Куандыкова Д.Қ. Е. А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия нан рк сер филолог. – 2006. №5. – 16-19 б



жүктеу 113.29 Kb.
Дата18.04.2016
өлшемі113.29 Kb.
: download -> DBases -> E A Buketov -> Files
Files -> Қирабаев, С. Қабыкенім менің [Текст] / С. Қирабаев // Орталық Қазақстан. 2009. 17 наурыз
Files -> Әнуар тарақОВ, филология ғылымдарының докторы
Files -> Зейтінова М
Files -> Уәлихан Ш. А. Ы. Қайран, менің асыл ағаларым-ай!/Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан//Егемен Қазақстан. 2004. 25 тамыз (№217-220)
Files -> Сәулебектегі, А. Біз білетін Бөкетовтің біз білмейтін қырлары / А. Сәуле-бектегі // Жас Алаш. 2005. 19 наурыз (№32-33)
Files -> Акылбаев Ж. С
Files -> Құлақ түрді тым ауыр сұрақ кірді
Files -> Асанұлы Қ. Е. А. Букетов публицистикасындағы ой мен тіл үйлесімі / Қ. Асанұлы // Ақиқат. – 2002.– №1. – 91-94 б
Files -> Жойқынбектегі, Қ. Айнымас серік / Қ. Жойқынбектегі // Орталық Қазақстан. 2014. 5 шілде
Files -> Абдыманапов С
Куандыкова Д.Қ.

Е.А. Букетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі/Д.Қ. Қуандықова //Қазақст. Респ. Ұлттық Ғылым акад. хабарлары, Тіл, Әдебиет сер.=Известия НАН РК. сер. филолог. – 2006. - №5. – 16-19 б.
...Әдебиет туралы түсініктердің құйылар сағасы, ең басты проблемасы, объектісі - адам. Яғни, көркем шығарманың негізгі нысаны - адам өмірі, оның қоршаған ортасы болып табылады, Өмірдің шындығы қай өнерде болса да адамның іс-әрекеті, мінез-құлқы арқылы берілетіндіктен, Е.Букетов шығармашылығындағы образ мәселесіне жан-жақты тоқтап, саралау - басты мақсаттардың бірі.

…Басқа әдебиет туындыларындағыдай, Е.Букетов көркем шығармаларында да адам образының небір үлгілері жасалған, олардың қызықта, қиын тағдырлары оқырманды бей-жай қалдыра алмайды. Е.Букетов туындыларында ой-сезімді тұтқындап, баурап алатын, тебірентетін образдар бар және ол образдардың өресі мен өрісі де кең. Осы шеберліктін. сыры мен әдісі көп қырлылықты талап ететіні белгілі. Сюжеттік желі, композициялық бітім, образ, деталь, тіл мен стиль ерекшеліктері шеберлікті қамтиды, бұл компоненттер бір-бірімен жымдасқанда, яғни қарым-қатынасқа түскенде ғана шығарманың тынысы кеңейетіні аян.

…Е.А.Букетов 1979 жылы 12 сәуірінде „Орталық Қазақстан" газетінде қазақтан шыққан тұңғыш академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай жазған мақаласында: „Өмірі мен ісі халықтың өнегелі қазынасына айналған адамдардың тіршілігі мен қаракеті жөнінде жазудың өзі тіпті қиын. Ол - ол ма, кейде тіпті қауіпті ме деп те ойлаймын. Өйткені адал ізгі ниетпен ешбір ауытқымай жазып отырғанның өзінде шындықтан алшақ кетіп қалу оп-оңай" [1, 8], — деп жазған болатын. Жазушы Қаныш Сәтбаев туралы шығарма жазар алдында бірнеше очерктер мен публицистикалық сарындағы мақалаларын мерзімді баспасөз бетеріне бастырып, үлкен дайындыктан өтті. Атап айтар болсақ, „Аққан жұлдыздан құс жолына дейін" [2], „Таң шолпанындай жарқырап" [3], „Тұңғыш қазақ академигі" [4], „Академик туралы әңгіме" [5] атты қысқа-қысқа публицистикалық әңгімелер жазған. „Менің сол Қанекеңе 17 жыл өмірім кетті. Нансаң енді кілтін тапқан сияқтымын. Көркем өнеріңіз күрмеуі қиын нәрсе ғой. Ал Қанекенді мен жақсы білген адаммын. Әр сөзі, бет-бейнесіне дейін кешегідей көз алдымда" [1, 34], - деп жазған болатын. Бірақ автордың бұл ойы толық орындалмады. Жазушы тек Қаныш Сәтбаевтың. балалық шағы мен жастық өмірі туралы ғана жазып үлгергені көпшілікке аян.

...Деректі хикаят дегеніміз - өмірде болған нақтылы жайлардан нақты мәлімет, айқын деректерге сүйеніп барып бейнелеу тәсілі қолданатын жанр. Яғни, деректі жанрдың бір түрі. „Дерекгі жанрларда әдеби шығармаға көркемдік сипаттар өмірдегі нақтылы шындық баяндалып отырған жай-жағдайлар автор ой: елегінен өткізіліп, оның әсем-әсерлерімен нәрленіп шығуы арқылы танылады" [6,197]. Расында да деректі хикаятта нақтылы жайлар, жеке өмір фактілері жинақталып, қорытылып, типтік дәрежеге көтеріледі.

Хикаяның.арабша мағынасы „әңгімелеуі» деген сөз. Негізінен шығыс-түркі әдебиеттерінде әңгіме, новелла мағынасында қолданылатын; әдеби термин. Хикая желісі шытырман сюжетке құрылған, повесть пен романнан бұрын пайда болған жанр.

...Евней Арыстанұлы Букетовтің „Жас Қаныш" атты деректі хикаяты „Қазақстан" баспасынан 1999 жылы жарықка шықты. Бұл шығармасында жазушы академик Қ.И.Сәтбаевтың жастық шағы туралы жан-жақты мәліметтер береді. Бұл туынды орыс тілді оқырмандарға арналып жазылған, онда автор қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, тәлім-тәрбие ерекшеліктеріне баса назар аударған. Бұл деректі хикаят екі тараудан тұрады. Бірінші тарауы „Аттың жалы, түйенің қомында" деп аталып, басты кейіпкердің қай жылы туғаннан бастап, кішкентай Қаныштың қолына қалам-қағаз ұстап, алдына кітап жаятын уақытқа жеткен кезімен аяқталады.

…Автор болашақ ұлы ғалым бала күнінде қандай болды, өзі құралпы жасөспірімдер арасында қандай ерекшелігі дараланды, қалай өсіп қалай ер жетті деген сауалдарға өз шығармасында толық жауап береді. Балалық шағының кейбір қызықтарын академиктің өз аузынан естіген жазушы кейіпкерінің бөтен-бастақ мінезі жок, момын, мейірімді бала болып өскенін әдемі тілмен сенімді суреттейді. Е.Букетов осы шығармасын жазу үстінде Қаныштың балалық шағын көрген адамдармен тілдесіп, сол деректерді өз хикаятына пайдаланған тұстары да бар. Бүкіл ғұмырын Қаныш туған ауылда өткізген немере ағасы Әкімтай ақсақалдың айтқанын сол қалпында өз шығармасында келтіреді: „Қанышты бір білсе, нақ мен білетін шығар деп отырсың ғой. Оның рас. Біз Сәтбай атамыздан тараймыз, екеуміздің әкелеріміз Жәмін мен Имантай бірге туған бауырлар. Інімді мақтан тұтамын, артықша жақсы көремін. Бірақ сондағы бала Қаныштың мынадай дана Қаныш болып шығатынын сол кезде білсем ғой, басқан ізін, аузынан шыққан сөзін аңдып, жадыма тоқи бермейтін бе едім. Есімде қалғаны сол, Қаныш ақылды, ұстамды, зерек бала болып өсті. Одан басқа дәнеңе де есімде жоқ" [7, 6].

...«Жас Қаныш» деректі хикаятындағы басты кейпкердің жас кезіндегі мінез құбылысын, сөйлеу мәнерін, кескін-келбетін суреттеуде автор шеберлік танытқан. «Бөкешті тындай отырып, Қаныш өзі де ағасы сияқтанып кітап оқитын күнді аңсайды. Әріптердің көбін танитынына, тіпті кейбіреулерінің басын қосып сөз құрайтынына қарамастан жазу үйренуіне әкесінің қарсы болуы Қаныштың жанына батады. Оны әсіресе күйдіретіні - домбыраға әуестігін әкесінің елемеуі. Ал Бөкеш домбыраны кәдімгідей-ақ сылқылдатады, тіпті кейде әкесінен де кем түспейтіні бар. Қаныштың қабілет-зейіні өзгеше екенін басқалардан бұрын байқаған әкесі мен анасы көздерінің қарашығындай кенжетайларының жұрт назарына тым ерте ілігіп, тіл-көз болуынан қорқып, көп ретте баланы әдейі тежейтінін Қаныш қайдан білсін» [7, 71]. Осы мінездемеден Қаныштың ерекше зерек, ақылды, намысшыл болып өскенін оқушының есте сақтап қалуына мүмкіндік жасалған.

…Болашақ академик жас шағында-ақ адамдық, азаматтық және қайраткерлік сипатын танытқанын бұл хикаятты оқу барысында көз жеткізуге болады. Қаныштың іс-әрекет үстіндегі шын келбетін, таза табиғатын адастырмай аңғартатын көптеген суреттер бар. Деректі хикаяттың «Бір ғылым болып іңкәрі...» атты тарауында Қаныштың молдаға барып оқу оқырдағы толқығаны, одан кейін Шорман ауылындағы орыс мекгебінде білім алғаны, Семейдегі орыс мектебін |тәмамдауы рет-ретімен көркем сипатталған.

...Білім алу жолында жанын аямай қызмет еткені, оқудың, білім мен ғылымның байыбына жастайынан-ақ қанық болғаны, оның мәнін терең түсінгені, аса шытырман, қиын сәттерін де көрсету арқылы автор қаһарман бейнесін білгірлікпен сенімді ашқан. Бұл хикаяттағы Қаныштың әкесі Имантай ақсақал мейлінше қамқор, әділ, еңбегі адал азамат ретінде суреттеледі. Жазушы Имантай ақсақалды: «Қаныш әлі қуаныш құшағында келеді. Дәл қазір ол мынадай денесі зор, бойы биік, қалқасы сенімді адамның жетпістен асқан жасы шашын ағартып, қимылын баяулатқаны болмаса, дене бітімі мен ширақ жүрісіне қылау түспеген, ал шешек дағы тарғылдаған қоңырқай жүзіндегі кішілеу қой көздері нұрын жоғалтпаған әкенің соңынан келе жатқанына қуанды» [7,182]. Көзі қарақты, ақылы кемел, ел-жұртына қадірлі Имантай ақсақалдың жетпістен асқанда да ел арасыңда сыйлы, қадірлі болғанын жазушы осылай шебер кескіндейді.

…Е.Букетовтің қай шығармасын оқысақ та байқағанымыз - жазушы образ сомдауға жетік. Жазушының «Алты хат» шығармасының кейіпкерлері Мәжит Нұрбаев, Агрофена Федоровна, Анна Агеевна, Аққағаз Жәкенова, Шәріп Жеделбаев, т.б. өмірде болған адамдар. Автор олардың әрқайсысынын, жекелеген кейіптерін келтіре отырып, сол кездегі қазақ балаларына сабақ берген мұғалімдері мен ғалымдарының типтік бейнесін жасауды мақсат тұтады. Бұл повестің басты кейіпкері Мәжит Мұқанұлы Нұрбаев жаны таза, рухани жан дүниесі бай, оқымысты-химик ғалымның балалық шағынан бастап, институт басшысына дейінгі көтерілген еңбек жолы, табыстары мен жеңілістері толғаныстары мен тебіреністері терең психологиялық мәнерде, хат түрінде шынайы суреттелген. Басты бейне Мәжит Мұқанұлының адамгершілік, этика, мораль мәселелеріне бей-жай қарай алмайтын мінезін жазушы дөп басып, ерекше назар аудара отырып суреттеген. Басты кейіпкердің сәтті істерімен қоса сәтсіз істері де болғанын жазушы қатар өреді. Соның бірі өзі директор болып отырған институттың бұрынғы қызметкері зейнеткерлікке шыққаннан кейін болған оқиғасы. Осы оқиғадан кейінгі кейіпкер толғанысы кімді де болса ойландырмай қоймайды. «Қарттың қарсыласқанына көнбей, мен ол кісіні тротуарға дейін шығарып салдым. Жерден тілегені көктен түскендей қуанған қарт, кіп-кішкентай доп-домалақ болып, томпандап бара жатгы. Біздің ол кісіге, еңбегі сіңіп, демалыста жүрген адамға жасауға тиісті қамқорлықтан артық ешнөрсе істемегенімізді қайдан білсін. Кетіп бара жатқан ақсақалдың сыртынан қарап тұрып, жер үстінде қуануы да жеп-жеңіл пенделердің аз емес екенін ойладым. Осындай ешкімге қиянаты жоқ, адал еңбекке сенген адамдардың жан парасаттылығын пайдаланып, арамыздан шығарып тастап, кейін оп-оңай ұмытып та кететін жағдай бар екендігін сезініп, торығып қызметіме қайттым» 8, 159]. Жылма-жыл, күнбе-күн өз бойына жүйелеп жиған білімдерін студенттерге дарытып, әлі де жастар арасында болуды ойлаған алпыстағы доцентті ай-шайына қарамай зейнеткерлікке аттандырған институт басшылығының әрекеті туралы да жазушы қызғылықгы етіп баяндайды.

...Замана келбетін суреттеу, адамдардың тұлғасын мүсіндеу - жазушының ізгі мұраты. Әрқашан өмірмен өкшелесіп отыратын қаламгер ұлы дүбірден шет қала алмайды. Қаламгердің қырағы көзі өзінің ата-бабасының өмір сүрген дәуірі мен өз кезеңі оқиғаларының жаршысы болуды, соларды ардақтауды өзіне мақсат тұтуы да - заңды құбылыс. Е.Букетов көркем шығармаларына тән сипат - өмірдің ақиқатын жинақтап, қорыта білу шеберлігі. Қазақ халқының білімге, ғылымға құлаш сермегенін, мөдениетке .кенелгенін жинақтап көрсететін көркем шығармалар осы жазушының еншісіне тиеді. Бұл тұста қазақтың тұрмыс-салты мен оның дәстүрлері, көрнекті тұлғалары туралы көпшілік түсінетін, жатық тілмен жазылған ғылыми-танымдық мәні бар ой қорытулары туралы да айта кеткен жөн.

...Бас кейіпкер Мәжит Мұқанұлы өз ұстаздарына деген құрметі ерекше екенін әрдайым өз хаттарында айтып отырады. Сол ұлағатты ұстаздарының бірі - Агрофена Федоровна. Үлкен ғалым өзінің қарт ұстазын есіне былай алады: «Агрофена Федоровна - ерекше бір жұмсақ мінезді, ерекше бір биязы кісі болатын. Ол кейін қарай тарап, желкесіне түйіп қойған сарғылттау шашымен, орысша белін қынамай тігілген көйлегімен, жаңа ғана жұмыстан босап, сенбілік киімін киіп шыққан шаруа әйелдерге ұқсайтын. Ол адамға жылы жүзімен сәл жымиыңқырап қарағанда, көкшілдеу нұрлы көздері сығырайа түсетін де, ілгерілеу біткен сирек тістері көріне қалатын" [8, 29]. Еңбеккер әйелдің осы тұрпатынан балаларды әуестендіретін еш нәрсе жоқ сияқты болғанымен, ұрыспайтын, дауыс көтермейтін ұстаздарын оқушылар неге сыйлайтынын әрқайсысы өз ішінен түсінетіні белгілі. Бұл кейіпкердің тағдыр талайы да өте қызғылықты. Әкесі жендеттердің қолынан қаза тапқаны, қолында өскен Оля ағасының қызы екені, ағасы мен жеңгесі ішті-күйлі жоғалып кеткені повестте тартымды баяндалады.

...Повестің алтыншы хатында профессор Шәріп Жеделбаев пен оның әйелі Жеміс образдары нанымды, әрі әсерлі шыққан. Әсіресе Жемістің мінезіндегі екіжүзділік, долылық қарапайым тілмен суреттелсе де өзгеге сабақ боларлық жақтары көп. Бір сәттің ішіндегі Жемістің мінезіндегі өзгерістердің қатар көрсетілуі Жемістің образ ретіндегі терең мәнін түсінуге көмектеседі. Институт директоры Жеміске үй ішіндегі келіспеушілік бары рас па деп сұрағанда:

...„Осыны айтуым-ақ мұң екен, жеңгеміздің беті сазарып, кішірек біткен көкшілдеу көздері мүлдем жасылданып, кішкентай аузының айналасындағы калың еріндері дірілдеп, бүрісіп, әжімделіп, жаңа ғана күлімсіреп жайнап тұрған жеңгем, бетінде бір қайырымы жоқ, айуанға айнала қалды. Бажылдай сөйлей айтқандарын тыңдау да, токтату да мүмкін болмады, Аузымды ашырар да емес, тыңдар да емес. Жөн жоқ, жосық жок, бапылдаған ақ қайыс..." [8, 265], - аз уақыт өткен соң күйеуімен үйге қайта кірген сәттегі Жемістің кейпі: „Жеміс жеңгеміз түк болмағандай жайраң-жайраң етеді. Мен аң-таңмын. Бағанағы айуандығы мен долылығын түсімде көргендей болдым" [8, 265]. Осы мінезге шыдай алмаған профессор Шәріп Жеделбаев отбасын тастап, астанаға кетіп қалып, көп ұзамай қайғыдан қайтыс болады. Отбасындағы осындай қасіретке балаларынан бөлек тұруы жасы келген адамға кері әсерін тигізгені кез келген оқырманға ой салады.

...Евней Букетовтің „Шоқанның шуақты шұғыласы" атты шығармасында да Шокан бейнесі жан-жақты ашылып, оның зеректігі, айналадағылардан керегін ілезде бойына сіңіріп алатын алғырлығын былай сомдалады: «Табиғат бала Шоқанның мінезіндегі осалдықтарға да» «орын берген». Мұндайда қоршаған орта өз дегенін жасамай қоймайды. Шыңғыс тұқымдарының арасында олардың кезіндегі ұшы-қиырсыз құқықтарға ие болуы арқылы, «бөлшектенген» тұлғалардың пайда болуына әкеп соқты. Ал Шоқанға табиғат өзге қасиеттермен бірге темірдей ерік, күшті жігерді қоса сыйлады. Мәселен, сенімсіздік жағдайьі тоқырауға киліктіретін жағдаяттар оның ақылы мен мінез-құлқын қайрай түсті, оның жігерлілігі мен ақылға жеңдіре білушілігін ұштай түсті " [9, 17], - дей отырып, жазушы болашақ ғалымның өскен ортасы мен болып өткен жағдайларға тереңірек үңіледі. Шоқанның| есейгенде де өз қанының тазалығын, ақсүйектігін алға тартып мақтан ете бермегенін, Шыңғыстың шежіресін көлденеңдетпегенін автор сенімді баяндау арқылы Шоқанның сом бейнесін көз алдымызға алып келеді.

...Жазушының адам бейнесін ашудағы тағы бір әдісі .- повестегі басқа кейіпкерлерге сөз бере отырып, оларға мінездеме жасатады. Г.Н.Потанин Шоқан мінезіндегі кейбір ерекшеліктерге тоқталады: „ Ол ең жақын деген достарының өздерін аямаій олардың мінездеріндегі олқылықтарға ғана емес, денелеріндегі кемшліктерге де күлетін. Бірақ бір жағынан ол достарын көп көрмегенде қауышып көрісуге асығатын. Ал арада бір-екі ай өтсе, бұл ынтазарлықтан тағы да ештеңе қалмайтын, досының жақсы қасиеттерін көрмей, ұсақ та нашар жақтарын теретін, онымен қоймай, іліп-қаға бастайтын. Егер жолдасымен ажырасқандай болса немесе ол қатты ауырып қалса, Шоқан қайтадан оның асты-үстіне түсіп, жаны қалмайтын" [6, 97],.- деп Шоқан мінезіндегі керағарлықтың болғанын, дос-жарандарымен ылғи әзілдесуінен ұлттық ерекшеліктің бой көрсетіп тұрғанын байқаймыз.

...Қазақтың аса көрнекті ғалымы Ш.Уәлихановтан мол әдеби мұра қалғаны, қысқа өмірінің ішінде Азия жөне Қазақстан халықтарының тарихы, тілі, әдеби мұрасы, этнографиясы, жағрапиясы туралы бірсыпыра еңбектер жазып, қоғамдық-саяси тақырыпта бірталай публицистикалық туындылар бере алғанына жазушы өз туындысында жоғары баға береді. Шоқан Уәлихановтың осы еңбектерінің ішінде Ыстықкөл, Тянь-Шань, Түркістан, Қашқария сияқты елді мекендерге арналған тарихи-географиялық шолулары - бүгінгі күнге дейін өзінің ғылыми күшін жоймаған мазмұнды дүниелер екенін жазушы өз шығармасында дәледейді.

...Е.Букетовтің «Шоқанның шуақты шұғыласы» шығармасында Құлжа сапарында болған оқиғалар өте қызғылықты баяндалған. Ғалымның көрген-білгендерін көркем тілмен толғана жаза отырып, сол елді мекендеуші халықтардың тұрмыс-тіршілігі, тарихы, табиғаты, сол жердің ой-қырлары, өсімдіктері мен хайуанаттарына дейін тәптіштеп суреттеген күнделіктерін де жазушы орынды пайдаланады.

…Қорыта айтқанда, Евней Арыстанұлы Букетовтің прозалық шығармаларындағы адам бейнесінің ішкі байлығы еркін сезіліп, табиғи қаз қалпында беріледі. Жазушы кейіпкерлерінің адамзат ұрпағына қызмет ету үшін тер төккенін, игілікті қызмет еткенін жан-жақты қамти алған. Ш.Уәлиханов, Қ.Сәтбаев, М.Нұрбаевтар ғылыми-техникалық, рухани қазынаның бәрі де ғасырлар бойғы адамзаттың арманының ақиқатқа айналғанын дәлелдейтін бейнелер. Осы шығармалар арқылы түйгеніміз, адам тек өз қара басының қамы үшін ғана емес, бақытты өмір сүрсем деген қарапайым тілегінің, талабының арқасында елі, жері, табиғаты, жарық дүние мен бүкіл әлем тағдыры жайлы тереңнен ойланатынына көзіміз жетеді.

…Е.А.Букетов ғылым адамдарын суреттеу барысында қазақ халқының өмірін, тұрмыс-салтын, дәуір тынысын толық аңғартады.Жоғарыдағы көркем шығармаларында қазақ ғылымындағы белгілі тұлғалардың бейнесін ашып, өмірден барлап түйгені мол жазушы ғылыми қызметкерлердің бейнесін жасауда олардың қоғамдық, әлеуметтік істердегі белсенділігін көрсете отырып, өзіңдік даралықтарын да танытқан.

ӘДЕБИЕТ

1. Мүрсәлім Б. Қоғамдық стиль мен даралық стиль. / Жинақ. Академик З.Ахметов ғылыми мұрасы және қазақ әдебиеттану мәселелері. Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы: Үш қиян, 2003.

2. Базарбаев М. Эстетическое богатство нашей литературы: Исследования и статьи. Алматы: Жазушы, 1976.

3. Букетов Е. Көкейкесті. 1-ші кітап. Алматы: Қазақстан, 2000.

4. Қаратаев М. Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы. Алматы: Жазушы, 1965.

5. Қабдолов 3. Арна. Алматы: Мектеп, 1988.

6. Әдебиеттану терминдер сөздігі/ Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбай. Семей-Новосибирск: Тайлер-Пресс, 2006.

7. Боровой Л. Путь слова. М., 1974.



8. Букетов Е, Алты хат. Алматы: Жалын, 1996.

9. Букетов Е. Көкейкесті. 2-ші кітап. Алматы: Қазақстан, 2000.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет