Мамандық «Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің тәжірибе жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау Павлодар бекітемін



жүктеу 318.32 Kb.
Дата18.04.2016
өлшемі318.32 Kb.
: fulltext -> buuk
buuk -> М ж. КӨпеев шығармаларындағы кірме сөздер тарихы оқУ ҚҰралы
buuk -> Іскери – КӘсіби қазақ тілі
buuk -> Қазақ тілі пәнінен практикалық сабақтарға арналған әдістемелік нұсқау Павлодар Кереку 2009 (07) ббк 81. 2 каз- 9 Қ 17 С. Торайғыров атындағы пму-дың қазақ тілі кафедрасының оқу-әдістемелік кеңесі басуға ұсынған Рецензент
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> М. Аллаберген тарих тудырған тұлғалар
buuk -> МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Қылмыстық ҚҰҚЫҚ (Жалпы бөлімі)
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Филология, журналистика және өнер факультеті
Орындаушылық өнер кафедрасы

МАМАНДЫҚ

«Аспаптық орындау» мамандығы бойынша күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлердің тәжірибе жұмыстарына арналған әдістемелік нұсқау

Павлодар

БЕКІТЕМІН

ОІ жөніндегі

проректор

Мазмұны
Кіріспе............................................................................................................3

1 Домбыраның шығу тарихына шолу............................................................5

2 Сыр бойындағы күйшілік өнер....................................................................8

3 Аңыз күйлер.................................................................................................10

4 Алпыс екі Ақжелеңнің шығу тарихы........................................................13

5 Қазанғап күйлерінің ойналу ерекшеліктері..............................................16

6 Қ. Ахмедияровтың күйлеріне талдау........................................................20

Қорытынды..................................................................................................22

Әдебиеттер...................................................................................................24

УДК 785. 787.8 (07)

ББК 85. 315. 3 я 7

М18


С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми кеңесі ұсынған
Пікірсарапшы:

Педагогика ғылымының кандидаты, доцент Сметова А. А.


Құрастырушы: У. А. Ажіғалиева
М18 Мамандық: тәжірибелік сабақтарына арналған әдістемелік нұсқау / құрастырушы Ажіғалиева У.А. – Павлодар, 2006. – 24 б.

Әдістемелік нұсқау «Мамандық» пәніне арналып, күндіз және сырттай оқитын тәлімгерлерге жеке сабақтарының курстық тақырыптарымен таныстырады.

Әдістемелік нұсқау «Орындаушылық өнері» ҚР МЖМБС 3.08.284 - 2006 мамандықтары бойынша жасалған бағдарламаның талаптарына сай жасалған.

УДК 785. 787. 8 (07)

ББК 85. 315.3 я 7
©Ажіғалиева У.А., 2006

©С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2006



Кіріспе
Қазақ даласы ұлы тарих көшінің талай дүрмекті дүрбелеңдеріне куә. Жер бесік пен тал бесіктің арасын мәңгі байланыстырып тұрған киелі тылсымды біздің ұлт өнермен ғана өлшеген. Өнер-адамзат баласының бүгіні мен болашағы, сонау есте жоқ ескі күндерінің арасын үзіліссіз байланыстыратын күн мен түннің арақатынасы сияқты мәңгі ажырамас егізі. Кемеңгер Абайдың сөзін сабақтасақ, «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген өмірлік қағиданың тіні тарқамақ. Өткен күндерден жеткен інжу-маржандар көне тарихтан осылайша тағлым береді. Қазақтың сайын даласы қай кезде де өнерге кенде болмаған. Ұлан ғайыр аймақтың, әр өңірдің өзіндік ерекшелігі, белес-бедері, үні,әуезі, бояуы, екпіні бар. Әрине, өнер ауқымы кең, әрі сан-саласы екендігі де белгілі.Қазақ даласының өміршең өнерінің бірі – күй.

Қатты мұңы – көктен түскен жасындай,

Сырлы мұңы – таудың тілсіз тасындай,

Ащы мұңы көздің кермек жасындай

Қасіреті қос ішектен құйылған

Күбірлесе күллі дүние ұйыған

Тәңіріне сиынғандай сиынған

Қазағымның, қазағымның күйлері – ай!-

деген Шөмішбай ақын өлең жолдарына көз жүгірткенде, күйді тыңдамай жатып-ақ, түп тамыры қазақ даласымен тіндес, кіндіктес перзенттерінің жанын толғай тебірентіп, толқытқан шалқыған шабытқа елітіп жүре берері қақ. Алтын әуез, асыл ақық күйлеріміз қазағымыз түгелі бүкіл әлемде тамсанып, таң қалдырып тұрған жоқ па!

Қазағымның ғұмырына нәр берген де, азаптан арашалаған да, алдынан жарқыраған ай боп туып, алысқа шақырған да, асудан асырған да, жауға шапса семсеріне күш берген де арғы – бергідей бар болмысының күре тамыры – құдіретті күй. Күйде ұлттық рух бар. Күй қазақтың өмір қазығы – ұлықты ұраны. Дарабоз дархан күйді де, күйшіні де өмірге келтірген, оған ұзақ өмір, мәңгілік мәнсап, биік тұғыр берген де халық.Сондықтан күй халқымен бірге жасап, ғасырды ғасырға жалғап, өрелі өрімдерінен болашаққа бойтұмар тағып, өзі де өзіне табынғандармен бақилық ғұмыр кешуде. Сонымен бірге, қазақ халқының күйшілік дәстүрінде, күй өнерінде тармақты күйлер айрықша орын алады. Сондықтан бұл жұмыста тармақты күйлер туралы арнайы сөз қозғап, ой өрбіткен жөн деп санадық. Оның ішінде «Ақжелең» күйлері толықтай ашылып, салыстырып, талданады.

Бұл тақырыптың бүгінгі күнгі өзектілігі күмәнсіз. Себебі, күйлер тақырыбы талданғанмен, нақ түрлі күйшілердің «Ақжелеңдері» сараланған жоқ. Кейінірек, осы жұмыста ноталарымен бірге қосылған «Ақжелең» күйлері толықтай ашылып, синтезделеді.

1 Домбыраның шығу тарихына қысқаша шолу
Қазақтың түбі терең тылсым тарихы, тұрмыс тіршілігі, ақжарқын көңілі, зіл басқан мұны, буырқанған ашу - ызасы, күйініші мен сүйініші, қуанышы мен сүйініші, сілемді сырлары, шалқар шабыты, қайсар қаныр – қайраты бәрі-бәрі домбыра пернесінде хаттаулы.

Домбыра — қазақ халқының жан сезімі, жан серігі.

Домбыра — көшпелі елдің көне көз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі. Ол халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Тарихтың хатқа түспеген талай беттерін паш етіп, халқымыздың тарихнамасына ай­налды.

Қазіргі кездері археологиялық олжалар домбырашылық дәстүрдің тамыры тым әріде жатқанын пайымдайды. Бұған Хорезмде жүргізілгген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қос ішекті аспапта ойнап тұрған музыканттардың күйдірілген саздан жа-салған бейнелер куә. Ғалымдар осыдан кемінде II мың жыл бұрынғы бұл бейнелердегі қос ішекті аспаптың қазақ домбырасымен ұқсастығын айта келіп, оның Қазақстан жеріндегі байырғы көшпелілер арасында ең кең тараған аспаптың бірі болғандығын дәлелдейді.

Домбыра дәстүрінің көнелілігіне күні бүгінге дейін сақталып келген аңыз-күйлер айғақ бола алады. Түп тамыры терең архаикалық салт-санамен үштасқан бұл күйлерде бағзы замандағы мифологиялық наным-сенімдердің сілемдері сақталған [1;56].

Халқымыздың көшпелі тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігіне байланысты өнеріміз ғасырлар бойы тек қана жеке орындаушылық формада дамыды. Ол әр дәуірде мәдениетімізде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкіндік туғызды. Аты аңызға айналған Кетбұғы, Асан Қайғы , Қарт Ноғай сияқты оның ең таңдаулы өкілдерінің есімдері біздің заманымызға да жетті. Олардың күйлері халқымыздың басынан өткерген қиын өткел, қилы кезеңдерін бейнелеп, халық тарихы туралы сыр шертеді.

Домбыра дәстүрінің дамуы XIX ғасырда өзінің шарықтау шыңына жетті. Мәдениетіміздің дәстүрінде көптеген профессионал күйші-композиторлар қалыптасып, күйшілік дәстүр көптеген мектептерге бөлінді. Бұл куйші-композиторлар өзіндік стильдік ерекшелігімен, қағыс техникасымен, музыкалық тілімен, орындау шеберлігімен оқшауланып, өнерімізде жарқын із қалдырды.

Домбыра өнерінде батысқазақстандық төкпе және шығысқазақстандық шертпе тәрізді екі аспаптық дәс­түр қалыптасты. Бұл екі дәстүр бір-бірінен композициялық құрылысы, ойнау техникасы, музыкалық тілі жағынан айрықшаланып дараланады.

Батыс Қазақстан күйлері негізінен шиеленіскен тартысты оқиғаларға құрылады. Терең философиялық толғанысқа толы бұл күйлерде куатты әрі толық қанды образдар жасалады. Төкпе күйлердің шертпе күйлерден айырмашылығы — оның бас буын, орта буын, кіші саға, үлкен саға болып келетін нақтыланған формасы бар. Және бұл дәстүрдегі тағы бір ерекшелік — оң қол қағысында. Қағыстар оң колдың сермей соғуымен орындалып, қара қағыс, ілме қағыс, бөгеме қағыс сияқты сан түрге бөлінелі.

Шығысқазақстандық шертпе дәстүрінің ерекшеліктеріне күйлердің ән тектес әуенді, сазды және жұмсақ нәзік үнді болып келуін, саусақ басымен шертіп тарту әдістерін жатқызуға болады. Олардың мазмұнына психологиялық суреттемелер, терең толғаныстар, әйелдердің нәзік бейнелері тән.

Домбыра өнері бұл күнде де өз жалғасын тауып,дамып, өркендеп отыр. Өмірдің, тұрмыс-тіршіліктің жаңғыруына байланысты орындаушылық, дәстүр мен оның функциялары да қазіргі уақытта өзгеріске ұшырады. Алайда, домбыра күйлері бұдан жүздеген жыл бұрынғыдай халықтың рухани серігі болып, оның көңіл күйін, жас ұрпақтың болашағына деген толғанысын, арманы мен бақытына деген сенімін сақтап келеді.

Өнер — адамзат баласыньң бүгіні мен болашағы, сонау есте жоқ ескі күндерінің арасын үзіліссіз байланыстыратын күн мен түннің арақатынасы сияқты мәңгі ажырамас егізі. Кемеңгер Абайдьң сөзін сабақтасақ, «туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең...» деген өмірлік фәлсафаның тіні тарқамақ. Өткен күндерден жеткен інжу-маржандар көне тарихтан осылайша тағлым береді. Сырдың күрең топырағындағы өміршең өнердің бірі — күй. Күй шежіресі қадым замандардың қойнауынан бастау алады. Ғасырлардан дәстурлі сабақтастығын тапқан күйшілік өнер Сыр бойында тамырын тереңге тартты. Әсіресе XIX ғасыр мен XX ғасырдың орта тұсында айрықша дамып, күлтелене түсті. Дәстүр барынша кемелденіп, өмірге көптеген күйші-сазгерлер легі келді. Өнерлі өлкеде ғұмыр кешкен Сырдың дуалы ауыз азулы ақын-жыраулары рухани мұралардың кемел түрлерін сомдады. Айтқаны мірдің оғындай мүлт кетпейтін жезтаңдай шешендер өтті бұл өңірден. Әншілер мен сал-серілер сайын дала төсін думанға бөледі. Қарт қобыз бен қарағай домбыраның бауырынан күй сауған балды бармақтар өтті. Сыр өнері сан рет түледі. Тек аттарын атай бастағанның өзінде Сыр күйшілері есімінен көз сүрінер еді. Қорқыт баба, Сасықбай бақсы, Дайрабай қобызшы, Жақайым Жарықбас бақсы, Әлім Әйтім күйші, Құрманай Төремұрат, Домақ Тәппет, Қоңырат Әлшекей, Жақайым Аймағамбет, Кенжегұл, Теңізбай, Айсүгір, Төренияз, Нышан Әз, Шал Мырза, Қазанғап. Алпысыншы жылдарға дейін өмір сүрген Жалғасбай Аралбаев, Байтақтың Төлебі, Керейұлы Ақжол, Әлібек Бәйкенов, Дәулетбай Елтаев, Құлмырзаның Молдағалиы, Шөмекей Көшкінбайдың Әбілдасы, Сәйке отемістің Бисенәлісі, Жанғылыш Әбдіғали, әкелі-балалы Науан мен Мергенбай, Төртқара Жұмалы, Нүрпейісов Қали, Мусинов Жексенбай, Мәлік Жаппасбаев, Әбдіқалык Дуйсебаев, Қазалылық күйші Мінсізбай, Қарашалаңдық Меңдібаев Ерекен, Ақбастылық Мырзажан Сахиұлы. Бұлардың соңы Қаппар Жармағамбетов, Ізбасар Ілиясов, Бақыт Басығараев, Жұмабай Жақыпов, Нұрмағамбет Әлиев, Шәкі Оспанов, Тілеуберген Төребеков, Қараман Ізмаханов сынды күй өкілдеріне ұласты [2;71].

Сыр күйі — өзінен бұрынғы кемел дәстүрлердің ең озық үлгілерін бойына сіңіріп барып дүниеге келген бұла өнер. Әйткенмен, өлкенің күйшілері есімдерінің туған топырағындағы елеусіз, ескерусіз жайы қынжылтады. Төңірегінде теңдесі жоқ бұл күй-қазына тарихы әлі күнге жабулы қазан қалпында. Сондықтан, әңгіме желісі Сыр топырағындағы дәстүрлі күй өнері және күйшілер жөнінде өрбімек. Сыр бойының әндері мен күйлеріне лайықты бағасын беру мерзімі әлдеқашан жетті. Біліп-тану, әлде де жинастыра түсу, насихаттау жұмысы ол өз алдына. Бұл тарапта әдебиет пен музыкатанушы сунғыла мамандарымыздьң алдында тұрған міндеттердің жүгі ауыр.

Архивтік күйлердің дені «Жалдыбайдың күйі» деген бүркеншік атпен жатыр. Сынай қараған адамға Сырдың бойында Жалдыбайдан басқа адамда күй, одан басқа күйші болмағандай әсер қалдырады... Рас, күйшінің «Ескі балбырауын», «Жеңіс», «Камаринская», «Қара жорға» атты белгілі шығармаларына ешкімнің де таласы жок. Бірақ «Асанқайғы», «Мамық Ақжелең», «Бұғының күйі», «Баулы ешкі», «Қос қыз», «Тәнтән қыз», «Сыр жаңылтпаш», т.б. сияқты күйлердің Жалдыбайға еріксіз телінуі бізді қайран қалдырғанын жасыра алмаймыз. Тіптен архив атаулының астан-кестені шыққанын мына жайыттан да анық аңғаруға болады. Ілкі заманнан бері халық күйі болып келе жатқан өте ескі күйлердің бірі «Нар идірген» Нәби Жәлімбетовтың жеткізуінде «Жалдыбайдың күйі» болып шыға келуін ешқандай да заңдылыққа сыйғыза алмадық.

Осы жерден сәл шегініс жасалық. Шындық атаулыға қылбұрау салып шыңғыртқан, жариялылықтың көмейіне қорғасын құйылған алмағайып, өліара кезеңді бір сәтке көктей шолып көріңіз. Өкіметтің сызып берген шеңбері бар: «ескі әнді айтпа, көне күйді тартпа». Шеңбер аттасаң, жазаң белгілі. Осындай кезде аталмыш орындаушылар үшін алыстан күй іздеп барған фольклор жинаушы­ларына не айтпақ керек? Еш нәрсе айтпауға фольклор жинаушы да өкіметтің тапсырмасымен келіп тұрған адам. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынадының» кері. Өкіметтің қырағы назарына ілініп, репрессияға ұшырау каупі төнген, сол себепті елден еріксіз ірге көтеруге мәжбүр болған Мырза сияқты тұлғалар хақында бірдеңе деу — қатерлі қадам.

Бұл жерде бір нәрсенің басы ашық. Мәселе біреудің күйін екінші бір адамның басына үйіп-төгіп бере салу немесе қиянат жасау емес. Мақсат — бүкіл бір әулеттің, ұлт мәдениетінің басына үйірілген қатерлі мұнардан құтылу. Қулықтың қандай бір жолы болмасын көндігу. Тек «Күй» деп аталатын киелі құбылысты өліара кезеңнен аман алып шығу жолын қарастыру. Біз қазақ өнерпаздарының ғасырдың басындағы бар мақсат-мүддесі тек осындай мәселелерге жұмылдырылған деп түсінуіміз шарт. Аласапыран уақыттарда ән-күй сияқты биік рухани күштердің сырт көзден аман сақталуы ниетінде ортақ қазанда қайнауы заңды. Саралау, талдау, иесін анықтау - бейбіт күндердің үлесінде, яғни, бүгін, ертең, болашақта...

Аталмыш күйлер жоғарыда аты аталған күйшілердің орындауын-да Мырзаның күйі деп жазылған үнтаспалар да жеткілікті. Мұндай таспалар — көбіне-көп орындаушылардың өмірлерінің соңында, ағайын-туыстарына ескерткішке жаздырған жәдігерлер. Ал өкімет тарапынан экспедиция жасап фольклор жинаушы келе қалса, жазып берері — дәл сол күй. Бірақ авторы басқа, яғни, «Жалдыбай­дың күйі». Сол себепті ел арасынан жиналған материалдар архивтік материалдармен сәйкес келе бермейді. Біз еңбекті жазу барысында көбіне-көп елдегі көзі тірі білетіндердің сөзінің куәлігіне иек арттық. Ал архивтік материалдардың құны кеңес өкіметі тұсында қатталғаны себепті салмақсыз көрінді. Өйткені жүйенің аты — жүйе. Бұл жайтты атақты күйші-дерек берушілеріміздің сол кездегі іс-әрекеттерінің өзі дәлелдейді.
2 Сыр бойындағы күйшілік өнер
Сыр бойы күйшілерінің шығармашылығы — музыкатану саласындағы тың арна.Сыр бойының күй мұрасы — қазақ домбырашылық өнеріндегі сойы бөлек тың арна. Ұмыт болу қаупі төнген заманда қайта түлеген Сыр күйінің қазақ әлеуметінің әлі талай кәдесіне жарары сөзсіз. Әйткенмен, Сыр бойы күйшілері хақындағы мәлімет көздері жұтаң. Көптеген көне күйлердің қосарлана айтылатын вербальдық сыңары — аңыз-тарихы көмескілене бастаған. Күй жөнінде де, күйші жөнінде де көп жәйт ұмыт болған. Бірақ, біз тиянақ ететін ең басты сүйеніш бар. Өмірден күйші озғанмен, жадымыздан аңыз өшкенмен, қолымызда күйдің өзі бар. Күйдің өзі бар жерде күйшінің келбетін, аңыздың мән-мағынасын қайта қалпына келтіруге мүмкіншілік мол..

Өткен замандарды тануда оның екі қанпардан тұратынын ескеру керек, яғни, обьективті және субьективті тарих. Объективті тарихқа қоғам тарихын жатқызамыз. Оған экономикалық, әлеуметтік және саяси процестердің алмасуын сипаттау жатады. Ал, субьективті тарихқа осы процестерді тану, қабылдау, демек, оған деген өз пікірінді білдіру, сөйтіп, келер ұрпаққа азық болар ойсалы: адам өзін қоршаған ортаға деген көз қарастарын түрліше әдіс– тәсілдермен сыртқа шығарып бейнелей алады. Осындай ішкі ойды бекем бекеті алатын тәсілдердің бірі – өнер.

Сан – салалы өнер түрлерінің ішіндегі ең қомақтыларының бірі – Күй. Ұлы Абайдың : «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», – дегендей, күй – ақпар таратудың тілсіз түрі. Сондықтан бұл құбылысты түсініп, қабылдау, ұғу – оны шығарып немесе ойнаудан бөлек, өзінше бір төбе дүние. Күй шығаруының жан дүниесін түсіну үшін : «Күй дегеніміз не, оның өз тарихы бар ма, жоқ па?» – деп сауал қоя білуіміз– өте маңызды мәселе. Өйткені біз өте ерекше дүниемен – психо физиологиялық әсерлер дүниесімен бетпе – бет келіп отырмыз. Адам дыбыстар дүниесін қалай қабылдайды, түсінеді, өз пайдасына жарата алады? Күй, шығарушыдан, аспаптан және тыңдаушыдан тұратын ерекше жүйе. Күйді ойша тарту, аспапта тарту, тыңдарманға орындап беру бар. Күйдің техникалық орындалу ерекшеліктері, домбырашының ақтерлік қасиеттері, тыңдаушының музыкалық мәдениеті, әрқайсысы өз алдына үлкен маңызға ие болып, күйді түсінуде соқталы рөл атқарады [3;90].

Демек, күй тарихы дегеніміз оның орындалған уақытын немесе иесін анықтау ғана емес, ондағы түрлі образдар жүйесінің тарихын ашу болып табылады. Күй – тарихи категория ретінде мифологиялық ойлау жүйесінің жемісі. Ал, мифтік ойлау дегеніміз – негізінен образды ойлау, яғни, күйдің дыбысты емес, бейнені іс – әрекетті көре білу.


3 Аңыз күйлер
Ал, «Күй адамша сөйлейді», – деген бейнелі сөзді қалай түсінуіміз керек? Біріншіден, күйдің тілі кісінің тілі емес. Екіншіден, ол сөйлей алмайды, өйткені жансыз аспаптың үні. Сондықтан, күйдің міндетті түрде аңыз айтылып барып тартылады. Егер күйдің шын мәнінде сөйлейтіні рас болса, онда аңыздың керегі жоқ еді. Үшіншіден табиғи дыбыстарға еліктеу, табиғи іс – әрекеттерді қайталауға тырысу «ол сөйлейді» деген тура мағынасындағы ұғым тудырғаны хақ.

Мысалы : «Жезкиік» күйін алайық. Мұнда қол жетпес арман, сұлулық туралы тылсым түсінікпен қатар киіктің шабысы да бар, яғни, идеалды және реалды дүниелер өзара қабысып, бүтін дүниеге айналып кеткен. Бірақ кәдімгі сөз бұл жерде жоқ.

Жапан далада жолаушы жүріп келе екі аңшы жігіт көктемгі құралай салқыны мезгілінде төлдеп, төлін қорғаған киіктерге тап болып, оларды жыртқыш аңдардан аман алып қалады. Себебі, жаңа төлдеген киік ешкілері лағын тастап, кете алмай, сол лақтаған сайларында ұйлығып қалады, яғни, байланып қалған сияқты. Мұны түсінген даланың тағы жыртқыштары да сол маңды қорып, айналшықтап кете алмайды. Көне көздер баулы ешкі сөзін ұрпақты ешкі деп түсіндіреді. Міне, осындай аңдар дүниесіндегі өмір үшін тартыс, арпалыс, оған адамның араласуы, адам санасында сол кезде пайда болған ассоциациялар тізбегі күйде жарқын көрініс тапқан. Бұл жерде әйгілі «хайуанаттар мәнері» деп аталатын көне көшпелілер мәдениеті көрініс беріп, сол өнерді шынайы мән—мағынасы ашылған. Күй тарихы, оның образдық тілі бір—екі ғасырдың емес, ондаған жүздеген ғасырлардың жемісі болып жинақталған.

Қазіргі домбыраның құрылысы қай замандарда қалыптасқан ? Бұл тұрғыдан археологиялық қазба жұмыстардан мәлім болып отырғаны: екі шекті немесе қос ішекті аспаптардың Кушан мемлекеті тұсында (б.д.д. 1-2 ғасыр және б.д. 3 ғасыр) кең тарағаны белгілі. Он тоғызыншы ғасыр «Қазақ өнерінің алтын ғасыра» деп дәріптеледі. Осы ғасырда өнер атаулы адам танымастай биік өреге көтерілді дейміз. Бұдан «қазақ өнері бұған дейін дамыған емес, көркем ән мен күйдің үлгілері болған жоқ, бұл биік өре бірінші де соңғы биігі, өнер осыған дейін ылғи қарабайыр еді» деген ұғымды өрбімеуі керек. Демек, он тоғызыншы ғасырдағы биіктік, даму, шарықтау— қазақ өнерінің кезекті бір даму кезеңі ғана. Дәстүрлі өнердің жиырма бірінші ғасыр табалдырығында тұрғандағы бүгінгі аруыр ахуалы сияқты өнер бұған дейін де талай құлдыраған, талай шарықтаған.

Өнерде бір қалыпты даму болмайды. Өнер кейде дамиды, кейде тоқырайды. Ылғи дамып отыру немесе бірыңғай құлдырап кету жаратылыс заңдарына қайшы. Мұндай ахуалдардың ақыры апатқа әкеп соқтырады. Сондықтан, өмірдің өзі сияқты табиғи тепе— теңдікті бір қалыпта сақтау үшін мәдениеттің дамып, кейде тоқырап отыруы — заңды құбылыс. Ең алдымен күй өнері үлкен екі мектепке бөлінеді. Батыстың төкпе күйі ескі терминологияда «болат күйлер» деп аталған екен. Шертпе күй «нақысқы күй» деп аталған. Күйді былай бөлу баяғыдан бар, әйткенмен, термин соңы.

Ал енді қазақ музыкасына келетін болсақ, мұнда ахуал мүлдем басқа. Әрине, туған мәдениетінің темірдей берік жүйесін жасау — арман. Қаттап, шоттап, белгілерін бекітіп сөрелерін қойып қойған теріс болмас еді. Бірақ қазақтың дара туған бұла мәдениеті әлі бірталай уақытқа дейін жүйеге көнбейді. Ал, еріксіз көндіру— қылмысты қиянат. Бір кездері біз де күйлерді атына қарап жүйелемек болып біраз әурелендік. Бірақ өкінішке орай ол әрекетімізден ештеңе шықпады. Күйлерді аттарына қарап жанрларға топтау жеміссіз жол боып шықты. Мысалы, «Балбырауын» аттас күйлерді алайық. Бұл күйлердің бізге көптеген нұсқалары жетті. Осы әлденеше нұсқа сіздің қолыңызға «Міне, мынау жанрдың ортақ сипаты» деп айтатындай ешбір ұшық бермейді. Құрманғазының «Балбырауыны» мен Тәттімбеттің «Балбырауыны», Сүгірдің «Балбырауыны» мен Жалдыбайдың «Балбырауын» күйі — аңдағайлап тұрған, бір —біріне еш ұқсамайтын шығармалар. «Ақжелең» күйлері туралы осыны айтуға болады [4;28].

Соңғы жылдары күй өнерін саз – сарындары бойынша айрып тану үшін «төкпе күй» және «шертпе күй» деген атаулар жиі – жиі ауызға алынып, мұның өзі күйшілік мектептердің анықтауышы сияқты қолданылып жүр.

Қазақ елі, жері, өнері десек, алдымен ауызға алып, ойға келетіні шегі жоқ сары дала, көшкен ел, аттың жалында, түйенің қомында туып, дүниеге келген ән мен күй.

Сан ғасыр бойы заманның талай зобалаңын бастан кешірсе де, қазақ, халқының еңсесін елден ерекше самғап, биікте ұстап тұрған кұдірет — оның өнері. Музыка өнері, саз өнері, қол өнері. Жеке алып қарайтын болсақ, домбыра, оның күй өнері - тамыры терендегі тұңғиық ғылым. Олардың ішінде тармақты күйлерінің бірі «Ақжелеңді» қарастырайық.

Халық ұғымында тармақты күйлер деп бір тақырып төңірегінде топтасқан, бір атаумен аталатын күйлер тізбегін атайды. Ал, күй туралы жазылған зерттеулер еңбектерде тармақты күйлер «тізбекті күйлер», «аттас күйлер», «тамырлас күйлер», «топтама күйлер», «аттас күйлер», «тамырлас күйлер», «топтама күйлер» деп әр түрлі аталып жүр. Осылардың ішінде мағыналық сәйкестігімен де, жақындағымен де ұрымталы – «тармақты күйлер» деген атау. Себебі, қазақтың күйшілік дәстүрінде «Алпыс екі тармақты Ақжелең», «Қырық тармақты Қосбасар», «Тоғыз тарау» деп келетін күйге қатысты тұрақты сөз тіркестері бар. Бұлардың қай–қайсысында да «тармақ», «тарау» сөздері күйшілік өнердің өз алдына бір оқшау дәстүрлі сияқты, сол дәстүрдің анықтаушы ретінде қолданылады.

Бір шындықтың басы ашық. Әрісі түркі тектес халықтардың, берісі қазақ халқының күйшілік дәстүрінде болған, қазір де бар тармақты күйлердің пайда болуы кездейсоқ құбылыс емес. Немесе, белгілі бір сәтті атауға күйшілердің қызығуынан туған, сөйтіп аттас күйлер тізбегі пайда болған деп түйіндей салудың да қисыны жоқ. Себебі, тармақты күйлердің тақырыбы ғана аттас емес, ең алдымен күйдің сарын сазындағы, тартылу мәнеріндегі тектестік бұл дәстүрдің кездейсоқ құбылыс емес екенін аңғартады. Мәселен, «Тоғыз тарау» деп аталатын тармақты күйлер бірыңғай теріс бұраумен тартылса, «Қосбасар» деп аталатын күйлер көбінесе домбыраның бел тұсындағы пернелерді баса отырып, қос ішектің асты- үстін кезек шерту арқылы тартылатын қоңыр күйлер болып келеді, Ал, «Ақжелең» атауымен белгілі тармақты күйлер болса, өзінің қайталап тартылатын буынды үлгісімен, сұлу суреттерге толы тартымды саздарымен, әсіресе жүрдек тартылатын тегеурінді шалымымен ерекшеленеді. Осы мысалдардың өзінен – ақ тармақты күйлердің пайда болуында, дәстүрге айналып орнығуында белгілі бір заңдылықтың бар екені байқалады.

Әрине, тармақты күйлердің пайда болу, дәстүрге айналу заңдылықтарын қазақ халқының дәстүрлі өмір салтынан, дүниетанымын, жалпы көшпелілер мәдениетінен бөлек қарастыруға болмайды.Бұл орайда, көшпелі салттағы қазақтардың бертін келгенше тәңірлік наным- сенімнің ықпалында болғаны, ондай наным- сенімнің діни мистикалық қасиетінен гөрі қоғамдық өмірді реттегіштік ықпалының басымдығы, Тәңір тектес қағандық билікті орнықтырған рухани дәстүрлер, Тәңірмен тілдес бақсылардың қобызды өзіне ажырамас серік етуі, ең соңында музыканың көшпелілер өмірінде тек қана эстетикалық мәнге ие болып қоймай, сонымен бірге әлеуметтік-идеологиялық міндет атқару, сөз жоқ, тармақты күйлер дәстүрінің ертеден- ақ пайда болып, дәстүрге айналып, орныққанын аңғартады. Кез келген бақсы ауру адамға ем- дом қолданарда немесе алыстың хабарын, алдағы күндердің не боларын болжап сөйлерде, міндетті түрде қыл қобызда небір қиял- ғажайып сарындарды шалқыта шалып алатын болған. Мұның өзі «бақсы сарындары» деп аталып кеткен тұтас бір тармақты күйлер тізбегін құрайды. Сол сияқты, Тәңір тектес қаған ордасында күн сайын атар таңды жаңа бір күймен қарсы алып, ал Ұлыстың ұлы күні қағанаттың үміт- тілеген Тәңірге жеткізетін тоғыз күйдің қатар тартылуы – тармақты күйлер дәстүрінің байырғы заманнан бастау алатынына жарқын айғақ. Бертін келе тармақты күйлердің әбден орнығып, дәстүрге айналғаны сонша, енді әрбір күйшінің өнерпаздық өресі тармақты күйлерді қаншалықты меңгергенімен, тармақты күйлерді байытуға қаншалықты үлес қосқанымен өлшенетін болған. Боғда, Құрманғазы, Мүсірәлі, Есбай, Дәулеткерей, Тәттімбет, Тоқа, Ықылас, Сүгір сияқты дәулескер күйшілердің «Ақжелеңінің», өз «Байжұмасының», өз «Қосбасарының», өз «Аққуының » болуы, ең алдымен осынау тармақты күйлер дәстүріне бейтарап қарамағандықтан, оның қадірін білгендіктен болса керек.



Қолдағы бар деректі саралай отырып, қазақтың тармақты күйлерін былайша жіктеуге болатын сияқты: 1. «Бақсы сарыны»; 2. «Тоғыз тарау»; 3. «Кеңес күйі»; 4. «Аққу»; 5. «Ақжелең»; 6. «Қосбасар»; 7. «Ақсақ құлан»; 8. «Ноғайлы сарыны»; 9. «Байжұма»; 10. «Кертолғау» т.б. тармақты күйлер тізбегі [5;84].

4 Алпыс екі Ақжелеңнің шығу тарихы
«Ақжелең» атауымен белгілі тармақты күйлер де жалпы күй өнеріміздің еңсесін биіктетуге айрықша ықпал еткенін атап өту қажет. Әу басты өз күйлерін «Ақжелең» деген атпен тартқан Ақжелең есімді ару қыз Жайық бойында ғұмыр кешіпті-міс деген аңыз - әңгіменің қисыны бар. Өйткені, күні бүгінге дейін айтылатын сол аңыз - әңгімелерде Ақжелең арудың ақ боз ат мініп, ақ үні тағынып шығатыны бір ауыздан суреттеліп отырады. Ақжелең ақыл - көркінің, арқалы өнерінің арқасында елдің еркесі болыпты дейді. Әсіресе, ол тартқан күйді әркім-ақ жалықпай тыңдайтын болса керек. Сонда, құймақұлақ тыңдаушы жұрт Ақжелеңнің тартқан күйлеріне ат қойып, айдар тақпай – ақ, «Мынау Ақжелеңнің шолпысының сылдыры», «Мынау Ақжелеңнің келін болып түсуі», «ал - мынау Ақжелеңнің ат үстінде отырып тартқан қоштасу күйі» деп айырып отырады. Кейін келе Ақжелең күйлерінің ел ішінде әйгілі болғаны соншалық, нағыз күйші Ақжелеңнің сұлу күйлерін тартуды үйренбей тұрып өзін күйші - домбырашы деп атауға қымсынатын болған. Сөйтіп, Ақжелеңнің күйлері күйшіліктің, домбырашылықтың өлшеміне айналған. Тіптен, әйгілі күйші - домбырашыларға ең биік баға берілгенде «Ол алпыс екі тармақты «Ақжелеңді» тартады» деп келетін сөз бар. Мәселен, бір ғана Арал төңірегінде алпыс екі тармақты «Ақжелеңді» тартумен даңқы шыққан Үсентөре, Қазанғап, тобынан шыққан Рақ, Айша қыз, Балжан қатын сияқты дәулескер күйші – домбырашылар болған. Бара- бара «Ақжелең» атты күй шығарып, осынау тармақты күй дәстүрінің салтанатын арттыру нағыз күйші үшін мәртебе саналған.Мұны, әсіресе, Қазақстанның Батыс өңіріндегі күйшілік дәстүрден айқын аңғарамыз. Бұл өңірде Боғда, Дәулеткерей, Қазанғап, Абыл, Ұзақ, Мүсірәлі, Есбай сияқты әйгілі күйшілердің «Ақжелең» тармағын ұзартпағаны кімде –кім. Олардың қай –қайсысы да өз өмірлерінің ең бір сұлу сырға толы сәттің «Ақжелең» атты әсем күймен көмкеріп отырған. Мәселен, Беріш ішіндегі Боғда Қараұлы өзінің болашақ қалыңдығы Үштаппен алғаш кездескенде оның кербездігіне тәнті болып «Кербез Ақжелең» күйін шығарған. Ал, тай – құлындай тебісіп бірге өскен құрдасы Рахат құдашасын алып қашып келгенде, Боғда «Кербез Керік » деген күйін тартқан екен. Сол сияқты сұлулықты тәңірі тұтқан Дәулеткерей де «Ақжелең» деп тартылатын үш күй болған. Бұлардың ішінде «Қыз Ақжелең» күйі өзінің сұлу сазымен, сезімтал лебімен баурайды. Әйгілі Қазанғапта «Тентек Ақжелең», «Домалатпай Ақжелең», Есентемір Ебайда (Тазбала) «Ілме Ақжелең», «Түйдек Ақжелең» деп аталатын қос –қостан күй бар. Осылайша Ұзақтың «Ақжелеңі», Мүсірәлінің «Ақжелеңі» деп те жалғай беруге болады. Мұның бәрі жинақталып кіші жүздің күйшілік дәстүрінде «Алпыс екі тармақты Ақжелең» деп аталады. Әрине, дәл алпыс екіден «Ақжелеңдердің» саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қазақта «Алпыс екі тамырым иіді» деп келетін тұрақты сөз тіркесі бар. Яғни, «Ақжелеңдерді» алпыс екі деп қайыруда ең сезімді иітетін күйшілік дәстүр деген мағынамен астасып жатуы әбден мүмкін. « Ақжелең» деп аталатын күйлердің саны алпыс екі болуының түсіндірмесін, алпыс екі тармақ қан тамырымен байланысты дейді кей деректемелерде. «Алпыс екі күйді түгел тарту – алпыс екі тамырды иітумен пара- пар », деп түсіндіріледі.

Түсініктеме басқаша беруге де болады. Алпыс екі саны ежелгі мүшелік жыл санауға да тығыз байланысты болуы мүмкін. Алпыс бір жаста бесінші мүшел. Оның үстіне әрбір мүшелдің өз түр – түсі болады. Мысалы: ақ, қара, сары, қызыл, көк. Мүшел алпыс бірге келгенде осы бес түр бір шеңбер жасап, қай түрден басталған болса, сол түріне қайтіп оралады, яғни, бір цикл аяқталады. Ежелгі ұғымда осы бес түр толық бір шеңбер жасағанда ғана – бір жас деп есептеген. Алпысқа толмай өлген адамды «екі жастың біріне келмей өлген адам» дейтіні содан болса керек. Демек, алпыс бір жас – бесінші мүшел, яғни, бір жас. Бір күйді «Табалдырық күй» немесе «Құлақ күй» деп қосады. Сонда күйдің саны алпыс екі болып түгелденеді.

Ертедегі домбырашыылар бір – бірімен сайысқа түсу үшін, осы алпыс бір күйге өзінің құлақ күйін қосып ойнап, күй санын алпыс екі санымен түгелдеуге тиіс болған. Күйден құлақ шығару – жаңа күй шығару деген мағынада. Демек, әрбір күйші бір циклды толық аяқтауға міндетті деген сөз.

Халықтың өткені, тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімі мен ой-арманы туралы небір сүбелі деректерді көне аңыз-күйлерден танып білуге болады. Олар аққудың сұңқылы, нардың боздауы, кұланның дүбірі, жорғаның жүрісі сияқты небір суреттерді көз алдыңа әкеледі.

Бұл күйлердің күмбірлеген сырлы сазымен бірге егіздің сыңарындай болып ауызша айтылатын терең мағыналы аңыз-әңгімелері бар. Олар музыкадан бөлібейтін біртұтас синкретикалық форманы құрайды. Ал күй сарындары болса аңызда айтылған оқиғаны бейнелейтін шағын эпизодтардан немесе формасы жағынан кіші-гірім күйлер тобынан құралады. Күй формасы шағын әуендік формуланы қайталап орындау арқылы қалыптасқан. Күйлер теріс бұрауда орындалып, көбінесе бурдонды екі дауыс болып келеді.

Аңыз-күйлердің ең көне үлгілеріне аң-құстардың, атымен аталатын, сонымен қатар, аң аулауда болған сәтсіздіктер мен жан-жануарлар туралы күйлерді жатқызуға болады. Мәселен, «Аққу», «Қаз», «Нар» сияқты күйлер халқымыздың жан-жануарларды киелі санаған тотемдік ой-сенімдеріне байланысты туған. Сол сияқ­ты «Ақсақ қыз», «Ақсақ құлан», «Ақсақ аю», «Ақсақ қаз», «Ақсақ киік», «Ақсақ қой» атты күйлер халық ұғымындағы ақсақ аруақтар культімен тығыз байла­нысты екенін байқауға болады. «Қос келіншектің зары», «Жетім қыз», «Арбиян қоңыр», «Ботасы суға кеткен інгеннің зары» сияқты жоқтау күйлерде халықтың өзен суларының екі дүниені бөліп тұратындығы жайындағы ескі діни ұғым-түсінігі сақталған. «Аңшының зары», «Бөкен жарғақ» атты күйлерге де төтемдік наным-сенім арқау болған. Бұл шығармаларда аң аулаудың қасиетті заңдылығын бұзғаны үшін бақытсыздыққа ұшыраған мергендер туралы баяндалады [6;79].

Жоғарыда аталған күйлердің шығу тегі өнердің әлеуметтік функцияларының бірі тұрмыстық магия болған тарихи кезеңдерді қамтиды. Бізге жеткен көне күйлердің сырлы саздарында магиялық қасиеттердің кейбір жұрнақтары сақталған.

Уақыт өткен сайын ескі діни наным-сенімдер де ұмыт бола бастады. Қазіргі уақытта аңыз-күйлердің көпшілігі ертегі-әнгіме тәрізді болып қалды. Алайда, уақыт сағымының кұрдымына кеткен өткен ғасырлардың сырлы үнін біздің заманымызға сақтап жеткізген осы аңыз-күйлер екенін ешқашан естен шығармағанымыз жөн.

Халық арасында жас бозбалаларды – « ақжелең», «жігіт- ақжелең» деп жатады. Ақжелең сөзі «ұшқалақ болма ақжелең» деген сөз қолданысында бар. Демек, Ақжелең сөзі жастықтың символы болуы да ғажап емес. Жігіт – желең сөзі ер адамға, Ақжелең сөзі әйел адамға байланысты қолданылады. Ақжелең деп аталатын күйлердің әйел адамның бүкіл болмысы мен бітімін суреттеуі де содан болса керек. Ақжелең – желең астындағы толысу деген мағынаны ишаралайды. Демек, ақжелеңдер – көбіне әйел адамның, яғни, нәзіктіктің жанды бейнесін сомдайтын шығармалар.

«Ақжелең» күйі түрлі күйшілерде түрлі естілген. Сол «Ақжелең» деп аталатын күйлерінің негізін салушы және дамытушыларының бірі – Қазанғап болып табылады.

Ол адам жанын тебірентерлік назға, қуаныш пен маххаббат лирикасына толы, терең мағыналы, әуен жағынан құбылып, құлпырып тұратын Ақжелеңнің алпыс екі түрін шығарған. Күйдің әрқайсысының атына, мазмұнына сәйкес екпінін, әуенін өзгертіп дамытады. Өзінің стильдік ерекшеліктерін осы күйлерінің өн бойында сақтап отырады. Халқымызда « Ақжелең» атты күйлер көп. Ары бармай – ақ Ұзақ, Құрманғазы, Дәулеткерейді алып қарасақ, «Ұзақ Ақжелең», « Қыз Ақжелең» деген күйлерін шығарған.
5 Қазанғап күйлерінің ойналу ерекшеліктері
Қазанғап болса осы бір тақырыпты дамытып, тарамдаған. Ол өз күйлерінің жиынтығы ретінде «Күй басы Ақжелең» күйін шығарады. Қазанғап тыңдаушы қауымға домбыра тартарда күйлердің беташары ретінде осы «Күй басымен» бастайды екен. Сондықтан,

« Ақжелең» - алпыс түрін ойнағанда,

Қазанғап ой түбіне бойлаған ба!

Тыңдаса қазақ, түркпен, қара –қалпақ,

Жел тынып, құлақ тосып қалады алқап»

–деп, халқымыз бекер айтпаған.

Осы Қамқа құмына көшіп келгеннен кейін, көп жолға шыға бермей, өзінің «Ақжелең» аттас күйлерінің бірнеше түрін шығарумен қатар, шығармаларының жиынтығы ретінде «Күй шақыру» («Күй басы», «Күй шақыру», «Бас Ақжелең») күйін шығарады. Қазанғап Ақжелеңдерінің ішінде көркемдік жағынан үлкен орын алатын күйлерінің бірі «Домалатпай». Бұл күйінде композитор қазақ әйелдерінің арқан есіп, жіп иіріп жүгіріп жүріп өрмек тоқыған өмірлерін суреттесе, бір жағынан елеусіз өтіп жатқан өмірдің өзі де қилы-қиян домалал өтеді екен ғой деп жеті түрлі күй шығарған екен.

Енді осы күйлердің қыр– сырын ашсақ. Алғашқысы,«Күй басы Ақжелең» - эпикалық алуан қағысты «жыр» - оқиғалы тарихи күйлеп тарапынан жатады. Техникасы - сұңғыла, суыртпақ күреп тарту, шерту, ұзақ қайырма әуен, яғни, бас-аяғы жоқ шексіз, құлама ағыс. Күйдің бұлай толғатылуы тек Қазанғапқа ғана тән дей алмаймыз, алайда оның шәкірттерінің екі түрлі дыбыстарды бірлесе үндес-тіре шығара тарта алуы, үйрену технологиясының әбден пісіп шыңына жете қалыптасқан іргелі үрдіс екенін дәлелдейді. Демек тарих хронологиясы (қалыптасу кезеңі) әлі анықталмаған ала-бөтен деуге келер ерекше бір дәстүрдің болғанын көрсетеді. Мүмкін бұл техника үш ішектен қос іщекке ауысқан, қалыптасқан, (яғни домбыра мойынының ұзаруына әкеп соққан) кезеңнің жемісі болуы. Қалай дегенмен күй тарту техникасына келіп қосылған айрықша бағалы жетістік екені дәлелдеуді қажет етпейді.

Келесісі, Ақжелең Әп дегенде шоқыраққа басып желдете желіп, ілесе алармысың деген көңілдіназ назар өзіне тұсап еліктіріп әкетеді. Әне бітеді міне бітедімен ындыңды құртып ерте береді. Көңілің енді ашыла бастағанда сауалын қойып, оның жауабын тоспай кілт аяқталады. Бұраңбел Ақжелең. Мүддесі үдемелі даму үстінде ашылатын бұл күйдің негізгі тақырыбы өте көнеден келе жатқан «қос қанат» туралы идеяны уағыздау, яғни кез-келген оқиға қалай басталса солай аяқталады, ниетті әрекет қоғамдап, әрекетті ниет қоралап тұрады деген, бүкпесі жоқ, ашық тұжырымды бейнелеу.

Кербез Ақжелең. Кіріспе әлқиссасы алға түскен мазмұндай басталып, өз тақырыбына бойлай түседі. Сылаң қағып әр қырынан бір бұрылса да бәрібір сырын ашпас түлкі құйрық бұлаң дүние «ұқ мені» деп назданып тұр. Турленіп барып бітетін құсар тұсы, соңғы қайырымы негізгі мақсатқа әр түрліше нәр беріп тұр. Бұл тек Қазанғапқа ғана тән стиль.

Орынбай Ақжелең - «өттің, ғапыл, жалған» - өрлей көтеріле, сорғалай құлдилап, шүйтөнген күйдің құйылған құйысқандай мінсіз бітіміне осындай қарама-қайшылықтың тұтастығы, мойымас қажыр өзінің ақылды көзімен зерделей, талдай шолып тұрғандай аталмыш етістіктер неге күйлерге үстеме теңеу, нақты - комментарий ретінде танылатындығын түсіндіріп береді. Әрі «пәленбайдың тартысын-ай, пай-пай!» - дегізетін ырзашылық кейбір күйлерге қосалқы алаша-аттай жетектеле алтын кәде-салттың сырын түсіндіреді. Демек, күйдің иесі айқын бола тұра орындаушының атын сол күйге жамап жібереді. Ол да шығарушы өрісіне, меңзеуіне жете алғандықтан қоса алғыстанып бірге әспеттелініп кетеді. Барлық өңірде жаппай тарихи құбылыс ретінде кездесетін бұл салт ұстаз бен шәкірт біртұтас көрініс екендігін, тек осылай болғанда ғана өнер өлмейтұғындығын, жалғаса беретіндігін паш етеді.

Домалатпай Ақжелең. Адам ғұмыры тағдырдың желі қуалаған бір қаңбақ, әр бұтағы бір кездескенде серпе (бытырлата) сілте тарту тәсілі бір оқиғадан қашып екінші оқиғаға кездесу аралығын межелейтін қазық бағандардай әсер етеді. Күйде ой көзімен көру өте басым, әрі нақты. Ғұмыр жағалауы өткелсіз өзендей болғанымен жалған дүние өз көпірін жасамаи қоймайды. Сонда күйдің негізгі пікірі «тоқтай алмай тегістікке тірелді барып егістікке» немесе «бұлт ала жер шала», яки уақыт тәуелді ниетіңе, арманың алайда тәуелсіз ғұмырыңа. «Опасыз жалған!» демескс шараңыз жоқ. Алайда күйдің негізгі сарыны ақырзаман емес, өміршең тума ниеттегі үмітке бай жасампаз арда күш. Тағдырдың тәлкегіне қарсы шығу бүкіл қазақ күйлеріне тән, дегемен «құмырсқа тасқа басса тәңірге аян», бұл күйдің атқан жайдан озық тұрар жебе екені естіген құлаққа кәміл. Күй әр домбырашы тарапынан түрлі зерделілікпен тартылады. Әркім өз мінезін тартады» дегендей Сәкен тартысы өзгеден өзгеше емес, өңге еді.

«Домалатпай» - аты айтып тұрғандай елгезек шора емес, қарысып қалған тағдыр емес, налу да, жалығу да емес, ұланғайыр үмітін қажырлы қайратқа ұластыра алған танымды, тындырымды, жігерлі күй. «Сабыр түбі алтыннан қымбат» дегізетін өміршең, жеңімпаз гимн іспетті асыл күй. Осы ұғымды байсал түсіндіре, өзіне тән шалқар тартыспен жеткізе білген, күй ақиқатын ұстап қалған зерделі тұлға Сәдуақас еді [8;104].

Сонымен қатар, Қазанғап күйлерінің көбі лирикалық болғандықтан, характері жағынан төкпе күй болса да шертпе күйлерге жақын. Оның күйлері бір сағадан тұрып, негізінде бас буын мен орта буын алмасып отырады. Мысалы, «Ақжелеңді» алсақ оның формасы мынадай АВАСАВА.

Қазанғаппен қоса, бұл күйлердің ерекшелілігіне тер қосқан күйшілердің бірі – ол Құрманғазы. Құрманғазы Ақжелең күй тобын, өз ұстазына арнап Ұзақ Ақжелеңнен бастаса, күй атасының 175 жылдық тойында күй ғұмыр ұрпақ соны жаңалықта Ақжелең тобын баба атымен бастады. Күйдің қағыс, иірімдік табиғатындағы автор ізденістері қонымды шыққан. Құрманғазы Ақжелеңдерінің ерекшелігі екінші сағаның қолдануында.

«Бас Ақжелең»

Бұл күйді Маңғыстаулық домбырашы Мұрат Өскенбаев жеткізген. А.Жұбановтың 1961 жылы шыққан Құрманғазы атты күйлер жинағы кітабынан алынды. Күйдің аты айтып тұрғандай Ақжелең мәнерінде шығарылған туынды болғандықтан, қағыс жағынан өзгерістер енгізілді. Бұрынғы нұсқасында қағыстар көрсетілмеген. Жалпы Ақжелеңдерге тән «ілме» қағыстар болғандықтан, бұл күйге осы қағыстар қойылды.

Бұрынғысы




Өзгергені


V П V П V ПV П VV П V П V VПVП










Бұл күй домбырашы Сұлтан Еламановтың орындауында дыбыс режиссері М.Мұхитденовтың жеке қорынан алынып беріліп отыр. «Ақжелең» - шағын ғана жеңіл әуенге құрылған әуезді күй. Алғаш рет жарияланып отыр.
«Ұзақ Ақжелең» бұл күйді алғаш жеткізген дәулескер күйші Дина Нұрпейісова. Жинаққа белгілі домбырашы Шәміл Әбілтайдың орындауында ұсынылып отыр. Аталмыш күйдің үн жазбасы дыбыс режиссері М. Мұхитденовтың жеке қорынан алынды. «Ұзақ Ақжелең» құлаққа жағымды естілетін өте сазды, лирикалық әсем туынды. Осы күй көңілді және көркем болып табылады. Басқа күйлерден аырмашылығы іліп – қағып орындалуында. Бұл сияқты орындау түрі күйге жеңіл ырғақтылық кейіп береді. Әсіресе, Динаның орындауында адамның ақылы жетпейтін бір техникалық қиындықтар, күтпеген дыбыс бояулары шығатын. Күйдің ауызда жүрген белгілі программасы жоқ. Құрылысы еркін түрде, буыннан буынға көшуі де үнемі біртіндемей секіру арқылы болып отырады. Оның формасын айта кетсек: АВАСВАВА.
6 Қаршыға Ахмедияровтың күйлеріне талдау

Сонымен қатар, алдымызда айтып кетілген күйшілерден еш кем түспейтін Қаршыға Ахмедияровтың да «Ақжелең» күйлерінің сарынына қосқан үлесі алтыннан да артық. Солардың кейбірін атап өтсем. Қ.Ахмедияров Ақжелеңдерінің Құрманғазы мен Қазанғап күйлерінен айырмашылығы күрделі ырғақтық суреті мен қағыстарында болып табылады. Және де оның күйлері қазіргі өмір ағымына сай келген. Сонымен әр күйге өзіндік мән берген. Мысалы, Құрманғазы Ақжелеңде Құрманғазы күйінің кейбір элементтерін, сол сияқты Қазанғаптың да қосып отырған. Ал өз Ақжелеңдері бір – біріне ұқсамайды [9;45].

«Адай Ақжелең»

Маңғыстау, Адай мектебінің ерекшелігін алға ұстай, адай еліндегі ең қадірлі жолдастарының бірі, көрнекті музыка қайраткері, музыка колледжінің директоры Аманбек Сүндетовтың 50 жылдық тойында домбыра шанағынан лекілдеген ақ көңілден туған тарту күй. Осы мектептің игі істерін дәріптеген жасампаздықпен шыққан әсем туынды.

«Баппас Ақжелең»

Дәулеткерей қаншама сырға толы күй қалдырған, жеке шежірелі мектеп қалаптастырған қазақ өнерінің ірі тұлғасы, сондықтан Күй бабасының, саз сиқыры атануына себеп болған шеберлік тұңғиықтарының сырлы мәнердегі автордың ізденісі. Жеңіл, жұмсақ қағыстармен, ойнақылау, жаңа заман тілі мен ерекше нысанда, әсем де, желдірте орындалатын күй.

2001 жылы Атырау қаласында Дина шешейдің 140 жылдығы, академик Ахмет Жұбановтың 95 жылдығына орай «Дәстүр және уақыт» атты ғылыми конференция өтті. Осы мәжіліске Қ.Ахмедиярұлы «Ақаң салған сара жол» зерттеушілік баяндамасын жасады. Ақаң салған сара жолда дәстүр және уақыт бағытының тайға таңба басқандай дұрыстығын дәлелдей келіп, күй өнеріндегі, жалпы өнердегі жетістіктерді анықтап берді. Бұл күй Ақаң ұлылығына ескерткіш. Қазанғап стиліндегі кескін келіпті, нәрлі күй.

«Шамғон Ақжелең»

Кәсіби өнер жолы баспалдағында алғаш бағыт сілтеген, Құрманғазы оркестрінде еңбек еткен 30 жыл ғұмырбаянының ізгіліктерін бірге көріп, күйді кәсіп етіп, кие тұтқан асыл, жақын десе ағасы, ұлағат десе ұстазы Шамғон Сағадиұлының 70 жылдық мерейтойында шыққын күй. Композитордың тапқырлығы сол, алға қойған мақсатын күй мазмұнымен, атымен, тақырыбымен сәйкес келтіріп, қиыстыруында.

«Жаңа жыл Ақжелең»

Жаңа жыл әр халықта, елде әр уақытта келіп өзіндік салт дәстүрімен тойланатын мереке. Әлі күнге дейін жаңа жылды екі мәрте тойлайтын мұсылман халықтарының бірі – біз. 1 қаңтарда қазақ күйі бірге көбейіп, қазір Наурыз салтанатына, тіпті барлық деңгейдегі шараларда күллі орындаушылар іліп әкеткен концерттік күй. Күй бастан аяқ елпілдеген қуанышты, алға сүйреп орндалады. Домбырашыны сынар тұстары да жоқ емес – сахнаға шаттығын биік әуелетер күй. Осы күйдің жрмасын талдай келсек: АВСА1С1ВА2.

«Қазанғап Ақжелең»

Ақжелеңді түгел саралаған аламан сайыста сірге тағып, күй орындап, алдын бермеген жүйрік Қазанғаптың 140 жылдық тойына арналған. Белгілі ғалым Арынов Мұхтар өнер дегенде асын жерге қоятын жан еді. Сол кісінің ұйымдастыруымен өнер қайраткерлерін тікұшақпен, Қазанғаптың құмның ортасында қалған бейітіне алып барып, ескерткіш қойылып күй кернеген күндерде ойға Қазанғаптың ақұппа ақжелең әуезі ізімен оралған сарын [10;56].

Домбыра — халық даналығы. Ол халқымыздың өмір тәжірибесі мен табиғат, адам, әлем туралы білімдерін, ескі діни наным-сенімдері мен философиялық көзқарасын бейнелеп, оларды атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырды. Күйлер ұрпақ арасындағы сабақтастықтың негізгі факторы болып, уақытаралық қатынастың негізгі құралына айналды.




Қорытынды
Қазақтың рухани мәдениеті – шытырман тарих қойнауында, ерекше ахуал үстінде туып қалыптасқан мәдениет. Түрік нәсілінің қыпшақ әулетінен тарайтын жауынгер халық өзін-өзі қазақ атап, азаматтық тарихының алғашқы ашқаннан бастап ел үшін, байырғы ұлттық намыс пен ар-ождан үшін, бостандық үшін тынышсыз күрес үстінде болды. Сол себепті қазақтың рухани мәдениетінде ешбір мәдениетке ұқсамайтын ерекше сипат қалыптасты. Ән-күй, жыр-дастандар, сияқты көне күндерден жеткен қасиетті жәдігерлер бізге осыны паш етеді.

Қазақтың рухани дүниелеріне зер сала қарағанда, олардың кейбір зерттеушілердің айтқанындай «аттың жалы, түйенің қолында туған» мәдениет үлгілері емес, керісінше үлкен тарихты, нақты халықтың дүниетанымын айна-қатесіз суреттейтін кемел өрнек екеніне көзіңіз жетеді.

Міне, осы мыңдаған жылдар бойы сайын сатара төсінде дүбірлі дәурен сүрген бабаларымыздан қалған қасапсыз рухани мұраның үлкен бір саласы күй өнері.

Бұл жұмыста осы ұлы күйдің тармақталып, қарастырылған күйі –Ақжелең. Ақжелең күйін әр күйші өзінше түсініп, әр біреуі күй жазған. Сөйтіп, әйгілі күйші - домбырашыларға ең биік баға берілгенде «Ол алпыс екі тармақты «Ақжелеңді» тартады» деп келетін сөз бар. Мәселен, бір ғана Арал төңірегінде алпыс екі тармақты «Ақжелеңді» тартумен даңқы шыққан Үсентөре, Қазанғап, тобынан шыққан Рақ, Айша қыз, Балжан қатын сияқты дәулескер күйші – домбырашылар болған. Бара - бара «Ақжелең» атты күй шығарып, осынау тармақты күй дәстүрінің салтанатын арттыру нағыз күйші үшін мәртебе саналған. Мұны, әсіресе, Қазақстанның Батыс өңіріндегі күйшілік дәстүрден айқын аңғарамыз. Бұл өңірде Боғда, Дәулеткерей, Қазанғап, Абыл, Ұзақ, Мүсірәлі, Есбай сияқты әйгілі күйшілердің «Ақжелең» тармағын ұзартпағаны кімде – кім. Олардың қай – қайсысы да өз өмірлерінің ең бір сұлу сырға толы сәттің «Ақжелең» атты әсем күймен көмкеріп отырған.

Сонымен қатар, қазақ халқының алпыс екі санына көзқарасы ерекше болған. Өйткені, алпыс екі саны ежелгі мүшелік жыл санауға да тығыз байланысты болуы мүмкін. Алпыс бір жаста бесінші мүшел. Оның үстіне әрбір мүшелдің өз түр – түсі болады. Мысалы: ақ, қара, сары, қызыл, көк. Мүшел алпыс бірге келгенде осы бес түр бір шеңбер жасап, қай түрден басталған болса, сол түріне қайтып оралады, яғни, бір цикл аяқталады. Ежелгі ұғымда осы бес түр толық бір шеңбер жасағанда ғана – бір жас деп есептеген. Алпысқа толмай өлген адамды «екі жастың біріне келмей өлген адам» дейтіні содан болса керек. Демек, алпыс бір жас – бесінші мүшел, яғни, бір жас. Бір күйді «Табалдырық күй» немесе «Құлақ күй» деп қосады. Сонда күйдің саны алпыс екі болып түгелденеді.

Ертедегі домбырашыылар бір – бірімен сайысқа түсу үшін, осы алпыс бір күйге өзінің құлақ күйін қосып ойнап, күй санын алпыс екі санымен түгелдеуге тиіс болған. Күйден құлақ шығару – жаңа күй шығару деген мағынада. Демек, әрбір күйші бір циклды толық аяқтауға міндетті деген сөз.

Сондықтан, қорыта келе осы құдіретті күйдің пайда болуы, дамуы мағынасы жөнінде керемет ой түйген белгілі ғалым Қ. Жұбановқа жүгіне кеткен жөн. Ол өзінің «қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы нәсілі» атта еңбегінде мынадай пікірін алға тартады «Қазақ музыкасы шығармаларының ішіндегі ең ірі жанрдың бірі-күйлер. Композиция жағынан,музыка мәдениетінің басқа өлшеулері жағынан қарағанда да,күйлер халық музыкасының жетіскен ірі тарауы екендігінде дау болмауы керек. Қазақтың өзі де күйді ерекше бағалайды:онда айтып тұрған әңгіме,сөйлеп тұрған сөз болмаса да, күйлердің өзінің музыка тілі халыққа сондай жақын, сондай түсінікті, оны сол тілсіз түрінің өзінде жақсы таниды. Басқа халықта да күй атаулы шығармалар бар, бірақ оларда әнмен бимен араласып жүреді. Жан-жақты жетілген, дамыған күй тек қана біздің қазақ ұлтына тән өнер. Әр аймақтың өзіне тән күй ойнау, күй шығару, таралу тәсілі бар. Сонымен де, сапасымен де көзге ұратын домбыра күйлері өзінің тақырыптық ауқымымен, сазымен, әуезімен, мазмұнымен, жетілген белгілі нысанымен ерекшеленеді. Адамзат және коғаммен күй дамуы қапталдас өрбіп отырған». Ал өзімнен қосатыным, «Ақжелең» күйлері өте маңызды, қазақ халқының өнер қорының мызғымас байлығы. Сондықтан да «Ақжелең» күйлерінде ұлттық рух, ұлттық тарих бар. Уақыт өтсе де, Ақжелең мәңгілік. Сөйтіп, тұжырымдай келе, күй – халықтың қадір-қасиетті, ділі, тілі парқымның дегендей, заманымыздың өміршең өнері бүгінгі күнге дейін сақталып, өміріміздің қазығы, ұлықты ұраны болып қала бермек.

Әдебиеттер
1 Ахмедиаров Қ. Күй – ұран. – Алматы, 2001. – Б. 336

2 Балмағанбетов С. Қазанғап. – Ақтөбе: ЖШС «Ақжар - АБК», 2005. – Б.120

3 Жүсіпов Б. Жиделі Байсын күйлері: оқу құралы. – Алматы: «Ғылым», 2000. – Б. 288

4 Тоқтаған А. Құрманғазы. – Алматы: Білім, 2005. – Б. 216


5 Райымбергенов А., Аманова С. Күй қайнары. – Алматы: Өнер, 1990. – Б. 288

6 Ермекбайұлы М. И. Күй маржаны. – Павлодар, – 1999. – Б. 288

7 Сахарбаева Қ. Атырау ән-күй мұхиты. – Алматы: «Дайк Пресс», 2001. – Б. 21

8 Сахарбаева Қ. А. Домбыра күй дастан. – Алматы: - Мектеп, 2002. – Б. 43

9 Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. – Астана, 2002. – Б. 832

10 Тоқтаған А. Тәттімбет және Арқа күйлері. – Алматы: Білім, 2005. – Б.184










©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет