Майдангер мырзабаев



жүктеу 40.14 Kb.
Дата02.05.2016
өлшемі40.14 Kb.
МАЙДАНГЕР МЫРЗАБАЕВ

Еліміздің жарқын болашағы үшін Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылда­рын­да толарсақтан қан кешіп, кеудесін оқ­қа төсей жүріп, Ұлы Жеңіс күнін жа­қын­датқан майдангер ардагердің бірі Ши­елі ауданы Жөлек ауылының тумасы Шәм­ші Мырзабаев.

1941 жылы 22 шілде күні радиодан Ұлы Отан соғысы басталғанын, өмір мен өлім беттескенін хабарлады. Сөйтіп әлемді жалынға ораған соғыс өртін сөндіруді, бейбіт өмірімізді бұзған жауды талқандау үшін ел азаматтары қасиетті борыштарын атқаруға майданға жөнелтілді. Жауға қар­сы аттанған жөлектіктердің қатарында енді ғана 18 жасқа толған бозбала Шәм­ші Мырзабаев та бар еді. Барлық май­дандарда кескілескен қызу ұрыстар жүріп жатқанына қарамастан іріктелген бір топ жігіт, Ашхабадтағы жаяу әскерлер учи­лищесінде дайындық сапына қабылданды. Арнайы дайындалған бұлар көп ұзамай бірінші Украина майданындағы генерал лейтенант Котюковтың армиясына қо­сыл­ды. Алғаш рет Козятин қаласын азат ету ұрысына қатысты. Жас жауынгер қия­мет арпалыстың бірінде өртенген тан­кіде жарақат алады. Өзі жеңіл деп есеп­тегенімен ауруханада айға жуық жатады.

Ардагердің көз алдынан әлі күнге дейін Украина жерінде жанталаса ар­па­лысқан сәт кетпейді. 1943 жылы май­данның барлық жерінде жеңіс біздің әс­керлердің қолына көше бастаған кез еді. Тұтқиылдан тап берген дұшпанды толық жеңу үшін білек түре шайқасуға тура ке­леді. Ук­раина ормандарында жауды өк­ше­лей қу­ған жеңімпаздар сапында бағыт­таушы ат­қыш Шәмші Мырзабаев капитан В.Ка­ри­поновтың танк ротасында еді. Жау­­ды өкшелей, ес жидырмай ентелеп ке­ле жатқан бұлар желтоқсан айында Тер­на­поль қаласына жақындайды. Танк ро­та­сына жаудың атыс ұяларын талқандау ту­ралы тапсырма берілді. Танкистер таң сәріде межелеген жерге жетеді. Тер­на­по­льдің оңтүстік шығысындағы шағын хуторды қорғаныс шебіне айналдырған фашистер жауынгерлердің алдыңғы то­бына зеңбіректен оқ жаудырады. Негізгі күштен бөлініп басқа бағытпен орағытып келген кеңес зеңбірекшілері танкистерге қосылып хутордағы жау тобырын атқы­лауға кірісті. Күтпеген жерден жаудың ауыр зеңбірегінен атылған оқ Шәкең тан­кісінің бүйірін тесіп жібереді. Құлақ тұндырар жарылыс пен от-жалыны қол­қаны атар ащы түтіннен ол естен танып қалады. Ұзақ жатып емделгенімен оң аяғын сақтап қалу дәрігерлердің қолы­нан келмеді. Ақыры тізеден төмен кесу­ге шешім қабылдайды. Ерлігі үшін ме­дальмен марапатталғанын да госпи­тальда естиді. 1945 жылы ордалы жыланның ұясы Рейхстагқа Жеңіс туын тіккенде Шәмші туған ауылында бухгалтерлік қызметін атқарып жүрген болатын. Сол Жеңіс жылы Ленин партиясының қатарына қа­былданды. Кейіннен соғыстан алған жа­рақатынан зейнеткерлікке шықты.

Қаһармандық ерлік салты мен ерен ең­бекті қастерлеу – ұлттық идеоло­гия­мыздың басты қайнары. Қазір біздің ашық аспан астында бейбіт өмір сүріп жат­қанымыз – ерен ерлік көрсеткен ата­ларымыз бен ерен еңбектерін төккен ана­ла­рымыздың арқасы. Бүгінгі ұрпақ пен келер буын болашақта Отан Ана алдында ұлы борышын өтеген, ел ең­сесін көтерген қастерлі есімдерді ұмыт­пақ емес. “Енді соғыс болмасын...” дейді Шәмші атамыз. Кеудесіндегі “Ұлы Отан соғысы”, “Қызыл жұлдыз” ордендері мен медальдары со­ғыстан хабар бергендей, бейбіт өмірдің де үлесі бар дегендей, сылдыр қағып, тізіле қалған.

– Иә, Ұлы Отан соғысы елге де, ерге де сын болды. Халық мыңдаған азамат­тарын жоғалтып, бала әке мен шешеден айрылды. Ажал оғынан аман қалғандар ортамызға оралды. Олар соғыстан кейін­гі кезеңде бейбіт еңбекке араласып, ел еңсесін көтеру жолында да аянбай қыз­мет жасады. Қаншама адам соғыс дала­сын мәңгілік мекен етіп қалды. Бірақ олар­дың рухы мәңгі жадымызда, олар – ұмы­тылмайды! – деп, ауыр күрсінді қария. «Ұлы Отан соғысының 1945 жылы жеңіспен аяқталғанына да 70 жылға таяп қалды. Осы бір даңқты Жеңіс күні – 9-шы Мамыр тарихымызға тереңдей еніп, алыс­таған сайын оның ұлылығы сезіле бас­тайды. Ол жеңісті жақындатқан, әкелген Шәмші атамыз секілді оқ жұтқан, батыл, ержүрек, батыр да өжет аталарымыз. Олар­дың қаһармандық ерліктері – бү­гінгі ұрпаққа өшпес белгі. “Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын – оның ісі. “Елдің ісі – ердің мойнында” деген осы шығар. Шүкір, бәріне шүкір!» – дейді, қарт жауынгер.

Тарихтың сонау бір қаһарлы күнінің қатпарлы қой­науы­на үңілсек, Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы ең үлкен трагедия екен. Сонау жаугершілік заманда біздің ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен Отанын, туған жерін қасық қандары қалғанша сыртқы жаулардан қорғады. Тарихта мәңгі өшпес із қалдырған, екі жаққа да көп шығын алып келген Ұлы Отан соғы­сында да халықтың атпал ұлдары ата-бабаларымыздың ерлігін қайталады.

Қаншама боздақтар болашағы үшін қиян-кескі шайқаста жанын пида етті. Ел басына қиын-қыстау заман туып, халықтың зардап шеккен жылдары, яғни, 1941-1945 жылдар аралығында Германия мен Кеңес өкіметі арасында болған қантөгісте қазақ жауынгерлерінің ерлігі өлшеусіз. Олардың жасаған ерлігін еш нәрсемен салыстыруға да болмайды. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқандар есімі мәңгі өшпейді, ұмытылмайды. Отан­ға деген сүйіспеншілік оларға өздерінің жауынгерлік борышын ақырына дейін орындап шығуға қуат берді. Олар өз қадір-қасиетін, тәуелсіздігі мен бостандығын қор­ғау үшін семсерін суырған Ұлы қазақ халқының қаһармандарына айналды. Ер­лік көрсеткен қандастарымыздың есім­дері кез келген отандастарымыз­дың жү­ре­гінде сақталмақ. Жеңіс күнін бізге сый­лаған батыр ата-апаларымыздың ал­дында әрқашан бас иеміз. Ұлы Отан соғы­сында қайтыс болғандардың мәңгілік алауы маздап жанады. Бүгінгі арамызда жүр­ген батырларымызға қан­шама қоше­мет көрсетсек те соғыс жылдарында көр­ген қиын­шылықтың орнын толтыра алмасымыз анық. Ел басқарып отырған азаматтар оларға әркез құрметпен қа­рап, мереке қарсаңында құттықтап, алғыс­тарын жеткізуді жыл сайынғы дәстүрге айналдырған.

1942-1944 жылдар аралығында бауыр­лас Украина және Польша қалаларын азат етуде кейіпкеріміз Ұлы Жеңістің атау­лы мерекелік медальдарымен, орденде­рімен марапатталған. Елге оралған соң, Бәйгеқұм сельпосында, Сырдария сов­хозында есепші болып 1995 жылға дейін қызметін абыроймен атқарды. Жұбайы мар­құм Ба­заркүл апа екеуі 8 бала өсіріп, қазір 28 немере, 9 шөбере сүйіп отыр.

Арада жыл өткен сайын Ұлы Отан со­ғысы ардагерлері­нің саны да азай­ып ба­ра жатыр. Бізге бейбіт өмір сый­лаған май­дангерлердің отаншылдық, ба­тыр­лық қасиеттері, ерлігі кейінгі тол­қынға үл­гі-өнеге. Олар әрқашан батыр май­дан­герлердің есімін мақтанышпен атай­ды.



Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
: sites -> default -> files -> users -> kanat-korda -> zheniske-70zhyl
zheniske-70zhyl -> Он алтысында от кешкен
zheniske-70zhyl -> ТОҚсан бестің толғауы (Ардагермен сыр-сұхбат)
zheniske-70zhyl -> Ұлы Отан соғысының ардагері, торқалы тоқсан жастың төріне қадам басқан Сәрсенбай Бақтыбаев көп сөзге жоқ, өзі жайлы айтуға сараңдау жан болып шықты. Соғыс туралы, Ұлы Жеңіске өзінің қатысы туралы тіпті сараң сөйлейді
zheniske-70zhyl -> Сталинге хат жазған бозбала
zheniske-70zhyl -> МӘҢгі өшпес ерлік иесі
zheniske-70zhyl -> Батыр бейнесі
zheniske-70zhyl -> Украина майданының сарбазы
zheniske-70zhyl -> МЫҢ тағзым сізге, майдангер!
zheniske-70zhyl -> Белоруссиядан берлинге дейін
zheniske-70zhyl -> Енді аз уақыттан соң Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Ел басына күн туғанда етігімен қан кешіп, сол жеңісті әкелген абзал ағалардың саны күн сайын азайып барады




©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет