Ұлы Жеңіске -60 жыл Асыл азаматтың аты өшпейді А



Дата02.05.2016
өлшемі54.96 Kb.
Ұлы Жеңіске -60 жыл
Асыл азаматтың

аты өшпейді
Азамат тарихында ең қатыгез соғыс атанған, жалыны жер шарының түпкір-түкпірін шарпыған Екінші дүние жүзілік соғысы кешегі Кеңес Одағының халқы үшін Ұлы Отан соғысы атанып, оның азалы, бірақ ерлікке толы тарихында мәңгі жазылып қалды. Өмір өзгеріп, қоғам жаңарып, кеңестік республикалар дербес, егеменді елдер болып жатса да, Ұлы Отан соғысының сабақтары халықтар үшін ортақ, өйткені ол бейбіт өмір, бүгінгі ұрпақ бақыты үшін болған күрес еді. Сол ұлы күрестің сапында қазақстандықтардың ерлігі мен еңбегі орасан зор болғанын мақтанышпен айту керек.

1931-32 жылдардағы Голощекин ашаршылығын, 1937-39 жылдардағы Сталиндік репрессияны басынан кешірсе де жігері жасымаған, рухы жығылмаған қазақ зиялыларының қан майданда да алғы шептен табылғанын өзге ұлт өкілдері құрметпен еске алады.

Қайда жүрсе де халқының атына кір келтірмей,ұлт рухын биік ұстап өткен осындай асыл азаматтардың бірі -Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотына соғыстан кейінгі он екі жылда төрағалық еткен зиялы заңгер Әбдірахман Досанов.

1946 жылдың 8 тамызынан 1958 жылдың 4 тамызына дейін Қазақстанның Жоғарғы Сотына төрағалық еткен Әбдірахман Досановтың да халқына сіңірген еңбегі, заң саласында атқарған қызметі айтарлықтай. Жалпы алып қарағанда осы ғасырдың елуінші жылдарының белортасына дейін ғұмыр кешіп, мемлекеттік қызметте болғандардың тағдыр-талайы аумалы-төкпелі өткен ғой. Ақылдан алжастырып, сананы сансыратқан қуғын-сүргіннен құтылған азаматтар да некен-саяқ. Әбдірахманмен қызметтес болған талай заңгерлер шындықтың аулына жете алмай кетті. Ол да ел басына түскен ауыртпалықты бір кісідей сезініп, саяси шарғының айласына алдыртпай ғұмыр кешті. Сөйте жүре, жауапкершілігі аса зор сот, заң саласында қолынан келгенше еңбек ете білді. Әбдірахманның соғыстан кейінгі жылдарда табаны күректей он екі жыл Жоғарғы Соттың төрағасы болуы оның заң саласын өте жетік білетін, істеген ісінен мін таптырмайтын тыңғылықты жан екенін аңғартады. Енді ол кісінің өмір тарихынан хабардар етелік.

Әбдірахман Досанов 1904 жылы 1 мамырда Әулие-Ата (Қазіргі Жамбыл) қаласында туған. Әкесі Досан осы қаладағы ұстаханада зергер, ұсталықпен күнелткен шағын дәулетті адам екен.Әбдірахманның әуелі жастай анасы қайтыс болады да, соңыра әкесі де дүние салады. Әке-шешеден тұлдай жетім қалған ол біраз уақыт үлкен әпкесінің қолында болады. Жетімдіктің зардабы қатты батқан соң, он жастан аса бере сол қаладағы балалар үйінде тәрбиеленіп, ержетеді. Алғашқы еңбек жолын темір жол депосында слесарь болып бастаған ол көп ұзамай темір жол техникумына түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Бірақ бұл мамандығын ұзақ атқармаған сияқты.

Ақ пен қызыл кескілескен ұрыс салып, итжығыс түсіп жатқан 1921 жылғы аумалы-төкпелі шақта Әбдірахман Ташкенттегі ОГПУ-дың қызметкерлерін даярлайтын курсқа жіберіліп, оны ойдағыдай бітіріп келеді. Сол кездегі басшылар оның жігерлі, алғырлығын мақтай отырып, Қарсақпайдағы болып жатқан қанды қырғынға аттандырады. Ол өзіне жүктелген тәртіп саласындағы жұмыстарды тиянақты атқарып, ел ішіндегі дүрбелеңді басуда біраз қиындықтарды бастан өткереді.Қарағанды облысының біраз жерлерінде тәртіп сақшысы қызметтерін ойдағыдай атқарған соң, заң саласындағы білімін жетілдіру үшін 1929 жылы Қызылорда қаласындағы ОГПУ-дың курсына жіберіледі. Бұдан кейін Әбдірахман заң саласында қандай қызметтерде болғаны жөнінде толық мәлімет жоқ.КСРО халықтары үшін қасіретті жылдар болған 1937-1938 жылдарда Әбдірахман Досанов Ақтөбе облысында судьялық қызметте болыпты. Сталиндік репрессияның зұлмат шағы—ұстараның жүзіндей қылтылдап тұрған тұста, талайдың тағдыры сотпен шешілген қиын кезеңде судья болудың өзі қандай ауыр десеңші. Әбдірахман да талай жазықсыз ұсталғандарды ажал тырнағынан құтқарып қалудың небір әрекетін ойластырып көрсе керек. Оған дәлел ретінде Әбдірахманның қызы Сараның айтқан сөздеріне құлақ түрелік.

-Репрессия жылдары әкем жазықсыз құрбан болғандарды қолынан келгенше арашалап қалудың жолын қарастырғаны анық. Бұл жағын бізге ашық айта бермейтін. Бірауыз артық сөз үшін “қиын мекеме” айыпқа жығатынын қатаң ескеретін. Бірақ өзінің сенімді деген достарымен әңгіме-дүкен құрғанда жазықсыз қамалғандардың ісін созып, мүмкін болса ақтап жіберуге тырысатынын астарлап айтып отыратын.Ол әрбір істі әділ қарап, ақ-қарасын асықпай саралайды екен. Жоғарыдан берілген үстеме бұйрықтарға, жоспарлы істердің жедел орындалуына асықпай, байыппен жауап беріп, сот ісін неғұрлым соза түседі. Жоғарыдағы қырағы басшыларға бұл жұмыс әдісі ұнамайды.Сөйтіп, Әбдірахманның өзіне қатер төнеді.Сотталып кетудің сәл алдында қалады.Жағдайы қиындаған соң судьялық қызметінен дереу босанып, Ақтөбе облысындағы Родниковка аудандық атқару комитетіне хатшы болып ауысады. 1939 жылдың басында Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданы атқару комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалып, зұлматтан аман қалады, -деп айтқан еді.

Саяси қуғын-сүргін сәл дамылдаған соң, Әбдірахман Досанов өзінің негізгі қызметі Әділет министрлігіне (ол кезде Наркомюстиция деп аталған) ауысып келеді. 1939 жылдың соңы мен 1940 жылдың аяғына дейін осы министрлікте орынбасар болып қызмет атқарады. 1941 жылы ол Алматы облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болып бекітіледі.Ал 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанады. Осы тұста айта кетерлік бір жәйт — Алматы қаласында жасақталған №100-ші атқыштар бригадасы Ұлы Отан соғысында өшпестей із қалдырғаны тарихтан аян. Осы бригаданың сол кездегі хатшысы, кейін асқан ерлігімен “Кеңес Одағының батыры” атанған Мәншүк Мәметова Әбдірахманмен әскери жаттығуларды бірге өткеріпті. Ол болашақ батыр қызбен қатар жүріп,майданға бірге аттанады. Москваға барған соң, Әбдірахман 1943 жылы Қызыл Армияның Жоғарғы Саяси мектебін бітіріп, 1944-1945 жылдары Беларусь майданында 34-ші жеке саперлік-инженерлер бригадасында саяси бөлімнің жетекшісі болады.Соғыстан кейін де бір жылдай Смоленскідегі әскери құрамада саяси бөлімге жетекшілік етеді. Аман-есен елге оралады.

Әбдірахман Досанов өз ісіне өте мығым, талапшыл, бірақ халық алдында қарапайым, кішіпейіл болған екен.Атақ- дәрежесі қаншалықты жоғары, биік лауазымға ие бола тұра дүние-мүлікке көз салмай, сән-салтанат қумай, біртоғалықпен ғұмыр кешіпті.

-Жоғары Сотқа он екі жыл төрағалық еткенде оның бірқалыпты мәдениетті қалпынан, қарапайымдылығынан айнымағанын, жұмыста өзіне де, өзгелерге де қатаң талап қойғанын әріптестері сүйсіне айтушы еді, — дейді қызы Сара Лурова. Бұл сөздің де жаны бар.Әбдірахман төрағалық еткен жылдар, яғни 1955 жылдардан бастап, 1937-1938 жылдары жазықсыз құрбан болғандарды ақтау мәселесі мемлекет тарапынан қозғала бастаған еді. Жиырма жылдай кешігіп жеткен шындықтың шырайын келтіріп,халыққа жеткізу де оңай емес. Оған жаңаша көзқарас, идеологиялық пікір қалыптастыру керек еді. Ойдан ұйымдастырылған отызыншы жылдардың оспадар саясатын жақсы сезінетін Әбдірахман әйтеуір шындық түбі жеңетінін білсе керек. Ол 1951 жылы Москвадағы бір жылдық Жоғарғы саяси заң курсында оқығанда осындай жақсылықтың болатынына іштей сенім артқан тәрізді.

Әбдірахман Досановтың елуінші жылдардағы Жоғарғы Соттың жұмыстарын жетілдіріп, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқанын мемлекеттік марапаттар (наградалар) растай түседі.1954 жылы Әбдірахманның 50 жылдық мерейтойын КСРО Жоғарғы Соты арнайы жазуы бар алтын сағатпен құттықтайды.Ал бейбіт күндердегі заң саласындағы атқарған қажырлы еңбектері “Құрмет белгісі” орденімен екі мәрте (1940, 1957-ж.ж.), “Еңбек Қызыл Ту” орденімен (1944 ж.) марапатталады. Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерліктері І,ІІ-ші дәрежелі “Ұлы Отан соғысы” орденімен (1945 жылдың ақпанында, 1945 жылдың тамыз айында), “Варшаваны азат еткені үшін”, “Берлинді алғаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдармен де марапатталады. Соғыстан кейінгі жылдардағы қоғамдық өмірге белсене араласуы да халықтың қалаулы ұлы болғандығын растайды. Ол Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте (Қордайдан) депутат болып сайланады.

Әбдірахманның жанұясында тәлімді тәрбиенің көш бастаушысы болғанын да айта кеткен жөн шығар.Өмірлік жан серігі Зура Сайдқызымен дәм-тұзы жарасқан жұбайлық ғұмырында тату-тәтті өмір сүріп, екі ұл, бір қыз сүйеді. Зура Ташкенттегі байланыс курсын 1922 жылы бітірген екен. Содан бері осы салада еңбек етіп, демалысқа шыққан.Әбдірахманмен қырық екі жыл отасып,бақытты ғұмыр кешіпті. Тұңғыш ұлы Марат 1931 жылы туған. Алматыдағы Тау-кен институтын бітірген, мамандығы геофизик, ғылым кандидаты. Екінші ұлы Санжар 1934 жылы туған, Қазақ Мемлекеттік университетін бітірген, мұнай кәсібінің маманы. Ал қызы Сара 1938 жылы туған, КазПИ-дің биофагын бітіріп, ұзақ жылдар ұстаз болған кісі.



Әбдірахман Досанов туралы мәліметтің көбін осы қызынан алдық. Сот ісінің үздігі болған, халқы құрмет тұтқан Әбдірахман Досановтың халқына адал қызмет еткен азамат, бейбітшілік пен болашақ ұрпақ бақыты үшін күрескен қаһарман болғаны хақ.
Каталог: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жіберілгендіктен жаңа шешім шығарылды ( үзінді)
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет