Ұлы Жеңіс – ар туы аласармас



жүктеу 115.29 Kb.
Дата02.05.2016
өлшемі115.29 Kb.
: Pobeda -> 3KO
Pobeda -> Солдаты Победы Новодугинский район Историческая справка
Pobeda -> Солдаты Победы Угранский район
Pobeda -> Солдаты Победы Починковский район Страницы истории
Pobeda -> Абакумов георгий Григорьевич, 1897 г р. Житель с. Верхнеильинка Верхнеильинского с/с Омского р-на Омского окр. Западно-Сибирского края. Состав семьи: жена Прасковья, 1897 г р., сын Николай, 1923 г р
Pobeda -> Старый Оскол в годы войны
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»
Pobeda -> Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»
3KO -> Оқушы туралы мәлімет: Аты-жөні: Құбайдолла Гүлім Жамбылқызы Мекен-жайы
3KO -> Облысы: Батыс – Қазақстан, Ауданы: Жәнібек, Ауылы: Жәнібек, Мектебі: Т. Жароков, Сыныбы



Батыс Қазақстан облысы

Бөкей Ордасы ауданы

Мұхамед-Салық Бабажанов

атындағы ЖОББМ-нің

11-сынып оқушысы

Қайратқызы Жұпаргүлдің

шығармасы

«Ұлы Жеңіс – ар туы аласармас».

Сайқын - 2010



Ұлы Жеңіс – ар туы аласармас.
Алақай, жеңіс келді, жеңіс келді!

Көз жасынан құрғайды жер үсті енді.

Атыраптан «аттандар» естілмейді,

Алаулаған от-жалын тегіс сөнді.

М. Мақатаев.
Жеңіс! Ұлы Жеңіс! Бұл – терең мағыналы, қасиетті сөз. Жеңіс – ар-ождан ұғымы, әділдік биігі, ерлік, қаһармандық қасиеті, халықтың, елдің аяулы арманы, аласармас асыл мұраты.

Жеңіс – ата-бабаларымыздың тамған қанының, аналардың көз жасының, қыршын жастың үзілген ғұмырының, жас сәбилердің әкесіз, жесірлердің жарсыз өткен өмірінің өтеуі. Жеңіс бүгінгі күндері еліміздің аспанында шалқыған Тудай нұрланып, асқақтаған ән-жыр боп төгіліп тұр. Жеңістің қадір-қасиетін бағалау, оны қадірлеу, құдіретін түсіну – барша адамзаттың, соның ішінде біздің, жас ұрпақтың, зор парызы. Жеңістің терең ұғым, кең мағынасын түсінемін, түсінемін де басымды иемін!

Ал Жеңіске жетер жол жеңіл болмағаны белгілі.

Талай-талай қиындықтан, сыннан, күрестерден өтіп, дамудың, көркеюдің өзіндік жолдарын тауып, өнері өркендеп, білімі жетіліп, шаруашылығы көркейіп келе жатқанда, Отан тыныштығын кілт бұзған, ел басына қанды дауыл боп төнген соғыс зор қасірет, сұмдық зұлмат болды. Сұм дұшпан, қанқұмар Гитлер бастаған фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасап, еліміздің мамыражай тыныштығын, бақытты бейбіт өмірін тас-талқан етті.

Құлап түсті шекара бағанасы –

Қабырғамдай қираған маған осы.

Таразыда теңселді өлу-өлмеу,

Азаттықтың, елдіктің мағынасы, –

деп қазақтың көрнекті ақыны Ж.Молдағалиев осы Отан басын өрт шалған қиямет кездегі адам мен ел қарым-қатынасының таразыға түсіп, халық азаттық үшін арын арқау етіп, елдікті сақтауға көтерілгенін шебер бейнелеген. Иә, ел тағдыры сынға түскен сәтте кім байыз тауып отыра алар?! Ішкен ас бойға тарап, көзге ұйқы үйірілер ме мұндай сәтте?!

Ел басына күн туғанда етігімен су кешетін ерлер бұл жолы да ерлік, табандылық, қайсарлық дәстүрін жалғап, ата-баба жолын ұстап, қан майданға аттанып жатты...

Жау оғы төбеден зулап түсіп, байтақ жерімізді жайдай жайпап жатқанда, ну орман шашын жұлып зар төкті, қайғыдан теңіздер тебіреніп, таулар теңселді. Жер-ана мұң шеккенде, адам баласы қалай шыдасын, шақырумен де, өздері сұранып та аптал азаматтар, өрімдей жастар қан майданға жол тартты.

Маған Отан жерінің әр сүйемі –

Ана емшегі, ақ сақал ар сүйегі.

Таптап жатса соларды жау табаны,

Қалай қазақ ас ішіп, жар сүйеді?-

деген Жұбан ақын сөздері нағыз осы кезеңнің шындығын танытатын еді.

Туған елін, байтақ даласын сүйген әр қазақ жасының бойын қас дұшпанға деген кек кернеп, айбаттанып, қаһарланып, мұздай қару құрсанып, бітіспес шайқасқа белін бекем буды. Қазақтың майдан кешкен от тілді өр ақыны Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасындағы:

Қасиет күші Ұлы Отанның,

Қанатын бер қыран құстың,

Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың.

Күллі әлемнің ашу-кегі,

Орна менің кеудеме кеп.

Жау жолына атам сені,

Бомба бол да жарыл, жүрек, –

деп жас ұланның аузына салған ұрандай сөздері барша қазақтың, тіпті бүкіл кеңестіктердің анты болды деуге болады. Жұрттың бәрі сыртына шығарып мұндай сөздерді айта алмаса да, жан дүниесі осындай ойға бекініп, жүректерінде тап осы сөз сыр боп тұнды. Туған Отанға соғыс атты қайғы бұлтын төндірген жылы жүрексіз, адал ниетсіз, арам пиғыл сұм жауға отаншыл жүректер тас түйін боп қырандай шүйілді. Батыстан кірген жаудың адымын алға бастырмай, тілерсегін қиып, қанын ағызып, келген ізімен кері қуу – соғыстың басынан-ақ негізгі мақсат болды.

«Барлық күш майдан үшін, Жеңіс үшін!» деген Отан үндеуіне Қазақстан халқы қажырлы жанқиярлық ерлікпен, еңбекпен жауап берді. Ер азаматтар майданға аттанып жатқанда, Доссор мұнайы, Қарағанды көмірі еселеніп Жеңіс мүддесіне жұмсалды. Майданда жауға атылған әр он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Белі бүгілген қария, жас ана, қартаң әйел, буыны бекімеген бала – бәрі де азаматтардың орнын басып, күн демей, түн демей тылда өлшеусіз еңбек етті. Олар мал бақты, шөп шапты, жер жыртты, егін салды, көмір қазды, мұнай өндірді, қару-жарақ жасады, азық-түлік шығарды. Халқымыз майдан қамын ойлап, Жеңісті жақындату үшін аянбады. Соғыстың алғашқы күндерінде Қазақстанда әскери бөлімдер жасақталып, бір миллион екі жүз мыңдай адам майданға аттанды. 1941 жылы Алматыда 316- атқыштар дивизиясы жасақталып, Москва қаласын қорғауда өшпес даңққа бөленді. Ал қазақ ақын-жазушыларының 60 пайызы өз еріктерімен майданға аттанып, жауға қарсы қарумен де, қаламмен де күресті. Қаламгерлердің отты өлең-жырлары, байыпты мақалалары, әңгімелері жауынгерлердің бойына намыс пен жігер, қажыр мен қайрат, табандылық пен ерлік рухын дарыта алды. Жамбыл бабамыздың жалынды жырлары, Қасым ақынның өршіл өлеңдері, Б.Бұлқышевтің жігерлі сөздері, «Тізе бүгіп тірі жүргеннен, қайрат көрсетіп өлген артық», – деген сияқты Б.Момышұлының намысқа толы нақылдары халықты батылдыққа бастап, ертең-ақ жетер азат күнге деген сенімін жоғалтпауға көмектесті.

Майдан кешкен ерлердің бәрі де батыр, бірінен бірінің кемі жоқ деуге болады. Алайда батыр халықтың сын сәттерде жалындаған жаңа батырлары тарих беттеріне өз аттарын алтын әріптермен жазып, ерен ерліктің толағай үлгілерін әлемге паш етті. Оларлың аты мен даңқы 65 жыл бойы елдің мақтанышына айналып, том-том кітап, ескірмес естелік арқылы жас ұрпақтың сөнбес шырағы болып келе жатыр. Ерлік елдің асқақ әні, жалынды жыры, күмбірлеген күйі боп шалқуда. «Ерлік елге – мұра, ұрпаққа ұран» деп халқымыз бекер айтпаған. Сондай ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран боп қалған Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Т.Тоқтаров, Н.Әбдіров, С.Баймағамбетов, Т.Бигельдинов, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Х.Доспанова сияқты Батырлар халық жүрегінен өшпес орын алды. Ал бұл тізімді ұзарта беруге де болады.

Батыр десе, көз алдымызға ең әуелі Бауыржан Момышұлы келеді. Ерлігі елге аңыз, қайраты мен табандылығы ерекше, сөзге шебер, ойға жүйрік, ата салтына берік және шебер қолбасшы, дана ұстаз болған Б.Момышұлын ата қазақтың бейнесі деуге болады. Бауыржандай батырын сүймейтін, қадірлемейтін қазақ жоқ десе де артық емес. Қас дұшпанға қасқайып қарсы тұрып, нәзік қолдарымен оқ ұстап, от шашқан Әлия мен Мәншүк апаларымыз ерліктің қос қанаты сияқты. Шығыстың қос Шолпаны атанған қаһарман аруларын елі мәңгілік алауға айналдырып, зор құрметпен аялап келеді. Соңғы жылдары қазақтың батыр қыздары екеу емес, үшеу екенін білдік. Қазақ қыздарынан шыққан әскери ұшқыш Хиуаз Доспанова 360 рет жау төбесінен шүйіліп, талай көзсіз ерліктер көрсеткен. Батыр апамыз ПО–2 ұшағымен дұшпанын жаубүйректей қуырып, Солтүстіктегі Кавказ, Қырым, Кубань, Украина, Германияны азат етуге қатысқан екен. Кеудесімен дұшпан танкісінің дзотын жапқан С.Баймағамбетовті, көк қырандары Н.Әбдіров пен Т.Бигельдиновтерді кім ұмыта алар?! Олар – ерліктің қайталанбас алып тұлғалары.

Москваны алмаққа ентелеп келген немістерді тосқауыл боп тоқтатқан, маңызы зор қаһармандық жасаған 28 батырдың ерліктері елге аңыз боп қалды. Ерлік ескірмейді, мәңгі жасайды, бұл ұғым нақтылыққа айналды.

Біздің туған аулымыз Орда, Нарын өлкесі де – ерліктің бесігі болған жер. Махамбет, Исатай бабаларымыздың жолын қуған Ахмедияр Құсайынов, Темір Масин аталарымыз майданнан Батыр боп оралып, соғыстан кейінгі бейбіт кезеңдерде еңбектерімен ел мерейін өсіруге өз үлестерін қосты. А.Құсайынов, Т.Масин және Орда ауылында дүниеге келген М.Мәметова сынды даңқты Батырлардың аты көше, мектеп, ауылдарға беріліп, оларға арналып ескерткіш орнатылып, «ер есімдері ел есінде сақталып» отыр.

Улы жыланды өз үңгіріне апарып талқандап, Жеңіс Туын көтерер сәтте де ер қазақ шет қалмапты, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев – Рейхстаг қабырғасына Жеңіс Туын тіккендердің бірі. Біз осындай ержүрек батырды әрқашан да мақтан етеміз.

Даңқты Б.Момышұлының «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» деген даналық нақыл сөзі батырлардың ел үшін, жер үшін, ұрпақ үшін, бақыт үшін ақ қар, көк мұзда, аптап ыстықта жан алысып, жан берісіп шайқасқанын, Отанымызды ерлікпен қорғап қалғанын көрнекті түсіндіріп бергендей. Әр адым жер, әр ауыл, әрбір қала зор табандылықпен қорғалғанын білеміз. Мәскеу, Ленинград, Сталинград сияқты қалаларды, Брест сынды қамалдарды қорғауда, Берлинді алуда қаһарман жауынгерлер табандылықтың, батырлықтың ерекше үлгілерін танытты. С.Мәуленовтің «Есіңе ал» өлеңіндегі мына жолдар әрбір жауынгердің өз Отанын айбындылықпен қорғағанын бейнелейді:

Болдың ба осы Волховта?

Көрдің бе оның орманын?

Сол орманның әр талын,

Өз жанымдай қорғадым.

Январьда майданда,

Ақ денемнен тамды қан.

Алып соқтым ажалды,

Алдымды орап аңдыған.

Ел тағдыры сынға түскенде, барлық ұлт өкілдері бір отбасының баласындай бауырласып, Кеңес елінің әр жерін өз жеріндей құрметтеп қорғай алды.

«Есімде бес әріп сөз – Жеңіс деген,

У бар ма сол сөз үшін мен ішпеген»,–

деген өлең жолдары соғыс қасіретінің зор болғанын байқатады. Талай абзал жандар оққа ұшты, сан мыңдаған боздақтар мүгедек, жарым жан болып қалды. Аяулы жарлардың, ардақты әкелердің хабарсыз кеткендері қаншама?! Қара қағаздар отбасыларына қайғының қара бұлтын төндіріп жатты. Сан мыңдаған адамдар лагерьлерде тұтқын боп азап шекті.

Жаутаңдап қарап дала тұр,

Көз жасын сүртіп жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар.

Көрдің бе ұлын ананың

Соғыстан қайтқан солдаттар...

...Қаралы қағаз жіберіп,

Қаншама қайғы салды оқтар...

Қазақтың майдангер ақыны С.Мәуленов бұл өлеңі арқылы сұм соғыс салған жараның Жеңістен кейін де бірден жазыла қоймағанын, оның жанға түсірген сызаты ұзақ мезгіл жүректерді ауыртып, санада сақталғанын жеткізеді. Міне, ел басына соғыс салған лаңның, азаптың шегі жоқ еді. Осынау қиындықтың бәрінен өтіп, еліміз аңсаған арайлы күнге, Бақыт таңы боп атқан Жеңіске жетті. Жеңістің ақ нұры байтақ елімізді нұрға бөлеп, жібек самалы жер дүниені желпіп өтті, адамзатқа зор қуаныш, шадыман шаттық сыйлады.

Ұлы Жеңістің қадір-қасиетін соғысты көрмегендер ақын-жазушылардың туындылары, майдангерлердің естеліктері арқылы танып, біліп жүр. Ерлікті, елдікті, күрескерлікті тебірене толғаған Б.Момышұлы, Ғ.Мүсірепов, Қ.Аманжолов, Ж.Молдағалиев, Ә.Сәрсенбаев, С.Мәуленов, Т.Ахтанов сынды қаламгерлер сұрапыл кездің барлық сәттерін шынайы суреттейді.

Ұрпаққа майданның кермек сәттерін баяндайтын көркем туындылар – ержүрек майдангерлердің өткен өмірін сипаттап беретін құнды дүниелер. Ол шығармалар жастарды ерлікті бағалауға, қаһармандықты құрметтеуге және жеңістің мәнін, бейбіт өмірдің қасиетін түсінуге жетелейді

1945 жыл, 9 мамыр ел тарихына ең елеулі, ең бақытты сәт боп енгеннен бері Жеңісті ескермеген, атамаған, тойламаған күн болмаған шығар?! Ол ерлік күні, бақыт күні, қуаныш күні, еске алу күні боп ескеріледі, тойланады.

Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеген кездерде Отан соғысында ерен ерліктерімен ел қорғаған батырлар мен ардагерлерді зор құрметке бөлеп, оларға шексіз ықылас, пейілін көрсетуде.

Бақыт үшін, тірлік үшін, ел үшін,

Жапқаны үшін күміс күлкі жер үстін.

Борыштымыз аға ұрпаққа от кешіп,

Қорғап қалған бейбітшілік ұлы ісін.

Бас иеміз майдангер барлығына,

Ерлігіне, сан қилы тағдырына.

Отанымның от кеуде келбетіндей,

Мақсатын қосқан елдің арманына.

Қастерлейміз ерлерді қас батырдай,

Айбынсыздар асқақ құз, асқар шыңдай.

Қымбатсыздар бүгінгі ұрпақ үшін,

Алтынның қолда қалған сынығындай.

Ардагерлер – бейбіт күн тіректері,

Бақыты елдің – мәңгілік тілектері.

Жетіп соққан лүпілі болашаққа,

Тоқтамайды майдангер жүректері, –

деп киелі Нарын топырағының төл перзенті, ұстазымыз Кәкима Қажипанова жырлағандай, ардагерлерге бүгінгі таңда зор көңіл бөлінуде. Тәуелсіздіктің қырандары көкте қалықтағалы біздің елімізде жыл сайын Ұлы Жеңіс күні кең әрі қызу аталып өтеді. Әркімнің бұл күнді асыға күтетіні хақ. Себебі, бұл күн – Ұлы Жеңіске қол жеткізген күн. Еңбектеген сәбиден бастап еңкейген кәріге дейін жүздеріне шаттық үйірілген күйінде бейбіт күнді сыйлаған ардақты ардагерлер рухына тағзым етеді, ескерткіштеріне ұрпағының алғысы мен қуанышының иісі аңқыған гүл шоқтарын қойып, ата-баба алдындағы перзенттік парызын өтейді. Жеңіс күнін орасан зор қуанышпен атап өтеді, ақын ұрпағы алғыс жырын арнаса, өнерлі ұрпағы өнерден сый тартады. Ардагерлерді еске алу кештері, олардың атындағы спорттық сайыстар өткізіледі. Бұл – жас ұрпақтың жеңіске жеткізген қымбатты ерлерге деген ерек құрметінің көрінісі. Биыл Жеңістің шаңырағын бейбітшілік көгершіндерінің ұялағанына 65 жыл толады. Қас дұшпанды күйретіп, Жеңістің асуын бағындырғанымызға, бейбітшілік пен ынтымақтастықта ғұмыр кешіп жатқанымызға - 65 жыл! Елімізде мерейлі мерекеге дайындық басталып та кетті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында ардагерлерге, олардың отбасыларына жан-жақты көмек және құрмет көрсетілетінін нақтылап белгілеген. Ардагерлерге тұрғын үй беру, әлеуметтік мәселелер бойынша көмек көрсету сияқты бірқатар шаралар жүзеге асуда. Тағы бір ерекше жай Ардагерлердің Ұлы Отан соғысында өздері қорғаған жерлерге барып, өткенді ой елегінен өткізіп, тағы бір мәрте ерлік іздерімен жүріп, 65 жыл бұрынғы өмірді, қазіргі кезеңді саралап көруге мүмкіндік жасап, Президентіміздің тікелей қолдауымен қаржы бөлінуі – ерекше атап өтерлік жай. Оған қоса, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде биылғы жыл ардагерлер жылы деп белгіленді. Бұның барлығы бізге дәл осындай жарқын сәтті сыйлаған ардақты ардагерлерімізге көрсетілген зор құрмет болып табылады.

Қазіргі таңда ұлы Жеңістің қадірі мен маңызын, ардагерлер ерлігін жас өрен бойына сіңіру аса маңызды. «Майдандағы өмірлік тәжірибем бойынша менің айтарым мынау: жасынан жасыған жаумен жағаласа алмайды. Ұрпағың жақсы болып өссін десең, жастайынан шолжың етпе және жасытпа. Жүгенсіз өскенді тезірек жобаға сал, ақылға келтір...» - деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, өскелең ұрпақ бойына елдікті, айбындылықты, ерлікті дарытып, оны отансүйгіштікке баулып, тәрбиелеу қажет. Өйткені, жастар – ел болашағы, сүйікті елін, туған жерін, дархан пейіл халқын қорғар айбынды күші, үкілеген үміттерін артар сенімі.

Қабылдаңдар қазынаны біз берген,

Қиындықты көрмессіңдер біз көрген.

Бұл өмірде сақтау үшін сендерді,

Бабаларың үйде туып, түзде өлген, -

деген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең шумақтарынан біздер, ұлан-ғайыр қазақ даласының жас өрендері, бабаларымыздың біз үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұрпақ үшін ел мен жер қорғағандарын һәм еліміздің келешегін біздерге аманаттағанын айқын байқаймыз. Біз, жалынды да жігерлі жастар, бізге осындай бейбіт те тыныш ғұмырды сыйлаған майдангерлерге әрқашан зор құрметпен, ерекше сыйластықпен қарап, олардың ерліктеріне бас иеміз. Сұм соғыста ажал кешкен аға-апаларымызды, батырларымызды ардақтап, үлгі тұтып, олардың рухына тағзым етіп, ерліктері мен есімдерін аялау – бейбіт өмір кешіп жатқан баршамыздың перзенттік борышымыз, парасатты парызымыз.

Бүгінгі таңда біз сұрапыл соғыстың лаңын, ардагерлердің өмірін көркем шығармалар, фильмдер, тарих әлеміне саяхат жасайтын мұражайларға бару арқылы танудамыз. Сонымен қатар, төрінде мәңгілік алау, көгінде еркіндік байрағы орнаған Жеңіс алаңдары, ондағы майдангерлердің ерлігі мен өнегелі өмірінен сыр шертетін ескерткіштер, мүсіндер мен тақтатастартар да ұрпақ бойына ел қорғаушының қасиеттерін дарытуға, өткеннің өнегесімен танысуға зор үлесін тигізеді. Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлар атындағы аудан, ауыл, кешен, көше, мектеп атаулары да олардың есімдері мен ерліктерінің ұрпақтарының арасында мәңгілік жасайтындығын білдіреді. «Қазіргі жаңа, жас ұрпақ ерлікті, айбындылықты алға апарсын!» - деген кемеңгер қазақ Бауыржан бабамыздың сөздерінен біздер, тәуелсіз елдің жас ұландары, әр кез дана да ер бабалар салған сара жолмен жүріп, олардан өнеге алып, кешегілер үлгірмеген игі істі жалғастырушылар біздер екенімізді көңілге түйеміз һәм еліміздің даму мен жаңару құрылысына кірпіш болып қалану үшін тырысатын боламыз. Біз өз Отанымызды шын сүйеміз және туған жеріміз, тіл, дін, дәстүріміз үшін жалынды күрескер, халқымызға қиналғанда – сүйеу, қысылғанда медет боламыз! Біз өзімізге артылған сенімді ақтап, егемендіктің көгінде желбіреген Жеңіс жалауын құрметтеп, оның беделін әрқашан асқақтатып, батырларымызды ұлықтайтын боламыз.

Мен жеңістің жырымен елінің халқын, ұрпағын тербеген тәуелсіз елдің бақытты ұрпағы екенімді шын мақтан етемін! Еліміздің арайлап атқан әр таңы жеңістің саф ауасымен тыныстаған халқының шалқыған шаттығына толы болып, сүйікті Отанымыз бейбіт ғұмыр кешіп, әрқашан бейбітшіліктің берік бесігінде тербелсін деген жүрекжарды тілегімді білдіріп, мына өлең шумақтарына өз үнімді қосамын:

Әлем – дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар.

Қорған емес, салтанатты сәнді сарай соғыңдар.

Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!

Бұл – ақиық ақын М.Мақатаевтың сөзі. Бұл – барша ақ ниет абзал жандардың арманы.

Иә, Жеңіс туы аласармай, Жеңіс нұры шуақ шашып, менің Қазақстан атты алып Отанымның тұтас өмірінің, барлық саласының жетістіктері мен жеңістеріне жалғаса берсін! Соғыстың аты өшсін! Жер бетінде баянды бейбітшілік, адамзаттың түсіністігі мен сыйластығы мәңгілік жасай берсін!



Орындаған: Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданы М-С.Бабажанов атындағы ЖОББМ 11-сынып оқушысы Қайратқызы Жұпаргүл.

Мұғалімі: Қажипанова Кәкима Оқасқызы.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет