Кодекс және сот практикасы Әдiл ҚҰҚРЫҚ баев



жүктеу 99.21 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі99.21 Kb.
: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> d7c7e9e25e5a30ab4625709b0032d2a4 -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
$FILE -> Ұсыныс. Пікір. Махамбет БаІтыҒҰлов
$FILE -> Қылмыстық іс жүргізуде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тактикасы
Қылмыстық кодекс және сот практикасы

Әдiл

ҚҰҚРЫҚбаев,

Жоғарғы


Сот судьясы
Денсаулыққа келтiрiлген жеңiл зиян қарақшылықтың объективтiк жағымен сәйкес пе?
Aта заңымыз Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы — адам және адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін бекітті.

Осыған орай, қабылданып жатқан заңдар ең әуелі ел азаматының құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, мемлекет азаматтардың заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстауға болатынына кепілдік беріп, ата заңымызда мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей қорғалатыны айқындалған.

1997 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6-тарауы “Меншікке қарсы қылмыстар” деп аталады. Онда объективтік жағы мен жасалу әдістеріне қарай бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге байланысты қылмыстар: ұрлық, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, алаяқтық, тонау, қарақшылық, ерекше құнды заттарды ұрлау, қорқытып алушылық деп бірнеше түрге бөлінеді.

Қарақшылық осы меншікке қарсы жасалған қылмыстардың ішіндегі ауыры болып есептеледі. Себебі, қарақшылық бір жағынан меншікке қарсы бағытталса, екінші жағынан адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылықтар қолдану арқылы жасалатын қылмыс. Қарақшылықты осыған байланысты қос объектілі қылмыс дейді. Екі объектінің біреуі болмаса, онда қарақшылық та болмайды. Бұл жерде адам өмірі мен денсаулығына қарсы зорлық - зомбылық жасау осы қылмыстың негізгі объективтік белгісі, меншікті заңсыз иемденудің бірден-бір әдісі. Сондықтан заң шығарушы қарақшылықты меншікке қарсы қылмыстардың қатарына жатқызған.

Қазақстан Республикасы ҚК-нің 179- бабында: “Қарақшылық, яғни бөтен мүлікті ұрлау мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау”— деп көрсетілген.

Қылмыстық заңның бұл мәтінінің орыс тілінен қазақ тіліне дұрыс аударылмағанын және ұрлау бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену әдістерінің бір түрі ғана екенін “Заңгер” журналының 2003 жылғы 3 номерінде жарияланған “Меншікке қарсы қылмыстар тек ұрлаумен ғана шектеле ме?” деген мақаламда толық тоқталған едім. Бұл жолғы мақсатым — қарақшылықты меншікке қарсы басқа қылмыстардан айырудың кейбір проблемаларына заңгер оқырмандардың назарын аудару.

Қылмыстық заңда қарақшылықтың объектілік жағы бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау деп анықталған.

Қарақшылықтың объектілік жағының негізгі бөліктерін талдап көрсетсек, ол төмендегідей:

— бөтеннің мүлкін заңсыз иемденуге бағытталған шабуыл;

— адам өмірі және денсаулығына қауіпті күш қолданумен ұштасқан шабуыл;

— адам өмірі және денсаулығына қауіпті күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл.

Енді осы қарақшылық кезіндегі шабуыл деген не? Шабуыл жасау кезіндегі өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолдану — зорлық -зомбылық жасау деген не? Осы сұрақтардың төңірегінде ой қозғайық. Қарақшылықтың осы белгілерін терең талдап, пікірлер айтқан, қазақ тілінде жарық көрген құқықтық ғылыми еңбектердің жоқтың қасы екенін айта кеткеніміз жөн болар.

Қарақшылық жасау кезіндегі шабуыл — бұл, әдетте, аяқ астынан жәбірленушінің мүлкін тартып алып иемдену мақсатында оған зорлық-зомбылық көрсету. Қарақшылықтағы шабуыл кенеттен, жәбірленуші күтпеген жағдайда болатындықтан, жәбірленушінің шабуыл жасаған адамға тойтарыс беру, не біреуді көмекке шақыру мүмкіндігі болмайды.

Қарақшылық кезіндегі жасалған зорлық-зомбылықтың адам өмірі мен денсаулығына қауіпті болуы қылмыстық заңның талабы. Бұдан туындайтын пікір — қарақшылықтың қосымша объектісіне адамның өмірі мен денсаулығының жатқызылуы. Әлбетте, денсаулыққа келтірілген ауыр зиянның адам өміріне де қауіпті болуы мүмкін. Қарақшылық кезіндегі қылмыскердің ниетінің негізгі бағыты бөтеннің мүлкін зорлық-зомбылық жасау арқылы иемдену болса, қарақшылық кезіндегі қасақана адам өлтіру бөлек қылмыстың құрамы екені даусыз.

Осы ретте А. Санталовтың қарақшылықтың объектісі адам өмірі емес, тек оның денсаулығы ғана болады, қарақшылық кезінде адамға қасақана қаза келтірілсе, бұл әрекеттер қарақшылықтың құрамына кірмейді деген пікірінің дұрыс екенін айтқанымыз жөн. Осындай пікірлерді А. Игнатов пен Л. Гаухман да айтып, қарақшылықтың объектісі адамның денсаулығы деп атап көрсетеді..

Алайда соңғы кезде, Қазақстанда заңгерлер арасында, әсіресе 2000 жылғы 5 мамырда Қылмыстық кодекстің 96-бабына енгізілген өзгертулерден кейін, қарақшылықпен ұштасқан адам өлтіру қылмыстар жиынтығымен емес, бірақ баппен саралануы қажет деген пікірлер айтыла бастады. Бұл бөлек әңгіменің тақырыбы.

Сонымен, қарақшылық кезінде жасалған зорлық-зомбылық адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті болуы қажет.

Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық жасау деп, әдетте, сот тәжірибесінде жәбірленушіге жеңіл, орта және ауыр дене жарақаттарын салуды түсіндіреді.

Сот тәжірибесінде жәбірленушінің денсаулығына сараптама жасау жолымен анықталатын, денсаулығының қысқа уақыттық бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін айтарлықтай емес дәрежеде тұрақты жоғалтуына себепші болатын жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан зорлық-зомбылықты өмірге және денсаулыққа қауіпті зорлық -зомбылық деген түсінік қалыптасты.

Ал, енді қолында ешқандай қару жоқ, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену барысында жәбірленушіге қолымен немесе аяғымен бірді-екілі соққы беріп, жеңіл түрдегі дене жарақатын салғанда, қылмыскердің әрекеті адам өмірі мен денсаулығына қауіпті ме және осындай әрекетті соттар неге қарақшылық деп саралап жүр?

Мәселен, Ленгер қаласының тұрғыны А. түн ортасында көшеде кездесіп қалған Т. деген азаматты қатты қысып ұстап, қалтасынан бір қорап темекісін суырып алған. Осыдан кейін қашпақшы болған жәбірленушіні қуып жетіп, жұдырығымен оң көзінен бір рет ұрып құлатып, қалтасынан 9000 теңгесін алып қашып кеткен.

Сот-дәрігерлік сарапшылар А-ның қылмыстық әрекетінен жәбірленушінің оң көзі мен оң жамбасы, тізесіне түскен көгерген дақтарды денсаулығының қысқа бұзылуына әкеп соққан, денсаулыққа келтірілген жеңіл жарақаттар деп анықтаған. Сарапшылардың осы қорытындысы бірінші сатыдағы соттың А-ны қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, ҚР ҚК 179- бабының 3- бөлігінің “г” тармағымен соттауға негіз болды. Себебі, сот жәбірленушінің денсаулығына келтірілген жеңіл дене жарақатын оның өмірі мен денсаулығына қауіпті деп таныған.

Павлодар қаласының тұрғыны К. анықталмаған адам екеуі қысқы киім киген жәбірленуші И-дің арқасынан жіңішке трубамен бір рет ұрып, автокөлігінің бір дөңгелегін алып кеткен. Бірінші күні-ақ сұралған жәбірленуші К-нің қылмыстық әрекетінен ешқандай дене жарақатын алмағанын, дәрігерге көрінбегенін айтқан. Осыған орай тергеуші сот-дәрігерлік сараптама өткізуді тағайындамаған. Осыған қарамастан, тергеуші К-ге қарақшылық әрекеттерді қарастыратын ҚР ҚК 179-бабының 2-бөлігімен айып таққан. Тергеушінің пікірінше, К. жәбірленушіні арқасынан жіңішке темір трубамен бір рет ұрып, оның өмірі мен денсаулығына қауіпті әрекеттер жасаған.

Бірінші сатыдағы сот тергеу орындарының пікірімен келіспей, сотталушы К-нің қыстық киім киген жәбірленушіні жіңішке трубамен арқасынан бір рет ұрғанын оның өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық -зомбылық деп тануға болмайды деп көрсетіп, оның әрекеттерін ҚР ҚК 178-бабының 2-бөлігімен дәрежелеген.

Сот тәжірибесінде кездесетін осындай қылмыстық жағдайлар, әсіресе, жәбірленушіге келтірілген жеңіл зиянның жәбірленушінің денсаулығының қысқа уақытқа бұзылуына әкеліп соқса, сот-дәрігерлік сараптаманың қорытындысына байланысты қалыптасқан сот тәжірибесіне сәйкес мұндай зиян адам өмірі және денсаулығына қауіпті деп танылып, қарақшылық деп сараланып жүр. Осындай сот тәжірибесінің қалыптасуына қандай себептер әсер етті?

Осыны түсіну үшін Кеңес дәуірінде шыққан заңдар, ғылыми еңбектер мен қылмыстық құқықтық оқулықтарға көз салайық.

Кеңес дәуірінде қарақшылыққа байланысты ең алғашқы заң нормасы РКФСР-дың 1922 жылдың 24 мамырында қабылданған қылмыстық кодексінің 184-бабының 1-бөлігінде қарастырылды. Онда қарақшылықтың затты заңсыз иемдену мақсатында жеке адамның ашық түрде басқа біреуге өлімге не болмаса дене жарақатына әкеп соғу қаупі бар физикалық немесе психикалық күш қолданумен ұштасқан шабуыл екені көрсетілді. Алайда, қандай дене жарақатының адам өмірі мен денсаулығына қауіпті екені анық көрсетілмеді.

1926 жылғы 1 қаңтарда қабылданған РКФСР Қылмыстық кодексінде қарақшылыққа жаңа түсініктеме беріліп, “бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданумен ұштасқан шабуыл” деп танылды.

1947 жылы 4 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының “Азаматтардың жеке меншігін қорғауды күшейту” туралы жарлығы қабылданды. Осы жарлықта алғаш рет “Қарақшылық бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында күш қолданып немесе қолданамын деп қорқытып жасалған шабуыл”— деп танылып, оның адам өмірі мен денсаулығына қауіпті екені көрсетілмеді. Ал, қайталанып немесе шайканың(ұйымдасқан топтың) жасаған, сондай-ақ, адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданып немесе өлтіремін, немесе ауыр дене жарақатын саламын деп қорқытып жасалған қарақшылық – қарақшылықтың ауыр түріне жатқызылды.

КСРО Жоғарғы Сотының “1947 жылғы 4 маусымдағы Жарлықты қолдану туралы” 1948 жылғы 19 наурыздағы қаулысында жәбірленушіге қаза келтірілген немесе ауыр дене жарақатын салумен ұштасқан қарақшылықты адам өмірі мен ден- саулығына қауіпті күш қолдануымен ұштасқан қарақшылық деп саралау керектігі көрсетті. Демек, Жоғарғы Сот осы қаулысында адам өмірі мен денсаулығына қауіпті дене жарақаты ретінде тек ауыр дене жарақатын таныды.

Алайда, орыстың үлкен криминалист-ғалымдары соттың осы анықтамасына қарамай, алпысыншы жылдардың басында басқаша пікірлер айта бастады. Мәселен, 1962 жылы М. Д. Шаргородский мен Н.А. Беляевтердің редакторлығымен шыққан РСФСР Қылмыстық кодексіне түсінікте “Қарақшылық кезінде адамға қаза, немесе ауыр, орта және жеңіл дене жарақаттар келтірілсе, адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану орын алады”— деп көрсетілген.

1964 жылы Москва университетінің коллективі шығарған “Кеңес қылмыс құқығы” деген оқулықта проф. Н. Д. Дурманов: “Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануымен байланысты шабуыл деп — қасақана қаза келтіру, ауыр, орта дәрежедегі және адам денсаулығының бұзылуына әкеп соққан жеңіл дене жарақатын салған адамға жасалған қастандық”— деп анықтама берген. Осындай пікірлерді А.А. Пионтковский5, А.И. Санталов та қолдайды. Алайда, осы пікірлердің авторлары жәбірленушінің денсаулығына келтірілген жеңіл зиян жәбірленушінің денсаулығы-ның қысқа уақыттық бұзылуына немесе оның жалпы еңбек қабілетін айтарлықтай емес дәрежеде тұрақты жоғалтуына себепші болса, осындай зиянның адамның денсаулығына неге қауіпті болатынын айтпайды.

Ал, 1966 жылы РКФСР Жоғарғы Соты қабылдаған “Тонауға және қарақшылыққа байланысты қылмыстық істерді соттардың қарау тәжірибесі” туралы қаулысында “адамның денсаулығының бұзылуына әкеп соққан жеңіл дене жарақатын адам өмірі мен денсаулығына қауіпті деп тану керек” деп көрсеткен түсінігін біз 1968 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының осы аттас қаулысында сөзбе сөз қайталадық. Аксиомаға айналған бұл түсінікке ешкім қарсы пікір айтқан жоқ.

Біз оны қырық жылға жуық уақыттан кейін қабылданған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қаулысында да: “Жәбірленушінің денсаулығына ауыр және орташа ауырлықта зиян келтіруге, сондай-ақ оның денсаулығына сараптама жасау жолымен анықталатын, денсаулығының қысқа уақыттық бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін айтарлықтай емес дәрежеде тұрақты жоғалтуына себепші болатын жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан зорлық-зомбылықты өмірге және денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық деп түсіну қажет”— деп көрсеттік.

Жәбірленушіге келтірілген жеңіл дене жарақатын сарапшылар ешқашанда адам өмірі мен денсаулығына қауіпті деп қорытынды бермейді. Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 20 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген “Сот-дәрігерлік сараптама ұйымдастыру және өткізу” туралы ережелерінде денсаулыққа келтірілген жеңіл зиян адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зияндардың қатарына жатқызылмаған.

Ал, қарақшылық кезінде жасалған зорлық-зомбылықтың адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті болуы қылмыстық заңның шарты болса, онда көрсетілген қаулыдағы бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында күш қолдану салдарынан жәбірленушінің денсаулығының қысқа уақыттық бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін айтарлықтай емес жоғалтуына әкеп соққан жеңіл зиян туралы тұжырымының қылмыстық заңмен қайшылықта екеніне назар аударып, бұл тұжырымның қарақшылықтың объективтік жағымен сәйкес келмейтінін және осы мәселенің әлі де болса жан-жақты зерттеуді талап ететінін атап көрсеткіміз келеді.

Біздің ойымызша, жеңіл зиян жәбірленушінің денсаулығының қысқа уақыттық бұзылуына немесе оның жалпы еңбек қабілетін айтарлықтай емес дәрежеде тұрақты жоғалтуына себепші болса, қылмыскердің әрекеті қарақшылық деп дәрежеленуін тек сот-дәрігерлік сарапшылардың осындай қорытындысымен тікелей байланыстыру — сот-сараптама қорытындысын тікелей дәлелдеме ретінде қабылдап, ҚІЖК 120-бабының 3-бөлігіндегі заңның “Сарапшының қорытындысы қылмыстық процесті жүргізуші орган үшін міндетті болып табылмайды”— деген қағидасын жоққа шығару болып табылады.

Осыған орай, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында жасалған қылмыстық әрекеттердің салдарынан денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген жағдайларда қылмыстық әрекеттің адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін сараптама қорытындысын істегі басқа мән-жайлармен бірге соттың өзі бағалап, кінәлі адамның қылмыстық әрекетінде қарақшылықтың немесе тонаудың құрамының бар немесе жоқ екенін өзі анықтауы қажет деп ойлаймыз.



Пайдаланылған заңдар:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы.

2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі.

1997 жыл, Алматы.

3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының қаулылар жинағы(1961-1997 ж.ж.). 1 том. 1997 жыл, Алматы.

4. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары. 2004 жыл, Алматы.

5. Сот-дәрігерлік сараптама жүргізуді ұйымдастырудың ережелері.



Әдебиеттер:

1 Санталов А. И. Преступления против социалистической собственности. Курс Советского уголовного права. Ленинград. 1973г., стр. 421.

 2 Игнатов А., Гаухман Л. Квалификация насильственных преступлений по совокупности. “Социалистическая законность”, 1963, № 3.



  3 Уголовный Кодекс РСФСР. 1960 г., комментарий, Ленинград, 1962 г., стр. 192.

 4 Дурманов Н. Д. Преступления против личной собственности граждан. Уч. Советское уголовное право. Москва,1964 г., стр.206.

 5 Пионтковский А. А.Посягательства на социалистическую собственность. Курс Советского уголовного права. Москва, 1970, стр. 360.

6 Санталов А. И. Указ.работа, стр. 422.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет