Кітапханашыға



жүктеу 247.83 Kb.
Дата17.04.2016
өлшемі247.83 Kb.
: page
page -> Қр ижтм туризм комитетінің 2013 жылы атқарылған жұмыс туралы есеп
page -> Сарыағаш ауданының 2015 жылдың 10 айында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы Слайд №1 Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері
page -> Биыл 2006 жылы Қарағанды облысына 70 жыл толды
page -> Талдықорған қаласы әкімшілігі «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурсты жариялайды
page -> Сводный график по защите магистерских диссертаций научного и педагогического и профильного направлений 2010 г. 14. 06. 2010 г
page -> Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми әдістемелік кеңесінің 2012 ж мәжілісінің
page -> Программа вступительного экзамена по специальности для поступающих в магистратуру по специальности «6M020400 культурология»
Кітапханашыға
Еліміздің тәуелсіздік алған он төрт жылда Қазақстанды көптеген елдер танып білді Қазақстан әлемдік аренаға шықты. Әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі болды.Толып жатқан елдермен халықаралық экономикалық,саяси ынтымастық сауда, мәдениет, білім беру және т.б. көптеген салаларда келісім-шарттарға қол қойылды.

Осындай қыруар жұмыстар істеліп жатқан елдермен таныстыру мақсатымен «Әлемге әйгіілі қалалар» деген тақырыпты алдық.

Адам ата үй салу үшін жерге алғашқы қада қадағаннан бастап, сәулет өнері пайда болыпты. Заман ағымына қарай, ол үнемі жетілдіріліп отырған.

Әлемдегі мемлекеттердің бәрінде өзгеге ұқсамайтын, әр халықтың өз менталитетіне сай, ұлттық ерекшеліктері ескерілген сәулет өнері ежелден болған. Қала салушылар ол аймақтың табиғи ерекшеліктерін, инфрақұрылымының өзара үндестік табуы мен адам тұруға ыңғайлы болуын ескеріп отырған.

Немістің ұлы ақындарының бірі - «Сәулет өнері-таспен жазылған құдіретті музыка» депті.

Мәдениеттің ежелгі ошағы мен адамзаттың өркениетті дамуына жалғасып отырған алып мегаполистер – ұлы қалалар қашан да прогресс пен эволюциялық даму көкжиегінің негізгі сүйреушісі болып келеді. Олардың даму тарихы да әрқилы.

Қамал-қалалар, казарма-қалалар, теңіз жағалауындағы қалалар, монастыр- қалалар, фабрика-қалалар, базар-қалалар бәрі-бәрінің өзіндік құпия ерекшіліктері бар. Олар күнәһар Вавилон, қасиетті Иерусалим, мәңгілік Рим,жабық Лхас, іскер Женева, ән-думанды Рио, құпиялы Уичен- Ица, қонақжай Париж, биік таулы Ла-Пас, теңізден тартып алынған Амстрадам болып келеді.

Сарыарқа бауырындағы әсем қаламыз Астана да күні ертең әлем қалаларының қатарынан лайықты орын алатынына сеніміміз мол.

Облыстық Ж.Бектүров атындағы жасөспірімдер кітапханасы оқырмандарды әлем қалаларымен таныстыру үшін арнайы әдістемелік құрал дайындап , Сіздердің назарларыңызға ұсынады.

«Әлем қалаларына саяхат» деген тақырыпты алуымыз кездейсоқ нәрсе емес-бұл өмір талабы. Оқырмандардың қазақ тілінде шет елдер туралы сұранымы өте жоғары, ал кітапхананың кітап қорында бұл тараулар жоқтың қасында. Сондықтан да бұл құрал негізінен газет-журнал материалдарынан алынды.

«Әлем қалаларына саяхат» атты географиялық калейдоскоп оқырмандар арасында өткізіліп, олардың сұраныс-талаптарына сай ықыластарына ие болғандықтан сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Әдістемелік құрал кітапханашыларға, 6-11 сынып мектеп оқушылары мен география пәні мұғалімдеріне арналған.

Әдістемелік құрал туралы тілек, талаптарыңыз болса мына мекен-жайға жіберуіңізге болады.


Қарағанды қаласы,

Ержанова 8 «А»,

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы
Іске сәт!


БІЗБЕН БІРГЕ САЯХАТ ҚҰРЫҢЫЗДАР!
Әрбір оқырман кітап арқылы әр елге, әр мемлекетке саяхат жасай алады. Әсіресе қазір саяси, экономикалық және мәдени қатынастардың қалыптасуының арқасында әркімге де қалаған қаласына баруға мүкіншілік туды. Белгілі бір елге барардың алдында, әрине сол ел туралы алдын ала білгің келеді.

Біз бүгін әлемнің он қаласына саяхат жасап, сол елдердің тарихы, архитектурасы, мәдениеті мен өнері және салт дәстүрімен танысып, әр қаланың өзіне тән қызықты деректерімен таныспақпыз.Өзімізді саяхатшы, әрі географ ретінде сезінуіміз керек.

Саяхатқа шығудың екі түрі бар, бірі аралап көзбен көріп қайту,екіншісі бір орнымызда отырып-ақ қалаған қаланы аралап қызықты да, керекті деректерді көңілімізге түйіп қайту.

(Оқушыларды саяхатқа ақ батасын беріп, шығарып салу үшін Қыдыр баба келеді).

Біз дайынбыз, саяқатқа достарым,

Көрсетеміз бізде қандай күш барын.

Алға қойған мақсатымыз бір екен

Сәтті болсын, сапарымыз әрдайым !


Жыл сайын әлем қалаларының рейтингін анықтап отыратын халықаралық тәжірибе бар. 2004 жылы «Mercer Human Pesource Consuiting» компаниясының мамандары әлемнің 215 қаласындағы өмір сүру көрсеткіштерін зерттеген. Женева мен Цюрих (Швейцария) қалалары тұрғындарының өмір сүру көрсеткіштері жөнінде бірінші орынға шықты, үшінші және төртінші орында Ванкувер (Канада)мен Вена (Австрия) тұр. Ал соғыстан көз ашпай отырған Бағдат қаласы ең соңғы орында.

Жоғарғы көрсетілген қалалар мен бірге алғашқы ондыққа әлемнің мына қалалары топ жарып енді. Окленд (жаңа Зеландия) Берн (Швейцария), Копенгаген (Дания) Майндағы Франкфурт (Германия), Сидней (Австралия), Амстрадам (Нидерланд) Мюнхен (Германия) Таң қаларлығы алдыңғы ондықта АҚШ, Франция, Испания, Италия, Жапония, Бельгия, Сингапур секілді дамыған елдердің калалары жоқ, соған қарағанда қалалар тұрмысын ұйымдастыру экономиканың шарықтауына аса тәуелді бола бермейтін секілді.

«Әлемге әйгілі» тақырыбы бүгін жер бетіндегі сұлулықтың, салтанаттың, бейнелі бір баламасындай болып кеткен қалалары туралы әңгімелейді.

Астана

(Қазақстан)

Астана қаласы кең байтақ Отанымыздың жүрегінде ,халқымыздың қасиет тұтып, қастерлеген әйгілі Сарыарқадағы Есіл өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан; Астана қаласының дүние жүзі жарты шарлар картасындағы координаты-72 ш.б.53 с.е.

Астана 5-сағаттық белдеуде орналасқан.

Астананың қаласының елтаңбасы; дөңгелек көк түсті щитте бейнеленген қорғанның бейнесі – елдің бірлігі мен ынтымағы; қанатты жолбарыс – сақ дәуірінен белгілі төзімділік пен кемеңгерліктің белгісі; алтын тәжі – Астананың бас қала ретіндегі статусы; шаңырақ - ұлттық салт – дәстүрдің жалғасы, айналасындағы масақтар – астықты өңір екендігін білдіреді.Қаланың негізі 1832 жылы қаланған, 1961 жылға дейін Ақмола қаласы 1961 –1992 жылға дейін Целиноград, 1992 жылы қалаға тарихи атауы қайтарылды.

Тұңғыш президентіміз Н. Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, 1997 жылы 10 желтоқсананан бастап Ақмола қаласы тәуелсіз қазақ мемлекетінің астанасына айналды. Ел басының 1998 жылы 6- мамырдағы Жарлығымен Ақмола атауы Астана болып озгерді.Қаланың территориясы 200 ш.ш. Астана қаласында 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Тұрақты халқы қазақтар. Қалада 500 мың адам тұрады. Сол сияқты қалада орыстар, украиндар,немістер, татарлар тұрады.

Әлемнің бейбітшілік қаласы атанған бас орда дүние жүзі халықтары мен мемлекеттерінің оң назарына ілігіп отыр. Жаңа Астана Қазақстан Республикасы Президентінің ойы мен талабы бойынша Еуропаның да, шығыстың да сәулеті мен салтанатын бойына табиғи сіңіре отырып, қос құрлық пен қос өркениеттің ең ізгілікті құнарымен нәрленуге тиіс.


Астананың бас сұлбасын жасауда жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның


Әлемге мәшһүр сәулетші Кисе Курокаваның жобасы бойынша салынып жатқан жас қала әлемдік сәулет өнерінің сан қырлы сырларын бойына жиы, асқақта айбынды көрінеді. Бір жарым шақырымға созылатын «Мыңжылдық» бағының негізі қаланды. Ол президент Ақордасы мен «Дөңгелек алаңды» жалғастырып жатыр. Осы екі аралықта «Астана - Байтерек» Тәуелсіздік мұнарасынан бастап бірнеше ғаламат ғимарат салынды.

Үш жыл ішінде ірі-ірі 33 нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының, Көлік және коммуникациялар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің,Ұлттық кітапхананың, «Думан» ойын- сауық кешенінің бірінші кезегі, 1200 орынды мектеп, «Аялы алақан» композициясы, ПС 110 / 10 КВТ қосымша электр стансасы және басқалары бар. Сондай-ақ ҚР Президентінің Ақордасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің, ҚР Жоғарғы сотының үйлері пайдалануға берілді.

Дүние тұрғанша тұрады деген ізгі ниетпен салынып жатқан бас қала құрылысында ең басты көрсеткіш деп құрылыстың сапасы саналады.

Жаңа қала құрылысы қарқын ала түсуде. Таяу уақытта 30 мың орынды стадионның, жабық велотректің , Бейбітшілікпен бірлік сарайының, көп қызметті көрме орталығының 21 көше бойымен Есіл өзенінен өтетін көпірдің, 400 автомашинаға арналған жабық гараждың құрлыстары басталмақ.

Осы аз уақыт, серпінді жылдар Астананы қай жағынан болсын көркейтті. Ғаламдық өркениеттің ен жайлауына қондырды. Сәулетімен де, зиялы әулетімен де, ой парасатымен де, Еуразиялық кеңістіктің діңгегіне айналды. Ол тегін де емес. Елбасы Н. Назарбаев елдің астанасын салуда мемлекетті қайта құрумен салыстырып, үндестірген еді. Шынында да солай болып шықты.
Берлин

(Германия)
Берлин – бүкіл әлем көз тігіп отыратын қалалардың бірі. Жаңарған Германияның астанасы- Берлин қаласы Шпре өзенінің сол жағалауында орналасқан. Арада бес ғасыр өткенде сол Берлин немістің Бранденбург мемлекетінің маңызды сауда орталығына айналды. 1486 жылы сол Гогенцоллердің резиденциясына айналған. 1871 жылы ол Герман империясының астанасына айналды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң Берлин керемет көркейіп, көріктене түсті. Ал дүниежүзілік екінші соғыстан кейін ол қирап қалды. 1961 жылы коммунистердің айтуымен Берлин қабырғасы тұрғызылып, екі Германия екі түрлі лагердің сойылын соқты. Ал 1889 жылы Бундестагтың шешімімен Берлин Германия Федеративтік Республикасының астанасына айналды.

Қалада 3,4 млн. халық тұрады. Олардың төрт жүз мыңнан астамы 182 елден келген шетелдік азаматтар. Берлин Мәскеу мен Париждің екі аралығындағы ең үлкен қала. Ол 892 кв. Км. Аймақты алып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыста қирап қалған қала адам танымастай өзгерді. Берлинде газет жорнал басатын жаңа техналогиямен жабдықталған 10 баспахана және ақша айналымы жөнінен дүниежүзіндегі ең улкен базар бар.

Қаладағы төрт университетте жүз мыңнан астам студент оқиды. Сондай-ақ әр-түрлі мамандар дайындайтын он институт, 50 –ден астам ғылыми-зерттеу институттары бар, онда 50 мың адам жұмыс істейді. Жалпы Германия мәдениетке ерекше көңіл бөледі.Қалада 200-ден астам жекеменшік сурет галереясы, 150 театр бар. Ғажап! Бір қалада осынша театр бар дегене кім сенеді) Онға жуық филармониялық оркестр бар. Жылдың 365 күнінде Берлин бір сәт демалуды білмейдіү Күн сайын әр-түрлі шаралар өтіп жатады. Мысалы, ақпан айында халықаралық кинофестиваль, мамырда театр фестивалін өткізу ежелгі дәстүр. Ал маусым айында халықаралық әдеби фестивалдің оты жанады.

Берлиндегі қонақ үйлері мен мейрамханаларда есеп жоқ. Қазіргі кезде ол Еуропадағы ең көрікті қала болып саналады.


Венеция

(Итaлия)
Ендігі айтатын қаламыз Венеция, расында да кім-кімге болсын «шіркін», бір көрсе дегізетіндей. Әлемде мұндай екінші шаһар жоқ, және де Венециядай соңғы бес ғасырдан бері өзгермеген күйінде тұрған екінші шаһар тағы жоқ. Расында мұнда бәрі дерлік бәз-баяғы қалпында сақталған. Мұнда ешнәрсе өзгере-де қоюы қиын.Мұнда бірнеше ғасырдан бері, қалада жаңа ғимарат салынбайды, салам десеңіз де рұхсат етілмейді, құрылыс жүргізетін алақандай жер жоқ.

Венеция – аралдарға салынған қала. Аралдардың ұзын саны –118. Осының өзі ерекшелік әрине. Бірақ Венецияның басты ерекшелігі де бұл емес. Ең таңқаларлығы –сол аралдардың көбінің қолдан жасалғандығында. Тереңдігі небәрі біржарым-екі метрлік қайраңнан тереңдігі бес метрге жететін каналдар қазып, сонан шыққан топырақтан аралдар жасаған..... Адамдар құрлықтан мың –мыңдап ағаш тасып, кесілген ұзын ағаштың ұшын үшкірлеп алып су астындағы қопсыма топыраққа қада ретінде қаға берген. Венецияның барша ғимараты түгелдей дерлік қада ірге тасқа салынған дегенге сенесіз бе? Сену қиын. Сенбеске амалың жоқ. Мысалы бір ғана Санта-Мария Делла Салюта шіркеуінің ірге тасына 1500 қада қағылған екен.

Қазір Венецияны құрлық пен шағын бұғаздың үстінен тартылған 4 км жіңішке жол жалғастырып жатыр.Қала шетіне жетісімен автомобилден түсіп әрі қарай тек қайықпен жүзесің.,бұл қаладағы көліктің жалғыз түрі. «Көше деген, көк өзен» Венецияның көшесі –каналдары. Қалада 175 канал бар. Ең басты су жолы –үлкен канал. Бұл каналдың бойымен үлкенді кішілі автобустай катерлер белгіленген маршруттар бойынша жүзіп, аялдамаларға тоқтап, жолаушыларды тасымалдап жатады. Өздері оны су трамвайы дейді екен. Басқа каналдар мен тек қайықтар ғана жүзе алады. Венецияның ең ерекше экзотикасы да осы. Үлкен каналды бойлап келе жатқанда керемет бір музейдің залдарында қалқып жүргендей күй кешесіз. Каналдың екі жағында сұлу ғимараттар бірінен соң бірі жылжып қала береді. Олар Әулие Марияның шіркеуі, неміс сарайы, Калерджи сарайы, Грасси сарайы (жалпы қалада 400 астам сарай бар) .

Венецияның басты кереметі, әрине Әулие Марк соборы, осы жерде Дождар сарайы да бар. Қала өміріндегі салтанаттың бәрі осы маңайда өтеді.Венецияда 318 мың адам тұрады. Қалада халықаралық аэропорт, білім және мәдениет орталығы , өнер академиясы,университет, әйнектен жасалған заттар музейі бар.


Каир

(Египет)
«Әлемге әйгілі қала» тақырыбының аясында дүние дидарындағы алып

қалалардың бірі- Каир қаласы. Каир халқының саны жағынан әлемдегі Мехикодан кейінгі екінші орын алады. Қаланың кейбір аудандарында тұрғындардың тығыздылығы соншалық, бір мың шаршы км. 120.000 адам келеді. Египет 6 мың жыл бойы біртұтас мемлекет ретінде сақталып келе жатқан жалғыз ел. Бүкіл халқы Нілдің екі жағына орналасқан 9 миллион 849 адам тұрады. .Бір Каирдің өзінде 500 –ден астам мешіт бар.Ең кереметтері –Ибн- Тулун мен Султан Хасанның мешіттері,оның ұзындығы 140 метр,ені 75 метр, мұналарының биіктігі 86 метрге жетеді. Көлемі жағынан екінші мешіт –Бейбарыс бабамыздың мешіті. Түбі курдтан шыққан бірінші сұлтан Салах Әд-Диннің мешітінің зәулім күмбездері мен мұнаралары Каирдің мақтанышына айналған. Мешіттің атшаптырым алаңында атақты Жүсіп құдығы қазылған.Оның тереңдігі –88 метр Шыңырауға қанша қарасаңда түбіндегі суды көре алмайсың.Сондықтан да бұл ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының тізіміне алынған.


Әл-Азхар (гүлге оранған ) мешіті Каир мен құрдас . Бірнеше ғасырдан бері осында мұсылман университеті ұйымдастырылған. Мұсылман әлемінің барлық түкпірінен 9000 мың студент дәріс алады екен. Бүгінде бұл дәріс сақталған, профессорлар,белгілі ұстаздар Х ғасырдағыдай дін сабағын береді. Каирға барған туристке міндетті түрде көрсететін жердің бірі Цитадель. Ол Мұхамед Әлидің ұясы деп те аталады. Ірге тасы 1176 жылы қаланған. Мәмлүк сұлтандарының үш ғасыр бойғы резиденциясы осы. Бейбарыс бабамыздың Мысыр елін он жеті жыл билеген тұсындағы сарайы да осы Цитадель. Бәріінен де таң қалдыратыны – Каирдің «Өлі қаласы». Бүл әлемдегі ең үлкен некрополь.Онда 15 ғасырда жерленген бейіттер бар. Үй алуға ақшасы жоқтар талай заманан бері мазарларды мекен етіп келеді. Кәдімгі мазардың төбесін жабады да, ішін бөліп үй жасап алады. Қазірдің өзінде , онда миллионнан астам адам тұрады.

Әлемдегі жеті кереметтің мына заманға аман жеткені жалғыз ғана Мысыр пирамидалары. Хеопис б.д.д. 50 жылы тұрғызылып біткен . Міне бес мың жылдан бері ашық аспан аясында, күннің астында, желдің өтінде тұрған бұл құдірет, шынында да, қайран қалдырады, таңдантады, тебірентеді. Әлемге белгілі Әл Халил базары да осында. Ол «Алтын базар» деген атпен белгілі. Бұдан 700 жыл бұрын салынған сауда орнынан адамның жанынан басқаның бәрі табылады. Жүздеген метрге созылатын 12 үлкен бөлектен тұрады.

Каир қаласы ең жас ислам дінінің орталығы. Мінәжат етуге шақырылған дауыс радиодан естілгенде осынау тыным таппастай көрінетін қаланың өмірі аз уақытқа тоқтап қалады. Жүргізушілер, шаштараздар, даяшылар, сатушылар бәрі де жұмысын жиып қойып,жайнасазын төсейдіде намазға осылай күніге бес рет жығылады.... Мысырлықтардың мұсылмандығында мін жоқ.
Париж

(Франция)
Париж францияның астанасы» басты экономикалық, саяси, мәдени орталығы, дүние жүзіндегі ірі және көрікті қалалардың бірі . Сена өзенінің бойында, климаты қоңыржай, теңіздік. Парижде 13 млн. халық тұрады.

Тарихи деректерге сүйенсек қала Филлип Август корольнің тұсындағана өркендеп өсе бастаған. Қала жоспары шеңбер үлгісінде құрылған. Архитектуралық ансамбельдері ғасырлар бойы қалыптасты. Готика үлгісіндегі архитектуралық құрлыстардың дені Сита аралына шоғырланған. 13 да шіркеулер мен монастырьлар салына бастады. Нақ осы тұста атақты НотрДам де қолға алынса керек. В.Гюго оны (Париж құдай аналарының соборы) деген атпен әлемге әйгілі етті.

Атақты Лувр 1204 жылы салына бастапты.,сол түста 20 мың шәкірті бар Париж мектептері университет болып бірігеді, алғашқы университет 1629 жылы салыныпты.

Парижде әлемге әйгілі Г. Эйфель мұнарасы, Үлкен және Кіші сарайлар, Юнеско ғимараты, Шайо сарайы, Пантеон, СенЖеневьев кітапханасы, т. б. бар.

Парижде болған адам көп архитектуралық ескерткіштерге күтпеген жерде кезігіп жатады.Сондай бағзы мұралардың бірі - Сен-Мартен каналы. Каналдың үстіне ұзақ жылдарда көптеген көпірлер тұрғызылып, әрқайсысы өзгеше сәулет туындысына айналды.

Түтастай алғанда бір- бірінен, бөліп жарғысыз айшықты өнер ансамбельн құрайды.

Қала тұрғындарының айтуы бойынша шаһарды Сен- Мишель бульварынан бастап аралау керек. Бұл жер француз жастарының сүйікті орны.Осы арада қол созыида Люксембург Сарайы бар. Мария Медичидің әмірі мен салыған әсем ғимарат Еуропа сәулет өнерінің ғажайып туындысы ретінде әлемге белгілі.

Әрине, Париж туралы әңгімелеген де, Асқақ арка жайлы айтпай тұра алмайсың. Арканың биіктігі – 50 метр, лифт арқылы көтеріледі де Париждің үстінен емін – еркін қарай бер.

1977 жылы Парижде елеулі оқиға болды. Тобур көшесінде Ұлттық театр ашылды, оған Жорж Помпидудың есімі берілді. Театрда сурет галереясы, көрме залдары, аса бай кітапхана, грамзапись жазбалары жинағы бар.

Театр үйінің жобасына халықаралық байқау жарияланғанда 681 үлгі келіп түсіпті, солардың ішінен итальян Р.Пьяно мен ағылшын Р.Роджерстің жобалары таңдалып алынған. Енді, міне биіктігі 50, ұзындығы 150 ені 50 метр ғажайып ғимарат Париждің мақтанышына айналып отыр. Сондай-ақ әлемге әйгілі Елисей алаңыда осында. «Суретті кітап көрмесі».

Францияның транспорт желісінің барлығы Парижден шығатын магистральдар. Дүние жүзіндегі ең жүрдек экспресс поезд Париж- Бордо 350 км. Жылдамдық пен жүреді. Сөз соңында Парижге Э. Хемингуэйдің көзімен қарап көрейік. «Ол- мәңгі сенімен бірге мейрам» деген ғой даңқты қаламгер.
Прага

(Чехия)
Европаның кіндігі, жүрегі деп саналатын Чехия елінің әдемі қаласы Прагаға тоқтайық. Оны «Злата Прага», Прага «Злата башенная», «музыкальная Прага» деп атайды. Прага –көнеден сыр шертетін шаһар. Берлиннен, Венадан, Мадрид, Цюрихтан және Еуропаның көптеген қалаларынан ересек көрінеді. Ғасырдан ғасырға сырғып келе жатқан бағзы үйлердің кейпін жергілікті тұрғындар өзгертуге құмар емес,өйткені оның әрбір тасы тұнып тұрған, шежіре. Прагада не көп, аңыз көп. Көне Праганың көшелері өте тар Ол тоғызыншы ғасырда пайда болған. Көне қаланың бәрі қорғанан басталады,оның ірге тасын Чех князь Борживой қалаған. Бүкіл қала жұртын алақанына ұстайтын жер Прага Кремль, немесе Әулие Виттің соборы және Байырғы патша сарайы мен Әулие Георгийдің костелі. Бұлар ЮНЕСКОның қамқорлығына алынған. Көне Праганың ауыз толтырып айтатын жері көп. Бірақ соның ішінде ойыншықтар мұражайы ойып тұрып орын алады. Бұл мұражай әлемдегі ең үлкен мұражайлардың бірі Бурграф сарайында орналасқан. Осы мәдени ошақтың ішінде әр дәуірден сақталған ойыншықтар бар.

Прага дегенде Чехияның сырасы қатар жүреді «У Флеку» деп аталатын сыра заводының 500 жылдық тарихы бар. Прагалықтардың мақтанышы Карлов көпірі Еуропадағы жаяу жүргінщілер жүретін ең әдемі әрі ең мықты көпір. Ол 1357 жылы 9 шілде де 5 сағат 31 мин. салыныпты. Орта ғасырдың алхимиктері мен астролгтары құрлысты бастаудың дәлме дәл уақытын тапты деседі. Нанбасаңыз қайталайық 13579531. Тақ сандар – бір деңіз, екіншіден сандық көрсеткіш әуелі ұлғайып барып, шегіне жетеді де, кейін қайтады. Неге тақ сандар ды қалаған екен оны ешкім білмейді . Ал көпірдің қирамай түрғанына 600 жыл, астралогиялық болжам бойынша әлі де 400 жыл ақаусыз сол қалпында тұра береді екен.

Прага өз мемлекетінің кіндігі үйткені, астаналық Прага өз қалаларының ортасында орналасқан. Кез келген қаласына санаулы сағатта-ақ жетуге болады. Ең қашығы Острава –340 км. Қала көліктерінің іщінде метро, трамвай, автобустан өзге фуникулер дейтінде көлік жүреді. Финукерлер ылғидан дөңге, яғни қыр-қыраттарға сыммен тартылған бункер арқылы қатынайды.

Чехияның жалпы аумағы –78. 885 шаршы км. Бұл елдегі түрғындардың саны 118.8000 адам. Прага қаласы өзінің сұлулығымен туристердің назарын аударады.



Рим

(Итaлия)
Әлем өркениетінің бесігі ежелгі Египет десек, Батыс өркениетінің бесігі – мәңгі қала атанған- Рим, ірге тасы қаланғанына үш мың жылға жуық.. Жиырма сегіз ғасырдан бері адамзаттың аузынан түспей тұрған, әлі де түспейтін ұлы қала жөнінде айту қиын, дегенмен де аздап мағлұмат беруге тырысайық. Рим жәдігерліктерінің ұзын санын ешкім де анық айта алмас. Осы ғажайып шаһардағы Әулие Петр Соборы, Венеция сарайы, Сикст капелласы, Капитолий Консерваторлар сарайы, Рим форумы, Апий жолы, Треви субұрқағы, Әулие Каллиста Катакомбасы, Испания алаңы, Пантеон, Әулие періште қамалы сияқты ғимараттардың әрқайсысын жеке алып айтса да болар еді, әттең құлаш жетпейтінді құшақтау мүмкін емес сондықтан да,негізгі назарды бүкіл адамзат білетін үш нысанаға – Колизей мен Пантеонға, Әулие Петр соборына аудармақпыз,қаланың даңқын дүйім дүниеге жайғандар да осы ғимараттар. Енді Колизейге тоқтайық,ол расында да қалай асқақтатып айтса да, соған түратындай ғажайып ғимарат. Колизей атауы латынның « колоссеум» («алапат ауқамды» ) деген сөзінен шыққан. Бұл амфитеатрдың ұзындығы 188 метр, ені 156 метр, сыртқы қабырғасының биіктігі –48 метр бұл дегеніңіз кәдімгі 12 қабат үй мен тең,ірге тасының тереңдігі 13 метр, амфитеатрдың мыңдаған жыл қозғалмай тұрғанының да себебі сонда. Колизейге бір мезгілде 50 мың көрермен сиятын болған. Мұндай ауқымдағы стадионға 100 000 мың адам да сиып кететіні белгілі, бұл арадағы айырмашылық ерте замандағы көрермендердің қазіргідей сығылыспай еркін отырғандығында. Сексен жерден кіріп шығатын есіктерден енген адамдар айналасы он минуттың ішінде толық жайғасып үлгереді екен. Сол заманда бүгінгідей трибунасы, секторлары отыратын орны көрсетілген, билеттер болған, сондай-ақ Колизей гладиаторлар айқасын қызықтайтын жер болған.

Мәңгі қаладағы тағы бір құдірет – Пантеон Таң қаларлық басты қасиеті- архитектуралық шешімнің қарапайымдылығы. Пантеонның кереметі оның 9 метірлік шаңырағы.Онда жалғыз есік пен жалғыз тесік бар. Нөсерлеген жаңбыр жауса да оған бір тамшы су тамбайды. Оған кіргенен-ақ бір жерден түсетін күн сәулесі тек қана сіздің жүзіңізге түскендей тылысым бір күй кешесіз. Оның себебін түсіндіру қиын. Әйтеуір, мына жалғанның жанталасынан аз уақытқа болса да жеңілгендей сезінесің міне Пантеонның құдіретіде осы болар.

Римге барган адам Ватикан мемлекетіне соқпай кетпейтіні белгілі Католик әлемінің ең қасиетті ғибадатханасы Әулие Петр соборы осында. Адамзаттың ұлы суреткерлері Микеланджело мен Рафаэльдің таңғажайып талантының арқасында Капитолий қырқасында тұрғызылған бұл ғимарат дүние дидарындағы шын кереметтердің бірі.

Әулие Петр соборының қадір-қасиетін арттыратын жайдың бірі- бұл ғимараттың Рим Папасының ресми резиденциясы екендігі.


Санкт-Петербург
Әлемде тек бір адамның ерік-жігерімен, тек бір адамның әмірімен дүниеге келген қала аз, ал астана тіпті санаулы. Сол аздың, сол санаулының, бірегейі – Санкт-Петербург. Бұл қаланың Ресей тарихында ғана емес, бүкіл адамзат шежіресінде алар орны бөлекше. Ресейдің империя құруы,державия сипатына көшуі, шет жұрттармен жан-жақты ықпалдастыққа түсуі,сыртқы әлем санаспасқа болмастай ерен елге айналуы, саны өсіп, ұлы мәдениеттің өмірге келуі, бәріде ел жылнамасындағы осынау аса маңызды белестен- астананың Мәскеуден Санкт-Петербургке көшірілуінен басталған. Осы қалада жүзеге асырылған Октябрь революциясы дүйім дүниенің дидарын өзгертіп жібергенін, адамзаттың екі қоғамдық жүйеге бөлініп өмір сүруі жиырмасыншы ғасырдағы көптеге қоғамдық катаклизімдердің себептері болғанын айта кетуіміз керек. Астананы ауыстырудың негігі себебі - ұлы реформатор Бірінші Петрдің Ресей еуропалық ел болмайынша жолы ашылып, бағы жанбайтынын ерте бастан сезгендігі.

Ол тұста Еуропаға есік ашудың жалғызжолы – теңізге шығу. Оның жалғыз жолы-Ресейдің сол заманғы ата жауы Швецияны солтүстік жағалаудан ығыстыру. 1702 жылы орыс әскерлері шведтің Нот ебург қамалын тіке шабуылмен басып алған кезде Бірінші Петр бұл жеңіске ерекше мән беріп,қаланы ендігі жерде Шлиссельбург – Кілт қала деп атауға пәрмен етен. Ондағысы –Неваға, Нева арқылы Балтыққа шығатын кілт қолға тиді дегені.

Көп үзамай 1703 жылғы 16 (27) мамырда Нева бойындағы қалың орманның арасында Ресейдің болашақ астанасы Санкт-Петербургтің негізі қаланды. Жыл сайын жаңа астананы салуға 40 мың адам жеткізіліп түрған.

Бірінші Петрдің жаңа қаланы тұрғызудағы басты олжасының бірі-Санкт-Петербургтің тұңғыш архитекторы етіп, Доменико Трезиниді бекіткені. Қаладағы Жазғы бақ, Александр Невский лаврасы, Меншиков сарайы, Аничков сарайы, Аничков көпірі, барон С. Г. Строгановтың сарайы, Мәрмәр сарайы Александр ұстыны, Он екі коллегия ғимараты, Смольный монастыры, Таврия сарайы сияқты ғимарат, ескерткіштердің әр қайсысына жеке-жеке тоқталуға бір әңггіме-шолуда осынау ұлы қаланың бар ғажабын қамытып өтуге ұмтылмай-ақ олардың арасынан бірнешеуін ғана қысқа қайыра әңгімелеп өтейік.

Іргетасына алғашқы кірпішті император Петрдің өзі қалаған Петропавл қамалындағы Петр мен Павел соборының 34 метр алтындатылған шпилі бүгінде қала символы.

Нева бойындағы қаланың ажарын ашып тұрған ғимараттардың тағы бірі – атақты Адмиралтейство. Қасбетінің өзі 400 метрлік, бүйір жақтары 170 метрлік. Оның 72 метірлік алтындатылған шпилі, ғимараттың жан- жағын безендіріп тұрған зәкірлер, зеңбіректер, снарядтар, шынжырлар мен Ресейдің теңіздегі қуатын бейнелейтін барельефтер ғимараттығ сан-салтанатын одан сайын асыра түседі.

Қаладағы сарайлардың арасындағы ең кереметі, әрине, Қысқы сарай.Қазіргі Қысқы сарай – сол жерге салынған үшінші сарай. Қазан соборы Римдегі Әулие Петр соборының әсерімен салынған.

Исаакий соборының алтындатылған күмбезі Санкт- Петербург аспанына ерекше ажар береді. Қаладағы ең үлкен храм осы. Оған бір мезгілде 12 мың адам сыйып кетеді. Собор 1818 жылдан 1858 жылға дейін, яғни 40 жыл бойы салынған. Санкт-Петербургтің қандайлық қиямет-қайыммен салынғанын осы ғимараттың салыну тарихынан айқын көре аламыз. 1827 дейінгі тоғыз жыл тек ірге тас қалауға кетіпті собордың астындағы батпаққа 24 мың қада қағылған.

Қиындықтың көкесі күмбез астындағы айнала пилондарды тұрғызғанда басталған. Орталық күмбезді айнала қоршап тұрған 24 ұстынның биіктігі төменгі ұстындардан 3 метр төмен, оның үстіне жіңішкелеу, сондықтан жеңілдеу деген күнде де әлгілердің әрқайсысы 64 тонна тұрады. Міне, салмағы 64 тонналық сол ұстындар ту биікке көтерілген, орнатылған. .Ұшар биіктігі крестпен қосып есептегенде, оның биіктігі 102 метр, ұзындығы да дәл сондай.

Санкт- Петербург ұғымына қала маңындағы Петергоф, Павловск, Пушкин, Ораниембауым сияқты мекендердегі Петродворец, Патша Селосының үлкен сарайы, Екатерина сарайы (бұл кәдімгі Екатерина 2-нің емес, Петрдің әйелі патшайым Екатеринаның қүрметіне тұрғызылған) сынды архитектураның үздік үлгілері де енетіні мәлім. Бұл қалада реставрация өнерінің шетсіз-шексіз мүмкіндігіне таң қаласыз. Кешегі соғыс кезінде фашистер сол сарайлардан түк қалдырмай тонап, шаңырағын ортасына түсірген. Қазір сол кереметтердің бәрі жөндеу, өңдеу,қалпына келтіру барысында өмірге қайта туған. Сонда да небір керемет мұралар жоғалған күйі кете барды. Әсіресе адамның жанын Янтарь бөлменің тағдыры жабырқатады. Император Петр 1-ге Пруссия королі Фридрих 2-ші сыйға тартқан осынау өнер жауһары заманында «әлемнің сегізінші кереметіә» атанған. Екі жүз жылы бойы Екатерина сарайының басты қазынасы болып келген Янтарь бөлме 1941 жылдың қыркүйегінде Патша селосын совет әскерлері тастап шыққанда неміс фашистерінің қолына түскен Содан үшті-күйлі жоқ. Іздестірулер еш қанлай нәтиже бермеген. Ақыры күдер үзіген соң 1969 жылы бөлмені қайта дан қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданған. Ол жұмыс, міне отыз жылдан астам уақыттан бері жүріп жатыр.

Енді Санкт-Петербургтің даңқын дүйім дүниеге жайған Эрмитажға тоқтайық. Бұл дүние жүзіндегі ең ірі көркем сурет және тарихи – мәдени музей. «Эрмитаж» - француз сөзі, «оңаша, тыныш мекен» деген мағананы береді. 1764 жылы Екатерина 2-нің жеке қоры негізінде ұйымдастырылған. 1852 жылдан Эрмитажды көпшіліктің көруіне рұхсат берілді. Эрмитаждағы ежелгі скиф және Солтүстік Қара теңіз жағалауынан табылған көне ескеткіштер аса құнды бағаланады. Коллекция қатарында Батыс Еуропа өнері туындыларынан Рафаэль, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Джорджоне, Тициан, Веласкес шығармалары Рембрандттың, Рубенстің ең үздік полотнолары, 17-18 ғасырдағы француз кескіндемелері, 18 ғасырдағы ағылскіндеме.

Қауымдық, құрлыс мәдениеті, антик әлемі, Шығыс халықтарының өнері, орыс мәдениетінің тарихы, нумизматика, Батыс Еуропа өнері, ғылыми санаткерлік жәнеи реставрация бөлімдері. Эрмитажда 2 миллион 700 мың экспонат бар...... Мұның бәрін көріп шығуға адам өмірінің 11 жылы жұмсалар еді дейді бір кітапта. Музей экспозициясда олардың шамамен онан біріндей і ғана қойылған. Қалғаны – запсниктерде. Өйткені, орын жетіспейді. –Эрмитаж кешеніне енетін төрт ғимаратта не бәрі 350 зал бар.


Берн. Цюрих. Женева

(Швейцария)

Дүние дидарындағы ең ерекше елдің бірі Швейцарияға тоқтайық. Бұл ел туралы «үш жүрек» деген тіркес жиі айтылады, үйткені мұнда мемлекеттік тіл үшеу-немісше, француша, италиянша сөйлейтін швейцарлықтар. Бұл халықтардың әрқайсысының өзінің бюджеті, қаржысы, соты,өзінің полициясы бар. Сол сияқты олар әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық, автомобиль жолдары т. б. Мәселелер туралы дербес шещімдер қабылдай береді. Мұнда президент, вице-президент жыл сайын сайланады. Ол былай айтылады: 2004 жылғы президент, 2004 жылғы вице-президент. Швейцария нағыз демократиялық ел, мұнда мемлекетті халықтың өзі билейді. Референдуем өткізу арқылы барлық мәселе шешіледі. Дүниежүзілік рынокта швейцария өнімі ең қымбат сауда-саттық операция жасайды. Мұнда атақты « Bianepain» сағат фирмасының құрметіне көктейл өткізіліпті. Келген қонақтардың назарына -1735 қол сағаты ұсынылған құны 1 миллион швейцар франкі. Бұл шамамен 615 мың АҚШ доллары деген сөз. Біздіңше шамамен 92 миллион, 250 мың деген сөз. Ол неге соншалықты қымбат. Мәселе сол сағаттың швейцарияның атақты фирмасында ,өнер туындысы деңгейіне жеткізіліп, айрықша шебер жасалғанында. Жылына фирма 5000-6000 сағат шығарады. Сөйтіп аздап шығарып әлемдік рынокта өз өніміне тапшылықты қолдан жасайды.. Мұнда сағат шығарудан түсетін табыс елдің жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын құрайды. Мәселе швейцария өнімінің сапасында. Бұлар жатса да, тұрса да тек сапаны ойлайды .Тек сапалы ерекше сапалы тауар ғана халықтың әл ауқат деңгейін сақтай алатынын естерінен екі елі шығармайды

Ақыры аяғы өзен біткеннің бәрінің табаны да жағалауы да асыл мыстан бетондалған Көктемде су тасу дегенді білмейді. Ең ауыр жұмысқа шетелден жұмысшылар жалдайды. Күн сайын 124 мың адам Швей царияға жұмысқа келіп жұмыстан кейін үйлеріне қайтады. Олардың 27 мыңы Германиядан, 5 мыңы Австралиядан, 32 мыңы Италиядан, 40 мыңы Франциядан. Жердің аздығынан мүрденің өзі аз уақытқа беріледі., 25 жылдан кейін ол жерді басқа адам алады.. Жалпы Швейцария қай жағынанда беделді, 1848 жылдан бері бейтараптық мәртебесін абыроймен алып жүргенімен де, бес ғасырдан бері жерінде соғыс болмаған ,ішкі, сыртқы саясатның салиқалығымен де, жалпы ішкі өнім көлемінің жан басына шаққандағы нақты мөлшері бойынша бүкіл дүние жүзінде бірінші орында тұрған ғажайып экономиясы мен де беделді.

Швейцарияның астанасы Берн, ірге тасы 1119 жылы қаланған, халқының саны 130 мыңнан әзер асатын шап-шағын, тып-тыныш, әп-әдемі қала. Берн –халықаралық туризмнің ірі орталығы. Мұнда Дүние жүзілік почта одағының бюросы, халықаралық транспорт одағы орналасқан.Женева әлі де әлем дипломатиясының астанасы іспетті, халықаралық конференция, симпозиум біткен сол қалада өтеді де жатады. ВТО, ВОЗ, Қызыл Крест сияқты көптеген дүниежүзілік ұйымдардың штаб пәтерлері де Женевада. Цюрих болса елдің ең ірі қаласы әрі ең бастысы, әлемдік қаржы орталығы, әйгілі швейцар банктерінің бәрі де сонда. «Рине 6, швейцария қай жағынан болса да, жан-жақты дамыған ел. Сонда да ел дәулетінің негізі көзі ол емес. Жерінен бір грамм да қазба байлық шықпайтын, ауыр өнеркәсіп атымен жоқ. Деуге де келетін ,халқының саны жеті миллионан әзер асатын Швейцария тұрғындары ең алдымен өздеріне сенеді.Мына алмағайып дүниеде, Абай атамыз айтқандай ,адамды ақылы мен қайраты ғана екі жақтап жүріп алып шығатынын біледі.



Шанхай


(Қытай)
Шанхай қытайша - теңіз жағасындағы қала, экономикалық орталықтарының бірі, жол торабы. Халықтың саны 24 млн. болып саналады. Машина жасау, қара металлургия,химия, жеңіл және тамақ өнеркәсіп орындары шоғырланған. Қытай ҒА-ның филиалы, жоғарғы оқу орындары,көптеген музейлер, театрлар бар. Елдегі ең ежелгі қалалардың бірі.

Шанхай дегеніміз –Шанхай. Ол ескі мен жаңаның ,ол көне мен су жаңаның, шығыс пен батыстың, Еуропа мен Азияның аралас-құралас кейпіне енген ерекше қала. Оны әлемнің сегізінші кереметіне теңейтіндер, Шығыстың Нью- Йоркі немесе Шығыстың Парижі, Азияның Венециясы, Қытайдың Чикагосы деп атайтындар жетерлік.

Шанхай дегеніміз Шанхай. Өйткені оның аспандағы бұлтпен жағаласқан биік үйлері, бес қабатты, сегіз қабатты аспалы жолдары, өзен бойындағы су кешкен балықшы мекендері, ғимараттардың шығыстықта, батыстықта, еуропалық та, азиялық та үлгімен салынуы, бәрінің бір шаһарда тоқайласып, көрініс табуы – тек Шанхайдың өзіне ғана тән құбылыс. Әлемнің айтулы қалаларының қайсысында осындай қырық құраулы,бірақ әдемі үйлескен, араласып астарласқан көріністер шоғыры бар ? Шынымен ол әлемнің «сегізінші кереметі» ме?
Ой-өрісің кең болсын!
« Сіз әлем қалаларын жақсы білесіз бе?»
(викторина – ойын)
Кітапханашы викторина өткізбестен бұрын оқырмандарға арнап «Әлем қалаларына саяхат» атты көрме ұйымдастыруы керек.

Викторинаға берілген сұрақтарды кітапхананың қорына байланысты түрлендіріп өзгертулеріңізге де болады, тек сұрақтары жеңіл және әр қала туралы жан- жақты мағлұмат беретіндей болуы қажет.


1. Қай қалада мұсылман университеті ұйымдастырылған? (Каирда, Әл-Азхар мешітінде)

2. Қай қала мәңгі қала деп аталады? (Рим. Италия )

3. Әлемдегі қаржы орталығы қай қалада? (Цюрих. Швейцария)

4. Еуропадағы жаяу жүргіншілер жүретін ең әдемі, әрі ең мықты көпір? (Карлово көпірі . Чехия.)

5. Халықаралық туризмнің орталығы? (Берн. Швейцария)

6.Еуропадағы бір қала бір-бірімен қамал арқылы жалғасқан 118 аралға салынған, онда 400 көпір бар, ол қай қала, қай елде? (Венеция. Италияда)

7. Түркияның ең үлкен қаласы? (Стамбул.Түркия)

8. Сирия астанасы? (Дамаск).

9.Мұсылмандардың қасиетті қаласы? (Мекке. Мысыр елі)
10. Үндістанның ең үлкен қаласы? (Калькутта. Индия)

11. Шри- Ланка астанасын атаңыз? ( Коломбо. Адам көпірі.)

12. Азияның орталығы? (Белгісіне қай қалада ескерткіш орнатылған Қызыл қаласы, Ресей)

13. Ғажап қала, көне қала, байырғы Ресей қаласы? ( Мәскеу. Ресей)

14. «Арктиканың қақпасы» деп аталатын қала? (Мурманск. Ресей)

15. Бақаның зерттеу жұмысына тигізетін пайдасын бағалап, оған екі ескерткіш қай қалада орнатылған? ( Жауабы : француз табиғат зерттеушісі Клод Бернардың талабымен 19 ғасырда Париждің Сорбонна университетінде, ал екіншісі соңғы жылдары дәрігерлік институттың студенттері Токио қаласында орнатты).

16. Шетелдік Азияда ең үлкен порт қай қалада ? ( Сингапур )

17. Ұлы Отан соғысы жылдары қорғаныс үстінде жаппай ерлік, асқвн табандылық көрсеткені үшін « Қаһарман қала» деген құрметті атақ қай қалаларға берілген? (Москва, Санкт-Петербург, Волгоград, Киев, Севастополь, Одесса, Минск, Новороссийск, Керчь, Тула, Мурманск, Смоленск, қаласы мен Брест қамалының аты алтынмен жазылған).

18. Дүние жүзінің ірі қаласын атаңыз? Мехико (31 миллион адам ), Қалалардың бастапқы ондығында Сан-Паулу (26 млн), Шанхай (24 млн), Токио (24 млн), Нью-йорк (22млн), Пекин (21 млн), Рио-де- Жанейро (19 млн.), Бомбей (17 млн), Калькутта (16 млн), Джакарта (16 млн), Каир (16 млн).

19. Біріккен Ұлттар ұйымы қай қалада орналасқан? (Нью- Йорк . АҚШ)

20. Кино өндірісінің орталығы Голливуд қай қалада орналасқан? (Лос – Анжелес АҚШ)

21. Қай қалалар тек астаналық функцияларды орындайды? (Вашингтон, Канберра)

22. Әлемнің Бейбітшілік қаласы атанған Астананың сұлбасын жасаған саулетшіні атаңыз? (Кисе Курокава жапон сәулетшісі.)
Әлем қалаларына саяхат

(Кітaп көрмесінің жобасы)


«Әлем қалаларына саяхат» деген көрме ұйымдастырылады. Бұл көрмеге біз ұсынып отырған әдебиеттерге қосымша альбом, карта, атлас, суреттер мен открыткалар қоюға болады. Көзбен көріп, қолмен ұста дегендей көрнекілік құралдарды пайдалану оқырмандардың танымдық құндылығын арттырады, олардың өздігінен білім алу мүмкіншілігінің жүйелі әрі сапалы болуына ықпал етеді. Сондықтан да полиграфиялық талғамы жоғары суреттері әдемі Республикалық «Күмбез», «Байтерек», «Астана» журналдарын пайдалануға болады. Сонымен қатар төмендегі ұсынылып отырған дәйексөздерді де пайдалануға болады.
1 бөлім : Қала уақыт таразысында: өткені, бүгінгісі және болашағы

2 бөлім: Қазіргі қалалардың келбеті

3 бөлім: Ұлы Жібек жолының жаңғыруы-Қазақстанда туризмнің дамуы

Дәйексөз

«Өз еліңіздің, жер әлемнің лайықты ұлы болғыңыз келсе, таныған- түйгені көп шалқар адам болғыңыз келсе, парасат иесі, ер жүрек еңбекқор да күрескер адам болғыңыз келсе, мысқылдап рухани қазына жиғыңыз келсе – алыс сапар шегуден тартынбаңыз». К.Паустовский.

«Жүрген жақсы, көп дүниені көрген жақсы.Бірақ соның бәрінен де тағы бір жақсы бар көре біліп, жүре – жүре келіп, Отаныңа қайтқан сәт бәрінен де жақсы». М. Әуезов.

«Саяхатта жүрген әркім өз бойынан бір жаңалық табады. Еліңізге оралғае соң бұрыннан мәлім дүниеге басқаша көзбен қарайтын боласыз. Сөйтіп өз Отаныңызды байыта түсесіз». М.Пришвин.

«Қала келбеті- елдің сұлулықты қаншалықты бағалайтындығының белгісі». Адриан.Рим императоры
Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Жүсіпов. Т. Арқадан – Атлантикаға сапарнама. - Алматы : Жалын, 1988.-168.

  2. Венеция // Қазақстан Ұлттық Энцикл... – Алматы: Қаз.энцикл. бас. редакциясы, 1999.-Т.2.-564 б.

  3. Каир //Қаз.Сов. Энцикл.. –Алматы: Қаз. Энцикл. Бас редакциясы, 1974.- Т. 5.- 180 б.

  4. Прага // Қазақ. Совет энцикл. –Алматы: Қаз. Энцикл. Бас редакциясы,- 1978.- Т.9.- 331 б.

  5. Путешествия по Европе. Книжная мозаика. Пособие для библиотекерей по работе со страноведческой литературой /Сост. В. Лойко.- М.: Либерия., 1966.-64 с

* * *


  1. Абдрахманов.С. Каир : қала туралы дерек // Егемен Қазақстан.- 2002 - 8 желтоқсан.

  2. Абдрахманов. С. Рим: қала туралы дерек // Егемен Қазақстан.-2002.-22 желтоқсан.

  3. Абдрахманов.С. Санкт- Петербург: қала туралы дерек// Егемен Қазақстан. –2003.- 25 сәуір.

  4. Астананы дамыту // Астана .- 2003.-№ 10 . –1 б.

  5. Әлем қалаларының рейтингі// Астана .- 2004. -№2(15).- 51б.

  6. Берлин:әлемдегі алып қалалар // Парасат – 2004 –№1-3 б

  7. Қасқатаева Т. Франция. // Қазақстан географиясы және экология мектепте және ЖОО- да оқыту. – 2005 .-№2 .- 12-13 бет.

  8. Мелдеш Ғ. Аңыз және ақиқат: Прага қаласы туралы.// Түркістан. 2004.- 1 қаңтар.

14. Мелдеш Ғ Аңыз және ақиқат: Карловы Вари.// Түркістан. –2004.-8 қаңтар.

15.Мұратбекова, Н Жас қала –Астана // География және табиғат. –2005.—№2. – 49-54 б.

16. Париж // Қаз.совет энцикл.. –Алматы: Қаз. энцикл. бас редакциясы, 1976. -Т. 9.- 142 б.

17. Рим //Қаз.совет энцикл.-Алматы: Қаз.энцикл. бас редакциясы, 1978 .- Т.9.- 490 б.

18. Самат М. Египеттегі екі күн// Егемен Қазақстан. –2005.- 9-12 сәуір.

19. Сарсенбайұлы Р Шанхай әлемнің сегізінші кереметі ме?// Егемен Қазақстан.- 2004 – 26 мамыр.

20. Сәухат. Ж Германия // Астана. – 2004 - №4 .- 17 -62 б..

21. Смайыл .А. Елорда- ел басы ерліг:Астананың өркендеуі. –Қазақстанның өркендеуі // Егемен Қазақстан.-2005 .- 19 мамыр.



Мазмұны
Кітапханашыға............................................................................................................1

Бізбен бірге саяхат құрыңыздар................................................................................2

Сіз әлем қалаларын жақсы білесіз бе? (Викторина-ойын)....................................10

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.............................................................................12



Құрастырушы Р.Р. Белғожанова
Шығаруға жауапты Г.А. Бекбалакова







©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет