Лекция : 30 сағат Практика: 15 сағат обсөЖ : 45 сағат Барлық сағат саны : 135 сағат



бет6/11
Дата03.05.2016
өлшемі1.91 Mb.
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

2. Біржан – ақын, лирик. Біржан өлеңді көбіне ән үшін, әнді өлең үшін шығарған. Сондықтан олар - өзара біте қайнап, бірігіп кеткен туындылар. Олардың жігін ашамын, егізді жұбынан айырамын деп әлектену - бос әурешілік. Айталық ақынның ілгерідегі туындысы саналатын “Біржан сал” шығармасын алсақ осы өлеңде өз бойындағы асқақ талантпен таныстырудан өзге ұғым жоқ сияқты. Ал сол жолдарды әніне салып құйқылжыта орындасыншы ! Одан алар әсерді айтып та, жазып та жеткізу қиын болар еді. Ақын лирикалары ақиқат өмірден туып әлеуметтік қорытынды жасайды. Адамгершіл ақылдар ұсынылады. Қазақ жастарының өмірге көзқарасын дамытқандай ой тастап, кейбір мағынасыз өмір кешетіндерге наразылық білдіреді. Жас шақта, қоғамға, елге пайдалы істерге, өнімді еңбекке, өнер – білім ізденгіш талапкерлікке толы болуды қалайды. Мысалы : “Сырғақты” – деген өлеңінде ақын ең алдымен өмірдің мағынасын түсіне білуді керек қылады:

Бозбала, саған айтар өсиетім,

Жақын жүр әлпештеген ардақтыға.

Жанып тұрған жас өмір – ал қызыл гүл,

Сипаттауға қызығын жетпейді тіл,

Жауқазын желбіреген жастық шақта.

Өмірдің мағынасын түсіне біл.

Басқа халықтар өмір тіршіліген, әлем сырын тануда, тыныш жатпай тырбанып, талпынуда жанаярлыққа, еріншектікке жол бермей, талмай ізденіп тынымсыз еңбектеніп, дүниетанымын кеңейте түсуде деп, “Жастарға арнауында” бұл пікірлері жүйелі баяндалады :

Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,

Жан–тәнің бірге жанып күйген артық.

Ер жігіт дүниені кезгені артық,

Дүниенің не бар–жоғын сезген артық.

Түскендей аспан жерге іс болғанда.

Бел байлап, тәуекел деп, төзген артық.

Ақылға, білімге билік беріп, әділет жолын, береке-бірлік, қарекет тірлік жолын меңзеп, жоғары адамгершілік пікірлерін жырлайды. “Жақсы мен жаман” арасын ажыратар қасиеттерді термелейді.

Біржан халық поэзиясы үлгісін, қара өлең формасын қолданған. Оның поэтикалық тілі де негізінен халық ақындары үлгісінде. Ол ақынның арнау өлеңдерінен де, ән әуенді лирикаларынан да, сөз болып отырған айтыс текстінен де айқын. Тағы бір атап өтетін өзгешелігі – ақындық–шешендік тұжырымды ойларын түйіндеп, афоризм арқылы, үлгі-өнеге болар нақылға айналдыра білуі. Бұның бәрі ақынның өлең техникасына жетік екеніне куә болады. Нақыл үлгісі ретінде төмендегі жолдарды келтіре кетелік:

Алтынмен тең түспейді інжу – маржан.

Асылдан кем болмайды алмас – бірлан,

Әніме сегіз дуан таңырқаған,

Баласы Қожағұлдың атым – Біржан....

Камзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,

Дүние өтерінде шыр айналды...

Жігіттік бойға таққан бір гауһар тас,

Қартайсаң қайта айналып тағылмаған.

Қара нар жүк көтермес саздаған соң.

Су шықпас ойпаң жерден қазбаған соң .

Көрсетілген нақылдардың асыл түбі-халықтық екендігін дәлелдеудің қажеті бола қоймас.

Біржан поэзиясы - өткір тілді образды көркем шығарма. Адамды кейіптеуге, сұлу суреттер жасауға шебер. Ашық, айқын сөз бояуын өте қонымды қолданып нәрлендіріп, құлпыртып жібереді. Шабытты түстарында ол өлең шығаруға да, жаңа ән әуенін табуға да қиналмайды. «Поэзияда Абай жаңалық жаршысы болды десек, музыкадағы жаңа бағыт Біржаннан басталса керек. Ақан, Ыбырай, Ғазиз, Естай, Мәди, Балуан Шолақ т.б. жас буын Біржан бастауларынан сусындап, оны ілгері дамытты», - деген Е. Ысмайылов пікірлерін қостау абзал. Тынымсыз ізденіс, үздіксіз шығармашылық еңбек жас Біржанды бір кезде жетілткен бірден бір күш болса, сан салалы өнер салмағын жалғыз көтеру, тоқ мейіл, топас топтың жазықсыз жанның бойына салған дерт азабын көтеру, әсіресе, жасы үлғайған шақта әсте оған қиын тиді. Аяусыз қуғын жан азабы, өсек-өтірік, жазықсыз жазаға төзе алмаған ардагер азамат ақыры айықпас ауруға шалдықты.

Біржан деп атым шықты алты алашқа

Құдайым берсін ғұмыр Теміртасқа.

Жасына алпыс бестің келгенімде

Құдайым берді науқас ғаріп басқа.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,

Не болады демеңіздер адамзатты.

Үкідей желпіндірген құлындарым.

Шешсеңші білегіме арқан батты, -

деп, өзінің Теміртас, Асыл, Ақық атты балаларымен қоштасты. 1897 жылы 65 жасында, осы бір дертінен дүние салды.

Біржан шығармаларын қазіргі өнерге құштар ғалым оның әрбір сөзін, әуен ырқақтарын қалт жібермей, халық қажетіне асырып келеді. Құмарта оқиды, құлақ құрышын қандыра тыңдайды. Олар сүйікті өнерпазының шығармаларын көзінің қарашығындай сақтайды, келешектің керегіне жұмсайды. Біржан поэзиясы ұрпақтан – ұрпаққа ауысып, мәңгі жасай береді.



3. Біржан өзінің Асыл, Ақық, Теміртастай балаларын өте жақсы көріп тәрбиелейді. Өлең - әндеріне де қосады. Сондықтан Біржанның сұлуларға арнаулары мен Сараны іздеу себептерін басқаша түсіну абзал.

Алыстан тоят іздеген ақиық мінезді Біржан қиядағы қызыл түлкіге құмартты. Өзіне тең түсер сөз жүйрігін, өнер саңлағын тауып, соны сөз тұғырына іліп түсті.

Қазақтың негізгі ескі өміріндегі жұғымсыз салттарға құрбан болған арулардың аянышты тағдырына жоқшы болып, Арқаның дауылпазы Біржан Алатау алқабына жыр төкті. Сарадай асыл жанның азаттығын аңсап өтті. Адамгершілікке, адал достық, таза махаббатқа үндеді. Аруды есекке қосақтамай, Жиенқұлдай азғынға қор қылмай теңіне қосып күңдіктен құтқаруды талап етті. Ақынның бұл ниеттері – оның талай сұлуларға арналған жырларынан да, Сара қызбен айтысынан да айқын көрінетін өзекті идеялары, асқақ армандары Сарадай мінсіз жан, дана қыз көрінгеннің қанжығасына ілініп кете беруі өкінішті.

Қыз екен Тастанбектің, ақын Сара,

Бәйгеден күнде келген жалғыз дара.

Қыз да болса адамның жүйрігі екен.

Көрмедім сөзді адамда мұндай дана....

Шіркін – ай, мұндай жүйрік туармысың

Сөйлейсің алтын жай ғып сөздің жезін.

Қанатын күн шалмаған ақтұйғынның

Жапалақ иемденер басқан ізін.....

Біржан мақсаты, оны орынсыз даттап жеңу ғана емес. Ол өзінің азаттық идеясын, дана сұлу аруды қорғау, махаббаттың тот баспауын көздеп отыр, Біржан мен Сара айтыстары осындай әлеуметтік теңсіздік мәселелерін көтере білулерімен де, ерекше мазмұнымен де маңызды. Білімді, дана ақындардың әрбір сөзінде қазақ өлкелерінің байлығы, тарихи адамдары, қоныс мекендері, әр елге тән әдет жоралғылары білгірлікпен баяндалған. Әрқайсысы өз елдерінің жетістіктерін шолып, ұлылы – кішілі ауызға ілінген азаматтарын бетке ұстаған.

Біржан мен Сара айтысының мазмұн байлығын танытар фактілер көп. Олардың әрқайсысы өз ойларын ұзақ толғайды. Елі, жері, адамдары, өнерлері мен толық таныстырмай тынбайды. Қарсы дауларын да дәлелді, бұрылтпастай логикаға құрылады. Тарихи деректілік, ұтымды логика бұл айтысқа қана тән құбылыс. Осыған орай, айтысты түгел алғанда тарихи әлеуметтік дастан, лирикалық поэма дәрежесіндегі шығарма деуге де келеді. Айтыстың тілі де шешен. Неше алуан халықтық поэтикалық тіл, образ, сөздер бірінен бірі асып түседі.

Әдебиеттер

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7.Айтыс. 3-томдық .- А.,1965-1991.

8.Жұбанов А. Замана бұлбұлдары.-А.,1975.


16- Лекция.



Тақырыбы: Ақан сері Қорамсаұлы (1834-1913).

Жоспары:

1.Ақан сері - қоршаған ортадағы әсемдік әлемін, сұлулық, тағылымын жырлаушы суреткер ақын.

2.Ақынның лирикалық өлеңдеріндегі тақырып мазмұны.

3.Аңшылық-саятшылық тақырыбындағы өлеңдері.
1. Арқаның ардагері атанған Ақан (Ақжігіт) – қазақтың ән өнері аспанында зор даусымен асқақтата жыр нөсерін ақтарып өткен ерекше дарын иесі; халқымыздың бойындағы тамаша таланттың айқын көрінісі есепті сегіз қырлы, бір сырлы ардагер азамат.

Ақан – кең байтақ жерін, қасиетті ел-жұртын шын жүрегімен сүйіп, жастық шақтың жалынына күйіп, тынымсыз өмір кешкен, өршіл де ілгерішіл поэзияның шебері.

Ақынның туған жері – Көкшенің кербез сұлуы атанған қасиетті жер. Ақан – осы бір әсем табиғат құшағында еркелей өскен ел серісі. Болашақ ақын Көкшетау өңірінде, Қоскөлді жайлаған қарапайым қазақтың отбасында туып-өскен. Ол 1843 жылы, күздің жомарт айы – қыркүйекте дүниеге келді.

Жасынан алғырлығы, ұқыптылығымен көзге түскен Ақан ауыл молдасынан алған біліміне қанағаттанып қалмайды. Ол енді Қызылжарға аттанып, Уәли ахун қазіреттің медресесіне түседі.

Осы медреседе өткізген үш жылға жуық мерзімде Ақанның сусындаған кәусар бұлағы – Фирдауси, Низами, Хафиз, Шамси, Сағди, Физули, Науаи, т.б. еңбектері. Бұларға қосымша араб, парсы, шағатай тіліндегі көне түркі әдебиетінің ежелгі үлгілерімен де танысады. Медресе шәкірттерінің жетік білуге тиіс сабақтары – араб, парсы халықтарының тілі, ертегі аңыздары, жазба дүниелері.

Ақан – жастай оқып тәлім алған өнерлі, білімді жас. Өз замандастарының көбінен озық, араб-парсы, шағатай әдебиеттерінен де, сол әдебиеттерді туғызған тілдермен де жете таныс, соған қоса, орыс тілін де білген мәдениеті жоғары өнерпаз адам.

Ақан өнер бастаған кез – ұлы ағартушы, гуманистердің реалистік поэзиясы жасалып жатқан дәуір; Шоқан, Ыбырай, Абай, Біржан, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіптердің әдебиетте жаңа бетбұрыс жасаған тұс. Жазба әдебиеттің профессионал өкілдері қалыптасып, жаңа реалистік гуманистік өнер үстем болуға бет алған-ды. Ақан, Ақмолла, Жаяу Мұса, т.б. өнер адамдары – аталмыш жаңа топтың өкілдері. Бұлар да жете сауатты, білімді қаламгерлер; өз шығармаларын ауызша айтып таратуға мәжбүр болса да, көбінесе жазып шығарған, ақ қағаз, құсыни қаламды қолдарында ұстап, хаттасып, хабарласып отыру салтын бастаушылар.

Ақан сері өз заманы ұсынған дәуір талабын таныған, сол жаңа талаптар тұрғысында ізденіп, оқып білім бұлағынан сусындаған зор талаптың жемісі.



2. Ақан сері – лирик ақын. Ақын қалдырған мұраның бәрі – түгел дерлік, жүрек отының жалынындай, терең толғаныстардың туындылары, адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия, әрбір сөзі жүректі елжіретер, жаныңды жадыратар жастық лебіне суарылған нұрлы.

Ақан сері 1843 жылдар шамасында (бұған шейінгі деректе де 1834 жылы туған деген әңгіме болатын) осы күнгі Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Қоскөл деген жерде туған. Әкесі Қорамса – Арғын ішінде Қарауыл. Ақан кішкентайынан өзінің зеректігімен, әрнәрсеге әуестігімен көзге түседі. Ауыл молдасы Күнту дегеннен жас кезінен бастап оқиды. Аздап болса да хат таниды, көзі ашылады. Жасы он үшке келгенде Ақан Күнту молданың шыбығынан құтылып, Қызылжарға тартып кетеді. Онда Уәлиахун дегеннің медресесінде оқыды. Қалада жүрген соң аздап болса да орысша біле бастайды.

Ақан Қызылжардан еліне қайтады. Қорамсаның азды-көпті дәулетінің арқасында ол аса кемдік көрмейді. Балаларының ішіндегі жасынан көзге ерте түскені болғаннан ба, жоқ, басқа себептен бе, Қорамса Ақанның айтқанын қайырмайды. Шілдехана, алтыбақан, ойын-той болса Ақан сонда жүреді. Ақанның әдемі бойы, келбеті, жақсы даусы, оны ерте халыққа танытады. Оның үстіне көп адамдардың күйттейтін, дала өмірінің қызығы: жүйрік, қыранқұс, алғыр тазы Ақанның да арманы болды. Ол кедей еліндегі Шөкетай деген кісіден Құлагерді бір ат, бір сиыр, жиырма бес сом ақшаға сатып алады. Ақанның жас та болса талабына риза болған, оның жай, көптің бірі емес екенін сезген Әлібек деген өзінің жанына балаған бүркіті Қараторғайды сыйлайды. Сайрат төреден күшік күнінде Базарала атты тазының күшігін сатып алады. Тағы біреуден көкжендет деген қаршығаны таңдап алады. Енді Ақан тек әнші, ақын емес даланың жігіт басына керекті барлық қызығын жинайды. Өзі ақын, өзі әнші, сұлу жігіт халық арасында атағы тез жайылады. “Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған дегендей”, Ақанның айналасында қыз-бозбала топтала береді.

Баласының осындай даңқына сай деп әкесі Қорамса Ақанға сегіз ұлдың ортасында жалғыз өскен Бекбастың қызы Фатимаға құда түседі. Бірақ Фатима ауырып, әкесінің оң жағында, Ақанның босағасын аттап үлгермей, қайтыс болады.

Ақан бұрынғысынша ел аралап, еңсесін жоғары ұстап, өзінің өнерін көрсете береді. Жанбай сөнген ғашықтығын өлеңдетіп, “Желдірме” стилінде өлең шығарып, домбыраға қосып әндетеді.

Ақан біраз уақыт ешкімге көз салмай жүреді. Кейін Шомайт қажының қызы Фатимаға үйленеді. Фатима ақылды, байсалды, жақсы жан болады. Фатимадан Ақан бір ұл, екі қыз көреді. Оншақты жыл тұрғаннан кейін Фатима ауырып қайтыс болады. Ақан Қарауыл ішінде Балташы дегенге атастырылып қойылған Тінәлінің қызы Ұрқияны алып қашады. Ұрқия үш айдан кейін ауырып өледі. Енді Ақанды ауыр қайғыдан арылтатын тек аты болады. Бұл кездерде баяғы Құлагердің аты Ақанның өзімен бірге шығады. Құлагер небір сәйгүліктерден озып шыққан, бәйгені ешкімге бермейтін жануар болады. Құлагердің жеңісіне Ақан “Маңмаңкер” деген ән шығарады.

Халқына қадірлі Ақан өзінің орнын біледі, мақтанып асып кетпейді. Ел ішінде Ақан:

Кепсер ал, кепсер алсаң Қызылжар бар,

Өзім сал, өзім сері мен кімге зар,-деген әнін айта жүреді.

Сондай-ақ Ақанның шығармалары ішіндегі шоқтығы биігі - Сырымбет. Бұл - адамның жүрегін қозғайтын, жан ашуының, үлкен адамшылық, азаматтық сырларды жыр ететін шығарма.

Ақын ел аралап жүріп, Ыбырайдың қызы Балқадишамен кездеседі. Қыздың мінезінің, түрінің тартымдылығын әнге қосып, “Балқадиша” деген өлең шығарады.

3. Ақанның творчествосында үлкен бір оқиға – аты Құлагерге байланысты болады. Керей Сағынайдың асында Ақанның тісі батып жүрген Батыраш-Қотыраш деген байлардың балалары бәйгеге қосылған Құлагерді шоқпармен ұрып өлтіреді. Бір жамандықты көңілі сезген Ақан аласұрып атын іздей бастайды. Ол сүйікті жүйрігінің бел омыртқасы үзіліп өліп жатқан үстінен шығады. Құлагерді жоқтап Ақан өзінің әйгілі “Құлагер” атанып кеткен әнін шығарады. Бұл ән – серінің жан ашуының туындысы.

Құлагер трагедиясынан кейін Ақан арада біраз уақыт өткеннен кейін, творчестволық шабытқа қайта оралып, ел аралап жүріп, үш сұлу қызды кездестіреді де, соларға арнап, “Үш тоты құс” атанған өлеңін шығарады. Жасы алпысқа келгенде Ақан шығармаларын басқа тақырыпқа құрып, ақыл, насихат, толғау сияқты сөздерді термелеп айтады.

Белде, белде бел асар,

Белгілі жерден ел асар.

Әлдилеген ақ бесік,

Келіншекке жарасар.

1913 жылы Ақан төсек тартып, жатып қалады. Әйгілі үкілі Ыбырай Ақанның көңілін сұрап келеді. Ауру күннен-күнге меңдетіп, қараша айында ардагер әнші, халқын қызыққа бөлеген сері, дарынды ақын, үлкен жүректі адам көз жұмады. Қасында Фатимадан туған жалғыз ұлы Ыбан ғана болады.

Ақанның өзі өлгенмен, соңында өлеңі, әні, өмірінің шежіресі қалды. Ақан творчествосы талай көркем шығармаларға негіз болды. Жазушы Ғ.Мүсірепов “Ақан сері – Ақтоқты” атты трагедиялық пьеса жазса, С.Жүнісов “Ақан сері” деген екі томдық романын дүниеге келтірді.

Әдебиеттер
1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7.Айтыс. 3-томдық .- А.,1965-1991.

8.Жұбанов А. Замана бұлбұлдары.-А.,1975.

17- Лекция.

Тақырыбы: Сегіз сері Баhрамұлы Шақшақов (1818-1854)

Жоспары:

1. Өмірі мен шығармашылық жолы туралы тың зерттеулер.

2. Арнау өлеңдеріндегі ел қорғаған батырларды суреттеуі.

1. ХІХ ғасырдағы қазақтың әйгілі сері, әнші, ақын, композитор сегіз сері- Мұхаммед-Қанафия Баhрамұлы Шақшақов туралы соңғы жиырма жылдай уақыт көлемінде аз айтылған жоқ. Ән мұрасы, шығармашылық ғұмырбаяны халқымыздың өнерпаздық тарихынан ұзақ жылдар бойы түрлі себептермен қағаберіс қалып келген. Сегіз жайлы ғалым Төлеш Сүлейменов, жазушы Нәбиден Әбутәлиевтер жеке жинақтар шығарды. Белгілі өнер зерттеушілері, әдебиет мамандары, тарихшы, ақын-жазушылар І. Жақанов, Б. Тоғысбаев, Е. Жақыпов, Қ. Биғожин, Р. Отарбаев, И. Кенжалин т.б. Сегіз сері өміріне байланысты түрлі байламдар айтты. Сегіз сері 1818 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты „Благовещенский” кеңшарының жеріндегі Гүлтөбе-Маманайда Баhрам батырдың отбасында дүниеге келген. Шежіре арқылы жеткен деректерге сүйенсек, Мұхаммед-Қанафияның (Сегіз серінің шын аты-жөні) Сегіз сері аталуының өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, Мұхаммед-Қанафия сегіз жасында әкесі, ағасы Шағырай салмен және Жанат серімен бірге аңға шыққанда тайға мініп ере шығып, сол арада ағасы оқтап берген шиті мылтықпен алдарынан қашқан бір киікті атып құлатады. Содан сегіз жасында киік атып алды, мұның аты Сегіз болсын - деп, ел-жұрт солай атап кетеді. Екіншіден, Мұхаммед-Қанафия жас кезінен-ақ сегіз қырлы, бір сырлы өте өнерпаз жігіт болып өседі. Әнші, ақын, күйшілігімен қоса палуан, саятшы, атбегі және он саусағынан өнер тамған шебер болады. Осындай өнерпаздығына тәнті болған ел оны Сегіз сері атап кетеді. Әке-шешесінен жастайынан айрылған Мұхаммед-Қанафия атасы Шақшақ пен әкесінің інісі Жанат серінің тәрбиесінде болып, қомқорлығын көреді. Жас кезінде ауыл медрасесінде оқып хат таныған Сегіз серінің ұстаздары Имамғабит сері мен өз ағасы Көрпеш Бұхара шаhарында білім алған ғұлама молда, әрі белгілі әнші, ақындар еді. Ұстаздарынан ескіше хат танып араб, парсы, шағатай тілін, әдебиетін үйренумен бірге әншілік пен ақындықтың да үлкен мектебінен өтеді.

Атасы Шақшақ Көжекұлы немересінің болашағын болжап, 1828 жылы Омбы қаласындағы Сібір қазақ-орыс әскери училищесіне беріп, онда алты жыл оқытады. Мұндада ол мұсылман оқытушыларынан қазақ, шығыс әдебиетінің үлгілерімен және қисса-дастандармен тереңірек танысуға мүмкіндік алады. Сегіз серінің халық арасындағы беделін патша шешенуніктері өз мақсаттарына пайдаланғысы келеді. Бірақ олардың арам ойын, теріс пиғылын сезген Сегіз сері мұндай қызметтен үзілді-кесілді бас тартып, өз халқының алдындағы абыройын шен-шекпенге айырбастамайды.

Сегіз серінің әншілік, ақындық ғұмырнамасы ұзақ жылдар бойы зерттелмей келгені шындық жайт еді. Бір өңірдің ғана емес бүкіл қазақ халқының майталмен әнші-ақыны, сал-серісі, қол бастайтын батыры, сөз бастайтын шешені Сегіз серінің мұрасы бүгінде жинақталып, зерттелу үстінде. Бұл игілікті іске азды-көпті өз үлестерін қосып келе жатқан әдебиетшілер Қ. Мұқамеджановтың, Ж. Бектұровтың, З. Қоспақовтың, А. Сатаевтың, Е.Жақыповтың, М.Жарқұмедовтың, И. Кенжалиевтың, Н. Әбутәлиевтің, Қ. Биғожиннің, Қ.Мәдібайдың еңбектері айғақтай түседі.

2. Ел аузындағы ескі әңгімелерді, аңыздарды, тарихи оқиғаларды негізге ала отырып, Сегіз сері „Қыз Жібек”, „Айман-Шолпан”, „Ер Тарғын”, „Шора батыр”, „Ер Сайын” секілді ұзақ қисса-дастандардың өзіндік нұсқасын жасағаны, жырлағаны бұл күнде тарихи деректерден белгілі болып отыр.

Сегіз серінің шығармашылық ғұмырнамасының диапазоны өте ауқымды және халыққа жақын. Мәселен, Көтібар батырды жоқтауынан, Исатай-Махамбет көтерілісін қолдап, бірге болуынан, дем беруінен Серінің қайда жүрсе де қарапайым халықпен бірге болғандығын аңғарамыз. Исатай мен Махамбетті өзіне аға тұтып қадірлеп, ерліктерін жырға қосқан.

„Еділ-Жайық берекелі жер екен ғой,

Байұлы бақыт қонған ел екен ғой.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Исатай асқар таудай ер екен ғой”,

- дейтін жолдар Сегіз серінің құлашы кең, ауқымды „Исатай-Махамбет” дастанының бір үзіндісі ғана. Сегіз сері Исатай мен Махамбетке арнап „Қос қыран” атты күй де шығарған.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақтың айтулы әнші-ақыны, сал-серісі, сазгері, палуаны Сегіз серінің әдеби мұрасының бүгінгі жіне келер ұрпақ үшінгі тәрбиелік мәні зор болып қала бермек.


Әдебиеттер

1.Қоңыратбаев Ә.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1994.

2.Сүйіншәлиев Х.. XIX ғасыр әдебиеті . - А. 1992.

3.Сүйіншәлиев Х.. Қазақ әдебиетінің тарихы - А. 1997.

4.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

5.Омаров Б. Зар заман поэзиясы. –А.,2000.

6.Ай, заман-ай, заман-ай! Жинақ. – А., 1992

7.Айтыс. 3-томдық .- А.,1965-1991.

8.Жұбанов А. Замана бұлбұлдары.-А.,1975.

18- Лекция.



Тақырыбы: Сара Тастанбекқызы (1818-1854).

Жоспары:

1.Өмірі, ақындық шығармашылығы.

2.Сара – қазақ әйелінің арманы, мұң-шерін поэзия тілімен

өрнектеген ақын.

3.Ақынның Біржан салмен болған айтысы.

1. Қазақ халқының өнерпаз қауымы – талантқа бай. Ерлері мен қыздары өмір сапарын бірге кешіп, болашақ мүдделерін қоян-қолтық шешкен.

Өнер салаларының өсу жолында талай тамаша таланттар бой көрсетіп, өркен жайған. Шаршы топ алдында шабыт шақырып, қанша шапса да бір шалдықпай, сөз өнері жарысында сан саңлақ қыздар сыннан сағы сынбай қатар өткен: Манат, Ырысжан, Ақбала, Күңбала, Тоғжан, Айжан, Ақсұлу, Айсұлу, Жантөлі, Мақта, Мәйке, Айкүміс, Шәлипа, Ләтипа, Шәрипа, Қызболық, Шөкейқыз, Тәбия, Дәмеқыз, Ұлбике, Қадиша, Ажар, Жекейқыз, Күйкентай қыз, т.б. айтыс өнерінің қыздары – ақпа ақындардың алтын алқасы. Аталған арулардың көпшілігі қаршадай шағында-ақ , 15-17 жастарынан төселген сақа ер ақындармен тайсалмай тайталасқа түскен, өнер асырып, жүлделерге ие болған, дәуірлік туындылар қалдырған. Осынша арулар тобының алдыңғы қатарында қолына өнердің көкжасыл туын ұстап, аршынды адыммен ілгері ұмтылып, нөсерлі ән шырқаған Сара қыз болатын. Ол - атақты Біржанмен айтысы арқылы даңқын асырған ақпа ақын.

Сара Тастанбекқызы 1853 жылы қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Матай-Қатағай елінде туып өскен. Әкесі Тастанбек ерте өліп, оның інісі Жайсаңбектің қамқорлығында қалады. Сара жетімдік зардабын шегіп, жоқ-жітік көріп, тұрмыс тауқыметін тартып өскен. Шешесі Уәзипа, інісі Сахари сол ауыртпалықтың салмағына шыдамай ерте тізе бүгіп, қаза тапқан. Ал, Жайсаңбек болса, бойына біткен қайратын жұмсап, өнімді еңбек ете алмай, бұзықтар құрған тұзаққа өзін де, жасөспірім Сараны да іліндіріп алып азап шеккен. Таяуда жарияланған Өтепберген Ақылбекұлының мәліметі Қалихановты толыстырып, нақтылай түскен. Сараның өмірін, айтысын бұрмалаудан арашалап, ғылымға керек деректер берген. Біз осы соңғы табысқа жүгінеміз. Ол Сараның 1853 жылы туып, 1907 жылы өлгенін, 1871 жылы Біржанмен айтысқанын, Қарашоқыдағы зиратқа жерленгенін (Қапал ауданы), Біржанның көмегімен азат болып, Бекболға қосылып, бес бала сүйіп өмір кешкенін, әкесі Тастанбек пен шешесі Уәзипаның шағын шаруасының болғанын анықтады.

2. Сара заманына салқын жүзбен қарап, бойына қуат жиып, қайсарлық көрсете өсті. Кезі келіп, күні туар жарқын күнін армандаудан танған жоқ.

Өнерге әуестік оны танымал саңлақтарға тап қылады. Сара елінің атақты қобызшысы Молықбай ақынмен кездеседі. Қазақтың басқа да ақпа ақындары сияқты Сара да халық өнерпаздары алдын көріп, өнерін үйреніп, мектебінен өтеді. Зейінді жас аға ақылын мүлт жібермейді, өнеріне бас иіп, өзінше өрнек төгеді. Жастығына қарамастан, санасы да, қабілеті де тез қалыптасып, алқалы топ алдында ақындық сыннан өтіп, көркем сөз сиқырына жетіліп алады. Домбыраға да Сара он жасынан-ақ әуес болып, жыл өткен сайын ән мен музыканы ақындық талантына дем берер сенімді сүйемелге айналдырады.

Қоңыр күй қобызында Молықбайдың ,

Үкісін домбырамның толықтайын...

Аралап өмір сырын, бойым сергек,

Саралап алды-артымды, ақыл тергеп,

Арман мен адал сырымды өлең қылып,

Ән салу домбырамен болды енді ермек.

Жетімдік, жоқтық азабын тарта жүріп, 15 жаста-ақ ол ел аузына ілініп, ақын Сара атанады. Еліне танымал Ниязбек, Мәулімбай, Қыдырәлі, Арслан, т.б. ақындармен кездесіп, айтыс өнеріне де жаттығады. Тасыбек, Ермек, Құдайбергендермен айтысады. Түбек, Бақтыбай сияқты аға ақындардан да хабарлы болады. Ақылы мен өнеріне көркі де сай , сындарлы сұлу Сара болып бой жетеді.

Сара - өмір бойы мұқтаждық, панасыздық қасіретімен арпалыса жүріп, өнерін, ақылын жетілдіре білген ізденімпаз, ізгі ниетті аяулы жас түлек. Оны халқы аялап өсіреді, түлетіп бақты.

Қазақ әдебиеті жасаған сан сұлулар мүсіндерінің мұңлы тағдыры бұл шындықтың қайғылы сырын танытар мәңгі ескерткіш. Мысалы: Абайдың “Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында” деген өлеңіндегі теңдік таппай қорланып, жартастан суға құлаған сұлу тағдыры, кейінгі ақындар жасаған – Гүлхашима, Ғайша, Сұлушаш, Қаралы сұлу, Қаракөз сияқты қазақтың аяулы сұлуларының қайғылы тағдырларын Сара да өз басынан кешті. Бой жетпей жатып-ақ оған құда түсті.Он үш жасар балғын Сараны тумысынан кеміс, кексе Жиенқұлға қоспақшы болады. Сараның ендігі мақсаты тек тұрмыс кемтарлығын жоюды, халық қатарлы өмір сүруді ойлау емес, ең алдымен, басына бостандық алу ниетінде болған еді. Он бес жастан он жеті жасқа дейін ол Жиенқұл қармағынан құтылу әрекетін іздестірді.

Замана қайшылықтары, әсіресе, кедей-кепшік пен әйел жұртының правосыздығы Сараның кейінгі ақындық творчествосының арқауы болып қалыптасады. Қалың малды құдалық салты, оны малданған ескі есер қауым замандар бойы талай арулардың көз жастарын арқалап, обалдарына қалып келе жатқандарын батыл әшкерелейді. Кейбір жоқшылық көрмей өмір кешкен жеке аналар тағдырлары, өзі де, осы правосыздық салмағын мойындарымен көтеріп, ауыр зілдің астында бой жаза алмай байланып-маталып, жүректер сүйген ғашықтарына қосыла алмай, арманда өткенін ашына жырлайды. Өзі ашқан шындық сырын басқаларға да ұғындырмақ болады. Халқының жылы лебізімен Сара барған сайын батыл қимылдап, күңдіктен құтылудың амал-айласын қарастыра түседі. Бас бостандығы талаптарын ашық көтеріп, тыным таппайды. Правосыз өмір кешкен көп әйелдердің бірі болып өтуден, өмірден түңіліп, дәрменсіздік көрсетуден, босқа өлуден бас тартады. Батыл сөз айтады. Әсерлі ән шырқап, даланы күңірентеді.

Қызымын Тастанбектің атым - Сара,

Арман көп, ауызыма, халқым қара.

Қорғанар көп ішінен бұта таппай,

Шырылдаған боз торғай мен бір бала.

Еңіреттің ерте бастан, туған елім,

Кір жуып, кіндігімді буған менің.

Кең жатқан Садыр, Матай елдерінен

Бір теңім болмады ма ұлдан менің.

Сара өзінің басына түскен ауыртпалықтың үлкен сыры теңсіздікте, қорғансыз жетімдікте екенін айта алды. Егер әкесі тірі болып, ол дәулетті байлардың бірі болса, мұндай қорлыққа душар болуы екіталай екенін:

Бүйтер ме ем, болсам егер баласы бай,

Ауқатты, әкем тірі, төрт жағым сай,-деп термелейді.


Каталог: CDO -> 2012-2013 -> XIX-KazAdeb -> Data
Data -> ЖҰмыс бағдарламасы пән: ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті Оқу түрі: : күндізгі Факультет: Гуманитарлық білім
Data -> Гуманитарлық білім» факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы
2012-2013 -> Семинар: «абайдың АҚын шәкірттері»
2012-2013 -> Биология-химия кафедрасы
2012-2013 -> Жұмыс бағдарламасы Пән : Иммунология
2012-2013 -> Бағдарламасы Жетісай 20 ж Құрастырған: Р. А. Кошкаров Кафедра мєжілісінде қаралған
2012-2013 -> Ф-об-007/020 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2012-2013 -> «Химия және биология факультеті «Биология және химия» кафедрасы. “Омыртқасыздар зоологиясы” пәні бойынша
2012-2013 -> ЖҰмыс бағдарламасы пән: Топырақ биологиясы Оқу түрі: күндізгі Факультет: Химия және биология
2012-2013 -> Қарапайымдардың ішінен тұрақты дене пішініне ие емес өкілдері бар класын атаңдар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет