті баға беру. Рецензияны ғалым әдеби рецензия, мақала рецензия және шығын рецензия деп 3-ке бөледі.

Ал, баспасөзге шолуға профессор – «мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған рецензия жазудың бір формасы» деп баға береді.

Жалпы, «баспасөзге шолуды – газеттеріміз бен журналдарымыздағы бастаманы, ондағы материалдардың жаңа бір сипатын іліп алып, жұртшылық қауымына тарату ісінде публицистиканың ебедейлі жанры болып табылатындығын, белгілі бір газет пен журналдың мазмұнын талдап, оның жанрларының сипаты мен ерекшеліктеріне баға берілетіндігін, күнделікті баспасөздің талап-тілектерінен туып, бүгінгі уақыттағы көкейтесті мәселелерді көтеріп отыратындығын» ескерсек, автордың жоғарыдағы пікірімен әбден келісуге болады.

Бұдан түйеріміз: «Баспасөзге шолу – газеттеріміз бен журналдарымыздағы бастаманы, ондағы материалдардың жаңа бір сипатын іліп алып, жұртшылық қауымына тарату ісінде публицистиканың ебедейлі жанры болып табылады» [2].

Тақырыптық шолу атында айтып тұрғандай, белгілі бір тақырыпқа арналса, жалпы шолу қандай да бір тақырыптарды алып, қандай мәселені өзіне өзек етсе де, газеттің күделікті ісіндегі елеулі жағын көрсетуге тиіс.

Жалпы шолу екі түрлі жазылуы мүмкін. Бірінші жағдайда газеттің жалпы жақсы істері мен қол жеткен табыстарының әдістері үлгі етіледі де, ал екінші жағдайда, газет қызметінде орын алған кемшіліктер, оның себеп-салдары талданады. Ол кемшіліктерді жоюдың жолдары көрсетіледі.



Көркем-публицистикалық жанрдың құрамына фельетон, памфлет, очерк, жалпы көркем публицистика енеді.

Осы көркем публицистикалық жанрлардың ішіндегі ең шоқтықтысы ретінде очеркті таңдап алып, профессор Амандосовтың және журналистиканың дамуына үлес қосып жүрген өзге де ғалымдардың пікірімен салыстыра отырып талдайтын боламыз. Сонымен, Тауман Салықбайұлының пікірінше, очерк – үгіт пен насихаттың жауынгер де әсерлі формаларының бірі. Ол өмір шындығының құбылыстары мен оқиғаларын батыл да терең талдап, тартымды тілмен шағын «сурет» салып береді. Бір құбылысты, бір мәселені әр түрлі жанрлар түрінде салыстырып қарағанда, очерк адамның ішкі жан дүниесін суреттеп, оның еңбек сүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін аша түседі екен. Яғни, Горкийдің сөзімен айтар болсақ, очерк дегеніміз – адамтану жанры. Сондай-ақ, Горкий: «очерктің өзі «очерчивать» деген сөзден шыққан» деп түйін жасайды. Алайда, бұл пікір жанрлық тұрғыдан келгенде, очерктің болмысына онша келіңкіремейтіндіктен, көсемсөз жанрларын зерттеуші Кәкен Қамзин очерк сөзін «очи» , яғни қазақша баламасы «көзкөрген» деген мағынадан шыққан деп ой түйеді. Біздіңше де соңғы пікір очерктің табиғатын толық ашып тұр деп айтуға толықтай негіз бар.




Жоғарыда кесте арқылы көрсетіп кеткеніміздей, очеркті төрт түрге бөлеміз. Соның ішіндегі соңғы жол-сапар очеркін профессор Амандосов өз еңбегінде жөл-жөнекей очерк деп атап көрсетсе, очерктің осы түрін Колосов дейтін ғалым одан әрі жандандырып, газет және журнал очеркі деп екіге бөліп қарастырады. Жалпы, жол-жөнекей очерктің жол-сапар очерктен өзгешелігі – жол-сапар очерктер әдетте журналдарда жарияланса, жол-жөнекей очерктері көбінесе газет беттерінде беріледі.

Ал енді портреттік очерктерге келер болсақ, Б.В.Стрельцов дейтін белорус ғалымы: «Портреттік очеркте деректерге сүйене отырып замандас образы жасалады, ішкі жан дүниесі суреттеледі, жалпы очерктің бұл түрінде тип пен характер синтезделеді» деген пікірді алға тартса, А.А.Тертычныйдың пікірінше, портреттік очерктің нысаны – тұлға (личность) болғандықтан да, бұл жанрда кейіпкердің характері күрделі жағдайда көзге көрінеді.

Түйіндей келе айтарымыз – очеркте жалпылық пен жалқылық біте қайнасады.

Жанрлардың осындай өзіндік ерекшеліктерін зерттеп, ескере отырып, Тауман ағамыз: «Баспасөз жанрлары белгілі бір оқиғаларды, құбылыстарды нақты деректер мен мәліметтерге сүйене отырып баяндайды. Әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктері мен сипаты әрі бәріне ортақ белгілері бар. Ақпаратты жанрлар күнделікті оқиғаларды жедел де шынайы түрде хабарлап, жаңалықтар мен өзгерістерді оқырман қауымға қаз-қалпында жеткізуге тырысады. Талдамалы жанрларға оқиғаларды салыстыра зерттеу, деректер мен мәліметтерді тарата талдап, солардың төңірегінде ой қорыту, бағалау тәсілі тән. Ал, көркем-публицистикалық жанрлар типтік деректерді талдау, суреттеу әдісімен жазылады; әр қилы әдеби тәсілдер (даралау, образ жасау, мінез-құлық қақтығысы, оқиға шиеленісі, т.б.) арқылы әлдебір деректі құбылыстың ішкі мән-мазмұны мен идеялық сипатын көркем-публицистикалық деңгейде ашып көрсетеді. Сатиралық жанрлар әлеуметтік тұрмыстағы келеңсіз құбылыстар мен кертартпа қылықтарды юморлық не сатиралық пішіммен әшкерелейді, кемшіліктерді жоюға шақырады. Баспасөз Жанрларының негізгі, басты міндеті — өмірдегі нақты оқиғалар мен құбылыстардың күнделікті тізбегін жазу арқылы белгілі бір кезеңнің тарихи шежіресін жасау. Ол үшін журналистің білімі терең, ой-өрісі кең, жазу қабілеті мол болуы, сонымен қатар баспасөз жанрларының қыр-сырын жетік меңгеруі шарт. Баспасөз жанрларын тиянақты меңгеру — журналистің кәсіби шығармашылық шеберлігін жетілдірудің, баспасөз материалдарының сапалық деңгейін арттырудың кепілі» -деген қорытындыға келеді[5].



ІІ тарау. Т.С. Амандосовтың ғылыми-педагогикалық үлгісі

2.1 Педагог-ғалымның корреспонденция мен мақала жанрының зерттеудегі өзіндік қолтаңбасы
«Публицистиканың талдамалы жанрлары фактілерді жинақтап, оны қорытындылау әдісімен жазылады. Бұл жанр – талдаудың негізінде ғана жазылады да, ол талдау заңдылығына сүйенеді. Белгілі бір заңдылыққа сүйене отырып публицист шығарма жазу процесінде жинақтау (синтез) әдісі арқылы жалпыдан жалқыға қарай немесе жалқыдан жалпыға қарай бағдарлайды. Публицист фактілерді талдау үстінде белгілі бір салдардан бастауы мүмкін немесе құбылыстың, істің салдарын анықтауға бағдарлауы ықтимал»[5].

Публицистиканың басты негізгі жанрларына – мақала мен корреспонденция жатады. Профессор Т.С. Амандосовтың, әсіресе, корреспонденция жанрының зерттелуіне баса назар аударғандығын байқау қиын емес. Аталмыш қос жанрдың екеуіне де өмір шындығының елеулі құбылыстары мен оқиғалары, фактілері өзек болады. Бұл екі жанрдың іштей өзара ерекшеліктерін Амандосовша талдап көрсек, корреспонденцияда оқиға (ситуация) уақыт пен орынға байланысты талданса, мақалада белгілі бір оқиға үлкен бір құбылыстың бөлшегі ретінде қарастырылады. Осыдан келіп бір-біріне ұқсас оқиғаларды талдаудың нәтижесінде мақалада орнықты байыптаулар пайда болады. «Публицистиканың басты жанрлары - мақала мен корреспонденцияда әлеуметтік оқиғаларды неғұрлым тереңірек зерттей түсу, салыстырулар мен байптауларға шеберлене түсу негізгі мақсат». [4, 70 б]

Корреспонденцияның мақсат-міндеті – «жаратылыс, қоғам тіршілігіндегі жаңа құрылыстарды, соны деп табылған құбылыстарды көпшілік назарына ұсыну. Корреспонденция – хабарлама жанрларына қарағанда көлемдірек жазылады және жазылып отырған құбылыстар мен оқиғаларға қорытынды жасап баға береді».

Кореспонденция француз тілінде «респондент» - «жауап беру» деген мағынаны береді. Профессор Т.Қожакеев корреспонденцияны толғаныс деп атайды. Сондай-ақ, ол кісінің пікірінше, корреспонденцияда оқиға жалқыдан жалпыға қарай дамиды. Оның белгілі бір қамту ауқымы болады. Оның қамту ауқымы негізінен бір мекеме, аудан көлеміндегі оқиғаларды тілге тиек етеді. Корреспонденцияда оқиғаны, фактіні баяндаудан гөрі мәселе көтеру, кемшілікті талдау басымырақ болып, фактілер бірсарынды баяндалмай, терең саралануы керек[6].

Корреспонденция үнемі жаңғыртылып, жаңа леппен жазылуы тиіс. Бірқалыптылық, бірізділік оған жат көрініс. Керісінше, бұл жанрдың тіліне мақал-мәтел, қанатты сөздер, эпитет, теңеу, келісті көкемдеулер тән.

Корреспонденция - нақты фактінің жанры. Оны жазуға негізгі арқау – факті. Бұл жөнінде профессор Т.Амандосов: « Факті - корреспонденцияның құрылыс материалдары тәрізді» дей келе, аталмыш жанрдың негізгі ерекшелігін: «ол кез келген фактіге сүйенбейді, жазғалы отырған объекті мен құбылыстың типтік фактілеріне сүйенеді» - деп тұжырым жасайды. [3]

М.Горкийдің дәл айтқанындай, факт – белгілі бір шығарманың желісі, желі болғанда да корреспонденцияның желісі.

Сонымен, «корреспонденция – жағдай мен уақытқа байланысты өмір оқиғалары мен құбылыстарын белгілі бір объектіде зерттеп, адам еңбегін өзінің желісі ете отырып, типті фактілерді талдау мен қорытудың негізінде туатын публицистикалық шығарма» [3]. . Корреспонденцияның тілі нәрлі, көркем, ұғымды болып, публицистикалық стильде жазылуы керек. Т.Амандосов корреспонденцияны 3-ке бөліп қарастырады:





Суреттеме корреспонденция – жеңіл, суреттеу стилімен жазылады. Суреттеме корреспонденция тіл, стилі жағынан, жазылу әдісі жағынан очеркке ұқсас келеді. Мұндағы негізгі мақсат – болған оқиғаны, құбылысты оқырманға көркем тілмен жеткізу.

Оперативтік корреспонденция - өмірдің бүгінгі талабына ілесе үн қосып, уақыт пен жағдайға байланысты нақтылы объектінің фактілерін өзек ете отырып, ерекше оперативтік сарынмен жазылған корреспонденция жанрының түрі.

Проблемалық корреспонденция – газеттің корреспонденция жанрларының басқа түрлеріне қарағанда едәуір күрделі түрі. Егер корреспонденция өмірдің бір бөлшегін қамтиды десек, ал проблемалық корреспонденция сол өмірдің қандайынан болса да проблемалық мәселе көтереді.

Проблемалық корреспонденцяның тақырыбы өзінің күрделілігі мен маңыздылығы жағынан аумақты және салмақты. Ал, оперативтік және суреттеме корреспонденциялардың тақырыбы шағын да шектеме келеді.

Күрделі тақырыптарды өзек ету – проблемалық корреспонденцияға тән нәрсе.

Ал, белгілі ғалым Т.Қожакеев болса, кореспонденцияны хабарлама және талдамалы деп 2-ге бөліп, талдамалысын өз алдына жағымды және сыни деп жіктейді.

Талдамалы жанрлардың келесісі – мақала. «Мақала журналистика жанрларының қиын да күрделісі. Бұл жанрға тән сипаттыр: өмір шындығын кеңінен қамту, терең қорытынды жасау және белгілі бір дәрежеде перспективаны көре білу, көрегендік таныту. Мақала үлкен, ауқымды мәселелерді ғана тілге тиек етіп, сол проблеманы жеріне жеткізеді және тақырыпты бүге-шігесіне дейін зерттейді, үңіледі. Себебі, тақырыптың түрлі-түрлі детальдарының дәйектерінсіз өз ойымызды жеткілікті деңгейда жеткізу мүмкін емес».

Профессор Т.С.Амандосов: «Мақала дегеніміз – қоғамдық құбылыстар және идеяның негізінде жазылатын публицистика. Сондықтан мақаланың негізгі желісі – идея», - деп есептесе[5, 244 б], филология ғылымдарының докторы Т.Қ.Қожакеев: «Мақала – газет, журналдардың идеялық-саяси деңгейін аңғартатын жетекші жанр», - деп санайды [6, 224 б]. Ал, оқытушымыз, Тауман ағамыздың ізін басып келе жатқан шәкірттерінің бірі - филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзиннің пікірінше, «Мақала дегеніміз – авторды, қоғамның белсенді бөлігін толғандырған саналы ой мен оның қағаз бетіне түскен таңбасының үйлесімі, құнды, байсалды пікірдің көлемді көсемсөз жанрына айналуы» [7, 130 б]. Орыс ғалымы А.А. Тертычный болса, мақаланы – жалпы зерттеу мақаласы, тәжірибелік-талдамалы (практика-аналитическая) мақала және пікірталастық мақала деп жіктеп көрсетеді.

Педагог-ғалым Тауман Салықбайұлының мақала мен корреспонденция хақындағы өзіндік тың ойларымен тұжырымдарын заман ерекшеліктеріне қарай, саралап-сараптай келе, ғалым Кәкен Қамзин амандосовтық үрдісті одан әрі жалғастыра отырып, бұған дейін зерттеушілердің көзіне түспей келеген мақаланың басты екі ерекшелігін төмендегіше түйіндейді: «Көсемсөздің басқа түрлері автордың немесе куәгердің көзі көргенінін сөз етсе, мақалаға адам көзіне шалынбас, қолмен ұстап көруге болмас бейматериялық проблемалар да азық болады. Публицистиканың басқа жанрлары, оның варияциялары телевизияда, радиода осы күнге дейін ұтымды пайдаланылады, ал, мақала - таза газет, журнал, ғылыми жинақтар жанры. Мақаланың телевизия мен радионың форматына сыймай қалуының сыры неде? Оның себебін, біріншіден, мақаланың программалық, идеялық сарынынан, екіншіден, көлемінен, үшіншіден сөйлеу мәнері емес, жазба стилінің билік етуінен көреміз, төртіншіден құрмалас сөйлемдердің жиі қолданылуынан, бесіншіден, дәстүрлі ғылыми орамдардың, сілтемелердің мол болуынан іздейміз. Негізінен осы «бөгесіндер», біздіңше, оның аудио және визуалды шығармаға айналуына жол бермейді» [7, 132-133 б.б].

Филология ғылымдарының докторы Кәкен Қамзин мақала хақындағы пікірін осылай тұжырымдай келе, көсемсөз жанрларын өз заманының талабына сай зерттеген белгілі ғалымдар Т.С:Амандосов пен Т.Қ.Қожакеевтің педагогтық саладағы теориялық тұжырымдарын одан әрі қарай заңды жалғастық ретінде жалғастыра келе, реалды тарихи принциптерге сүйене келе публицистика жанрларын ұйыстыратын ортақ ереже ұсынады. Ғалымның пікірінше, журналистика жанрларының туындауына, эволюциясына төмендегідей факторлар әсер етеді екен:



  1. Уақыт

  2. Факті, оқиға (құбылыс).

  3. Кеңістік (көлем, формат).

  4. Қажеттілік.

  5. Ұлттық тіл, менталитет.

  6. Шығармашылық мүмкіндік[7, 208 б] .

Міне, осы секілді замануи талаптардан туған жаңашыл ізеністерде профессор-ғалым Тауман Салықбайұлының ізін жалғап, Амандосов салған сара жолға өзіндік соны іздерін қалдырып, көсемсөз теориясы саласында амандосовтық аманатты арқалаған шәкірттері Марат Барманқұлов пен Бауыржан Жақыптың да қосқан тың тұжырымдары, толассыз ізденістері, жаңашыл сараптамалары - бүгінгі журналистика ғылымына сүбелі үлес болып қосылды. Бұл да педагог-ғалымның сан жылдар бойына шаршамастан еткен еңбегінің үзіліп қалмай, өзі тәрбиелеп шығарған шәкірттерінің де ізденісінің нәтижесінен соны серпін тауып, бүгінге дейін өз өзектілігінен титтей де төмендемеуі – ұлағатты ұстаз салған ұлы жолдың ұлылығын тағы бір мәрте айқындап бергендей.

...Сонымен, жоғарыда сөз еткен қос жанрды профессор Т.С.Амандосовтың тұжырымымен қорытындылайтын болсақ, «корреспонденцияда тақырып, объекті нақты болады. Оған орын, уақыт,жағдай бірлестігі және адамның қатысуы міндетті нәрсе. Ал, мақалада бұл шарттар түгел талап етілмейді. Мақаладағы басты нәрсе – идея. Мақалада факті – ойды дәлелдеу үшін, автордың пікіріне деген сенімді арттыра түсу үшін, өмір фактілерін оқушылар ойына елестету мақсатында қолданылады. Мақаланы корреспонденциядан алынған мысалдармен де жазуға болады», - деп тұжырымдаймыз.

2.2 Бүгінгі қазақ көсемсөзі жанрларындағы Т.С. Амандосов ғылыми ұстанымдарының көрініс табуы
«Журналистика жанрларының пайда болу процесі, оның эволюциясы және жанрларды атау үрдісі күні бүгінге дейін жеріне жеткізіле зерттелмеген тақырып» [7, 144 б].

Публицистика туралы іргелі зерттеулердің басым бөлігі кеңестік кезеңде туды. Сондықтан публицистикаға кеңестік жүйе қалыптастырған таным тұрғысынан баға берілді. Қазақ публицистикасы да тамыры жоқ, бұтағы бар күйінде, тар шеңбер ауқымында қарастырылуы заңды мәжбүрлік еді. Бірақ соған қарамастан, қазақ көсемсөзінің теориясы мен тәжірибесіне қатысты мәселелерді алғаш рет бір арнаға түсіріп, публицистиканы дербес пән ретінде қарастырып, оның мазмұны, формасы, әдісі, функциялары туралы ғылыми тұжырымдар жасаған профессор Т.Амандосов болды. Ғалымның "Современная казахская публицистика" атты докторлық диссертаииясында публицистиканың кейбір ерекшеліктері көрсетілді; Ә.Әлімжанов, Ү.Бағаев, Б.Бұлқышев, Ә.Нұршайықов, К.Қазыбаев сияқты қаламгерлер шығармашылығы негізінде публицистік шеберлік мәселелері зерттелді, қазақ публицистикасының жанрлары айқындалды. Одан әрі қарайғы келелі зерттеулері осы салада жазылған кітаптарына арқау болып, жан-жақты зерделенді. Қазақ кеңес баспасөз жанрларын ғылыми тұрғыдан бір арнаға түсіруде профессор Т.С.Амандосов орыс ғалымдарының, әсіресе, марксизм-ленинизм іліміне сүйенсе, бүгінгі қазақ көсемсөз жанрларын зеттеп жүрген ғалымдардың барлығы дерлік Тауман Салықбайұлының ғылыми тұжырымдарын негізгі бағыт-бағдар етіп, парасатты педагогтың пайымына жүгініп өз зерттеулерін жүргізеді. Амандосов салған соқпаққа түсіп барып қана бүгінгі публицистиканың жаңалықтарына талдау жасайды, өзіндік үн қосады. Профессор салып кеткен соны соқпақ уақыт алға жылжып, жылдар сырғыған сайын титтей де ескірген жоқ, қайта уақыт өткен сайын ізін жалғаған іні-ғалымдардың жаңа зерттеулерінде қайта түлеп, жанданды. Мәселен, кезінде Тауман ағамыздың көсемсөз жанрларын төмендегі кестедегідей: хабар жанрлары, талдамалы және көркем-публицистикалық жанрлар деп жіктеген тұжырымын бүгінге дейін сол қалпында еш өзгеріссіз өз саламызда қолданып келеміз.




Аталмыш жанрлардың өз ішіндегі одан арғы жіктелісінде де айтарлықтай өзгеріс жоқ. Т.Амандосов талдамасынан бастау алған көсемсөз теориясының қағидалары кейінгі зерттеушілерге тарихи тұғыр, үлкен тәжірибелік мектеп болды деп толық айта аламыз.

«Жанр – тарихи категория. Сондықтан ол барлық заманға бірдей қатып-семген дүние емес. Заман талабына сай өзгеріп, жаңғырып отыратын құбылыс. Шығарманы белгілі бір жанрға жатқызудың бірінші сипаты оның қай текке қатысты екендігі болса, екінші сипаты қандай сарынмен жазылғандығы, ал үшінші сипаты қандай көлемде, қалай құрылғандығы деуге болады» [8, 272 б].

Жалпы «...журналистика жанрлары қоршаған орта, қоғамдық құбылыс үрдістерімен қабысып жатыр. Ол қазір хабарламалық, талдамалық, деректі көркемдік биіктерді ғана игеріп қойған жоқ, оның таным қуаты дүниепайымдық, философиялық, ғылыми сараптау дәрежесіне жетті. Баспасөздің жанрлық мәтіндері қоғамдық құбылыстарды зерттеудегі кең тынысты дерек көздерінің бірі болып саналады. Оның айқын айғағы – рисала (эссе), очерк, эпистолярлық туындылар, журналдардағы сан түрлі тарихи және теориялық мақалалар, журналистік айқындаманың түрлері» [7, 213 б].

Мәселен, кейінгі кезде қазақ көсемсөзінің теориялық тұрғыдан дамуына үлкен үлес қосып жүрген филология ғылымдарының докторы, ғалым Кәкен Қамзин Т.Амандосов пен Т.Қожакеевтер жүйелеген талаптарды одан әрі жетілдіріп, журналистика ғылымының кешелі-бүгінгі жетістіктерін ілгерілете келе, қазіргі публицистика жанрларын төмендегідей топқа, түрлерге бөлып зерттейді.



  1. Деректі-ақпараттық жанрлар тобы:

а) мақал-мәтел, тұрақты тіркес, қазіргі қанатты сөздер;

ә)дәстүрлі(стандартты) ақпарат;

б)байқам(заметка)

в)құлаққағыс(реплика);

г) хабарландыру;

ғ) құттықтама;

д) қазанама;

е) аннотация;

ж)сұрақ-жауап;

з) кеңес;

и) аңдатпа (анонс);

к) дайджест.



  1. Деректі сипаттаушы жанрлар тобы:

а) дәстүрлі репортаж;

ә) дәстүрлі сұхбат түрлері;

б) корреспонденция түрлері;

в) есеп түрлері;

г) түсіндірме (комментарий).


  1. Деректі-талдамалы жанрлар тобы:

а) талдамалы репортаж;

ә) жайылма сұхбат түрлері;

б) саяси портрет;

в) қамтыма (обозрение);

г) кезеңсөз;

ғ) рецензия.



  1. Деректі-зерттемелік жанрлар тобы:

а) мақала түрлері;

ә) хат түрлері;

б) хатқа шолу түрлері;

в) баспасөзге шолу түрлері;

г) журналистік айқындама (журналистское расследование).


  1. Деректі-бейнелеуші (образды) жанрлар тобы:

а) суреттеме;

ә) очерк түрлері;

б) фельетон;

в)тұрмыс-тіршілік оқиғалары;

г) пародия;

д) сатиралық жазбалар.



  1. Деректі-дүниепайымдық жанрлар тобы:

а) памфлет түрлері;

ә) рисала (эссе) түрлері;

б) ғылыми-мақала түрлері.

Жоғарыдағы осы мысалдардан-ақ, қазақ көсемсөзінің кемелденуіне бастау болып, көсемсөз теориясының кеңестік дәуірдегі көшбасшысышылық шыңына шыға білген Тауман ағамыздың тынымсыз еңбегі бүгінге дейін тұғырынан түспей, өз маңызын титтей де жоғалтпай, тарихи сабақтастықпен ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жанданып кемелденуде. Жас ғалымдардың жаңа ізденістеріне, журналистика саласында ашар тыңнан түрен түрер жаңалықтарына бастау болып мәңгілік жасай бермек.


ҚОРЫТЫНДЫ

Публицистика да - сөз өнерінің үлкен бір саласы. Ол - көркем әдебиетпен бірге туып, қалыптасып, өсіп, өркендеп келе жатқан шығармашылықтың ерекше бір тармағы десек, осы салада тынбай тер төгіп, оның дамуына ат салысып, бар саналы ғұмырын арнаған Тауман Салықбайұлы Амандосов ағамыздың еңбегі орасан зор..

Иә, Т.Амандосовтың шығармашылық жолында айрықша өркештеніп «мен мұндалап» жататын үлкен саласы бар. Ол – ұлттық журналистика ғылымындағы алғашқы ізашарлардың бірі ретіндегі зерттеушілік еңбегі. «Әрине, тыңнан жол салғандарға қашанда қиын. Өйткені, олардың алдында бұрыннан түскен сүрлеу де, соқпақ та жоқ. Сондықтан да әлгіндей адамдар тәуекелін серік етіп, белгісізге бет түзейді, кейінгіге жол ашып, бағыт-бағдар сілтейді» [14]. Тау тулғалы Тауман ағамызды дәл сондай адам десек, титтей де артық айтпағандық болар еді.

Тауман Салықбайұлы - сол кездің өзінде қазақ публицистикасын зерттеу ісінің әлі де өз деңгейінде емес екенін сезіп, сол үшін алаңдап өткен ғалым. Өзінің «Қазақ публицистикасын зерттеу туралы» деген мақаласында ол кісі бұрын шыққан еңбектер мен мақалаларды қарастыра келіп: «қазақ публицистикасының жете зерттелмегені, бір жүйеге келтірілмегені айқындала түседі»-деп ашық айтады. Осыған орай болашақ зерттеулердің бағыт-бағдарын сілтеп, он шақты көкейкесті тақырыпты ұсынады. Солардың ішінде «Қазақ публицистикасының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы» деген тақырып та бар. Мұнің өзі ғалымның ұлттық публицистика тарихы мен теориясының арғы – бергі кезеңдерін көктей шолып тұтастықта қарастырауды армандағанын көрсетеді. Қазақ журналистикасы ақсақалының бұл ойлары әлі күнге назарда болуға лайық.



Қорытынылай келе айтарымыз – қазақ журналистикасы, қазақ руханияты бар кезде Амандосов мұрасының ұмытылуы тіпті де мүмкін емес!
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Егеубаев А.Қ. Сыр мен сымбат. – Алматы: Жазушы, 1981.

  2. Амандосов Т.С. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы, - Алматы: Мектеп, 1978.

  3. Амандосов Т., Елеукенов Ш., Қожакеев Т., Ыдырысов Т., Газет жанрлары. – Алматы: ҚМБ, 1964.

  4. Амандосов Т.С. Публицистика – дәуір үні. – Алматы: Қазақстан, 1974.

  5. Амандосов Т.С. Қазақ совет баспасөзінің жанрлары, - Алматы: Мектеп, 1968.

  6. Қожакеев Т.С. Жас тілшілер серігі, - Алматы: Рауан, 1991.

  7. Қамзин К. Қазақ көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі, - Алматы: Экономика, 2009.

  8. Қаратаев М. Алғысөз//Жанр сипаты. – Алматы: Ғалым, 1971.

  9. Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері, - Алматы: Қазақ университеті, 2007.

  10. Жақып Б. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары, - Алматы: Білім, 2004.

  11. Тертычный А.А. Жанры периодической печати, - Москва: Аспект Пресс, 2006.

  12. Стрельцов Б.В. Основы публицистики. Жанры, - Минск: Университетское, 1990.

  13. Ғаламтор материалдары

  14. Профессор Т.С. Амандосов туралы баспасөз бетінде жарияланған естелік материалдар









©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет