М. омарханова



жүктеу 98.48 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі98.48 Kb.

А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

ӘОЖ 398.5: 808.882 (584 5)



М.ОМАРХАНОВА

А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің магистранты


ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ ҮЛГІЛЕРІН ЖИНАУ ЖӘНЕ НАСИХАТТАУДА КІТАБИ АҚЫНДАРДЫҢ ЕҢБЕГІ
Қазақ әдебиеті тарихында «кітаби ақындар» деген атпен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Шайхысламов, Ақылбек Сабалұлы, Шәді Жәңгіров, Ораз молда, Ақмолла және Ақыт сияқты және басқа да қазақ ақындарының үлкен шоғыры болғаны белгілі. Олар Бұхара, Ташкент, Самарқанд, Қазан, Уфа сияқты қалалардағы мектептер мен медреселерде білім алып, өз шығармашылығында ағартушылық идеяларымен ерекшеленеді. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген кітаби ақындар Шығыс әдебиетінің классикалық үлгілерін қазақ даласында насихаттап, жырлауда айрықша танылады.Ұсынылып отырған осы мақалада қазақтың ауыз әдебиетінде де, кейінгі жазба әдебиетінде де Шығыс әдебиетінің әсері, сол тұстағы «кітаби ақындар» деп жүрген ақын жазушыларымыз жөнінде баяндалады.
Кілт сөздер: кітаби ақын, ислами және діни тақырыптағы әдебиет, шығыс әдебиеті.
Көшпелі өмір салтына қалыптасқан қазақ халқының ғасырлар қойнауынан келе жатқан рухани-мәдени қазыналарының кейінгі жазба мәдениеті орныққан ұрпақтарына халық әдебиеті арқылы жеткені мәлім. Қазіргі ұғыммен айтқанда, тұтас бір ұлттың тілін, тарихын, этнографиясын, философиясын, психологиясын, этнопедагогикасын жеткізуші – оның фольклоры мен ауыз әдебиеті. Сол рухани мұралар ұрпақтан ұрпаққа жад арқылы сабақтаса тұтасып келді, әлі де жалғастығын үзген емес. Халық жадын – осы рухани-мәдени мұраларымызды жинаушы және сақтаушы алтын сандық ретінде қабылдасақ, онымен қазіргі еліміздегі әдеби қорларға, дәнекерлік жасайтын фольклоршы-жинаушылар болары хақ [1, 6 б.].

ХІХ ғасырдың екінші жартысында ел ішінен белсенді халық ауыз әдебиетін жинаушылар шыға бастағаны жақсы мәлім. Олардың қатары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, С.Бабажанов, Б.Дауылбаев, Ж.Шайхисламұлы, М.Көпеев, А.Сабалұлы, Оразмолда, Е.Есенжолов сияқты т.б. көптеген ұлт азаматтарының есімімен жалғаса береді. Бұлардың алдыңғы жинаушылардан өзгешелігі, халық шығармаларын тарихи танымдық, идеялық-көркем қасиеттеріне, жанрлық ерекшеліктеріне, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланыстыра ұғынуында. Сондықтан да бұл кезеңде жиналған фольклорлық – этнографиялық материалдардың маңызы айрықша зор деп есептеуге толық негіз бар.

Ескіні ескермей, жаңа жадыңа түспейді, - дегендей көне мұра жайлы сөз болғанда оны зерттеушілер мен жинаушылардың да еңбегін ескеру қажет.


А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

Демек, қазақ фольклористика тарихында есімі ескеріліп, өзіне лайық орын алған тұлғаларымен бір қатарда, әртүрлі себептерге байланысты еңбегіне орынды баға берілмей жүрген ақын, ауыз әдебиет үлгілерін жинаушылары да бар.

Халық әдебиетін жинаудың кешенді бағыттары жөнінде ой-пікірлерін білдірген ғалымдардың айтуына қарағанда, қазақ халық әдебиетіне көңіл бөлініп, оны хатқа түсіру шаралары XVIII ғасырдың екінші жартысынан белең алған екен. Бұл кезеңде жиналған мұралар түрлі мақсат-мүдделерге байланысты болды. Расында да, тарихи деректерге негізделетін болсақ, бұрынғы Ресей империясында кітап бастыру өндірісі XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап кең дамығанын байқауға болады. Сонда Ресей империясының құрамында бодан ретінде енген мұсылман дінін ұстанған түркі халықтары, солардың ішінде қазақтар үшін, басылған бірінші кітап – Құран Кәрім болғаны белгілі. Ол 1771 жылы 3800 данамен жарық көрді [2; 4]. Міне сондықтан да діни мазмұндағы кітаптардың немесе шығармалардың көптеп жарық көргені, оның жиналуы, баспаға дайындалуы, кейбір жағдайларда «кітаби ақындар» деп жүрген ақындардың мүмкін бұрын соңды мәлім болған мәтіндерді жаңадан редакциялауы, бір сөзбен айтқанда бұл тақырыптағы шығармалардың текстологиясы мәселесінің егжей-тегжейлі зерделенеуі заман талабы.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, қазақ фольклористикасында “кітаби ақындар” деп аталған ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Жұмашұлы Мәулекей (XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген), Көшенов Ташмұхаммед Баймұхаммедұлы (Шығыс Қазақстан, XIX ғасырдың аяғында өмір сүрген), Қонайұлы Йазит (1860-1924), Төлегенұлы Досы (1884-1924), Шайхысламұлы Жүсіпбек (1857-1937), т.б. қиссашыл ақындардың репертуарына халық арасында ауызша тараған қиссалармен бір қатарда, баспадан жарық көрген жырлар маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз керек. Мәселен, тек “Құбас” және “Қисса-и Жұмжұма” жырларының ел аузынан жинап, қағазға түсіріп 1881 жылғы басылымын 1897, 1901, 1910 және 1971 жылдары еш өзгеріссіз Қазан қаласындағы Университет баспаханасында басылғанына сілтеме жасасақта жеткілікті. Базбір қиссалардың кіріспе бөлімінде немесе соңында жыршы-ақындардың қиссаларды өңдеп баспаға даярлағаны туралы мағлұматтар кездесіп отырады.

Күнінде туған да бар өлген де бар,

Өзіңнен жақсы да бар жаман да бар

Құран менен кітаптан естіп алдым

Өзімді үйреткен молдам да бар.



Қисса-и Жұмжұма
“Салсалды” Түменде таба алмадым,

Омскіге баруға енді ойландым

Жүйткіген параход арынымен,


А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

Он бес күнде Омскіге келіп қалдым.


Соның үшін Омскіге барып қалдым,

Салсалды біреуден тауып алдым.

Олай-бұлай қатасын түзеп алып,

Заказной почтальонға айтып салдым.


Қисса-и Салсал


Мұнан бұрын жібердім,

Жеті кітап басуға.

...Бәрі де қалды келместен.

...Жалғыз-ақ келді басылып

Жиһаншаһ-Тамуз қиссасы.


Ғабдүлмәлік боп келді,

Сейфулмәлік нұсқасы

Ақыт атым орнына,

Сейітгерей қол қойған.



Сейфулмәлік
Бұл үзінділерге ұқсас қисса-дастандардың өлең жолдарынан көптеп мысалдарды қарастыра келе нұсқа, версиялардың қалыптасу жолдарын, мәтіндік айырмашылықтарын, кімдікін кім өңдегені жөніндегі жағдайлардың куәсі боласың. Қиссашының “Құран менен кітаптан естіп алдым”, “өзімді үйреткен молдам да бар”, “өлмей тұрып сөйлейін мен бір қиссса”, т.б., өлең жолдары бұл жайттардан көрініс беріп тұрады [3, 84 б.].

Үш нұсқаны салыстырып зерттеген Б. Әзібаева мынадай қорытынды жасайды: “В.В.Радлов, М.Жұмашұлы және Х.Кәтиб нұсқаларын салыстырып зерттегенде бірінші және екінші мәтін мазмұны жағынан Х. Кәтиб дастанының ізімен жырланғаны айқындалды. Яғни, XIX ғасырда жарық көрген кітаптар арқылы XIV ғасыр туындысының сюжеті мен мазмұны, бастпақы идеясы мен бас кейіпкердің негізгі мінездемелік сипаттамалары бізге жетіп отыр. Бірақ В.В.Радлов пен Мәулекей нұсқаларында Х.Кәтиб дастанының сюжеттік желісі сақталғанымен, олардың баяндау әдісі әр түрлі, сөз саптау мәнері мүлде бөлек, мәтіндік сәйкестіктері жоқ екені байқалады”, - деп жазады ғалым [2].

Шәді Жәңгірұлы XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы баспа жүзін көрген ең танымал шығармаларының бірін “Назым Сияр Шәриф” деп атаған. Зерттеушілердің көрсетуінше “Сияр-жол, Шәриф-түзу, қасиетті” деген мағынаны білдіреді. “Хазіреті Расулдың дүниеге келуі”, “Расулдың бабасы Ғабудулмақалаптың оқиғасы”, “Ғабдулумақалаптың опат болуы”, “Әбутәліптің Расулды Басраға алып барғаны”, “Расулдың ғарышқа сапары”, т.б. жалпы жиырма тараудан тұрады [5; 3]. Дастанда баян етілген пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) жеті қат көкке көтерілуі оқиғасының қазақ


А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

халық ауыз әдебиетінің дәстүрімен байланыстығы мәселесіне Р.Бердібаев тоқталып, танытқыштық, тәрбиелік мәніне ерекше баға берген.

Қазақ әдебиеті тарихында «кітаби ақындар» деген атпен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Шайхысламов, Ақылбек Сабалұлы, Шәді Жәңгіров, Ораз молда және басқа да қазақ ақындарының үлкен шоғыры болғаны белгілі. Олар Бұхара, Ташкент, Самарқанд, Қазан, Уфа сияқты қалалардағы мектептер мен медреселерде білім алып, өз шығармашылығында ағартушылық идеяларымен ерекшеленеді. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген кітаби ақындар Шығыс әдебиетінің классикалық үлгілерін қазақ даласында насихаттап, жырлауда айрықша танылады. Араб әдебиетінің классикалық үлгілерін қазақ топырағында өзіндік мәнермен дамытқан ақындардың бұл шоғырын тану, бағалау туралы шығыстанушы Ө.Күмісбаев былайша ой қорытады: «Қазақтың ауыз әдебиетінде де, кейінгі жазба әдебиетінде де Шығыс әдебиетінің әсері айқын көрінеді. Сол тұстағы «кітаби ақындар» деп жүрген ақын жазушыларымыз осы орайда көп қызмет атқарды. Олар қазақ әдебиетін азды-көпті еңбектермен байытып ілгерілетуге ат салысты [6, 44 б.]. Міне осы сияқты, М.Көпеевтің де әдеби мұраны жинаудағы еңбегі назардан тыс қалған жоқ. Алайда жан-жақты сөз болған да емес. Сондықтан да болар академик-жазушы М.Әуезов: «Өз шығармаларын былай қойып, басы ашық ескі үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және де естен шығармау керек. Сондықтан қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің ғылымдық бір саласы историография бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілу шарт» [7, 37 б.], - деп өте орынды айтқан. Мерзімді басылымдарда, атап айтқанда «Қазақ ССР тарихы» мен «Қазақ әдебиетінің тарихында» және «Қазақ совет энциклопедиясында» Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы қысқаша болса да мәлімет берілген. «Қазақ ССР тарихының» І томында Мәшһүр Жүсіп Көпеевті ХХ ғасырдың бас кезіндегі кітаби ақындардың көрнектілерінің бірі деп бағаласа [8], «Қазақ әдебиетінің тарихында» оның ХVІІІ ғасырдың оқиғаларын көрсететін тарихи поэтикалық шығармаларды жинауда көп еңбек сіңіргені атап өтіледі. Сондай-ақ, ғалымдар мен әдебиетшілердің еңбектерінде де М. Көпеевтің ақындығы мен әдеби мұраны жинаудағы еңбегіне назар аударылған [7].

Кітаби ақындардың жазған жырларында шығарманы айшықтап, көркемдігін әйгілеп тұратын троп түрлерінің көркем қолданылғанын зерделей отырып, олардың ақындық өрелерінің биік екенін көреміз.

Біз дарияның гауһары,

Біз теңіздің жауһары, -

деген жыр жолдарында келесі бір қазақтың ұлы «кітаби ақыны» А.Сабалұлы Қарашаштың сұлу келбетін дария мен теңіз түбінде ғана болатын, «дарияның гауһары», «теңіздің жауһары» сияқты оңайлықпен қолға түспейтін інжу-маржанға балайды [10, 7 б.].


А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

Орта Азия халықтары арқылы шығыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне жасаған ықпал-әсері ғасырлар бойы үзілген емес. Фирдауси, Низами, Физули, Жәми, Науаи, Хафиз, т.б. шығармалары арқылы келген, немесе араб, парсы, үнді аңыз ертегілерінен келген «Мың бір түн», «Шаһ-наме», «Тоты-наме», «Ләйлі – Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Сейфүлмәлік», «Бозжігіт», «Мұңлық-Зарлық» сияқты толып жатқан лиро-эпикалық ғашықтық дастандар, аңыз, ертегі, хикаялар қазақ топырағында қайта түлеп, жаңарып қазақ халқының бай ауыз әдебиетімен қосылып, жаңа бір арна тапты. Жоғарыда айтылғандардан «Шаһ-наме» қазақ арасында да ертеден ауызша тарап қана қоймай, оның қолжазбаларын, басылып шыққан кітаптарын және мерзімді баспасөзде жарияланған нұсқаларын кездестіреміз. Яғни, бұрыннан мәлім «Мың бір түн», «Ләйлі-Мәжнүн», «Калила мен Димна» секілді жәдігерлері мен Ислам дінінің пайда болып, әлемге таралуына байланысты туған әдеби үлгілерінің қазақ тілінде жасалған нұсқаларынан қазақ әдебиетінің жалпы шығыс әдебиетімен тарихи байланысын, ежелден келе жатқан терең тамырлы қарым-қатынасын көруге болады. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінде қисса жанрының қалыптасуына әсер еткені айқын [11].

Әдебиеттанудағы жалпы текстологияның қарастыратын саласы көпшілікке мәлім болғандай әрине әдеби шығарманың мәтіні. Көркем туындының сөз арқылы жүзеге асырылған күрделі идеялық – образдық жүйе екені белгілі, ендеше «текст» ұғымын автор ойының нақты сөзбен өрнектелгені деп ұққан дұрыс сияқты. Осы тұрғыдан қарастырғанда әдебиеттану ғылымының негізгі мақсаттарының бірі – көркем шығарманың жазылу барысындағы текстерін зерттеу. Бұл автор ойының даму негіздерін толығырақ аңғаруға әрі оның творчестволық лабораториясының қыр-сырын тереңірек білу үшін қажет. Сондықтан текстология түбегейлі ғылыми ізденістің басы және негізі болып саналатыны дау тудырмаса керек [1, 7 б.]. Ақылбек бин Сабал, Шәді Жәңгіров, Мәулекей Жұмашев, Жүсіпбек Шайхисламов, Ораз Молда, Баймұхамбет Бейсенов, Мағаз Батырғалиұлы, Кашафуддин бин Шахмардан, Мақыш Қалтаев, Ғали Махмудов, Нұржан Наушабаев, Ақмолла, Есенмолла, Әбубәкір, Ахмед Оразаев, Жанұзақ, Мәделіқожа, Молда Мұса, Нұралы Нысынбайұлы және Ергөбек сынды ақындардың еңбегін бағалауда, өздерінен кейін қалдырған әдеби мұраларындағы өзіндік дербес те дара үлестерін айқындауда текстологиялық зерттеулердің алатын орны ерекше.
ӘДЕБИЕТТЕР


  1. Қазақ фольклоры текстологиясының кейбір мәселелері. Әдебиет және өнер институты. –Алматы, 2004. –114 б.

  2. Бабалар сөзі. Жүз томдық. – Астана: Фолиант, 2004. –Т.10. – 448 б.

  3. Ашимов Р.Ж. Қазақтың діни қисса-дастандарының поэтикасы. –Түркістан:


А.ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАБАРШЫСЫ, №1, 2013

Тұран, 2008. –207 б.



  1. Назым Сияр Шариф. – Алматы: Санат, 1995.

  2. Күмісбаев Ө. Абай және шығыс. – Алматы: ҚазМУ, 1995. –344 б.

  3. Әуезов М. Қорытынды сөз // Әдеби мұра және оны зерттеу. –Алматы, 1961. –358 б.

  4. Қазақ ССР тарихы. –Алматы, 1957. –Т. 1. – 582 б.

  5. Ғашық-нама. Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дастандары. – Алматы: Жазушы, 1979. – 472 б.

  6. Салқынбаев М. ХХ ғасырдағы қазақ-араб әдеби байланыстары. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. –Алматы, 2006.


РЕЗЮМЕ

В настоящей статье рассматриваются вопросы значения и важности деятельности «книжных поэтов» (кітаби ақын) в распространении и собирании рассказов на религиозную тематику.



(Омарханова М. Роль книжных поэтов в собирании и распространении образцов устного народного творчества)
SUMMARY

This article deals with the questions of value and importance of activity of "book poets" (kitabi akyn) in distribution and collecting of religious subject stories.



(Omarhanova M. The role of the book poets collection and distribution of samples of folklore)




©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет