Құлпырады Қарқаралы – жер жаннаты арқадағы республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы, «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз»



жүктеу 62.66 Kb.
Дата26.04.2016
өлшемі62.66 Kb.
: irbis64r 01 -> Kraeved -> Karkaraly tarihy
Kraeved -> Балажан ақын
Kraeved -> Алаштың арда туған Әлімханы Халқымызда «Жақсы адам – қазына»
Kraeved -> Аталып өтілетін даталар
Kraeved -> Қасым поэзиясындағы балладалар
Karkaraly tarihy -> Қарқаралы арқадағы Гүлстан Облысымыздың атаулары
Kraeved -> Зобалаң жылдарында Қазыналы қарашаңырақ
Kraeved -> 1815 Композитор, күйші, шертпе күй орындау шебері Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына 190 жыл
Karkaraly tarihy -> Қисыны бар аңыздар Қарқаралы қаласыны – 180 жыл
Karkaraly tarihy -> Қарқаралы шежіресі – тарихи құжаттарда Қарқаралы қаласының 180 жылдығына
Құлпырады Қарқаралы – жер жаннаты АРҚАДАҒЫ
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы, «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында: «Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік, тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін.
Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз.

Сондықтан, бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақстандықтарға ризашылық білдіремін!» деген болатын. Елбасының алғысы облыс, қала берді Қа­зақ­стан үшін орны да, қадірі де бөлек Қарқаралы ауданының тұрғындарына да ортақ.

Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік таңы атқан алғашқы жылдары бірден елдің маңдайы шыл­қып кетпегені әмбеге аян. КСРО құрамында болған республикалар отаршылдық тізесі әбден батқан Ресейден алапес індеттен қашқандай аулақтап, күні кешегі басқа да «бауырларынан» іргесін бөлуі сабақтасып жатқан экономикалық байланыстарды үзіп, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын күрт ауырлатып жіберді. Тіпті, кей­бір көрші-қолаңдардай саяси ойындарға бой алдырмай, өндіріске ден қой­ған, ірі, орта және шағын биз­несті дамытуға күш сал­ған Қазақстанның өзінде күр­делі ахуал қалыптасты. Әрине, оған бұрын жоспарлы экономикаға тәуелді бол­ған халықтың нарықтық қаты­настар заңдылығын білмеуі, сондай-ақ тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарында асығыс жүргізілген реформалар зардабын тигізгені белгілі.

Әңгіме болып отырған сәт­­сіздіктер Қарқаралы ауданын да айналып өткен жоқ. Өңір экономикасының локомотиві Қарағайлы кен-байыту комбинаты күй­реп, шаруашылықтардың мүлкі бұрын дербес іс жүр­гі­зіп көрмеген жеке мен­шікке беріліп жатқанда оң­тай­ландыру желеуімен Қа­зыбек би /Егіндібұлақ/ ауданы таратылып, Қарқара­лының құрамына берілді. Жайшылықта «Елге ел қо­­сылса – құт» десек те, өзі­нің берекесі кетіп жат­қан өңірге одан әрмен тал­қандалған әкімшілік бөлі­ністің қосылуы үстеме қи­ын­дықтар әкелмесе, пайда берген жоқ. Өнеркәсіпті орталықтардан нәпақа табу үмітімен тұрғындар үлкен қалаларға көшіп, тұтас ауылдар қаңырап қалды. Азын-аулақ мал бартердің аранына түсіп, тозығы жеткен техника шағылып, жаппай жұмыссыздық жайлаған шалғай өңір тұрғындары айлап, жылдап электр жарығын көрмегені күні кеше бастан өткен өмір шындығы.

Адамзат баласы жаңа мыңжылдықтың межесінен аттап, тәуелсіздік ұранымен рухтанған еліміз экономиканы өркендетуге инвестициялар мен жаңа да озық технологиялар тартқан шақтан бастап қана қарқынды даму жолына түсті. Қарқаралының қарышты қадамы да дәл осы мезгілден бастау алады. Қарағайлының қаңырап қалған кен-байыту комбинаты «Қазақмыстың» иелігіне өтіп, қалталы корпорация қар­­жымен қарайласқаннан кейін кәсіп табылған кент тұр­ғындары тырбанып, тіршілік қамына кірісті. Кентөбеге де жан бітті. Енді, міне, Шарықты селолық округінің аумағынан Көктасжал кен ошағы ашылып, көптің ырысына айналғалы отыр. Басқа да шағын және орта кәсіпорындар құрылып, шеберханалар мен цехтар қатары көбеюде. Бір кездері тоқырап қалған тұрғын үй құрылысы Қарқаралы қала­сында ғана емес, ауылдық округ­терде де өріс алып ке­леді.
Кеңестік дәуірде-ақ ауыл шаруашылығын ұйымдас­тырушылық қабілетімен танылып, іргелі кәсіпорындарды басқарған Қайдар Бурабаев, Разақ Әлин, Қабыл Құттин (марқұм), т.б. іскер азаматтар жетекшілік жасаған шаруа қожалықтары жедел дамып, басқаларға үлгі болды. Біртіндеп мал басы өсіп, агро­өнеркәсіп саласы қалыпқа келді. Қазір түлік түрлерін уа­қыт сұранысына сай асылдандыру жұмысы жедел өркендеу үстінде. Егіншілікпен айна­лысатын ұжымдар ауыл шар­уа­шылығы машиналарын жаңартуға ынталы боп отыр. Жер өңдеу, тұқым баптау, дәнді дақылды өсіру мен жи­нау технологиясы да заманауи талаптар деңгейіне жетуге ұмтылуда. Диқандар қауымы бұрынғыдай, жоға­ры­дан түсетін жарлық бойынша, әйтеуір жоспарды ор­ындасақ болды деп бә­ленбай мың гектар жерді жыр­тып тастап, тұқым шашпайды. Өз мүмкіндігін, еңбегі қаншалықты пайда беретінін есептеп барып іске кіріседі. Мысалы, қарқаралылықтар 45,9 мың гектар алқапқа дән сіңіріп, әр гектардан 8 центнерден астам өнім жинады биыл.

Қарқаралының экономика саласындағы қомақты табыстарын қомпайта көрсете отырып, әлі де болса шешуін таппаған мәселелер жайлы жақ жазбағанымыз ақиқатты айналып өтіп, айды алақанмен бүркегендей әбестік шығар. Аудан тұрғындарының, әсі­ресе, автожол мен ауыз суға қатысты шені үлкен шенеу­ніктерге айтар базынасы жет­кілікті. Өйткені, бұл өңір өз­дігімен шешуге аса ауыр соғатын жұмыстар.


1991 жылғы тамыз бүлі­гінен соң Одақтың күні бат­қаны белгілі болып, оның құрамындағы республикалар тәуелсіздік шеруін бас­тап кеткенде Қазақстан өз болашағы үшін өте мәнді шешім шығарды. Ол Елбасы Жарлығымен Семей ядро­лық сынақ полигонының жа­былуы еді. 40 жылдан астам уақыт бойы дәл іргесінен ажал уын бүркіп тұрған, қа­зақтың тұқымын тұздай құр­туға бағытталған тамұқтың жабылуы бірнеше ұрпақтың бойына сіңген атом кесапатын сылып тастамаса да Қар­қаралы – Балқантау айма­ғындағы халықтың еңсесі көтеріліп, рухани түлеуіне оң ықпал жасағаны анық. Сонымен бірге, тәуелсіздік алған еліміздің көкжиегі кеңейіп, тынысы ашылуына мәдениетті қолдау, денсаулықты қорғау, ауылды өркендету сияқты, т.б. игілікті мақсаттарға ба­ғыт ұстаған атаулы жылдар жақсы әсерін тигізді. Ор­та­лық Қазақстандағы білім мен біліктің қара шаңы­рағы болған өңірде, тіпті, тоқырау жылдарының өзінде мектептердің дені сақталған-ды. Мемлекет қазынасына тиын-тебен түсіп, жергілікті бюд­жеттің бүйірі қампиған соң көптеген білім ошақтары әрленіп, әлденіп, заман талабына сай жабдықталды. Егін­дібұлақ аулындағы №43 орта мектеп, №17 кәсіптік мектеп, Қарқаралыдағы № 44 мектеп интернат қалпына келтірілді. №5 кәсіптік лицейдің корпусы мен Матақ орта мектебі жаңадан салынды. Жыл өт­кен сайын материалдық базасы жақсарып, маман педагогтармен толығып келе жатқан ауданның білім беру жүйесі Қарағанды облысының маңдай алдында десек, асы­лық айтқандық емес. Қар­қаралылық түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында жыл сайын жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырғаны бұған дәлел.
Ауданның денсаулық сақ­тау саласында да ілгерілеу­шілік бар. Қарқаралыда үр жаңа аурухана-емхана ке­шені пайдалануға берілсе, Егіндібұлақ пен Қарағай­лы кентіндегі, басқа да елді мекендердегі емдеу-сауық­тыру мекемелеріне жөндеу жүр­гізілді. Ауылға маман дә­рігерлер шақырылып, жедел жәрдем көліктері жаңадан алынуда. Ұзақ жыл атом полигонымен қоңсы болған, облыс орталығынан шалғай ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту үшін әлі де қыруар жұмыс атқаруға тура келеді. Дегенмен, ізгі ниеттің алғашқы қадамдары жасалғанын ауыз толтырып айту керек.

Қазақ рухының алтын діңгегі боп табылатын Қар­қаралы – облыс көлемінде оқырманы ең көп аудан. Елдің экономикасы тұсауланған жыл­­­дардың өзінде өңірдегі кі­тапханалар сақталды, рухани қазына талан-таражға түскен жоқ. Облыстағы кітап қоры мол аудан тұрғындары газет-журналдарды да зор қуанышпен, қызыға оқиды. Мұнда мерзімді баспасөзге жазылу науқаны жыл сайын табысты өтеді. Мәселен, «Орталық Қазақстанның» ең көп оқырманы осында – жел­тоқсанның басындағы мәлімет бойынша 2100 дана.

Қарқаралы, қала ғана емес, бүкіл атырап – ашық аспан астындағы мұражай. Әр тасы ұлт шежіресін шертетін өңірдің баяғыдан бар, киіз туырлықты қазақ баласы ардақ тұтатын тарихи-мәдени орындарының қатарына тәуелсіздік жылдары дала демократиясының дарабозы, қасиетті өлкені ата қоныс қылған ұлы би Қаз­дауысты Қазыбектің, тәтті күй­дің тәңірі Тәттімбеттің ес­­керт­кіштері, Мәдидің кеу­де мүсіні (Егіндібұлақ ау­лында) мен тұғырлы ес­кер­ткіші, Ардақтылар аллея­сы мен Қаһармандар ке­­шені, «Бәйтерек» алаңы (Қар­қаралы қаласында), т.б. нысандар қосылды. Туғанына 200 жыл толу қарсаңында Тәт­тімбет ауылдық округінде ұлы күйшінің мүрдесі қойылған қорым жөндеуден өтіп, абаттандырылуда. Заман талабына сай келбетке ие болған, жаңадан салынған мәдени, танымдық қызмет көрсету ғи­мараттары да бірқатар.

Қазақтың маңдайына жоға­рыда аталған Тәттімбет пен Кемпірбай, Мәди мен Ғаббас, Қаллеки мен Жүсіпбек, Қасым мен Әлжаппар сынды көптеген дүлдүлдер мен бұлбұлдарды берген, ұлт мәдениеті мәйекті болуына теңдессіз үлес қосқан Қарқаралы қайтадан самғау биігіне көтерілгеннен кейін өнерін одан әрі өрістете түсті. Өнер ұжымдарының қатары көбейіп, олардың репертуарлары көркемдігі жоғары заманауи туындылармен баюда. Тәуелсіздік жылдары Егіндібұлақтағы «Балқантау сазы» Голландиядағы ха­лық­аралық байқаудан «гау­һар топ» атанып қайтса, әйгілі «Салтанат» ән-би ансамблі фольклорлық өнер ұжымдарының Болгарияда өткен әлемдік фестивалында айды аспанға шығарды. Облыстық деңгейдегі сайыс­тарды былай қойғанда, рес­публикалық һәм ха­лық­аралық деңгейдегі бәсе­келерде топ жарып жүрген өнерпаздар ондап саналады. Кезінде Сарыарқаның сайын даласын думанға бө­леген Қоянды жәрмеңкесін дүбірлеткен Біржан сал мен Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақ пен Майраның бүгінгі ізбасарларын «ел іші – өнер кенішінен» қалқып алып, бүкіл республика хал­қының, қала берді адам­заттың мәдениетін түзу үшін самғатуда сала қыз­мет­керлері. Аталған игі­лікті мақсатты орындау үшін мұнда «Қарқаралы дау­сы» республикалық фести­валын өткізу дәстүрге ай­нал­ды. Ол үшінші мәрте ұйымдастырылды биыл.

Өңірде салауатты өмір салтын орнықтыру, бұқа­ра­лық спортты, туризмді дамыту, көркем таулары көк­жасыл қарағай, желекті қайыңмен көмкерілген ғажап табиғат мүмкіндігін пайдаланып, демалыс және сау­ық­тыру шипажайларын құру бағытында да қыруар жұ­мыстар атқарылуда.

Қарқаралы атауы тарлан тарихтың бетінде таңба­ланғаннан бастап қазақтың ұлан асыр жиын-тойының ордасы болып келеді. Тәу­елсіздікке қолы жетіп, алаш­тың айдарынан жел ескеннен беріде талай мереке атқарған өңірде биыл қазақ поэзиясының алыбы Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы өтті Ай абдырап, Күн қызығатындай деңгейде. Ел іргесі аман, жұрт ұйқысы тыныш болса, Арқадағы жер жаннатының базары тар­қамайтыны, торқалы тойы жалғаса беретіні күмәнсіз.


Сағыныш ӘБІЛОВА,

Ермек БАЛТАШҰЛЫ.


Орталық Қазақстан. - 2011. - 8 желтоқсан (№ 204/205). - 3 б.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет