Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия



жүктеу 162.93 Kb.
Дата17.04.2016
өлшемі162.93 Kb.
: bitstream -> handle -> data
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> Шындалиева М. Б. ф.ғ. к., доцент
data -> Алаш зиялылары және «Қазақ» газеті
data -> А Б. Кенжебаевтың өмірі мен шығармашылығы
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы
Шындалиева М.Б.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университеті, ф.ғ.к., доцент

Мемуарлық очерк

«Мемуар, естелік (фран. memoires – еске алу), автордың өз көзімен көрген, қатысып, араласқан оқиғалар жайындағы жазбалары өмірбаян түрінде, күнделік түрінде, жол жазбалар түрінде кездеседі» [1,139]. Қандай үлгіде жазылса да мемуарлық очерктер көркем шығарманың санатына жатады және оның өмірбаяндық, күнделік, естелік ретінде жазылған үлгілері көркемдік тәсіл үлгілері болып қабылданады. Мемуарлық очерктерде автор өмірде болған оқиғаларды негізге ала отырып, болған, өзінің басынан кешкен оқиғалары мен құбылыстарын нақтылы дерек, фактілерге жүгіне отырып, желі етеді. Сонымен қатар, мемуарлық көркем очерктерде белгілі бір кезеңнің тарихи, саяси, әлеуметтік кезеңдері қамтылып, жинақталады. Очеркші өзі өмір сүрген кезеңдегі әртүрлі адамдарды өз көркем очеркіне арқау ете отырып, сол кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, жан-дүниесін бейнелеу арқылы сол кезеңнің әсері мен сипаттарын суреттеуге тырысады. Яғни, бұл мемуарлық көркем очерктерді сол кезеңнің уақыт тынысының әсері, өткен шындыққа авторлық бағаның берілуі басым түсіп жатады. Бұл көркем очерк түрінің басқа түрлерден артықшылығы - өткен, болған жайларға баға берушілік, баяндалып отырған оқиғалардың автордан басқа да куәгерлерінің бар екені. Демек, баяндалған оқиға, суреттелген іс-әрекеттер неғұлым деректі материалдар мен нақты фактілерге көбірек жүгініп жазылса, соғұрлым өмір шындығы да терең ашылғаны болып табылады. Шынтуайтында, мемуарлық очерктерде деректілік пен нақтылық қатар жүрсе де автордың көзімен көріп, басы-қасында болған оқиғаларды баяндағанда автор өз түсінігі, өзінің сол оқиға немесе құбылыстарға жеке көзқарасы арқылы баға беру жағы басым болады, яғни, авторлық баға берушілікке көп мүмкіндік жасалады.

Біріншіден, мемуарлық көркем очерктерде нақты фактімен сөйлеу, деректілік, өмірдің шындығымен сөйлеу жағы басым жатады. Екіншіден, мемуарлық очерктерде өмір танытқыштық, өткенді жинақтап көрсету, қорыта сөйлеу, жинақты түрде бейнелеу қасиеті де бар. Осы қасиеттер біріккенде де ғана мемуарлық көркем очерктің мазмұны мен көркемдік сапасы өз дәрежесінде шығады. Мемуарлық очерктер жазу үшін автордың өмірлік тәжірбиесі мол, сөз етуге тұрарлық оқиға, құбылыстарды дұрыс таңдап қана қоймай, үлгі-өнеге боларлық тұстарды саралау шеберлігі де болуы шарт. Жазушы басынан өткен нақтылы өмір құбылыстары, оның сыры, қайшылықтары терең ұғылмай, терең зерттелмей, тарихи және қоғамдық шындық сарапталмаса тәлімдік-танымдық қасиеті мол туынды жасалмайды. Очеркші өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырғанда ғана рухани ләззат аларлық туынды өмірге келеді. Мемуарлық очерктердің басқа шығармалардан айырмашылығы – құжаттық-деректік тұрғыдан неғұрлым нақты болады және автор өз көзімен көрген, білген оқиғаларын шығармасына арқау етеді.

Мемуар жанрының туу тарихы ерте дәуірлерден басталады дейді, бірақ, шын мәніндегі мемуар жанрының жетілу, қалыптасу кезеңдері ХҮШ ғасыр мен ХХ ғасыр аралығы. Орыс әдебиетіндегі мемуардың классикалық үлгілеріне А.Герценнің «Көргендер мен ойлары», Л.Толстойдың «Балалық шақ», «Жастық», «Жігіттік», К.Гольдонидің «Мемуарлары», М.Горькийдің «Менің университеттерім» т.б. шығармалары жатады. Қазақ әдебиетінің тарихында мемуарлық жанр ХХ ғасыр туып, қалыптасқан. Оған Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың «Менің мектептерім», «Өсу жолдарымыз», Ғабиден Мұстафиннің «Ой әуендері», «Сыр дәптері», М.Қаратаевтың «Көргенім мен көңілдегім», Медеу Сәрсекевтің «Сәтбаев», Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние», Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны», Мұзафар Әлімбаевтың «Көңіл күнделігінен», Асанәлі Әшімұлының «Майраның әні», Әлібек Асқаровтың «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» т.б. өмір, әдебиет, мәдениет тарихы, ақын-жазушы, өнер адамдары туралы ой толғайтын, мемуарлық сарындағы көркем шығармалары баршылық. Бұл кітаптардағы авторлар өздерін тек жақсы жағынан көрсетуді ғана мақсат етпей, қате басқан, адасқан тұстарына өмір өте келе баға беру, қиындыққа түскен кездеріндегі көңіл-күй, қиындықты жеңген сәттерін де бейнелеуімен құнды.

Сәбит Мұқановтың «Туған жердің тыңында» атты көркем очеркінде сол кезеңнің тұрмыстық жағдайларын ғана суреттеп қоймай, өзінің ішкі әлемін де әдіптейді. Мұнда тұрмыстық жағдайлармен қоса көңіл күй сәттері, жеке басының мінез ерекшеліктері, портреттік суреттемелер кеңінен қамтылады, яғни, автордың жеке басының өмірлік тәжірбиесі, өмір сүрген дәуірінің қайшылықтары, арман-мақсаттары қатар өріледі. Бұл көркем очерктің алғашқы тарауы «Бұл жердің тарихынан» деп аталып, азабы ауыр болған балалық шағын өткізген, әке-шеше, туыстарының қабыры орнаған Жаманшұбарды ширек ғасыр көрмей, қайта оралғандағы әсерлерін очеркші шыншылдықпен баяндайды.

Жазушы бұл тарауда Жаманшұбардың бұлай аталу себебін, Қарағаш жеріне көшу себептерін айта келе, өзінің қайда, қалай өмірге келгені жайында мәліметтерді бергенде жеке адам тағдыры мен қоғам тағдырын байланыстыра отырып былай береді: «... Мен олар жалшылықта жүрген жат ауылда туғанмын. Әкем қырық тоғызда, шешем – қырық екіде. Менен басқа ұл оларда болмаған. Қыздары көп болған. Бірақ, ол замандағы қазақ аулының ғұрпында қыз – бала емес, «қалыңмал» ғана.

Көп жыл ауыр бейнеттің салмағымен жаншылған менің әкем де, шешем де мен туғаннан кейін еңбекке жарамайтын дәрежеде ауырып, басқа паналар жері болмаған соң, Жаманшұбардағы туыстарына көшіп барады. Ол жылы мен бес жастамын. Келер жылы әкем өлді, одан келер жылы шешем өлді. Менен үш жас үлкен апам – Ұлтуған екеуміз жетім қалдық...» [2,21]. Жазушы өзінің балалық шағының елеулі кезеңдерін сөз еткенде қазақ елінің басындағы ауыр халді, панасыз қалған жетім балалардың басындағы ауыр жағдайды суреттегенде табиғат құпияларымен егіз суреттеу арқылы шығармасында көркемдік шешім тапқан. «Бірнеше күннің бойына созылған боран, кейде үйлер мен қораларды теп-тегіс қалың және биік күртікпен жауып кетеді. Боран ашылғаннан кейін әр үй өз қорасының маңына үйілген күртікті қазып жол ашады, үй мен үй терең қазылған орлар арқылы қатынасады...

Үйлерді күртіктер бұлай баспау үшін қыстың басында, ауылды және үйлерді жағалай, қамыстан қалқан ұсталады. Жазық далада жел айдаған қар, қалқандарға ықтай келе, біраздан кейін қалқан маңы қар тауына айналады. Қамыс қалқан ол таудың үстіне үстеле тағы да орнайды... Қар аязда тас боп қатып қалады да, адам түгіл жеңіл-желпі малды да көтеріп кетеді» [2,22],- деп Жаманшұбар жеріндегі қыстың қаталдығы, көктемнің бала атаулыға әкелер қызығы, «құралайдың салқыны» қалай түсетінін, жаз жайлаудың қызығын бейнелегенде очеркші өмір оқиғалары мен табиғаттың құбылыстарын қатарластыра отырып, ұтымды іріктеп, келістіре суреттеген. Мұнда автор табиғат суреттерін өзінің көзімен, көңіл түсігімен орайластыра береді, яғни табиғат пен кейіпкер көңіл-күйлері астарласа, қатарласа жүріп отырған. Бұл көркем очеркінде жазушы жеке басындағы жайларды ғана шолумен тоқталмайды, сол өзінің балалық кезіндегі саяси-әлеуметтік жағдай, қоғамның рухани-мәдени өмірінен де хабар бере отырып, одан кейінгі де өз жеке басының өмірлік тәжірбиелерін тізбектей келе, арман-мақсаттарының қалай орындалғанын шығармашылықпен жазады. Сонымен қатар, мемуарлық очеркте қазақ халқының тарихи дамуының аса маңызды проблемалары көтеріліп, қарапайым халықтың ең жарқын мұраты, қадір-қасиеті, сол кезде болған жаңалықтарды автор өз бейнесі арқылы көрсетеді, осыдан келіп жазушы балалық, жастық шақты тану өткінші науқан емес екенін дәлелдейді. Өткенді білмей алға жылжу жоқ, өткен күн бүгінгі күннің таразышысы, мемуарлық көркем очерктер жазушының халық өмірінің өткенін жаңа заман биігінен шолуға мүмкіндік беретін өте қолайлы көркем очерктің түрі болып табылады. Жазушының өз көзімен көрген оқиғаларын, басынан кешірген жағдайларды ғана әсерлі етіп баяндау мемуарлық очерк болады десек жетпейді, сондықтан бұл очерк түрі тарихи шындық фактілерді көркемдік жолмен жинақтау арқылы жүзеге асады. Мемуарлық очеркте бұрын болған оқиғаларды рет-ретімен баяндаса болғаны десек аздық етеді. Онда өмір танытқыштықпен қоса тағылым берерлік сәттер көп кездесіп, бұл очерк түріндегі тарих көпті көрген, көпті білген ұстазға айналса, лирикалық кейіпкердің өзі кей жағдайда тарих рөлін атқарып кетсе, өз мақсатын орындағаны. «Бұл жердің тарихынан» атты тарауда автордың балалық шағындағы өзі туып-өскен аулының портретін толық беруді, барлық жайды жас бала атынан баяндай отырып, сол кездегі ауыл-аймақтардағы өзгерістерді қаз-қалпында беруімен құнды шыққан.

Сәбит Мұқанов мемуарлық көркем очерктер жазумен ғана шектелмей, кейін мемуарлық романның классикалық үлгілерін өмірге әкелген жазушы. «Өмір мектебі» романының бастамасы жоғарыдағы очерктерден туса керек. Бұл роман халқымыздың тұтас бір дәуірде бастан кешкен оқиғаларын қарапайым ақиқатымен, адал шындығымен көрсете алған, қазақ аулының қыруар жаңалықтарын шыншылдықпен суреттеген шығарма.

Ғабиден Мұстафин «Ой әуендері» кітабын былай бастайды: «Ойсыз күнім болмады. Әр кезде, әр қилы ой келді. Көре келе, жүре келе, уақыт, жағдай өзгерген сайын ой да өзгере берді. Ол өзгерістердің бәрі бірдей есте қалмапты. Керексізімен қоса талай керектісі де өлген болар. Ал, қағазға түскен ой өлмейді, жәрәмдісін бір уақытта біреу болмаса, біреу пайдаланады. Сондықтан кейінгі ұрпақтың бір керегіне жарар деген үміттемін» [2,7],- дейді. Расында да ұлы жазушының түпкі мақсаты өткеннің дұрысы мен бұрысын таразыға сала отырып, адам жанын тәрбиелеуді, рухани азық беруді мақсат еткен сияқты. Осы кітабындағы «Өмір белестері» аталатын мемуарлық очеркінде автор өзінің туғаннан бастап, өмір сүрген ортасы, есейген шағындағы басынан кешкен оқиғалары, жеке тұрмыстық жағдайлары, өзі өмір сүрген ортаға көзқарасы бәрін-бәрін кіріктіріп, арқау етеді. Жазушы өзінің арғы аталарының шыққан тегін, туған жерінің жер-суларын, жас кезіндегі алған білімінің бастауларын, Қызылордаға оқу іздеп барып, «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазып, Ғаббас Тоғжанов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтармен танысып, аралас болғанынын қызғылықты баяндаған, өзінің басынан өткен оқиғалардың елеулілеріне ғана тоқталып, көңілге түйген жайларын, оқиғаларын қамтуда шеберлік танытқан.

«Менің өскен ортам алпыс үй Елібай ертерек жерінен айрылып, қоныс ауып, кедей болды. Сол кедейдің бірі, түбі өзбек, Сейткемелдің Әубәкірі Пәтима деген тұңғыш қызын маған атастырыпты. Әубәкір 1910 жылдан бастап саудаға айналысып, байи бастайды. Байыған сайын бізді менсінбеуге айналды. Үш-төрт жылдың ішінде, әсіресе, 1916 жылы Әубәкір бүкіл бір дуан елге ықпалын жүргізді. Қызын бермеуге айналды. Бермегеннен бұрын, ауыл үй отырып, оның қатын-қалаштары, малайларына дейін намысымызды қорлап бақты. Бала кезімде, іңірде, қараңғы үйде шешемнің:

- Қарашығым, кешегі жалғыз үйлі жаман неме менсінбеді ғой,- деп

бетімнен сүйе талай еңіреген көз жасы ішіме мұз боп қатқан» [2,13],- дей келе кейіннен Әубәкір қызылдар келер алдында қызын амалсыздан беріп, бір жылдан кейін қызының өліп қалғанын, сол кездегі саясат, қоғамдық күрес ахуалын тілге тиек етеді. Жазушы салт-сана, саясат майданына кеш келгенін айта келе, кейін-кейін зорлық, зомбылық атаулыға қарсы шығып күрескенін, қиындыққа тап келген сәттерін бейнелеуі орынды шыққан. «Өмір белестерінде» очеркшінің жеке басындағы жағдайлардан оның өмір сүрген дәуірі, сол кезеңнің саяси-әлеуметтік қайшылықтары, қоғамдық өмір өзгешеліктері толығымен көрініп отырған.

«Туған жерде» мемуарлық көркем очеркінде Ғабиден Мұстафин он бес

жылдан кейін Нұра жеріне келіп, ол елдің көп өзгергендігі туралы қызғылықты әңгімелейді. Қарағанды қаласының маңайындағы өзгерістерге, Қарағанды маңындағы Бұқпа, Қызыл құдық, Аққұдық, Қампан поселкелері қаламен тұтасып кеткені, Қара Нұра мен Шерубай Нұраның арасы күндік жер екені, Алтай руының мекені болғаны туралы суреттемелер бұл шығармасында көптеп кездеседі. 1945 жылдың өзіндегі Қарағанды қаласы былай суреттеледі: «Батысқа қарай көлденең тартқан «темір астау» терең арна толқындарды түйдегімен жұтып жатыр. Осы арна бірнеше километрге созылады. Екі жағы суармалы огород, сонау Сырғабай төбешігіне дейінгі кең алқап көкпеңбек, өнімі ішіне сыймай лық-лық етеді. Арнасынан асқан Нұра алып Қарағандыны ғана емес, ен даланың да түгін түлетіп, түрін құлпыртып жіберген...

Батысы – сол құлпырған дала, шығысы – тау бауырында тулаған Нұра, аралықтан әдемі қала өскен. Қаланың көп қабатты, алуан түсті, заңғар үйлері бар. Үй маңы өрбіп келе жатқан бәйтеректер. Дәл ортада үлкен бақ...» [2,342],- деп сол кездің өзінде Қарағанды қаласы ел мақтаны болып, сәулетті қаланың шапшаң өскендігін, көмір, темір, электр, егін бәрі де осы қаладан өрбіп отырған жайы қызғылықты деректер негізінде баяндалады. Мұнда очеркші өзінің өмірбаянын айтуды мақсат етпей, сол кезеңдегі адамзаттың, қоғамның, уақыттың өкілі ретінде Қарағандының өсу қарқынына баға бере отырып, тұжырымды және терең пікірлер айтады. Автордың туған жерге деген сүйіспеншілігі, халықтың сол кездегі әлеуметтік жағдайы мен оған деген көзқарас та білініп отырады. Осы өмірбаяндық сипаттағы көркем очерктері негізінде автор «Көз көрген» романын жазған. Онда дәуір оқиғаларын, өзі өмір сүрген кезеңнің жұмбақ сырларына, өзінің ұғымы, түсінігі тұрғысынан келген. Бұл аяқталмаған романы Ғабиден Мұстафиннің зерттеушілік, ойшылдық қабілетін танытатын, айтқыштық, пікір түйгіштік қасиеттері мол шығармасы.



Мұхаметжан Қаратаев сардар сыншы, белгілі ғалым ғана емес, көргені мен көңілге түйгені көп, айтары мол очеркші екенін «Көргенім мен көңілдегім» атты портрет, мемуар очерктер кітабынан байқаймыз. «Ұядан қияға» алғашқы тарауы былай басталады: «Өткен өмір-сөнген көмір» дейтін сөздің жаны бар екен. Байқап қарасам, көзбен көрген, бастан кешкен дүниеден көп нәрсе ұмытылған, көп нәрсе өшкен, өзгерген. Әйткенмен солардың бәрін болмағанымен, біразын еске алып, қағазға түсіргің келеді. Себебі, - бұлар қалай болса да кейінгіге сабақ болсын, жас ұрпақ жақсылығынан үлгі алсын, жаманшылығынан мүмкіндігінше бойын аулақ салсын дейсің, өткен өмірден аз да болса мағлұмат қалсын дейсің» [4,6],- деп жас шағын, туған жерін, көрген жайлары мен сезген әсерлерінің куәгер әңгімелері есебінде баяндаған. Сөз басында автор мемуарлық очеркін жазудағы негізгі мақсатын айта отырып, әркімнің өмір соқпағы әр қилы, үлкен сүрлеуге әр жолдан қосылған адамдардың тағдыры әрқалай тоғысатынын айтады. Ауылы Телікөлдегі балалық шағы, алғаш әріп таныған молдасы, сол кездегі көшпелі ауыл балаларының көрген күні, орыс әліппесін үйренген соң, оқу іздеп Ақмешіт (Перовск) қаласына барғанын автор нақты әрі көркем баяндайды. «Бастауыш мектепті бітірген соң, 1925 жылы июль айында Қызылордадағы жеті жылдық мектебі бар Ленин интернатына ауыстым. Интернат темір жолдың сыртында Сафаның бауына жайғасқан. Тәртіп күшті. Қалаға жібермейді. Мен енді 5-ші класқа түсіп оқуым керек. Оқу әлі басталған жоқ. Қасымда маған үш жас үлкендігімен ықпал жасар серігім бар. Ол біздің елде қарғадайынан байдың қозысын, кейін қойын бағып, әбден қара қайыс болған Мәдіқожа Тәжібаев» [4,18],- дей келе орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларының оқығаннан кейін өмірге жаңа көзқарасы қалыптасқандығын рет-ретімен баяндайды. Автор өткен күндерін суреттеу арқылы бүгінгі күн қажетін өтеуді ойластырған, өзі жайында жаза отырып М.Қаратаев өткен өмірге бүгінгі күн адамы ретінде зер салып барып, зейін аудартады. Болған оқиғалар мен қоғамдық құбылыстарды өз атынан баяндап, сол кездегі қазақ ауылының тіршілігін қаз қалпында жеткізе білген. Қаршадай баланың білімге, оқуға құштарлығын өз бойына шақтап, нанымды шығуын қамтамасыз еткен. Сол жас кезіндегі зерек баланың назарына түскен айшықты оқиғалар туралы жазуына, кейіннен өзінің, айналасындағы қоғам қайраткерлері дәрежесіне көтерілген өнегелі адамдар туралы әлеуметтік суреттерге толы бірнеше мемуарлық очерктер жазуына себепкер болған. «Арман асуы» атты очеркінде қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов, әдебиет зерттеушісі Белгібай Шалабаев, ақын Тайыр Жароков туралы олардың бойындағы озық қасиеттерін үлгі-өнеге етіп, өз айналасындағы адамдардың жақсы жақтарына көңіл аудару арқылы қасиеттерін алға тартады. «Сонымен Москвадамыз. Үш болашақ әдебиетші Қызыл професура институтында оқитын атақты жазушымыз Сәбит Мұқановтың жатқан жеріне іздеп бардық. Сәбең жатақхананың үлкен бір бөлмесінде Мәриям жеңгей екеуі тұрады екен. Елді сағынып қалған ба, екеуі қуанып қарсы алды. Сәбең бізді алма-кезек құшақтап:

- Е, қайдан жүрсіңдер, балақандар-ау,- деп жатыр. Сәбеңнің бала

болмасақ та «балақандар» деуі жүрегімізге жылы естіледі. Ол кісінің өзі бізге тым үлкен сияқты көрінеді. Сонда осы күні ойлап қарасақ, 34 жаста ғана екен ғой. Институтта сүйікті жазушымыздың шығармаларын түгел оқығанбыз» [4,30],- деген жазушының жылы лебізін, сенім мен жігер бере сөйлеген сөздерін, одан алған әсерлерін очеркші сенімді әрі нанымды көз алдымызға елестетеді. «Арман азабы» очеркіндегі автор тағдыры, басынан кешкен қиыншылықтар мен жеткен жетістіктері қатар өріліп, очеркшінің өз тағдыры бірінші орында көрінеді, бірақ, соның өзінде республика өміріндегі болып жатқан оқиғалар мен біраз кезеңдер қамтылып, жеңіл-желпі әңгімеленеді. Мысалы, алғашқы 1934 жылғы жазушылар одағының бірінші сьезі, 1936 жылғы Москвадағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі, 1937 жылғы Қазақстан Жазушылар одағының бірінші пленумының оқиғаларын суреттеу арқылы жазушы дәуір оқиғаларына, кезең сырларына өз көзқарасын мәнерімен бедерлеген.

Мемуарлық очерктерде тек тарихта болған адамдар, оқиғалар, құбылыстар суреттелуімен шектелмейді. Онда адам характерлері ашылып, оқиғалар бір-бірімен тығыз байланысып, сол арқылы ұлттың, халықтың да жан дүниесі көрінеді. «Қайран Жәкең» атты очеркінде халық поэзиясының өкілі Жамбыл Жабаевпен аралас-құралас болған үш жылдағы елеулі кезеңдері жайлы баяндай келе, очеркші ақынның портретін, ішкі жан дүниесін, жеке басының толғаныс-тебіреністері үстінде де бейнелейді.

«Ертеде, жырлап жүргенімде, қалың қазақты шарлап аралай-аралай Жетісумен жапсарлас Сырдария облысының, Алатаумен астарлас Қаратау төңірегін аралап, бауырмал Сыр еліне, қонақжай Түркістан оязына тақау бардым. Атақты Майлықожа, Құлыншақ, Майкөт ақындарға кездесіп, өнерлерінен үлгі алып, өздерін пір тұттым. Сол сапарымда ақындардың ішінде халқының аузынан түспейтін көп естіген есімім, алмастай өткір тілі бар, ағыл-тегіл жыры бар, шығарған сөзі шырайлы, ел аузынан көп тыңдағаным Шәді төре мен Тұрмағамбет болған. Сонда көңілім тасып, таңданып қайтқанмын» [4,44],- деп Жамбыл шығармашылығындағы халық ақындарының рөлін кейіпкердің өз толғаныстары арқылы беруі айқын көрінеді. «Сәкен аға» мемуарлық көркем очеркінде С.Сейфуллин есімінің санамызда айырықша ардақталу себептерін түсіндіруден бастайды. Атақты ақынды алғаш көргендегі әсерін автор былай бейнелейді: «1930 жылы Алматыға келіп, сырт таныс ардагер ақынды көзбен көргенде, әуелгі әсерім едәуір өзгерді. Шымқай қара мұртының екі ұшын қиғызып, шағын ғана басқызған. Бұрынғы ашаң жүзі сәл толығып, қоңырқай тартқандай. Суреттегідей емес, сұңғақты, әсем тік тұлғасымен де айрықша көз тартады, көңіл сүйсіндіреді.

Ойлы да өткір, мөлдір қара көзі бір түрлі от шашатындай кейде кейігенде қаһарлы, зәрлі ұшқын атса, көбіне жылы, жұмсақ мейірлі назар аңғартатын. Оның көзқарасы ақындық жанының бейне бір айнасы іспеттес» [4,55],- деген портреттік суреттеуден кейін Сәкеннің өзіне қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқығанын, көп ретте үлгі, өнеге болатын тұстарын жіті байқаған очеркші оның жастар үшін үлкен мектеп болғаны, ұстаздың шәкіртке деген сезімінің, сенімінің молдығы жайында ой тұжырады. Қазақ әдебиеті тарихындағы кейбір бұрылыс, өсу кезеңдері, күрделі, жаңашыл сәттердің тууы, тартымды әрі ұсталықпен жеткізген қаламгер Сәкен Сейфуллин мен қазақ әдебиетінің тарихының белестерін де егіз, жаңарулар мен мол оқиғалардың сыры мен шынын жан-жақты әңгімелейді. Автор әдебиетке араласқан шағынан бастап Сәкен шығармашылығын жіті оқып, Сәкен әкелген әдебиеттегі жемістер мен жетістіктердің аса маңызды ағыстарын шебер шежірелейді. Очеркші кейіпкер басынан өткен оқиғаларды мол қамту арқылы дәуірдің түрлі тартыстарының, мұраттарының өзгешеліктерін жіті білгірлікпен бейнелегеніне куә боламыз. М.Қаратаевтың «Биаға» очеркі Бейімбет Майлиннің, «Дала жұлдызы» Ілияс Жансүгіровтің, «Мұрат мұхиты» Мұхтар Әуезовтің, «Халық қалаулысы» Сәбит Мұқановтың, «Ағайынды Жұбановтар» Ахмет пен Құдайберген Жұбановтар туралы мемуарлық көркем очерктерінде ұлы адамдармен қалай кездесіп, аралас-құралас болғанын жай ғана баяндап қоймай, түрлі кездесулер ішінен қашанда ең керекті түйінді оқиғаларды екшеп, іріктеп ала білуімен, өмірде өшпес сабақ алған сәттерін парасатпен таратып айта білген. Жазушы өз өмірінде көрген, араласқан, таныған адамдарының бәрін емес, елеулі ерекшелігі бар, тарихта алтын әріппен жазылған тұлғаларды ала отырып, олардың тура өмірінің үзінділері бұл көркем очеркке табиғи растықты дарытып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл ұлылар тұлғасы қайырымды, парасатты, жомарт адамгершілік иелері болғанына, табиғаттай таза мінезі есте қалады. Ақындық, жазушылық, азаматтық келбеті барлық кейіпкерде молынан қамтылып, қазақ халқының болашағы үшін қызмет еткендігін суреткер нанымды әңгімелейді.

Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны» кітабында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы тағы басқа ақын-жазушылар туралы есте қалған оқиғаларға құрылған мемуарлық көркем очерктері қамтылған. Бұл кітапта автор өмірдегі көрген-білгендерін, естігендерін өз очерктеріне арқау ете отырып, ұтымды шрихтар, адамның ішкі сырлары, мінез-құлқындағы ерекшеліктері туралы философиялық түйіндеулерге негіздеген. «Бір таба нан» атты алғашқы очеркінде жазушының балалық шағы, әкесінің аралас болған адамдарымен қарым-қатынасы, өскен ортасы туралы баян еткенде әкесінің орнын, адал жүрегін, таза адами табиғатын әдемі суреттейді. Әсіресе Сәбит Мұқановқа байланысты өз басында болған оқиғалары қызықты. Соның бірі:

«- Мә, машинаңның бір жеріне тыға тұр. Көрерсің, Сәбең қазір іздейді қамшысын. Сонысын қызықтайық,- деді. Айтқанындай шықты, Сәбең қамшысын іздеді. Өзінің дағдылы тарғыл даусымен: «Әй, қамшымды қайсың алдыңдар?»- деп көпке дейін сұрау салумен болды. Біз Хамит екеуміз үлкен кісінің мына бала мінезін қызықтаумен жүрдік. Сөйтіп қамшы менің машинамда кетті. «Әне апарып берейін, міне апарып берейін» деп жүргенімде қыс түсті. Бір күні жұмыстан келсем, алты жасар ұлым Саян ілулі тұрған қамшының таспаларын тарқатып, кесіп-кесіп конькиін шандып байлап жатыр екен» [5,17],- дей келе, кейін бұл баласының атақты хоккейші атанып, атақ-даңқа ие болуына осы қасиетті Сәбеңнің қамшысының әсері болған шығар деп жориды.

Көркем очерктегі көркем шындық жолдары әр алуан және мемуарлық очерктерде де жазушы таланты күшті болған жағдайда ғана көркемдік шындық та сондай өреден көріне алады. Демек, Сафуан Шаймерденовтің «Ағалардың алақаны» атты кітабындағы естелік түрінде жазылған мемуарлық очерктері әр түрлі тақырыпқа арналған, онда өзі өмір сүрген дәуір, оның қаһармандары жанды, табиғи қалпымен көз алдымызда қалады. Кітаптың екінші тарауы «Қитұрқысы жоқ бірқақпайлар» деп аталып, жеке адамдар мен автордың басынан кешкен қызықты оқиғалар арқау. Қазақ халқының атақты жазушы-ақындары мен әншілері туралы қысқа-қысқа қызғылықты әңгімелер осы өнер адамдарының кейбір өмір көріністерін қадау-қадау елестеткен, өздеріне ғана тән ерекшеліктерді дөп басып, нанымды әңгімелейді.

Мұзафар Әлімбаевтың «Көңіл күнделігінен» эссе түрінде жазған мемуарлық очерктері қызықты әрі мағыналы. Өзінің балалық шағынан бастап баян еткен ақын өмірінің, тіршілігінің бағдарын көре отырып, әр тұстан әртүрлі кейіпкерлерді кездестіреміз, түрлі ерекшелік, мінез-құлық жиылып келгенде сол кезеңдегі қазақ ақындарының қалыптасу, есею жолдарын танығандай боламыз. Автор туған жері Маралдыны суреттегенде оның талай ақынның, аққу көмей әншінің өлең-жырына арқау болғанын тілге тиек ете келіп, былай суреттейді: «Маралды! Қозыкөш жеріндегі қырларында жидегі сыңсыған, қол созым жердегі шілігінде қарақаты мөлдіреген Маралды! Құс баласынан көлдерінің беті көрінбейтін Маралды. Жонында жайылған дуадағы тоқтыдай Маралды. Жылыбұлақ көлінен ұстағанда қара балығы бір үйді қалжасына қарқ қылатын, шортанын жиырмадағы жігіт әзер көтеретін Маралды. Қынасының қызыл реңі қыз жүзіндей алаулаған Маралды. Көк майсасынан құлын жоны көрінбейтін Маралды. Құяңнан қажыған кәрі шалды көктемге жетсе, құлан таза құтқаратын шипа сулы Маралды. Топырағы тоң майдай томырылған, құнарлы қырларында астығы асқар таудай үйілетін Маралды...» [6,6]. Туған жердің қысын да, жазын да, күнін де, түнін де шын сүйе білген ақын жүрегінен осыншама көрікті сөздер туған. М.Әлімбаев туған жерге, елге деген махаббатын осы очеркінде теңдесі жоқ сұлулығын, адамдарының асылдығын небір өрнектер арқылы төккен. Жасынан туған жердің қасиетін көріп өскен автор Ертіс өңірінен шыққан Құдайберген, Майра, Бұқар, Көтеш, Иса, Естай өлең-дастандарын әр дәрежеде естіп, қабылдап өскендігі, өсіп-өрлегендігінің көркемдік куәсі де осы адамдар екенін айғақты мысалдармен дәйектейді. М.Әлімбаевтың бұл кітабының «Көңіл күнделігінен» атты тарауы бас-аяғы жинақы, көздеген мақсаты туған ел мен туған жер, өскен орта туралы айтуды мақсат еткен нысанасына дөп тиген, мұндағы очеркшінің тұжырымдары да нақты, шыншылдық дәстүрде жазылған мемуарлық белгілерге толы шығарма. Бұл кітабы арқылы Мұзафар Әлімбаев өмірге деген өзінің көзқарасын, өзіндік ой тебіренісін, өз топшылаулары арнасынан көрсеткен деуге болады. Очеркшінің жеке басының өмірлік тәжірбиесі, сүйініш, күйініші, өмірлік шындықтың өзгелер байқай қоймайтын сырлары, құпияларын ашады және соның бәрін өзінің төл пікіріне айналдырған.

Қорытып айтқанда, мемуарлық көркем очерктерден мынадай ерекшеліктерді байқауға болады. Біріншіден, автордың өзі куә болған, басынан кешкен оқиғаларды арқау етеді, екіншіден, онда тарихи оқиғалар, белгілі қоғам, өнер қайраткерлерінің өмірлері туралы да естеліктер немесе күнделіктер түрінде де болуы мүмкін, үшіншіден, сол қайраткерлер не жеке адамның өмірі мен тағдыры сол қоғаммен тығыз байланыста суреттеледі, төртіншіден, құжаттық, деректік тұрғыда да басқа жанрлардан әлдеқайда нақтылығымен ерекшеленеді.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:



1. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құрастырушылар: Ахметов З, Шаңбаев Т. – Алматы: Ана тілі, 1996.

  1. Мұқанов С.Таңдамалы шығармалар. 13 том. – Алматы: Жазушы, 1978.

  2. Мұстафин Ғ. 5 том. Ой әуендері. (Әңгімелер, очерктер). – Алматы: Жазушы, 1984.

  3. Қаратаев М. Көргенім мен көңілдегім. – Алматы: Жалын, 1982.

  4. Шаймерденов С. Ағалардың алақаны. – Алматы: Жазушы, 1990.

  5. Әлімбаев М. Көңіл күнделігінен. – Алматы: Жалын, 1980.




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет